Читать книгу Институционалды экономика - Ғалия Даулиева - Страница 5
2. ЭКОНОМИКАЛЫҚ ТАЛДАУДАҒЫ ИНСТИТУТТАР
Оглавление2.1. Норма институттардың базалық элементі ретінде
Экономикалық теорияда экономикалық агенттердің (тұлғалардың) мінез-құлқы шектелген ресурстарды рационалды пайдалану туралы тізбекті шешім қабылдау ретінде қарастырылады. Экономикалық тұлға өзінің мақсатты функциясында қолда бар ресурстардың шектеулілігіне сүйене отыра, ресурстарды барынша жоғары пайда әкелетіндей бөледі.
Экономикалық мінез-құлықтың бұл түсіндірмесі бірқатар алғышарттарға негізделеді. Солардың ішіндегі ең бастысы – ресурстарды қолдану нұсқаларын таңдау саналы сипатта жүреді, яғни агенттердің өз іс-әрекет мақсаты және мүмкіндіктері туралы белгілі бір білімі болатындығы болжамданады. Демек, кез келген шешім қабылдаудағы басты мәселе – ақпарат. Қажетті ақпарат экономикалық агенттің жадында болуы мүмкін немесе арнайы жинақталуы қажет. Бірінші жағдайда шешім қабылдау жедел жүрсе, екінші жағдайда қажетті ақпаратты іздестіру, оған қол жеткізуге шығындар жұмсалады және шешім қабылдау белгілі бір уақытқа (мерзімге) созылады. Сондықтан экономикалық шешім қабылдауда ақпараттық және уақыттық шектемелері болады.
Қажетті ақпаратты жинақтау ұзақ уақытты керек етсе, индивид толық емес ақпарат жағдайында қолда бар ресурстардың тиімділігінен ұтылатындығын біле тұра, шешім қабылдауға мәжбүр болады. Оның үстіне, шаруашылық жүргізуші тұлғалардың жинақталған ақпаратты ең тиімді іс-әрекет нұсқасын таңдау мақсатында өңдеу және қайта өңдеу қабілеттері шектелген. Осы себепті, нақты экономикалық тұлғалар шектелген рационалды тұлғалар (Герберт Саймон) болып табылады.
Шектелген рационалдылық – экономикалық агенттердің ақпаратты өңдеу мүмкіндіктерінің шектеулілігі.
Осыдан, индивидтер мінез-құлқында білгілі бір үлгілерге жүгіну қажеттігі туындайды.
Норма немесе ереже – белгілі бір жағдайларда индивидтердің мінез-құлқын анықтаушы үлгілер.
Норма адамдар арасындағы қарым-қатынастың негізгі реттеушісі болып табылады. Норма индивидтің әртүрлі жағдайларда өзін қалай ұстау қажеттігін анықтайды. Норманы орындау ерікті сипатта және санкция (әлеуметтік, экономикалық, заңды) арқылы жүзеге асуы мүмкін.
Жалпы түрде мінез-құлық ережелері жүйесі неміс экономисі Виктор Ванбергтің «Ережелер және экономикалық теориядағы таңдау» еңбегінде ұсынылады. Мінез-құлық ережелері генетикалық түрде және мәдениет арқылы жүре қалыптасатын ережелерге бөлінеді. Соңғылары өз кезегінде жеке және әлеуметтік ережелерге, ал әлеуметтік ережелер бейформальды (салт-дәстүрлерде бекітілген) және формальды (құқықтық нормаларда бекітілген) ережелерге бөлінеді. Формальды әлеуметтік ережелер «жеке» және «қоғамдық» құқықты қамтиды. «Жеке» құқық жекелеген индивидтердің, мемлекеттік емес ұйымдардың мінез-құлқын реттейді; «қоғамдық» құқық мемлекет пен үкіметтің іс-әрекетін шектеуші ережелерді қамтиды. Қоғамда мінез-құлық үлгілері ретінде нормалардың болуы, олардан ауытқудың жазалануы индивидтердің таңдау мүмкіндіктерін шектейді.
Ресейлік зерттеуші А. Олейник нормалардың құрылымы және олардың индивидтер мінез-құлқына әсерін толғырақ талдайды. Осы көзқарасқа сәйкес, нормалардың құрылымы келесідей элементтерден тұрады:
– атрибуттар, олар норма таралатын адамдар тобын анықтайды;
– міндеттілік факторы (міндетті немесе міндетті емес);
– мақсат,
– норма орындалатын жағдай;
– санкция.
Норма құрылымындағы элементтер нормалар түрлерін ажыратуға мүмкіндік береді: ортақ стратегия, тар мағынадағы норма және ереже. Аталған нома түрлерінің құрылымы да ерекше.
Ортақ стратегия = атрибут + мақсат + жағдай;
Норма = атрибут + міндеттілік факторы + мақсат + жағдай;
Ереже = атрибут + міндеттілік факторы + мақсат + жағдай + санкция
Ортақ стратегияның мысалы кез келген фокальды нүкте бола алады. Тар мағынадағы норма іс жүзінде келісімдер түсінігімен сәйкес, өйткені оларды орындау ерікті сипатта. Ережелерде еріктілік сипаты жойылып, санкциялар немесе норманы орындауға мәжбүрлеу орын алады. Санкциялар құқық нормаларында бекітілген заңи және әлеуметтік болып бөлінеді. Іс-тәжірибеде, негізінен мынадай мәжбүрлеу шаралары кең қолданылады: 1) қоғамның наразылығы: 2) ресми түрдегі наразылық: 3) ақшалай айып – пұл; 4) бастаған іс-әрекетті күшпен тоқтату; 5) іс-әрекетті ережеге сәйкес қайта жүргізуге мәжбүрлеу; 6) белгілі бір құқықтан айыру; 7) бас бостандығынан айыру.
Кез келген нормалардың, ережелердің шектеуші сипатын білу нақты іс-тәжірибеде орын алатын экономикалық мінез-құлық формаларын түсінуге жағдай жасайды. Егер экономикалық агент өз іс-әрекеті жоғары ұтымды қамтамасыз ететіндігіне сенген жағдайда, оған ереже арқылы тыйым салынғанына қарамастан, агентте ережені бұзуға ынта пайда болуы мүмкін. Себебі ережеден ауытқудан күтілетін ұтым күтілетін шығыннан артық болса, ережеден ауытқу рационалды сипатта. Ауытқудың күтілетін шығындары ережеден ауытқуды айқындау және жазалауға тәуелді, сондықтан жазалау ықтималдылығының төмендеуіне алдау, жалған ақпарат, көз бояушылық сияқты мінез-құлық нормалары жағдай жасайды.
Оппортунистік мінез-құлық – жеке басының мүддесіне бағытталған, мораль түсініктерімен шектелмеген, алдау, қулыққа байланысты мінез-құлық.
Қоғамдық таңдау теориясы нормаларды индивидтердің саналы, рационалды таңдауының нәтижесі ретінде қарастырады. Негізінен, құқықта бекітілген және саяси таңдаудың нәтижесін көрсететін заңи нормаларды зерттейді. Қоғамдық таңдау теориясының негізгі постулаттары: методологиялық индивидуализм, рационалды таңдау моделі, айырбас концепциясын саясатты талдауға қолдану.
Келісімдер экономикасы теориясы экзогенді нормаларды орындауды рационалды мінез-құлықтың алғышарты ретінде қарастырады. Себебі нарықта мәмілеге қатысушылардың мақсатын, артықшылықтарын, талғамын өзара түсінуді жеңілдетеді. Келісімдер экономикасы теориясының қоғамдық таңдау теориясынан айырмашылығы: бірінші, нормалардың табиғаты экономикалық империализм тұрғысында талданады; екінші, тек қана формальды бекітілген заңды нормаларды емес, формальді емес нормалар – келісімдерді қарастырады; үшіншіден, нарықтық мінез-құлық нормаларының әмбебаптылығы тезисінің орнына үйлестірудің, келісімдердің басқа да көптеген формаларын ұсынады.
Индивидтердің әртүрлі салалардағы іс-әрекеттерін реттеуші келісімдердің жеті типі ажыратылады: нарықты; индустриалды; дәстүрлі; азаматтық; қоғамдық пікір; шығармашылық іс-әрекет; экологиялық.
Экономикалық тұлғалар әртүрлі келісімдер тоғысында әрекет етеді. Экономикалық тұрғыда келісімдер тоғысында белгісіздік туындайды. Келісімдер теориясы келісімдер типтерінің арақатынас нұсқаларын талдайды:
экспансия – бұрын басқа келісім нормалары үстемдік еткен салаларда қарым-қатынас басқа келісім нормалары негізінде ұйымдастырылатын келісімдер арақатынасы; мысалы, саяси сфера саяси нарыққа айналуы мүмкін, азаматтық келісім нормаларының орнына нарықтық келісім нормалары енеді;
жақындасу – бірдей қарым-қатынас өзара ығыстырушы нормалар негізінде жүргізілетін келісімдер арақатынасы;
компромисс – келісімдер қарама-қайшылығын жоюға қабілетті синтетикалық нормалар пайда болатын жағдай.
2.2. Рационалдылық мінез-қүлық нормасы ретінде
Рационалды таңдау моделі және нормаға бағытталған мінезқұлық бір-біріне қарама-қайшы келмейді. Оның үстіне, нормаларға жүгіну рационалды таңдаудың алғышарты болып табылады.
«Рационалдылықты» экономистер әртүрлі түсіндіреді. Марк Вебердің пікірінше, соңғы нәтижеге саналы түрде бағдарлану және оған жету құралдарын саналы түрде таңдау ғана рационалды. Олар «дәстүрлі» және «аффективті» мінез-құлықтан өзгеше.
Нарықтық қарым-қатынас мақсатты бағытталған рационалдылыққа негізделеді. Мақсатты бағытталған рационалдылық басқа индивидтердің белгілі бір мінез-құлық күтімдерін болжамдайды, себебі тек осы жағдайда ғана аталған мінез-құлық мақсатқа жету құралы ретінде қолданыла алады. Күтімдер басқалардың мотивтерін, мақсаттарын түсінуге негізделеді. Күнделікті қарапайым деңгейде рационалды мінез-құлықтың болжамдануы «Бұл кімге тиімді?», «Бұл адамның мүддесі неде?» сияқты сұрақтарға үнемі жауап іздеу формасында көрінеді. Мінез-құлық нормасы ретінде рационалдылықты нақтылаушы дәйектер әлеуметтану, тәжірибелік экономика және толық емес рационалдылық теорияларында келтірілген.
Әлеуметтану теориясы рационалдылықты адамдардың нарықтағы күнделікті мінез-құлқы тұрғысында қарастырады. Бұл теорияға сәйкес, күнделікті қарым-қатынастың негізін рационалды іс-әрекет емес, негізделген іс-әрекет құрайды. Яғни индивидтер бір-бірін қарапайым тәжірибеге жүгіну арқылы түсіне алады. Рационалды таңдау моделі емес, керісінше, қарапайым тәжірибе және қалыпты ақыл-ой индивидтерге басқалардың іс-әрекеті туралы шынайы болжам жасауға мүмкіндік береді. Осы теорияға сәйкес, рационалды таңдау моделін зерттеушілер формальді модельдер құру мақсатында индивидтерге артады. Себебі әртүрлі әлеуметтік ортадағы қалыпта ақыл-ой туралы ақпарат шектелген. Басқаша айтқанда, іс-әрекеттердің мүмкін болатын барлық негіздемелері мен түсіндіру нұсқаларын қарастырғаннан гөрі, жеке жағдайдың, рационалды іс-әрекеттің әмбебаптылығын қолданған жеңіл. Бұл теорияда «ғылыми» және «күнделікті» рационалдылық ажыратылады деуге болады. Мінез-құлық нормасы және моделі ретіндегі рационалдылықты рационалды іс-әрекет элементтерін жіктеу арқылы ажырату ұсынылады.
Белгісіздік және тәуекелділік жағдайында рационалды таңдау индивидтердің күтілетін пайдалылықты барынша арттыруға әкелетін нұсқаны таңдауын білдіреді. Күтілетін пайдалылықты барынша арттыру индивидтердің белгілі бір жағдайдың орындалу ықтималдылығын, соның ішінде олардың қатар орындалу ықтималдылығын шынайы, дәл бағалауын талап етеді. Алайда жүргізілген лабораториялық тәжірибелер индивидтердің мұндай қабілеттерінің шектеулілігін байқатады. Бұл теорияның негізгі тұжырымы: рационалды мінез-құлық типтері күнделікті өмірде индивидтер ұстанбайтын элементтерді қамтиды; сондықтан күнделікті өмірдегі маңызды элементтерді осы типтерге қосу қажет.
Толық емес рационалдылық теориясы рационалды таңдау моделіне өзгеше көзқарасты қалыптастырды. Мінез-құлық типтері екі айнымалының – когнитивті шектемелер және ақпараттың толықтық дәрежесіне тәуелді функция ретінде талданады. Аффективті мінез-құлықтан мақсатты бағытталған рационалдылыққа дейін шешім қабылдау процедурасы ақпарат көлемінің артуына, оны өңдеуге байланысты күрделене түседі. Сандық және сапалық ерекшеліктер орын алады: қажетті ақпарат әркелкі, соған байланысты оны өңдеу процедурасы да басқа да элементтердің қамтылуына әкеледі. Мысалы, аффективті мінез-құлыққа қажетті барлық ақпарат сыртқы стимулдарда және ол мінез-құлыққа тікелей «стимул-реакция» үлгісінде әсер етеді. Мақсатты бағытталған рационалдылық жағдайында индивидке ресурстар, мүдделер, мүмкіндіктер, мақсаттар, міндеттер туралы ақпарат қажет, осындай әртүрлі ақпаратты өңдеу де күрделі сипатта.
Индивид неғұрлым рационалды болған сайын, солғұрлым шешім қабылдау процедурасы күрделірек. Ал толық емес рационалдылық индивидтердің шешім қабылдауда қарапайым міндеттерді орындауын білдіреді. Процедураның қарапайымдылығы соңғы нәтижеге әсер етеді. Егер толық рационалдылық жағдайында нәтиже оптималды және бірегей болса, толық емес рационалдылықта нәтиже шешім қабылдау алгоритмдеріне тәуелді. Күрделілік дәрежесі әртүрлі көптеген алгоритмдерге нәтижелердің көптігі сәйкес келеді. Осы тұрғыда процедуралық рационалдылықтың мағынасы түсіндіріледі: аталған термин соңғы нәтиженің таңдалып алынған шешім қабылдау процедурасына тәуелдігін көрсетеді. Сондықтан мінез-құлық нормасы ретіндегі рационалдылықты талдауда «негізделген іс-әрекет» терминін қолдану ыңғайлы.