Читать книгу Күйші - Ілияс Жансүгіров - Страница 2
Күйші
II
ОглавлениеХан орда, хан тағында, жайнап көркі,
Күй болып, ұйып отыр есіл-дерті.
Отырған кұлағын caп, құлай тыңдап,
Кенеге үн бір сарын, күй біркелкі.
Қоршаған хан қасында қошаметші,
Даяшы, төленгіті, би, жендеті.
Ауылы Бақанастың өлкесінде,
Арқадан Алатауға ауған беті.
Өзінің ордасында батыр Кене,
Тарттырып домбыраны отыр Кене.
Қиялы домбырамен сыбырласып
Жатқандай шабуыл не? Жортуыл не?
Келелі кеңестер не? Ақ найза не?
He тоқтау толқып жатқан айдын көлге?
Көтерген Абылайлап ала жалау,
Шақыртқы ту бола ма тозған елге?..
«Абылай Көкшетауда көшелі хан,
Кәні, кім ондай болды ұрпағынан?
Ақ туын Абылайдың кім көтерді
Алашта, дүниеден көшкелі хан?
Жау жорық, болды заман жұрт шулаған,
Шаң беріп әржерден бір қиқулаған
Абылай аруағым, ала туын
Көтерсем… көтерілер өшкен ұран…»
Ойынан көшіп жатыр өткен күндер,
Сарыарқа, Көкшетаулар, Жайық, Еділдер.
Көк шалғын керегедей желі тартқан,
Көзінен бұлаң қағып бұйра белдер.
Ат сайлап, қылыш қайрап сарбаз ерлер,
Зеңбірек атанға артқан, найзагерлер
Жарқылдап сыбызғылы күй тартқандай,
Алатау берік қорған, жұмақ жерлер.
Көңілінен Кене ханның кірді ашқандай,
Домбыра ауған елге сырласқандай,
Ел қандай, Арқа қандай,, дұшпан қандай,
Ауған ел арт жағымен жауласқандай.
Тасытып көкірегін кек ашқандай,
Тынбасқа жауды жеңбей, жер жастанбай.
Нажағай ашуында жарқ-жұрқ ойнап,
Бұлтты бұрқыратып от шашқандай.
Көңілден керуендеп күй кешкендей,
Әркімнің өз көндімен тілдескендей.
Батыр да, хан да, қыз да, қазаншы да —
Бәрі бір домбыраға мінгескендей.
Жып-жым-жырт, тыңдағандар тіл кескендей,
Құрыштап құлақгарын үн кескендей,
Сылдырлап кейде қамыс, кейде бұлақ,
Қырдағы қоңыр түнде жыр көшкендей.
Арыстан ашуланса арс ұрады,
Сескеніп жан-жануар жаншылады.
Желді аяқ, шауып тұлпар топты жарса,
Саусақтар үсті-үстіне қамшылады.
Салбырап тыңдап отыр домбыраны,
Домбыра көшіреді, қондырады.
Күйші айдап көшкен елдің күйін тартып,
Қошамет болса қалай болдырады.
Шаңқылдап бірде аспанда тау қыраны,
Күрпілдеп бірде бие саудырады.
Майдалап бірде қоңыр самал соғып,
Бұрқ-сарқ бірде нөсер жаудырады.
Домбыра қарғылады, орғылады,
Манаурап, тыңдаған жан салбырады.
Батырып күймен күнді, көз байлантып,
Күйшінің күйін сонда қойдырады.
Қарашаш ақылы дария, алтын басы,
Әйелдің ақ сұңқары, ханзадасы.
Өз басын мың қараға теңгермейтін,
Кененің кеңесінде ақылдасы.
«Дат!» – деді ханның өжет Қарашашы,
Немере, хан Кененің қарындасы.
«Ханыша, не датың бар?» – деді Кене,
Аңырып тұрып қалды айналасы.
Сырттан қыз сілкінгендей беріп сыртын,
Талайдың айдынымен алған сұрқын.
Иілді «Алдияр!» деп хан алдына,
Қалды ұйып үйдің іші, болды жұрт жым.
«Қамалым, хан данышпан, Кенем – құтым,
Менің де сыртым бүтін, ішім түтін…
Ордадан бұдан артық тілемеймін,
Бер маған осы адамды басы бүтін…»
Көтерді Кене ақырын қыздың басын,
Отырды майда сипап қара шашын.
Жолбарыс жымың қағып сылқ-сылқ күлді,
Қарашаш жарлық күтіп керді қасын.
«Осы ма сұрағаның, Қарашашым?
Қаласа, қалағанын алсын, алсын!
Үйсіннің ерулігі болар бізге!
Бергенім басы бүтін байлап басын!»
Жүйрік жан, маймыл күйші, сорлы маңдай,
Сөзіне түсінбеді қыздың қандай.
Хан: «Бердім басы бүтін» дегеніңде,
Сұп-суық болды көңілі мұз құйғандай.
He жазды бұл осындай іс қылғандай?
He жөн бар хан осынша күш қылғандай?
Әлде өңі? Әлде түсі? He жын соқты?
Өзіне отыр күйші ешбір нанбай.
«Алдияр, маған жарлық еткенің бе?
Байланып басы бүтін кеткенім бе?»
Жіберді күйші сонда солқ-солқ жылап,
Сорғалап сортаң жасы беттерінде.
«Бердім мен ханышаға, – деді Кене,
Сатса да, сойсадағы өз еркіңде!»
«Екі емес хан жарлығы!» десіп жатыр,
Бұғыбай, Бақай, Бұқай дегендер де.
«Көрмеген бұрын орда неткен елсің?
Қылатын қызметің күй күйлерсің.
Жау қуып, отын алып, су құймайсың,
Құдайдан бұдан артық не тілерсің!»
Хан айтты, өкім болды! Жансын, күйсін!
Жігіттің жері Балқаш, руы Үйсін!
Жазығы домбыраны сөйлеткені,
Сонымен кете барды сорлы күйшің!..