Читать книгу Тәуекелді басқару - Гүлмира Нұрсейтова - Страница 3
1-тарау. ТӘУЕКЕЛДІҢ ТҮСІНІГІ, МӘНІ ЖӘНЕ МАЗМҰНЫ
1.2. Тәуекелдің пайда болу себептері мен факторлары
ОглавлениеТәуекелдің пайда болу себептері мен факторлары оның негізгі сипаттамаларымен анықталады. Тәуекелдің пайда болу факторлары сыртқы және ішкі болып бөлінеді. Сыртқы факторларына саяси, әлеуметтік-экономикалық, экологиялық және ғылыми-технологиялық түрлерін жатқызуға болады.
Тәуекелділіктің сыртқы факторлары тікелей және жанама әсер ететіндер болып екіге бөлінеді. Жанама әсер ететін факторларға жататындар: елдегі саяси және экономикалық жағдай, экономика саласының жағдайы, халықаралық жаңалықтар мен өзгерістер, табиғи апаттар мен залалдар. Тікелей әсер ететін факторларға жататындар: елдегі заңдар, кәсіпкерлікті жүргізуге байланысты заңдар, салық жүйесі, мемлекеттік және басқару органдарының іс-әрекеттері, серіктестермен туындайтын қатынастар, кәсіпкерлер арасындағы бәсекелестік және жемқорлық.
Тәуекелділіктің ішкі факторлары компания қызметін жүргізу кезінде пайда болады. Ішкі факторларға жататындар: құқық бұзушылық, әлсіз менеджмент, персонал қателіктері, құрал-жабдықтардың тозуы және істен шығуы, төмен сапалы өнім шығару және т.б.
Көптеген жағдайда ішкі факторлар субъективті сипатта болады. Оған кәсіпорынның стратегиясы, қағидалары, ресурстар және оларды пайдалану, маркетингтік шараларды жүргізу сапасы мен деңгейі жатады.
Сонымен қатар кәсіпорынның ішкі ортасының объективті факторларын бөліп қарастыруға болады, соның ішінде өндірістік және өнім өндіру саласы, басқару және назар аударту.
Өнім өндіру саласының ішкі факторлары төмендегідей:
– құрал-жабдықтарды ауыстыруға байланысты туындайтын, технологиялық циклдегі орын алатын үзілістер;
– қосалқы жүйелердегі, электр қуатын беруге байланысты туындайтын апаттар мен жүйенің тоқтап тұруы;
– жөндеуге байланысты жобадағы мерзімдердің өзгеруі, шаруашылық қоймада орын алатын келеңсіз жағдайлар;
– сараптау техникасы, ақпараттық жүйелерді талдауда жұмыс істемей қалуы.
Тәуекелділіктің ішкі өндірістік факторлары инвестиция мен кадрларды дайындау, қабылдау мәселелерімен байланысты.
Кәсіпорынның ішкі факторларын әсер ету саласына байланысты топтастыру олардың тәуекелділікке әсер ету сипаты мен деңгейін анықтауға мүмкіндік береді.
Тәуекелділіктің ішкі және сыртқы факторларының арасындағы өзара байланыстар тәуекелділіктің пайда болу себептері мен әсер ету жағдайын анықтайды.
Тәуекелдің пайда болу себебі – нақты күтілмеген жағдайлардың орын алуы, яғни соңғы нәтиженің өзгеруіне алып келетін жағдайлар.
Жалпы алғанда, тәуекелдің орын алу себебіне күтілмеген жағдайда туындаған табиғи үдерістер, апаттар мен зілзалалар, көзқарастардың, мүдделердің қарама-қайшылығы, қажетті ақпараттардың анықсыздығы жатады.
Сонымен қатар тәуекелдің орын алуының объективті және субъективті себептері болуы мүмкін. Тәуекелдің субъективті себептері көбінесе экономикалық үдеріске қатысатын қатысушылар арасында ақпарат көлемінің біркелкі және толық таралмауы, яғни толыққанды ақпаратпен қатысушылардың тек бір бөлігі ғана иемденгенде орын алады. Мысалы: нарық құрылымы жайлы білім мен ақпараттың толықсыздығы жағдайында тауар ассортиментін құру саясатында қате шешім қабылданып, кейін ол өндірілген өнімді өткізу кезінде үлкен тәуекелдерге әкелуі мүмкін.
Мысалы, шикізаттың болмауына байланысты (материалды жеткізуде келісімшарттың дұрыс құрылмауына байланысты) өндірістің тоқтап қалу тәуекелі.
Тәуекелдің пайда болу себептері: жабдықтаушылардың материалды уақтылы жеткізбеуі, жабдықтаушылар санының шектеулігі, жеткізуді әртараптандырмау, жалпы әлеуметтік-экономикалық жағдайдың тұрақсыздығы және т.б.
Өндірістік жоспарлар мен инновациялық жобалардың жүзеге аспай қалу тәуекелі.
Тәуекелдің себептері: қаржы ресурстарының жетіспеушілігі, қолайсыз ауа райы, технологияны дұрыс пайдаланбау, техникалық ақаулар, көтеріліс, аштық жариялау, біліктілігі жоғары кадрлардың өзге өндіріс орындарына ауысулары және т.б.
Тәуекел факторлары: баға өзгерісіндегі тұрақсыздық жағдайы, аудандағы кәсіпкерлік деңгейінің белсенділігінің төмендігі, тұрақты технологияларды дамытуға байланысты шығындардың дұрыс бөлінбеуі.
Ішкі инвестиция мен несиені ала алмау тәуекелі.
Тәуекелдің себептері: инвесторлардың кәсіпорын болашағы мен мүмкіншіліктері жайында жағымсыз әсерде болуы, кәсіпорын жайлы жағымсыз ақпараттың тарап кетуі, биржа алаңдарында кәсіпорынның акция бағасының түсуі, шығарылатын өнімге байланысты тұтынушылардың сын көзқарастары.
Бақылау сұрақтары:
1. Тәуекел пайда болуының қандай факторларын білесіз?
2. Кәсіпорынның ішкі ортасына қандай факторлар ықпал етеді?
3. Өнім өндіру саласының қандай ішкі факторлары бар?
4. Тәуекелдің себептері қандай болуы мүмкін?