Читать книгу Қазіргі заман кезіндегі Азия мен Африка елдерінің тарихы (1945–2012). II бөлім - Рыскелді Мырзабекова - Страница 3
XX ҒАСЫРДЫҢ 40 ЖЫЛДАРЫ МЕН XX ҒАСЫРДЫҢ БАС КЕЗІНДЕГІ ҚИЫР ШЫҒЫС ЕЛДЕРІ
§ 1. Жапония
ОглавлениеЕкінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі Жапониядағы оккупациялық тәртіп. Екінші дүниежүзілік соғыста жеңілгенін мойындауға мәжбүр болған Жапония Потсдам конференциясының шешімдерін қабылдады. Потсдам конференциясының шешімі бойынша Жапонияны одақтастар атынан АҚШ оккупациялады. Осы сәттен бастап 1952 жылғы Сан-Франциско бейбіт шартына қол қойылғанға дейін Жапониядағы жоғарғы билік АҚШ-тың, оккупациялық әкімшіліктің басшысы генерал Макартурдың қолына көшті. Тек 1945 жылдың аяғына таман 11 елдің өкілдерінен тұратын Қиыр Шығыс комиссиясы және КСРО, АҚШ. Ұлыбритания және Қытай өкілдерінен тұратын Одақтық Кеңес құрылды.
КСРО мен АҚШ арасында Жапонияның соғыстан кейінгі құрылысы жөнінде қайшылықтар өткір болды. Америка Құрама Штаттары, КСРО мен басқа да мүдделі елдердің, оның ішінде революция жеңісінің нәтижесінде 1949 жылдың 1 қазанында құрылған Қытай Халық Республикасының қатысуынсыз сепараттық бітім шартын дайындауға кірісті. 1951 жылдың қыркүйегінде Сан-Францискода Жапониямен бітім шартын жасау жөніндегі конференция болып өтті. Конференцияны ұйымдастырушылар КСРО делегациясы мен өзге мемлекет өкілдерінің енгізген түзетулері мен толықтыруларына құлақ аспады. КСРО территориялық реттеу мәселелері туралы нақты тұжырымдаулардың жасалуын, Жапониядан шетел әскерлерін шығару жөніндегі баптың қабылдануын. Жапонияға әскери-саяси одақтарға мүше болуға тыйым салуды талап етті. кСРО делегациясы мен конференцияға қатысушы басқа да мемлекет өкілдерінің осы жолғы түзетулері мен толықтырулары тағы да ескерілмей қалды. Бұған наразылық ретінде КСРО, Польша және Чехославакия шартқа қосылудан бас тартты. кСРО мен Жапония арасында бітім туралы шарт жасау мәселесі кСРО ыдырағанға дейін өз шешімін тапқан жоқ.
АҚШ – елді басқарудағы ең маңызды деген мемлекеттік функцияларды қолына шоғырландырды. Атап айтқанда, қаржылық мәселелерге, мемлекеттік бюджетке, сыртқы саудаға, соттар мен полицейлік аппаратқа бақылау орнатты, парламенттің заң шығару билігін шектеді. Жапон үкіметі басқа елдермен байланыстар орнату құқығынан айырылды. Сыртқы саясаттың барлық функциялары оккупациялық биліктің құзырында болды.
1945 жылдың қыркүйегінде жапон армиясы мен жазалаушы органдары, ұлтшылдық ұйымдары таратылды. Сонан соң, жұмысшыларға кәсіподақтар құру құқығы берілді, білім беру жүйесі демократияландырылды, абсолютизм жойылды, әйелдер мен ерлердің құқығы теңестірілді, экономика демократияландырылды. Дзайбацулер (өндіріс-қаржы концерндер) таратылды, жер реформасы жүзеге асырылды, помещиктік жер иелену жойылды. Синто діні мемлекеттен бөлінді. 1946 жылдың 3 қарашасында конституция қабылданды. конституция абсолюттік монархияны жойып, іс жүзінде императорды саяси биліктен аластатты, император тек «ұлт бірлігінің символы ретінде» жарияланды. Халықтың суверенді билігі жария етілді. Жапония «соғыстан ұлттың суверенді құқығы ретінде», халықаралық даулы мәселелерді шешуде қауіп тудыру немесе күш қолданудан бас тартты. Жаңа конституция бойынша ерлермен қатар әйелдер де азамат ретінде танылды. Жалпыға бірдей сайлау құқығы берілді, патриархалды жанұя жүйесі жойылды, азаматтық құқықтар жарияланды. 1947 жылдан кейін әсіресе, Корядағы соғыстан соң (1950) американдар елде «кері бағыт» деген саясатты жүзеге асыра бастады. «Кері бағыт» үш мақсатты: оппозициялық, ең алдымен кәсіподақ пен коммунистік қозғалысты басып-жаныштауды; дзайбацуларды таратуға қатысты саясатты қайта қарауды; Жапонияны қаруландыруды көздеді.
1949 жылға дейін Жапонияның экономикасын қайтадан қалпына келтіру негізінен ірі монополияларға үкімет тарапынан бөлінген субсидиялар және американдық көмек арқылы жүзеге асырылып келді. Бірақ, бұл шаралар тек уақытша сипатқа ие болды. 1948 жылдың қарашасында АҚШ үкіметі оккупациялық әскерлер штабына елдегі жағдайды тұрақтандыру жоспарын енгізу туралы үзілді-кесілді нұсқау берді. Бұл жоспар тоғыз пункттен тұрды. Жоспардағы пункттерге сәйкес жапон үкіметі: 1) мемлекеттік бюджетті баланстауға; 2) салық көлемін ұлғайтуға; 3) субсидиялар беруді қатаң шектеуге; 4) жалақыны тұрақтандыруға; 5) бағаның тұрақтануын бақылауға алуға; 6) сыртқы сауда мен шетелдік валютаға қатаң бақылау орнатуға; 7) экспорттық өндіріске қажетті материалдармен жабдықтау жүйесін жақсартуға; 8) импортты шектеу үшін жергілікті шикізат пен тауар өндірісін ұлғайтуға; 9) азық-түлікпен жабдықтау жүйесін жетілдіруге міндетті болды. 1949 жылдың мамырында Жапониядан репарациялар алу жоспарынан бас тартқан АҚШ, монополияларға қарсы заңды қайта қарап, өндіріс пен капиталдың шоғырлануына жағдай жасап берді.
ХХ ғасырдың 50-60 жылдарындагы Жапонияның экономикалық өрлеуі. Сан-Францискода өткен бейбіт конференцияда АҚШ пен Ұлыбританияны басқарушы топтар Жапониямен бейбіт келісім-шартқа қол қою процедурасын жүзеге асырды. Сонымен бір мезетте «Қауіпсіздік шартына» қол қойылды. Аталмыш шартқа сәйкес, АҚШ өз әскерлерін «бейбіт шарт» жасалғаннан кейін Жапония территориясында ұстауға құқық алды. Жапония тәуелсіздігін қайта беру елдің дамуында жаңа кезеңнің басталғандығын білдірді. Мицуи, Мицубуси сияқты аты әлемге әйгілі қаржы-өндірістік топтар қайтадан жандандырылды. Бұл топтар өздерінің ұйымдастырушылық құрылымдарын өзгерте отырып, Жапонияның бүкіл экономикасына бақылау орнатуға тырысты.
Осы кезеңнен бастап, ұзақ жылдар бойы біріккен консерваторлар лагерін басқарып келген – ЛДП (Либералды демократиялық партия Демократиялық және Либералдық партиялардың бірігуі негізінде құрылған) Жапонияның саяси өмірінде билікке келді. ЛДП Жапониядағы бірқатар прогрессивті партияларға, ең алдымен, Жапонияның социалистік партиясына (ЖСП) қарсы күш ретінде қалыптасып, осы кезге дейін елдің саяси-әлеуметтік және экономикалық дамуында шешуші рөл атқарып келеді. 1955 жылы премьер-министр Хатояма өзінің үшінші кабинетін құрды. хатояма үкіметіне консерваторлар лагеріндегі ауызбірлік, ел экономикасындағы дағдарыстан сәтті шығу, халықаралық сахнадағы оң өзгерістер АҚШ-тан біршама тәуелсіз дербес саясат жүргізуге мүмкіндік берді. АҚШ-тың тікелей қарсылығына қарамастан, Жапония, КСРО-мен күрделі сипаттағы келіссөздер жүргізді.
1956 жылдың қазанында КСРО мен Жапония арасында бейбітшілікті қалпына келтірген «кСРО мен Жапонияның Бірлескен декларациясына» қол қойылды. кСРО өз уәдесін орындай отырып, Жапонияның БҰҰ-на мүше болу өтінішін қолдады. 1956 жылдың қарашасында Жапония БҰҰ-на мүше болды.
Бірлескен декларацияға Жапонияның кСРО-ға қатысты территориялық мақсаттарын айқындайтын пункт енгізілді. Оңтүстік куриль аралдарына қатысты өзінің иеліктік құқығын сақтай отырып, кеңестер Одағы бейбіт шартқа қол қойған соң, Жапонияға екі аралды берді. АҚШ-тың Азиядағы әскери-саяси бағытына Жапонияның қосылуынан кейін, кСРО үкіметі өзінің уәдесінен бас тартты. 1953-1954 жылдардағы дағдарысты жағдайдан соң, Жапонияда «Дзимму гүлденуі» деген атпен белгілі экономикалық өрлеу байқалды. Бұл өрлеу 1957 жылға дейін жалғасты. Бұл жылдары Жапонияның экономикалық өрлеуінің басты факторы капиталдың жаппай жаңартылуы болды. Ел экономикасының шапшаң дамуының маңызды себебінің бірі – кәсібилігі жоғары, АҚШ пен Батыс Еуропа елдерімен салыстырғанда жалақысы айтарлықтай төмен жұмыс күшінің болуында еді. Өндірістің өсуіне жер реформасы мен еңбек табысының артуы, ішкі нарықтың ұлғаюы әсер етті. Жапон экономикасы өсуінің сипатты белгісінің бірі ретінде шетелдік ғылыми-техникалық жетістіктердің елдің өндірісіне табысты енгізілуін айтуға болады. Нәтижесінде Жапония жаңа заманауи техниканы импорттаушы болып қана қоймай, технологияларға патенттер мен лицензияларды кең көлемде сатып ала бастады. Бұндай шаралар Жапонияға ғылыми-техникалық зерттеулерге жұмсалатын уақыт пен қаржыны үнемдеуге мүмкіндік берді.
1960 жылдан бастап Жапонияның экономикалық қуаты арта түсті, 1970 жылдан бастап капиталистік әлемде АҚШ-тан соң екінші орынды иемденді. Көрнекті консервативті саясаткерлер қатарына жататын Икэда Хаято басқарған жаңа кабинет икемді ішкі саяси бағыт және қарсы тұрған күштер арасында әртүрлі диалогтар жүргізу арқылы таптық қақтығыстарды бәсеңдетуге ұмтылды. Қоғамның ішкі саяси ахуалын тұрақтандыруға бағытталған жаңа кабинеттің тактикасы «иліккен қалыпта жүргізілген саясат» (тэй-си-сэй) деген атқа ие болды. 1964 жылдың күзінде премьер-министр Икэда науқасына және ЛДІI ішінде ұзаққа созылған күрестен кейін қызметінен кетті. ЛДП көшбасшысының рөлі Жапонияның іскер және қаржы топтарының қолдауына ие болған Сато Эйсакуге өтті. Сато кабинеті Жапонияны қайта қаруландыруға қажетті қолайлы жағдайлар қалыптастыратын және еңбекшілердің әлеуметтік, саяси құқықтарын шектейтін өзгерістерді енгізу үшін конституцияны қайта қарау туралы ұсыныстар қажет екендігін дәлелдеуге талпынды.
ХХ ғасырдың 60 жылдары мен ХХІ ғасырдың бас кезіндегі Жапонияның әлеуметтік-экономикалық дамуы. Жапон «экономикалық ғажайыбы». XX ғасырдың 60 жылдары Жапония экономикалық даму қарқыны бойынша әлемнің басқа дамыған елдерін басып озды. 1969-1970 жылдары Жапонияда ұлттық жиынтық өнімнің орташа жылдық қарқыны 11 %-ды құраса, Ұлыбританияда бұл көрсеткіш 2,8 %-ды, ал АҚШ-та 4,1 %-дан аса алмады. Жапонияда өнеркәсіптік өндіріс 1951-1970 жылдары орта есеппен жылына 15,2 %-ды, Ұлыбритания мен АҚШ-та – 3 және 4 %-ға өсті. 1950 жылы капиталистік өнеркәсіптік өндірістегі Жапонияның жеке үлес салмағы небәрі 1,7 %-ды құраған болса, 1970 жылы бұл көрсеткіш 10,1 %-ға жетті.
XX ғасырдың 60-жылдары жапон экономикасының жоғары даму қарқыны бірқатар факторлармен:
а) еңбек өнімділігінің айтарлықтай жоғары болуына қарамастан, жалақының төмен деңгейде болуымен (1969 жылы Жапонияның өңдеуші өндіріс саласындағы жұмысшының жалақысы АҚШ-тың осы салада жұмыс істейтін жұмысшының жалақысынан төрт есе аз болды);
ә) мемлекеттің қолдауы арқасында капиталдың қорлану деңгейінің жоғары болуымен шарттасты. 1969 жылы ұлттық жиынтық өнімге қатысты негізгі капиталға салынған инвестицияның үлесі 35,2 %-ды құраса, бұл көрсеткіш басқа да дамыған елдер АҚШ-та 14,1 %, ал, Францияда 25,4 % болды;
б) ірі капитал қорланымдары машина және құрал-жабдықтар жасау саласындағы инвестицияларды ұлғайтуға мүмкіндік берді. Бұл салада Жапония, 1950-1970 жылдары Англия мен Франциядан 2,6 есе, ал, АҚШ-тан төрт есе асып түсті;
в) капитал салымдары ең алдымен, жапон экономикасының жетекші салалары болып табылатын металлургия, машина жасау, мұнай химиясы сияқты салаларға жасалынды. Бұл салалар ел экономикасы өсуін анықтайтын салалар болды;
г) патенттер мен лицензиялар сатып алу арқылы өндіріске әлемдегі ғылым мен техниканың жетістіктерін жаппай енгізу жалғаса берді;
д) Жапония импорттайтын мұнай және өзге де шикізаттарға ұзақ уақыт бағаның төмен болуы, ал керісінше, бұл ел экспорттайтын машиналар мен құрал-жабдықтарға әлемдік нарықта бағаның жоғары болуымен байланысты болды;
е) Жапонияның әскери шығындарының төмен деңгейде болуымен, мысалы, 1976 жылы Жапонияның әскери шығындарының көлемі ұлттық жиынтық өнімнің 1 %-ын құрауымен анықталды.
хх ғасырдың 80 жылдарының орта шеніне қарай Жапония қарқынды әрі тұрақты дамушы ел ретінде әлемдік экономиканың орталықтарының біріне айналды. Жапония алтын мен валюта қорының көлемі бойынша әлемдегі бірінші орынды иемденді. Жапонияның жан басына шаққандағы жылдық табысы 18 мың долларды құрады. Ал бұл көрсеткіш АҚШ-та 15 мың доллар болды.
Құнарлы жердің тапшылығына қарамастан, Жапонияда ауылшаруашылығы өте жақсы дамып келеді және ол 125 млн. тұрғынды қажетті азық-түлікпен қамтамасыз етуде. 1970 жылдардың соңы мен 1980 жылдардың бас кезіндегі экономикалық дағдарыстар жапон экономикасының отын-энергия ресурстарымен нашар жабдықталғандығын көрсетті. Бұл Жапонияны экономиканың ғылыми сыйымдылығы жоғары салалары – электроника, компьютер, телекоммуникация, өлшеу-бақылау жабдықтарын шығару, автоматтандыру, биотехнологияны дамыта түсуге итермеледі. Қазіргі кезде Жапония әлемдегі видео аппаратура өндірісінің 90 %-дан астамын шығарып, әлемдегі роботтық техниканың 2/3 иемденеді. Жапония – қазіргі кезде индустриалды қоғамнан басты құндылық білім болып табылатын ақпараттық қоғамға өтуді жүзеге асыруда. Жапония XX ғасырдың 70-жылдары патенттер мен лицензияларды сатып алуды екінші кезекке қойып, ғылыми және техникалық зерттеу салаларын кең көлемде қаржыландыруға көшкен болатын.
50 жыл үздіксіз дамудан кейін 1991 жылдың соңында жапон экономикасы бірқатар қиындықтарға тап болды. Ресми жапон статистикасы көрсеткендей, 1992 жылы ұлттық жиынтық өнімнің өсімі тоқтап қалған. Иена бағамының шапшаң көтерілуіне және экономиканың даму қарқынының тежелуіне байланысты әлемдік нарыққа шығарылатын жапон экспорты қысқарды. 1993 жылы жапон еңбек өнімділігі минустық өсім көрсетіп, жұмыссыздық керісінше, 3,2 %-ды құрады. Экономикада қалыптасқан бұндай келеңсіз жагдай жапон үкіметін елдің әлеуметтік-экономикалық дамуының жалпы жоспарының мақсаттары мен міндеттерін қайта қарауға мәжбүр етті.
1995 жылдың соңынан бастап, экономикалық депрессия жағдайынан шығудың алғашқы белгілері біліне бастады. хх ғасырдың соңында жапон экономикасы күрделі стагнация кезеңін бастан кешіруін жалғастыра берді. Азия-Тынық Мұхит аймағында 1997 жылы орын алған экономикалық дағдарыс Жапонияға өзінің теріс әсерін тигізді. Ұлттық жиынтық өнімнің өсімі 1990 жылдардың екінші жартысында 1 % – дан аспады. Он жылға жуық созылған рецессиядан жапон экономикасы 2003 жылы шыға бастады. Бұл өз кезегінде жапон корпорацияларының стратегиялық шикізатқа оңай қол жеткізу мәселесінің өзектілігін артыра түсті. Жапония бұл мәселені өзінің ұлттық экономикасының тұрақты дамуының кепілі ретінде қарастырып отыр. Осыған байланысты соңғы уақытта Жапония каспий теңізі шельфінің мұнай көздерін игерудегі батыстық жобаларға қатысуда белсенділік танытып келеді. 2008 жылдың тамызындағы әлемдік қаржы дағдарысы жапон экономикасының жетекші салаларына қатты соққы берді. Атап айтқанда, автомобиль жасау саласындағы «Тойота», «Мицубиси» сияқты алыптар өндіріс көлемі мен жұмысшы-қызметкерлер санын қысқартуға мәжбүр болды. Сонымен қатар Жапонияның әлемдік нарыққа экспорттайтын басқа тауарларының көлемі азайды.
ХХ ғасырдың 60 жылдары мен ХХІ бас кезіндегі Жапонияның саяси өміріндегі өзгерістер. Қазіргі кездегі Жапонияның саяси жүйесі императорды мемлекет басшысы ретінде сақтайтын көп партиялы парламенттік демократия болып табылады. 38 жыл бойы 1993 жылға дейінгі сайлауларда ЛДП тұрақты жеңіске жетіп үкіметтік кабинетті басқарып келді. Бұл сайлаушылардың ел ішіндегі саяси тұрақтылыққа деген ықыласының зор болғандығын және осы мәселеде ЛДП-ға сенім артқандығының дәлелі болды. 1986 жылы ЛДП ел ішіндегі беделінің шырқау шегіне жетті және осы кезге дейін мәртебені Социалистік партиямен алма-кезек бөлісіп келеді. Бірақ, беделінің жоғары екендігіне қарамастан 1989 жылы ЛДП жоғары палатадағы көпшілік орнынан айрылды. Бұған себеп, коррупцияға қатысты ірі дау-дамай («Рикруто» фирмасының ісі министрлер кабинетінің ауысуына алып келді), жоғары саяси-партиялық топтағы мораль тазалығының төмендеуі, халыққа қосымша ауыртпалықтар алып келген тұтыну салығын енгізу болды. Жапон парламентінің төменгі палатасы (өкілдер палатасы) үшін болған 1993 жылғы сайлауларда ЛДП билікті қолдан шығарып алды. Елдегі билік Социалистік партияның қолына тиді. Жапонияның саяси өміріндегі осындай өзгерістер нәтижесінде ел ішінде мейлінше тұрақсыз күштер қалыптасты, ірі саяси партиялар ішінде жікшілдік пайда болды. Бұл партиялардағы бәсекелес топтардың көшбасшылары ел саясатының ұстанымды мәселелеріне қатысты ымыраға келе алмайтын позицияларды ұстанды.
Қазіргі кезде ЛдП билік басына қайта оралғанымен оның жағдайын мығым деп айтуға болмайды. 1998 жылдың шілдесіндегі парламенттің жоғарғы палатасындағы сайлауларда ЛдП тағы жеңіліске ұшырады. ЛдП жетекшісі Рютаро хасимото биліктен кететіндігін жариялап, жеңіліс үшін өзін кінәлімін деп есептеді. Осы оқиғадан кейін министрлер кабинетін кэйдзо Обути басқарды.
Өзіндік бақылау сұрақтары:
1. Жапониядағы «кері бағыт» саясатының үш мақсатын атап беріңіз.
2. хатояма үкіметіне АҚШ-тан біршама тәуелсіз дербес саясат жүргізуге мүмкіндік берген факторларды көрсетіңіз.
3. «Иліккен қалыпта жүргізілген саясат» (тэй-си-сэй) дегеннің мәні неде?
4. 1948 жылдың қарашасында АҚШ үкіметінің Жапониядағы жағдайды тұрақтандыру мақсатында қабылдаған жоспарының пункттерін атап беріңіз.
5. хх ғасырдың 60 жылдары жапон экономикасының жоғары қарқынмен дамуына әсер еткен факторлар.