Читать книгу ТҰРАН БАҺАДҮРЛЕРІ НЕМЕСЕ ЕР, БИ, НАРДЫҢ ЕРЛІК ЖОРЫҚТАРЫ - Кеңес Оразбекұлы - Страница 3

Балалар әдебиетінің жоғын түгендеген құнды шығарма

Оглавление

Кеңеспен және оның шығармашылығымен бұрыннан таныспын. Әрине, бұрын баспасөз беттерінде жарияланып жүрген әңгімелерін оқып жүрсем, кейін кітаптарын оқи бастадым. Жалпы Кеңес бауырым балалар жазушысы болып өмірде бірден жаралғандай болып көрінеді маған. Елуді еңсерсе де осы күнге дейін оның жан дүниесінен бала мінез, адами пәктік сол саф алтын күйінде сақталған. Бұл Кеңкеңнің сом адами болмысы деп білемін. Балалық мінездің сақталуы бір жағынан ат жалын тартып мінгеннен бері ол тек балалар баспасөзінде үздіксіз істеп келе жатқанынан да болар деп болжаймын. Қысқашалап айтсақ, ол бүкіл ғұмырын (әрі болашақта да солай болар) балаларға арнаған баһадүр жазушы.

Бүгін мен шама-шарқым жеткенше ойымды, пікірімді білдірейін деп отырған «Тұран баһадүрлері немесе Ер, Би, Нардың ерлік жорықтары» атты оның шығармасы, атап айтқанда тарихи-танымдық, фантастикалық хикаяты өзгелерге ұқсамайтын ерекше дүние екенін бірден баса айтқым келеді. Осы жерде бір айтып кететін жайт, балалар әдебиеті жазушылары қатарында Кеңекең менен бұрын да аты нық орын алған сақы жазушы. Неге екенін білмедім, осы шығармасы туралы маған пікір білдіріңізші дегенде мен іштей қысылдым. Әрі осындай мықты жазушы маған қолқа салғаны мені қатты қуантты. Бұл туындының қазақ балалар әдебиетінде ерекше тың шығарма екенін тағы да қайталап айтамын. Оны балалар әдебиетімен таныстығы бар кез келген адам айтады ғой деген ойдамын. Алдымен оның тақырбының өзі ешкімге ұқсамай-тындығымен андағайлап тұр. Бір қарағанда тақырып тым шұбалаңқы көрінеді. Бағамдап, бажайлап қарап тұрсаң, одан артық сөзді таба алмайсың. Бәрі орын-орындарында жеңіл айтылады, балалар түгілі ересектердің өздерін оқуға бірден құлшындырады.

Балалар әдебиетінде жетпейтін, жазыла бермейтін, әлі жазыл-маған тақырып, ол – тарихи тақырып. Қай ел, қай ұлт болсын болашағы балаларына алдымен тілін, содан соң тарихын үйретуге, олардың жадына сіңіруге тырысады. Осы екі саланы сіңірген ұрпақ аяғын нық басады, ұлтынан кетпейді, отаншыл болады. Сондықтан олар тарихи дүниелерге зор зейін қояды. Ал біздің жазушылар бұған жолай қоймайды. Кеңес бауырым бұл тақырыпқа батыл да, біліп барған. Біліп барған деуім осы тақырыпқа бару үшін алдымен өзің сол тарихты бүге-шүгесіне дейін білуің тиіс. Мінеки, қысқасын айтқанда ол осы аталған шығармада тарих әлеміне кейіпкерлерімен бірге саяхат жасайды. Тек қана саяхат жасамайды, ондағы оқиға-ларға үшем Ертөре, Битөре, Нартөре баһадүрлер өздері араласады. Өздері жаумен шайқасады. Мұндай әдіс шетел әдебиеттерінде бар. Олардың кейіпкерлері де өткен тарих әлеміне ғажайып қияли құбылыс арқылы шегініс жасап, ондағы кейіпкерлерімен бірге жүреді және оқиғаға араласады. Кейбіреулер ойлағандай бұл әрекет арқылы тарихқа қиянат жасалмайды. Бұл әдебиетте, өнерде, кинода бұрыннан бар әдіс. Кеңес оны тың жол – қазақи жолмен балаларға түсінікті оқиғалар арқылы әдемі өріп отыр. Ер, Би, Нардың ерлік жолдары үнемі «Ерлік алаңынан» басталады.

Біз Тұранның ұлдарымыз,

Ерлік – басты ұранымыз.

Ойын да соған дайындық.

Отаншылдық – жыр-әніміз! —

деген ұранмен тарих әлеміне сүңгиді. Бұл біздіңше сәтті қолданыс. Жақсы әннің қайырмасы іспеттес. Шығарманы оқып шыққанда таң қалғаным, сол оқиғалар ортасына өзің де еріксіз кіріп кетесің. Тілі жеңіл. Ойы ырғақты. Оқиғаларға жай кірмейсің, үш батырмен бірге ерлік жорықтарында ұран айтып, бірге шайқасасың. Бір оқиғадан соң бір оқиғаға араласуға, тарихи кейіпкерлермен кездесуге асығасың. Меніңше шығарманың құндылығы да осында. Бұл Кеңестің шығармашылығының хас шеберлігі дер едім.

Әрине, біздің балалар әдебиеті жетімнің күйін кешіп жүргенін жақсы білеміз. Мемлекетіміз осы Кеңес тәрізді талантты жазу-шыларға қамқорлық жасамай отырғаны бізді қатты қынжылтады. Әйтпесе осы шығарманы әдемі суреттермен безендіріп, үлкен кітап етіп шығарса, біздің балаларымыз қалай қуанар еді, шіркін! Бұл кітаптан сериалды кино шығарса біз қалай ұтар едік. Әрине, мен бұл шығарма жайлы қып-қысқа ғана тұжырымды ойымды білдірдім. Шығарманы болашақта кеңінен таныстырып, оның бағасын беру сыншылардың еншісінде. Мен әзірге Кеңес бауырыма балалар әлемін өзіне баурап алатын, тәуелсіздігіміздің ұландарын тәрбиелей білетін ғажайып туынды тудырғанына алғысымды айта отырып, зор шығармашылық табыс тілеймін.

Ертай АЙҒАЛИҰЛЫ,

«Қазақстан-Zaman» газетінің бас редакторы, Қазақстан Жазушы-лар одағының мүшесі.

«Өз тарихын білген халық бақытты ғұмыр кешеді».

Мұхаммед пайғамбар (с.ғ.с.)


«Орыстың ұлы ғалымы Ломоносовтың қиянатқа

шыдамай, қыруар жұмысын жинап қойып, тарих-пен шұғылданғаны бар. «Неге бұлай істедің?» деген

әріптестерінің сауалына: «Ұлттық сананы қалып-тастыруда тарихтың атқаратын міндетін өзге бірде-бір ғылым атқара алмайды» деп жауап қайырған».

Б. Д. Греков «Ломоносов историк.

Историк материалист» кітабынан.


«Сауатымызды ашсақ, оның үстіне шет жұрт-тың бірер тілін біліп, азды-көпті жазба мәде-ниеттермен таныссақ болғаны, үш мың жылдық тарихы бар халқымыздан отыз жастағы өзіміз білгір болып шыға келеміз. Халықта ештеңе

жоқ және ештеңе білмейтін секілді».

Әзімхан Тышанұлы, доцент, ғалым,

Шыңжаң халық баспасының аға редакторы.

ТҰРАН БАҺАДҮРЛЕРІ НЕМЕСЕ ЕР, БИ, НАРДЫҢ ЕРЛІК ЖОРЫҚТАРЫ

Подняться наверх