Читать книгу Экономикалық талдау негіздері - Жанар Оралбаева - Страница 1

АЛҒЫ СӨЗ

Оглавление

Талдау термині грек тілінен аударғанда зерттелетін объектіні осы объектіге тән құрастырушы бөліктерге, элементтерге жіктеу деген ұғымды білдіреді. Бұрын бөлшектенген элементтерді біртұтас етіп жинақтауды білдіретін синтез ұғымы талдаумен қатар қолданылады. Талдау және синтезді қолданбастан адамзаттың кез келген қызметін жүзеге асыру, ғылымның кез келген саласын дамыту мүмкін емес. Барлығымызға өз бетімізше түсінік қалыптастыруға, салыстыруға, үздік нұсқаны таңдауға, ұтымды шешім қабылдауға, сәйкесінше өз мақсатымызға табысты қол жеткізуімізге мүмкіндік туғызатын диалектикалық танымның басты әдісі талдау болып табылады. Талдаудың экономика саласындағы маңызы өте зор. Әрине, экономиканың дамуы оған әсер ететін барлық салалардың, оның ішінде саясаттың, қоршаған ортаның, әлеуметтік жағдайдың, мәдениеттің және басқаларының біртұтас жүйе ретінде табысты дамуын талап етеді.

Нарықтық экономикалық қатынастардың дамуы талдауды, алдымен, микродеңгейде, яғни жекелеген ұйымдар және олардың құрылымдық бөлімшелері бойынша жүргізуді талап етеді. Микродеңгейдегі талдау жеке ұйымның және осы ұйымды иеленушілердің, ұйым менеджерлерінің, жалпы еңбек ұжымының қаржылық-шаруашылық қызметінің мазмұнына қатысты жүзеге асырылады. Нақтылайтын болсақ, мұндай талдау арқылы бизнес-жоспарлардың негізділігі және орындалу барысы бағаланады, маркетингтік шараларға салыстырмалы баға беріледі, өндіру және өткізу мүмкіндіктері анықталады, қаржылық-шаруашылық қызметінің күтілген және нақты нәтижелері өзара салыстырылып бағаланады және сәйкес ауытқуды тудырушы факторлар ажыратылады, ұйымның жалпылама мүмкіндіктерін арттыратын, тәуекелін азайтатын резервтер айқындалады.

Экономикалық талдау негіздері пәнінің оқытылуы «Есеп және аудит» мамандығы бойынша біліктілігі жоғары мамандарды даярлаудың міндетті бөлігі болып саналады. Экономикалық талдауды теориялық және әдістемелік тұрғыда толық меңгеру мақсатында «Экономикалық талдау негіздері», «Басқарушылық талдау» және «Қаржылық талдау» пәндері өзара ажыратылған. Талдау пәндері бухгалтерлік есепке қатысты пәндерден өз алдына бөлек тұрса да, олармен өте тығыз байланыста болады. Себебі кез келген талдау есептілікке негізделіп жүргізіледі. Осылайша, осы оқу құралы бухгалтерлік есеп және аудит саласында маманданушы студенттердің талдамалық қабілетін дамытуға, логикалық ойлау дағдысын қалыптастыруға жағдай жасайды.

Оқу құралы жоғары оқу орындары мен колледждердің студенттеріне арналған.

Экономикалық талдау негіздері

Подняться наверх