Читать книгу Орта ғасырлардағы Шығыс мемлекеттерінің (Қытай мен Үндістан, ХІІI-ХІV ғ.) тарихы - Гүлжан Беделова - Страница 1

АЛҒЫ СӨЗ

Оглавление

«Орта ғасырлардағы Шығыс мемлекеттерінің (Қытай мен Үндістан, ХІІІ-XIV ғ.) тарихы» – жоғары оқу орындары студенттерін кредиттік жүйе талаптарына сай оқытуға арналған оқу құралы.

Көп ғасырлар бойы Шығыс пен Батыс екі қарама-қарсы дүние ретінде қабылданды. Соңғы уақыттарда тарихшылар Шығыстың «артта қалу», «баяу даму» мәселелеріне көп көңіл бөліп жүр. Тарихи бірлестіктер дамуының жолдары көп нұсқалы. Сондықтан дербес, аймақтық, ғаламдық деңгейлердегі дамудың заңдылықтары сәйкес бола алмайды дей аламыз. Мысалға, Батыс Еуропаның тарихы қанша зерттелгенімен, еуропалық терминдерді, анықтамаларды Шығысқа және бүкіл әлемнің тарихына қатысты қолдана алмаймыз.

Ортағасырлық Шығыстың өмірі де бірқалыпты болған жоқ. Оның саяси картасы көп өзгерістерге ұшырап отырды. Барлық ортағасырлық өркениеттер тарихы ортақ құбылыстарға толы, бірақ дәл осы кезеңде оның әркелкілігі белгіленеді. Шығыс біртұтас болған жоқ: көшпелі халықтар мен отырықшы халықтар арасында өте үлкен ерекшеліктер болды, ежелгі өркениеттердің тарихи жолы әрқилы еді. Бұл өздеріне тән ерекшеліктер көптеген факторлардың ықпалымен қалыптасты.

Орта ғасыр тарихында XIII-ХІV ғасырлар тарихтың жаңа кезеңін ашады деседе болады. Дәл осы ғасырларда өзінің ең жоғары дамуына – феодалдық әлемде өзінің көрінісін тапқан, орталыққа ұмтылған күштер жетті. Бұл күштер Ескі Дүниенің екі жағынан да: Азияда және Еуропада көрінді. Азияда бұл идеяның өмірге келуі, көшпелі тайпаларды бастаған Шыңғысханның атымен байланысты болса, Еуропада – күресуші шіркеудің көсемі, папа Инокентий IV есімімен байланыстырылады. Екеуі де армандарының шамамен бір уақытта жүзеге асатындығын көрді: ХІІІ ғасырдың 40-жылдары Тынық мұхиттың жағалауларынан бастап, Карпатқа дейінгі кеңістікті жаулап алу, моңғол державасының пайда болуына алып келді; осы ғасырдың 50-жылдары Германиядағы Гогенштауфен әулетінің құлауымен, Рим папалары өзінің жеңісін тойлай алды.

Ескі Дүниенің екі жағында болған бұл жағдайлар, үлкен және күрделі мағынаға ие болды. Ең алдымен, оларға саяси процестердің өзгеруі ықпал етті. Шығыс пен Батысты, қарым-қатынастың жаңа түріне алып келді: бірінші Шығыс моңғолдардың түрінде Батыспен күресте қақтығысты (орыстармен, поляктармен, немістермен); содан кейін бұрынғыға қарағанда кеңірек, осы екі дүние арасында дипломатиялық және сауда байланыстары жаңа қырынан көрінді. Ал бұл жағдайлардан да маңыздысы, олар ортағасырлық дамудың тарихи жүрісін қиыстырды: ортағасырлық дәуірдің дүниенің жоғарғы көрінісінің ғасыры – иерархиялық мемлекеттердің әлемдік идеясы, сонымен бірге осы ортағасырлық феодалдық дүниенің басы мен аяқ ғасырына айналды.

«Орта ғасырлардағы Азия және Африка елдерінің тарихы» курсы ҚР Білім және ғылым министрлігі ұсынысымен бекітілген және іске қосылған ҚР жалпыға бірдей міндетті Мемлекеттік білім беру стандарты бойынша жоғары оқу орнында оқытылады. Орта ғасырлардағы Азия және Африка елдерінің тарихы, яғни орта ғасырлардағы Шығыс тарихы кең, көп қисынды, ауқымды болып келеді. Ортағасырлардағы Шығыстың құрамдас бір бөлігі Қытай мен Үндістан аймағы. Осы аймақтардың орта ғасырлардағы тарихын қарастыратын «Орта ғасырлардағы Шығыс мемлекеттерінің (Қытай мен Үндістан, ХІІІ-XIV ғ.) тарихы» деп аталатын осы оқу құралы кредиттік оқу технологиясының бағдарламасына сай жасалып, орта ғасырлардағы әлемдік өркениеттің ең ірі ошақтарының бірі болып табылатын Қытай мен Үндістан тарихымен таныстырады. Дәлірек айтсақ, бұл мемлекеттердің жоғарыда алып отырған кезеңдегі әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі жолдары басқа аймақтармен салыстыра отырып сипатталды. Сонымен қатар бұл елдердің саяси тарихына, қолөнері мен ауылшаруашылығына, басқа елдермен, соның ішінде Батыс Еуропа елдерімен жүргізген сауда қатынастарына терең көңіл бөлінді. Бұл мәселелер әрине, әртүрлі жазба деректерге сүйене отырып қарастырылды. Оқу құралы 5В020300 – «Тарих» мамандығы бойынша жоғарғы оқу орны тарих факультетінің студенттері мен оқытушыларына арналған.

Студенттердің тақырыпты және бірқатар мәселелерді тереңдей меңгеруіне жеңілдіктер туғызу мақсатында бақылау сұрақтары, пәннің мазмұнын ашатын нақты материалдар, студенттердің өзіндік жұмысы және реферат ұсынылды.

Пәнді оқыту мақсаты – осы мамандық бойынша оқитын студенттерді орта ғасырлық Шығыс, яғни Қытай мен Үндістан қоғамының маңызды тарихи процестерінің мазмұнын, даму тенденцияларын айқындап, олардың мән, маңызын ашып көрсетуге бағыт беру.

Пәнді оқыту міндеттері – тарихи дамудың негізгі және өзекті мәселелерін айқындай алатын, олардың мән, маңызын ашып көрсете білетін жоғарғы сапалы білімді тарих мамандарды дайындау.

Пәнді оқу барысында студенттер орта ғасырлардағы Шығыс елдеріне қатысты мәселелер жөнінде нақты білім алады.

Курсты меңгеру нәтижесінде студенттер білуі тиіс: орта ғасырлардағы Шығыс тарихын терең танып, объективті заңдылықтарын түсіну; деректерді және құжаттарды оқып талдаудың негізінде тарихқа дұрыс баға беру; тарихи фактілерді жақсы меңгере отырып, орта ғасырлардағы Шығыс тарихына жан-жақты талдау жасай білу.

Курсты оқыту нәтижесінде студенттер:

· Орта ғасырлардағы Шығыстың экономикалық, әлеуметтік, саяси, рухани-идеологиялық даму үрдісін, белгілі бір саясатының қалыптасуына әсер ететін экономикалық, саяси, әлеуметтік ойдың алдыңғы қатарлы бағыттарын оқып үйренеді;

· Студенттер деректік материалдарды терең меңгере отырып, тарихи дамудың көпқырлы да жан-жақты динамикасында бағдар табуға, қазіргі уақыттағы кез келген қоғамдық құбылысты талдай білуге үйренеді;

· Студенттер зерттеуге қажетті деректерді, әдебиеттерді іздестіру, фактілерді жинақтау, тексеру, талдау тарихи материалды жазбаша және ауызша жеткізе білу, негізгі жазба жұмыстарын (аннотация, пікір, реферат, ғылыми баяндама) жазуды дамытады.

Осы пәнді оқуға мүмкіндік беретін пәндер: «Алғашқы қоғам тарихы», «Ежелгі дүние тарихы», «Орта ғасырлар тарихы», «Әлем өркениеттерінің тарихы».

Пәнаралық байланыс, курстың басқа пәндермен байланыстылығы: «Археология», «Мәдениеттану» және тағы басқа да теориялық, практикалық қатынаста болу пәнді оқытудың жан-жақтылығын қамтамасыз етеді.

Орта ғасырлардағы Шығыс мемлекеттерінің (Қытай мен Үндістан, ХІІI-ХІV ғ.) тарихы

Подняться наверх