Читать книгу Тәуекелді басқару - Гүлмира Нұрсейтова - Страница 4
1-тарау. ТӘУЕКЕЛДІҢ ТҮСІНІГІ, МӘНІ ЖӘНЕ МАЗМҰНЫ
1.3. Тәуекелді басқару қағидалары мен негізгі ережелері
ОглавлениеТәуекелдің заманауи әлеуметтік-экономикалық жүйеде, менеджменттің бүкіл басқару саласында өзіндік теориялық және қолданбалы орны бар.
Көптеген басқару шешімдері тәуекелге негізделе қабылданады. Басқару мен тәуекел адамзат баласының пайда болған кезінен бастап болған. Басқару интуиция, тәжірибе және парасатты ойлау негізінде тәуекелге бара отырып жүргізіліп, эмпирикалық мағынаға ие болды. Қазіргі таңда басқару шешімдерін қабылдау үшін тәуекел мен тиімді талдауда тек бір интуицияға ғана жүгіну жеткіліксіз. Сондықтан тәуекелділікті ғылыми әдістермен зерттеп, оны кәсіби түрде қолданатын мамандар пайда болды.
Уақыт өте келе менеджменттің жаңа басқару бағытын қажет ететін тәуекел менеджменті пайда болды. Оның міндетіне барлық тәуекел түрлерін алдын алып оны төмендету жатады. Тәуекел менеджері қатысуымен басқару шешімдерін құруда жүйелеуші, басқарудың жүйелік әдісі ретінде теориялық бастама мен шешім қабылдаудың математикалық әдісін, тәжірибедегі психологияны қолдану, іскерлік қарым-қатынас жүргізу және өзге де амалдардан құралады.
Сонымен, тәуекелді басқару саласындағы маман жан-жақты білімді иемденіп, оны әртүрлі жағдайда нақты шешім қабылдауға сәйкес қолдана білуі қажет.
Тәуекелді басқару экономиканың әртүрлі саласында және психологияда, медицина, философия, заң және т.б. салаларда қажетті шешім қабылдағанда қолданылады.
Тәуекелді басқару, көбінесе бұл бас директор және қаржы директорының құзыреттілігінде. Компанияның қарқынды дамуы кезінде тәуекелді басқару функциясын қауіпсіздік қызметі, заң бөлімі, ішкі аудит бөлімі және тәуекелді басқару бөлімшелері жүргізеді. Қалай болғанда да, тәуекелді басқаруға байланысты туындаған мәселелер үнемі компанияның топ менеджерлері мен тәуекел менеджері назарында болуы тиіс.
Компанияда тәуекелді басқару бағдарламаларының сәтті жүзеге асуы тәуекелді басқару және тәуекелді бақылау бөлімі жұмысының дұрыс ұйымдастырылуымен тікелей байланысты. Тәуекелді басқару компанияның тәуекел менеджеріне жүктеледі.
Тәуекелді басқару бөлімінің міндеттері төмендегідей:
– компанияда туындайтын тәуекелдер туралы ақпарат жинау;
– тәуекел түрлерін анықтау және жіктеу;
– олардың деңгейін анықтау;
– тәуекелді басқару бойынша жоспар құру;
– тәуекелді басқару үшін қажетті әдістерді қарастыру;
– тәуекелді басқару үдерісін қадағалау;
– компания бөлімшелеріне тәуекелді басқаруға байланысты кеңестер беру;
– тәуекелді басқару нәтижесін талдау және т.б.
Кәсіпорында тәуекелді басқаруды ұйымдастырудың маңызды бөлігі – тәуекел менеджмент және топ менеджмент жұмысы өкілеттіліктерінің аражігін ажыратып, дұрыс ұйымдастыру. Әдетте тәжірибе жүзінде тәуекелділік жағдайы туындағанда өкілеттіліктер залалдың көлемі мен өлшеміне байланысты бөлінеді.
Тәуекелді басқаруды ұйымдастырудың екі негізгі моделін бөліп қарастыруға болады. Бірінші – шоғырланған модель, барлығы бір негізделген жүйеге шоғырланады, яғни талдау, бағалау, заң менеджменті, экономика менеджменті, өндірістік менеджмент және т.б.
Екіншісі – жіктелген модель, бұл тұрғыдан тәуекелдерге мониторинг жүргізу бөліміне, ал тәуекелді басқару қызметі өзге бөлімдерге жіктеледі. Тәуекелге мониторинг жүргізу бөлімі тәуекелді басқарудың корпоративтік әдістемелерін әзірлеп, оны компания бөлімшелеріне оперативті әрекет жасауға ұсынады, аталған тұжырымдама негізінде өз саласының бағытындағы тәуекелдерді зерттеп, оларды барынша төмендетуге тырысады. Аталған әдіс компания шегінде қызметтердің қайталанып жүрмеуіне мүмкіндік береді.
Тәуекелді басқарудың міндеті – компания басшылығын басқару шешімдерінің бизнеске әсері жайлы ақпаратпен қамтамасыз етіп, тәуекел факторларының әрекетін төмендетуге, тұрақты және тиімді нәтижеге қол жеткізуге бағытталған.
Тәуекелді басқару мақсаты – компания акционерлері мен басшылық үшін табысты көбейтуге және компания қызметінің ұзақ мерзімді тұрақтылығына негізделген балансқа қол жеткізу. Бұл мақсатқа қол жеткізу үшін тәуекелді басқарудың үзіліссіздік, кешенділік, интеграция қағидалары сақталуы керек.
Кешенділік қағидасы – компанияның барлық бөлімшелерін саланың бағыты бойынша тәуекелді анықтау үрдісіне қатыстыру. Бұл жағдайда компания мүмкіншіліктері мен қызмет нәтижесінің арасында тікелей байланыс болады.
Тәуекелді басқарудың үзіліссіздік қағидасы – тәуекелдерге үнемі бақылау жүргізіп, мониторинг жасап отыруды негіздейді. Бұл қағида компанияның қызмет ету ортасындағы шарттарға, ұйымның ішкі және сырқы ортасына толықтай талдау жүргізуді қажет етеді.
Тәуекелдің интеграция қағидасын да ұстанған жөн, яғни тауар бағасының төмендеуінен бастап келеңсіз апаттарға дейінгі бизнеске әсер етуі мүмкін барлық салалар мен тәуекел факторларына бағалау жүргізуді қарастырады. Тәуекелдің бар екенін компаниядағы табыс көлемі, ақша ағымдары және т.б. сияқты негізгі көрсеткіштердің тұрақсыз болып, ауытқу динамикасын көрсететінінен байқауға болады. Тәжірибе көрсеткендей, интеграциялық тәуекелді анықтау негізгі қаражаттардың көлеміне қажеттілікті оңтайландыруға мүмкіндік береді, бұл өз кезегінде компания өндірісінің үзіліссіздігін қамтамасыз етеді.
Компанияда тәуекелді басқару үдерісі бірнеше кезеңдерден тұрады:
1. Кәсіпорынның бизнесті жүргізу үдерісін талдау кезінде тәуекелді басқару жүйесі қалыптастырылады және тәуекел картасы құрылады. Бизнеске талдау жүргізу барысында әр құрылымды бөлімшелердің өзгешеліктері мен ерекшеліктерін, кәсіпорынның инфрақұрылымын ескерген жөн.
2. Ағымдағы тәуекелдерді бақылау барысында операциялық тәуекелдердің жүйесінде құрылған тәуекелдерге мониторинг қызметін қамтамасыз ету керек.
3. Тәуекелді бақылаудың әдістемесі мен қағидаларын әзірлеп, олардың шынайылығын тестілеу қажет. Бұл әдістің негізі кәсіпорында қолданған бағалау және тәуекелді болжау әдістері қандай нәтижеге әкелгенін ағымдағы әдіспен салыстыру. Мұндай талдау негізінде кәсіпорында құрылған жүйенің тиімділігін анықтау болып табылады.
4. Тәуекелдің кері әсерін барынша төмендету және пайда болуының алдын алу үшін тәуекелді басқару жүйесі әзірленеді. Бөлімшелердің қиын жағдай туындағандағы әрекеттеріне қатысты дағдарыстық сценарийлер алгоритмі құрылады. Тәуекел-менеджменті мен дағдарыс-менеджменті өзара байланысқан және келісілген болып келеді.
5. Кәсіпорында тәуекелді басқаруды енгізе отырып, туындаған өзгерістер мен нәтижелерді анықтап, талдау жүргізіп отыру керек.
Тәуекелді басқару кәсіпорынның басқару үдерісін ұйымдастырудың сонымен қатар барлық салада шешімдер қабылдау үшін қажет элементтердің бірі болып табылады.
Тәуекелді жіктеудің көптеген әдістері бар. Кәсіпорын өзіне сай әдісті өз қызмет ету аясы тұрғысында тәуекелдің ерекшелігін және олардың пайда болу себептерін ескере отырып таңдайды.
Компанияның табыстылығы тәуекелді тиімді басқаруға да тығыз байланысты, сондықтан кәсіпкерге біліктілігі жоғары тәуекел менеджермен жұмыс істеген жөн. Тәуекел менеджер өз кезегінде тәуекелді басқарудың келесідей негізгі ережелерін жетік білуі тиіс:
1. Өзіндік капиталдан асатын көлемдегі тәуекелге баруға болмайды.
2. Тәуекелдің салдары жайлы ойлану керек.
3. Аз пайда үшін көп шығын етудің қажеті жоқ.
4. Күмән болған жағдайда теріс шешім қабылданады.
5. Бір ғана шешім бар деп ойлауға болмайды, кез келген жағдайда балама шешім болуы мүмкін.
Өкінішке орай, көп компанияларда тәуекелді басқару қағидалары мен негізгі ережелері сақталмайды.
Бақылау сұрақтары:
1. Тәуекелді басқару бөлімі қандай міндеттерді атқарады?
2. Тәуекелді басқару міндетін қалай түсінесіз?
3. Тәуекелді басқарудың қандай мақсаттарын білесіз?
4. Тәуекелді басқарудың қандай қағидалары бар?
5. Тәуекел менеджер қандай ережелерді сақтауы қажет?