Читать книгу Қанатты сөз – қазына. 1-кітап - Кеңес Оразбекұлы - Страница 6
АЛҒЫСӨЗ
Ә
ОглавлениеӘЗІЛ ТҮБІ – ЗІЛ
Бұл жерде орынсыз, ретсіз айтылған әзілдің зардабы ауыр болады, жақсылыққа апармайды деген ойды тұжырымдап отыр.
Үш құрдас жолаушылап келе жатып, бір үйге түседі. Үй иесі қонақтармен әңгімелесіп отырады. Бір кезде қонақтардың біреуі тысқа шығып кетеді. Үй иесі қалған екеуінен:
– Әлгі жігіт қандай адам? – деп сұрайды.
Қонақтар:
– Ол өзі бір есек, – дейді. Жігіт қайтып келген соң, үйдегі екі қонақ та аттарын көріп келуге шығады. Үй иесі қалған қонақтан:
– Бұлар кім өздері? – деп сұрайды. Қонақ:
– Бұлар бір жүрген ит, шошқа, – дейді. Кешке ас ішер кезде үй иесі қонақтардың адына бір дорба сұлы, бір мүжілген сүйек, суға былғаған бір шылапшын кебек қояды.
Қонақтар аң-таң болып ашуланады:
Үй иесі:
– Өздеріңіз бір-біріңізді есек, ит, шошқа деп таныстырғаннан кейін, әрқайсысыңыздың сүйген тамақтарыңызды әзірлетіп едім, – дейді.
ӘЗІЛІҢ ЖАРАССА, АТАҢМЕН ОЙНА
Өкей өзінің туған әкесімен де қатты қалжыңдасатын. Бірде ол әкесімен бірге дастарқанға отырып әйеліне «сорпа әкел» дейді. Сорпа өте ыстық болса керек. Өкей алдымен өзі ұрттап көреді де, әкесіне беріп жатып, әйеліне:
– Мына сорпаң сап-салқын ғой, әйтеуір ісің бір оңбайды, – деп ренжіген
сыңай танытады. Мұны естіп отырған әкесі сорпаны қаттырақ ұрттап қалып, аузын күйдіріп алады. Біресе ашуланып, біресе күліп, не істерін білмей қалған әкесіне:
– Апыр-ай, осынша жасқа келгенде, бала сиқты мұныңыз не, байқамайсыз ба? – деп «ақыл» айтыпты.
Әзілің жарасса, дос-жаран, қатарластарыңмен ғана емес, үлкен-кішімен де ойнауға, қалжыңдасуға болады деген ойды береді.
ӘКЕ АҚЫЛЫ АҚЫЛ-АҚ
Ертеде бір байдың жалғыз ұлы болыпты. Әкесі қанша ақыл айтса да, дүние-мал жинау орнына оны оңды-солды шашыпты. Өзі секілді достарымен бірге қызық қуып, той тойлаудан басқаны білмепті. Бір күні әкесі қатты ауырып, өлетін күні жақындағанда баласын шақырып алып, былай деп өисет айтыпты: «Балам, сенің жағдайыңды біліп отырмын. Менің көзім тіріде айтқаныммен жүрмедің. Енді бұдан былай осы бетіңмен кете берсең, барлық дүние-мүліктен айырылып, қайыршы болып шығасың. Әрине, қайыршылық өмірге шыдамай, өлгің келеді. „Жақсы ит өлігін көрсетпейді“ демекші, сен ит емес, адамсың ғой. Осы үйдің төбесіне бір ағаш дайындап қойдым, өмірден түңілгенде соған асылып өлерсің. Менің өсиетім, соңғы ақылым осы».
Көп ұзамай әкесі қайтыс болады. Жігіт әкесінің тірнектеп жиған дүниесін шашуға кіріседі. Күнде той, күнде думан. Қанша мал болса да бей-берекет жұмсалған байлық ақыры таусылады. Не керек дос, жолдас болып жүргендер сырт айналып кетеді. Әйелі мен баласы күн көре алмаған соң, өз әке-шешесінің үйіне барып сағалайды. Не істерін білмеген жігіт өмірден түңіледі. Сол кезде әкесінің баяғыда айтқан ақылы, ең соңғы өсиеті есіне түседі. «Қой, былай қор болғанымша, асылып өлейін», – дейді. Арқан алып, әкесі дайындап кеткен ағашқа арқанды байлап, мойнына салып, өзін төмен тастап жібергенде, ағаш морт сыныпты. Сонда ағаштың арасынан алтын ақшалар сауылдап төгіліпті. Сөйтсе, әкесі өлердің алдында ағаштың ішіне көп ақша тығып, оның арасын білдірмей аралап қойған екен.
Одан кейін жігіт өз қателігін түсініпті. Дүниені босқа шашқанын қойып, жұмыс істеп, еңбек етіп, бай-бақуат, дәулетті өмір кешіпті.
Әке ақылы – өмірлік тәжірбиеден өткен, көрген-түйгені мол ақыл. Әке ақылы адастырмайды, адасқанды түзу жолға салады. Сондықтан балалардың әке ақылын тыңдап өскені жөн.
ӘКЕ БАЛАҒА СЫНШЫ
«Тұмсықтыға шоқытпай, қанаттыға қақтырмай» бағып-қағып өсірген балаларының мінез-қасиеттері әкеге бес саусағындай белгілі. Бұл – дәлелденбейтін қағида. Олай болса, әке сол мінез-қасиеттеріне қарап, қай баласының қандай шаруа, іске икемді, қандай өнер-білімге бейім екенін де алдын ала бағамдап, дұрыс сын-баға бере алады. Әкенің балаға сыншы болатыны да сондықтан.
Қыстау қораға көшуге әлі ерте деп жайлаудан күзеуге жұрт аударып қонған мал баққан қазақ ауылының қынаулы отыны сиырдың қу жапасы да, тамызығы қурай, көкпек, қоңыр жусан тағы басқа ғой. Жауын-шашын жиілеген шақта бұндай «жалпылдақ отын» өз-өзінен ылғал тартып, қазандық астында маздап жана қоймайды. «Ашқа тартқан кешке тартып» дегендей, үй іші телміріп, астың пісуін, қазанның түсуін күтіп отырған сондай күндердің бірінде бір үйлі жанның анасы балаларының біреуіне «Қазан қайнады ма екен, қарап келші!» – депті. Сонда әкесі тұрып: «Жоқ, ол емес, анау қарап келсін!» – десе керек, басқа баласын нұсқап. Бұның себебін түсінбей аңырып қалған әйеліне үй иесі: «Ақылды балам астына қарайды, ақымақ балам үстіне қарайды!» – деген екен. Себебі, баланың біреуі қазанның тек қақпағын ғана ашып қарап келеді екен де, екіншісі қазан қайнамай жатса, астындағы отын көсеп, тағы да тезек қалап, әйтеуір қазанды қайнатып келеді екен. «Әке балаға сыншы» деген сөз осыдан қалыпты.
ӘКЕНІҢ КӨҢІЛІ БАЛАДА, БАЛАНЫҢ КӨҢІЛІ ДАЛАДА
Бұл мақал көбінесе «Ананың көңілі балада, баланың көңілі далада» деп айтылады. Бала ата-ананың қалауынсыз, рұқсатынсыз іс-қылық көрсеткенде немесе күткен тілек, сенімдерін ақтамаған жағдайда үлкендердің аузына осы нақыл оралады.
Қалада оқу оқитын баласының аман-саулығын біле келген қария:
– Балам, көрдің бе, жұрт әне аялдамада да қағаз жазып отыр. Сен ақша керек болып қалғанда болмаса, «қол тимейді» деп, амандығыңды да білдірмейсің. Бәрінен де бұрын салған ақшаны алған-алмағаныңды біле алмай дал боламыз…
– Әке, сол салған ақшаң өзіңе қайтып бармады-ақ, мені аман екен деп санай бер, – дейді баласы.
Әке басын шайқап: «Әкенің көңілі балада, баланың көңілі далада» деген осы екен-ау, – дейді.
ӘКЕҢ ӨЛСЕ ДЕ, ӘКЕҢНІҢ КӨЗІН КӨРГЕН ӨЛМЕСІН
Ертеде кемпір мен шал өмір сүріпті. Олар айта қалғандай дәулетті, малды екен. Ал, Жәнібек деген жалғыз ұлдары шөп басын сындырмаған кер жалқау болыпты. Әке сөзіне көңіл аспапты. Әкесінің қартайғанын да елемей, осы дүниеге ие болып қал деген сөзіне де көңіл қоймай жүре беріпті.
Күндер өтеді. Шал пен кемпір дүние салады. Олардан қалған мал-дүние біткеннен кейін Жәнібек жыртық шапанын иығына салып, жолға шығады. Жұмыс таппай көп қиналады. Сөйтіп жүргенде бір кісіге кез болады. Сұраса келе, ол әкесінің көз танысы екен. Ол Жәнібекке көп көмек көрсетеді. Оның ат жалын тартып, азамат болуына жәрдем етеді.
«Әкең өлсе де, әкеңді көрген өлмесін» деген ескі қағида содан қалса керек.
«ӘЛӘУЛӘЙІМ» ТАУСЫЛСА,
«ХӘЛӘУЛӘЙІМ» ТАҒЫ БАР
Бір іс-шаруа (әңгіме, ән) жуық арада біте қоймай, созылып, ығыр қылғанда, осы әзіл, кекесінді сөз тіркесі ауызға түседі.
Бірде Алдар көсе мен Түлен, Құлан деген шайтандар сапарлас болады. Ай жүреді, жыл жүреді. Бір жерге келгенде, үшеуі де шаршайды. Демалып отырып Құлан айтады:
– Жүре-жүре шаршайтын болдық. Бәріміз бірге шаршағанша, біріміздің мойнымызға біріміз кезек-кезек мінсек, – дейді.
Алдар мен Түлен мақұл көреді.
– Алдымен қайсымыз мінеміз? – дейді Құлан.
– Сен екеуің шайтан болсаңдар, мен адаммын ғой. Сондықтан болу керек, аяғымды алға басуға шамам жоқ. Алдымен мен мінейін, – дейді Алдар.
– Жарайды, – дейді ана екеуі.
– Қанша уақыт мінгізуіміз керек, уақыт белгілейік, – дейді Түлен.
– Уақыт белгілеудің керегі не? Мен өлең айтайын, сол біткенше мінгізсеңдер болғаны. Сендер де өлеңдерің таусылғанша мінерсіңдер, – дейді Алдар.
Түлен мен Құлан мұны да мақұл көреді. Сонымен Алдар екі шайтанның мойнына мінеді де ыңылдап: «Әләуләй, әләуләй, әләуләй, әриәйдім…» деген өлеңін айтуға кіріседі. Шайтандар «Алдардың өлеңі бір таусылар» деп, әрі қарай жүре береді. Бірақ Алдардың «әләуләйі» таусылмайды. Әлгілер тағы шаршағасын:
– Осы сенің «әләуләйің» қашан бітеді? – дейді. Сонда Алдар:
– «Әләуләйім» таусылса, «хәләуләй» дегенім тағы бар. Жүре беріңдер! – дейді. Осылайша Алдар шайтандардың ит сілікпесін шығарып, баратын жеріне жетіп алыпты.
ӘЛШЕКЕЙДІҢ ӘЛПЕШКЕ САЛҒАН БІЛЕЗІГІНДЕЙ ЕКЕН
Шойнақ батырдың (ХVIII-ғасырда өмір сүрген) екі қызы болыпты. Солардың біріне Албандар, екіншісіне Дулаттар құда түседі.
Дулат биі Әлшекей құдалық жолын жасау орнына көп әскер әкеліп қыр көрсетіп, Шойнақтың ауылы маңына келіп, кернейлетіп, сырнайлатып жатып алады. Бұған ызаланған Шойнақ майдан ашайын десе, елден ұялып, Әлпеш деген жеңгесін Әлшекейге жібереді.
– Әлшекейге баршы. Жолын істемей, алшаңдап бұл не жатысы? Хабарын әкел, – дейді.
Әлпеш сәңқой әйел екен. Ол басқаны қойып, тіпті атының аяғына да білезік салғызып, жүреді екен. Ол биге келіп, аттан түспей:
– Уа, Әлшекей, әкең ұл болып, шешең қыз болып көрмеді ме? Бұл не жатысың? Жолың қайда? – деп айқай салады.
Шойнақтың жеңгесі астына мінген атының төрт аяғына түгел алтын білезік салып келіп тұрғанын көрген Әлшекей «бұлардан біз кем бе едік?» деп намыстанып, Әлпешті бар сыр-сипатымен күтіп алып, құдалық жолын екі-үш есе істеп, Әлпештің атының мойнына да білезік салып, құрметтеп аттандырыпты. Ел аузындағы «Әлшекейдің Әлпешке салған білезігіндей екен» деген әңгіме осыдан қалса керек.
Ұсынылған не, сыйланған заттың елден ерекшелігін, қораш немесе епетейсіздігін күлкі етіп сынаған жағдайда айтады.
ӘЛІ АУЫ МЕН БАУЫ БАР
«Еш нәрсе бітірмей, құр далбаңдап жүрміз, негізгі іс әлі алда» деген мағынада айтылады.
Ертеде бір арсың-гүрсің олақ әйел болыпты. Ол бірде көршісімен әңгімелесіп отырып:
Алты күн болды, дамбал тігіп жатырмын. Әлі ауы мен бауы бар. Желмін бе, құзбын ба? – деп бөсіпті.
Алты күн дегенде «әлі ауы мен бауы бар болса», сонда ол не бітірген?!
ӘЛІ НЕСІН КӨРІПСІҢ,
ҚЫЛ ТАҚҚАН СОҢ ҚАҢҚЫЛДАР
«Бұл – әлі бер жағы, түгел біткенін немесе нағыз өзін көрсең аузың ашылар еді», деген ойды бейнелеп айтқанда осы көз тіркесі қолданылады.
Ағаш шеберінің жасап жатқан затына сүйсінген біреу:
– Ой, мынауың не деген тамаша дүние?! Жұп-жұмыр болып жұтынып тұр ғой өзі! – депті. Сонда шебер сырбаздықпен:
– Әлі несін көріпсің, қыл таққан соң қаңқылдар, – деп, жымыңдапты. Сөйтсе ол дүниесі жартылай жонылған қобыз екен.
ӘЛІМНІҢ ҮЛКЕНІ ДЕ – ҚАРАКЕСЕК, КІШІСІ ДЕ – ҚАРАКЕСЕК
Қыдырқожаның (Байұлы) лақап аты «Қаракесек» екен. Сол Қыдырқожаның Бәйбішесі Тоқсұлудан – Байсары туған. Тоқсұлу дүние салған соң, балдызы Қағазға үйленіп, одан – Әлім, Шөмен туған. Осылардың Әлімінен – Жаманақ (Шекті), Қарамашақ (Төртқара), Қарасақал (Айнық, Тегінболат), Ұланақ (Қаракесек), Кете (Бозаншар, Тайқожа, Түменқожа), Шөмекей туған. «Алты ата – әлім» деп көбінесе осылай таратады.
Енді осылардың Ұланағы неге атасының есімімен «Қаракесек» аталуына
келейік. Қария сөздің айтуында Қаракесек өзінің немересі Ұланақты бауырына салып, оны «Сасықбайым», «Күлтелі сасығым» деп еркелетеді екен. Ұланақ та өз әкесі Әлімді мойындамай, атасы Қаракесектің баласымын деп өссе керек. Күндердің күнінде Қаракесек қайтыс болып, Ұланақ шаңырақ иесі болып қалады. Былайғы жұрт бұл шаңырақты бұрынға әдетімен «Қаракесектің үйі» деп атай береді. Бара-бара Ұланақты да «Қаракесек» деп атайтын әдет қалыптасады. Ұланақтың «Қаракесек»
аталуының себебі осыдан еді дейді. Күні бүгінге дейін әлім ішінде «Әлімнің үлкені де – Қаракесек, кішісі де – Қаракесек» деп айтылатын
мәтел сөздің мәнісі осында болса керек.
ӘҢГІМЕ – БҰЗАУ ЕМІЗЕР,
БҰЗАУ – ТАЯҚ ЖЕГІЗЕР
Бұл сөз тіркесі: «Құр әңгіме, сөзге алданып көп бөгелмейін, уақытты зая кетіріп, өкініште қалмайын» деген мағынаны білдіреді.
Өткен заманда бір жалшы әйел көршілерінің үйінде ұзын-сонар әңгіменің соңына түсіп, малдың өрістен қайтатын уақытын ұмытып кетіпті. Сол кезде сиыры өрістен келіп, бұзауын емізіп қояды. Сүттен қағылып, қарындары ашқан шиеттей балалары «шыр-шыр» етіп қоймаған соң, ашынған күйеуі әйелін ұрып-соғады. Содан ел ішінде «Әңгіме – бұзау, емізер, бұзау – таяқ жегізер» – деген сөз қалған екен.
ӘР ЕЛДІҢ САЛТЫ БАСҚА, ИТТЕРІ ҚАРА ҚАСҚА
Таңдайбай деген қу серіктерімен келе жатып, бір үйге түседі. Үйде бәйбіше мен келіні ғана бар екен. Қария қонақтарға сырмақ сал дейді. Таңдайбайды таныған кесір келін сырмақты қабаттап, тұйық жағын* отқа қаратып сала қояды. Таңдайбай малдасын құра төрге қарап отыра кетеді. Көптің ішінде теріс қарап отырған адамға таңданған кемпір:
– Мұның не? —десе:
Тұйық жағын* – қазақ халқының салты бойынша, астыға төсейтін сырмақ, көрпешелердің тұйық, бүктелген жағын іргеге яғни, қонақтың артына қаратып төсеген. Ашық жағы қонақтың жолы ашық болсын деп, алдына қаратылған.
Дастарқанды да үлкен болып, екі бүктеп жайған жағдайда, тұйық жағын сыйлы қонаққа қаратып қояды.
– Шеше, әр елдің салты басқа, иттері қара қасқа деген ғой. Сіздің елдің салтын сыйлап отырмын, – депті.
Әр елдің салт-дәстүрі, әдет-жоралғысы басқа, өз еліңнен өзгеше болатыны белгілі. Тіпті бір елдің құрамындағы әр өлкенің де салт-жоралары өзгешелеу, өз еліңмен салыстырғанда, ерсілеу болатыны бар. Мақал сондай жағдайдан туған.
ӘР ҚАЗАННЫҢ ҚАҚПАҒЫ ӨЗІНЕ ШАҚ БОЛАДЫ
Шешеннің суық қолды бір жеңгесі көрші қонған үйдің боздау түндігін ұрлап алып, өзінің қараша шаңырағына көтеріп алады. Ұрлықты сезіп қойған мүлік иесі одан әрі-бері сұраса бермейді. Ақыры Бөлтірікке келеді. Шешен жеңгесінің үйіне келіп, шаңыраққа қарап:
– Жыртығына жамауың сай келмей тұр екен, жеңеше. Әр қазанның қақпағы өзіне шақ болады, – депті.
Адамның өзі араласатын ортасы, отбасы мүшелерінің мінез-қасиеттері, киген киімдері өзіне шақ, лайықты болады дегені.
ӘРКІМНІҢ СҮЙГЕН ЖАРЫ ӨЗІНЕ СҰҢҚАР
Бұл – «Сұлу – сұлу емес, сүйген сұлу» деген мақалмен сабақтас қанатты сөз.
Бір жолы Сырым батыр алыс сапардан ауылын сағынып келе жатып серіктеріне:
– Кәне, жігіттер, қаттырақ жүріңдер. Бүгін ауылға жете қонайық, – дейді. Оған жолдастары күліп:
– Үйіне басқа жігіт асықса, дұрыс, ал осы Сырым қайбір бүлдіршіндей келіншегіне асығып келеді екен? – деп қағытады. Сонда Сырым батыр:
«Әйелді әйел деп қорсынбаңдар,
Әйелсіз ерге күн бітпейді.
Қойды қой деп қомсыңбаңдар,
Қойсыз елге үй бітпейді.
Әркімнің мінген аты өзіне тұлпар,
Әркімнің сүйген жары өзіне сұңқар», – деп желе жөнеліпті.
ӘРКІМ ӨЗІНЕ ҚЫЛАДЫ
Біреуге жасаған жақсылығың да, жамандығың да, ерте ме, кеш пе, өзіңе қайтып айналып келеді. «Әркім өзіне қылады» деген мақалдың мағынасы осы.
Бір патша өзен бойында серуендеп жүріп, балықшы шалға кезігеді. Патша шалға сәлем берген екен, шал:
– Әркім өзіне қылады, – деп кете береді. Келесі күні балықшы шалды көріп, тағы сәлем береді. Балықшы:
– Әркім өзіне қылады, – деп, тағы да аялдамай кетіп қалады. Үшінші күні патша сәлем бергенде тағы да сол сөзді естиді.
Патша ордасына келген соң, балықшы шалдың бұл сөзінің мәнісін білмек болады да, жақсы көретін екі уәзірін жіберіп, балықшы шалды алдырады.
Балықшы ордаға келген соң, өзінің терең ойлы, қызықты әңгімесімен патшаны баурап алады. Әңгімеге айрандай ұйыған патша балықшы шалдың «Әркім өзіне қылады» деген сөзінің мәнісін сұрауды да ұмытып кетеді.
Сөйтіп, патша мен балықшы шал бал жаласқандай тату болады да, бір дастарқанда ас ішіп, әңгіме-дүкенін құрып жата береді. Күндер де зымырап өте береді.
Патшаның жалбыр тонды, жыртық шақайлы балықшы шалды ордасына алып келіп, киіндіріп баптап, соншама қадірлеп жақсы көріп кеткеніне іштері күйген екі уәзір патша мен балықшы шалдың арасындағы қыл өтпес татулықты қалай ірітіп, бір-бірінен алшақтатудың амалын ойлапты. Сөйтіп, олар балықшы шалдың жататын бөлмесіне кіріп:
– Құрметті ақсақал, – дейді сыпайы сөйлеп, – патшамыз сіздің аузыңыздан шыққан лептің сасықтығынан жиреніп: «Бұдан былай менімен дастарқан басында тамақ ішуден тыйылсын, жаныма жолатпаңдар» деп бұйырды, – дейді.
Балықшы шал жұмған аузын ашпайды.
Күндер өте береді. Балықшы шалдың қасына не себептен келмей жүргенін білмек үшін патша екі уәзірін шақырып алып, сұрайды. Сонда бір уәзір тұрып:
– Алдияр тақсыр, ұмытып барады екенмін. Ол кісі «патшаның аузы тым сасық екен, онымен бірге отырып тамақ ішпеймін» деп келмей жүр, – деп мәлімдейді. Өңі сұрланып, ашуға булыққан патша:
– Ол бетпақ, арсыз қақбасты зынданға тастаңдар! – деп бұйырады. Осы жарлықты күткен уәзірлер патша әмірін табанда орындайды. Екі уәзір ойлаған мақсаттарына жетеді.
Ағып ай, жылжып жыл өтеді. Зындандағы күнәлілерді жылына бір тексеріп тұратын бұл патшаның дағдысы екен. Сондай тексеріп, үкім шығаратын уақыт жетеді. Сонда балықшы шалдың қылмысын тексере келгенде, оның күнәсі «патшаның аузы сасық» деген сөз екен. Тексерушілер шалды патшаның алдына алып барады.
Патша мен балықшы шал беттесіп сөйлескенде, екеуінің де мұндай сөз айтпағаны, бұл сөзді екі уәзірінің ойдан шығарғаны, екеуінің терең татулығын бұзбақ болғаны анықталады.
Бұл ахуалды білген соң, патша қатты қаһарланады. Кәріне мініп, ашудан қалтырап кетеді. Жендеттерге екі уәзірінің басын табанда алдырады. Сонда балықшы ордасына неге алдырғаны қалт есіне түседі. «Әркім өзіне қылады» деген сөздің мағынасын айқын түсінеді. Содан кейін балықшы шалды уәзірлікке тағайындайды. Сөйтіп, әділ билігімен даңқы жайылады.