Читать книгу Орта ғасырлардағы Шығыс мемлекеттерінің (Қытай мен Үндістан, ХІІI-ХІV ғ.) тарихы - Гүлжан Беделова - Страница 3

І БӨЛІМ
БАТЫС ЖАЗБА ДЕРЕКТЕРІ
ШЫҒЫС ЖАЙЫНДА

Оглавление

Дамыған феодализм кезеңі Еуропа халықтарының едәуір ілгері қадам басқандығымен сипатталады. Қалалар пайда болып, ұлттық мемлекеттер қалыптаса бастады. Ұлттық мәдениет туып келе жатты. Бұл құбылыстар қоғамдық қатынастарды әлдеқайда күрделендіре түсті, мұның өзі Шығыс жайында жазба деректердің сан жағынан өсуіне және олардың алуан түрлі болуына жағдай жасады. Осындай жазба деректердің қатарына, хронологиялық жағынан қарайтын болсақ, бірінші Джовани дель Плано Карпинидің «Моңғол тарихын» алуға болады. Ол францискандық орденнің іскері, сол орденнің негізін қалаған Франциск Ассизскийдің (1181-1226) жақын досы, өнерлі дипломат және дін таратушы болған. Испанияда, Германияда және Ватиканда жоғарғы шіркеу қызметтерін атқарған. Туған жері Италиядағы Маджионе қалашығы. Ол 1245 жылы 16 сәуірде Лион қаласынан Моңғолияға аттанған кезде 60 жаста болады, екі жылдық миссиясынан кейін (1247 ж. 18 қараша) Лионға қайта оралып, папа Иннокентий IV-ке «Libllus Historicus» («Тарихи шығарма») атты саяхатының есебін тапсырады. Плано Карпини жөнінде замандасы: «Ол ақылды, сауатты, шешен және әртүрлі істерге бейім адам болатын; татарларда және басқа елдерде көргенін қалың кітапқа жазған. Оны біреулер әртүрлі сұрақтармен шаршатқан кезде, осы кітапты оқып беретін», – деген. Өзінің «Тарихында» ол моңғолдардың дінін, дәстүрін, әскери және сауда ісін, әлеуметтік-экономикалық жағдайын жазып кетеді. Сонымен қатар Қытай жөнінде де көптеген мәліметтер береді. Плано Карпинидің шығармасы бізге дейін бірнеше редакцияда жеткен. XIII ғасырдың өзінде-ақ, сол кезеңнің сауатты адамдарының қызығушылығын тудырып, бірнеше рет көшірілген. Бірақ бұған қарамастан бізге дейін оның тек бес нұсқасы ғана жетіп отыр. Ең жақсыларының біреуі XIII ғасырдың аяғында немесе XIV ғасырдың басында жазылған Лейдендік нұсқа. XIX ғасырдың аяғында Кэмбридж университетінің кітапханасында, бұдан да ертерек жазылған нұсқа табылған. Плано Карпини еңбегінің тағы екі нұсқасы Париждің Ұлттық кітапханасында, ал соңғысы британдық музейде сақталған. Сонымен қатар тағы бір қызығы, Иркутсктегі А.А. Жданов атындағы мемлекеттік университеттің ғылыми кітапханасында бір еңбектің үзіндісі табылған. Бұл готика жазуымен жазылған үзінді зерттелгеннен кейін, XIII ғасырда Бовэден шыққан атақты ғалым Винцентамен редакцияланған Плано Карпини шығармасының IX тарауының VII, VIII бөлімдері екені белгілі болған. Плано Карпинидің кітабы көптеген тілдерге аударылған.

Келесі бір дерек – Гильом де Рубруктың «Шығыс елдеріне саяхаты» атты еңбегі. Плано Карпиниге қарағанда сауаттырақ болған Рубрук, өзінің саяхатына да жақсырақ дайындалған, сондықтан оның қалдырған мәліметтері құндылығы жағынан тек Марко Поло шығармасына ғана орын береді деседе болады. Рубрук жөнінде биографиялық мәліметтер өте аз, оны тек өзінің шығармаларынан ғана алуға болады. Тіпті, аты-жөні әр жерде әртүрлі жазылған. Ұзақ уақытқа дейін аты тарихи әдебиетте, латынша Рубруквис деп аталған, бірақ толық аты – Виллем немесе Гильом Рубрук. Ол көптеген жылдар бойына Франция королінің қызметінде болған. Туған жылы шамамен, 1215 және 1220 жылдар аралығы, ал қайтыс болған кезі болжаммен, 1270 жыл. Саяхатын 40 жасқа таман бастаған. Бұл ұзақ жолының алдында, ол бірнеше жылды Таяу Шығыста өткізген болу керек. Моңғолияға елшілігін Акка (Палестинадағы қала) қаласынан, яғни саяхатын дәл осы жерден бастайды.1253 жылдың аяғында Рубрук Моңғолияда болады. Қарақорымға жетерден бұрын, ол хан тұрағымен үш айға жуық көшіп-қонып жүреді де, тек сәуірде ғана Моңғолияның астанасына жетеді. Рубрук басқа еуропалықтарға қарағанда алғаш рет Қарақорымды тиянақты суреттеген. Ол жерде Рубрук екі айға жуық болып,1254 жылы маусымда Еуропаға қайтады. Отанына оралып, бір жыл өткеннен кейін, өзінің шығармасын аяқтайды. Әрине бұл еуропалықтар, XIII ғасырдың соңғы ширегі мен XIV ғасырдың басында Азияға жол ашуда жалғыз болған жоқ. Бұл кезеңде Еуропа мен Азия арасында дипломатиялық және сауда байланыстар тез қарқынмен жүріп жатты. Венециандық, генуэздық, флорентиялық, пизалық және басқа да итальяндық саудагерлермен бірге Шығысқа қарай католиктік миссионерлер еніп жатты. Солардың ішінде сол кезде үстемдік еткен Моңғол империясымен, Қытаймен, Үндістанмен, Оңтүстік-Шығыс Азиямен, Индонезиямен танысуда ізін қалдырған римдік католик шіркеуінің іскерлері Джовани Монтекорвино (1247-1328), Порденонеден шыққан Одорик (1286-1331) және Джовани Мариньоли (шамамен, 1290 және 1295 жылдар аралығында туылып, 1358 немесе 1359 жылдары қайтыс болған).

Джовани Монтекорвиноның саяхаты 1291-1294 жылдарға келеді. Ол Қытайдың астанасы Ханбалықта 40 жылға жуық өмір сүреді. Өзінің Қытайдағы өмірін папа Николай IV (1288-1292) елшісі ретінде бастап, 1307 жылы папа Климент V-тің (1307-1314) бұйрығымен «Ханбалықтың архиепископы және бүкіл Шығыстың патриархы» деген жоғарғы қызметке көтеріледі. Монтекорвино және оның көмекшілері Еуропадағы католиктік шіркеу қызметкерлерімен хат алмасып отырған. Саяхатшылардың шығармаларын, атап айтқанда латын тілінен аударған Я.М. Свет «По следам путешественников и мореплавотелей Востока» және Я. Шервуд «Былые пути: в Китай: Плано Карпини, Рубруквис, Марко Поло, Одорик» атты еңбектердін таба аламыз. Аталған деректер сол дәуірдің тыныс тіршілігін, әлеуметтік-экономикалық жағдайын, Батыс пен Шығыс елдері арасындағы дипломатиялық, сауда байланыстарын, осы салаларда болған өзгерістер мен ерекшеліктерді түсінуге мүмкіндік береді.

Келесі бір дерек – Марко Полоның «Кітабы». Ол орта ғасырдағы құнды шығармалардың қатарына жатады, әлемдік әдебиеттердің «алтын қорына» кірген, көптеген еуропалық және басқа тілдерге аударылған. «Кітаптың» алғашқы жазылымынан (1298) біраз жыл өтсе де, ол тек тарих, этнография, жағрафия, филология мамандарының ғана емес, кең көлемде оқырман қауымының да қызығушылығын тудырады. Венециандық саудагер Марко Полоның еңбегі жөнінде И.Л. Коростовец: «Еуропа мен Азия қарым-қатынасын дәлелдейтін қызықты құжат, Марко Полоның қалдырған… Қытайға саяхатының сипаттамасы болып табылады. Оның кітабын романға теңестірген бұрынғы тұжырымдарға қарсы… кейінгі кезгі зерттеулер еңбектің түп дерек екенін анықтады», – дейді.

Марко Поло «Кітабында» тек өзі немесе ағайынды Пололар жүрген, көрген жерлер ғана сипатталмайды, сонымен қатар басқа елдер де, кейбір тіпті өте алыс мекен жайларға көңіл бөлінеді. Марко Поло өзінің тыңдаушыларына бүкіл Азия, Солтүстік Еуропа, Үнді мұхиты жағалауында жатқан елдер жөнінде мағлұмат бергісі келді. Егер «Кітаптың» әр бөлімінде шашырап жатқан материалды жинақтасақ, венециандықтың жағрафиялық білімінің болғанын көруге болады. Осындай «Марко Полоның әлемі» үлгісіндегі картаны, «Кітаптың» ағылшын комментаторы Г. Юл құрған.

XIV-XV ғасырларда Марко Полоның «Кітабы» Азияның жағрафиялық картасын жасауда қолданыс тапты. Марко Полодан алынған жағрафиялық номенклатура, 1375 жылғы атақты «Каталондық әлем» картасында және басқа да карталарда, соның ішінде 1459 жылы Фра-Мауро картасында да қайталанды. Бірақ, әрине, кейінгі ортағасырлық картогровтар басқа да деректерді қолданды.

Жағрафиялық ашулар тарихында да Марко Поло «Кітабы» үлкен рөл атқарды. XV ғасырдағы португалдық экспедициясының және XV ғасырдың аяғы мен XVI ғасырдың басындағы алғашқы испандық экспедициялардың басшылары мен ұйымдастырушылары, «Ұлы космогровтар» мен теңізшілер, соның ішінде Христофор Колумб Азияға қатысты жерлерде Поло еңбегінің көмегімен жасалған картаны қолданумен бірге, оның шығармасын да әрдайым қол астында ұстаған.

XIX ғасырдың бірінші жартысында ашулардың көп тарихшылары Колумбтың «Кітапты» қолданғанына күмәнданды. Олардың айтуынша, Колумб ол жөнінде тек XV ғасырдағы кейбір жазушылардың айтқандарынан немесе еңбектерінен білген. Мұндай пікір, Марко «Кітабының» латын тілінде, жиегінде Колумбтың белгілеген жазбалары бар нұсқасы табылғаннан кейін (шамамен, 1485 ж. жарыққа шыққан) жоққа шықты.

Өзінің негізгі бөлімінде Марко Поло «Кітабы» Қытай, Моңғол, Үндістан тарихы және Орталық Азия мен Алдыңғы Азияның кейбір халықтарының тарихы үшін маңызды болып табылады: олардың тұрмысы, экономикасы, әскери өнері жайлы құнды мәліметтер береді.

Марко Поло моңғол жаулап алушылықтары туралы айта отырып, олардың жауыздығын көрсетпейді, керісінше, Шыңғыс хан мен оның ұрпақтарының ер жүректігін, ұлылығын суреттейді. Сонымен қатар Құбылайдың ақылдылығы мен құдіреттілігінің, оның керемет тойлары мен көптеген аңға шығуларының, Қытайдың жанғажай жолдарының, ұлы ханның «ағартушылық абсолютизімінің» алдында таң ғалғанын жасырмайды. Кедей, дөрекі, соғыстар мен діни келіспеушіліктерге толы Еуропадан шыққан оған, Шығыс ертегідей болып көрінеді.

Әрине, Марко Поло Шығыста көп затты түсінбеді, өйткені өзінің мәдениеті жағынан сол кездегі Шығысқа қарағанда төмен тұрды. Шығыста оның назары неге түскенін, оның ой-санасына не «жеткенін», өзінің одақтастары үшін қандай керек жерлерді белгілеу керектігін және оның көзіне түсіп тұрған, бірақ, назарсыз қалған заттарды қарастыру өте қызықты.

Осылай, Марко Поло Қытайдағы ақша басып шығару техникасын рет-ретімен суреттей отырып, оны Еуропада түсінбейтіндігін біледі. Ақша басып шығарудан кітап басып шығаруға бір-ақ қадам, оның үстіне Қытайда сол кезде кітап баспалары болды. Марко Полоның Қытайда кітаптарды кездестіргені сөзсіз, бірақ олар жөнінде ол сөз қозғамайды. Ол Қытайда тас көмірдің табылып, өңделетіндігін айтады, бірақ осы суреттеуден-ақ оны, жерлестері түсінбейтіндігіне қаупі байқалады.

Марко Поло ең алғаш рет еуропалықтарға, Волгадан Жапонияға дейін, Сібірден Мадагаскар мен Яваға дейін созылып жатқан Шығыс әлемі жөнінде жеткізген, ол еуропалықтардың ішінде ең бірінші болып, Қытай өзен далаларының қайнап жатқан өмірін, Памирдің үнсіздігін, Суматраның тропикалық табиғатының әркелкілігін суреттеген. Бірақ Марко Поло әкелген мәліметтерді сол кездегі еуропалықтар қолдана алмады. Ұлы моңғол державасы құлдырады, кресшілердің, генуэздіктердің, венециандықтардың Левантадағы тұрақтары жоғалды, Шығысқа жол жабылды. Венецианың өзінде XIV ғасырдың бірінші жартысы таптық күрестің жанжалында өтті, әрине, сондықтан оларды алыс Қытай мен Үндістан қызықтырмады.

Марко Полоның «Кітабы» алғашында ойдан шығарған шығарма болып саналды, оны тек рыцарлық романдардың авторлары қолданды. 1829 жылы неміс ғалымы К.Д. Хюльман «Орта ғасырдың жағрафиясы» атты кітабында: «Әрине, Поло Ұлы Бұхарадан әрі шыққан жоқ, ал ол кезде сол жерге итальяндықтардың көбі баратын. Моңғол державасы жөнінде айтулары, сол елдердің саудагерлерінен естігені, ал Үндістан, Парсы елі, Арабия мен Эфиопия жөнінде мәліметтері араб деректерінен алынған. Марко Полоның Құбылай ауласында он жеті жыл қызмет еткендігі туралы хабары, оның шектен шығуы болып табылады», – дейді Бұл үзіндіні Поньон Эдмон еңбегінен алдық.

Бұл тұжырымдарға қарамастан, зерттеулер мен фактілерді ескере отырып, Марко Поло кейбір жерлерді санамағанда шыншыл болғанын айта аламыз. Сонымен қатар «Кітаптың» негізгі бөлімін жоғары бағалай отырып, тарихшы-шығыстанушылар, былайша айтқанда тарихи тараулары жөнінде: «Біркелкі, жасанды шаблонмен жасалған және шынайы оқиғалар жөнінде ешқандай түсініктеме бермейді», – дейді. Бұл тараулар стилі жағынан негізгі тараулардан ерекшеленетін болғандықтан, оны пікір жазушылар Рустичаноның «еркін жөндеуінің» қорытындысы екендігін айтады. Ал Полоның кейбір биогрофтары, генуэздік қамаудағы Рустичаноны, орта ғасырдағы әртүрлі халықтардың шайқасы, әртүрлі тарихи кезеңдерде бір-бірінен айыра алмайтындай етіп жазылған әскери повестердің авторларына ұқсатады. Бірақ, бұл тек шайқастарды суреттеулерге ғана қатысты. «Кітаптың» басқа тарихи тараулары жоғарғы бағаны талап етеді. Олар кейде аздап өзгертілген (мысалға «тау қарты» жөнінде әңгімесі), кейде нақты мәліметтер береді, бұл Марко Полоның тарихи оқиғалар жөнінде мағлұматы бар екендігін дәлелдейді. Оның келтірген бірқатар мәліметтері, сол кездің Шығыс деректерімен дәлелденеді, негізінен парсы тарихшысы Рашид-ад-диннің «Жылнамалар жинағы».

«Кітаптың» ертедегі ең алғашқы түп нұсқасы қашан жазылды деген сауалға келетін болсақ, «Прологтың» соңғы сөйлеміне қарағанда, 1298 жылы. Дәл сол кезде, пизандық Рустичаноның (немесе Рустичелло) айтуынша: «Марко Поло Генуяда қамауда отырып, өзімен бірге қамалған Рустичано Пизанскийді осының бәрін», яғни «Әлемнің әркелкілігі» атты кітабын жазуды талап еткен. Мұнда Полоның отанына оралғанан кейінгі өмірі туралы деректер жоқ болғандықтан, XIX ғасырдың кітапқа пікір жазушылары Марко Поло генуэздік қамауға Адриатика теңізінің долматиндік жағалауының қасындағы Корчула (италиандық аты-Курцола) аралының маңында болған, атақты теңіз шайқасының (1298 жылы 7 қараша) қатысушысы ретінде түскені жайлы қорытындыға келеді, ол жерде венециандық флот генуэздіктермен талқандалып, жеті мыңға жуық венециандықтар тұтқынға түскен. Бірақ Марконы Генуяға басқа-тұтқындармен бірге тек, қырқүйектің екінші жартысында ғана әкелген. Ал оны 1298 жылы Рустичаноға жаздыру үшін, көп дегенде үш ай қалатын еді. Бұл, біздің ойымызша кең көлемді кітап жазу үшін, өте аз уақыт. Сонымен қатар Марко Поло италиян тілінің венециандық диалектісінде, ал Рустичано тоскандық диалектіде сөйлегендіктерін ескеру керек. Марко Полоның әңгімелері француз тілінде жазылған, ал ол тілде Рустичано жақсы сөйлемеген, бұл жөнінде осы мәселемен айналысқан маманданушы-филологтар да айтады. Сонымен бірге кітапқа барлық пікір жазушылар Марко Поло әңгімелелерін айтып отырған уақытында, қолында тек Венециядан алуға болатын материалдар болған дегенге келеді, ал оларды Генуяға алып келу мұндай республикалар арасында соғыс уақытында көп мерзімді талап ететін еді. Осылай «Кітаптың» жазылу мерзімі айтарлықтай қысқарады.

Осы ойларға байланысты «Кітаптың» XIX ғасырдағы пікір айтушылары, Марко Полоның Корчуладағы шайқасқа қатысқанын жоққа шығарып, ол генуездік қамауға бұдан ерте, яғни саяхатынан келісімен 1296 немесе 1297 жылы түскен деген ойға келеді. Ал бұл жылдары бізге белгілі шайқастар болмағандықтан, Марко Поло басқа теңіз операциясына қатысқандығын немесе қамауға белгісіз жағдайлармен түскендігі туралы сөз болады және бұл тұжырымдар шындыққа жақын деуге негіз бар.

Кітапта Марко Поло өзінің немесе басқалардың жазбаларын қолданғаны туралы жазылған. Ең алдымен, венециандықтың ханның ауласында қызмет етуі, одан жүйелі түрде жазбалар жасауды талап етті.

1298 жылы Марко Поло қамауда отырған кезде, өзінің саяхатын әңгімелеуден жалығып, Венецияға жазбаларын әкелуге жібергені жөнінде хабарлар бар. Тіпті, Рамузионың мәтіненде: «Ол ұлы ханнан кете алмайтындығын біліп, өзінің көрген-білгендерінің кейбір жақтарын жазып отырған, өйткені оның ойынша мұның бәрі ешкіммен жазылмағандықтан, мәңгілікке жоқ болып кетсе өкінішті болар еді», – деген сөз қосылып жазылған.

Марко Поло біреудің жазбаларын да қолданған, ол:

«Ол жөнінде Ханшайым, Баян-жеңімпазға хатында суреттегендей етіп тура айтамыз және ол екеуі де сол жөнінде ұлы ханға баяндады… ал бұл суреттемедегі шындықты – мен, Марко Поло, өз көзіммен көрдім» (CLII тарау) былай дейді. Сонымен қатар бізге дейін жетпеген ескі карталарға да сілтеме бар. Марко Поло кітапты қолындағы мәліметтерге сүйеніп жазған және оның кітабы біржақты емес.

Біз кітапта сонымен қатар, әкесінің, ағасының және Марконың саяхаты жөнінде қысқаша жазылған хабарлар таба аламыз. Кітапта «жолдамаларға» – Марко Полоның жол бойындағы сипаттамасына көбірек назар аударылған. Бұл хабарлармен қатар «Кітапта» басқа да суреттемелер: «туземдіктердің» салты, киімдері, денесіне салатын меңдері, қарулары, дәстүрлері бар. Бұл әңгімелерінде Марко Поло ханның тапсырмасымен басқа елдерде жүрген кезде жинаған мәліметтерін қолданған болу керек.

Өзінің саяхаты кезінде Памирде және Моңғолияда шатырдың астында түнеп, қытай қалаларының көшелерінде дуаналар айтатын ертегілерге құлақ салып, Орта Азияның керуен-сарайларында жолаушылармен әңгімелесіп, Цейлонға жақындаған кеменің үстінде будда монахының айтқандарын тыңдап, Марко Поло көптеген ертегілер, аңыздар, аңшылық әңгімелер жинаған. Бұлар кітаптың әр жағына қосылған және бұл әңгімелерден Александр Македонский туралы ортағасырлық романның үзіндісін, «Қасиеттінің өмірін», өзгертілген қытай ертегісін, інжіл текстерінің айғақтарын, Шакия-Муни туралы буддалық аңызды, Рук құсы және қол жетпейтін тауларды табу жайлы Шахризаданың әңгімелерін көруге болады. Бұған Марко Полоның аңшылық әңгімелері де кіреді. Аса қызығушылықпен ол Құбылайдың аңға шығуын сипаттайды. Ол, қолайлы жерлерде көрмеген аңдар және адам тәрізді маймылдар туралы әңгімелердің сәтін жібермейді. Бұл әрине, кітаптың ең қызықты бөлімдерінің бірі.

Ерекше орынды тарихи оқиғалар алады. Кітапта оларға көп орын берілген. Марко Поло сол кезде Қиыр Шығыстың саяси жағдайына жаңаша қараған жалғыз еуропалық болды. Бірақ, өкінішке орай тарихи үзінділердің көбі, өзінің бастапқыдағы түрін сақтамаған. Олардың айтарлықтай бөлігі өзгертулерге ұшыраған. Бұл өзгертулерді, «Дөңгелек стөл» циклінен алынған ескі романдарды, өзінің қолдаушылары – ағылшын королі Эдуард, Анжуй үйінен шыққан сицилиалық билеушілердің қалауына қарай, өзгертулермен айналысқан Рустичано жүргізген. Ол әдетте, бұл романдарды, белгілі стандарттармен жасалған ұзақ және шаршатарлық көріністермен суалтқан. Бұл операцияны Рустичано, Марко Поло әңгімелеген тарихи көріністерге де қолданған. Тіпті, Марко Полоның кітабына алғы сөз жазғанда да, Рустичано басқы сөйлемдердің бәрін, Меладиус, Тристан және Ланселот жөнінде рыцарлық романның алғы сөзінен көшіріп жазады. Мысалы: Марко Полоның кітабына алғы сөз: «Патшалар, императорлар және корольдар, герцоктар және маркиздар, графтар, рыцарлар және тұрғындар әртүрлі халықтар жөнінде, дүниенің әркелкі елдерін білуге ұмтылатын қауым, осы кітапты алып, оны өздеріңе оқытыңдар, сіздер бұл жерден таңғажайып заттар табасыздар», – делінген.

Меладиус, Тристан және Лонселот романында алғы сөз: «Патшалар, императорлар және ханзадалар, герцочтар, графтар және барондар, рыцарлар және вассалдар, тұрғындар және романдарды сүйетін, осы дүниенің ержүректері, осы кітапты алып, оны өздеріңе оқытыңдар, сонда барлық атақты оқиғаларды естисіздер», – деп басталған. Екі жағдайда да Рустичано бұл кітапты дауыстап оқитын адамдарға, яғни атақты сеньорларға көңіл бөлгендігін көруге болады.

Сонымен бұл «Кітап», өзінің құрамы жағынан біркелкі емес, бірнеше жанрлардың қосындысы дей аламыз.

XIX ғасырдың аяғы мен XX ғасырдың басында ғылымда Марко Поло «Кітабының» үш нұсқасы ғана қабылданды, ерте француздық XIII ғасырдың аяғы Рустичано мәтін, түзетіліп шығарылған француздық XIV ғасырдың басы Тьебо де Сепой (Потье басып шығарған) және италияндық XVI ғасырдағы Рамузио. Ескі француз тілінде Рустичано жазған Марко Поло "Кітабының" қолжазбасы Париж Ұлттық кітапханасында сақталады. Ол ең алғаш рет 1824 жылы Париж жағрафиялық қоғамымен жарыққа шыққан. Бұл француз тіліндегі мәтін Италиядан тыс жерлерде және оның ішінде де бірнеше қолдан өткен болу керек. XIV ғасырдың соңғы ширегінде ортағасырлық саяхаттар мен жағрафиялық білімнің көптеген құнды көшірмесін жасаған, Сан-Бертен монастрінің аббаты Ипрдан шыққан Жан немесе Жан Лонга, Марко Полоның Шығысқа саяхаты жөнінде айтқан. «Мессер Марко» туралы мәліметтер бере отырып ол: «Осыдан кейін ол француз тілінде, барлық істер жөнінде кітап жасаған, бұл керемет заттар туралы кітап басқалармен бірге бізде де бар», – дейді.

Сонымен қатар бұл француз тіліндегі басылым И.П. Минаев аударған, В.В. Бартольд редакциясындағы «Кітаптың» орыс тіліндегі аудармасының негізінде жатыр. В.В. Бартольд ойынша, аудармашы Рустичано нұсқасына дұрыс тоқталған. Ал редактордың өзі, қосымша, Марко Поло «Кітабының» атақты пікір жазушысы Генри Юлға жүгінеді.

«Юл былай деп дәлелдейді, – деп жазады Бартольд редакциялық алғы сөзінде, – бұл XIV ғасырдың жазбасынан, Генуяда жазылған Марко Полоның әңгімелерінің нақты көрінісін алуға мүмкіндігіміз бар, бұған дәлел әңгімелеушінің өз сөздерімен жазылған және қайта қаралуға түспеген, жасанды емес, ерікті буынның өзі дәлел бола алады (көлемділіктің, қайталаудың, бір заттан екінші затқа бірден өтудің, ұмытылған әңгімелерді қосу үшін, қайта бастапқыға оралудың жоқ болуы және тағы басқа). Бұл тізімнің француз тілі өте нашар, итальян және кейбір шығыс тілдерінің қоспасы бар; естіп жазылған адамдардың аттары әртүрлі болып келеді». Бартольдтың айтуынша бұл мәтінді Чартон қазіргі француз тілінде басып шығарған (Charton Ed., Voyageurs an ciens et modernes, t. II. Paris 1863), ал осы мәтіннің итальян тілінде аудармасын Лазари басып шығарған (Lasari V., Viaggid Y.: Marco Polo, Venesia 1847).

Марко Поло саяхатының суреттемесі, әрине, оның замандастарының қызығушылығын да тудырды және итальян, француз тілідерінде жарық көргеннен кейін бірден-ақ аударылды. Бұл итальян тіліндегі аударма «Crusca» деген атпен, XIV ғасырдың басына жатады және қазіргі уақытта ол Флоренциядағы мальябекьяндық кітапханада сақталған. Бірақ, бұл аударма Юлдың айтуынша, біршама құртылған. Осы уақытқа сонымен қатар, латын тіліндегі аударма да жатады. Оны Болониядан шыққан монах Франциско Пинино қысқаша аударған. Француз тіліндегі қолжазба, сол кезеңдерде неміс тілінде де жарық көрді, 1477 жылы Нюрнбергте басылып шықты. Уақыт өте венециан, испан, чех, каталон, арагон, және басқа да тілдерде аудармалар пайда болды. Пікір жазушылардың айтуынша Марко Поло саяхатының үш нұсқасы: Рустичано мәтіне, Потье мәтіні және Рамузио мәтіні: жеке мағынаға ие. Алғашқы екеуі шыққанға дейін, Рамузионың нұсқасы ең жақсысы болған, оған өзінің назарын, тарихи жағрафиялық қосуларымен Марко Поло саяхатының ең бірінші басылымын шығарушы Н. Марсден аударған. Марко Поло «Кітабына» пікір жазушы Л. Нейман Рамузионың нұсқасын өзінің басылымдарының негізіне алған. Оның ойынша бұл нұсқадағы ерекшеліктер, 1298 жылдардан кейін саяхатшының жасаған түзетулері мен қосулары. Ал Мэррей және Лазари сияқты пікіршілер Рамузионың мәтінен толық жоққа шығарып, XIII ғасырдың көшірмесі деген. Қазіргі кезде Поло кітабының 119 нұсқасы табылған (әртүрлі үзінділерді санамағанда).

Марко кітабы жарық көргеннен кейін көп ұзамай Флоренцияның тарихшысы Джовани Виллани (шамамен 1275-1348 ж.) сілтеме жасайды. Татарларды суреттей отырып Веллани: «Ал кім олардың істері жөнінде тиянақты білгісі келсе, папа Климент V қолдауымен жазылған Армениядағы Колкостың билеушісі Айтон Хайтон кітабын қарасын, сонымен қатар мессер Марко Поло жазған, «Мильоне» деген атпен белгілі кітапты қарауға болады: ол, олардың құдыреті мен билігі жөнінде көп айтады, өйткені олардың арасында көп уақыт өмір сүрген. Енді біз татарларды қойып, өзіміздің мәселемізге көңіл бөлейік – Флоренция істеріне», – деп жазады. Батыста Kітап басылуды ойлап шығарудан бұрын Марко Поло мәліметтері, оқушыларды қызықтырған, оған Марко кітабының фрагменттері, XV ғасырда бірқатар елдерде табылуы дәлел бола алады.

1814 жылы герцог Девонширский, Уотерфорд графтығында, өзінің ирландық Лисмор замогын жөндеуге бұйрық береді. Оның ішінде жұмысшылар, кірпіштен қаланған есікті табады. Есікті ашып, арғы жағынан, ішінде көне епископтық посох және қандай да бір қолжазба сақталған жәшікті тауып алады. Бұл, қазіргі атақты, өзінің табылған жеріне байланысты «Лисморлық кітап» деген атпен белгілі, кітап 1839 жылға дейін зерттелмеген. Оны ирландық зерттеуші Юджин О Карри қарап шыққаннан кейін, әртүрлі аңыздар мен Ұлы Карл жөніндегі әңгімелердің ішінде, Марко Поло кітабынан үзінділердің бар екендігі анықталды, барлығы он беттен астам, ол гэль тілінде жазылған. Полоның кітабы, шамамен, 1460 жылы, Фингин Мак-Карти Ригаға, лорд Кэрбериға және оның әйелі Кетрин, қызы Томасаға, Десмондтың сегізінші графына арналып аударылған болу керек.

Марко Поло «Кітабының» орыс тіліндегі аудармаларына келетін болсақ, ең алғашқысы А.Н. Шемякин редакциясымен 1861-1862 жылдар аралығында Мәскеу университетінде басылып, бір жылдан кейін, «XIII ғасырдағы венециандық саяхатшы Марко Поло» деген атпен жарыққа шыққан.

Екінші орыс тіліндегі аударма Петербургтық журналдың № 1-4 сандарында басылып шыққан (бұл басылымда тіпті сілтеме де болмаған). Кейін бұл аударма жеке басылып болып, «Миллионер» деп аталған 3 бөлім (Спб., 1877). В.В. Бартольд ойынша бұл басылымның ғылыми дәрежесі өте төмен. Орыс пікір жазушыларының ішінен Юл жөнінде Н.В. Ханыков айтып кетеді. Н.В. Ханыков Юлдың жасаған мәтініне қарсы шыққан. Н.В. Ханыковты И.П. Минаев қолдайды. И.П. Минаев аудармасының негізін Рустичано мәтіні құраған және оған Потье мен Рамузио мәтіндерінен үзінділер қосылған. Сонымен қатар бұл мәселеге байланысты тағы да бірқатар көлемді еңбектер бар.

Ең алғашқы ғылыми аударма профессор Иван Павлович Минаевпен жасалған. Ол – шығыстанушы, ірі медиевист-индолог, ортағасырлық Орта Азия мен Үндістанның тарихын жазған, сонымен қатар Афанасий Никитиннің «Хожения за три моря» атты кітабына пікір жазған. «Марко Полоның саяхаты» атты кітаптың аудармасымен И.П. Минаев өмірінің соңғы жылдарында жұмыс істейді. Жоғарыда айтқандай, бұл аударманың негізіне, 1298 жылы Генуяда қамауда отырып жазған Рустичаноның жазбалары жатты. Аударманы ол толық бітірген. Алғашқы қолжазбасының көшірмесі де басылып шығуға дайындалып бітуге аз қалған. Бірақ,И.П. Минаевтың дүниеден кетуінің себебінен (1890 ж.) бұл жұмыс тоқтап қалады.

Он жылдан аса И.П. Минаев қолжазбасы қозғалыссыз жатқан. Уақыт өте оны, орыс жағрафиялық қоғамының кеңесі қолға алып, басып шығаруды ұйғарады. Аудармасын редакциялау жағрафиялық қоғамның мүшесі В.В. Бартольдқа тапсырылады. ОлИ.П. Минаев аудармасын жоғары бағалап: «Алғашқы нұсқадағы Рустичано қарапайымдылығы сақталып, аударма шеберлікпен берілген, оны оқырмандардың өздері де көреді», – дейді.

«Кітаптың» ең алғашқы кеңестік басылымы осы аудармамен, К.И. Кунин редакциялауымен (Марко Поло. Саяхат. – Л., 1940.) шықты. Кітаптың алғы сөзінде К.И Кунин И.П. Минаев аудармасы жөнінде: «Оның кемшілігі, аудармада ескі тілдің стилизациясына қарай ертегідей сөз ұйқастары мен ескі терминологияны қолдануында, ал ол дерекке сәйкес келмейді. Сондықтан Марко Полодағы корольдар, ханзадалар, барондар, рыцарлар дегендердің орнында, аудармашыда патшалар, вельможалар, княздер, тіпті, боярлар деген сөздер орын алады. Мұның бәрі бізбен жөнделді. Дерекпен тиянақты салыстыру арқылы, аудармашы елемеген жақтарға түзетулер жасалды», – деген.


Марко Поло әрине, зерттеуші ғалым болған жоқ. Бірақ, оның бойына біткен дарыны, Құбылайдың тұсындағы биік қызметі, Еуропадан Қытайға және кері қарайғы саяхаты ғалым миссионерлерге қарағанда, көптеген тарихи-этнографиялық мәліметтер жинауға мүмкіндік берді. XIV-XV ғасырларда Марко Поло «Кітабы» Азияның жағрафиялық карталарын құруға негіз болады, XV-XVI ғасырлардың басында ұлы жағрафиялық ашулар тарихында үлкен рөл атқарды. Сауда жолдамаларын, коммерциялық анықтамалар жасауға, мысалға: Азия елдерінде болған Франческо Бальдичи Пеголоттидің (XIV ғасыр) «Сауда тәжірибесі» атты жолдамасын жасауға да қолданылды.

Марко Поло «Кітабына» пікір жазушылар үлкен Пололардың Волга өзенінен хан тұрағына дейінгі жолдарын табуға тырысқан. Бұл жөнінде кітаптың «Прологы» өте аз хабар береді.


Миниатюра. «Марко Полоның Қытай қаласына келуі» «Марко Поло саяхаты» кітабынан


Комментаторлар тек жанама мәліметтерді ғана негізге алған. Сонымен қатар араб географтарының, католик шіркеуінің миссионерлері мен елшілерінің суреттемелерін және басқа да тарихи материалдарды негізге алады.

Қазіргі кезде Марко Поло «Кітабының» түпнұсқасы жоқ, тіпті, оның нақты қай тілде жазылғаны да белгісіз. Тек ертедегі қолжазбалары мен әртүрлі тілде басылымдары сақталған. Оқырманды, жоғарыда айтып кеткеніміздей Марко Поло Қытайда болды ма деген сұрақ мазалауы мүмкін. Он алты жыл Қытайда өмір сүрген уақыт ішінде Ұлы Қытай қамалын байқамаған, Қытай шайының дәмін татпаған деген күдіктер тууы да ықтимал. Сонымен қатар кітап басылымы, құстарды инкубаторлық жолмен өсіру тәсілін де айтпай кеткен. Марко Поло Қытайда тек шетелдіктермен ғана қарым-қатынасқа түскен сияқты, өйткені кітаптағы барлық қытай атаулары моңғол немесе араб тілінде естіледі. Бұл сауалдарға былай жауап беруге болады: Марко Поло саяхатынан кейін, жылдар өте оның кітабы бірнеше тілдерге аударылып, көшірілген. Әр көшірме, әрине бастапқысынан ерекшеленген. Ортағасырлық кезеңнің өзінен бізге дейін сексеннен астам көшірмесі жеткен. Бұдан анықтайтынымыз, мүмкін көшірмелер қысқартылған түрінде жазылған болар және сол қалып қалған беттерде жоғарыда айтылған ескертпелер сақталуы мүмкін. Ал Марко Полоның жеке тұлғасына келетін болсақ, оның шын мәнінде, өмір сүргеніне еш күмәніміз жоқ, мұны дәлелдейтін төл құжаттар бар.

Марко Поло өзінің саяхаты кезінде Моңғол ханының ауласында он жеті жылға жуық қызмет етеді. Сол уақыт ішінде моңғол дәстүрін, тілін үйренеді. Төрт әліппе үйренген – араб, сирия, ұйғыр және төртбұрыш моңғол жазулары. Сол кездегі моңғол ханы Құбылайдың сеніміне кіріп, ол ханның қызметшісі ретінде Қытайды оңды-солды аралап, Үндістанға және Үндіқытай елдеріне елші болып жіберіледі. Мемлекетте үлкен қызметтерге ие болып, Марко Поло империяның ішіндегі саяси, жағдайға ғана араласып қоймай, құпия істер жөнінде де білді.

Марко Полоның қайтыс болған уақытына келетін болсақ, бұл мәселе оның жерлестері венециандықтармен елеусіз қалған. Жерленген жері жөнінде де нақты мәліметтер жоқ. Марконың жерленген жері жөнінде бізге дейін жеткен жанама хабарлардың бірі, оның қалдырған мұралық қағазы: онда, оны Cан-Лоренце шіркеуінде, әкесі жерленген жерге қою туралы айтылған. Бұл мұралық қағаздың іске асуына кедергі келген туралы ешқандай дерек жоқ. Сонымен қатар Марконың қызы Мореттаның да қалдырған мұралық қағазы бар (1348 ж. 1 мамыр). Онда: «Мен, өзімді әйелдер монастірі Сан-Лоренциадағы, әке-шешем жатқан қабырға жерлеуді және жиырма сольданы мұралық етемін», – делінген. Осыған байланысты, Марко Поло мен оның әйелі Донато Сан-Лоренцио монастрінде жерленген деген тұжырымға келуге болады. Тағы осындай бір деректі біз Франческо Сансовиноның 1584 жылы Венециада шыққан еңбегінен көре аламыз. Ол Сан-Лоренциа шіркеуін суреттей отырып, «Қоршаудың астында Мильоне атты Марко Поло жерленген, ол Христафор Колумбтан бұрын, «Жаңа Дүниеге» саяхатын сипаттаған», – дейді. Бірақ, бұған қарамастан қазіргі уақытта Марко Полоның сүйектері табылған жоқ. 1924 жылғы болған археологиялық қазбалар ешқандай нәтиже алып келген жоқ. Бұл жұмысты басқарушы археолог ғалымдар, шіркеудің қайта құрылысы кезінде сүйектері қазылып алынып, ортақ мәйітке, оба ауруымен ауырған адамдардың сүйектерімен бірге жерленген және шіркеудің құрылысы кезінде, көп қазылып алынған сүйектер де құрылыс материалы болған болу керек деген ойды білдіреді. Ол шамамен, 1324 жылы қайтыс болған.

Марко Полоға «Мильоне» деген атау қалай берілгеніне келсек, бұл жөнінде мынандай ойлар бар. Марко Полоның замандасы Якопо д Аккви: «Венециандық мырза Марко Поло, оны Millonus (немесе Milionus) деп атайды, ол мыңдаған мың лир дегенді білдіреді және оны Венециада осылай атайды», – дейді. Марконың кітабы жөнінде айта келе Рамузио өзінің алғы сөзінде: «Ол, ханның табысы бестен он миллион алтынға дейін жететінін әр кезде және жиі-жиі айта бергендіктен, сонымен қатар сол елдің байлығы туралы әңгімелерінде «миллиондаған» деген сөзді қоса бергендіктен, оған мессер Марко Милионе деген ат берген; мен, бұл атты республика кітаптарына жазып жатқандарын өзім көрдім, сонымен қатар оның ауласын содан бері Миллионе ауласы деп атап кеткен», –деп жазады.

«Мильоне» деген атақ, байлығына байланысты берілген деген ортағасырлық авторлардың мәліметтері әртүрлі ойлар тудырды. Ормандинидің зерттеулері Марко Полоның мүлкі туралы мағлұматтар береді. Мұндай тізбектеу, Поло жанұясына қатысты сот жазбаларынан алынған, яғни Марко Полоның қайтыс болған уақыты жөніндегі, Фантино Полоның (Марко Полоның қызы) іс-қағазынан. Мүлік тізімі бірнеше беттерден тұрады. Негізінен әртүрлі маталар атаулары жазыл5ан.

Бұл мәселемен айналысқан зерттеушілердің пікірінше, Марко Полоның қаржылық жағдайы орташа болған. Марко Полоның мұралық қағазындағы ақша төлем бірліктерін зерттеуге тырысқан Джузеппе Кастепани, өзінің 1924 жылы шыққан мақаласында, оның дүние мүлкі XIV ғасырда, яғни өз заманында жоғары болғанмен, Рамузио және ортағасырлық тағы да басқа авторлар айтқандай, өзінің саяхатынан керемет байлықтар алып келуіне күмән бар. Ал егер де ол өте бай болды деп ойлаған болсақ, онда ол саудада үлкен ұтылысқа ұшыраған немесе генуездіктермен соғыста бар байлығын жоғалтқан. Бірақ, мұндай тұжырымды дәлелдейтін ешқандай деректер жоқ, сондықтан венециандық саяхатшы қарапайым өмір сүрген және өмірінің соңында кедей болмаса да өте бай адам да болмаған деуге болады.

Сонымен Марко Поло «Кітабы» кемшіліктеріне қарамастан азиялық Шығыстың жолдамасы болды дей аламыз. «Кітаптың» алғашқы данасының жазылуынан бері (1298) бірнеше ғасырлар өтсе де, ол тек – тарих, этнография, жағрафия, филология мамандарының ғана емес кең көлемде оқырман қауымның да қызығушылығын тудырады. Марко Поло оқырмандарына, әлемнің кереметтілігін айта келе, ертегідей бай елді суреттей отырып, осы өмірді қадірлеуді, бағалауды үйретеді.

Жалпы, аталған еңбектер біз алып отырған дәуірдің тыныс тіршілігін, әлеуметтік-экономикалық жағдайын, Батыс пен Шығыс елдері арасындағы дипломатиялық, сауда байланыстарын, осы салаларда болған өзгерістер мен ерекшеліктерді түсінуге мүмкіндік береді.

Сұрақтар:

1. Осы оқу құралында алынып отырған кезең бойынша Шығыс жайында қандай Батыс жазба деректерін білесіз?

2. Венециандық Марко Поло саяхаты жөнінде не айта аласыз?

3. Марко Поло еңбегі қандай шығармалар қатарына жатады?

Орта ғасырлардағы Шығыс мемлекеттерінің (Қытай мен Үндістан, ХІІI-ХІV ғ.) тарихы

Подняться наверх