Читать книгу Тәуекелді басқару - Гүлмира Нұрсейтова - Страница 2

1-тарау. ТӘУЕКЕЛДІҢ ТҮСІНІГІ, МӘНІ ЖӘНЕ МАЗМҰНЫ
1.1. Экономика мен бизнестегі тәуекелдің мәні мен мазмұны

Оглавление

Кәсіпкерлік қызмет тәуекел түсінігімен тығыз байланысты. Нарықтық экономика жағдайында кәсіпкерге өз ісін сәтті жүргізу үшін жаңа тауарлар мен қызмет түрлерін ұсыну қажет, ал бұл шаралардың бәрі тәуекелге әкеліп соғады. Осыған сәйкес тәуекел деңгейлерін анықтап, оны басқару жолдарын білуі тиіс.

Тәуекел – бұл нәтижесінде оң немесе теріс салдар күтілуі мүмкін болатын құбылыс. Егер де тәуекел нәтижесі оң да, теріс те болса, онда бұл спекулятивті тәуекел түріне жатады. Ал егер нәтиже тек теріс болса, онда таза тәуекел балып саналады. Кәсіпкерлік қызметте туындайтын шығындар: материалды, қаржылық, еңбек шығындары. Қаржы менеджері үшін тәуекел –жағымсыз нәтиженің болу мүмкіндігі. Түрлі инвестициялық жобалардың тәуекел деңгейі әртүрлі. Тәуекелді болдырмауға, анығырақ айтсақ, тәуекелге байланысты іс-шарадан бас тартуға да болады. Алайда кәсіпкер үшін тәуекелден бас тарту пайдадан бас тарту болып есептеледі. Сонымен қатар табыс қаншалықты мол мөлшерде күтілсе, оның тәуекел дәрежесі де соншалықты жоғары болатынын ескеру қажет.

Тәуекел – кәсіпкерлік қызметпен айналысатын кез келген тұлғаның белгілі бір қаржылық немесе өндірістік стратегияны жүзеге асыру нәтижесінде өз қаражаттарының бір бөлігін жоғалту, табысты толық ала алмау немесе қосымша шығынға ұшырау ықтималдығы. Заманауи ғылыми әдебиетте тәуекел күрделі экономикалық категория ретінде қарастырылады және оны анықтау барысында келесідей әдістемелер қолданылады:

– компания қызметінің қаржылық нәтижесі арқылы анықтау, яғни тәуекелді экономикалық немесе қаржылық категория ретінде анықтау;

– жоспарланған шаралар барысында туындайтын ауытқу арқылы анықтау, яғни тәуекелді мақсаттан ауытқу категориясы ретінде анықтау;

– кез келген жағымсыз жағдайдың орын алу мүмкіндігі арқылы анықтау, яғни тәуекелді ықтималдылық категориясы ретінде анықтау.

«Тәуекел» түсінігі О. Сабден, С. Тоқсанбайдың энциклопедиялық анықтамалығында келеңсіз зардаптарға ұшырататын оқиғалардың басталу ықтималдылығы, ал А. Қошановтың экономикалық орысша – қазақша сөздігінде қауіп-қатер, тәуекелдікті білдіреді.

Тәуекелді басқару – бұл қолайсыз нәтиже мен шығын көлемін төмендетуге байланысты шешім қабылдау және оны басқару үдерісі.

Экономика саласында тәуекелді басқару мақсаты – таза тәуекелден сақтау арқылы шаруашылық субъектілерінің бәсекелестігін көтеру.

Тәуекелді басқару келесі кезеңдерден тұрады:

1. Тәуекелді айқындау, зардап көлемін анықтау.

2. Шығын көлемін төмендету үшін тәуекел стратегиясын құру.

3. Тәуекелді басқару үшін қажетті әдістер мен құралдарды таңдау.

4. Тәуекелді басқару.

5. Соңғы нәтижелерді бағалау және қажет болған кезде тәуекел стратегиясында түзетулер енгізу.

Тәуекелді басқару бойынша жұмыстарды ұйымдастыру және жүзеге асыру тікелей тәуекел менеджерінің білімі мен біліктілігіне байланысты.

Тәуекелді басқару кезінде әртүрлі әдістер қолданылады, олар келесі 4 топқа жіктеледі:

1. Тәуекелден бас тарту әдістері.

2. Тәуекелді локализациялау әдістері.

3. Тәуекелді әртараптандыру әдістері.

4. Тәуекелді компенсациялау әдістері.

Тәуекелді басқару әдістерін қолдану арқылы туындаған қолайсыз жағдайдан шығуға және нәтижені жақсартуға мүмкіндік туады.

Тәуекелді айқындау, талдау және бағалау компания тәуекелдерін басқару үдерісінің негізгі элементтері ретінде қарастырылады, сонымен қатар компания табыстылығы осы элементтердің тиімді ұйымдастырылуына тәуелді болады.

Компанияны басқару барысында көзделген мақсатқа жетуге бағытталған іс-әрекеттер (процедуралар) тәуекелді басқару үдерісінің элементтері, ал осы іс-әрекеттердің өзара байланысы тәуекелді басқару үдерісінің элементтері арасындағы байланыс ретінде қарастырылады.

Жалпы компания тәуекелдерін басқару үдерісі тәуекелді басқару мақсатын анықтау, тәуекелді талдау мен бағалау және қабылданған шешімді жүзеге асыру барысында тәуекел деңгейін төмендетуге бағытталған шараларды қолдану процедураларынан қалыптасады.

Тәуекелді басқару – тәуекелді анықтау, талдау және тәуекел орын алған жағдайда оның теріс салдарын төмендету немесе оң нәтижелерін жоғарылату туралы шешім қабылдаумен байланысты үдерістер.

Тәуекелдің пайда болу аймақтарын анықтау кезеңінде тәуекел факторларын ескере отырып, компания қызметіндегі кауіп-қатерлерді айқындау үшін қажетті ақпараттарды жинау және әлеуетті қауіп көздерін анықтау керек. Нарықтық зерттеу нәтижелері, рейтингтік агенттіктер мен консалтингтік фирмалар тарапынан берілетін алғашқы аналитикалық ақпарат, сыртқы және ішкі аудит қорытындылары ақпараттарды жинау әдістері ретінде қарастырылады.

Тәуекелді талдау және бағалау кезеңінде тәуекел факторларын анықтау және идентификациялау, көрсеткіштерді таңдау және тәуекел деңгейін бағалау жүргізіледі.

Компания тәуекелдерін талдау қызметті орындау қажеттілігі туралы шешім қабылдау барысында әлеуетті серіктестерге керекті мәліметтерді беру үшін және мүмкін болатын қаржылық шығындардан қорғану шараларын алдын ала болжау үшін қолданылады. Тәуекелді талдау өзара бірін-бірі толықтыратын сапалық және сандық талдау негізінде жүзеге асырылады.


1-сурет. Тәуекелді басқару үдерісі


Сапалық талдаудың негізгі мақсаты тәуекел факторларын болжау немесе анықтау, тәуекелдің пайда болу кезеңдерін, яғни тәуекелдің әлеуетті аймақтарын белгілеу болып табылады.

Тәуекел факторларын болжау стратегиялық талдау, компания қызметінің ішкі және сыртқы ортасын талдау әдістерін қолдану арқылы жүзеге асырылады.

Тәуекел факторларын болжаудағы стратегиялық талдау әдістеріне Бостон матрицасы, бизнес экраны матрицасы, салалық талдау, стратегиялық топтарды талдау және SWOT-талдау жатады.

Бостон матрицасы оңтайлы тауар немесе бизнес портфель арқылы ресурстарды орналастыру үдерісін бағыттауға керекті стратегиялар кешенін анықтауға негізделген. Бостон матрицасының негізінде жасалған талдау компанияға бизнес бағыттарын дұрыс таңдалмау тәуекелін, стратегиялық бағытқа сәйкес анықталған нарықтың өсу қарқынын және компанияның нарықтағы үлесін дұрыс анықтамау тәуекелін, бәсекелестер тарапынан жағымсыз әсердің болу тәуекелін анықтауға мүмкіндік береді.


2-сурет. Тәуекелді сапалық талдау әдістерінің құрылымы


– бизнес экраны матрицасы компанияның күшті жақтарын талдаумен саладағы сыртқы ортаны талдауды біріктіру арқылы компанияның бәсекелестік қабілеттілігін сипаттауға негізделген. Компания бизнес экраны матрицасын өз бөлімшелерінің портфелін тұрақты түрде қадағалау немесе портфельдің қолданылуын жетілдіру үшін қаржылық стратегияларды өңдеу барысында қолданылады;

– салалық талдау саланың табыстылығын айқындауға және оны арттыруға немесе төмендетуге әсер ететін жағдайларды анықтауға бағытталған. Салалық талдау нарыққа енуге дайын жаңа компаниялардың пайда болу қаупін, жеткізушілер мен сатып алушылардың нарықтағы ықпалын, ұқсас тауар өндіруші компаниялардың пайда болу қаупін және нарықтағы бәсекелестер арасындағы қарсыластықты сипаттайтын М. Портердің бес күш моделіне негізделген;

– SWOT-талдау компанияның мүмкіндіктері (күшті және әлсіз жақтары) мен сыртқы жағдайды (мүмкіндіктер мен қауіптерді) салыстыру барысында қолданылады. SWOT-талдау негізінде компанияның қызметінде кездесетін тәуекел факторларының жиынтығын (компанияға сырттан әсер ететін қауіптерді сипаттайтын тәуекелдің сыртқы факторларын және компания қызметінің жекелеген бөліктерінің әлсіздігімен сипатталатын тәуекелдің ішкі факторларын) анықтауға болады.

Тәуекел факторларын болжаудағы сыртқы ортаны талдау әдістеріне сатып алушыларды талдау, сатып алушылық құндылықты талдау, бәсекелестік талдау және бәсекелестердің жекелеген сипаттамаларын талдау жатады.

– сатып алушыларды талдау сатып алушылар қажеттілігінің негізінде нарықты талдау болып табылады;

– сатып алушылық құндылықты талдау компания өнімін тұтынушыларды, компания бәсекелестерін және компанияның қызмет көрсету нарықтарын айқындауға негізделген. Сатып алушылық құндылықты талдау табыстылығы жоғары нарық сегменттерін таңдау және компанияның бәсекелестік артықшылықтарын бағалау үшін қолданылады;

– бәсекелестік талдау ағымдағы және болашақтағы бәсекелестердің күшті және әлсіз жақтарын анықтауға мүмкіндік береді. Бәсекелестікті талдау бәсекелестердің жоспарлары мен стратегиясы айқындалады, бәсекелестердің стратегиясы олардың мүмкіндіктеріне қаншалықты сәйкес келетіндігі анықталады, бәсекелестік инициативаларға бәсекелестердің әсері болжанады;

– бәсекелестердің жекелеген сипаттамаларын талдау бәсекелестердің жеке басының қасиеттері мен психологиялық сипаттамаларына, білім деңгейіне баға беруге негізделген. Бәсекелестердің жеке қасиеттерін бағалау компания басшылығына жағымсыз стратегиялық шешім қабылдау тәуекелдерін болжауға мүмкіндік береді.

Тәуекел факторларын болжаудағы ішкі ортаны талдау әдістеріне компанияның даму бағыттарын, өнімнің, технологияның өмірлік циклін талдау, патенттік талдау, қаржылық көрсеткіштерді талдау және қаржылық жағдайдың рейтингтік моделі жатады.

– компанияның даму бағыттарын талдау барысында компания тауарларының альтернативаларын (ағымдағы тауарлар, жетілдірілген тауарлар, жаңа тауарлар) нарықтың мүмкін болатын варианттарымен (ағымдағы нарық, кеңейтілген нарық, жаңа нарық) салыстырады. Салыстырудың нәтижесінде компания нарықтық өсу мүмкіндігін және осы өсумен байланысты тәуекелдерді анықтай алады;

– өнімнің өмірлік циклін талдау нарықтың өсу динамикасы мен өнімді басқару маңыздылығын анықтау үшін қолданылады және компания басшылығына нарықтағы өзгерістермен байланысты өнімнің тауарлық ассортиментінің өзгеру тәуекелін болжауға мүмкіндік береді;

– технологияның өмірлік циклін талдау болашақтағы стратегияны негіздейтін технологиялар туралы шешім қабылдау мақсатымен компанияның технологияларын бәсекелестердің әлеуетті технологияларымен салыстыру болып табылады;

– патенттік талдау арқылы компанияның инновациялық қызметін жоспарлау мақсатымен технологиялық тенденцияларды болжауға және нарықта жаңа тауарлар мен технологиялардың пайда болуымен байланысты тәуекелдерден қашықтауға болады;

– қаржылық көрсеткіштерді талдау компанияның қаржылық жағдайын бағалауға және төлем қабілеттілігі мен қаржылық тұрақтылықты жоғалту тәуекелдерін болжауға мүмкіндік береді;

– қаржылық жағдайдың рейтингтік моделі қомпания қызметінің негізгі нәтижелерін (төлем қабілеттілігін, қаржылық тұрақтылығын, компанияның іскерлік белсенділігін және рентабельдігін) сипаттайды.

Сандық талдау тәуекелдердің пайда болу ықтималдығын және олардың компанияға тигізетін әсерін анықтау нәтижесінде шешім қабылдауға және белгісіздіктен қашықтауға мүмкіндік береді.

Сапалық талдау барысында тиімділік критерийлердің сезімталдығын талдау әдісі, сценарийлер әдісі, тәуекелді талдаудың эксперттік әдісі, шешімдер ағашын құру әдісі, Монте-Карло (имитациялық модельдеу) әдісі және т.б. әдістер қолданылады.

Кәсіпкерлер тәуекел түсінігін «шығын», «ысырап» мағынасында түсінеді, алайда кейбір жағдайда тәуекел күтілмеген табыс пен пайда алып келуі мүмкін. Осы кезге дейін кәсіпкерлердің көпшілігі тәуекелдерге тиісті көңіл бөлмеді. Сол себепті олар белгіленген мақсатқа жете алмауда. Сонымен қатар көптеген адамдар тәуекелді шешім қабылдау арқылы жүзеге асатын бір уақытша құбылыс ретінде түсінеді. Алайда оны үздіксіз үдеріс ретінде түсінсе ғана оны ұтымды басқаруға болады.

Мүлдем тәуекелі болмайтын компаниялар жоқ, тіпті, шағын компанияда да төмен дәрежелі болса да тәуекел орын алады. Компанияның сәтті дамуы үшін тәуекелге және оның салдарына аса мән беру қажет.

Бақылау сұрақтары:

1. Тәуекел дегеніміз не?

2. О. Сабден, С. Тоқсанбайдың энциклопедиялық анықтамалығында тәуекелге қандай түсінік берілген?

3. Тәуекелді басқару дегеніміз не?

4. Тәуекелді басқару қандай кезеңдерден тұрады?

5. Тәуекелді басқарудың қандай әдістерін білесіз?

Тәуекелді басқару

Подняться наверх