Читать книгу Институционалды экономика - Ғалия Даулиева - Страница 2
1. ИНСТИТУЦИОНАЛДЫ ЭКОНОМИКАНЫҢ ӘДІСТЕМЕСІ
1.1. Институционалды экономикалық теорияның қалыптасуы және дамуы
ОглавлениеҚазіргі институционалды теория ХХ ғасырдың екінші жартысында нақты тарихи алғашарттар негізінде қалыптасты. Бұл мерзімде дамыған елдер экономикасына монополияның үлесі жоғарылады, еркін бәсекелестік азая түсті, дағдарыстар көбейді, созылмалы жұмыссыздық орын алды, мұның барлығы еркін бәсекеге негізделген классикалық теория қағидаларының нақты жағдайларға сәйкес еместігін көрсетті. Ең басты себеп ретінде неоклассикалық теорияның нақты экономикалық мәселелерді түсіндірудегі қолданылу ауқымының тарылуы қарастырылады.
ХІХ ғасырдың аяғы және ХХ ғасырдың бас кезінде экономика ғылымында басымдық танытқан неоклассикалық бағыт экономиканы өздігінен реттелетін жүйе ретінде анықтап, құн қалыптасу үрдісі нарықтағы ұсыныс пен сұраныс арқылы, яғни игіліктің шекті пайдалылығына негізделген тұтынушы талғамы арқылы түсіндірілді. Неоклассикалық бағыттың зерттеу әдістері қатарында статикалық талдау, математикалық әдіс кең қолданылып, олардың көмегімен нарықтық экономиканың тиімділігін дәлелдеуге әртүрлі жағдайда таңдау жүргізуші индивидтердің мінез-құлқын дәл суреттеуге тырысты. Таңдаудың пәні, таңдау жасаудағы сыртқы жағдайлар, тарихи кезең сияқты басқа да факторлар ескерілмеді. Демек, шектелген ресурстар жағдайында кез келген таңдау жүргізуді талдауда неоклассикалық талдамалық модель өзгеріссіз қолданылған.
Классикалық экономикалықтеорияның космополитизмі, оның кез келген жағдайлардағы әмбебаптылығыньщ күмәнділігі алғаш рет тарихи мектеп өкілдері Ф. Лист, Г. Шмоллер, Л. Брентано, К. Бюхер, В. Зомбарт, М. Вебердің еңбектерінде, ал кейіннен Дж. Кейнс көзқарастарында да байқалды. Сонымен қатар неоклассикалық модельдің қолданылу ауқымын тарылтатын бірқатар шектемелер неоклассикалық нарықтың негізгі шарттарынан, олардың қарама-қайшылықтарынан туындайды.
Біріншіден, неоклассикалық нарық моделінде таңдау жүргізуші индивидтердің толық ақпаратқа ие болуы қарастырылады. Нарық жағдайы туралы барлық қажетті ақпарат баға арқылы алынады және тепе-теңдік бағасы туралы ақпарат айырбасқа қатысушыларға өз мүдделеріне сай мәміле жасауға мүмкіндік беретіні болжамданады. Алайда ақпараттың толықтығы бағаның орталықтан қалыптасуы және локальды нарық жағдайында орындалады.
Екіншіден, мәмілеге қатысушылардың өзара барынша аз тәуелділігі, бір индивидтің таңдау туралы шешімі басқалардың шешімдеріне тәуелсіз және оларға әсер етпеуі тұжырымдалады. Шешім қабылдаудағы барынша аз тәуелділік жетілген бәсеке нарығында мүмкін. Жетілген бәсеке жағдайында экономикалық таңдаудың нысаны ретінде ресурстардың ерекшелілік дәрежесі төмендейді және монополиялық бәсекеге ауысу тенденциясы орын алады. Сондықтан нарықтың құрылымы неоклассикалық модельдің қолданылу шегін анықтайтын келесі факторды құрайды.
Үшіншіден, таңдау жүргізуші индивидтердің экономикалық адам идеалына сәйкестігі неоклассикалық модельдің келесі қолданылу алғышартын құрайды. Сонымен, неоклассикалық нарықтағы идеалды қатысушының сипатты белгілері қандай?
– оның мінез-құлқы мақсатқа бағытталған рационалды;
– оның мінез-құлқы утилитарлы, яғни іс-әрекеті пайдалылықты барынша арттыруға бағытталады; утилитаризмнің қарапайым және күрделі формалары ажыратылады: бірінші жағдайда индивид тек пайдалылықты барынша арттыруға ұмтылса, екінші жағдайда алынған пайдалылық көлемін жеке іс-әрекетімен байланыстырады;
– экономикалық адам мәміленің басқа қатысушыларына эмпатия сезімінде, басқаша айтқанда, өзін басқалардың орнына қоя білуі қажет; эмоционалды сипаттағы симпатиядан эмпатияның айырмашылығы оның бейтараптылығында;
– мәмілеге қатысушылар арасында сенім болуы қажет; сенімнің болуы контрагенттің мінез-құлқын болжау, рынок жағдайы туралы күтімдерді қалыптастыру алғышарттарын білдіреді;
– мәмілеге қатысушылар интерпретативті рационалдылыққа қабілетті болуы қажет; интерпретативті рационалдылық бір жағынан, басқалардың іс-әрекет мақсаты мен жоспарын дұрыс түсіне білуді, екінші жағынан, өз мақсаты мен іс-әрекетін басқалардың дұрыс түсінуін жеңілдетуді білдіреді.
Интерпретативті рационалдылықтың алғышарты ретінде фокальды нүктелер, яғни барлық индивидтер кездейсоқ таңдайтын мінез-құлықтың жалпыға танымал нұсқалары, келісімдер қарастырылады.
Неоклассикалық модельдің қарастырылған шарттары бір бірімен қарама-қайшылықта. Демек, нарықты ұйымдастыру, нарықтағы индивидтердің мінез-құлқы сияқты факторларға қызығушылық неоклассикалық теорияны шектеумен қатар, нарық моделін құруда жаңа теориялық негіздемелерді қажет етеді.
ХХ ғасырдың бірінші онжылдығында экономикалық дамудың жаңа жағдайлары институционализмде көрініс тапты. Бұл бағыт АҚШ-та пайда болып, дамыды, оның негізін қалаушылар ретінде «ескі» институционализмнің өкілдері Т. Веблен, У. Митчелл және Д. Коммонс белгілі. ХХ ғасырдың 70-80 жылдары институционалды теория оның «жаңа» тармағы неоинституционализм концепциялары шеңберінде дамытылды.
Институционализмге бірегей сипаттама беру қиын, өйткені бұл бағыттың өкілдерінің көзқарастары бір-бірінен өте ерекшеленеді. Дегенмен әдістемесі бойынша жалпы белгілер байқалады. Біріншіден, институционалистер ортодоксалды экономикалық теорияға қарсы шықты. Олардың пікірінше, неоклассикалық теория – сызбаға негізделген, нақтылыққа жанаспайтын, статикалық теория. Атап айтқанда, «экономикалық адам» концепциясы адамды материалды қажеттіліктермен ынталанған тіршілік иесі ретінде қарастырады, алайда адамның іс-әрекетіне психология, мәдениет, дін, салт-дәстүр, т.с.с. көптеген факторлар әсер етеді. Неоклассикалық теорияның басым бөлігі экономиканың тепе-теңдік жағдайына негізделген, бірақ шынайы өмірде эволюциялық үрдістердің әсерінен іс жүзінде экономикада тепе-теңдік жағдайға жету мүмкін емес.
Екіншіден, институционалистер экономиканы басқа қоғамдық ғылымдармен байланыстыруға тырысты: олардың ойынша, қоғамдық өмірде әртүрлі экономикалық емес факторлар мен құбылыстар шешуші. Сондықтан экономикалық талдауда әртүрлі «институциялар» (қоғамда қалыптасқан және қабылданған әртүрлі салт-дәстүр, әдет-ғұрып, мінез-құлық нормалары) және «институттарды» (заңдарда және әртүрлі ұйымдардың іс-әрекетінде бекітілген тәртіптер) ескеру қажет.
Үшіншіден, неоклассиктерге қарағанда, институционализм өкілдерінің зерттеулері анағұрлым іс-тәжірибелік сипатта болды. Олардың пікірінше, экономика ғылымы саясатқа белгілі бір ұсыныстарды беруі, өзгерістерді негіздеуі қажет.
Төртіншіден, институционалистер «экономикаға әлеуметтік бақылаудың» қажеттігін негіздеді.
Қазіргі институционалды теория өз дамуында ғылыми-әдістемелік тұрғыда екі іргелі бағыт – «ескі» институционализм және неоклассикадан бастау алады. Бұл теория екі бағытта дамыды: неоинституционалды теория және жаңа институционалды теория.
Қазіргі институционализмнің ескі институционализмнен бірқатар айырмашылықтары бар. Біріншіден, «ескі» институционализм өкілдері экономикалық мәселелерді басқа қоғамдық ғылымдардың әдістерін қолдана отыра зерттейді. Неоинституционалды теория, керісінше қоғамдық ғылым салаларындағы саяси, құқықтық және басқа да мәселелерді неоклассикалық экономикалық теорияның, әсіресе қазіргі микроэкономика және ойындар теориясының әдістерін қолдана отырып зерттейді. Бұл ғылымға «экономикалық империализм» атымен енген.
Екіншіден, «ескі» институционализм, негізінен, индуктивті әдісті қолданып, жеке жағдайлардан жалпы жағдайларды талдаған. Институттардың біртұтас теориясы қалыптасқан жоқ. Қазіргі институционализм дедуктивті әдісті қолдану арқылы институттарды біртұтас теория негізінде талдауға тырысады.
Үшіншіден, «ескі» институционализм радикалды экономикалық ағым ретінде индивидтердің мүддесін қорғауда ұжымдық ісәрекетке баса назар аударады. Холизм әдістемесі негізінде зерттеуді индивидтен емес, институттан бастайды. Басқаша айтқанда, институттардың сипаттамасынан индивидтердің сипаттамалары алынады. Ал институттардың мәні олардың макродеңгейдегі қатынастарды ұдайы өндірудегі қызметімен түсіндіріледі. Институционалды детерминизм қағидасы басым: институттар кездейсоқ дамудағы негізгі тежеуші, тұрақтандырушы фактор ретінде қарастырылады. Институттар бұрынғы үрдістердің нәтижесі болғандықтан бұрынғы жағдайларға бейімделген, сондықтан олар әлеуметтік, психологиялық инерцияның факиоры болып табылады. Демек, институттар кейінгі дамудың «шектерін» құрайды.
Неоинституционализм әдістемелік индивидуализмді қолданады. Яғни зерттеудің орталық мәселесі – өз еркімен өз мүддесіне сәйкес шешім қабылдайтын тәуелсіз индивид. Институттарды өз іс-әрекеттерін үйлестіруде қолданатын индивидтердің мүддесі мен мәнез-құлқы арқылы институттардың мәні түсіндіріледі. Ешқандай ұйым (фирма немесе мемлекет) өз мүшелерінен бөлек, дербес өмір сүре алмайды. Сондықтан олардың сипаттамасы дербес агенттердің мақсатты бағытталған мінез-құлқы тұрғысында талданады.
Әдістемелік индивидуализм қағидасы одан әрі институттардың кездейсоқ эволюциясы концепциясында дамытылды. Бұл концепцияға сәйкес, институттар адамдардың іс-әрекеті нәтижесінде, бірақ олардың тілектері арқылы емес, керісінше, кездейсоқ түрде пайда болады. Кеңістіктік және уақыттық белгісіздік жағдайында экономикалық агенттердің субъективті күтімдері мен объективті нақтылықтың сәйкестілігі қандай механизм негізінде қамтамасыз етіледі? Осы ретте Ф. Хайектің кездейсоқ тәртіп теориясы талдауды дамытады. Хайектің талдауы нормалар, мінез-құлық типтері, дәстүр, діл сияқты тағы да басқалардың жиынтығы ретінде анықталатын «шынайы мінезқұлық ережесі» қағидасына негізделеді. Шынайы мінез-құлық ережелері байқаулар және қателіктер жолымен әлеуметтік-экономикалық даму барысында іріктелінеді; индивидтер жоспарына неғұрлым сәйкестігін қамтамасыз ету мақсатында олардың сыртқы орта өзгерістеріне бейімділігі жоғары. Бұл ережелер белгілі бір жағдайларда үнемі қайталана отыра, кездейсоқ тәртіптің көрінісі болып табылады.
Қазіргі уақытқа дейін «ескі» және неоинституционалды теориялардың дуализмі байқалады. Екі бағыт та неоклассикалық теория негізінде немесе оның әсерінде пайда болған. Егер институционалды ағымның бірінші бағыты (неоинституционалды экономика) неоклассикалық парадигманы зерттеудің барынша жаңа салаларын тарту арқылы кеңейтіп, тереңдетсе, екінші бағыт (жаңа институционалды экономика) «ескі» институционализмге көбірек жүгіне отыра, неоклассиканы жоққа шығарып, институционалды экономиканы қалыптастырды.
Институционалды экономика маржиналды және тепе-теңдік талдау әдістерінен бас тартып, эволюциялық-әлеуметтану әдістерін кең қолданады. Экономиканы үнемі сыртқы ортаның әсерінде болатын эволюциялық ашық жүйе ретінде талдайды.