Читать книгу Орта ғасырлардағы Шығыс мемлекеттерінің (Қытай мен Үндістан, ХІІI-ХІV ғ.) тарихы - Гүлжан Беделова - Страница 4

ІІ БӨЛІМ
ХІІІ-XIV ҒАСЫРЛАРДАҒЫ ҚЫТАЙ
1-тақырып. Қытайдың саяси, дипломатиялық жағдайы

Оглавление

X ғасырдың басына қарай Тан империясы ыдырап, 960-1279 жылы Оңтүстік Қытайды Сун әулеті біріктірді. Елдің солтүстік аймақтарын көшпелі тайпалар билеген мемлекеттер өмір сүрді. Олар бір-бірімен және Сун әулетімен үздіксіз соғыстар жүргізді, яғни Қытай мемлекеті бытыраңқы жағдайда өмір сүрді. Таза Қытай әулеттері елдің орталық және оңтүстік аймақтарына үстемдік етті. Ал қазіргі Солтүстік Қытайда көшпелі түркі, моңғол, тағы басқа халықтардың мемлекет бірлестіктері бірінен соң бірі ауысып жатты. Олардың ішіндегі ең қуатты мемлекеттер – қидандар құрған Ляо (916-1125), шүршіттер құрған Цзинь (1115-1234) және таңғұттар құрған Ся (1032-1227) әулеттері еді. XIII ғасырдың бас кезінен Қытайды Шыңғыс хан билеген түркі-моңғол тайпалары жаулап ала бастады. 1271-1363 жылы Қытайда Шыңғысханның немересі Құбылай негізін қалаған Юань империясы билік етті.

Юань империясының еуропалық, христиандық елдермен қарым-қатынасы. XIIІ-ХІV ғасырлар ортасында қытайлықтар, моңғолдар, ұйғырлар, қидандар арасында христиандықтың несториандық бағытының таралуы, сонымен қатар шығыстың бір жерінде ірі христиандық мемлекеттің бар екендігіне сенім, Батыс Еуропа мен сол кезде Қытайда үстемдік еткен Моңғол империясының алғашқы танысуына алып келген басты болмаса да, негізгі фактор болды. Ал басты фактор, еуропалықтардың моңғол жаулап алушылықтарының алдындағы қорқыныш еді. Моңғол империясы жөнінде хабарды алғашқылардың біреуі болып монах Юлиан әкеледі. Ол венгер королі Бела IV тапсырмасымен Поволжьедегі қыпшақтарға (командар) 1235 жылы және 1237 жылы қайталап барған болатын. Бұл саяхаттағы оның басты мақсаты, орыстардың шығыс жерлерінде моңғол шапқыншылығының алдындағы жағдайларды барлау еді.

Моңғол шапқыншылығынан қашқан Юлиан, моңғолдардың жаулап алушылықтарының себебі және олардың ауласының байлығы жөніндегі ойынан шығарған хабарлардан басқа, нақты мәліметтер де берді: моңғол билеушілерінің бүкіл әлемді жаулап алу мақсаты, атты әскерлерінің жоғарғы деңгейі, қалаларды жаулап алу өнерлері. Бұл мағлұматтарды Батый ханның (1208-1256 ж.) Бела IV-ке жіберген, жолда Владимир-Суздальдық Юрий Всеволодович княздің әскерлерімен ұсталынған елшілерінен білген.

Осы хабарларды дәлелдеу үшін Юлиан Батый ханның Венгер короліне жазған хатын келтірді. Юлианның Бела IV-ке баяндамасы, ал оның өз кезегінде еуропалық монархтарға, папа легаттарына хабары және рим курияларының алдында сөйлеуі моңғолдардың Батысқа, тек Азияға ғана емес Еуропаға да үстемдік жүргізгісі келгендігінің алғашқы ашық және шынайы көрінісі болды және моңғолдардың әскери қимылдарына жалпы сипаттама берді.

Юань империясы еуропалық, христиандық елдермен қарым-қатынас жасауға үлкен мән берді және мұнда барлау істері бірінші кезекке қойылды. Моңғолдардың Қытайдағы үстемдігі кезінде ол жерде бірқатар еуропалық миссионерлер мен саудагерлер, солардың ішінде: Марко Поло, Джовани Монтекорвино, Пеьтро Лупалонго, Кельннен Арнольд, Ордорико Порденоне, Джовани Мариньолли және тағы басқалары болды.

XIII ғасырдың қырқыншы жылдарында Батыс Еуропадан Орталық Азияға моңғол хандарының ордасына миссиялар жіберіледі. Елшілер ресми түрде дипломатиялық және діни қызметтермен келгенмен, шын мәнінде барлау жұмыстарын атқару керек болды. Азия халықтарымен байланыс орнатуда үлкен ептілікті Рим Папасы Иннокентий IV және француз королі Людовик ҚасиеттіIX көрсетеді.


Ханбалықтағы император тұрағы бейнеленген Қытайдың ортағасырлық картасы


Бұл мәселені, хронологиялық жүйеде қарайтын болсақ ең алғашқы миссияны францискандық-минориттер орденінің іскері, сол орденнің негізін салушы Франциск Ассизскийдің досы, дін таратушы және шебер дипломат Плано Карпини басқарды. Ол Испанияда, Германияда және Ватиканда жоғарғы шіркеулік қызметтер атқарды, туған жері Маджионе (қазіргі аты) қалашығы, латынша аты Плано Карпини (1185-1252 ж.). Миссияның құрамына одан басқа тағы екі монах-францискандықтар: Польшадан Бенедикт және Богемиядан Стефан кіреді. Плано Карпини өз саяхатын бастағанда шамамен 60 жаста еді.

Өзінің досы, монах Иорданның айтуынша, ол жүрегі ашық адам болған. Сонымен қатар өте өнерлі дипломат болғандығы айтылады. Саяхатының соңында, Лионға оралғаннан кейін (1247 жылы 18 қараша), папа Иннокентий IV-ке есебін жазып болып (бұл есеп бүкіл әлемге «Libellus Historicus» – «Тарихи шығармалар» деген атпен танымал болады), Плано Карпини папаның жасырын тапсырмасымен Людовик IX-ға жіберіледі. Бұл тапсырманы орындағаннан кейін, оған Далматиядағы Антивари қаласының архиепископы деген қызмет орны беріледі. Папа басшылыққа Плано Карпиниді қойып жіберген францискандықтар Қарақорымға солтүстіктегі жолмен жүріп отырған. Олар сол 1245 жылы Лион қаласынан шығып, Альпіден өтіп, Орталық Еуропа және Орыс жерлері арқылы, Волганың төменгі жағына жеткен. Бұл кезде онда Алтын орда ханы Батыйдың тұрағы Сарай қаласы болған еді. Плано Карпини Киевтен үшінші ақпан күні шығып, Құйық ханның тұрағына 22 шілдеде жетеді, яғни Днепрдан Моңғолияның орталығына дейінгі аралыққа бес жарым ай кетеді. Егер ағайынды Пололардың Қытай саяхатына кетірген бір жарым жылын еске түсірсек, бұл көп уақыт емес. Плано Карпинидің түсіндіруінше, мұндай асыққан себептері, құрылтайға жеткісі келген, ол жерде Үгедейдің баласы Ұлы хан етіп жарияланатын еді. Жол бойында монахтар моңғолдар және олар жаулап алған елдер жөнінде мәліметтер жинап отырған. Плано Карпинидің мәліметтері бойынша Батыс еуропалықтар алғаш рет Шығыс Еуропа өзендерінің аттарын білген: Непер (Днепр), Дон, Волга, Жайық.

Ендігі кезекте жоғарыда айтқан құрылтайға келетін болсақ, ол жөнінде Плано Карпини: «Біз Гуюкке келгеннен кейін, азық-түлік және баспана берілді; бұл берілген заттары басқа елшілердікіне қарағанда жақсырақ еді. Бірақ оның өзіне бізді жіберген жоқ, өйткені таққа көтермейінше, оған билік етуге рұқсат етілмейтін. Өйткенменде, Батый Папа мырзаның аударылған хаттарын және біз айтқан сөздердің мағынасын жеткізді…

Қоршаудың арғы жағында Суздальдан келген орыс князі Ярослав және Қытай мен Солангтардың бірнеше көсемдері, сонымен қатар Грузия патшасының екі баласы, Балдах халифының елшісі (яғни 1258 жылы моңғолдармен өлтірілген, Бағдадтың соңғы аббасидтік халифы Мустасимнің елшісі) және басқа да көптеген сарацин (мұсылман) сұлтандар тұрды. Ол жерде салық төлеуге, сыйлық беруге, қол астына кіруге келген төрт мыңнан аса елшілер жиналды. Бұл жерде біз төрт апта болдық. Сайлау өткізілді, бірақ оны халыққа жарияламады…

Бетін оңтүстікке қаратқан үлкен топ тұрды. Олардың ішінде тас лақтырым жерде, бір-бірінен арақашықтықта тұрып, тізерлеп сиынып жатқандар болды. Біз бұлай істеуден бас тарттық, өйткені олар құдайға жалбарынып жатқанын, немесе дұға оқып жатқанын білмедік. Бұл істерін олар ұзақ уақытқа созды, одан кейін шатырға келіп, Гуюк ханды император тағына отырғызып, өздері оған бас иді. Мұны бүкіл халық қайталады», – дейді.

Плано Карпинидің бұл мәліметтерін Симон Сен-Кентиннің мәлімдемелерімен салыстыру өте қызықты. Ол бұл жиынды өз көзімен көрмесе де Бенедикттен (Плано Карпинидің жолаушысы) білген болу керек. Соңғысы Кіші Азияға Асцелин және Сен-Кентин сол жерде болған кезде келген. Сен-Кентин бұл оқиға туралы былай дейді: «Барлық барондар жиналып, ортаға алтынданған орындық қойып, оған Гоганы (яғни ханды) отырғызып, алдына қылышты қойып былай дейді: «Сенің бәрімізге билік етуіңді біз қалаймыз, біз сұраймыз және біз бұйырамыз». Ол: «Егер сендер мені патшалық құрсын десеңдер, менің бұйырғанымның бәрін орындауға, айтқан кезде келуге, жіберген жерге баруға, мен көрсеткен адамды өлім жазасына кесуге дайынсыңдар ма?», – деп сұрақ қояды. Олар дайын екендіктерін білдіреді. Онда: «Менің бұйрығым қылыш болады», – дейді. Мұнымен бәрі келіседі. Содан кейін оны киізге отырғызып: Аспанға қарап құдайды біл, төменге қара өзің отырған киізді көресің. Егер сен жақсы патшалық етсең, қолың ашық және әділетті болсаң, дәрежесіне сай әр мырзаны құрметтесең, даңқты билік құрасың және бүкіл әлем сенің алдыңда бас иеді, құдай сен қалаған бар нәрсені орындайды. Ал егерде сен жағымсыз істер жасасаң, онда бақытсыз, астыңдағы киізге жарымайтындай кедей боласың және тақтан құлайсың», – дейді Осы сөздерден кейін барондар Гога мен оның әйелін кигізге отырғызып, жоғары көтеріп, қошеметтеп «Бүкіл татарлардың ханы және ханшайымы» деп жариялайды».

Сен-Кентино әңгімелері Плано Карпинидің мәліметтеріне өте қызықты қосымша болып табылады. Сен-Кентин 1245 жылы папа Инокентий IV Парсы жеріндегі моңғол әскер басшысы Байжуға жіберген Асцелин бастаған елшіліктегі төрт доминикандықтың біреуі болған. Ол Плано Карпини сияқты өзінің саяхаты жөнінде мәлімдемелер қалдырған. Бұл үзінділерден көретін тағы бір жайт, католиктік монахтар Орталық Азияға кірген ең алғашқы тарихи танымал еуропалықтар болған жоқ. Жоғарыда көрсеткендей Құйық ханның ордасында Плано Карпини бір топ орыстарды кездестірген, солардың біреуі – орыс князі Ярослав Всеволодович.

Елшілік істерге назар аударатын болсақ, Плано Карпини: «Қасиетті Мартин күні (11-қараша) бізге екінші рет Кадак, Хингай, Бала және көптеген хатшылар келіп, хатты толық түсіндірді. Біз оны латынша жазғаннан кейін, бір де бір сөзіне қателеспес үшін оны қайта өз тілдеріне аудартты. Екі хатта жазылғаннан кейін, оны бірнеше рет оқытты», – дейді Құйықтың хаты парсы тілінде ұзын (1 м 20 см), бірақ жіңішке (ені 20 см) қағазға жазылған, ол екі жабысқан бөлшектен тұрады. Хаттың соңында және жабыстырылған жерлерінде қызыл түсті мөрдің ізі қалған. Бұл хат жоғалған болып есептелген және моңғолтанушылар оның мағынасы жөнінде әртүрлі болжамдар құрған. Ондағы сарацин тілінде дегенді, парсы тілі деп түсіну керек. Хат 1920 жылы Ватикан мұрағатында поляк ғалымы, монах Кирил Королевскиймен табылған, фото суретке түсіріліп, әрі қарай зерттеу үшін ирантанушы Массэге берілген, ол ең алғаш рет бұл хаттың аудармасын жасаған. Бертін келе хат зерттеліп, Францияның ірі зерттеушісі Поль Пелльомен қайта аударылған, оның парсы тілінде мәтіні, аудармасы және пікірі жарияланған. Хатта: «Көк тәңірдің мәңгілік күшімен (біз) бүкіл халықтың ұлы Далай-ханы; біздің бұйрығымыз. Бұл бұйрық Ұлы папаға, ол білу және түсіну үшін жіберіледі.

Karal аймағындағы кеңестен кейін, сіздер бізге тағзым ету жөнінде, елшілер арқылы өтініш жібердіңіздер. Егер сіздер сөздеріңізде тұрсаңыздар, онда сен Ұлы папа, біздің жеке тұлғамызға өздерің келіңдер, осы кезде Яссының әрбір бұйрығын тыңдатамыз.

Және тағы. Сіз айттыңыз егер мен кресті қабылдасам жақсы болады деп; сен бізге өтініш жасап, ақылды қадам жасадың, бірақ біз бұл өтінішті түсінбедік.

Және тағы. Сіздер маған мынандай сөздер жібердіңіздер: «Сіздер бүкіл Magar (Венгрия) және Кiristan (христиан) облыстарын алдыңыздар; мен таңданамын. Мұнда қандай қателік болды, бізге айтыңыздаршы?» Бұл сөздеріңізді де түсінбедік. Шыңғыс хан және Каан екеуіне де Құдай бұйрығын тыңдауға жібереді. Бірақ Құдайдың бұйрығын бұл екеуі тыңдамады. Сен айтып отырғандар, тіпті кеңес құрып, өздерін жоғары ұстап, менменсініп, біз жіберген елшілерді өлтірді. Бұл жерде, мәңгілік Құдайдың құрметімен адамдар өлтіріліп, мерт болды. Кейбіреулер Құдай сақтап құтқарылды. Қалай адам, бірден алып өлтіре салады, қалай ұстап алып қамай салады және зынданға отырғызады?

Сен былай дейсіңбе: «мен христианмын, мен құдайды жақсы көремін, мен жеккөремін және …» Құдай күнәні кешіретіндігін қайдан білесің?

Құдайдың күшімен барлық жерлер, күннің батысымен шығысынан бастап бізге берілген. Құдайдың бұйрығынан басқа ешкім бұлай жасай алмайды. Енді сендер шын жүректен былай деулерің керек: «біз сіздерге тағзым етеміз, біз бар мүлкімізді береміз». Сен өзің корольдарды бастап, бізге қызмет етуді иіліп сұраңдар. Сол сәттен бастап біз сендерді бағынды деп есептейміз. Ал, егер құдайдың жазғанына көнбей, қарсы болсаңдар, онда (біздің) жауымыз боласыңдар.

Егер басқа бір іс әрекеттер жасасаңдар, не болатыны белгісіз, ол жалғыз құдайға мәлім.

Джамада-аль-ахар 644-жылдың (1246 ж. 3-11 қараша) соңғы күндері», – делінеді.

Плано Карпинидің айтуынша хат алғашқыда моңғолша жазылып, кейін «сарацин» (парсы) тіліне аударылған.

Қытайдың өзінде Плано Карпини болмаған, бірақ Моңғол империясының шығысында «Катайя» елінің жатқанын және онда жібек өндірілетіні жөнінде айтқан. Қытайлықтардың сырт пішінін сипаттай отырып, олардың моңғолдарға ұқсайтынын белгілейді. Оның әңгімелерінен еуропалықтар қытайлықтардың шебер қолөнершілер, ежелден-ақ ол жерде жазу-сызудың бар екендігі жөнінде хабарлар алады. Жалпы бұл миссия нәтижесіз аяқталады, бірақ Қытайда христиандыққа жақсы көзқарастың қалыптасқаны туралы хабар тек діни қызметкерлерді ғана емес, саясаткерлерді де қызықтырады.

1247 жылдың көктемінде францискандықтар барған жолдарымен қайтып, Лионға келеді. Бұл саяхат екі жылдан аса уақытқа созылған. Өкінішке орай, бұл монах – францискандықтар жағрафиядан терең білімге ие болмаған еді, мысалға Плано Карпинидің өзі Қара теңізді Каспий теңізімен шатастырады.

Плано Карпиниден кейін 1249 жылы Қорақорымға «қасиетті» Людовик IX корольдың елшісі, францискандық монах Андре Лонжюмо барады. Бірақ, оның саяхаты жөнінде мәлімет қалмаған, ол тек өзінің замандастарының еңбектерінде ғана ескеріледі (әсіресе, Рубрук еңбектерінде). Сонымен қатар маңызды дипломатиялық миссияны фламанд Виллием Рейсбрук, французданған аты Гильом Рубрук басқарады (латынша Рубруквис). Рубрук өзіне дейін жүрген еуропалық саяхатшылардың жолымен жүреді, бірақ оның қалдырған мәліметтерінің құндылығы алғашқыларға қарағанда зор. Рубруктың миссиясы Акка қаласынан (солтүстік Палестина)1253 жылы француз королі Қасиетті Людовикпен аттандырылған. Король осы арқылы моңғолдар жағынан жаугершілікті тоқтатқысы келеді.

Францискандықтар доминикандықтарға қарағанда дипломатияда үлкен ептілікті көрсетті. Жоғарыда айтып кеткендей оған мысал: дөрекі және фанатик доминикандық монах, итальяндық Асцелин (Ascelino), ол символикалық «отпен тазарту» дәстүрін орындамайды (ал бұған францискандықтар келіскен) және сол үшін хан ордасына жіберілмейді. Бұл «отпен тазарту» дәстүрі жөнінде Рубрук: «Олар хан сарайына әкелінген барлық заттарды оттан өткізеді және содан өз сыбағаларын алып қалады. Сонымен қатар қайтыс болған адамның заттарын да оттан өткізеді. Осында келген Андрей (монах) және оның жолдастары да оттан екі себептен өту керек болды: біріншіден, олар сыйлықтар әкеле жатты, ал екіншіден, бұл сыйлықтар қайтыс болып кеткен Кен-ханға әкелінген болатын. Ештеңе әкелмегендіктен, менен ондайды талап еткен жоқ», – дейді.

Ендігі кезекте Рубруктың еңбегінен алынған Мөнке ханның француздардың королі Людовикке жіберген хатын қарастырайық: «Міне, маолдар, наймандар, меркіттер, мустелемандар болып келетін – Біз, сендерге айтар сөзіміз келесі, сендер ойда-қырда жүргендерің тыңдаңдар және бәріне жеткізіңдер; менің айтқанымды естіп, түсінгеннен кейін, сенгісі келмей, бізге қарсы әскермен шықса, онда көзі бола тұра көрмей қалады; қандай да бір зат ұстағысы келсе, қолдарынан айырылады, жүргісі келсе, аяқсыз қалады; бұл Құдайдың мәңгілік насихаты. Құдайдың мәңгілік күшімен, ұлы Моңғол халқының атымен, бұл Франктердің патшасына, король Людовикке және басқа да билеушілер мен шіркеулік қызметшілерге, біздің сөздерімізді түсіну үшін Мөңке ханның насихаты. Не Шыңғыс ханның, не одан кейінгі билеушілердің айтқандары сендерге жеткен жоқ. Давид деген адам Моолдардың елшісі ретінде сендерге барды, бірақ ол өтірікші болып шықты және сендер оған елшілеріңді қосып Кен-ханға жібердіңдер. Кен хан қаза болғаннан кейін ғана, жіберген елшілерің оған жетті. Оның әйелі Камус сендерге мата және хат жіберді. Бірақ, қалай бұл иттен де жаман әйел, әскери істер мен әлемдегі жағдайды біле алады? Сендерден Сартаққа келген екі монахты, Сартақ Батыйға жіберді; Мөңке хан Моңғол әлемінің басты ханы болғаннан кейін, Батый оларды бізге жіберді; Енді, барлығы бейбітшілікте өмір сүру үшін, біздің сөзіміз сендерге жету үшін, монахтармен бірге сендерге елшілерді жібереміз деп ұйғарып едік. Бірақ, монахтар жолда қауіп-қатердің көп екендігін айтып, хатты өздері жеткізетіндігін білдірді. Осы себептен құдайдың насихатын солар арқылы жібердік. Мұны естігеннен кейін, бейбітшілікті қаласаңдар, бізге тағы елшілер жіберіңдер. Ал егер естіп, білгеннен кейін: «жеріміз алыс, тауларымыз биік, теңізіміз шалағай-кең» деп сенбей, бізге қарсы жорық ұйымдастырсаңдар, сендерді не күтетінін бір құдайдың өзі біледі».

Еуропалық саяхатшылардың ішінде тек Рубрук Қарақорымның гүлденген шағы жөнінде шыншыл мәліметтер қалдырған. Ол алғашқы рет Батыс Еуропада Қытай тұрғындарын ежелгі геогрофтар жазған «Серлер» екенін белгілейді, сонымен қатар моңғолдар Қытайды толық жаулап алмағанын, Қытай қорғаны, қағаз ақша жөнінде де хабарлар береді.

Плано Карпини және Рубрук Шығысқа саяхатында әртүрлі юридикалық мәртебеге ие болды: біріншісі ресми түрде елшінің барлық қызметін атқарды және «татарлардың королі мен халқына» Иннокентий IV-тің екі булласын апарды. Ал екіншісі ЛюдовикIX бұйрығымен король елшісі екендігін мойындамады, Людовик IX-дың Сартаққа жазған хатын жеткізіп, өзін тек дін таратушы етіп көрсетті. Бірақ, бұл формальды ерекшеліктерге қарамастан, екі миссияда негізінен бірдей сипатта болды, ең алдымен, барлаулық және дипломатиялық, тек содан кейін ғана діни сипатын байқауға болады. Басты тапсырмаларды екі францискандықтар да жақсы орындады. Плано Карпинидің, Құйық ханның Еуропаға жорығы жөнінде хабары Батыс еуропалықтарды алғашында қорқытса, Гильом Рубруктың мұсылмандарға қарсы шығу дайындығы туралы мәліметі оларды біршама қуантты.

Дипломатиялық іспен, яғни Шығыс билеушілерімен, былайша айтқанда, «модус вивенди» табуға тырысу, олармен тең деңгейде мемлекетаралық қатынас орнату Плано Карпинидің де Рубруктің де қолдарынан келмеді. Бірақ бұған қарамастан екі миссияда орта ғасырда Батыс Еуропа мен Азияның арасында саяси және дипломатиялық байланыстың пайда болуына, дамуына объективті бастама болды.

Папа Иннокентий IV және Людовик IX жіберген басқа да елшілер болды. Олар Плано Карпини мен Рубруктың замандастары – Арагоннан шыққан францискандық Доменик, доминикандық француз Лонжюмо, итальяндық Асцелин. 1245 жылы оларды Рим папасы Лионнан Плано Карпинидің миссиясы шыққан уақытпен қатар жіберді, олардың міндеті Алдыңғы Азиядағы моңғолдардың әскербасшыларымен байланысқа түсіп, «татарлардың короліне» папаның жолдамасын беру еді. Бірақ, олар тек Сирия, Ирак, Әзірбайжанға жетіп, 1247-1248 жылдары қайта оралды. Домениктің миссиясы жөнінде ешқандай хабарлар жоқ, болжамдар бойынша, ол моңғолдармен тіпті, кездеспеген де болу керек, Андре де Лонжюмо Әзербайжанның басты қаласы Тебризге жеткеннен кейін, Үгедей хан 1235 жылы оны моңғол иеліктерінде барлық несториандардың бастығы етіп қойған.

Өнерлі және өте сауатты дипломат, көп жылдар бойы Палестина мен Сирия кресшілерінің қожалығында өмір сүрген, араб және парсы тілін білетін, бірнеше рет Рим папасы мен Людовик IX тапсырмаларын бұлжытпай орындаған Андре де Лонжюмо Лионға Таяу Шығыстағы жағдай туралы құнды мәліметтер әкеледі, бұл хабарлар кейін жалпылама түрде, Матье Парижскийдің «Historia Magon Anqliae» хроникасына кіреді. Бұл елшіліктің ерекшелігі, оның құрамының көп болуында еді, жеті адам және Лонжюмомен оның жолаушылары Плано Карпини мен Бенедикттен кейін Орталық Азияға қадам басқан еуропалықтар болды. Бірақ,И.П. Магидович айтқандай, олар Қарақорымға жеткен жоқ.

Асцелиннің екі жылдан аса уақытқа созылған Франциядан, Жерорта теңізі, Палестина, Сирия, Иран, Грузия және Армения арқылы 1242-1256 жылдар арасындағы Закавказьедегі және Солтүстік Ирандағы моңғол әскерлерінің қолбасшысы Байжу-ноянның жазғы тұрағына саяхатының тарихы, қасындағы жолаушысы доминикандық – Қасиетті Квентин аббадтығынан шыққан Симонның суреттемелерінен белгілі. Оның суреттемелерінің көп бөлігі Бовэдан шыққан Винцентаның «Spculum Magus» энциклопедиясының тарихи томына кірген.

Асцелиннің миссиясы оқыс аяқтала жаздайды. Дөрекі Асцелин Байжудың тұрағында өзін жағымсыз ұстайды: «отпен тазарту» дәстүрінен өткісі келмей: «мені варварлардың алдында бас ию үшін емес, күнәлары мен зұлымдықтары үшін жауапқа тартуға жіберді», – дейді. Моңғол қолбасшысы мен айналасындағылар қатты ызаға бұлығады. «Сен бізден христиан болуды, яғни өзің және сенің жолаушыларың сияқты ит болуды талап етесің! Сенің римдік папаң ит емес пе және сендер, христиандар өздерің ит емессіңдер ме?», – деп нояндардың біреуі айқай салады.

Асцелинге өлім жазасының қаупі төніп, Қарақорымнан шыққан жоғарғы эмиссардың бұл іске кірісуі ғана оны аман сақтап қалады. Бұл эмиссар көп ұзамай Закавказьенің және Солтүстік Иранның әмірі болып сайланып, Бағдаттың халифына қарсы жорық дайындайды, сондықтан папа мен кресшілерден қолдау тапқысы келген. 1248 жылы қарашада елшілік Лионға оралып, Грузия мен Армениядағы жағдай жөнінде жаңа мәліметтер Байжудың Иннокентий IV-ке жазған хатын және Құйық ханның барлық еуропалық мемлекеттерге эдиктін алып келеді.

Доминикандықтармен бірге Лионға Байжу-ноянның елшілері де келеді Айбег және Сергиз Батыс Еуропаға келген алғашқы моңғол елшілері еді. Олардың папамен келісімшарты құпия болған, сондықтан ондағы әңгімелер мен келісулер жөнінде хабар жоқ. Тек, 1248 жылы Айбег пен Сиргиздің, Иннокентий IV-тің Байжуға жазған хатын алып, Лионға кеткені белгілі. И. Рачевильц ойынша, римдік курияның моңғолдармен дипломатиялық байланысты жалғастыруға ұмтылысы болған жоқ. Бірақ, байланыстар жалғаса берді, тек римдік дін қызметшілерінің орнына, бірінші болып енді, XIII ғасырдың 40-60-жылдары Франция королі Людовик IX, содан кейін италияндық сауда республикалары шықты.

Асцелиннің миссиясына қорытынды жасап, П. Пелльо:«1247 жылы Байжудың тұрағында, Асцелиннің мінез-құлқына қарамастан, франктердің моңғолдармен бірігіп, мұсылмандарға қарсы шығу ойлары нығая берді; бұл ойлар Месопотамия және Орталық Азия христиандарына да жетіп, олар да қарсы шығуға дайын тұрды», – дейді.

Орта ғасырлардағы Шығыс мемлекеттерінің (Қытай мен Үндістан, ХІІI-ХІV ғ.) тарихы

Подняться наверх