Читать книгу Араб тілінің терминологиясы - Анар Мустафаева - Страница 4
1-модуль
АРАБ ТЕРМИНОЛОГИЯСЫНЫҢ МӘСЕЛЕЛЕРІ
3-дәріс
Тәуелсіздіктен кейінгі кезеңдегі араб терминологиясы
ОглавлениеМашриқ елдері ХХ ғасырдың бірінші жартысында, ал Мағриб елдері ХХ ғасырдың екінші жартысында тәуелсіздік алды; шетелді жаулау саясаты: Франция Араб Мағрибын кең көлемде жаулап алып, француз тілінің таралып, араб тілінің тіпті қарапайым азаматтар арасында қарым-қатынас аясынан да алынуына жағдай жасады (аккультурация саясаты), ал Машриқ елдерінде араб тілі түрлі салаларда қолданылуын жалғастырды; жаулап алынған араб елдерінің Еуропада білім алуға, ғылыми жаңалықтарды жүзеге асыруға ұмтылыстары Машриқ елдерін Еуропаның оқу және ғылыми ресурстарын өз елдерінің (араб) ғылымының дамуында белсенді түрде қолдануға әкелді. ХІХ ғасырдың екінші жартысында Сирия мен Египет өз мамандарын Франция, Англия, Италияға еуропалық білім мен машықтарды кейіннен өз елдерінде қолдану үшін оқуға жіберді, ал бұл Мағриб елдеріне тән болмады.
Араб тілінің араб әлемінің барлық термин жүйесінде толық қолданылмауы келесі факторлармен түсіндіріледі:
Терминдердің бірегейленбеуі: әрбір араб елінің өздігінше жұмысы басқа елдегі баламасынан (ол жиі ұқсас әдіспен құрылған) ерекшеленетін дербес терминнің құрылуына әкеп соғады; терминдердің таралмағандығы: семинар, конференцияларда жүйеленген терминдер әрдайым қалың көпшілікке жетпейді, осылайша олар конференц-залдардың шегінен әрі аспайды; шетелде оқуды жалғастыра алу мүмкіндігі: өз елінде батыс тілінде білім алған студенттер мен түлектер Еуропада, АҚШ-та және т.б. елдерде білімін жалғастырып немесе жұмыс істей алады; оқытушының шет тілін білуі: шет тілде білім алған оқытушыларға сол тілде түсіндіру оңай болады; терминдер санының артықтығы: терминологиялық лексикаға күніне шамамен 50 термин келіп түсетіндіктен, термин жасау бойынша араб орталықтары оларды дер кезінде «өңдеп» үлгермейді; жүйеленген терминологиялық сөздіктердің аздығы; үйретушілер арасында араб әдеби тілін меңгендердің төмен деңгейі: студенттер әрдайым диалект қолданатындықтан, «фусханы» («الفصحى» [Fusha] араб әдеби тілін) жеткілікті деңгейде білмейді; ақпараттың шамамен 80 %-ы интернет желісі арқылы ағылшын тілінде түседі, сондықтан көп адамдар оны ЖОО-да алған білімдерін қолданып, түпнұсқада оқуды жөн көреді және т.б.
ХХ ғасырда Еуропа ғалымдары терминдерге арнайы сөз-дер ретінде көңіл бөле бастады. Нәтижесінде 1906 жылдан 1928 жылға дейін әлемнің алты тілінде Шломан (Schlomann) иллюстрациялы техникалық сөздігі жасалды. Бұл сөздіктің ерекшелігі оның әліппелік ретте емес, олардың түсініктері мен қатынастары негізінде құрылуы болды. Журнал мен газеттерде мақалалардың, терминология бойынша кітаптардың басылып шығуы терминдер «экспортына» жеткілікті фактор бола алмайды, сондықтан бұл үрдіске импульс бере алатын конференциялар, семинарлар, дөңгелек үстелдер және кездесулер өткізіледі, себебі оларда мамандар жиналып, ой-пікірлермен бөліседі, тәжірибелермен алмасады және т.б. 1976 жылы Инфотерм қатысуымен Найробиде (Кения) «Аудармашылар мен аудармалардың құқықтарын қорғау бойынша ұсыныстар мен аудармашылардың мәртебесін жақсарту бойынша практикалық іс-шаралар» тақырыбында ЮНЕСКО-ның конференциясы өтті. Қаралатын мәселелер арасында барлық ЮНЕСКО елдерінде терминологиялық орталықтар құру, халықаралық деңгейде ғылыми және неологизм-терминдермен алмасу болды. 1983 жылы Танзанияда терминологиялық семинар өтті. Оған Африканың алты елінен, оның ішінде екі араб елінен: Судан, Сомали, Танзания, Эфиопия, Мадагаскар мен Бурунди елдерінен мамандар қатысты.
Информатика ғылым ретінде Францияда ХХ ғасырдың 60-жылдары орнығып, әзірге жас немесе А.В. Суперанская айтқандай «терминологияға байланысты ғылымдардың кішісі (кенжесі)» саналатындықтан, оның термин жүйесі де жас және күн сайын жаңа терминдермен толығып отырады. 80-жылдары терминология саласындағы батыс мамандары осы ғылыммен байланысты терминдерді қалыптастырып, бір жүйеге келтіру қажеттілігін нақты сезінді. 1982 жылы Англияда «Аударма және компьютер. Болашақтың терминологиялық банктері» IV конференциясы өтті. Мұнда Инфотерм өзінің «ТерНеттегі компьютерлік терминография – терминологиялық деректер банкінің рөлі» баяндамасын ұсынды. 1987 жылы Женевада терминология мен аударма бойынша жиналыс өтті, мұнда маңызды сұрақтардың бірі ретінде компьютерде латын емес әріптерді қолдану мәселесі қарастырылды.
Бүгінде белгілі Араб тілі академияларына келер болсақ, олар:
Дамаскідегі (Сирия) Араб тілі академиясы. Ол алғашында Араб ғылыми академиясы деп аталды. Академия 1919 жылы Мұхаммад Курд Әли жетекшілігімен Сирияда білім мен басқарманы арабтандыру мақсатында құрылды. Академия кезінде тарихи-археологиялық, мәдени ескерткіштер жиналған археологиялық мұражай, трактаттар мен кітаптардың үлкен бөлігі жиналған кітапхана, айлық журнал (1921 жылдан) жұмыс істеді. Кітапхананың орналасқан орны ретінде Сұлтан әз-Захир Бейбарс Дамаскіде салған мектеп таңдап алынғандықтан, оны Захирия кітапханасы деп атады. Журнал 1931 жылдан екі айда бір рет, ал 1948 жылдан тоқсан сайын шығып тұрды.
Каирдегі (Египет) Араб тілі академиясы. Араб тілінің корольдық академиясының құрылысы жайлы қаулы 1932 жылы шықты. 1938 жылы мекеме І Фуадтың Араб тілі академиясы болды, ал 1953 жылғы шілде революциясынан кейін ол Араб тілі академиясына айналып, бұл атау бүгінгі күнге дейін сақталды. Каирдегі академия араб тілінің дамуы саласында бірқатар жобаларды орындады. Олардың арасында терминология саласында:
Араб сөздіктерінің құрылуы: «المعجم الوسيط» [al-Mu’jam ul-Uasiit] (1960), «معجم ألفاظ القرآن الكريم» [Mu’jam Alfaz il-Quraan il-Qariim] (Қасиетті Құран сөздерінің сөздігі) (1953‐1969), «المعجم الفلسفي» [al-Mu’jam ul-Falsafi] (философиялық сөздік) (1979), «المصطلحات العلمية والفنية» [al-Mustalahaat ul-‘Ilmiya ua al-Fanniya] (ғылыми-техникалық терминдер) (алғашқы басылым 1958 жылы және қырық жетінші басылым 2007 жылы) және басқалар.
1934 жылдан бастап шығатын жылдық журнал. 24-санынан бастап жылына екі рет шыға бастады. Оның төрт бөлімінің бірі академия құрған терминдерге, ал басқалары лингвистикалық ережелер, зерттеулер мен тіл облысындағы теорияларға және академия мүшелерінің жұмыстарына арналған. Каир академиясы өзінің терминология саласындағы белсенді жұмысының нәтижесінде 150 мың термині бар 44 топтама шығарды.
Ирақ Ғылым академиясы 1947 жылы Бағдадта құрылды. Алдыңғы академиялар секілді бұл мекеме де мүшелерінің зерттеулері жиналған журнал шығарып, трактаттар, кітаптар және басқа да құнды деректер сақталған кітапханасын құрды.
Иордания Араб тілі академиясы. 1976 жылы Иордания үкіметі арабтандыру, аударма және баспа бойынша Комитетті Араб тілінің иорданиялық академиясына ауыстыруға қаулы шығарды. Араб әлемі елдерінде орналасқан басқа да академиялар сияқты бұл академияның негізгі мақсаты араб тілін сақтауда болды. Академия 1978 жылдан бастап өзінің жылдық журналын шығарады, өз кітапханасын және терминдер мен олардың сақтауға арналған компьютерлік орталық құрып, ғылыми конференциялар мен семинарлар өткізеді.
Марокко Корольдығының Араб тілі академиясы 1977 жылы Рабатта құрылды. Академияның жұмыс тілдері араб, француз, испан және ағылшын тілдері болып табылады. 1980 жылдан бастап «Академия» жылдық журналын шығарады, сондай-ақ жыл сайын академияның барлық мүшелері жиналатын арнайы сессия өткізеді.
Хартумдағы (Судан) Араб тілі академиясы 1990 жылы құрылды, оны доктор Абдулла әт-Таиб басқарды. Академия жылына екі рет «Мажаллят мажмаа әл-Луға әл-Арабия фи-л-Хартум» (Хартумдағы араб тілі академиясы журналы) атты журнал шығарады. Алайда Академия жоғары оқу орындарында кездесетін терминдерді арабтандыру мәселелерімен айналыспайды. Ол мәселелермен басқа арнайы мекеме айналысады.
Алжир Араб тілі академиясы 1992 жылы Алжир қаласында құрылған. Жылына екі рет «Мажаллят әл-Мажмаа әл-Джазаири ли-л-Луға әл-Арабия» (Алжир араб тілі академиясы журналы) журналын шығарады.
Палестина Араб тілі академиясы (Байт әл-Мақдис) 1994 жылы президент Ясир Арафаттың бұйрығымен Рам-Аллада құрылған. Академия жыл сайын «Мажаллят мажмаа әл-Луға әл-Арабия» (Араб тілі академиясы журналы) журналын шығарады және «Муджам әлфаз әл-Интифада» (Интифада сөздерінің сөздігі – палестиналық арабтардың Израильге қарсы көтерілісі) сөздігін жариялады.
Ливия Араб тілі академиясы 1994 жылы Триполи қаласында құрылды. Басқа араб академиялары секілді бұл ұйым да араб тілінің игілігіне жұмыс істейді, араб филологиясы мәселелері бойынша түрлі іс-шаралар (конференциялар, дөңгелек үстелдер, семинарлар) өткізеді.
Бірақ ең жас академиялар 2007 жылы Израильде құрылған Араб тілі академиясы және 2012 жылы Сауд Арабиясында құрылған Әл-Иқтирад («الاقتراض» кірме сөз) Араб тілі академиясы саналады. Бірінші академияның алғашқы президенті Тель-Авив университетінде қазіргі араб әдебиетінің профессоры доктор Махмұд Ғанаим болды.
Араб академияларының одағы
1956 жылы АЕЛ (Араб елдерінің лигасы) Дамаскідегі І конференцияда осы академияларды біріктіріп, олардың қызметін үйлестіретін одақ құру туралы шешім қабылдады. Академия жұмыстарының координациясына араб елдеріндегі ғылыми терминдерді бірегейлендіру де енді. Алайда тек 1971 жылы Дамаск, Каир, Аммандағы Академиялар одақ құрамына еніп, штаб пәтері Каирде болған араб тілінің ғылыми-лингвистикалық академиясын құрды. Одақ президенті Египеттегі Араб тілі академиясының президенті болып табылады. Кейіннен Араб академиялары одағына араб елдерінің басқа да академиялары қосылды. Академия одағы араб астаналарында жиі семинарлар өткізеді, мысалы терминология облысында: Дамаскіде заңнамалық терминдер, ғылыми термин құрылуының бірыңғай әдістемесі бойынша, Бағдадта мұнай терминдері, Рабатта араб тіліндегі ғылыми символдар, Туниста медициналық терминді арабтандыру және бірегейлендіру, геологиялық терминдер, Амманда ақпараттандыру және жаһандану дәуіріндегі араб тілінің мәселелері бойынша және т.б. Араб әлемінде арабтандыру мен араб тілінің дамуында рөл ойнаған басқа да одақтар құрылған, олардың арасында Араб университеттерінің одағы (1960), Ғылыми зерттеулер кеңесінің одағы (1975) бар.
Сонымен, Араб Шығысы елдерінде терминдер дамуы тарихындағы негізгі кезеңдер Аббас кезеңі, Мұхаммед Әли билігі, тәуелсіздік алу және қазіргі кезең болды, ал терминдер толықтырылуының негізгі ресурстары конференциялар, семинарлар өткізу, терминологиялық пән оқыту, одақтар, академиялар жұмысы және жарияланған еңбектерді журналдар, мақалалар мен сөздіктер түрінде тарату болды.
Сұрақтар:
1. Тәуелсіздік алғаннан кейін терминологияны дамытудағы алғашқы үрдіс пен нәтижелерді атаңыз.
2. Машриқ пен Мағриб елдеріндегі терминология және тілдік жағдайды түсіндіріңіз.
3. Алжир мен Египеттегі терминологияның дамуына салыстырмалы талдау жасаңыз.
4. Араб тілі академияларының терминологияны дамытудағы орнын көрсетіңіз.
5. Жас Араб тілі академияларының қызметі мен жетістіктеріне тоқталыңыз.