Читать книгу Араб тілінің терминологиясы - Анар Мустафаева - Страница 3
1-модуль
АРАБ ТЕРМИНОЛОГИЯСЫНЫҢ МӘСЕЛЕЛЕРІ
2-дәріс
Араб терминологиясының қалыптасуы мен даму тарихына шолу
ОглавлениеАраб терминологиясы тарихының туындауының тарихына келер болсақ, онда ол біз атап өткендей, Аббас халифатының билігімен (750-1050 ж.), нақтырақ айтқанда ғылым, өнер және әдебиеттің туындауымен байланысты. Бағдад (аббас) халифтерінің билігі кезінде кейбір ғалымдар аудармамен, ал басқалары білім берумен айналысты. Әл-Хорезми (һиджра бойынша 387 жылы қайтыс болған) қаламына тиесілі «مفاتيح العلوم» [Mafatiih ul-‘Ulum] (Ғылымдар кілті) кітабын атау жеткілікті. 15 бөлім, 93 тараудан тұратын бұл кітапта аббас ғалымы 2382 терминге анықтама берді [14, 41-б. ]. М.Ф. Хиджази өзінің терминологияға арналған «әл-Усус әл-Лугауия фи илм әл-Мусталах» еңбегінде атап өткендей, араб терминдерін тарихи тұрғыдан қарастыру – араб тілі тарихы мен ғылым тарихының маңызды бөлігі. Араб терминінің тарихы бірінші кезекте аударма тарихымен тығыз тоғысады, сондықтан Араб Шығысындағы аударма бастауларын меңгеру жалпы араб терминологиясын зерттеуде аса маңызды рөл атқарады. Аударма қызметі VIII ғасырдың ортасында басталып, ІХ ғасырда халиф Мамунның билігі кезінде жемісті түрде дами бастады. Бұл кезде кітаптар хинди, грек, парсы тілдерінен араб тіліне аударылды. Атап өтілгендей, халиф Мамун аудармашылар жұмыс істеген «Даналық үйінің» («بيت الحكمة») негізін қалаған. Египет ғалымы М. Абд әр-Рауфтың пікірінше, аударма тарихына дұрыс көңіл бөлінбеді, сондықтан бұл сала біраз уақыт көлемінде даңғыл ғылыми бағыттардан тыс қалып қойды [15, 13‐14 б.]. Сонымен бірге әр-Рауф аударма қажеттілігі жайында алғашқы болып ой қозғаған Халид ибн Муауия (704 жылы қайтыс болған), ал медицина, химия және жұлдыздар (астрономия) бойынша алғаш кітаптар аударған әл-Джахиз деп есептейді [15, 78-б. ]. Ибн ән-Надим өзінің «әл-Фихрист» кітабында Араб халифатының территориясына келген грек философтарының өз туындыларын лайықты түрде грек және копт тілдерінен араб тіліне аударғандарын айтады [15, 78-б. ]. Мұндай саясат, бір жағынан, грек ғылымын тарату үшін, ал екінші жағынан, Араб Шығысына енетін ақпараттарды бақылау үшін жүргізілді. Халиф Амр Бин Абд әл-Азиз мұсылмандарға пайдалы әрі ислам салт-дәстүріне қарама-қайшы келмейтін, сонымен қатар медицина бойынша еңбектер аударған аудармашыларға сый тағайындады. Әл-Муқаффа пехлеви тілінен араб тіліне аударған алғашқы жұмыс «Калила мен Димна» болды. Ресми аударма кезеңі Аббас халифатының өмір сүрген мерзімі, дәлірек айтқанда халиф әл-Мансұрдың билік еткен кезеңі (753-774 ж.) саналады. Бұл кезеңде логика, медицина, астрономия, геометрия мен арифметикадан құралған математика және басқа ғылымдар дами бастады. Кордова халифаты құрылған Исламдық Испания Х ғасырдан ХІІІ ғасырға дейінгі үш ғасыр көлемінде араб тілінен басқа тілдерге аударма белсенділігімен танымал болды. Испания әлемдік үш діни мәдениеттің – иудаизм, христиан мен исламның тоғысқан жерінде орналасуымен қатар, Араб халифаты мен ортағасырлық Еуропа арасындағы ғылыми жаңалықтарды бір аймақтан екінші аймаққа жеткізетін байланыстырушы буын болды. Терминге кіріспе және аударма тарихын оқуда Испанияның тағы бір айрықша әрі маңызды ерекшелігі сол кезеңдегі жалғыз аударма мектебінің болуы еді. Бұған Папа Инозензтің (Innozenz) 1248 жылы 22 шілдеде араб тілі мен басқа шығыс тілдерін білетін мамандарды осы мектепке жіберуді өтініп жазған хаты дәлел болады [15, 148-б. ]. Хунайн Бин Исхақ өз шәкірттерімен бірге грек, парсы тілдерінен араб тіліне ғылыми әдебиеттің үлкен көлемін аударды. Олар терминдерді шет тілдердегі транскрипция немесе транслитерациясы бойынша жазып, оларға түсініктеме берді. Араб тілінен басқа тілдерге аударма Х-ХІ ғасырлардан бастап жүзеге аса бастады. Алайда XVIII ғасырдың соңына қарай араб елдері арасында аудармаға Египетте ерекше көңіл бөлінді. Бұл француз жаулап алушыларының, кейіннен Египет территориясына француз мәдениеті мен ғылымының келуімен байланысты. Белгілі қолбасшы Мұхаммед Әли (билік еткен жылдары 1805-1849 жж.) тек әскери іс пен мемлекеттік құрылымда ғана емес, бүкіл Араб Шығысы үшін аударма қызметінде реформатор болды, себебі әл-Мамун (билік еткен жылдары 813-833 жж.), әл-Мутауаккил (билік еткен жылдары 847-861 жж.), содан кейін Кордова халифатының билеушілерінен соң (Х-ХІ ғ.), Мұхаммед Әли аударма қызметінің дамуына айтарлықтай үлес қосты. Мұхаммед Әли кезінде француз тілінен шамамен 445 кітап аударылды, бұл араб тіліне аударылған туындылардың 55 %-ын құрады. Француз тілінен кейін таралуы бойынша екінші шет тілі – ағылшын болды, одан 67 кітап аударылды, бұл сәйкесінше 21 %-ды құрады, ал кітаптардың қалған пайызы түрік, парсы, итальян, неміс, копт және орыс тілінен аударылған туындылардың үлесіне тиді [15, 267-268 б.]. Аудармашылар қызметі Мұхаммед Әли билігінен кейін де өз жалғасын тапқанымен, келесі кезең мұндай қызу белсенділікпен ерекшеленбеді. Ұлттық аударма саласының дамуының себебі ойы айқын билеушінің бастапқы кезеңде Египет үкіметі үшін қажет болған шетел мамандарын қолданғысы келмеуінде еді. Бұл жағдай реформалық саясатты түсініп, елдегі жағдайды бағалай алатын мамандардың тапшылығымен түсіндірілді. Әр-Рауфтың айтуынша, «алты айда атқарылатын жұмыс мысырлықтардың селқостығынан бес жылға созылды» [15, 247-б.]. Дегенмен Мұхаммед Әли жүргізген айқын саясаттың арқасында ғылым мен техника бойынша көптеген еңбектер араб және түрік тілдеріне аударыла бастады. Мұнда мысырлықтардың еуропалық білім алуы маңызды рөл атқарды, нәтижесінде Египеттің көптеген азаматтары білім алу мақсатында Еуропа елдеріне барды. Бұл мамандарға қойылатын негізгі талап шетелде алынған білімді өз елінің дамуында қолдану болды. Олардың тәжірибесі білім саласында, негізінен, жергілікті үйренушілерге алынған білім мен машықтарды үйретіп, шет тілдерінен түрлі еңбектерді аудару барысында пайдаланылды. Мұхаммед Әли Италияға 1809 және 1813 жылдары екі рет сапар жасап, нәтижесінде Египетте баспа, кеме жасау ісі дамыды және әскери істе итальян машықтары қолданылды. Бұл өз кезегінде терминологияның дамуына әкелді.
Аталмыш екі сапар әскери, теңіз-құрылыс саласында терминдер құрастыруға және кітап басу арқылы ақпарат таратуға себепкер болды. Египет реформаторы араб тіліне аударуға көптеген еңбектер және кейіннен көп таралыммен елдің түрлі аймақтарына кітаптардың таралуында негізгі құралға айналған баспа құрылғысын әкелді. Кейін Мұхаммед Әли білім берудің жергілікті ошақтарын құра бастады. Солардың бірі – медициналық мектеп құрылысы, мұнда итальяндықтар мен француздар жұмыс істеді, ал тілдік мәселелермен, оның ішінде сабақ кезіндегі аудармаға аудармашыларды таңдау және іздеу жұмыстарымен француз дәрігері Антуан Кло айналысты. Мұхаммед Әли өтініші бойынша А.Кло Египет армиясында медициналық оқыту және аудару орталығын ұйымдастырып, өмірінің көп бөлігін сол елде өткізді. Ол Египеттің дамуына айтарлықтай үлес қосқандықтан, оны «Клот-бек» деп атады (бек – «мырза» мағынасындағы түркі сөзі). Клот-бек басқарған медицина және фармацевтика факультеті араб тіліне медицинаның түрлі саласы бойынша 86 кітап аударды. Клот-бек аудармашыларына Еуропа ұстаздарының дәрістерін дәйекті түрде аудару оңайға соқпады, себебі олар аударманың көптеген мәселелеріне, атап айтқанда медициналық терминдерді аударудағы қиындықтарға тап болды. Мұндай дәрістер кезінде терминдердің мағыналық бұрмалануы мүмкін болғандықтан, Египет үкіметі алдында арнайы тілдік мектептер ұйымдастыру қажеттілігі тұрды. Осындай мектептердің бірі Аудармашылар мектебі болды, мектепті 1837-1849 жылдар аралығында мысырлық ағартушы, жазушы әрі қоғам қайраткері Рифаа Тахтауи басқарды. Ол еуропалық білім алып (1826-1831 жж.) Франциядан келген соң, бес жыл көлемінде оқитын жиырма студентке аудармадан оқытушы болды. Содан кейін олардың он екісі медициналық мекемелерде, сонымен қатар медициналық мектепте аударма жасау мақсатымен Францияға медициналық тәжірибеге жіберілді. Аталмыш тәсіл нәтижелі болғандықтан, осы бағдарлама аясында басқа да мектептер ашылды, бұл мектептердің мұғалімдері Аудармашылар мектебіне түске дейін екі сағат, түстен кейін екі сағат барып тұрды. Терминдер аудармасының мұндай тәсілі түрлі ғылымдар мен салалардың дамуында айтарлықтай маңызды рөл атқарды. Білім берудің ұлттық аясын дамыту мен Мұхаммед Әли басшылығындағы қызметкерлерді дайындау мақсатында 1843 жылы Корольдық басқарма мектебінің негізі қаланды. Мұнда Египеттің мемлекеттік аппаратындағы қызметке зиялы түлектерді дайындау үшін әдеп, мәдениет және аударма сабақтарына көңіл бөлінді. 1835 жылы Аудармашылар мектебі араб, түрік және француз тілдері, сонымен қатар жағрафия, арифметика, тарих секілді тілдік емес пәндер оқытылған «Тілдер мектебіне» айналды. Аудармашылар мектебінің (шамамен 150 шәкірт), кейіннен Тілдер мектебінің ұстаздары мен шәкірттері ғылымның география, тарих, әдебиет, медицина, әскери іс өнері, өндіріс және т.б. салалары бойынша 2000 кітап пен трактатты араб тіліне аударды. Р. Тахтауи Парижде таным негіздері, географияға, геометрияға, салауатты өмір салтына кіріспе және т.б. бойынша 12 кітап пен 1 трактат аударды. Ол батыс жетістіктері туралы ақпараттарды алуда негізгі құрал аударма екенін жақсы түсінді. 1841 жылы Рифаа Тахтауидің басшылығымен «Тілдер мектебінің» түлектерін қабылдайтын Аударма бюросы ашылды.
Алайда Мұхаммед Әли билігі 1849 жылы аяқталған соң, «Тілдер мектебі» жабылды, ал Аударма бюросы екі бөлімшеге бөлінді: араб тілінен және араб тіліне аудару, түрік тілінен және түрік тіліне аудару. Аударма мектебі жабылғандықтан, Аударма бюросы өз кадрларын шет тілін білетін маман-түлектермен толықтыра алмады. Тілдер мектебі өз қызметін тек 1951 жылы қайта жалғастырды, алты жылдан кейін ол Жоғарғы тілдер мектебіне, ал 1973 жылдан бастап Каир қаласындағы Айн-Шамс университетінің күні бүгінге дейін араб және шет тілдерін үйретіп келе жатқан Тілдер факультетіне айналды.
Мұхаммед Әлиден кейін аударма саласында тағы бір серпіліс жасалды. Бейрутта (Ливан) 1876 жылы «әл-Мұқтатаф» журналы құрылды, оның баспасы 1885 жылы Каирге көшірілді. Аталмыш журналдың бірегейлігі жалпы аударманың маңыздылығы мен батыс ғылымдары, өндірістік іс, ғылыми прогресс жетістіктерінің практикалық аудармасына арналған мақалаларында еді. 1914 жылы Египетте аударма және басылым бойынша Комитет құрылды. 1915 жылы «әл-Мұқтатаф» жұмысы тоқтатылды. 1956 жылы қызмет пен ғылымның түрлі салаларында, оның ішінде жоғары білімді арабтандыру, химия, математика, физика, биология және т.б. бойынша әдебиеттер аудармасының бағдарламасымен айналысатын Жоғарғы ғылыми кеңес құрылды. Бұл жұмыстың нәтижесінде, яғни терминология үшін маңызды кітаптарды, ғылымдар бойынша оқулықтарды арабтандыру процесінде шет тілдердегі терминдер жиналып, олардың араб тіліндегі баламалары таңдалды. Египеттегі ғылыми аударма бойынша әл-Ахрам орталығы күні бүгінге дейін математика, химия, технология, медицина, ЭЕМ (электронды есептеу машинасы) және басқа бойынша кітаптар аудармасымен айналысады. Араб тілі академиясы 59-сессияда (1993 жылғы конференция) өз алдына ғылымдарды арабтандыру мен жаңа мамандандырылған сөздіктер шығарылымы бойынша ғылыми мекеме құру міндетін қойды. Өз жұмысын 1953 жылы бастаған аудармашылардың халықаралық одағы үш жылда бір терминология мәселелерін талқылап, туындаған мәселелерді шешу үшін конференция өткізеді. Мұндай конференциялардың бірі 1993 жылы Англияда өтті. Оған Египет, Сирия, Ливан, Иордания, Палестина, Ливия, Алжир, Тунис, Марокко, сонымен қатар Еуропа елдерінің аудармашылары қатысты.
Мұхаммед Амер әт-Туниси, Наср әл-Хурини аударма бойынша еңбектерді зерттеп, жаңа араб ғылыми терминдерін құру мен олардың заманауи еуропалық терминдер арасындағы байланысын анықтауға айтарлықтай үлес қосты.
Белгілі ғалым М.Ф. Хиджази араб терминдерінің тарихын екі аспектіде қарастырады:
1. Араб мұрасы(التراث العربي) [at-Turaaśul-‘Arabi].
2. Қазіргі кезең терминдері (المصطلحات في العصر الحديث) [al-Mustalahaatfiiil-‘Asril-Hadiiś].
Араб мұрасы – бұл бүкіл әлем ғалымдарының назарын аударатын түрлі ғылымдар бойынша құнды ортағасырлық еңбектердің қазынасы. М.Ф. Хиджази араб ғылыми қауымдастығына бүгінгі күнге дейін аударылмаған араб мұрасының еңбектерін, Араб халифатының территориясында исламның таралған дәуірі – ғылым, мәдениет пен діннің гүлденген уақытында пайда болған грек, латын, парсы тілдеріндегі еңбектерді аударып, қолдануды ұсынды. Ғалымның пікірінше, Ибн Сина мен латын, испан тілдеріне аударылып, Кордова халифтары билік еткен Испания, Португалия жерлеріндегі басқа да ортағасырлық ғалымдардың еңбектерін ұмытпаған жөн [12, 29-б. ]. Екінші аспект – қазіргі заман терминдеріне келсек, олардың тарихы Францияның Египетті жаулап алуымен аяқталған Наполеон Бонапарттың Египетке жорығынан (1798-1801 жж.) басталады. XVIII-XIX ғасырлар көлемінде француз тілі ғылым мен мәдениеттің негізгі тілі болды. ХХ ғасырдың басында итальян тілі басым тілге айналды, ал кейіннен бүгінгі күнге дейін ағылшын тілі бұл рөлге ие болды. Араб және әлемнің басқа аймақтарында ақпараттық технологиялардың пайда болуымен америкалық ағылшын тілі компьютер және интернет тілі ретінде басым рөл қызметін атқарып келеді. Осылайша, М.Ф. Хиджази араб терминдерін диахрондық тұрғыда олардың тарихи дамуына байланысты ортағасырлық араб терминдері (المصطلحات العربية التراثية [al-Mustalahat ul-‘Arabiyat ut-Turaśiya]) және қазіргі заман араб терминдері (المصطلحات العربية الحديثة [al-Mustalahaat ul-‘Arabiiyat ul-Hadiiśa]) [12, 30-б.] деп екі топқа бөліп қарастыруды ұсынды.
Сонымен, егер араб мұрасының терминологиялық тілі өзіне ассирия, грек, латын, парсы және көне заман мен орта ғасырдың басқа да тілдерінің элементтерін қосқан болса, онда қазіргі заман терминдер француз, итальян, ағылшын тілдерінің элементтерін қосты. Алайда араб тілі мен оның терминдерінің тарихында, әсіресе әскери және әкімшілік терминдердің қалыптасуында төрт ғасыр көлемінде араб елдерінің территориясында Осман империясының билігі жүрген кезінде (XVI‐XX ғ.) түрік тілі де маңызды рөл ойнады. Сондықтан араб терминдерінің тарихын зерттегенде араб елдерінің территориясында Осман империясы мен сәйкесінше, оның тілінің болғанын ескеру қажет.
Осман империясының билігі айтарлықтай уақытқа созылғандықтан, оны жеке кезең ретінде, дәлірек айтқанда, «түрік тегіндегі/ түрік түбірлі араб терминдерінің пайда болу кезеңі» деп атап, араб мұрасының қалыптасуы мен қазіргі заман араб терминдерінің шығуы арасындағы кезең деп қарастыру керек. ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың басындағы уақыт аралығында араб елдеріндегі «түріктендіру» саясаты белсенді түрде жүргізілді. Орта білім бағдарламасы «исламдық тәрбие» пәнін қосқанда тек түрік тілінде (осман) ғана оқытуға арналды. Осман империясы құлаған соң, Франция, Англия және Италия араб елдерін бөліп алды, бұл жағдай да әрбір араб елінің тілдік жүйесінде өзіндік көрініс тапты. Кейіннен араб елдері бірінен соң бірі тәуелсіздік ала бастады. Дегенмен тәуелсіздік батыс державаларының барлық салаларында, оның ішінде тіл мен оның терминдік жүйесіне әсерін толықтай жоя алмады. Машриқ араб елдері (Египет, Сирия, Ливан, Ирақ және т.б.) тәуелсіздік алған соң, мемлекеттің маңызды салаларын арабтандырып, тілдік жағдайға тез бейімделе алды. Ал Мағриб елдері (Марокко, Тунис, Алжир) ұзақ уақыт бойы (тіпті тәуелсіздік алған соң) Францияның тілдік ықпалында қалып қойды. Әли әл-Қасимидің айтуы бойынша, бұл аймақта «Араб тілі өлі тіл деңгейіне дейін шеттеліп, кейбір еуропалық шіркеулердегі латын тілі секілді тек мешіттерде намаз уақыты кезінде қолданылды. …Француз үкіметі балаларын тек француз тіліне үйрететін араб отбасыларын көтермелеп, сый тартты» [13, 158-б. ]. Бүгінгі күнде Мағриб елдерінде француз тілі шет тілі емес, екінші мемлекеттік тіл саналады (араб тілінен кейін) және ғылым мен техниканың барлық салаларында қолданылады.
Сұрақтар:
1. Араб терминологиясының қалыптасуындағы Аббас дәуірінің рөлін түсіндіріңіз.
2. Еуропа мен Шығыстағы, әсіресе Араб Шығысындағы терминологияның қалыптасуына тоқталыңыз.
3. Даналық үйінің араб терминологиясындағы орнын айқындаңыз.
4. Осман империясы билігі тұсында араб терминологиясының жағдайына тоқталыңыз.
5. Мұхаммед Әли билігі тұсында аударманың дамуы мен оның терминологияға әсерін анықтаңыз.