Читать книгу Институционалды экономика - Ғалия Даулиева - Страница 1
КІРІСПЕ
ОглавлениеКейінгі жылдары посткеңестік экономика ғылымында институционалды теорияға, әсіресе оның неоинституционалды бағытына қызығушылық ұлғаюда. Бұл неоклассикалық теорияның бірқатар постулаттарының шектеулі сипатын жеңілдетумен және қазіргі экономикалық мәселелерді кешенді түрде, жан-жақты талдау ұмтылыстарымен байланысты.
Неоинституционализмнің іргелі алғышарттары: біріншіден, әлеуметтік институттардың маңызы бар; екіншіден, оларды экономикалық теорияның стандартты құралдарымен талдауға болады. Неоинституционализм адамның мінез-құлқын мотивтендіру мәселесін алғашқы қатарға қоя отыра, тікелей шешім қабылдау үрдісіне, оның шарттары мен алғышарттарына назар аударады. Осыған байланысты қоғамда қалыптасқан мінез-құлық нормалары және ережелері үлкен маңызға ие болады.
Институционалды экономика – экономикалық мінез-құлық ережелері, олардың қалыптасуы, өзгеруі, «қызмет етуі» және ережелерді орындаудың немесе ауытқудың ұтымдары мен шығындары туралы білім жүйесі. Институционалды экономиканың жетістігі оның жаңа көзқарасты қалыптастыруымен түсіндіріледі. Бұрын экономикалық теорияда қарастырылмаған, түсініксіз болып келген құбылыстарды, үрдістерді институционалды экономика зерттей бастайды.
Институционалды экономика мемлекетпен заңдастырылған институттарды, яғни оларды сақтауға мәжбүрлейтін институттарды зерттеумен шектелмейді. Ол, сондай-ақ адамдардың күнделікті іс-әрекетіне бағытталған және зерттеушілерге көріне бермейтін заңдастырылмаған ережелерге де назар аударады. Көптеген ережелер еш жерде жазылмаған болса да адамдар оларды басқалары да ұстануы үшін сақтайды. Көптеген келісімдер анық емес, тек қана болжаммен жасалған болса да шаруашылық айналым үрдісінде сақталып отырады. Екі тарап арасындағы келісімшарттың бұзылуы, егер заңдастырылмаған болса, адамдар өздерінің қолжетімді келісімшарттық амалдары арқылы бұл заң бұзушылықтың алдын алуға тырысады. Құқықтық жүйе адамдардың серіктестігіне септігін тигізеді немесе керісінше қиындатады, қоғамның әлеуметтік капиталының еселенуіне әкеледі немесе оны құлдыратады.
Жалпы алғанда, институционалды экономика адамдардың мемлекет тарапынан бақыланбаса да бұл тәртіпті неліктен ұстанатындығына жауап бере алады және бұл мүмкін болатын талаптарды көрсетеді.
Оқу құралының мақсаты – жаңа институционалды теорияның ағымдағы дамуы, негізгі зерттеу құралдары және ұстанымдарын қарастыру.
Бұл оқу құралы университеттің кітапхана қорында бар оқулықтарға қазақ тіліндегі қосымша оқу құралы ретінде ұсынылып отыр. Оқу құралында тараулар арасындағы, алдын ала оқылатын пәндермен логикалық сабақтастық сақталды, әсіресе студенттердің экономика қағидалары курсы бойынша меңгерген білімдері материалды жүйелеуде ескерілді.
Институционалды экономиканың өзіндік терминологиясы болғандықтан, негізгі ұғымдары арнайы сөздікте топтастырылды және әрбір тараудың соңында студенттердің материалды меңгеруін пысықтау мақсатында бақылау сұрақтары, тест тапсырмалары берілді.
Оқу құралы экономикалық мамандықтардың жоғары курс студенттеріне арналған.