Читать книгу Тау мен теңіз ертегілері. Отқоректі құбыжық - - Страница 2
Желаяқ Шухай
1
Оглавление«Апа, біреу келе жатыр…»
Ол кезде менің тілім әлі толық шықпаған болатын. Анам екеуміз көкөніс алқабында жүрген болатынбыз. Анам тәтті картоптың сабағын теріп жүрген, мен құмырсқаның илеуін тамашалап тұран едім. Өсіп тұрған тәтті картоптың жаңа шыққан сабағын теріп, оның жапырағын алып тастап, сыртқы қабығын аршып қуырып жейтін болсаңыз, өте дәмді болады, қоректігі өз алдына.
Күн қапырық ыстық еді, бір кезде төбеме қап-қара көлеңке түсе қалды. Мен басымды көтеріп қарап едім, қасымда біреу тұр екен. Ол маған жақындап келеді, оның жүрісі солдаттардың жүрісіне ұқсайды. Ол қолдарын сермеп, кеудесін көтеріп, нық қадаммен жүріп келеді.
Анам:
– Балам, не дедің? – деді де, жұмысын жалғастыра берді. Анамның қолы талып кеткен сияқты, ол қолдарын сілкіп-сілкіп жіберіп: – Бұлт болар? – деді.
– Бұлт емес, адам, – дедім мен.
Мен орнымнан тұрып, бізге қарай адымдап келе жатқан адамды нұсқадым. Әлгі адам біздің көкөніс алқабына таяп қалды, тәтті картоп көшеттерін мыжып-жаншып кететін болды! Недеген оңбаған адам?!.
Мен оған қарсы жүрдім, өзімше оны бұл жерден қуып жібермекшімін.
Анам айналаға көз жүгіртті де:
– Қайдағы адамды айтып тұрсың? – деп күңкілдеп, жұмысын қайта жалғастыра берді.
– Сен, алысқа кетіп қалма? Әй, балам, қайда кеттің? – деп айқайлап қалды. Анамның жанарына күн сәулесі шағылысып, ештеңе байқамады-ау деймін.
Әлгі адам біздің көкөніс алқабын аралап келеді, Ол мен білмейтін, қайдағы бір үлкен сандарды айтып келе жатқандай күбірлеп келеді.
Мен де сан санай аламын, жүзге дейін ғана. Ал ана кісі мен білмейтін үлкен сандарды айтып келеді. Ол кісінің айтқан сандары әлі есімде, оның айтқан цифрлары мені қатты таңғалдырды, тіпті мені қорқытып жіберді.
Мен әлемде мұндай үлкен сандар бар екенін білмейді екенмін!
Ол сандарды өте жылдам айтып келеді. Әр қадамын санап келе жатқан сияқты. Ол келесі қадамын басқан кезде, бөтен бір санды айтып отырады. Ол алдыңғы айтқан санға 1-ді қосып келеді. Ол санауды үйреніп жүр ме, әлде жүруді үйреніп жүр ме?
Мен оған қарсы жүріп барамын, ол да маған қарсы келе жатыр. Екеуміз соқтығысып қалуға шақ қалдық. Ол тоқтаған жоқ, тіпті тоқтайын деген ойы да жоқ. Оң аяғын тік көтеріп барып, біздің көкөніс алқабына қоюға шақ қалды.
«Менің көк пиязым, менің қызанағым, менің тәтті картоптарым…»
Бір қызығы, екеуміз бетпе-бет келіп соқты ғыспадық. Қалай екенін білмеймін, ол менің артыма өтіп кетті. Оның үстіне біздің көкөніс алқабына аяғының ұшын тигізген жоқ. Қалбаңдаған көлеңкеден өтіп бара жатып сүрінгендей болдым. Артыма бұрылып қарап едім, ол менің анама қарай кетіп бара жатқан сияқты болды. Оның тоқтайын деген ниеті де жоқ, ол енді менің анамды басып кететін болды…
Мен:
– Анашым… – деп айғайлап жібердім.
– Не болды, балам? – анам қаннен-қаперсіз: – мен мұндамын, – деді.
Мен шошығанымнан қолымды ербеңдетіп, бірдеңе дейін десем, тілім сөзге келмейді, абдырап недерімді білмей қыстығып барамын. Анам:
– Не болды? Өзің жалғыз ойнай бермейсің бе? – деп ұрысып берді.
Әлгі адам анамның қасынан өте шықты. Оның қалай өтіп кеткенін көре алғам жоқ. Ол анама еш зәбір тигізген де жоқ. Анам да ешкімді көрмеген сияқты, әлі де өз жұмысын жалғастыра берді.
Мынау адам емес пе? Адам болмаса, не болды? Апыр-ау, бұл елес пе, әлде жын ба?.. Мен есеңгіреп қалдым.
Мен оның біздің үйге қарай кетіп бара жатқанын байқадым. Оны қуып жетіп, не болып жатқанын сұрауым керек. Неге оны мен ғана көре аламын? Неліктен ол біздің көкөніс алқабын кесіп өтеді?
Анам менің үйге қарай жүгіріп бара жатқанымды көрді. Ол мені үйге барып су немесе тамақ ішіп келеді деп ойлап қалған болар, маған ештеңе деген жоқ. Өйткені көкөніс алқабы біздің үйдің дәл артында болатын, үйге тиіп тұр.
Әлгі адам біздің үйдің артқы есігіне қарай тартты. Ол үйге кіре ме? Ұры болуы мүмкін бе?
Бақытымызға орай, біздің артқы есік құлыптаулы, ал кілтті босағадағы кішкене тесікке қалдырып кеткенбіз, ол мұны білмейді!
Сол кездегі жайт мені қатты таңғалдырды: әлгі адам біздің үйдің артқы есігін ашқан жоқ, артқы есіктен өтіп, үйдің қабырғасымен жүріп, төбеге қарай кетіп барады.
Дүние айналып кеткендей болды, мен шалқайып артыма құлап қала жаздадым, әлгі адам қабырғамен құламай жүріп барады.
Еш кедергісіз, алға тартып барады…
Оның денесі қабырғаға перпендикуляр, ол төбеге қарай шынымен жүріп барады! Әлгі адам үйдің төбесіне шықты.
Денесі бірте-бірте қысқарып барады, аяғы, сосын бөксесі, содан кейін иығы көрінбей кетті, тек шашы ғана қалды… мен дереу кілтті алып, артқы есік арқылы үйге кірдім, одан кейін алдыңғы есікті аштым.
Мен есікті ашқан уақытта ол да қабырғадан төмен түсіп, есік алдында тұр екен.
«Ей, сен…» мен өзімше оған ұрысайын деп едім, неге екені белгісіз, аузымнан: «Сен… осында тынығып аласың ба? Су берейін бе? Біздің үйде… тәтті жүгері бар, жейсің бе?» деген сөздер шығып кетті.
Ол жүрісін тоқтатқан жоқ, бірақ артына бұрылып, маған қарап күлгендей болды.
Мен жүгіріп үйге кірдім де, бір кесе мен бір шәйнек шай алып шығып, оның артынан қуып қақпадан шықтым.
«Рақмет, кішкентай мейірімді адам!..8, менің маңызды істерім бар,..9 », – деді әлгі адам.
Бұл оның менімен бірінші рет сөйлесуі еді.
Ол менімен сөйлескен кезде де жүрісін тоқтатқан жоқ, әр басқан қадамын санап, өзін өте сабырлы ұстады.
Ол тіпті сөйлеген кезде де саннан жаңылған жоқ. Тіпті шайды (мен берген бір кесе шайды қуана-қуана ішіп алды, анамның дайындаған шөп шайының дәмі өте жақсы болатын) қылқылдатып жұта салды да, ары қарай жүріп кете барды. Ол естіп те көрмеген, менің қиялыма да кірмейтін үлкен сандарды айтып кетіп барады.