Читать книгу Жабайхан Әбділдин: Өнегелі өмір. 29-шығ. - Коллектив авторов - Страница 2
АЗАМАТ, ҚАЙРАТКЕР, ТҰЛҒА
Ж.М. ӘБДІЛДИННІҢ ҒЫЛЫМИ, ПЕДАГОГИКАЛЫҚ ЖӘНЕ ҚОҒАМДЫҚ ҚЫЗМЕТІНІҢ ҚЫСҚАША ОЧЕРКІ
ОглавлениеМұрат СӘБИТ,
философия ғылымдарының докторы, профессор
Әбділдин Жабайхан Мүбәракұлы 1933 жылы 16 ақпанда Павлодар облысы Май ауданы Майтүбек ауылында туған. Оның әке-шешесі қарапайым еңбек адамдары болатын. Әкесі – мал дәрігері, ал шешесі үй шаруасымен, балаларының тәрбиесімен айналысатын. Болашақ ғалымның ортасын танып, ақыл-ойының, дүниеге деген көзқарасының қалыптасуына Зылиха әжесінің әсері зор болған екен. Өзі зерек балаға қисса-дастандарды, ертегі-шежірелерді, ақын-жыраулардың өлең-жырларын тыңдатып, хат таныған соң өзіне де дауыстата оқытып, қазақы өмір салтының түп негіздерін, адамгершілік ұстындарын, рухани құндылықтарын жастайынан санасына құйып, өмірлік дұрыс жолға меңзеп, немересіне ақ тілегін айтып, батасын беріп, жөн сілтепті.
Жабайхан Мүбәракұлының әжесі туралы тебірене айтқан естеліктерін өз аузынан талай рет естідім. Менің ойымша, атақты академик ағамыздың өмірбаянының шешуші бастауы, кілті осында жатыр. Қазақы өмірдің, салт-дәстүрлердің рухани тамырларынан сусындаған, туысқандық, сыйластық, сүйіспеншілік, кісілік сияқты қарым-қатынастар табын жасынан бойына сіңірген жас жеткіншектің болашақ өмірінде сезімтал, ізденімпаз, кішіпейіл, еңбекқор, мақсатшыл, сөзі мен ісі бір жерден шығатын бірбеткей, адал да әділ адам болып өскеніне оның бүкіл өмірі куә. Отбасында жастайынан алған тәрбиесі адамға өмірлік азық болады екен, шамшырақтай нұрын төгіп, адастырмай жол сілтеп, желеп-жебеп отырады екен.
Бірде Жабайхан Мүбәракұлымен диссертация тақырыбы бойынша сұхбаттасып тұрғанымда: «Мұрат, – деді ол, ойлы көзімен қарап, – өмірде ақиқатқа ұмтыл, ақиқат жолын мықтап ұстан, айырылма, сонда өмірдің қиын-қыстау, аумалы-төкпелі кездерінде де сені тұңғиыққа батырмай, биікке алып шығады, құтқарып қалады, сақтайды да ақтайды!». Енді ойлап қарасам, бұл ақыл-кеңес оның өз өмірінен түйгені екен.
Жәкең жас шағында өзі қатарлы ауыл балаларымен құлын-тайдай тебісіп, асық ойнап, Ертіске шомылып, балық аулап, бүлдірген теріп, өлең, тақпақ айтысып, еркін өскен. Тұңғышы болғандықтан, үй шаруасына да қолғабыс етіп, әкесіне еліктеп, атқа мінуді үйреніп, тіпті талай рет бәйгеге де қатынасып, жеңіс дәмін татқан кездері де болыпты. Бұл туралы қызықтыра әңгімелеп, атты қалай бәйгеге жарату, дайындау, тізгінін қалай ұстап, қалай шабу керектігін бүге-шігесіне дейін тәптіштеп айтып беретін. Мұның барлығы өмірінің жай ғана өткінші сәті ғана емес, болашақ ғалым-философтың шығармашылық ізденісінің бір алғышарты, бастапқы көрінісі іспеттес көрінеді маған. Жәкеңді бұл ат жарыс не істесе де, жауапты да тиянақты болуға, істің мән-жайын терең байыптауға, бас-аяғын тегіс қамтып, тұтас ойлауға, алға қойған мақсатқа жетпей тынбауға, жеңістің қуанышты да шуақты шағына бөленудің рақатын сезінуге, соған сай қарекет етуге, өмірлік бәйгеге дайын болуға, жеңіс психологиясын қалыптастыруға баулиды. Өз қатарының алды болуға жастайынан төселген ол мектепте де өте жақсы оқып, үлгілі оқушы, оқу озаты атанып, үздік тамамдап, жаңа ашылған философия мамандығын игермекке Алматыға аттанады.
Ж.М. Әбділдиннің шығармашылық жолын тұтас қарастыра отырып, төрт кезеңге бөлуге болады: бірінші – оқып-өсу кезеңі (1958 жылға дейін); екінші – қарқынды ғылыми-зерттеу және ғылымды ұйымдастыру кезеңі (1959-1995); үшінші – қоғамдық-саяси өмірге белсене қатынасып, тәуелсіз Қазақстан Республикасының Парламентінде қызмет жасау кезеңі (1995- 2005); төртінші – 2006 жылдан бастап Астанадағы Л. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры ретінде дәріс беріп, білім-ғылым саласына қайта оралу кезеңі.
Алыстағы ауылдан Алматыдағы Қазақ мемлекеттік университетінде жаңадан ашылған философия факультетіне баруға шешім қабылдаған жас түлектің таңдауын қолдап, кеңес берген мектеп директоры Шүлембаев Шапағат пен тарих пәнінің оқытушысы Сәрсенбаев Ғабдраш деген мұғалім екен. Көне заманның атақты философтары Сократ, Платон, Аристотельдерді атап, қазақ ішінен шыққан атақты ойшылдар Абай мен Шәкәрімді мысалға келтіріп, философтың кім екенін, қандай болатындығын өздерінше түсіндіріп, жөн сілтеген ұстаздарының көрегендігі таңғалдырады. Жабайхан Мүбәракұлы олардың үмітін ақтап, қалаған факультетіне түсіп, еліміздің ең алдыңғы қатарлы озық философы атанғаны бәрімізге аян.
Қарап отырсақ, мұның өзі Жабайхан Мүбәракұлының өмірде жолы болғыштығының бір көрінісі деп атауға болады: Жәкеңнің бірден оқуға түсіп кетуі, Н.П. Дардыкин, В.И. Тимошко, М.Н. Чечин сияқты белгілі философтардың дәріс беруі, қамқорлығы, Мәскеуге жолы түсіп, атышулы М.В. Ломоносов атындағы университеттің аспиранты атануы (1954 жыл), профессор Е.П. Ситковский сияқты әйгілі философтың шәкірті болуы, сол кездері Мәскеуде қалыптасқан мәдени-саяси ахуалдар, Алматыда 1958 жылы Ғылым академиясының Философия және құқық институтының құрылуы және т.б. жағдаяттар оның философия мамандығын тез меңгеріп, әлемдік философиялық ой дүниесінің есігін айқара ашып, онда өзін еркін сезінуіне септігін тигізеді.
Факультетте онымен қатарлас оқыған белгілі философтардың, соның ішінде тікелей курстасы болған, жасы оған қарағанда біршама үлкен, соғыс ардагері, философия ғылымдарының докторы, профессор Зия Аташұлы Мұқашевтың айтуынша, студент Жабайхан кітапханадан шықпай, Аристотель, Кант, Гегель сияқты философия классиктерінің еңбектерін конспектілеп, семинар сабақтарында міндетті түрде сөйлеп, пікірталастарға тартынбай қатынасып, оқуға өте зерек болыпты, өзінің ыждағаттылығымен, табиғи талантымен, ізденімпаздығымен көзге түсіпті. Оқы- тушылар да оның ұмтылысын, алғырлығын, еңбексүйгіштігін, философияға деген асқан құмарлығын бағалап, оны қолдап, үміт артып, басқаларға үлгі тұтып отырған екен. Әсіресе профессор М.Н. Чечин өз баласындай көріп, Мәскеуге өзім алып барамын, сондағы атақты ғалымдарға табыс етемін деп те талпынып- ты. Бірақ Жабайхан Мүбәракұлы оған ризашылығын білдіріп, дербестік танытып, Мәскеуге өзі барып, емтихандарын үздік тапсырып, аспирантураға түседі. 1958 жылы «Нақты ұғымның танымдық рөлі» деген тақырыпқа кандидаттық диссертациясын қорғайды.
Сол кездері Кеңес Одағында көптеген саяси-мәдени өзгерістер туындап, философия саласында да бетбұрыстар көрініс тауып, Э.В. Ильенков, А.А. Зиновьев, Б.М. Кедров, П.В. Копнин, В.С. Степин, В.А. Лекторский сияқты философтардың жаңа легі алға шығып, диалектикалық-материалистік философия өрістеуінің жаңа кезеңі басталады. Мәскеудегі осы жаңалықтарға куә болған, осы бағытты жан-тәнімен қабылдаған Жабайхан Мүбәракұлы Алматыға оралып, Философия және құқық институтына кіші ғылыми қызметкер болып орналасқан тұста, Мәскеуде оқып-білім алған бір топ жас философтардың (А.Х. Қасымжанов, Г.А. Югай, Л.К. Науменко, М.М. Сужиков) тағдырлары осында тоғысып, жаңа бағыттағы философиялық ортаның қалыптасуына жағдай туады. Институттың алғашқы директоры, заң ғылымдарының заңғар білгірі, ғылымның көреген ұйымдастырушысы академик Салық Зиманұлы Зиманов осыны тез байқап, 60-шы жылдардың басында Ж.М. Әбділдиннің басқаруымен диалектика теориясының өзекті мәселелерін зерттейтін ғылыми топ құрады да, мүмкіндігінше көмектесіп, қолдап отырады.
Алғашқы қомақты ғылыми нәтиже де көп күттірмей, 1963 жылы ұжымдық монография (Ж. Әбділдин, А. Кдсымжанов, Л. Науменко, М. Баканидзе) «Таным логикасы мен диалектикасының мәселелері» деген атаумен жарық көріп, оқырман қауымды, Алматының білікті философтарының өзін дүр сілкіндірген еді. Ғылым академиясының үлкен конференц-залында сол кітаптың арнайы талқылауы өткізілгені есімде. Қаланың жоғары оқу орындарынан келген философтар, Философия және құқық институтының оқымыстылары, басқа да институтардан қызықтап келген ғалымдар, партия органдарының идеология басшылары бар, – бәрі бас қосып, қызу талқылау өткізгеніне өзім куә болғанмын. Сонда кейбір жасы үлкен философ-мамандардың бұрынғы идеологиялық сарынға басып, кітапты авторларымен қоса қатты сынап, олардың келтірген дәлелдемелерін місе тұтпай, идеализмнің (әсіресе, Кант пен Гегель ілімдерінің) қолшоқпары қылып көрсетуге ұмтылғандары болған еді. Ол кезде бұдан асқан кінә тағу мүмкін емес-ті. Көп ұзамай «Вопросы философии» журналында осы монографияға оң пікір басылып, Одақ көлемінде диалектика теориясының аса белгілі маманы Э.В. Ильенковтың өзі дәлелін келтіре жоғары бағалаған соң сыншылар райынан қайтқандай болған еді. Дегенмен сол кітаптың белді авторы Ж.М. Әбділдинге сын жебесі кейін де жаудырылғаны белгілі…
Жәкең бастаған жас философтардың атағы Қазақстан түгілі бүкіл Одаққа, тіпті, әлемге әйгіленіп, еңбектері жоғары бағаланып, табысты нәтижеге қолдары жетіп, ғылыми атақтары өсіп, ізбасарлары көбейіп, ғалымдар ортасында, жалпы зиялы қауым өкілдерінің (ақын-жазушылар, өнер саласының мамандары, педагогтар, журналистер, жоғары оқу орындарының оқытушылары мен студенттері және т.с.с.) арасында абыройлары жоғарылайды. 1967 жылы Ж.М. Әбділдиннің «Проблема начала в теоретическом познании» атты жеке монографиясы жарық көріп, соның негізінде, арнайы диссертация жазбай-ақ, 1968 жылы Мәскеуде КСРО Ғылым Академиясының Философия институтында докторлық диссертациясын қорғайды. Аспиранттары мен докторанттары да қорғап, жалпы диалектикалық философиялық идеялар төңірегінде мамандар қаулап өседі. Бұл идеялар (даму принципі, қайшылықтардың пайда болуы және шешілуі, тарихилық пен логикалықтың, форма мен мазмұнның бірлігі сияқты идеялар) қоғам санасына сыналай еніп, шығармашылық қозғау салады. 50- 60 жылдардағы Одақ көлеміндегі «жылымық» кезеңнің себеп-салдарымен ұласып, Қазақстанда өз жемісін береді. 1968, 1977, 1983, 1990 жылдары Алматыда бірінен соң бірі төрт Бүкілодақтық симпозиум өткізіліп, көптеген монографиялар, кітаптар мен конференция материалдары жарық көреді, ғылым докторлары мен кандидаттары даярланады. Алматы диалектикалық логика проблемалары бойынша Одақтың басты орталықтарының біріне айналады, Мәскеу, Ленинград, Киев және басқа ғылым орталықтарының философтары мен философияға құлағы түрік мамандар: «Алматылықтар не дейді екен, сол жақтан не хабар бар?» – десіп, алаңдайтын болған кезі еді бұл. Осы кезеңнің басты ғылыми жетістігі деп диалектика теориясының ең күрделі және маңызды мәселесінің, яғни диалектикалық логика, таным теориясы және методология ретіндегі бүкіл болмысын ашып, категорияларының ғылыми жүйесін құру мәселесінің шешілуіне арналған төрт томдық «Диалектикалық логика» еңбегінің жарық көруін айтуға болады. Егер бұл мәселе төңірегінде Мәскеудің, Ленинградтың, Киевтің және т.б. ғылыми орталықтардың философтары жарыса ізденгенін еске алар болсақ, Алматы ғалымдарының бұл мәселені оңтайлы шешіп, одақ көлемінде жоғары баға алуы, айтарлықтай табыс болғаны анық.
Ж.М. Әбділдин басқарған Алматылық (кейіннен «Қазақстандық») философиялық мектеп 30 жылдан (1963-1995) астам уақыт дүркіреп тұрды. КСРО тарағаннан кейін де Қазақстан Республикасының қоғамдық-саяси, рухани-идеологиялық өмірінде сол мектептің өкілдері философия туын жоғары ұстап, Қазақстан философиясының бойын тіктеп, әлемдік деңгейден табылуға өз үлестерін қосуда.
Ж.М. Әбділдиннің қоғамдық, қоғамдық-саяси қызметі ерекше бір төбе. Кеңес Одағының кезінде де ол ғылыми ізденістерімен бірге саналы түрде үлкен қоғамдық белсенділік танытып, партиялық және кеңестік үкімет тапсырмаларын орындай отырып, ғылым мен мәдениет саласындағы өзекті мәселелерді шешуге өз үлесін қосқан. Мысалы, республикалық «Білім» қоғамының ғылыми-әдістемелік кеңесінің төрағасы, халық депутаттарының Алматы қалалық кеңесінің мүшесі, Қазақстан философиялық қоғамының төрағасы, КСРО Философия қоғамы Президиумының мүшесі, Лениндік және КСРО мемлекеттік сыйлықтары жөніндегі Комитеттің мүшесі, Қазақ КСР Ғылым академиясы Президиумының мүшесі, докторлық диссертациялар қорғау бойынша арнаулы кеңестің төрағасы, Қазақ КСР Жоғары Кеңесінің депутаты, т.б. сынды қызметтерді абыроймен атқарып, өзінің азаматтық кредосын танытып отырған.
Академиктің алаш арыстарын ақтауға сіңірген еңбегі ерен. Ж.М. Әбділдин кезінде ҚКП ОК құрған жазықсыз жала құрбандары – ғылым мен әдебиеттің көрнекті өкілдері – Ш. Құдайбердиев, М. Жұмабаев, Ж. Аймаутов, А. Байтұрсынов, М. Дулатов сияқты арыстарды ақтау комиссиясын басқарып, шығармашылығын ұлтымыздың игілігіне айналдырып, қазақ халқының рухани мәдениетіне салмақты үлес қосты. Сондай-ақ, ХХ ғасырдың 30-40-50 жылдарында тарих, әдебиет пен өнер мәселелері бойынша ҚКП ОК қабылдаған нұсқаулар мен қаулылардың күшін жою туралы да комиссияны басқарып, нәтижелі, дұрыс шешім қабылдауға ықпал етті.
Тәуелсіздік алған жылдары және одан кейін де Ж.М. Әбділдин Сенаттың Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік Комитетінің төрағасы және ҚР Президенті жанындағы адам құқықтары жөніндегі Комиссияның төрағасы ретінде елімізде демократиялық қоғамның орнығуына қызмет жасап, қазақ халқының тарихын, мәдениетін, тілін, салт-дәстүрлерін қайта жаңғыртуға, мемлекетіміздің қауіпсіздігін арттыруға арналған заңдар мен заңнамаларды қабылдауға, құқықтық мемлекет қалыптасуына зор үлес қосқаны белгілі.
Ж.М. Әбділдин сексенге келген ақсақал болғанымен, әлі де әлемдік философия үдесінен қол үзбей, ой жарыстырып келе жатқан ақиық ойшыл, философияның хас тарланы. Биыл тамыз айында Афины қаласында өткен Бүкіләлемдік философиялық конгресте баяндама жасап, Қазақстандық делегацияның әлемдегі ең танымал мүшесі ретінде абыройлы қатынасып қайтқаны мәлім. Ерекше атап өтетін жайт: бес жылда бір өтетін бұл форумның соңғы онына 1968 жылы Венада өткен XIV мәжілісінен бастап үзбей қатынасып келе жатқан бірден-бір қазақ философы. Демек қазақ философиясының туын көтеріп, үнін әлемге естіртіп, әлемдік философияның ішкі арнасы болып табылатын диалектикалық логиканың тарихы мен өзекті мәселелерін қозғап, бүкіл жер жүзінің озық ойшылдарымен сұхбаттасып, ой жарыстырып, әлемдік философиялық ой майданында үзбей атой салып жүрген алыбымыз осы Жабайхан Мүбәракұлы Әбділдин десек, артық айтқан болмас.
Осы айтылғандардың тағы бір дәлелі ретінде Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ұйымдастыруымен «Әлемдік философия дамуының өзекті мәселелері» атауымен халықаралық конференциялардың жүйелі түрде бес жылда бір өтуін, 2011 жылы қазақстандық философиялық мектептің қалыптасуына айтарлықтай үлес қосқан әйгілі орыс философы
Э.В. Ильенковқа арналған «Ильенков оқулары – 2011» айдарымен «Философия және мәдениет» тақырыбымен өткізілген халықаралық конференцияны атағанымыз жөн. Осы конференциялардың кеңінен ұйымдастырылып, алыс-жақын шетелдерден танымал философтардың белсенді қатысуы мен табысты өтуіне дем беріп, арқау болып отырған академик Ж.М. Әбділдиннің әлемдік философиядағы алатын орны мен абыройы екенінде сөз жоқ және әлі де қазақ философиясының атақ-даңқын аспандатып, руханиятымызды алға бастыруға сіңірер еңбегі зор деп сенеміз.
Ж.М. Әбділдиннің еңбекқорлығы, сыпайылығы, адамдармен қарым-қатынасы, барлық адамгершілік қасиеттері оның тек қызмет бабында ғана емес, отбасында да өз өрнегін, өзіндік жалғасын табуда. Үлкен қызы Раушан философия ғылымдарының докторы, профессор, ҚР Ғылым академиясының мүше-корреспонденті. Ортаншы қызы Бақыт экономика ғылымдарының кандидаты, доцент, ал кіші қызы Жанар АҚШ-та тұрады, сонда үздік оқып, қаржы-экономикалық білім алған. Халықаралық банктің белді қызметкері болып жұмыс істейді.
Академик Ж.М. Әбділдиннің ғылыми және қоғамдық-саяси қызметі жоғары бағаланып, ордендермен, сыйлықтармен марапатталған. Ол ҚР ғылымына еңбегі сіңген қайраткер (1993), Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығының (1984), Президенттік бейбітшілік пен рухани келісім сыйлығының лауреаты (1994), Ш. Уәлиханов сыйлығының (1974), Халықаралық «Өмір ағашы» сыйлығының иегері. II дәрежелі Барыс, Еңбек Қызыл Ту және Құрмет белгісі, ТМД Парламентаралық ассамблеясының «Достастық жұлдызы» ордендерімен награтталады. Ж.М. Әбділдин 2008 жылы «БҰҰ- ның принциптеріне адалдығы және соңғы 15 жылда Қазақстанда БҰҰ-ның жұмысына өлшеусіз үлес қосқаны үшін» марапатталған. 2009 жылы «Еуразия жұлдызы» конкурсының жеңімпазы атанды. 2010 жылы Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия университетіне еңбегі сіңген профессор атағы беріледі.