Читать книгу Тәуекелді басқару - Гүлмира Нұрсейтова - Страница 5
1-тарау. ТӘУЕКЕЛДІҢ ТҮСІНІГІ, МӘНІ ЖӘНЕ МАЗМҰНЫ
1.4. Кәсіпкерлік қызметіндегі тәуекел мен белгісіздік
ОглавлениеБасқарудың барлық деңгейінде, әсіресе инновациялық кәсіпкерлік пен инновациялық менеджментте шешім қабылдау үдерісінде әрдайым белгісіздік орын алады.
Белгісіздік – жағдайдың түсініксіздігі, инновациялық іс-әрекеттер туралы ақпараттың жеткіліксіздігі және дәлсіздігі. Белгісіздік сыртқы ортадағы өзгерістерге, сонымен қатар халықаралық, жергілікті нарықтардың тұрақсыздығына байланысты туындайды және мынадай формаларда анықталады:
– экономикалық орта туралы ақпараттардың нақты және толық болмауы салдарынан жүзеге асырылатын іс-әрекеттердің болашақта болжанатын нәтижесі нақты анықталмайды, сондықтан бірінші және екінші ретті ақпарат көздерінен бәсекелес компанияның бизнесі мен қызметі туралы ақпараттарды жинау өте маңызды;
– компанияның әдістемелік мүмкіндіктеріне байланысты сыртқы ортадан келетін ақпараттарды менеджердің қабылдау және өңдеу қабілеті шектеулі болған жағдайда мамандар мен арнайы мамандандырылған фирмалардың қызметі пайдаланылады;
– нарық қатысушыларының қарама-қайшы әрекеттеріне бәсекелестер тарапынан жасалатын жағымсыз іс-әрекеттер (өндіретін өнім бағасының төмен болуы, бәсекелес туралы жалған ақпарат тарату) жатады;
– компанияның қызметінде жағымсыз жағдайлардың орын алуын алдын ала болжау немесе бағалау мүмкін емес, себебі олар табиғи апаттармен немесе қызметкерлердің заңсыз әрекеттерімен байланысты.
Инновациялық менеджмент немесе жаңалық енгізу үдерісінде туындайтын белгісіздіктің негізгі себептерін 3 топқа бөліп қарастыруға болады: білмеушілік, кездейсоқтық, қарсы әрекет.
Білмеушілік – шешім қабылдау барысында қажетті ақпараттың, қоршаған орта мен сыртқы экономикалық жағдайдың тұрақсыздығына байланысты мәліметтің толық және нақты болмауы. Мұндай жағдайда кәсіпкер бір жақты шешім қабылдай алмайды, себебі ол нәтиженің оң болуына күмәнданады. Мысалы, елдегі саяси жағдайдың өзгеруі, табиғи апат және т.б. оқиғалар экономиканың болашағына қалай әсер ететіні белгісіз болады.
Кездейсоқтық – болашақ жағдайдың бір қалпында өтпеуі. Кездейсоқтықтың мысалы: жаңа құрал-жабдықтың істен шығуы, жоғары білікті маманның аяқ астынан жұмыстан кетуі, тауарлар мен материалдарды жеткізушілерден туындаған мәселелер, жаңа технология мен «ноу-хау» пайдалану барысында ақаулардың шығуы, тауарға сұраныстың төмендеп кетуі, өткізу мен жабдықтау бойынша мәселелер туындауы және т.б.
Қарсы әрекет – бәсекелестер, мердігерлер, тапсырыс берушілер, жұмысшылар, тұтынушылар және т.б. жақтардың компания қызметін дамытуға теріс әсер ететін әрекеттері. Қарсы әрекеттің себептері келесідей болуы мүмкін: шығарылатын өнімге сұраныс көлемінің белгісіздігі, бәсекелестер әрекетінің салдарынан тауарды өткізумен туындаған қиындықтар, мердігер мен тапсырыс берушінің арасындағы жанжал, жеткізушілердің келісімшартты бұзуы, ұжымдағы еңбек даулары, әділетсіз бәсекелестік және т.б.
Кәсіпкерлік қызмет басқа салаларға қарағанда тәуекел мен белгісіздіктің ықпалына көбірек ұшырайды. Сондықтан кәсіпкерлікте көзделген нәтижеге қол жеткізілетініне толыққанды сенімді болуға болмайды. Шағын және орта кәсіпорындардың ірі кәсіпорындарға қарағанда тәуекелі жоғары болып келеді.
Белгісіздіктің түрлері
Белгісіздік объективті және субъективті сипатта болуы мүмкін. Объективті сипаттағы белгісіздіктің түрлері келесідей: техникалық, экономикалық белгісіздік; әлеуметтік-саяси жағдайдың белгісіздігі; жұмысшылар, жеткізушілер мен тұтынушылармен байланысты белгісіздік; еңбек нарығындағы белгісіздік және т.б.
Субъективті сипаттағы белгісіздік түрлері: қоғамдық ғылымдардың жеткілікті дәрежеде дамымауы, болжау әдістерінің кемшілігі, қажетті ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізуге уақыт пен ресурстардың болмауы және т.б.
Көбінесе тәуекел мен белгісіздіктің аражігі дұрыс ажыратылмай жатады. Екеуі ұқсас болғанымен, олардың арасында айырмашылық бар. Тәуекелді болжап, оның алдын алуға қатысты шаралар қолдануға болса, белгісіздіктің орын алатынын болжап білу мүмкін емес. Тәуекел жүзеге асқанда әрқашан теріс нәтиже бермейді, кейде тіпті пайда да алып келуі мүмкін.
Тәуекел – бұл ресурстардың бір бөлігінен айырылу, жоспарланған пайда көлеміне жетпеу қаупі немесе қосымша шығындарға ұшырау және керісінше белгісіздік жағдайда күтілмеген пайдаға ие болу.
Тәуекелдің орын алу салдарынан 3 түрлі нәтижеге қол жеткізуге болады:
1. Теріс нәтиже – яғни тәуекел деңгейіне байланысты кәсіпкер табыстан, түсімнен, тіпті кәсіпорынның барлық мүлкінен айырылуы мүмкін.
2. Оң нәтиже – бұл жағдайда кәсіпкер қосымша табысқа ие болуы немесе тәуекел нәтижесінде туындаған жағдай оған тиімді болуы мүмкін.
3. Нөлдік нәтиже – шығын да, пайда да болмайды, тек түсім тәуекелдің әсерінен туындаған шығындарды толық жабады.
Компанияның тәуекел менеджерінің негізгі қызметі орын алатын тәуекелді алдын ала болжау, оны болдырмау үшін қажетті шаралар жүргізу, туындаған кезде оның деңгейін барынша төмендету.
Бақылау сұрақтары:
1. Белгісіздік дегеніміз не?
2. Белгісіздік және тәуекел түсінігі дегеніміз не?
3. Белгісіздіктің пайда болу себептеріне нелер жатады?
4. Белгісіздіктің қандай түрлері ажыратылады?
5. Белгісіздік пен тәуекелдің айырмашылығы неде?