Читать книгу Экономикалық талдау негіздері - Жанар Оралбаева - Страница 2
1. ЭКОНОМИКАЛЫҚ ТАЛДАУ ПӘНІ, МІНДЕТТЕРІ, ОБЪЕКТІСІ ЖӘНЕ МАЗМҰНЫ
Оглавление1. Экономикалық талдау түсінігі, мазмұны, міндеттері, рөлі
2. Экономикалық талдау пәні және объектілері
3. Экономикалық талдауды ақпараттық қамтамасыз ету
4. Экономикалық талдаудың басқа ғылымдармен байланысы
5. Экономикалық талдау түрлерін жіктеу және олардың ұйым қызметін басқарудағы рөлі
1. Экономикалық талдау түсінігі, мазмұны, міндеттері, рөлі
Қоғамдық өмірде болып жатқан құбылыстарды талдаусыз оқып-үйрену мүмкін емес. Талдау грек тілінен аударғанда «бөлу, бөлшектеу» деген мағынаны білдіреді.
Талдау дегеніміз – құбылыстардың ішкі мәнін зерттеу мақсатымен оны құрамдас бөліктерге (элементтерге) бөлу. Мысалы, пайданың мәнін түсіну үшін, ең алдымен, оны алудың негізгі көздерін, оның көлеміне әсер ететін факторларды білу талап етіледі. Осы аталған мәселелер неғұрлым терең зерттелген сайын қаржылық нәтижелерді қалыптастыру процесін тиімді түрде басқаруға қол жеткізуге болады.
Бірақ талдаудың синтезсіз болуы мүмкін емес. Синтез грек тілінен аударғанда зерттелетін объектілердің бөлшектелген бөліктерін (элементтерін) біртұтас бөлікке біріктіру дегенді білдіреді. Мысалы, пайданы зерттеу кезінде оның көлемін қалыптастыратын фактолардың өзара байланысын ескеру керек, яғни талдау мен синтез біріккен кезде ғана белгілі бір құбылыстарды ғылыми тұрғыдан зерттеу қамтамасыз етіледі.
Экономикалық талдау – бұл экономикалық құбылыстар мен процестердің мәнін оларды құрамдас бөліктерге бөлу арқылы зерттейтін ғылыми тәсіл.
Экономикалық талдаудың пайда болуы бухгалтерлік есеп және баланс түсініктерінің пайда болу және дамуымен тікелей байланысты.
Экономикалық талдау өзінің ғылым ретіндегі теориялық және тәжірибелік дамуын нарықтық қатынастар дамыған кезеңде, яғни ХІХ ғасырдың екінші жартысында алды.
Экономикалық талдау пайда болуы мынадай қажеттіліктермен негізделеді:
1. Өндірістік күштердің дамуымен, өндірістік қатынастардың жетілуімен, өндіріс көлемінің кеңеюімен байланысты кешенді және жүйелі талдау жүргізудің қажеттілігі. Талдаусыз экономикалық процестерді басқару, сол арқылы басқару шешімдерін қабылдау мүмкін емес.
2. Жалпы, экономикалық ғылымдардың дамуымен байланысты. Бұрын экономикалық талдау қызметтерін бухгалтерлік есеп, қаржы, статистика атқарғаны белгілі. Осы ғылымдардың арқасында аналитикалық зерттеулердің қарапайым әдістері пайда болды. Бірақ бұл ғылымдардың дамуының белгілі бір кезеңінде қоғам талаптарын қамтамасыз ете алмады, осыған байланысты экономикалық талдауды ғылымның бір саласы ретінде дамытудың қажеттілігі туды.
Экономикалық талдаудың мазмұны ұйымда басқару жүйесіндегі оның орны, рөлі мен атқаратын қызметтеріне байланысты ашылады.
Жоспарлаудың көмегімен ұйымның, оның құрылымдық бөлімшелерінің негізгі бағыттары мен мазмұны анықталады.
Есеп ұйымды басқару үшін қажетті ақпараттарды жинақтау, жүйелу және жалпылау жүйесі.
Талдау – бұл есеп пен басқару шешімдерін қабылдау арасындағы байланыстырушы звено болып табылады. Талдау арқылы есептік ақпараттар аналитикалық өңдеуден өтеді (нәтижелер салыстырылады, жіберілген қателер анықталады).
Талдау нәтижелері негізінде басқару шешімдері жасалады және негізделеді. Осыған байланысты экономикалық талдау ғылыми тұрғыдан негізделген басқару шешімдерін қабылдау үшін мәліметтерді дайындау қызметі ретінде қарастырылады.
Экономикалық талдаудың міндеттері:
1. Ұйымның нақты жағдайындағы экономикалық құбылыстар мен процестердің заңдылықтары мен тенденцияларын зерттеу.
2. Ағымдық және перспективті жоспарларды ғылыми тұрғыдан негіздеу.
3. Жоспарлар мен басқару шешімдерінің орындалуын бақылау.
4. Ұйым қызметінің нәтижесіне объективті, субъективті, ішкі және сыртқы факторлардың әсер етуін зерттеу.
5. Ұйымның тиімді қызмет етуін жоғарылату резервтерін іздестіру.
6. Ұйым қызметінің нәтижесін бағалау.
7. Кәсіпкерлік және қаржылық тәуекелділіктерді бағалау.
8. Анықталған резервтерді қолдану бойынша ұсыныстар жасау.
2. Экономикалық талдау пәні және объектілері
Әрбір ғылымның өзінің мақсаты мен әдістеріне сай зерттеу пәні болады. Экономикалық талдау пәні экономикалық құбылыстар мен процестердің себеп-салдарлық байланыстары болып табылады. Ұйымның шаруашылық қызметінің себеп-салдарлық байланыстарын түсіну экономикалық құбылыстар мен процестердің мәнін түсінуге және сол арқылы қол жеткізілген нәтижелерді дұрыс бағалауға, өндіріс тиімділігін жоғарылату резервтерін анықтауға, жоспарлар мен басқару шешімдерін негіздеуге мүмкіндіктер береді.
Экономикалық талдау объектісі – шаруашылық қызметінің экономикалық нәтижесі. Мысалы, өндірістік ұйымдарда талдау объектісі өнімдерді өндіру мен сату, оның өзіндік құны, материалдық, еңбек және қаржылық ресурстарды пайдалану, өндірістің қаржылық нәтижесі, ұйымның қаржылық жағдайы болып табылады.
3. Экономикалық талдауды ақпараттық қамтамасыз ету
Экономикалық талдау нәтижелілігі оның ақпараттық қамтамасыз етілуіне тәуелді болады. Экономикалық талдау үшін қажетті мәліметтер былай бөлінеді:
– нормативті-жоспарлы;
– есептік;
– есептік емес.
Нормативті-жоспарлы сипаттағы ақпараттарға ұйымда жасалатын жоспарлардың барлық түрлері, яғни перспективті, ағымдық, жедел жоспарлар, сметалар және т.б. жатады.
Есептік сипаттағы ақпараттар бухгалтерлік, статистикалық және оперативтік есеп пен есептілік құжаттарындағы барлық мәліметтерді қамтиды.
Экономикалық талдауды ақпараттық қамтамасыз етудегі маңызды рөлді бухгалтерлік есеп пен епсетілік алады. Онда барлық шаруашылық құбылыстары, процестері және олардың нәтижелері көрініс табады. Алғашқы және жиынтық есептік регистрлер мен есептіліктердегі мәліметтерге дер кезінде жасалған талдау жақсы нәтижелерге қол жеткізу үшін қажетті шаралар қабылдауды қамтамасыз етеді.
Сандық сипаттағы статистикалық есеп мәліметтері экономикалық заңдылықтардың өзара байланыстарын терең зерттеу үшін пайдаланылады.
Оперативтік есеп статистикалық және бухгалтерлік есеп мәліметтерімен салыстырғанда экономикалық талдау неғұрлым жедел мәліметтермен қамтамасыз етеді, мысалы, өндірілген және сатылған өнімдердің саны және т.б.
Есептік емес ақпарат көздеріне ұйымның шаруашылық қызметін реттейтін келесідей құжаттар жатады:
1. Ұйым өз қызметіне де пайдалануға міндетті ресми құжаттар: заңдар, үкімдер, жарлықтар, жоғары басқару органдарының бұйрықтары, тексеру актілері.
2. Шаруашылық құқықтық құжаттар: келісімшарттар, келісімдер, сот органдарының шешімдері.
3. Ғылыми-техникалық ақпараттар (ғылыми-зерттеу жұмыстарының нәтижелелері бойынша есептер).
4. Ұйымның негізгі контрагенттері туралы ақпараттар (жеткізушілер мен сатып алушылары).
5. Ұйымның негізгі бәсекелестері туралы әртүрлі көздерден алынған мәліметтер (интернет, телевизор, газет, радио және т.б.).
Зерттеу объектісіне байланысты ақпараттар:
1. Ішкі ақпараттар.
2. Сыртқы ақпараттар болып бөлінеді.
Ішкі ақпараттар жүйесіне статистикалық, бухгалтерлік, оперативтік есеп және есептілік мәліметтер, ұйымда жасалған жоспарлық және нормативтік мәліметтер жатады.
Сыртқы ақпараттар жүйесіне статистикалық жинақтардың, баспасөз материалдарының, ресми құжаттардың мәліметтері жатады.
Экономикалық талдауды ақпараттық қамтамасыз етуге бірқатар талаптар қойылады:
1. Шынайылығы, яғни зерттеліп отырған құбылыстар мен процестер туралы объективті түрдегі көрсеткіштер керек. Себебі жүргізілген экономикалық талдау нәтижесі бойынша белгілі бір басқару шешімдері қабылданады.
2. Ақпараттардың оперативтілігі, яғни бұл жүргізілген шаруашылық процестері туралы ақпараттар неғұрлым тез түскен сайын талдау жұмыстарын да соғұрлым тез жүргізуге болады. Сол арқылы кемшіліктерді анықтап оларды жою бойынша ісәрекеттер жасалады.
3. Ақпараттар жүйесі тиімді болуы керек, яғни мәліметтерді жинақтауға, сақтауға және қолдануға неғұрлым аз шығындар жұмсалғаны жөн. Қажетті ақпараттарға ғана талдаулар жүргізілуі керек.
4. Экономикалық талдаудың басқа ғылымдармен байланысы
Экономикалық талдау бірқатар экономикалық пәндермен өте тығыз байланысты:
– экономикалық теориямен, яғни аналитикалық зерттеулерді жүргізу кезінде экономикалық заңдылықтардың іс-әрекеттерін ескеру қажет;
– салалық экономикамен байланысты, ұйымға талдау жүргізу үшін ең алдымен, сала экономикасын оның ерекшеліктерін білу керек;
– ұйымды жоспарлау және басқарумен байланысты, себебі талдауда жоспарлық материалдар өте көп пайдаланылады;
– бухгалтерлік есеппен байланысты, себебі бухгалтерлік есеп мәліметтері экономикалық талдау жүргізу кезіндегі ақпараттардың негізгі көзі болып табылады;
– аудитпен байланысты, себебі аудитті жүргізу кезінде бухгалтерлік есеп пен есептілік мәліметтерін дәлелдеу үшін аналитикалық процедуралар өте көп пайдаланылады;
– статистикамен байланысты, себебі шаруашылық қызметті кешенді түрде оқып-үйрену үшін статистикалық есеп мәліметтері де қолданылады. Ақпараттарды талдау үшін статистикалық әдістерді (аналитикалық есептеулер, кестелер құру, топтастыру және т.б.) білу керек;
– экономикалық математикамен, аналитикалық зерттеулерде математикалық әдістерді пайдалану қажеттіліктері туады;
– қаржымен, менеджментпен, маркетингпен тығыз байланысты.
5. Экономикалық талдау түрлерін жіктеу және олардың ұйым қызметін басқарудағы рөлі
I Салалық ерекшеліктері бойынша:
1. Салалық экономикалық талдау (өнеркәсіптік, ауылшаруашылық, құрылыс) – бұл жағдайда сала қызметінің ерекшеліктері ескеріледі.
2. Салааралық экономикалық талдау экономикалық талдау (экономикалық талдау негіздері) – талдаудың салалық әдістерінің теориялық және әдістемелік негіздері болып табылады.
II Уақыт белгілеріне байланысты:
1. Алдын ала жүргізілетін талдау, яғни перспективті талдау (шаруашылық операциялары іске асырылғанға дейін жүргізілетін талдау). Талдаудың бұл түрі жоспарлар мен басқару шешімдерін негіздеу үшін қажет.
2. Кейіннен жүргізілетін талдау (ретроспективті немесе тарихи талдау) – ұйымның даму тенденциясын зерттеу үшін қабылданған жоспарлардың орындалуын бақылау үшін қолданылады.
Перспективалық және ретроспективті талдау бір-бірімен өте тығыз байланысты. Ретроспективті талдаусыз перспективті талдауды жүргізу мүмкін емес. Өткен жылдардағы қызмет нәтижелеріне жүргізілген талдау тенденциялар мен заңдылықтарды зерттеуге, пайдаланылмаған мүмкіндіктерді анықтауға мүмкіндіктер береді.
Перспективалық талдау екіге бөлінеді:
1. Қысқа мерзімді талдау – бұл болжамдық талдау бизнес саласындағы ұйым тактикасын жасау үшін пайдаланылады;
2. Ұзақ мерзімді талдау стратегиялық саясатты анықтау үшін жүргізіледі. Егер ұйымның даму стратегиясы дұрыс анықталса, онда тактикалық шешімдер тез қабылданады.
Ретроспективті талдау екіге бөлінеді:
1. Оперативті талдау – шаруашылық операциясы жүргізілгеннен кейін немесе қысқа мерзім аралығында жағдайды өзгерту үшін жүргізілетін талдаудың түрі (мысалы, сменаға, күнге, декадаға). Оның мақсаты – мақсаттық параметрлерден жағымсыз ауытқушылықтарды дер кезінде анықтау және оларды жою бойынша өз уақытында шаралар қолдану.
2. Нәтижелік (қорытынды) талдау – белгілі бір нақты есептік кезеңге жүргізіледі (ай, тоқсан, жыл). Оның маңыздылығы ұйым қызметі кешенді түрде сәйкес кезеңдегі есептік мәліметтер бойынша жан-жақты жүргізіледі. Сол арқылы ұйым қызметіне неғұрлым толық баға беріледі.
III Кеңістік белгілері бойынша:
1. Ұйымішілік;
2. Ұйымаралық.
Ұйымішілік талдау – бұл тек белгілі бір ұйымды және оның жеке сегменттерін ғана зерттеу үшін жүргізілетін талдау.
Ұйымаралық талдау – бір саладағы екі және одан да көп ұйымдардың қызмет нәтижелерін салыстыру үшін жүргізілетін талдау.
Ұйымаралық талдауды жүргізудегі негізгі мақсат:
1. Ұйымның күшті және әлсіз жақтарын анықтау;
2. Ұйым қызметінің тиімділігін бағалау үшін және ұйымның стратегиялық, тактикалық саясаттарына өзгерістер енгізу үшін объективті база дайындау.
IV Зерттеу аспектілері бойынша:
1. Қаржылық талдау.
2. Басқарушылық талдау.
3. Әлеуметтік-экономикалық талдау.
4. Экономика-статистикалық талдау.
5. Маркетингтік талдау.
6. Логистикалық талду.
7. Экономика-экологиялық талдау.
1. Экономикалық талдаудың барлық түрлерінің ішінде қаржылық талдау маңызды рөл атқарады. Каржылық талдау – ұйымның қызмет етуінің қаржылық механизмдерінің мәнін түсіну процесі ретінде сипатталады. Оның негізгі мақсаты – ұйымның қаржылық жағдайын зерттеу, сол арқылы оның тұрақтылығын жоғарылату резервтерін іздестіру болып табыла-ды. Ұйым деңгейінде қаржылық талдауды арнайы құрылған талдау бөлімдері жүргізсе, ал сыртқы қаржылық талдауды банктер, аудиторлық компаниялар, инвесторлар және т.б. жүргізеді.
2. Басқарушылық талдау ұйым қызметін жоспарлау, бақылау, басқару шешімдерін қабылдау, қаржылық саясаты, маркетингтік қызметі бойынша стратегия мен тактика жасау үшін қажетті ақпараттар алу мақсатымен жүргізіледі. Оның нәтижелері коммерциялық құпия болып табылады.
3. Әлеуметтік-экономикалық талдау – әлеуметтік және экономикалық процестердің өзара байланыстарын реттеу, олардың бір-біріне және ұйым қызметінің экономикалық нәтижелеріне әсерін анықтау үшін жүргізілетін талдау. Оны статистикалық органдар, әлеуметтік зертханалар, басқару органдары жүргізеді.
4. Әлеуметтік-статистикалық талдау – басқарудың әртүрлі деңгейлеріндегі (ұйым, сала, аймақ) жаппай қоғамдық құбылыстарды зерттеу үшін статистика органдары тарапынан жүргізілетін талдау.
5. Маркетингтік талдау – ұйым қызметінің сыртқы ортасын, яғни шикізаттар нарығын, өнімдерді өткізу нарығын, ұйымның бәсекеге қабілеттілігін, сұраныс пен ұсынысты, коммерциялық тәуекелділікті, баға саясатын қалыптастыруды, маркетингтік қызметтің стратегиясы мен тактикасын жасауды зерттеу үшін ұйымда құрылған маркетинг бөлімдері жүргізетін талдау.
6. Инвестициялық талдау – ұйымның инвестициялық қызметінің тиімділігін бағалау және инвестициялық бағдарламалар жасау үшін қолданылады.
7. Логистикалық талдау соңғы жылдары өте көп пайдаланылуда. Оның көмегімен шикізаттарды жеткізушілерден бастап, өнімдерді өндіру және сатумен аяқталатын тауар ағымдары зерттеледі. Логистика ұйымның жабдықтау, өндіру және сату сияқты сегменттерін зерттей отырып, материалдық және ақшалай ағымдарды жылдамдатуға әсер етеді. Оның көмегімен ұйым «дәл уақытында» деген қағиданы пайдалана отырып жабдықтау, өндіру және сатуды ұйымдастыру есебінен шығындарды азайтуға мүмкіндіктер алады.
8. Экономика-экологиялық талдау – қоршаған ортаны қорғау органдары, ұйымның экономика бөлімдері тарапынан экологиялық және экономикалық процестердің қоршаған ортаны сақтау және жақсартумен, сонымен бірге экологияға бөлінген шығындармен байланысты өзара іс-әрекеттерді зерттеу мақсатымен жүргізілетін талдау.
V Объектілерді зерттеу әдістері бойынша:
1. Сапалық талдау.
2. Сандық талдау.
3. Экспресс-талдау.
4. Фундаменталды талдау.
5. Маржиналдық талдау.
6. Экономика-математикалық талдау.
1. Сапалық талдау – зерттеліп отырған құбылыстар мен процестерді эксперттік бағалауға және сапалық салыстырмалық сипаттамаларға негізделген талдау.
2. Сандық (факторлық) талдау – экономикалық құбылыстардың әртүрлі факторлардың әсер етуінен өзгеру сезімталдығының деңгейін зерттеуге және сандық салыстыруларға негізделген талдау.
3. Экспресс-талдау – белгілі бір нақты экономикалық құбылыстарға тән типтік белгілер негізінде ұйым экономикасының жағдайын диагностикалау үшін жүргізілетін талдау.
4. Фундаменталды талдау – математикалық әдістерді пайдалана отырып зерттеліп отырған құбылыстардың мәнін терең және кешенді зерттеу үшін жүргізілетін талдау;
5. Маржиналдық талдау – шығындарды тұрақты және ауыспалы деп бөле отырып, өзіндік құн, сату және пайда көлемдерінің себеп-салдарлық өзара байланыстарын зерттеу негізінде ұйымдағы басқару шешімдерінің тиімділігін бағалау және негіздеу үшін жүргізілетін талдау.
6. Экономика-математикалық талдау – экономикалық міндеттерді шешудің неғұрлым оптималды нұсқаларын таңдау арқылы қолда бар ресурстарды неғұрлым толық пайдалану есебінен өндіріс тиімділігін жоғарылату резервтерін іздестіру мақсатымен жүргізілетін талдау.
VI Субъектілері (пайдаланушылары) бойынша:
1. Ішкі талдау (ұйым ішінде құрылған арнайы талдау бөлімдерінің жүргізілетін талдауы);
2. Сыртқы талдау (банктер, инвесторлар, аудиторлық компаниялардың жүргізетін талдауы).
VII Зерттеу объектілерін қамту деңгейі бойынша:
1. Тұтастай жүргізілетін талдау;
2. Іріктемелі талдау.
Тұтастай жүргізілетін талдау кезінде талдау жүргізілетін барлық объектілер толық зерттелгеннен кейін ғана қорытындылар жасалатын талдау.
Іріктемелі талдау – объектінің бір бөлігін ғана зерттеу нәтижелері бойынша қорытындылар жасау үшін жүргізілетін талдау.
VIII Бағдарламаның мазмұны бойынша:
1. Кешенді талдау – жан-жақты жүргізілетін талдау.
2. Тематикалық (тақырыптық) талдау – қазіргі кезде неғұрлым қызығушылық танытып отырған жеке бөліктері ғана зерттелетін талдау.
Өзін-өзі бақылау сұрақтары:
1. Талдау түсінігі, талдаудың қажеттілігі.
2. Талдаудың атқаратын рөлі.
3. Талдау мазмұны, талдаудың міндеттері.
4. Талдау мен синтездің өзара байланысы.
5. Талдаудың ақпараттық көздері.
6. Салалық ерекшеліктері бойынша талдаудың жіктелуі.
7. Уақыт белгілеріне байланысты жіктелуі.
8. Кеңістік белгілері бойынша жіктелуі.
9. Зерттеу аспектілері бойынша жіктелуі.
10. Объектілерді зерттеу әдістері бойынша жіктелуі.
11. Субъектілері (пайдаланушылары) бойынша жіктелуі.
12. Зерттеу объектілерін қамту деңгейі бойынша жіктелуі.
13. Бағдарламаның мазмұны бойынша жіктелуі.