Читать книгу Өнімділікті басқару - Сейсембай Жұмамбаев - Страница 3

1. ӨНІМДІЛІКТІ БАСҚАРУДЫҢ ТЕОРИЯЛЫҚ НЕГІЗДЕРІ
1.1. Тиімділікті белгілейтін факторлардың болмысына көзқарастардың дамуы

Оглавление

Тиімді өндірісті ұйымдастыру, жоғары еңбек өнімділігіне жету, ресурстарды ұтымды пайдалану, уақытты үнемдеу туралы ойлар ғылыми басқару мектебімен байланысты. Оның өкілдері – Ф.У. Тейлор, Ф. және Л. Гилбрет, Г.Гантт – бақылау, өлшеу, логика мен анализді қолданып қол жұмысының көптеген операцияларын жетілдіріп, сөйтіп тиімді басқаруға жетуге болады деп ұйғарған. Ф.У. Тейлор өзінің атақты еңбегінде «басқарудың басты міндеті» кәсіпорнында жұмыс істейтін әр қызметкердің максимал әл ауқаттылығын қоса отырып кәсіпкер үшін максимал пайда қамтамасыз ету деп айтқан. Мұндай әсерге адамдар мен машиналардың ең жоғарғы мүмкін өнімділіктерінің нәтижесінде қол жетеді. Тейлор ұсынған өндірісте еңбек пен қатынастарды ұтымды жасау шын мәнінде ғылыми бетбұрыс, ұйымдастыру мен басқаруды түпкілікті өзгертуге мүмкіндік берді, өндіріс тиімділігін елеулі көтерді.

Осы уақытқа дейін Тейлор ойлары мен әдістері көптеген кәсіпорындарында қолданады. Тейлор ойларының басқару ғылымы мен өндірісті ұтымды ұйымдастыру үшін өзінің маңыздылығын жоғалтпағанын көптеген заманауи ғалымдар айтады. Мысалы, П.Друкер былай деп жазады: «басқару ғылымдары, операциялық зерттеулер, жүйелерді талдау және, сөзсіз, адами қатынастар – осының барлығы Тейлор мұрағатының бөліктері… Тейлор – ол шың құз, сонда біздің пәнімізді құрып жатырмыз».

Баршаға мәлім, техникалық прогресс және машиналық өндіріс, бұрын да бейберекет, қолөнерлік әдістермен басқарылған бүкіл өндірістік үдерісті стандарттау мен унификациялауды талап еткені. Өндіріс тиімділігін одан әрі арттыру оны жан жақты ұтымды ұйымдастырусыз, уақыт пен ресурстарды үнемдеусіз мүмкін емес болды. Теорияны құру керектігін өзінің практикалық қызметінің нәтижесінде сезіну – менеджмент классиктеріне тән болған. Осыған байланысты Гаррингтон Эмерсонның өнімділікке көзқарасынан байқауға болады. Ол алты жыл бойы (1885-1891 жж.) темір жолдары үшін экономикалық және инженерлік зерттеулер жүргізіп, соның нәтижесінде өз концепциясының шешуші түсүнігіне – «тиімділікке» – келеді. Бұл терминді жиынтық шығындар мен экономикалық нәтиже арасының оптималды арақатысы деп түсінген.

1900 ж. «Өнімділік басқару және еңбек ақы төлеудің негізі ретінде», ал 1912 ж. – оның басты еңбегі – «Өнімділікің он екі ұстанымы» – жарық көреді.

Эмерсон айтуынша, егерде өнімділік ұстанымдары қолданбаса, онда жоғары өнімділік мүмкін емес, дәл солай ол мүмкін емес, егерде олар тек теория жүзінде мойындап, бірақ іс жүзінде қолданбаса.

Шын мәнінде, Эмерсон өзінің талдау жұмыстарымен 1980 жылдары дамыған елдерде – АҚШ пен Жапонияда – өндірісті басқарудағы тенденцияларының пайда болуын болжап шыққан болып отыр.

Өнімділік мәселелеріне америкалық менеджерлердің көзқарасындағы негізгі тенденциялары өте қарапайым болып келетін: тезірек істейтін құрастырушы автоматты орнату, еңбектің мамандырылуғын көтеретін жолын табу немесе еңбекті оңайлату, сонда өнімділік жоғары көтеріледі. Осы қарапайым молельді былайша түсіндіруге болар еді: өнімділікті көтеру үшін әр маңызды ресурстардың шығынын төмендету жолдарын табу арқасында өнім шығуын сақтап қалу немесе өсіру керек. Бұл концепция, жоғары жалақы өнімді еңбекке жұмылдырады деген концепциясы сияқты, ұзақ тарихпен нығайтылады. Тарихи тұрғыдан өнімділік сипаты мен мазмұнының өзгерулері мамандандыру эволюциясымен тығыз байланысты.

Келесі, екінші маңызды фактор – жылжымалы конвейерлік құрастыру линиялары – ұйымдастырушылық тиімділікке күшті әсер етті.

Осы аталған факторлардың әсерінен америкалық өнеркәсіп саласында ұзақ мерзім бойы өнімділік өсуі тұрақты болды. 1945 жылдан кейін жиырма жыл бойы еңбек өнімділігі жылда 3 % өсіп тұрды, яғни Англия, Жапония, Германиямен салыстырғанда 0,6-0,8 % артық болды.

Алайда 1973-1981 жылдары ішінде өнімділік өсуі АҚШ-та жыл сайын 0,4 %-ға төмендеп тұрды. 1979 жылы өнімділік төмендеуі 2 % болды. Еңбек өнімділігі өсу қарқыны бойынша АҚШ (1979 ж.) көптеген сауда серіктестерінен және бәсекелестерінен артта қалды; ал Жапонияда өнімділік өсуі орта дүниежүзілік деңгейден елеулі жоғары болды. Бұл жағдай зерттеушілердің назарынан тыс қалмады, оның себебін іздей бастады.

Мұқият және терең зерттеулер Жапонияның өімділік саласындағы жетекші рөльде болу себебін – озат басқару, көптеген жетілдіру әдістері америкалық мамандардың, оның ішінде Ф.Тейлор, Г.Эмерсонның, классикалық еңбектерін өздеріне тән ерекшеліктерге бейімдегенінде деп тапты. Осыған байланысты келесі анықталды: жапондық өнеркәсіп саласы америкалықтар алдында бір өте маңызды артықшылыққа ие болған – жапондық басшылар өнімділікті басқару мәселелеріне едәуір кең көзқарас танытқан. Америкалық әріптестеріне қарағанда өндіріс көлемі мен пайданың төмендеу мәселелерін шешуде тез жолдарын іздемеді. Олардың жақсы түсінгені, тек өндіріс көлемін көбейту өнімділікті көтеруді қамтамасыз ете алмайды, ол үшін сапа өте маңызды болып келеді.

Сөйтіп, ғылыми-техникалық прогрестің қазіргі кезеңінде жоғары тиімді жұмыстың үлгісі ретінде америкалық ірі автозауыттары емес (олардың жоғарғы өнімділігі конвейерді тиімді қолданумен қамтамасыз етілген), жапондық фирмалар болып келеді. Олардың тәжірибесі адам ресурстарын «жұмсақ» басқарудың үдеуші маңыздылығын көрсетті. Басқару стилі мен ұжымдағы адамдардың өзара әрекеттесу сипаты кадрлармен жұмыс істеудің маңызды компоненттері екені анықталды. Жапондық тәжірибе шағын ұйымдардың, ең алдымен, оперативті жұмыс топтарының, өнімділікті арттыруда және өндірісті ұтымды ұйымдастырудағы елеулі ролін көрсетті. Мұның барлығы өнеркәсіптің бет бұрыс заманынан экономикалық әдебиетте басым болған идеясымен – атқарушы және ұйымдастырушылық функцияларын бөлумен – онша үйлеспеді. Біліктіліктен айырылу және еңбек үдерісін бөлгіштей беру доктриналары «репрофессионализм» концепциясымен ауыстырылды, оған сай өндірістің тиімділігін көтеруде қызметкерлердің еңбек сапасына басты роль бөлінді.

XIX ғасырдың аяғында, еңбек өнімділігін жұмысшы күші жасайтын қимылдарды аналитикалық жіктеп, ұтымды құру арқылы елеулі көтеруге болатыны, нақты тәжірибе жүзінде дәлелденеді. Нәтижесінде, жұмыс күшілерінің көбін өндірістік шешімдерді қабылдаудан аулақтату тенденциясы күшейеді, әсіресе конвейермен еңбекті ұйымдастыруда тейлористік әдістерді қолданған зауыттарда кең жайылып, жұмысшыларға механикалық қуыршақ ролін бөліп берілген. Осы дәуірде кең тараған еңбекті ғылыми негізде ұымдастыру жүйелері жұмысшының қызметін бір гомогенді тұтас ретінде қарастыратын, оны бір бірін толықтыратын және салыстырмалы салмағы бойынша оңай құрама бөліктерге бөлуге болады деп есептеген.

Мұндай көзқарас XX ғасырдың ортасында басталған автоматтандыру жағдайында анахронизм, ескіліктің қалдығы болып саналды, өйткені автоматтандыру атқаратын еңбектің болмысын елеулі өзгертті:

– жұмыскер, еңбек заты мен еңбек құралы арасындағы аралық өсті. Еңбек үдерісінің аясында ақпараттың мәнін түсіну қызметі орын тепті;

– еңбек интенсивдігі мен еңбек өнімділігі арасындағы байланыс жоғалады. Бірінші кезектегі міндет – автоматтанылған агрегаттардың үзбей қызмет істеуін қамтамасыз ету болады. Осыған сәйкес төменгі сатыдағы персоналдың қызметінде жабдықтың ақаулықтарын тез түзеу және оған қызмет көрсету күшейеді. Сонымен, тікелей өндіргіштердің еңбегінің мазмұны түп негізінен өзгереді.

1950 жылдары Д.Брайт (АҚШ) және Ж.Фридман (Франция) сияқты авторлар ғылыми-техникалық прогресс дамыған сайын жұмыс операцияларында адам үлесі үдемелі азая бастайды деп дәлелдеген, өйткені ол интеллект жасау және жобалау саласында шоғырланады, ал өндірістік еңбек барған сайын ұсақ және қарапайым операцияларға бөлінеді. Машинаға толық ауысу еңбекті барлық интеллектуалдық қасиеттен айырады және жеке адамдың семуіне алып келеді.

Біркелкі және жауапкерсіз қалған еңбекпен күрес 1960 жылдың аяғында -1970 жылдың басында ерекше қанат жайды, индустрияда жаппай қанағаттанусыздық күшейді. Ақау, абсентеизм, тұрақсыздық орасан зор шығындарға алып келді.

Зорлап міндеттеген еңбек ырғағын жеңу келесі бағыттар бойынша табандылықпен және ойдағыдай жүрді: конвейерден аластау, икемді графиктерді енгізу, «міндеттерді кеңейту» тәжірибесі және өз мойнына үлкен ұйымдастырушылық жауапкершілікті алған автономды және жартылай автономды бригадаларды құру. Бұл жаңалықтар ішкіфирмалық тиімділік саясатында формалды емес факторлардың ролін арта түсуіне көмектесті. Сонымен қатар, олар өндіріс үдерісінің ішкі мазмұнын және техникалық жағын онша қозғамады, осы себепті өндірістің әлеуметтік жағын модернизациялау әрекетін «адамгершілікті тейлоризм» деп атауға сылтау болды.

1980 жылдары ЭЕМ арзандалып және өте кішкентай болуы, техникалық бақылау құралдарының жетілуі және басқа ҒТП жетістіктері озық салаларда өндірістік үдерісті ұйымдастыру келешегі туралы түсінікті біржолата өзгертті. Жаңа өндірістік нақтылықты «IBM» фирмасының басты жарнама ұраны айқын көрсетті: «Машина жұмыс істейді, адам ойлайды». Осы мерзімге өндірістің жаңа моделі туады: «биік технологияны» табысты игеру және пайдалану өнімділікті көтерудің елеулі факторы болып келеді, сол себепті кәсіби білім рөлі өсе түседі.

Бір мезгілде біліктіліктен айырылу доктринасы да қайтадан қарастырылды. Теориялық және тарихи талдау өндірістегі еңбек үдерісін қарапайымдату – ол тәжірибені зерттей жүріп табылған өнімділікті арттыру жолы ғана емес. Сонымен қатар ол еңбек үдерісін модельдеуге келтіретін, барлық операцияларды бір мақсатқа – пайданы максимал жасауға – бағындыратын процедура болып келеді. Бұл ой XIX-XX ғасырдың басындағы шаруашылық тәжірибемен нығайтылды.

Алайда 1970 жылдары ағынды линиямен жабдықталған өндірістер ҒТП келесі функционалдық өзгерістеріне төзе алмады: өндірістік бағдарламасының жиі өзгеріп тұруы, әртараптандыруды кеңейту және күрделі көпфункционалды жабдықтардың жұмысын бақылау қажеттігіне байланысты міндеттердің «материалды болмауы». Мұның барлығы зерттеушілерге, заманауи өндірістің жоғары тиімді формалары фордизмде емес, деп қорытынды жасауға негіз береді.

Барлық өндірістік ресурстардың пайдаланудың балама модельдерін жасауда Жапония көш басына шықты. Жапон индустриясының «тер төгу» әдістерін қолдануда артта қалуы артықшылық болып келді: ішкіөндірістік саясатының басына өндірістік факторларының «жаһандық тиімділігін» арттыру қойылды, оған жету кәсіпорынның өндірілетін өнімнің көлемі мен ассортиментін өзгертумен, бұйым сапасын жақсартумен, өнімді тұтынушыларға уақытында жеткізу мерзімімен, жабдықты пайдалану және запастарды сақтау шығындарын минималды жасаумен байланысты болды.

Өндірістік үдерістің ең құнды қасиеттері «ғылымисыйымдылықты» өндіріс құралдарының жаңа буынын игеру қабілеті, ал маман үшін – әртүрлі техникалық және экономикалық параметрлерді салмақтап болжамаған жағдайда дұрыс шешімді таба білу қабілеті болып келеді.

Осыған байланысты зерттеушілер заманауи өнімділікті басқару спектрінде екі ірі тенденцияны ажыратады: адами капитал теориясы және өнімділікті арттыру – өзгерістер үдерісі деп тану. Сондықтан, өнімділікті арттыру үшін өзгерістерді басқару қажет, яғни өзгерістерге ынталандыру және оларды тудыру керек.

Осы екі тенденция бірін бірі өзара толтырады және өзара қамтамасыз етеді. Бірінші болып «адами капиталы» туралы белгілі чикаголық экономист Теодор Шульц айтты. Жұмыс күшінің сапасын ол білім беруге қосымша қаражат жұмсаудың табиғи нәтижесі, техникалық прогресс – өндіріс құралдарды жетілдіру және өнімділігін көтеру бағыттарында жұмсалған қаражаттың нәтижесі деп есептеген.

Адамның білімінен, шеберлігінен және қабілетінен тәуелді қосымша табыс көзін «адами капитал» деп белгілеп, оның формасын, құрылымын және басқа өндіріс факторларына, бірінші кезекте, өнімділіктің өсуіне, әсерін зерттеуге кірісті. Осыған байланысты тағы бір чикаголық экономист Гари Беккер «адамға бағытталған инвестицияға» тек жалпы және кәсіби білім беруге кеткен шығындарды ғана емес, сонымен қатар денсаулық сақтауға, ақпаратты іздеуге, жұмысты ауыстыруға және сол сияқты, жұмыс күшінің өнімділігін арттыруға бағытталған шығындарды жатқызды.

Көптеген зерттеулер білімге жұмсалған қаражаттар тиімділігі оқу мерзімі ұзарған сайын өсетінін көрсетті, бөлінген қаржының рентабельдігі физикалық капиталға жұмсалған қаржының пайдалығынан артық болып келетінін дәлелдеді. Осы қорытындылар дамыған елдерде ағарту және кадрларды даярлау аясын теңдесі жоқ дамытуға теориялық негіз болды.

Қабылданатын техникалық-экономикалық шешімдер көбінесе бірегей болып келетін биік технология пайдалану саласында, жаңа сапалы жұмыс күшіне қажеттік ерекше сезініледі. Жоғары мобильді және көпфункционалды жабдықтарды пайдалану арқасында техникалық жаңарту мен өнімділіктің артуы персоналдың белсендігі өсуімен, құзыреттілігімен және олардың формальды емес өндіріс үдерісіне қатыстырумен тығыз байланысты болады.

Сөйтіп, техникалық прогресс, адами капиталына бағытталған арнайы инвестициялармен сүйемелденіп отырса, тиісті өнімділікті өсуге апарады. Жоғары тиімді технологиялар жасап және біруақытта жабдықты тұрақты модернизациялауға және оған қызмет көрсету әдістерін жетілдіруге кадрларды қызықтырған кәсіпорындар, өзін-өзі жаңадан өндіретін циклға тартып, жаңа күрделі бұйымдарды жасауда бәсекелестерінен едәуір алда болады.

Сонымен бірге мынаны ескерген жөн, өте ірі кәсіпорындардың өзі нарықтың тек шектелген сегментін игере алуы мүмкін. Заманауи экономикада сұраныс сипаты соншалықты жылжымалы және саналуанды, техникалық прогрестің варианттары соншалықты баламалы, жаңа тауарлар жасауда бұрында болмаған мүмкіншіліктер ашылады. Бүгінде, масштабқа негізделген үнемдеу шешуші артықшылықтар бермейді. Соны бұйымдардың табысты өндіруін бастауға келесі шарттар жеткілікті: кадрлардың жалпы даярлығы қажетті деңгейде болуы, кәсіпорындардың несие көздеріне және дамыған инфрақұрылымына қосылуы және ұйымдастырушылардың сезімі.

Бұл жерде өнімділікті (тиімділікті) басқарудағы жүйелік көзқарас туралы айтуға болады, ол екі басты ұстанымға негізделеді: өнім шығуына бағдарлану (жүйенің түпкі ақырғы нәтижелеріне) және ұйымның жүйешелерін бір тұтас жасап біріктіру. Басқару тәжірибесіне осы екі ұстанымды енгізу менеджерлердің шығын мен өндіріс үдерісінен түпкі ақырғы нәтижелерге бағдарлануға ауысуына көмектеседі. Нәтижелерге бағдарланған менеджерлер ресурстарға жаңа құнды қосуды және ең жақсы түпкі ақырғы нәтижелерге жетуді ойлайды, өнімнің сапасын жақсартатын және көлемін ұлғайтатын ұйымдастырушылық өзгерістерге дайынырақ және икемділеу болып келеді. Олардың адамдармен қатысу және көтермелеу әдістері процедураға, нұсқауларға емес, нәтижелерге негізделеді. Олар бағынышты адамдардың жаңашылдығы мен бастамаларын қолдайды. Нәтижеге бағдарлану өнімділікті басқару жүйесін жасауда және оны қолдануда ең қолайлы стилі болып келеді.

Қазақстанның болашақта дамыған елдердің қатарына қосылу үшін экономиканың барлық салаларында және әр кәсіпорнында өндірісті өсіру қажет, бірақ қайсысы бірін емес, бәсекелес қабілеттілігі жоғары өндірісті. Бәсекелеске қабілеттің шешуші факторы ретінде өнімділік, тиімділік болып келеді. Жалпы мағынада өнімділік дегеніміз ол ресурстарды – еңбек, капитал, жер, материал, энергия, ақпарат, уақытты – нарық талабына, ең алдымен сапа мен адамдардың жаңа қажеттіліктеріне сай тиімді пайдалану. Басқа сөзбен айтқанда, өнімділік адамның біліктілігі мен мүдделері, технология, басқару, әлеуметтік және іскерлік орта өзара бірігіп, берілген жағдайда ресурстардың жоғары өнімділікті беретін нүктесі болып келеді. Оған жетуге макроэкономикалық факторлар мақызды роль атқарады, олар өнімділіктің өсуіне себепкер болуы немесе мемлекет деңгейінде оның өсуіне кедергі туғызуы мүмкін. Бұл факторлар қатарына мемлекет саясаты, экономикалық және әлеуметтік стратегия, халықаралық бәсекелестік, қоршаған табиғи орта, демографиялық және құрылымдық өзгерістер жатады.

Өнімділіктің өсуі барлық қолдағы ресурстардың түйісетін жері – кәсіпорында болу мүмкіндігінен фирмалардың қызметіне микроэкономикалық талдау жасау қажеттілігі туады. Бұл жерде өнімділікке байланысты бір қателікті жібермеу керек. Біріншіден, өнімділік – тек еңбек тиімділігі немесе еңбек өнімділігі ғана емес, ол өндірістің барлық ресурстарын интегралды пайдалануын сипаттайтын кешенді көрсеткіш. Екіншіден, өнімділікті тек өнім шығуымен бағаламау керек, өйткені оны тиімділікті арттырмайақ оңай көтеруге болады. Бұл жерде түпкі нәтижелерге бағдарлану ерекше маңызды. Үшіншіден, өнімділік пен пайдалылық түсініктерін шатастырмау керек, өйткені шынайы өмірде өнімділік көрсеткіші төмендесе де пайдаға бағаны көтеру арқылы жетуге болады. Керісінше, өнімділіктің жоғары болуы жоғары пайда әкелмеуі мүмкін, шеберлікпен жасалған тауарлар міндетті түрде сұранысқа ие болмауы мүмкін. Жоғарыда айтылғаннан өнімділіктің мәнін ашудың маңызды ерекшелігі білінеді: нарық және қоғам сұранысына ие жоғары сапалы өнімді мүмкіндігінше қысқа мерзім ішінде шығару қажеттігін танытады.

Сонымен, Қазақстанда бәсекелестік ортаны қалыптастыру өнімділікті мен сапаны жоғарылатуға, демек, қоғамның қажеттіліктерін – халықтың тұрмыстық және әлеуметтік деңгейін жақсартуға – ынталандырады. Әлемдік нарықта лайықты орын алу үшін отандық бизнесті бәсекелестің жаңа шарттарына бейімдеу қажет. Қазақстанның экономикалық қуаты мен оны пайдалану тиімділігі, халықтың тұрмыс деңгейі әлемнің экономикалық картасындағы орнын білдіреді. тұрмыс деңгейі әлемнің экономикалық картасындағы орнын білдіреді. 2012 жылы елде жалпы ішкі өнім (ЖІӨ) көлемі 200 млрд. АҚШ долларынан асып, бұл көрсеткіш бойынша Қазақстан алдыңғы елу мемлекет қатарына кіргенін, ЖІӨ бір адамға шаққанда 12 мың АҚШ долларынан асып, Қазақстан әлемде 58 орынға шыққанын жоғарыда көрсеткенбіз. Міне осы мысалдың өзінен Қазақстанның алдында тұрған біраз мәселелер бар екені көрінеді. Өйткені, ресурстарға бай емес, бірақ жоғары дамыған елдердің санатына олар қалай кірді деген сауал қойсақ, оның жауабының бірі – еңбек өнімділігі арқылы дер едік. Осыған байланысты мынаны айтуға болады: дамыған отыз елдің қатарына қосылу үшін жоғары өнімділік деңгейіне жетуді көздеуіміз керек. Егерде елдегі бар табиғи ресурстар, білікті жұмыс күші әлеуетін ескерсек, басқару мәселелерін, оның ішінде өнімділікті басқаруды, ойдағыдай шешсек, алдағы қойылған зор мақсаттарға жетуіміз сөзсіз қолдан келеді.

Кәсіпорында өнімділіктің өсуі ішкіфирмалық басқару тәжірибесімен, бизнес-үдерістердің тиімділігін жоғарылатуда әлеуметтік факторлардың маңыздылығымен байланысты. Өндіріс тиімділігінің жоғарылауы тек инвестициялық үдерістерді дұрыс басқарумен және технология деңгейімен шектелмейді, сонымен қатар бизнесті білікті кадрлармен қамтамасыз етуге, еңбекті ұйымдастыру және ынталандыру формаларын өзгертуге тәуелді болып келеді.

Өнімділікті басқару

Подняться наверх