Читать книгу Орта ғасырлардағы Шығыс мемлекеттерінің (Қытай мен Үндістан, ХІІI-ХІV ғ.) тарихы - Гүлжан Беделова - Страница 2

КІРІСПЕ

Оглавление

Шығыс тарихы Еуропа тарихына қарағанда жалпы алғанда кеңірек, көп қисынды, ауқымды болып келеді. Өркениеттің шығыстық түрі өзінің қалыптасуын сонау ежелден алады, сонымен қатар бұл өркениеттердің көріністері жүздеген жылдар бойына сақталып отырды, тіпті, ортағасырлық Еуропада да байқалды және қазіргі уақытқа дейін кейбір халықтардың тарихы мен мәдениетінде кездеседі.

Үнді және Қытай өркениеті ежелгі уақыттан орта ғасырларға қоғамдық, мәдени және мемлекеттік негіздері ыдырамай, жаһандық трансформацияларға ұшырамай жеңіл өтті. Ортағасырлық Үндістан мен Қытай әлі де болса ежелгі уақыттағы бет-әлпетін сақтап қалды, дегенмен, өзгерістер әрине болды, көбіне бұл өзгерістер сыртқы саяси факторлармен байланысты еді.

Қытай мемлекеттілігі өзіне тән тұрақтылық пен ұзақ өмір сүрудің үлгісі болып табылады. Дегенмен, Қытайдың саяси тарихы орта ғасырларда қарқынды жүріп жатты. Ел гүлдену мен апаттарды, бейбітшілік пен соғыстарды, бірлік пен бытыраңқылықты да басынан кешіріп отырды. Қытай өркениеті ежелгі уақыттағыдай орта ғасырларда да циклдік даму үстінде болды.

VI-XIII ғасырларда Қытайдың конфуциандық империясы гүлденген шағында еді. VI ғасырда Суй әулеті елдің оңтүстігі мен солтүстігін біріктіре алды, бірақ VII ғасырдың басында ол биліктен айырылып қалады. VII ғасырдың басы мен X ғасырдың басына дейін Тан империясы орнайды, ал X-XIII ғасырларда Қытайды Сун әулеті биледі. Бұл кезеңде бүкіл елде қалалар, жолдар салынып, каналдар жүргізілді. Қолөнер мен сауда, өнер мен әдебиет өзінің шарықтау шегіне жетті.

XIII ғасырдың ортасына таман Қытай үшін ауыр кезең орнайды. Империя көшпелі тайпалардың шабуылына ұшырап, 1280 жылы оны моңғолдар жаулап алады да, Құбылай хан басқарған Юань империясы орнайды. Құбылай (1216-1294) Шыңғысханның немересі, атақты бесінші және соңғы ұлы хан болған. Мөңке ханның өлімінен кейін Құбылай хан құрылтайдың шақырылуын күтпей, өзін хан деп жариялатады. Құбылайдың тұсында Сун әулетімен күрес аяқталып, бүткіл Оңтүстік Қытай жаулап алынады, осы арқылы жалпы Шынғыс хан бастаған бүкіл Қытайды жаулап алу аяқталады. Құбылай Дайду, яғни басты астана деп аталған жаңа орталық соғады (Цинь династиясының астанасы – Чжунду территориясының негізгі бөлігін алған), ол кейін Пекин деген атауға ие болады.

Қытайдың өзінде Құбылайдың билік уақыты тыныштық және тәртіппен ерекшеленді. Атақты Еуропа саяхатшысы Марко Поло тіпті ол жөнінде тамаша билеуші деп айтады. Қытайлықтар оны одан кейінгі таққа келгендерден ерекше «Аспан Ұлы» деп атаған. Құбылай хан конфуциандыққа жақындық білдіргенімен, негізінен алғанда қытайлық болған жоқ, сонымен қатар қытай тілін де білмегенге ұқсайды. Оған өзінің жауынгерлері мен әскербасшыларына сенім артуға тура келді. Азаматтық қызмет орындарына ол бұрынғысынша моңғолдарды, ұйғырларды, мұсылмандарды, тіпті, еуропалықтарды сайлап отырды.

Оның билігінің соңында Қытай тұрғындары дәрежелеріне қарай төрт санатқа бөлінді: бірінші моңғолдар, екіншісі сэмужэнь және басқа шетел-шенеуніктер, үшінші хань-жэнь немесе солтүстік қытайлықтар, соңғылары нань-жэнь немесе оңтүстік қытайлықтар.

1271 жылы Юань династиясының орнағаны ресми түрде жарияланған соң, Құбылай хан Яо Шу құрастырған «мемелекеттік тәртіп» деп аталатын жаңа тәртіп орнатты. Осы уақытта Лю Бинчжун және Ху Хэн де орталықтанған әкімшілік реформа жүргізеді. Бұл реформа бойыша жоғарғы сот, әкімшілігі өзгерген барлық жаңа он провинцияда болатын болды. Мұндай жүйе ханға бағынатын барлық құрылымдарға тарады. Сонымен қатар провинциялармен бір қатарда Оңтүстік Моңғолия, Оңтүстік Манчжурия, Корея және Юнань (Дали патшалығының орнында) жүрді. Әскерді екі топқа бөлді: «сувэй», бұған ең мықты моңғол әскері және сарай мен провинция орталықтарының шетел сақшылары кірді және «чэньшу» моңғолдардың басқаруымен құрылған провинциялар мен шекаралардың әскерлері. Әдетте, моңғолдарды тұрақты әскерге алмады, бірақ көбін жалдамалы әскерге жасақтады, тағы басқалары қандай да бір себептермен әскерде қызмет етуге мәжбүр болды.

Ресми құжаттар, теңгелер мен жазуларға Құбылай тибеттік лама Пхагспа құраған ерекше әліпби енгізді. Бұл жаңа жазу дәстүрлі қытай және ұйғыр жазуларын ығыстыра алмады, сондықтан Құбылайдың өлімінен кейін қолданыстан шығып кетті. Жоғарғы шенеуніктер міндетті түрде алдымен моңғол тілінде сөйледі, ал сэмужэнь, сонымен қоса парсы және түркі тілдерінде сөйлейтін. Марко Поло мысалға, осы үш тілді де пайдаланған болу керек, ал қытай тілінде мүлдем сөйлемеген көрінеді.

Дінге келетін болсақ, онда даосизм, буддизм, исламның, христиандық пен конфуцияндықтың ерекше министрліктері тағайындалды. Бастапқы моңғолдық шаманизм, Тибет пен Кашмирдің магиялық дәстүрлері ауланың аумағында ғана қалды. Құбылайдың өзі буддизмді жақын тартқаны байқалады, сондықтан да ламаларға Тибетті билеуге берген көрінеді.

Азия арқылы құрғақ жолдағы хабарлар, Кайдудың әскери қимылдарына қарамастан бастапқыдағыдай ямдар арқылы беріліп отырды. Бұл пошталық қызмет Юань династиясының аяғына дейін сақталды және бұл құбылыс жөнінде алдағы тараулардың бірінде ашылып айтылады.

Теңіз бойынша сауда Оңтүстік Азиямен және Африкамен жүрді. Қытайдың ішінде су жолдары «Ұлы каналмен» біріктірілді, ол Линьань мен Дадуды және Хуанхэні байланыстырды. Осы жолдар арқылы үлкен кемелермен орталықтар мен әскерлерге азық жеткізіп отырды.

Өзіне дейінгі императорлар сияқты Құбылайда қағаз ақшаны қолданыстан түсірмеді. Олар әртүрлі бағалы заттардың эквиваленті ретінде жүрді. Қағаз ақшаларды міндетті түрде әркім қабылдауға міндетті болды, мұндайдан бас тарқандардың әрбіреуі жазаланды. Ақшаның құны, олардың еркін жүруін император қамтамасыз етумен байланысты болды.

Орталық биліктің әлсіреуі артынша инфляцияны өзімен алып келді. Қытайға келген шетел саудагерлеріне аула осы қағаз ақшамен төлеп отырды, ал олар оны кез келген ұнаған тауарларға айырбастай алды. Қолдары таза емес айырбасшылар бұл жағдайды шектен тыс пайдалана алатын еді.

Марко Полоны таңғалдырған байлық пен астамдық негізінен Сун әулеті кезеңінен қалған болатын. Сонымен қатар Марко Поло мұндай құбылыстарға, ерекше санаттағы шетелдік ретінде қарағанын естен шығармау керек. Ол Даду сарайын, оның жаңа мәрмәрлі қабырғалары мен залдарын, қазынасын, қоймалары мен арсеналдарын тамашалап суреттейді, сонымен қатар Шандудағы жазғы сарайды, оның аңшылыққа арналған қорықтағы жерлері, әдемі өзендері мен көгалдары жөнінде айтып кетеді.

Юань империясы уақытында барлық шетелдік кірістерге қарсы бет-перне ашыла бастады, қытай ауласы еуропалық саяхатшыларға, саудагерлерге, дипломаттарға ашылды. Бұл кезең жөнінде бай материалдарды бізге Плано Карпини, Гильом де Рубрук, Марко Поло және т.б. қалдырған.

1294 жылы Құбылай өлімінен кейін империясы, оның өзіне қарағанда қарапайым мұрагерлеріне қалады. Құбылайдың немерелері шақырған құрылтайда Камалуды хан етіп сайлайды, бірақ ол Кайдудан солтүстік шекараларды қорғауды жөн көргендіктен, ұлы хан және император болып, оның бауыры Тэмур тағайындалады. Ол Аннамамен соғысқа дайындықтан бірден бас тарта отырып, Чампыдан, Мьена және басқа да мемлекеттерден салық жинап отырады. Тэмур өте сақ, ақылды билеуші болды, бірақ көпке бармай 1307 жылы ауырып қайтыс болады.

Келесі таққа атақты жауынгер, Тэмурдің немере інісі Хайшань отырады. Ол бейбіт, буддизм мен конфуциандыққа қамқор еткен билуші болады. Хайшань өлімінен кейін 1311 жылы таққа оның саясатын жалғастырған інісі Баянту келеді. Ол 1320 жылға дейін ғана патшалық етеді. Одан кейінгі императорлар Судхибала (1320-1323), Есун Тэмур (1323-1328), Асицзиба, Кушала (1328) және Тог Тэмур (1328-1332) – олар моңғол министрлері және буддалық ламалар ықпал етіп отырған жас балалар немесе бозбалалар болды.

1338 жылы Тоган Тэмур таққа отырған кезде, моңғол әскерлерінің жағдайы әлсіреп қалған болатын, Қытайдан тыс Юань империясының билігі шектеулі болды. Онымен бірге шаруалар көтерілісі де дайындалып жатты.

Министр Баян, барлық шенеуніктер мен жоғарғы сот моңғол немесе «сэмужэнь» болу керектігі жөнінде, ал қытайлықтардың моңғол және араб жазуларын оқуына тиым салу туралы бұйрық шығарып, билікті нығайтуға тырысты. Оның немере інісі Тохтының талабымен Баян қызметінен алынады да, Тохты конфуцияндықты, қызмет орындарына тағайындалу үшін тапсыратын емтихан жүйесін жаңғыртып, қытай мәдениетіне қамқорлық жасап, барлық қоғамдық істерге қатысады.

Империяның бұл кезде жағдайы көтерілістерге толы болды, ең елеулі көтерілісті бастаған шаруалар көсемі Чжу Юаньчжан болып шықты. Осы арада Тохты да уландырып өлтіріледі. Чжу Юаньчжан қытайдың оңтүстігіндегі провинцияларын бірінен соң бірін жаулап алып, 1367 жылы Интян (қазіргі Нанкин) қаласында әкімшілігін орнатады да өзін У патшасы деп жариялайды. Чжу Юаньчжан солтүстіктегі Даду жазықтығына жеткен кезде Тоган Тэмур империядан қашуды ұйғарады. 1370 жылы Джехолда ол өмірін аяқтайды. Чжу Юаньчжан жаңа династияны Мин династиясы деп жариялап, өзі Хун У деген атты алады.

Осылай моңғолдардың Қытайдағы үстемдігі аяқталады. Көтеріліс тек моңғол шенеуніктеріне және жоғарғы моңғол қызметіндегі қытайлықтарға қарсы бағытталған болды, қалған ұсақ қызметтегі моңғолдар, сэмужэньдер қызметтерін жалғастыра берді және бірнеше ғасырлар өте толық қытайланып кетті.

Ал, енді Үндістанның саяси құрылымына келер болсақ, ол солтүстік және оңтүстік аймақтарында да тұрақсыздықпен ерекшеленді. Бұл тұрақсыздық мемлекет пен билік басына келген әулеттердің қысқа билік мерзімі мен әлсіздігінен көрінді. Ал, мұндай жағдай феодалдық бытыраңқылықтың айқын көрінісі болды деуге болады. Орта ғасырлардағы Үнді қоғамының құрылымы, ежелгі үнділік қасталық жүйеден қатты ерекшеленген жоқ.

Үндістанның саяси тұрақсыздығы, көптеген жаулап алушыларды өзіне тартты. V-VI ғасырларда солтүстік-батыс Үндістанға бірнеше дүркін ғұндар мен гурджар көшпелі және жартылай көшпелі тайпалары келе бастады. Бұл тайпалар жаңа жерге қоныстанып, ассимиляцияға ұшырап, тіпті, өздерінің мемлекеттерін құрды. VII–VIII ғасырларда Үндістан арабтардың шабуылына ұшырайды, бірақ раджпуттық княздер оларға тойтарыс көрсете алады. X-XI ғасырларда Үндістан территориясына мұсылмандар қайта шабуыл жасайды.

XI ғасырда аяғында түркі-мұсылмандар Джамна және Ганг алқаптарын жаулап алуға көшеді. Газневидтер әмірінің әскербасшысы Мухаммед Гури Кутб ад-дин Айбек 1206 жылы өзін үнді иеліктерінің сұлтаны деп жариялайды. Үндістан үш жүз жылдан аса уақытқа мұсылман билеушілерінің қол астына тәуелділікке түседі. Делий сұлтанатында (1206-1526 ж.) гулямдардан шыққан Айбек, Ала ад-дин Хилджи, Мухаммед Туглак негізін қалаған әулеттер билік құрады. XIV-XV ғасырларда Делий сұлтанаты мемлекеттік бытыраңқылықтың және Әмір Темірдің жаулап алуының нәтижесінде күйзеліске ұшырайды. XV ғ. – XVI ғ. бірінші ширегінде Солтүстік Үндістанның сұлтандары мемлекетті және билікті тұрақтандыру үшін бірнеше сәтсіз талпыныстар жасайды. 1526 жылы мұсылман сұлтандарының соңғысы Үндістанда Ұлы Моғол империясын құрған Бабырмен талқандалады. Ортағасырлық Үндістанның, соның ішінде Делий сұлтанатының тарихы да, ескі дәстүрлердің керемет тұрақтылығын көрсетті. Үндістанда ислам дінінің пайда болуы және таралуы, саяси жағдайды бірден өзгерту керек сияқты еді. Бірақ Үндістандағы ислам мемлекеттілігінің әлсіздігі, дәстүрлі үнді қоғамының әлсіз қарсыластығы жаңа құрылымды ішінен құлдыратып отырғандығында болды.

XIV ғасыр Шығыс пен Батыстың қарым-қатынасына жаңалықтар енгізді: бұл аймақтардың саяси өмірінің бірден болған өзгерістеріне байланысты дипломатиялық байланыстар қысқара түсті, сауда қатынасы да бәсеңдеді. Венеция мен Генуя – Шығыспен сауда жүргізген басты еуропалық орталықтар өз функцияларын жоғалтты, ал Қытайда орнаған жаңа Мин әулеті өзінің ауласында шетелдіктерді онша жақтыртқан жоқ. Саяхаттар «ұлы ашулар кезеңімен» байланысты және негізінен теңіз жолдары арқылы кейінгі уақытта жаңғырды.

Орта ғасырлардағы Шығыс мемлекеттерінің (Қытай мен Үндістан, ХІІI-ХІV ғ.) тарихы

Подняться наверх