Читать книгу Өнімділікті басқару - Сейсембай Жұмамбаев - Страница 2

КІРІСПЕ

Оглавление

Курс мақсаты – студенттерде өнімділікке негізделген басқару туралы білімдер мен тәжірибелік тәсілдер кешенін қалыптастыру, осыған байланысты олардың кәсіби қызметінде қажет әдістермен қаруландыру. Студенттер бұл курсты оқып біткеннен кейін келесілер қолынан келетін болады:

– өнімділікті басқару стратегиясы мен мақсаттарын қалыптастыру;

– өнімділікті жоғарылатуға бағытталған ұйымдастырушылық-технологиялық шешімдерді қабылдау;

– өнімділіктің өзгеруінің экономикалық аспектілерін талдау;

– өнімділікті жоғарылатуды басқарудың заманауи жүйелерін жобалау.

Студенттер бәсекелестік жағдайда тиімді басқару шешімдерін қабылдау үшін:

– бәсекелестік кеңістігінде фирма дамуы;

– өнімділік бойынша бәсекелестер позициясын бағалау;

– менеджменттегі өнімділік рөлі;

– ұйымның өнімділігін жоғарылату факторлары мен технологиясы;

– өнімділік өсу аясы мен резервтері және оларды іске қосу туралы білім алады.

Оқу құралы қазақстандық тәжірибеде өнімділікті басқарудағы ерекшеліктерге көңіл бөледі. Осы уақытқа дейін елде бәсекелестік орта әлі тиісті деңгейде орнамаған. Ал бәсекелестік еңбек өнімділігін жоғарылатуға, демек, қоғам қажеттіліктерін қанағаттандыру бағдарламасын орындауға мотивация жасайды. Қазақстанның әлемдегі жоғары дамыған отыз мемлекеттің қатарына кіруі оның экономикалық әлеуетіне және экономикалық даму деңгейіне тәуелді. Халықаралық статистикада ЖІӨ көрсеткіші және оның туындылары қолданылады. 2012 жылы Қазақстанның жалпы ішкі өнімі (ЖІӨ) 200 млрд. доллардан асып, осы көрсеткіш бойынша әлемде алдыңғы елу елдің қатарына қосылды.

Басқа елдермен салыстырғанда, бірнеше сұрақтар туады: неліктен халық саны бірдей немесе көп жағдайда Қазақстанда ЖІӨ аз өндіріледі? Елдердің осы орындарын не белгілейді?

ЖІӨ-ді елдегі халық санына шақсақ Қазақстан 58 орында, өнеркәсіп өнімін бір адамға шаққандағы және еңбек өнімділігі көрсеткіші бойынша дамыған елдерден біраз артта қалғаны байқалады. Ал кейбір елдер, бай ресурстарға ие болмаса да, жоғары рейтингті елдер тобына жатады. Не себептен? Жауап – еңбек өнімділігі арқасында.

Қазақстан біраз критерийлер бойынша кейінде қалғанмен, табиғи ресурстар, білімі деңгейі жағынан едәуір әлеуетке ие елдер қатарына жатқызуға болады.

Бәсекелестік қысымымен, нарық талаптарының өзгеруіне қарай фирмалар өзінің дамуында тиімділік, сапа, икемдік кезеңдерінен өтті. ХХ ғасырдың 60-жылына дейін ұйымның дамуы еңбекті ұтымды бөлу, механизациялау және өндіру көлемін ұлғайту арқасында өнімділік өсуімен сипатталынды. Ол сатушылар нарығы еді.

Өндіріс өсімі жеделдеген сайын компаниялар әлемде ірі және жаңа нарық іздестіріп, халықаралық сауданы өркендетті, елдердің экономикалық қауымдастықтары құрыла бастады. Бұл баға бойынша бәсекелестікті күшейтті, нәтижесінде бүтін салалар төменгі жалақысы бар елдерге ауыса бастады. Тұтынушылар әр елде шыққан тауарларды бағасына қарап таңдайтын болды. Сонымен тиімділікке деген көзқарас түбегейлі өзгерді. Тұтынушылар ағынының өсуі нарықтың жаңа талаптарын қалыптастыра бастайды, енді тауардың сапасына тұтынушылар үлкен сынмен қарайтын болды. Дәл сол кезде жапондық өндіріс бірінші болып өнім сапасына стратегиялық акцент жасады. Оған итерген тек тұтынушының жоғары сапалы тауарды сатып алу мүмкіншілігінде ғана емес, сапасыз тауардың, қорытындап келгенде, қымбатқа түсетінін саналы түрде білу болды: сапаны жақсарту тиімділікті жоғарылатудың жолы екені танылды. Компаниялар енді баға мен сапа саласында бәсекелесуге мәжбүр болды. Сапа фирманың өнімділігін күшейтті, өйткені сапасыз өнім тікелей шығынға ұшыратып, фирманы жаман атаққа ие болдыртты.

ХХ ғасырдың 70-жылдарының аяғында бәсекелестік күрес бағыты тағы да өзгерді, нарық «өндіруші нарығынан» «тұтынушы нарығына» айналады. Іштей ол уақыт факторының қысымына түседі: жаңа тауарлар нарыққа қысқа мерзімде шығарылуы керек, ол үшін ғылыми-өндірістік циклының әр кезеңін қысқартуға әрекет жасау керек. Сонымен қазіргі жағдайда бәсекелестік бір уақытта баға, сапа мен өнім ассортименті бойынша болуда, тауар басқа тауарлардан өзгеше және тұтынушының жеке талғамын ескеруі керек. Тиісті ішкі сипаттары «инновациялық қабілеттері» деп аталынады. Уақыт қысымымен жаңару қабілеті нарықтың тиімділік, сапа және икемділік бойынша талаптарының кеңеуі болып келеді, ал барлығы бірігіп ұйымдағы бизнес-үдерістердің өнімділігін өсіреді.

Өнімділікті басқару

Подняться наверх