Читать книгу Институционалды экономика - Ғалия Даулиева - Страница 3
1. ИНСТИТУЦИОНАЛДЫ ЭКОНОМИКАНЫҢ ӘДІСТЕМЕСІ
1.2. «Ескі» және «жаңа» институционализмнің әдістемелік ерекшеліктері
ОглавлениеСонымен, «ескі» институционализм экономикалық ағым ретінде ХІХ-ХХ ғасырлар кезеңінде пайда болды. Ол Даниэль Фридрих Лист, Густав Фон Шмоллер, Луйо Брентано, Карл Бюхер ірі өкілдері болып табылатын экономикалық теорияның тарихи бағыттарымен тығыз байланысты болды.
Институционализмнің дамуынан бері қарай оған әлеуметтік қадағалау мен қоғамның араласу идеясы тән еді, яғни басты назарда экономикалық үрдістегі мемлекет болды. Бұл қоғамдық байлыққа экономиканы қатаң мемлекеттік реттеу арқылы жетуге болады деген пікірді ұстануымен қатар экономикадағы тұрақты байланыстар мен заңнамалардың барын жоққа шығарған тарихи мектеп өкілдерінің ізбасарлары болып табылады.
«Ескі» институционализмнің көрнекті өкілдеріне Торстейн Веблен, Джон Коммонс, Уэсли Митчелл, Джон Кеннет Гэлбрейт жатады. Бұл аталған экономистердің еңбектеріндегі маңызды мәселелерге қарамастан, олар ортақ зерттеу жұмысын жаза алмады. Рональд Гарри Коуз атап өткендей, америкалық институционалистердің еңбектері ешқандай нәтиже бермеді, өйткені ол жерде материал көлемін сипаттайтын нақты теория болмады.
Ескі институционализм «қатаң неоклассика ядросын» құрайтын ережелерді сынға алды. Оның ішінде, Т. Веблен экономикалық агенттердің мінез-құлқын түсіндіретін негізгі максимизациялау қағидасы мен ұтымдылық концепциясын жоққа шығарды. Талдау объектісі болып институттармен тапсырылатын мүмкіндіктері шектелген ортадағы адамдардың арақатынасы емес институттардың өздері табылады.
Сондай-ақ ескі институционалистердің еңбектері экономикалық мәселелерге ұсынылған статистикалық, құқықтық, әлеуметтік зерттеулердің жалғасы бола отырып, маңызды аралық тәртіптілікпен ерекшеленеді.
Веблен неоклассикалық теория статикалық талдау, тепе-теңдіктің гипотетикалық сызбасы төңірегінде ғана тұйықталған теория екендігін көрсетті. Неоклассиктер адамды көбіне қолда бар ресурстарды пайдаланудан алынатын жалпы тиімділікті барынша арттыру мақсатында қандай да болмасын игіліктің пайдалылылығын тез арада анықтаушы идеалды есептегіш құрылғы ретінде көрсетеді. Бірақ, Веблен бойынша, адамдардың экономикалық мінез-құлқы анағұрлым күрделі, әдетте иррационалды сипатта. Адамның мінез-құлқына көбінесе, мысалы, демонстративті престижді тұтыну, қызғанышты салыстыру түрткілері, біреуге ұқсау инстинкті, әлеуметтік статус заңы және басқа да туа біткен әрі жүре қалыптасқан бейімділіктер әсер етеді. Ғалым статикалық әдіске әлеуметтік-экономикалық құбылыстарды олардың дамуы үстінде қарастыратын эволюциялық ұстанымды қарсы қояды. Ол шынайы нақтылыққа, нақты деректерге баса назар аударды.
Веблен бірқатар экономикалық құбылыстарды қоғамдық психологиядан шығарады; ол адамды туа біткен инстинктермен басқарылатын биоәлеуметтік тіршілік иесі ретінде қарастырады. Туа біткен инстинктерге Т. Веблен өзін-өзі және өз отбасын сақтау («ата-аналық сезім») инстинктін, шеберлік инстинктін («тиімді іс-әрекеттерге бейімділік немесе жақындық»), сондай-ақ жарысуға, ұқсауға, танымпаздыққа бейімділіктерді жатқызады.
Веблен өз еңбектерінде капитализм мен монополияның дамуы «жатып ішер таптың» қалыптасуына қалай әсер ететінін көрсетеді. Оның пікірінше, жатып ішер тап – ол қаржылық олигархия, табысының көзі нақты сектор емес, қаржы секторында айналысқа түсетін бағалы қағаздар. Жатып ішер таптың сыртқы айрықша белгісі еріншектік және байлықты көрсетуге бағытталған тұтыну («демонстративті ысырапшылдық») болып табылады. Бұл таптың үстемдігі салтанатты өмір сүру салтының, ысырапшылдықтың, паразитизмнің кең таралуына әкеледі; экономикада несие шамадан артық рөл атқара бастайды; қаржы капиталының мүдделері өндіргіш таптың мүдделерімен қарама-қайшылыққа келе бастайды.
Веблен дихотомия (қарама-қарсылық) туралы ілімді, яғни капиталистік қоғамда орын алған индустрия мен бизнестің арасындағы қарама-қайшылық туралы ілімді негіздеді. Веблен индустрияны машиналық техникаға негізделген материалды өндіріс саласы ретінде, ал бизнес ретінде айналыс саласын (биржалық спекуляциялар, сауда, несие және т.б.) түсінді. Веблен концепциясы бойынша, индустрия тек қызмет етуші кәсіпкерлерді ғана емес, сонымен қатар инженер-техникалық персоналды, менеджерлерді, қарапайым жұмысшыларды қамтиды. Бұл топтардың барлығы өндірісті жетілдіруге мүдделі, сондықтан прогрестің жасаушылары болып табылады. Ал бизнес өкілдері керісінше, пайдаға көбірек бағдарланған, яғни өндіріс оларды көп ойландырмайды. Индустрия және бизнес арасындағы дихотомия индустриалды салада қоғамға қажет таптар қызмет ететіндігін, ал бизнес қоғам үшін пайдасы жоқ «жатып ішер тап» екендігін көрсетеді.
Уэсли Митчелл (1874-1948) эмпирикалық институционализмді дамытты: нақты деректерге, суреттеме-статистикалық әдістерге көп көңіл бөлді. Оның зерттеулеріндегі басты орынға ақша айналымының мәселелері шығарылды, себебі Митчелдің ойынша, ақша – «экономика ғылымының тамыры». Осы негізде Митчелл ақшалы шаруашылықтың бір түрі ретінде қаржылық капитализмге оң көзқараста болды. Өзінің ұстазы болған Т. Вебленнен айырмашылығы Митчелл бизнесмендер мен қаржыгерлердің үстеме пайданы иемденуге ұмтылыстарын сынауды қажет деп санамады.
Митчелді барынша әйгілі еткен экономикалық циклдар саласындағы еңбектері болды («Экономикалық циклдар» (1913), «Экономикалық циклдар: мәселе және оның қойылымы» (1927)). Циклдардың талдауы акция бағаларының, бағамдарының өзгерістері және т.б. арқылы жүргізілді. Бұл зерттеулердің нәтижесінде автор кез келген дағдарыс және цикл қайталанбайды, өйткені олар әртүрлі қайталанбайтын себептермен анықталады деген тұжырым жасайды.
Джон Коммонс (1862-1945) – құқықтың экономикадан үстемдігін тұжырымдаушы институционализмнің әлеуметтік-құқықтық бағытының өкілі. Ол «Ұжымдық іс-әрекеттер экономикасы», «Институционалды экономика» (1934) сияқты еңбектердің авторы, бұл еңбектерінде партиялар, корпорациялар, кәсіподақтар сияқты «ұжымдық институттарды» талдайды.
Коммонс көптеген экономикалық құбылыстарды «мәміле» түсінігі арқылы қарастырды. Бұл ұғым үш элементті қамтиды:
1) жанжал, яғни мәміле жасаушылардың мүдделерінің қарама-қайшылығы, 2) жанжалға қатысушылар мүдделерінің өзара тәуелділігі немесе өзара байланыстылығы, 3) тәртіп, яғни жанжалдың тоқтатылуы және мәміленің жүзеге асуы. Коммонстың пікірінше, мәміленің, яғни заңды келісімнің көмегімен кез келген қарама-қайшылықты шешуге болады. Мәмілеге жиі қатысатын жеке-дара адамдар емес, керісінше ұжымдар: кәсіподақтар және кәсіпкер одақтары.
Жаңа институционалды теория. Дәстүрлі экономикалық теорияда (мэйнстрим) экономикалық агенттер әрекет ететін институционалды ортаға жеткіліксіз көңіл бөлінеді. Бұл кемшілікті жою талпынысы «жаңа институционалды теория» деп аталатын жаңа мектептің (неоинституционалды экономика) пайда болуына әкелді. Институционализмнің «веблендік» ескі атауымен ұқсастығы адастыруға әкелмеуі тиіс: әдістемелік тұрғыда жаңа институционалды теорияның неоклассикалық тұжырымдамамен ортақ түбірлері бар. Алайда алдыңғы институционализммен де біршама туыстығы барын атап өту керек.
1937 жылы Р. Коуздың «Фирма табиғаты» атты мақаласы осы бағытқа бастама болды, бірақ жаңа институционалды теория ерекше экономикалық ой-пікір ағымы ретінде тек 1970-1980 жылдары ғана мойындалды. Неоинституционалды экономиканың зерттеушілік бағдарламасы шеңберінде неоклассикалық теорияға бірқатар өзгерістер енгізілді.
Жаңа институционалды теорияның әдістемелік негіздері. Неоинституционализм үшін екі ереже негіз қалаушы болып табылады: біріншіден, әлеуметтік институттардың мәні бар, екіншіден, олар қалыпты неоклассикалық құралдардың көмегімен талдана алады. Жаңа институционализмнің ескіден айырмашылығы мынада: институционализмнің бұрынғы өкілдері экономикалық талдауларға басқа ғылымдарда қолданатын (құқық, психология және т.б.) әдістерді, ал жаңа өкілдер керісінше, экономикалық аппаратты нәсілдік кемсіту, білім, неке, қылмыс, парламенттік сайлау және т.б. нарықтан тыс құбылыстарды зерттеуге пайдаланды. Бұл жақын әлеуметтік пәндерге кіру «экономикалық империализм» атауына ие болды.
Әдістемелік тұрғыда неоинституционалдар «әдістемелік дарашылдық» қағидасын ұстанады, осыған сәйкес әлеуметтік үдерістің жалғыз нақты әрекет ететін «актерлері» жеке тұлғалар болып табылады. Субъектілері әрі фирмалар, әрі мемлекет болып табылатын дәстүрлі неоклассикалық теория дарашылдық қағидасынан ауытқуына байланысты сынға ұшырайды. Неоинституционалистердің әдістемесіне сәйкес, өз мүшелерінен тыс қауым болмайды деп есептейді. Осындай тәсіл микроэкономикалық талдауды тереңдетуге және экономикалық ұйым ішіндегі қалыптасып жатқан қатынастарды қарастыруға мүмкіндік берді.
Жаңа институционалды теорияның екінші әдістемелік ерекшелігі субъектілердің шектеулі рацтоналдылығы туралы жорамалдары болып табылады. Бұл жорамал мынаған негізделген, адам қандай болмасын шешім қабылдауда толық емес жетілмеген ақпаратқа сүйенеді, өйткені ақпарат қымбат тұратын ресурс болып табылады. Осының салдарынан агенттер ұтымды шешімдерге тоқталмай, қолда бар шектелген мәліметтерге орай дұрыс болып көрінетін шешімдерге сүйенуге мәжбүр болады. Олардың рационалдылығы материалдық шығындарды үнемдеуден ғана емес, өзінің интеллектуалдық күштерін де үнемдеуінен көрініс табады.
Неоинституционализмнің үшінші ерекшелігі олар оппортунистік мінез-құлықтың орын алуын мойындайды. Осы ұғымды ғылыми қолданысқа енгізген О. Уильямсон оппортунистік мінез-құлықты «опасыздыққа дейін жеткізетін өз мүддесін көздеу» ретінде анықтайды. Әңгіме өзіне алған міндеттемелерді бұзудың кез келген формасы туралы, мысалы, келісімшарттың міндеттемелерін өтеуден жалтару. Пайдалылықты максималдайтын жеке тұлғалар өздеріне пайда алатын жағдайда оппортунистік мінезқұлық көрсете бастайды (айталық, аз көлемде және сапасыз қызмет көрсету). Неоклассикалық теорияда оппортунистік мінезқұлық орын алмайды, себебі жетілген ақпаратқа ие болудың өзі оны жоққа шығарады.
Осылайша, неоинституционалистер неоклассикалық мектептің (толық рационалдылық, жетілген ақпаратқа қол жетімділік) жеңілдетілген алғышарттарынан бас тартады және экономикалық агенттердің жоғары трансакциялық шығындар, нашар анықталған меншік құқықтары және сенімсіз келісімшарттар, тәуекелге және белгісіздікке толы әлемде іс-әрекет ететіндіктерін көрсетеді.
Жаңа институционалды теория бірнеше бағыттардан тұрады, оларды мына тәсілмен топтастыруга (О. Уильямсон жіктемесі) болады:
1. Өндіріс пен айырбас үдерістері жүзеге асатын институционалды ортаны зерттеу бағыты: а) қоғамдық таңдау теориясы (Дж. Бьюкенен, Г. Таллок, М. Олсон және т.б.) қоғамдық ортадағы қатынастарды реттеу ережелерін зерттейді; б) меншік құқықтары теориясы (Р. Коуз, А. Алчиан, Г. Демсец) жеке ортадағы қатынастарды реттеу ережелерін зерттейді;
2. Уәкілеттік (агенттік) қатынастар теориясы контрактілік негізде экономикалық уәкілдер (агенттер) жасайтын ұйымдастыру формаларын зерттейді (У. Меклинг, М. Дженсен).
3. Трансакциялық ұстаным тұрғысында экономикалық ұйымдарды қарастыратын теориялар (Р. Коуз, Д. Норт, О. Уильямсон). Уәкілеттік қатынастар теориясынан ерекшелігі, мұнда контрактілердің бекітілу сатысы емес, олардың орындалу сатысы басымырақ қарастырылады.
Жаңа институционалды теорияның пайда болуы экономика ғылымында трансакциялық шығындар, меншік құқығы, контрактілік қатынастар сияқты ұғымдардың пайда болуымен байланысты. Трансакциялық шығындардың экономикалық жүйе жұмысындағы маңыздылығын түсіну Рональд Коуздың (1910 ж. туылған) «Фирма табиғаты» (1937) мақаласынан басталады. Дәстүрлі неоклассикалық теория нарықты жетілген механизм ретінде қарастырды, онда мәмілені жүзеге асыру шығындарын есепке алудың қажеттілігі болмады. Алайда Р. Коуз экономикалық субъектілер арасындағы әрбір мәміле кезінде мәміле жасауға байланысты шығындар, яғни трансакциялық шығындардың пайда болатынын көрсетті.
Қазіргі уақытта трансакциялық шығындар құрамында келесілер қамтылады:
1) ақпарат іздеу шығындары – бағалар, қажетті тауарлар мен қызметтер, оларды жеткізушілер мен тұтынушылар туралы ақпаратты табу және оны өңдеуге кеткен уақыт пен ресурс шығындары;
2) келіссөздер жүргізу шығындары;
3) айырбасқа түсетін тауарлар мен қызметтердің саны мен сапасын өлшеу шығындары;
4) меншік құқықтарын арнайыландыру және қорғау шығындары;
5) оппортунистік мінез-құлық шығындары: ақпарат асимметриясы жағдайында толық қайтарымсыз еңбек етуге түрткі де, мүмкіндік те пайда болады.
Меншік құқығы теориясын А. Алчиан және Г. Демсец негіздеді, олар меншік қатынастарының экономикалық мәнін жүйелік талдаудың бастамасын салды. Жаңа институционалды теориядағы меншік құқығы жүйесі ретінде сирек ресурстарға қол жетуді реттейтін нормалардың барлық жиынтығы түсініледі. Мұндай нормаларды тек мемлекет қана емес, басқа да әлеуметтік механизмдер – дәстүрлер, моральдық ұстанымдар, діни нанымдар да белгілейді және қорғайды. Меншік құқықтары жекелеген уәкілдердің арасындағы қатынастарды реттейтін «ойын ережелері» ретінде қарастырылады.
Неоинституционализм «меншік құқықтарының шоғырлары» ұғымын қолданады: осындай әр «шоғыр» жіктелінеді, қандай да болмасын ресурсқа қатысты шешім қабылдау құқығының бір бөлігі бір адамға тиесілі болса, екінші бөлігі келесі адамға тиесілі, т.с.с. Меншік құқықтары шоғырларының негізгі элементтеріне, әдетте келесілерді жатқызады: 1) ресурсқа қол жетуден басқа агенттерді шектеу құқығы; 2) ресурсты пайдалану құқығы; 3) одан табыс табу құқығы; 4) барлық алдыңғы құқықтарды беру құқығы.
Нарықтың тиімді жұмыс істеуі үшін меншік құқықтарын дәл анықтау немесе «арнайыландыру» қажетті шарт болып табылады. Жаңа институционалды теорияның басты тезисі – меншік құқықтарын арнайыландыру тегін жүзеге аспайды, сондықтан нақты экономикада ол толық жеткілікті анықталып және абсолютті сенімділікпен қорғала алмайды.
Жаңа институционалды теорияның тағы бір маңызды ұғымы контракт болып табылады. Кез келген мәміле «меншік құқықтары шоғырының» айырбасын білдіреді және ол құқықтар мен шарттарын белгілейтін контракт арқылы орындалады. Неоинституционалистер контрактілерінің көптеген формаларын (айқын және айқын емес, қысқа және ұзақ мерзімді және т.б.), қабылданған міндеттемелердің орындалуын сенімділікпен қамтамасыз ету механизмдері (сот, арбитраж, т.б.) зерттейді.
Р. Коуздың «Әлеуметтік шығындар мәселесі» (1960) еңбегінде жаңа көзқарас тұрғысынан экстерналийлердің (сыртқы әсерлер), яғни шаруашылық қызметтің сыртқы жағымсыз әсерлерінің (осы қызметпен мүлде қатысы жоқ қоршаған ортаға, объектілерге әсері т.с.с.) теориялық зерттеулері ұсынылады. Осы мәселе алдыңғы зерттеушілердің көзқарастарына сәйкес (А. Пигу), сыртқы әсерлердің болуы, әдетте «нарықтың құлдырауы» ретінде сипатталады және мемлекеттің араласуына толық негіз болады. Коуз меншік құқықтары айқын анықталған кезде және трансакциондық шығындар болмаған кезде, өндіріс құрылымы өзгеріссіз және ұтымды болып қала береді, сыртқы әсерлер мәселелері туындамайды, сондықтан мемлекеттің араласуына негіз жоқ екендігін дәлелдейді.
Теорема меншік құқығының экономикалық мәнін ашты. Сыртқы әсерлер тек меншік құқығы айқын емес, көмескі анықталғанда ғана пайда болады. Сыртқы әсерлер, әдетте шексіз (су, ауа) категориясынан сиректік категориясына ауысатын ресурстарда пайда болады, осыған дейін де бұларға меншік құқығы болмағандығы кездейсоқ емес. Осы мәселені шешу үшін меншік құқығы айқын анықталмаған аумақтарда жаңа меншік құқығын құру жеткілікті болып табылады.
Коузға трансакциялық шығындар ұғымы фирманың өмір сүру себебі туралы мәселені шешуге (неоклассикалық теорияда бұл мәселе тіпті қозғалған емес) және фирманың қолайлы көлемін анықтауға көмектесті. Тек нарықтың ғана болуы ауқымды трансакциялық шығындармен жүзеге асады. Коуз фирманың өмір сүруін нарықта мәміле жасау шығындарынан қашуға тырысуымен түсіндіреді. Фирма ішінде ресурстарды бөлу әкімшілік жолмен жүзеге асады (бағалық ишаралардың негізінде емес, бұйрықтар негізінде), оның шеңберінде ізденіс шығындары азаяды, контрактіні жиі қайта жасау қажеттігі жойылады, іскерлік байланыстар тұрақтанады. Алайда фирма көлемінің өсуіне байланысты оның қызметін үйлестіру шығындары да өседі (басқару тиімділігінің төмендеуі, бюрократизация және т.с.с.). Сондықтан қолайлы фирма көлемін трансакциялық шығындар фирманың үйлестіру шығындарына тең болған нүктеде есептеуге болады.
Америкалық ғалым Джеймс Бьюкенен (1919 ж. туылған) 1960 жылы қоғамдық таңдау теориясын (ҚТТ) классикалық еңбектерге айналған «Келісім есебі», «Еркіндік шекарасы», «Экономикалық саясат конституциясы» жұмыстарында ұсынды. ҚТТ макроэкономикалық шешімдердің саяси механизмінің қалыптасуын, басқаша айтқанда, саясатты экономикалық іс-әрекеттің бір түрі ретінде зерттейді. ҚТТ зерттеулерінің негізгі бағыттары: конституциялық экономика, саяси бәсеке моделі, өкілетті демократия жағдайындағы қоғамдық таңдау, бюрократия теориясы, саяси рента теориясы, мемлекеттің фиаскосы теориясы.
Бьюкенен қоғамдық таңдау теориясында адамдардың саяси ортада жеке мүддемен жүретіндігін және де саясаттың нарыққа ұқсастығын айтады. Саяси нарықтардың басты субъектілері ролін сайлаушылар, саясаткерлер және шенеуніктер орындайды. Демократия жүйесінде сайлаушылар өз таңдаулары бойынша дауыстарын сайлау алды үгіт насихат кезіндегі бағдарламасы өзінің мүдделеріне сәйкес келген саясаткерлерге береді. Сондықтан да саясаткерлер өз мақсаттарына жету үшін (билік құрылымына ену, мансап) сайлаушыларға қарап бағыт-бағдар ұстануы керек. Сонымен, саясаткерлер сайлаушылар таңдау жасаған белгілі бір бағдарламаны қабылдайды, осы бағдарламаның орындалу барысын шенеуніктер нақтылайды және бақылайды.
Қоғамдық таңдау теориясы шеңберінде мемлекеттің экономикалық саясатының барлық іс-шаралары экономикалық-саяси жүйе үшін эндогенді, өйткені олар бір уақытта экономикалық субъектілер болып табылатын саяси нарық субъектілерінің сұраныстарымен анықталады.
Жаңа экономикалық тарих (Д. Найт) теориясы институттардың даму тарихы, трансакционды шығындар және меншік құқықтары теорияларын тарихи үрдісті талдауда қолдану негізінде қалыптасты.
Д. Норт пен оның жақтаушыларының пікірінше, әртүрлі елдердің экономика тарихын институционалды өзгерістер негізінде қарастырған жөн. Мұндай өзгерістер тиімді болған жерде, яғни трансакционды шығындарды азайту экономиканың өсуіне септігін тигізді; басқа елдерде керісінше мұндай өзгерістер шаруашылық үдерісті тежеді.
Бюрократияның экономикалық мінез-құлқын У. Нисканен қарастырған. Ол бюрократтар қызметінің нәтижелері, әдетте «сезілмейтін» сипатта (қаулылар, баяндау хаттар және т.б.), сондықтан олардың қызметіне бақылау жасау қиын деп есептейді. Сонымен қатар шенеуніктердің әл-ауқаты агенттік бюджетінің көлеміне байланысты деп жорамалданады: бұл олардың сыйақыларын ұлғайтуға, лауазымды мәртебесінің, абыройының жоғарылауына мүмкіндік ашады және т.с.с. Нәтижесінде, шынайы агенттік қызметтерді атқаруға қажетті деңгеймен салыстырғанда, шенеуніктердің агенттік бюджетін айтарлықтай көтеруге мүмкіндігі болады. Осы дәйектер мемлекеттік органдарда қоғамдық игіліктерді ұсынудың салыстырмалы тиімсіздігі туралы тезисті дәлелдеуде маңызды рөл атқарады, осы көзқарасты қоғамдық таңдау теориясы өкілдерінің басым көпшілігі ұстанады.
Саяси іскерлік циклы теориясы саяси субъектілер қызметін экономикадағы циклдық тербелістердің көзі ретінде қарастырады. У. Нордхауз моделінде сайлау мерзімі жақындаған сайын басқарушы партия, сайлауда жеңіске жету мақсатында экономикалық өсуді ынталандыратын «әйгілі» курсты, соның ішінде белсенді ақша-несие және бюджет саясаты есебінен жүргізуге ұмтылады. Сайлаудан кейін ұтып шыққан партия сайлау алдындағы кампания кезінде жүргізілген саясаттың инфляциялық нәтижелері мен күресінің «әйгілі емес» курсын жүргізуге мәжбүр болады. Осылайша, экономикада циклдық үдеріс пайда болады: сайлау алдында, әдетте жедел экономикалық өсу және инфляцияның үдеуін байқауға болады, ал сайлаудан кейінгі мерзімде инфляция қарқыны бәсеңдеп, экономикалық өсу қарқыны да төмендейді.
Саяси іскерлік циклының басқа моделін Д. Гиббс ұсынған. Гиббс билікте қандай партия отырса, экономикалық саясат сипаты соған байланысты болады деп есептейді. Дәстүрлі түрде жалдамалы жұмысшылар қолдауына қарап бағыт ұстайтын «солшыл» партиялар, жұмыспен қамтуға бағытталған саясат жүргізеді (тіпті инфляцияның өсуі есебінен). «Оңшыл» партиялар – ірі бизнестерді қолдау мақсатында, инфляцияны болдырмауға көп көңіл бөледі (тіпті, жұмыссыздықтың өсуі есебінен). Сонымен, циклдық тербелістердің ең қарапайым моделіне сәйкес экономикада «оңшыл» және «солшыл» өкіметтердің ауысуы орын алады және сәйкес өкіметтердің жүргізілген саясаттарының зардаптары олардың өкілеттілік мерзімі біткенше сақталады.
Келісімдер экономикасының теориясы немесе жаңа француз институционализмі – неоинституционализмнің кейінгі ағымдарының бірі, ХХ ғасырдың 80-90 жылдарында Францияда пайда болды. Негізгі өкілдері: Л. Тевено, Л. Болтански, О. Фаворо, Ф. Эмар-Дюверне. Бұл ағым нарықтық экономиканы зерттеудің бөлек алынған объектісі емес, қоғамның жүйесі ретінде қарастырылады. Соңғысы әртүрлі «институционалды ішкі жүйелер» мен «әлемдер» тұрғысынан талданады, олардың әрқайсысы адамдардың арасындағы байланыс әдістерімен және адамдардың іс-әрекетіне ерекше талаптарымен сипатталады.
Әрбір экономикалық субъект бір уақытта бірнеше ішкі жүйелерде қызмет атқарады. Мысалы, фирма өзінің өнімін өткізу кезінде нарықтық ішкі жүйеде, ал өндірісті ұйымдастыру кезінде индустриалды ішкі жүйеде қызмет етеді. Негізгі мәселелер әртүрлі ішкі жүйелер немесе «келісімдердің» тоғысында орын алады.