Читать книгу Тау мен теңіз ертегілері. Отқоректі құбыжық - - Страница 5

Желаяқ Шухай
Постскриптум

Оглавление

Шухай ерекше қызық адам. Сызғышты Шухай ойлап тапқан деген аңыз бар. Шын мәнінде Шухайға сызғыштың қажеті жоқ, оның қадамының өзі сызғыштың рөлін атқара береді.

Менің қиялымда ғалам шексіз, сондықтан өз міндетін адал атқаратын Шухай «әлемді қадаммен әлі өлшеп жүр» деуге толық негіз бар. Ол мифтік кейіпкер, ертегі кейіпкері, аңыз-әңгіме кейіпкері болғанымен, менің ойымша, ол өмірде бар кейіпкер. Заманауи технология қаншалықты дамыса да, ол тек өз қалауымен (қадамымен) өмір сүре береді. Мен Шухайдың бойынан қазіргі біздің дәуірде насихатталып жүрген өз ісіңнің білгірі һәм шебері болу рухын байқадым. Өз ісіңнің білгірі һәм шебері болу – бұл берік, қарапайым және табандылықты талап ететін рух. Яғни мықтылық рухы екенін білдіреді. Шухай ылғи да сапарда жүреді, әлемді қадаммен өлшеп шығу үшін табандылық көрсетіп келеді. Мүмкін күндердің күнінде сіздің де онымен кездесіп қалуыңыз әбден мүмкін.

Мигоухуа


гүлі

Мен орманда Мигоухуа3 гүлін іздеймін деп жүріп адасып кеттім.

Бейне ертегідегідей көзіме алыстан бір ағаш үй көрінді.

Мен жүгіріп барып, есігін қақтым.

Үйдің терезесі ашылды.

Бетін әжім басқан әжей:

– Қызым, неғып жүрсің?, – деп сұрады менен.

– Мен… мен мигоухуа гүлін іздеп жүрмін. Мен оны таба алмай қойдым, сөйтіп, адасып қалдым. Айтыңызшы, мына орманнан қалай шығуға болады? – дедім .

– Армандама, сен енді орманнан шыға алмайсың! – деп әжей сөздің тоқетерін айтты. – Былай істесек қайтеді? Маған көмекші керек болып тұр еді. Сен осында қал, үйіңе қайтар жолды табуға өзім көмектесемін, – деді әжей сөзін жалғап.

Мен өз-өзіме «Жоқ, менің үйге кеткім келеді!» дедім де, қаша жөнелдім.

Өйткені мен оның жалмауыз кемпір екенін біле қойдым. Мен қашып келем, қашып келем, қанша жол жүргенімді білмеймін. Бірақ іштей әлгі ағаш үйден алыс кетсем жақсы болар еді, жалмауыз кемпірдің қолына түссем, ол мені жұмысқа жегіп қояды, отын тасытады, картоп аршытып қояды, соңында мені жеп қояды деп ойлап келемін.

Бір кезде арт жағымнан бір қол келді де, жағамнан шап беріп ұстай алды. Мен қанша тырмыссам да, оның қолынан қашып құтыла алмадым, ол мені сүйреген бойы терезеден үйге кіргізіп алды. Мен басымды бұрып әлгі қолға қарап қалып едім, екінші рет қарағанға жүрегім дауаламады. Тіпті түске кіретіндей арбиып, сүйектері шыққан, жасанды қол сияқты созылып, жиырыла ма бір бәле…

– Мені Сянь апай деп атай бер! – деді кемпір. – Бірақ есікті ашуыңа болмайды, – деп ескертті.

Оның сөзі қисынға келе ме? Кәрі кемпірді қалай апай деуге болады? Есікті неге ашуға болмайды? Мен мұқият қарап шықтым, бұл үйде жалғыз ғана есік бар екен. Оны ашуға болмайтын болса, қалай кіріп-шығуға болады? Жасы болса келіп қалған екен, терезеден аттап-бұттап кіріп жүре ме? Мүмкін Сянь апай далаға шықпайтын болар? Осындай көп сұрақ мені мазалап қоймады.

Сөйтіп, мен Сянь апайдың үйінде тұратын болдым.

Сянь апай өзі төсекте, ал мен себетте ұйықтаймын. Себет дегеніміз – аспақтатып іліп қоятын бамбук себет. Сөйтіп, апай мені төбенің арқалығына іліп қойды, мен ұйықтай алмаймын ғой деп ойлап едім, қызық болғанда сеспей қатып қалыппын. Осынша қорқынышты жалмауыз кемпірдің ағаш үйінде қалай ғана ұйықтап қалдым екен? Шынын айтсам, таң атқанша қыбыр етпей ұйықтаппын. Бейне кішкентай кезімде бесікте жатқандай тып-тыныш, тәп-тәтті ұйқыға батқан екенмін. Терезеден түскен күн сәулесі бетімді қытықтап ойнап жатыр, еріксіз көзімді аштым.



Себет байланған арқан автолифт сияқты, ша тырдың арқалығындағы шығырыққа өткізілген, Сянь апай қолын созып тартса болды, себет төмен түсе бастады. Мен себеттен шықтым, арқанның бір ұшына шелек байланған, ол құдықтан бір шелек су алып шықты. Үйдің ішінде құдық болғаны ма? Сянь апай шелектегі суды су толтыратын ыдысқа құйды, ол арық болғанымен, қимылы ширақ екен. Шелек себетке қарағанда ауыр болғандықтан, құдыққа құлап түсіп кетті де, себет шатырдың арқалығындағы шығырыққа көтеріліп барып тұрып қалды.


– Судың ыдысы суға толы, күріштің ыдысы күрішке толы, қазан-ошақ бәрі дайын. Сен тамақ пісіре аласың ба? Мен сыртқа шығып келейін, – деді Сянь апай.

– Сіз, қайда барасыз?

– Мен сенің үйіңе қайтатын жолды сұрастырып көрейін.

Мен «жарайды» деп басымды изедім. Шынымды айтсам, мен тамақ пісіріп көрген емеспін.

Бірақ бұл қиын шаруа емес, мен өзіме қарай аламын.

Сянь апай жалғыз есікті нұсқап:

– Есікті ешкімге ашпа! Түсінікті ме? – деді.

– Түсіндім, – дедім мен.

Сянь апайдың қалай шығып кеткенін мен дәл қазірге дейін түсіндіріп бере алмаймын. Оның терезеден ұшып шыққаны анық. Ол қара плащын артына қарай қайырды да, алып құсқа айналып, терезеден ұшып шықты да кетті. Бұл процесс азғантай ғана уақытта болды, сол себепті мен қате көріп қалған болармын. Ол үлкен құсқа айналмаған да болар, тек үлкен құсқа ұқсап кеткен шығар.

Қателеспесем, ағаш үйдің шығысқа, батысқа, солтүстікке және оңтүстікке қарайтын төрт терезесі болды-ау деймін. Күннің алдымен шығыс жақтағы терезеден түсетінін білемін. Мен соған қарап, бағытты белгілей аламын. Яғни Сянь апай оңтүстіктегі терезеден ұшып кетті.

Мені терезеден шығып, қашып кетеді деп ойламады ма екен? Терезе тым биік емес, орындық қойсам терезеден шығып кетуіме болады. Терезеден шығып қашып кетпес бұрын, маған «есікті ашып көрсеңші!» деген ой түрткі болды, тіпті соған аңсарым ауып алды.


Есікке таяған сайын менің жүрегім қысылып, бойымды бір қорқыныш билеп алды. Соған қарамастан есікті ашып қалдым, сол-ақ екен, көзіме қатты жарық түсті де, ештеңені көрсетпей тастады.

Артымнан біреу тағы да шап беріп ұстай алды, мен жерге құлап түстім. Біреу есікті жапқандай болды.

Қарасам, қарсы алдымда Сянь апай тұр екен.

Ол терезеден сып етіп кіріп келген екен. Ол арбиған тарамыс қолдарымен мені шап беріп ұстаған кезде, бейне бір көлеңке сияқты қалбаңдап қай жақтан шыға келгенін білмеймін.

– Мен саған есікті ашпа деп ескерттім ғой, есікке жолап нең бар? – деді Сянь апай.

Қызық, ол ұшып кеткен тәрізді еді ғой, менің не істеп жатқанымды қайдан біліп қойды екен?.. Жарайды, жалмауыз кемпір деген аты бар емес пе, елден ерекше тылсым қасиеті бар болар?!.

– Мен сені енді ұстап отыра алмаймын, үйіңе қайтар жолыңды да тауып бермеймін. Сен енді кете бер! – деді Сянь апай.

– Мен кете берейін бе? Қалай кетем? Терезеден шығып кетейін бе?

– Сен көзіңді жұм да, алға қарай жүре бер, мен сені енді қайтіп көрмейтін болайын! – деді Сянь апай.

Мен көзімді жұмып, аяғымды алдыға қарай бір қадам аттап қалдым.

Ағаш үй өте тар болғандықтан, бірдеңені қағып кетпейін деп, көзімді ашып жібердім.

Ғажап! Көзімді ашқаным сол еді, ағаш үй де, Сянь апай да жоқ болып шықты. Мен сол адасқан жерге қайта оралдым. Яғни қалың орманның арасында.

Мигоухуа, Мигоухуа қайдасың?..

Күн кешкіріп, қараңғы түсіп келеді, мен жүрісімді тездеттім. Алдыңғы жақтан тағы бір шағын үй көрінді. Мен үйдің қасына барғанда, оның кәмпит үйі екенін көрдім. Бұл кішкентай үй кәмпиттен салыныпты.

Қарным шұр-шұр етеді. Үйдің қабырғасына жиыл ған кәмпиттің бірін алып жеп, жүрек жалғап алғым келді. Кәмпитті көргенде сілекейім шұбырып кетті. Қабырғаға жиылған кәмпиттер цементке араластырылған тас пен құм сияқты қатып қалыпты, оны жұлып алу қиын екен.

Мен жұлам деп кәмпиттің қағазын жыртып алдым, кәмпит көрініп қалды. Жегім келіп шыдай алмай, ауызымды апара бергенім сол еді…

– Әй, қыз, не істеп жатырсың? –деді біреу.

Іле-шала кәмпит үйдің терезесі ашылды, терезеден аппақ, жүзі доп-домалақ кемпір басын шығарды. Айтайын дегенім, әукесі неше қабат, тіпті мұрнының өзі доп-домалақ екен. Оның үйінде біртүрлі зіл бар сияқты, бірақ жүзі жаңағы мен жей алмай қалған кәмпит сияқты тәп-тәтті болып көрінді.

– Мен бе, мен… мигоухуа гүлін іздеп жүрмін, бірақ оны таба алмадым. Гүл іздеп жүріп жолдан адасып қалдым, қарным да ашып кетті. Сіздің қабырғаға жиылған кәмпиттен жесем бола ма? – дедім.

– Әрине. Үйге кірсеңші, үйде көп кәмпит бар, – деді кемпір.

Мен есіктен кірейін деп, есікке қарай тұра жүгіріп едім, ол:

– Қайт, бері кел! Мына жерден кір, – деді.

Мен есікті аша алмадым, керісінше қолым есікке жабысып қалды, тым ұят жағдай болды.

Бұл кемпір де мыстан кемпір екенін біле қойдым, ол маған кәмпитпен алдап, қант құрағын ору, ара өсіру, пештің отын жағу, сироп қайнату үшін қолқанат етіп алмақшы… Мен оның алдауына түспеймін, мен үйге қайтуым керек.

Бірақ қолым жабысып қалды, қашып кете алмаймын.

– Қане, мен саған көмектесейін, – деді ол.

Терезеден жұп-жұмыр қолымен желкемнен ұстап жұлып алды да, үйге алып кірді.

– Бұдан былай мені Цзи апай деп атай бер, мына кәмпитті қалағаныңша жей бер, бірақ балаларға көп тәтті жеуге болмайды, тісің ауыратын болады, – деді кемпір.

Апай өте мейірімді жан сияқты, мен оны әдейі көлгірісіп тұр деп ойладым.

Мен сөйтіп апайдың кәмпит үйінде тұрып қалдым. Кәмпиттің түр-түрі бар, тамақ жасап әуре болмайсың. Мәселен, орындықтың сирағын сындырып жей беруге болады, өйткені ол тұтас шоколадтан жасалған. Суырманың тұтқасын да жеуге болады, оның дәмі тіпті бал сияқты екен.

3

Mигоухуа гүлі – «Таулар мен теңіздердің классикасы: Наньшань

классикасында» жазылған сиқырлы өсімдік. Оны тағып жүрген

адам ешқашан адаспайды. Түпнұсқадағы сілтемеге қараңыз.

Тау мен теңіз ертегілері. Отқоректі құбыжық

Подняться наверх