Читать книгу Тәуекелді басқару - Гүлмира Нұрсейтова - Страница 1

КІРІСПЕ

Оглавление

Тәуекел қоғамның экономикалық, әлеуметтік, саяси өмірінің ажырамас бөлігі бола отырып, нарық жағдайында қызмет ететін кез келген ұйымның бағыттары мен қызметтерінің барлық салаларында кездеседі. Осыған байланысты ұйымның тиімді қызмет ету жағдайының бірі басшылықтың ғылыми негізге сүйене отырып, тәуекелді тиімді басқаруы, бақылауы, талдауы және болжауы болып табылады. Тәуекел басқарумен байланысты және тікелей басқарушылық шешімге ықпал етеді.

Ең жоғары табыс тауып, нарықта алдыңғы орынға ие болуға талпынатын ұйымдар тәуекелді басқарудың жаңа жолдары мен көзқарастарынан, өзгерістерінен шетте қалмайды. Нәтижесінде, ұйым мақсатына жетуге кері әсер ететін барлық ішкі және сыртқы тәуекелдерді қарастырып, оларды төмендетуге тырысады.

Тәуекелді тиімді басқару арқылы ұйымның бәсекеге қабілеттілігін жоғарылатуға болады. Тәуекелден бас тарту әрқашан тиімді және жалғыз жол болып табылмайды. Тәуекелмен үнемі және мақсатты түрде жұмыс істеу керек.

Тәуекелді басқару үдерісі ұйымның қажетті шарттарын қалыптастыруға бағытталған. Тәуекелді басқару үшін олардың мәнін түсіну, тәуекелді басқару жүйесін қалыптастыру тәсілдерін, тәуекелдерді басқару мен бағалау әдістерін білу керек.

ХХI ғасырдан бастап экономикалық қатынастар күшейе түскені сөзсіз. Сол себептен осы пәннің қажеттілігі туындады.

Оқу құралы элективті пәндерге сәйкес құрастырылған және экономика мамандығы бойынша білім алушылар мен тәуекелді басқару саласындағы мамандарға арналған.

Оқу құралының мақсаттары: тәуекелді басқару жүйесі туралы кешенді көзқарас қалыптастыру; тәуекелді басқару мен бағалаудың заманауи әдістерін зерттеу; білім алушыларды тәуекелді басқарудың тәжірибесімен таныстыру және т.б.

Ол төрт тараудан тұрады:

Бірінші тарауда тәуекелдің мәні мен мазмұны, кәсіпкерлік қызметіндегі тәуекел мен белгісіздік, тәуекел түрлері және жіктелуі, екінші тарауда тәуекелдің пайда болу себептері мен факторлары, тәуекелді басқару қағидалары, ережелері мен әдістері, үшінші тарауда тәуекелді талдау мен бағалауға қатысты сұрақтар, нақты айтқанда, тәуекел дәрежесін анықтау, тәуекелді сәйкестендіру және бағалау әдісі, тәуекелді сандық бағалау әдістері және т.б., төртінші бөлімде тәуекел деңгейін төмендету бойынша әдістер соның ішінде тәуекелді эксперттік талдау әдісі, ми шабуылы әдісі, шешім қабылдаудың сценарийлер әдісі, шешімдер ағашын құру әдісі және т.б. қарастырылған.

Қазіргі заман жағдайларында барлық әлемде тәуекелді басқарудың жаңа әдістері мен тәсілдерін интенсивті іздеу жүріп жатқан кезде қандай да болмасын зерттеу түпкілікті болмайды. Авторлар осы оқу құралында кәсіпорындағы тәуекелді басқарудың әлемдік тәжірибесін зерттеп, оны отандық тәжірибемен байланыстыруға тырысты.

Бәсекелестіктің күшею жағдайында кез келген компания табысты болуы үшін тәуекелді басқаруға үлкен көңіл бөлуі тиіс.

Тәуекелді басқару

Подняться наверх