Читать книгу Қанатты сөз – қазына. 1-кітап - Кеңес Оразбекұлы - Страница 4
АЛҒЫСӨЗ
ОглавлениеХалық ауыз әдебиеті үлгілерінің бірі – мақал-мәтелдер мен фразеологиялық тіркестер – ежелден бері халқымызбен бірге жасасып келе жатқан жауһар қазыналардың бірі болып табылады. Маржан сөздер деп атайтыны содан да болса керек. Ауыз әдебиетінің бұл үлгілері өзге әдеби жанрларға қарағанда бүгінгі күнге дейін халқымыздың тіл қатынас құралы негізінде кең қолданыста. Ел-жұртымыз оларды тіліміздің құнарлы да мағыналы, икемді де оңтайлы, тапқыр да түйінді сөз бөлшектері ретіндегі маңызын жоғары бағалап, сөз қолданыстарына қосып, тіл байлығын арттыру үшін жаңаларын іздестіріп, қызығушылық танытып келеді. Содан да болар, әр қилы құрастырушылардың ізденісімен мақал-мәтелдердің неше түрлі жинақтары жиі щығарылып, кітап дүкендеріміздің негізгі қорын байытып келеді.
Дегенімен, әлгінде айтқанымыздай, ол жинақтардағы мақал-мәтелдер мен тұрақты сөз тіркестерінің негізі халқымызбен бірге көне замандардан бері жасасып келе жатқандықтан, құрамындағы сөздері ескіріп, көнеріп, сөз қолданысымыздан шығып, бүгінгі жұрттың, әсіресе жастардың тісі батпайтындай, мән-мазмұнын түсініп, ұғуға қиындық туғызатындай дәрежеге жеткен. Міне, осы олқылықтың орнын жабуға біздің құрастырып, дйындауымызбен шығып отырған «Қанатты сөз – қазына» атты кітабы көмегін тигізеді деп ойлаймыз.
«Қанатты сөз – қазына» екі кітаптан тұрады. Оның бірінші кітабы ел аузындағы шағын-шағын төрт жүзден аса этнографиялық әңгімелер мен аңыздардан, шешендік этюдтер мен тәмсілдерден, ертегілерден жинақталып құрастырылған. Осы әңгіме-тәмсілдерде баяндалған қызықты да тағылымды оқиғалар арқылы ел аузында кең тараған мақал-мәтелдер мен қанатты сөздердің мән-мазмұны мен олардың шығу тегін ашып көрсетуге тырыстық.
Ал, екінші кітапта мақал-мәтелдер мен қанатты сөздердің шығу тегін танымал жазушылар мен этнографтардың, тарихшылар мен филологтардың, журналистер мен тағы басқа мамандық иелерінің халқымыз салт-дәстүрлері мен этнографиясына, тарихы мен өмір-тіршілігіне, ру шежірелері мен табиғи құбылыстарға қатысты ой-түйіндеулерінен, қызғылықты мысал-деректерінен мыңнан аса үзінділерді рет-ретімен жинақтап беріп отырмыз. Иә, бұл қызғылықты ой-түйіндеулерді өз авторларының атынан осылай жинақтап бермесек, ол қазыналар ел көзінен тасада, көнерген газет-журналдар мен кітаптардың қойнауында, уақыт, заман қатпарларында керексіз, ескерусіз болып қала берер еді. «Ел іші – кеніш» дегендей, біз оларды әр автордың сөз саптаулары мен дерек келтірудегі стилдерін бұзбай жинастырып ұсынып, бұл қазына-байлықтарды халықтың өзіне қайыра қайтарып отырмыз. Оған көзі тірі авторлар түсіністікпен, «өшкені жанған» риза көңілмен қарар деп ойлаймыз.
Осы екі кітаптағы қазына-байлықтарды жай ғана жинақтап бере салмай, әр материалдың үстіңгі немесе астыңғы жағына курсивпен өз тарабымыздан ой-түйіндеулеріміз бен материалдарды толыққанды аша түсетін қосымша деректерді де келтіріп отырдық. Сондай-ақ әрбір мақал-мәтел мен қанатты сөздердің, сөз тіркестерінің мән-мағыналары мен түсіндірмелерін, ескі, көнерген сөздердің түсініктерін, кейбір қанатты сөздердің ел ішінде айтылатын өзгеше варианттары мен синонимдерін де толықтырып беруге тырыстық.
Реті келгенде айта кетейік, екі кітаптағы аңыз-әңгімелер мен материалдардың көпшілігі ел аузынан, ел ішінен алынғандықтан, көнеден, ескіден келе жатқандықтан, олардың әр түрлі нұсқадағы варианттылығы да жиі кездеседі. Мәселен, бірінші кітаптағы «Абылай аспас сары бел» – ел аузындағы аңыз бойынша берілсе, екінші кітаптағы «Абылай аспас асу» жазбаша түрде, яғни Х. Досмұхамбетовтың дерегі бойынша ұсынылып отыр. Сондай-ақ, оқырман қос кітаптағы «Абысын тату болса, ас көп, ағайын тату болса, ат көп», «Арыстанбабқа түне, Қожа Ахметтен тіле», «Көп қорқытады, терең батырады», «Ұялған тек тұрмас», «Ұзынсары» және тағы басқа да қанатты сөздердің көп варианттылығын аңғарған болар. Оларды да біз қанатты сөздерің мән-мазмұнын жан-жақты аша түсетін болған соң бірнеше нұсқада ұсынып отырмыз. Сондай-ақ, екінші кітапта бір қанатты сөзге орай айтылған бірнеше автордың ой-тұжырымдарын да қатарластыра жарияладық. Олар сол берілген қанатты сөздердің мән-мазмұны мен шығу тегін, төркінін бірде жан-жақты толықтырып, аша түссе, енді бірде түсініктері бір-біріне кереғар келіп қалады. Мәселен, «Елді ала тайдай бүлдірдің», «Ұлың – Үрімге, қызың – Қырымға», «Арамзаның құйрығы бір-ақ тұтам», «Болат кездік қап түбінде жатпайды» және тағы басқалары. Олардың қайсысының пікірі дұрыс, қайсысы бұрыс екенін айқындап, саралап жатпадық, көңілі даңғыл оқырманның өз ой-таразысына салдық.
«Қанатты сөз – қазынаның» бірінші кітабы 2010 жылы «Бәрекелді» баспасынан, екінші кітабы «Сенім» Жамбыл баспа орталығынан 2013 жылы аз тиражбен жарық көрген болатын. Кітаптардың жалпы оқырманға ұнағаны сондай, дүкендерде көп жатпай, тез таралып, байланыс телефонымыз арқылы жақсы пікір, лебіздерін айтып, іздеушілер көп екенін жеткізіп жатты. Міне, оқырмандардың сол аңсарлы тілектерін ескергендіктен, «Қанатты сөз – қазынаның» екі кітабын қайта аударыстырып, бұрынғы кемшін тұстарын түзетіп, қосымша материалдармен толықтырып, өздеріңізге жаңалап ұсынып отырмыз.
Ілгері уақытта, біздің бала кезімізде ел ішінде көкірегі даңғыл, қазына, шежіреге толы қариялар көп болушы еді. Олар көпшіліктің, кейінгі жастардың алдында салт-дәстүр, батырлық, тарихи, шежіре әңгімелерді, аңыз, ертегілер мен тәмсілдерді майын тамыза айтып, ел-жұрттың құлақ құрышын қандырып, жастарға өнеге, тәлім беретін. Тағылымдарымен дұрыс жолға салып отыратын. Бүгінде ондай даңғыл қариялар сиреген, тіпті, ел ішінде қалмаған да болар. Біздің бұл кітаптарымыз сол олқылықтың орнын толтыра алмаса да, сондай әңгімелерге сусаған ел-жұрттың қажетіне жарап қалар деп ойлаймыз. Сөйтіп, бұл кітаптар оқырмандарымен қуанып табысатын, дүркін-дүркін қолына алып, ондағы ой-түйіндеулерді өмірлік бағдарына айналдырып, әр шаңырақтың қымбат рухани қазынасының қатарына қосар деп сенеміз.
Кітаптар жайлы пікір-ескертпелеріңіз, алып-қосарларыңыз, баға-лебіздеріңіз болса, мына электронды поштамызға жазып, хабарласуыңызға болады: kenes-0305@mail.ru.
Жинақ балалар мен шәкірт жастарға, ұстаздар мен көпшілік оқырманға арналған.
Автордан.