Читать книгу Қанатты сөз – қазына. 1-кітап - Кеңес Оразбекұлы - Страница 7
АЛҒЫСӨЗ
Б
ОглавлениеБАЙЛЫҚ – ҚОЛДА ҰСТАҒАН МҰЗ,
БАҚ – ҰЗАТЫЛҒАН ҚЫЗ,
БАЛА – АДАМНАН ҚАЛҒАН ІЗ
Дүние-байлығың еріген мұздай жоғалып, жарлы болуың оңай, бақ та басыңа қонып, енді бірде ұзатылған қыздай тастап кетеді. Ал артыңда қалған балаң – өміріңнің жалғасы, үйіңнің отын сөндірмей, ұрпақ үрдісін жалғастыратын із сияқты мәңгілік дегенді аңғартады.
Бірде Шымкентте өткен ояздық жиналысқа Шойынбет би төрелік жасайды. Келгендердің кейбіреуі оның шағын денесіне, жұпыны киіміне қарап, «Мына түріңмен қандай билік айтып жарытарсың» дегендей сыңай танытады. Сонысын дәлелдегісі келген әлгілердің бірі: «Шойеке, менің сізге сауалым бар, соған жауап беріңіз», – деп қолқа салады. Шойекең бұған қарсылық білдірмейді.
– Байлық жақсы ма, бақ жақсы ма, бала жақсы ма? – дейді әлгі.
Сонда Шойынбет:
– Байлық – қолда ұстаған мұз, бақ – ұзатылған қыз, бала – адамнан қалған із, – деп жауап қайырыпты.
БАҚ ҚАЙДА БАРАСЫҢ – ЫНТЫМАҚҚА БАРАМЫН
Өзара ынтымақты, тату, сыйластығы жарасқан отбасының береке-бірлігі де мызғымайды, ырысы молайып, бақ-дәулеті артады, деген мағынаны береді.
Төле би жас кезінде талай жасы үлкен атақты абыз билердің алдынан өтіп, батасын алады.
Бірде Төле бала Әнет бабаға барыпты. Жасы жүзге келген Әнет баба ынтымақ, ел бірлігі жөнінде әңгіме айтып отырады. Төле «Қалай еткенде бірлік болады, оның күші қандай болмақ», дегенді сұрайды. Сонда Әнет баба әуелі жауап айтпас бұрын бір бума солқылдақ шыбық алдырады.
– Балам, мынаны сындырып көрші?
Төле буылған шыбықты олай-бұлай иіп сындыра алмайды.
– Енді сол шыбықты біртіндеп сындыршы?
Төле ортасынан буылған шыбықты шешіп, біртіндеп оп-оңай сындырып береді. Әнет баба:
– Бұдан не түсіндің, балам? – дейді.
Сонда Төле бала:
– Түсіндім, баба, бұл мысалыңыздың мәнісі: Ынтымағы, бірлігі мықты елді жау да, дау да ала алмайды. «Саяқ жүрген таяқ жейді» демекші, «бірлігі, ынтымағы жоқты жау да, дау да оп-оңай алады» дегеніңіз ғой.
– Бәрекелді, балам, дұрыс таптың. Ел билеу үшін алдымен елді ауызбірлікке, ынтымаққа шақыра біл. «Бақ қайда барасың – ынтымаққа барамын» дегеннің мәнісі осы, – депті.
БАҚ ҚАРАСЫН, ҚЫДЫР ДАРЫСЫН
Ертеде Бақ пен Қыдыр Қаратаудың жотасымен келе жатқан екен. Оларды көріп жетім-жесір, ғаріп-кесір, бай-манаптар шапағат етуін сұрап, жабылады. Бәрі Қыдырдың шапанына жармасады. Біреулері аса таяғын ұстап, енді бірі бөркін сипап тілектерін айтып жатады. Қасында келе жатққан Бақты ешкім елемепті. Ол кезде жұрт Бақты танымайды екен. Үстіне ескі шапан, жыртық қалпақ киген оны жұрт менсінбепті. Бақ ат жақты келген, қасының түктері көзіне түсіп, көп нәрсені көрмейді екен. Айналасындағы у-шуды түсінбей:
– Мына шуылдақтар кімдер? – деп қалың қасын жалп еткізіп, басын жоғары көтеріп қалғанда, қыр басындағы кемтар қызға көзі түсіпті. Оны көрген Қыдыр ақ таяғын кемтар қызға қарата нұсқайды да, қаумалаған көпшілікке:
– Бақ қарамаса, мен дарымаймын. Бүгін бақтың көзі қырдың басында тұрған қызға түсті. Сендер бақтың киімін қомсынбай, соған жақындағанда, мен сендерге назар салар едім, – дейді де, Бақ екеуі көзден ғайып болады.
Бақ қарап, Қыдыр дарыған кемтар қыз ауруынан сол сәтте сауығады. Артынша тұрмысқа шығып, үйлі-баранды болған екен. Алла бір басына жететін дәулет беріп, мұратына жетіпті.
Ел арасында «Бақ қарасын, Қыдыр дарысын» деген тәмсіл осыдан қалған екен.
Бата, тілек құрамында көп кездеседі, ырыс-несібелі, бай-дәулетті, жолың болсын, мақсат-мұратыңа жет деген жақсы лебіздердің жиынтық-түйіні іспетті.
БАЛА ӨСІРСЕҢ, ШАЛА ӨСІРМЕ
Баланы ешкімнен кем қылмай ішіндіріп, киіндіріп, тұмсықтыға шоқытпай, қанаттыға қақтырмай, мәпелеп өсіріп келем, енді одан артық не керек деп, оның тәрбиесіне көңіл бөлмейтін немесе немқұрайлы қарайтын ата-аналарға балаңды шала өсірме, оның тәрбиесіне, рухани жан-дүниесіне де ден қой дегенге меңзейді.
Қабыланның* күшігі қызылшақа, әлсіз болып туылыпты. Оны көрген аю, жолбарыстар «Сен бала емес, құбыжық таптың» деп мазақтай беріпті. Аңдардың келемежіне намыстанған қабылан тау шатқалындағы аңойнақтан безіп, мал өрісін сағалап жүреді екен.
Бір күні мал соңында қозысын емірене жалап тұрған қара саулыққа кез келіпті. Құлақтары салпиып, аяқтары маймиып тұрған кішкентай қозыны көрген қабылан:
– Ей, қоңыр қой, момын қой,
Мұндай бала сорың ғой.
Жаламасаң жетпей ме,
Өзі жүріп кетпей ме? —
деп сөгіпті. Сонда қара саулық айтыпты:
– Сылап—сипап қарамасаң,
Жас кезінде жаламасаң,
Еміреніп емізбесең,
Жемге үйретіп жегізбесең,
Бала қайтіп оңады,
Қалай өсіп толады?
Бұл сөзге ойланып қалған қабылан өз басындағы мұңын айтып, қара қойдан ақыл сұрапты.
– Атым – қабылан, затым – аң, атамыз – арыстан, нағашымыз – жолбарыс, ағайынымыз – барыс. Бәріміз де мықты едік. Алайда осы бір балам қортық болып туылды. Мазақтан өлер болдым. Сен адамға жақынсың ғой, бір ақылын айтпайсың ба? – депті.
Қара саулық та қабыланның алғашқы кездегі тәкаппарсына сөйлегеніне қарай:
– Сіздің бойыңыз үлкен болса да, ойыңыз өспеген тәрізді. Баланы табуды білген жан-жануар оны бағып-қағып, мәпелеп өсіруді де білуге міндетті.
«Бала өсірсең, шала өсірме» дейді шопандар. Балам жақсы болып өссін десең, көп жала, көп қара. Көп жаласаң —жүн бітеді, көп қарасаң – сын бітеді. Ең әлсіз де нашар бала – құстардың тұқымы. Олар жұмыртқаның ішінде кілегей уыз болып жатады. Ерінбей шайқап, жалықпай басқан құстар сол шаранадан балапан ұшырады. Мысық екеш мысық та соқырына* мейірлене қарап, мекірене жалап өсіреді, – депті.
Қара саулықтан кеңес алған қабыланның сол баласы мысық сияқты тарғыл, кішілеу болғанымен, күшті, жүйрік, көреген және епті болып ер жетіпті. Сілеусін дейтін аң осы қабыланның баласы болса керек дейді қарттар. «Бала өсірсең, шала өсірме» деген сөз содан қалса керек.
Қабылан* – жолбарыстан кішілеу, шұбар түсті жыртқыш аң.
Соқыр* – мысықтың қызылшақа баласы.
БАЛА – БАУЫР ЕТІҢ
Әр ата-ана үшін туған баласы бауыр етіндей қымбат, жамандыққа, өлімге қимайды деген мағынаны береді.
Қазыбек беріде елге бегілі болған кезде бір балаға дауласып екі әйел алдына келіп жүгінеді. Әйелдердің бірі:
– Мынау баламды мен есін білмейтін жас күнінде жоғалттым, соны мынау әйел тауып алды ма, әлде ұрлап алды ма, оны білмеймін, әйтеуір асырап алыпты. Бүгін танып, сұрасам «өз балам» деп бермейді, – дейді.
Екінші әйел тұрып:
– Бала өзімдікі, өзім таптым. Мынау босқа жармасып тұр – дейді. Қазыбек екі әйелдің сөздерін тыңдап болып, біраз ойланып отырып қалады. Содан кейін:
– Бірің балаңды жоғалтқаныңды, енді бірің тапқаныңды растап шығарлық мұнда басқа куә жоқ. Сондықтан мынадай билік еткім келеді, – дейді де, баланы екі қолынан екі әйелге ұстатып қойып, қара балтаны ұстап көтеріп тұрып: «Екеуіңе де қара қылдай қақ бөліп беремін, осыған ризасыңдар ма?» – дейді. Сонда балаға ие болып жүрген әйел:
– Біреуге тірі кеткенше, жартысы болса да өзімде қалсын, бөлсең бөл! – деп безеріп тұрып алады. Ал баланы таныған әйел: