Читать книгу ТҰРАН БАҺАДҮРЛЕРІ НЕМЕСЕ ЕР, БИ, НАРДЫҢ ЕРЛІК ЖОРЫҚТАРЫ - Кеңес Оразбекұлы - Страница 6
Анарыс – жеті ғұламаның бірі
ОглавлениеБи мен Нар алаңдағы күрес жаттығуынан кейін үстеріндегі күрткелерін шешіп, жеңіл футболкаларын киіп алды. Екеуі орын-дыққа сұлап, әлгі киімдерін бастарына қойып жастанып, айқаса жатқан күйі алқынған демдерін, терлеп-тепшігендерін басып, біршама үнсіз дамылдады. Нар ұялы телефонына жармасып, ғалам-тор желісінен мәліметтер қарауға кіріскен. Ал, Би орындық жақтауындағы сөмкесінен жазба дәптерін алып парақтап, сондағы жазғандарын саралап оқып отырып, бір қиялға кіріп кеткенін байқамай қалды.
– Не ойлап отырсың? – деді Нар басын көтеріп.
– Ертедегі эллиндер Анарыс бабамызды – Анахарсисті айтамын, құрмет тұтқандары сондай, қабірінің басына арнайы ескерткіш белгі орнатып, тұғырына «Тіліңе, құлқыныңа және он екі мүшеңе ие бол» деп, өз сөзін ойып жазыпты. Сол ұлы бабамыз жайлы ойлап кеткен екем.
– Иә-ә, қалай еді… – Нар маңдайын ұстап, бір жайды есіне түсіріп әуреленді.
– Би, олар мына өлең-жырымен бабамызды аза тұтқан екен:
Жат жерді кезген Анарыс скифтерге оралды,
Туғандарын эллинше оқытуды қолға алды.
Алайда данышпанның тіл, ақылы кесір боп,
Қауырсынды сұр жебе арқасына қадалды…
Екеуі осы өлеңнің мән-мағынасын терең ұққысы келгендей біраз үнсіз жатты. Аздан соң Би:
– Со-ла-ай, – деді Нарды қоштап. – Эллиндер бабамызды әлемдегі жеті данышпанның қатарына қосып, оның айтқан қанатты сөздерін «Скиф осылай дейтін» деп ауыздарынан тастамай айтып жүргені де сол құрметтері емес пе.
– Би, сен сол жеті ғұламаны атап шыға аласың ба?
– Есімде қалса, қазір көрейін, – деді ол көзін жұмып. Ішінен қайталап, еске түсірді де, – көне замандық тарихтың атасы Геродот пен Страбон, Секст Эмпириктер өз еңбектерінде Анарыс бабамызды «Әлемдегі жеті ғұламаның» біріне жатқызыпты. Олар бабамызды Фалес, Солон, Периандр, Клеобул, Хилон, Биант, Питтактармен қатар атайды, – деді мақтанышпен.
– Анарыс бабамыздан қалған мына сөздер бүгінгі заманымызға да келеді емес пе: «Ең ақылды адам – ел билеуден аулақ болған адам», «Татымсыз мың досың болғанша, татымды бір досыңның болғаны артық», «Базар – бір-біріңді алдауға, тонауға әдейі жасалған орын», «Бір ғажабы, Элладада жарысқа өнерпаздар түседі де, оларға өнері жоқтар баға береді», «Элладада мені ақыл-парасат қорғап еді, өз елімде қызғаныш құрбаны болдым…»
– Иә – ә, – деп күрсінді Би. – Бабамыздың қызғаныш құрбаны болғаны қандай қиянат!
Дәл осы кезде олардың жанына танауы делдиіп Ер келді. Ол қолындағы сөмкесін орындыққа қойды да, жейдесінің етегін ышқы-рынан шығарып, желпінді:
– Ой, мына күннің ыстығын-ай, терлеп, пысынап кеттім ғой. Ана «Сарыағашты» берші, аңқам да кеуіп кетті.
– Іздегеніңді таптың ба? – деді Нар «Сарыағаш» минералды суын Ердің қолына ұстатып жатып.
– Біз таппай қоямыз ба. Біздің үйдің үстіңгі жағында екі орамнан кейінгі көшеде тұратын Мұрат бар емес пе. Соның әкесі инкассатор ғой. Әкесінің ескі броножилеті бар екен, соны алып келдім, міне, – деп, сөмкені ашып көрсетті.
– Ой, бәрекелді! – деді Би қуанғаннан.
Үшеуі әдеттегідей жұдырықтарын түйістіріп, бір-біріне қарап жымыңдасты.
– Енді сәтін салса, ертең таңертең сапарымызға аттанайық, – деді Нар алақанын ысқылап.
– Иә, сәтін салсын.
***
Ертеңіне күн ұясынан шыға ағайындылар сауыт-саймандарын киіп, жол қапшықтарын арқаларына асынып, «Ерлік алаңына» келді.
– Біз сонда ертедегі Қара теңіздің солтүстік батысындағы Днестр өзенінің сағасынан шығуымыз керек қой? – деді Нар бауырларына қарап.
– Геродоттың жазуынша, Анарыс бабамыз өмірінің соңғы кездерінде жан-жағы ну орманды, тау-тасты Гиллея шатқалында тұрыпты ғой.
– Кәне, картаны берші, – деді Би Нарға қарап.
Нар қойын қалтасынан картаны алып, керекті бетін ашып, жазып көрсетті. Би картаға үңіліп қарады да:
– Днестрдің сағасы шамамен отызыншы бойлық пен қырық алтыншы ендіктің қиылысқан тұсында екен. Ендеше «Кеңістік сағаттарыңды» 30-ыншы бойлық пен 46-ыншы ендікке туырлай-сыңдар. Ал, уақыт көрсеткішін біздің дәуірімізге дейінгі 555 жылға белгілеңдер.
– Белгіледік, – деді бауырлары бір шамадан кейін қабаттаса.
Үшеуі келісіп алғандай оң қолдарын кеуделеріне қойып, әдеттегі ұрандарын екпінмен айтады:
Біз – Тұранның ұлдарымыз,
Ерлік – басты ұранымыз!
Жорыққа сай, дайынбыз,
Текті елдің қыранымыз! —
деп, қолдарындағы сағаттарын «сырт» еткізеді.
***
Біздің заманымызға дейінгі 555 жыл. Ағайынды үшеуі аласа бұталар сирек өскен төбесі таз биік жотаның жонынан шыға келді.
– Ой, қандай тамаша! – деді Би жан-жағына барлай қарап. – Айнала атырап алақандағыдай көрінеді. Құдды жаңа жаралып жатқан тіршілік енді оянып, өзің сол жердің кіндігінде тұрған-дайсың.
– Па, шіркін! – деді Нар екі қолын мықынына тіреп, көкжиекке паңдана қарап. – Төңіректің барлығы менің табанымның астында. Мен соның қожасындаймын.
– Әй, мынау төмендегі шалқып жатқан Қара теңіз ғой!
– Ал анау тарам-тарам болып Қара теңізге сұғынып жатқан көк белдеу Днестр емес пе.
– Айналасының бәрі сонау шексіздікке дейін созылып жатқан жынысты орман.
– Ал, қожайындар, енді не істейміз? Қайда бет аламыз? – деді Ер төменгі баурайға дүрбімен көз салып тұрып.
– Кәне, берші, – деді Би Ердің қолындағы дүрбіні алып. – Сонау тау жартастарының етегіндегі ашық алаңды көрдіңдер ме? Геродоттың «Ахиллес ат ойнатқан алаң» дейтіні сол жер емес пе?
– Иә, ар жағы Днестр сағасы, жан-жағы жынысты орман.
Қолындағы сағат сияқты тағып алған тұсбағдарға қарады да:
– Мен сол бағытты белгілеп алдым. Ендеше, бауырлар, тарттық алға!
***
Олар адам аяғы баспаған қалың шілікті тоғайдың арасымен шөп-бұталарды жапыра, тікен, бүргендерді өткір пышақтарымен кескілеп, тыңнан жол салып келеді. Әредік-әредік алдарынан құр, шіл сияқты құстардың «пыр-пыр» етіп ұша жөнелгені, қоян, қарсақ сынды түз аңдарының үрке қаша жөнелгені болмаса, ет қайнатымдай жүргенде, тірі жанды, не болмаса ел-жұрттан хабар берер жол, сүрлеуді кездестірмеді.
– Е-е, – деді Нар маңдайын жырған бір тікенді бұтаны қолымен сындырып жатып. – Әр шақырым сайын елді мекен, жерлері тарам-тарам жолға айналған, ну орман, жынысты тоғай, қалың шілікті қыр-белдерден жұрдай болған бүгінгі Еуропа жерінің кешегі күні осындай адам аяғы баспаған жабайы, жапан түз болғанына тіптен сенбей келемін.
– Біз де солай ойлап келеміз.
– Әлгінде биік жотадан байқаған ашық алаңқайымыз қайда кеткен?
– Жоқ әлде адастық па?
Би қолындағы тұсбағдарына қарады:
– Мүмкін емес!
Үшеуі өстіп мойнын созып, жан-жақтарына қарап әупірімдеп жүріп, жынысты бұта арасынан да шықты-ау. Әлгіндей елегізген көңілмен ашық далаңқайлы алапқа іліккендері сол еді, бес-алты қадам жүрмей жатып алдарынан, бір тал қайың түбінен салт атты жас жеткіншекті көрді. Ол бұларға қаратып садағын кезеніп тұр екен. Бауырлар үшеуі де қолдарын көтергенімен, адамзат баласын жолықтырғандарына қуанып, күлімсіреп, жайлап жақындай берді:
– Бізде қару-жарақ жоқ, сіздерге достық көңілмен келе жатырмыз, – деді Ер өздерінің доспейіл екенін байқатып.
– Қайда бара жатырсыңдар? – деді жеткіншек сол сұсты күйі.
– Біз Анарыс деген кісіні іздеп келеміз.
– Анарыс?!. Ол кісі менің қожайыным ғой. Сіздер оны қайдан білесіздер?! – деді бала даусын жұмсартып.
– Біз ол кісінің қандас бауырлары боламыз.
– Анарыс бабаның ғұлама, данышпандығы, әлемдегі жеті ғұламаның бірі болғандығы жайлы сырттай естіп, атына қанығып, мақтан тұтып жүруші едік. Енді оны жақыннан танып-біле түссек деп, жолығуға бара жатқан бетіміз еді.
– Ой, ол кісіні менен артық ешкім білмейді, – деді жеткіншек садағын қылшанына3 салып, атынан түсіп, қауғалақтап. – Өйт-кені, мен оның бала жастан бергі атқосшысымын. Атым – Ардан. Міне, сықап алған қоржынымды көрдіңдер ме, қожайыныма бір аптаға жетерлік азық-түлік апара жатырмын.
– Бала жастан атқосшы болсаңыз, өте жақсы! – деді Ер қуанып.
– Онда сіз Анарыс бабамен Элладаға бірге барған боларсыз?
– Әрине! Е – е, онда біз тура ертегідей қызықты дәурен сүріп едік қой, – деді тамсанып. – Жолымыз бір екен, мен сендерге бұл хикаяны басынан-аяғына дейін айтып берейін, жол қысқарсын, – деді құлшынып.
– Иә, айтыңыз. Құлағымыз сізде, – деді балалар да көктен тілегені жерден табылғанына қуанып.
– Анарыс хан ием ата-бабасынан ел билеп келе жатқан тәңірқұт тұқымы. Бабасы Сапарғали, атасы Елек, әкесі Қоңыр – нағыз
үзілмеген тектен тараған. Анарыс хан иемнің өзі де таққа отыратындай мүмкіндігі бар еді. Бірақ таңдаған жолы басқа болды. Ол Қоңыр – Дәукет ханның грек әйелінен туған. Сол себепті шешесінің, бірге еріп келген арнаулы қызметшілердің тәрбиесін көп көрді. Жасынан эллин тілін де үйреніп, сауатын ашты. Оқу-білімге ұмтылып, нағашы жұрты – Эллада елін көріп-білуге ынтығып өсті. Сонымен бірге тұтық, билердің шешендік келесіне түсіп, сөз өнерін меңгерді. Өзі де билік айтып, шешендікке құмартқан. Әскери жорық өнерін де бір кісідей игеріп, талай жорықтарға қатысып, ноян-қолбасшы болды. Әкесімен бірге дау-шар, ел ішілік жиындарына араласып, билік мектебінен де өткен еді. Міне, енді таққа отырады, ел билейді деп жүргенімізде, тосын, күтпеген мінез көрсетіп, өзге жолды таңдады. Таққа бауыры Сабылды отырғызды да, өзі ұзақ жолға, сапарға жиналды. Үлкен сақ тегеленіне4 киім-кешек, көрпе-төсегін, азық-түлігін артып, мені атқосшы етіп алып, түстікті нұсқап, «ал кеттік» деді.
Біз арбамен ұзақ жүрген жоқпыз, бір портты қалаға келгеннен кейін үлкен кемеге ауысып міндік. Қаншама теңіз-сулардан, таңсық елді-мекендерден өттік. Ақырында аңсап барған Элладаның Афины қаласына да жеттік. Осы жол-сапарымыздың өзі айта берсең, өз алдына ұзақ жыр-хикая. Мен одан да Афиныдағы қызықтарды айтайын. Сонымен қалаға келсек, халық ығы-жығы. Айнала жыпырлаған үйлер, қисық-қыңыр тасты көшелер. Біз ат-арбамызды керуен сарайға қойып, жаяу-жалпылап қала араладық. Бәрі біздің үстіміздегі киімімізді, түр-сипатымызды оғаш көріп, ошарыла қарайды. Түртіп, сипап көруге тырысады. Олардың жеңіл-желпі, салпылдаған кең етек киімдері, тас үйлері мен базарлары бізге де таңсық. Ауасы ыстық, қапырық екен, үсті-басымыз пысынап кетті. Оның үстіне тұйық көшелеріне талай тіреліп, адасып, қатты абыржыдық.
Үйлері мен адамдары жыпырлаған қаласынан көңіліміз қалып, елімізге қайтып кетпекші болғанбыз. Осындай жағдаймен салымыз суға кетіп, құмырашылар көшесімен келе жатқанымызда:
– Әй, бауырлар, сабыр етіңдерші, – деген өзіміздің түркіше ыстық сөзді естіп, артымызға жалт бұрылдық.
Эллинше киінген, сақалын қырынған, белінде ақинақ семсері5 жоқ демесең, түр-келбеті сақ жұртына тән адам қуып жетті. Біз таң қалып, аңырып тұрғанымызда, ол:
– Жаңылмасам, сен Дәукет ұлы Анарыс боларсың? – деді тосыннан.
Бөтен елде өзіміздің ана тілінде сөйлейтін біреуді кезіктір-генімізге әрі хан иемді танитын адам болып шыққанына қатты қуандық.
Анарыстың көзінен жас ыршып кетті.
– Ал, сен, бейтаныс жан, мені қайдан танисың?
– Мен де сендер келген өңірден шыққанмын, – деді ол. – Менің атым Тоқсары. Алайда сен танитындай текті тұқымнан емеспін.
– Көрер көзге танымағаныммен, сені мен де сыртыңнан білемін, – деді Анарыс. – Тоқсары деген біреудің Грекияға құмар-тып, отбасын Сақ елінде қалдырып, Афиныға қоныс тепкенін естігем. Қазір осында емші-дәрігер болып, халықтың құрметіне бөленіп, атақ-даңқың шартарапқа жайылғанынан да хабардармын.
– Иә, мен сол адамның нақ өзімін, – деді Тоқсары да толқып. – Ел-жұртым мені ұмытпай, еске алып тұрады екен-ау.
– Ендеше, біліп қой, – деді сонда Анарыс. – Мен сені өзіме ұстаз тұтамын. Грекияға деген құштарлығыңнан от алып, алдыма үлкен мақсат қойып, сенің артыңнан жеттім. Ата-бабаларымыз кие тұтқан семсер мен қалқанның, бір Тәңірдің атынан өтінемін, Тоқсары. Жат жерде жалғыз қалдырма бізді, өзің ертіп жүріп Афиныдағы, содан соң бүкіл Грекиядағы көруге тұрарлық жердің бәрін көрсет. Бұл жердің салт-дәстүрімен, халқы, мемлекет өмірімен де таныстыр. Осылардың бәрін көріп-білмей қайтып кетуімізге жол бере көрме.
– Сенің сөздерің, – деді Тоқсары, – құмарланып келіп есік алдынан қайтып кететін адамның сөзіне ұқсамайды. Афиныны да, бүкіл Грекияны да аралатып көрсетемін, білмейтін нәрсеңді үйретемін. Мұнда шеттен келгендерді баурап алатын кереметтер көп. Қаланың сиқырына бір еліксең, өзге нәрсені ойламайтын боласың. Афиныда Азия мен Еуропаны, Мысырды шарлап аралаған, көрген-түйгені мол, даналықтың шыңына көтерілген, ізгі қасиеттерімен бүкіл халықтың құрметіне бөленген Солон деген данышпан бар. Егер қаласаң, сонымен таныстырайын. Егер оның назарына бір ілігіп, досына айналсаң, ол арқылы сен бүкіл Грекияны білетін боласың, ең бастысы, оның қалайша әйгілі адам болғанын ұғынасың.
– Онда несіне тұрмыз, Тоқсары, – деді Анарыс тағат-сызданып. – Мені ең алдымен сол кісіге таныстыра гөр.
***
Біз Афины көшелерін аралай жүріп, айналасы гүлзар, жүзімдіктермен көмкерілген ақшаңқан, биік сарайдың алдына келіп тоқтадық. Тоқсары
есікті қағып еді, ар жағынан жұпыны киінген бір құл шықты.
– Әй, Солон дананың қызметшісі, – деді Тоқсары. – Сен Солонға мынаны айта бар: Сонау қиырдағы Скиф даласынан сақтардың ханзадасы, даналық ілім іздеген Анарыс деген пірадар білім-зердесін сынатып қайту үшін келіп тұр. Көңілі қаласа, дос болып, бар пейілімен сыйласуға дайын екен деп айт, – деді серпіле сөйлеп.
Қызметші Тоқсарының жанындағы кісінің киім киісінен, ерекше түр-сипатынан жат жұрттық екенін түсіне қойып, Тоқсарының сөзін Солонға айтып барды. Көп өтпей қайтып келіп, Анарысқа қарап:
– Солон сізге: «Есі бар адам досты өз отанынан іздейді. Жат жарылқамас болар» деп сәлем айтты, – дейді. Сол сәтте Анарыс:
– Онда тез қайтып барып мынаны айт: Солон дана дәл қазір өз шаңырағында – отанында отыр. Елінің төрінде отырып, достан қашқаны несі? Досына дос қосатын осы мүмкіндікті жібермесін, – деп тауып айтып, қызметшіні кері жүгіртеді.
Көп өтпей тапқыр жауапқа сүйсініп, риза болған Солон дананың өзі үйінен шығып, Анарыс хан иемді құшақ жая қарсы алады.
Міне, осыдан бастап Эллада елінің ғұламасы Солон мен хан ием Анарыстың достығы қашан ұстазы көз жұмғанша үзілген жоқ. Олардың өзара пікір алысулары мен әңгіме-сұқбаттары сағаттап, кейде күннен түнге ұласатын. Мен түсіне бермейтін терең де күрделі ойға құрылған талдаулар мен заң, жарғыға қатысты мәселелерді шешетін. Кей жағдайларда хан иемнің Солонның өзіне ақыл қосып, тапқырлық танытатын кездері де көп еді.
Сол уақытта Солон мемлекеттік басқару ісіне өзгерістер енгізіп, заң-жарғылардың баптарын жетілдірумен айналысып жүр екен. Сол жарғыларға Анарыс хан иемнің әңгімелерінен түйген көптеген тың ойлар мен біздің даланың даналық үлгілерін қосып, өзгертеді.
Анарыс хан ием Солонмен бірге әр түрлі мәжілістер мен пікірталасуларға қатысып, өзінің де ой ұшқырлығын, сөз шеберлігін танытты.
Бірде Анарыс хан ием грек ғұламаларымен бірге Кіші Азиядағы Лидия мемлекетінің патшасы Крез сарайындағы басқосуда болды. Әдетте ғұламалардың бастары жиыла қалса, ортаға бір ой-пікір тастап, сол жайында өз ой-түйіндерін айтып, әңгіме өрбітетін. Бірақ бұл жолы олай болмады. Крез патша түр-сипатымен өзгелерден ерекшеленіп тұрған хан иеме:
– Жан-жануар мен жәндіктердің ішіндегі ең өжеті қайсы? – деп сауал қояды. Анарыс хан ием:
– Ең тағы аңдар, себебі, олар өз бостандығы үшін жанын қияды, – деп жауап береді.
– Жан-жануарлар мен жәндіктердің ішіндегі ең әділетті өмір сүретіні қайсы? – деді. Анарыс хан ием:
– Ең әділетті тіршілік ететіндер де тағы хайуандар. Олар заңмен емес, табиғаттың ырқымен өмір сүреді. Табиғат – құдайдың жаратқан жаратылысы, ал заңды адамдар өз қолымен жасаған. Сондықтан да адамның шығарған заңынан Тәңірдің ақ жолы әлде-қайда әділетті, – дейді. Крез патша Анарысты мазақ ету үшін:
– Осы жыртқыштар даналықтың да негізгі мәйегі болып жүрмесін, – дейді. Сонда Анарыс хан ием:
– Заң негізінен гөрі табиғаттың ұлылығын мойындаудың өзі – даналықтың белгісі, – деп тауып айтты.
Сол уақыттарда Крездің патшалығы дәуірлеп тұрған еді. Еліне келген қонақтарына байлығын көрсетіп мақтанып, өзін ең бақытты адамдардың біріне қосатын. Сол дағдысы бойынша Крез патша бұл қонақтарына да сән-салтанаты тасыған сарайын аралатып, асыл тастар мен алтын-күміске малынған қазынасын көрсетеді. Содан кейін ол қонақтарынан:
– Сендер көп елді аралап көрдіңдер, көңілге көп нәрсе түйдіңдер. Шындықтарыңды айтыңдаршы, бұл дүниеде менен бақытты адамды көрдіңдер ме? – деп сұрайды. Сонда Солон дана:
– Иә, көрдім, – дейді. – Ол Телл деген менің жерлесім. Ол рухы биік, ақ көңілді, ер мінезді кісі еді. Артында қалған балалары да өзі сияқты ер жүрек те батыл, ашық-жарқын жігіттер болып жетілді. Оларды жеткілікті мал-дүниемен қамтамасыз етіп, өзі бір соғыста қаһармандық пен отаншылдықтың үлгісін көрсетіп қаза болды. Міне, сол азаматты мен бұл дүниеден бақытты өтті деп санаймын.
Солон Крезге есі дұрыс емес, тым жадағай сияқты болып көрінеді. Сонда да ол бір үмітпен:
– Телден басқа тағы бір бақытты адамды білесің бе? – деп сұрайды.
– Білемін, – дейді Солон. – Олар Клеобис пен Битон деген бір-біріне сондай бауырмал, аналарын да төбелеріне қойып құрмет-тейтін ағайындылар еді. Бірде олардың өгіздері жайылымнан ұзақ күттіріп келмей қояды. Содан олар арбаға өздері жегіледі де, аналарын отырғызып алып, сонау қияндағы Гера храмына апарады. Ондағылардың бәрі аналарына «Балаларыңызды үлгілі тәрбиелепсіз. Қандай бақыттысыз!» дейді сүйсініп. Аналары да көңілі көкке жеткендей қуанады.
Олар сонда құрбандық шалып, ет жеп, қанғанша су ішеді де, ертеңіне ауырмай-сырқамай, елдің құрмет-пейіліне бөленген, бақытты күйлерінде о дүниеге аттанады.
– Ал, мені, – дейді ызаланған Крез, – сондай бақытты жандардың санатына қоспайсың ба?
Сонда Солон оның ашу-ызасын өршіткісі келмей әрі құрдай жорғалап, ыңғайына құлай кетпей, былай дейді:
– Лидия патшасы! Бізге, эллиндерге құдай сабасынан асып-төгіл-мейтін пейіл берген. Сол пейіл бойынша біз өмірді асып-төгілген байлық бойынша емес, жалпыхалықтық құндылықтармен бағалап үйренгенбіз. Сол тұрғыдан бір сәттік бақытты біз бақыт деп есептемейміз. Ол адамның тағдыр-талайына байланысты. Кімде-кім өмірінің соңына дейін армансыз бақытты өтсе, сол жанды біз бақытты деп санаймыз. Ал қазірше бақытты болғаныңмен, ертең басыңа қандай аумалы-төкпелі заман орнайтынын біз қайдан білеміз – ол бір жүйрікті бәйгеге қосып, мәреге жетпей тұрып, орта жолда марапаттағанмен тең емес пе? – деп аяқтайды. Солонға көңілі толмаған Крез енді Анарыс хан иеме үміттене қарайды. Анарыс хан ием Солонды қоштағандай бір мысалды айтады:
– Бірде саудагерлер іші алтын-күміс пен байлыққа мәймілдеп толған кемемен сапарға шығады. Орта жолға келгенде кемелері батып бара жатқанын көріп, саудагерлер жан сауғалап қайықпен қашады. Байлыққа қызыққан қарақшылар салдарымен жүзіп келеді де, кемедегі байлықты салдарына тиейді. Ашкөзденген қарақшылар салдарына қазынаны аузы-мұрнына келтіре толтырады да, жағаға жетуге асығады. Бірақ олардың салдары асып-төгілген салмақты көтере алмай суға батып, қарақшыларды да құрдымға ілестіріп әкетеді, – дейді. Сонда санасына сәуле түспеген Крездің көңілі біржола қалған еді.
Күндердің күнінде Крез патша осы жеткен байлығын қанағат тұтпай, көңіліне желік бітіп, көрші жатқан парсы еліне соғыс ашады. Бірақ сол кезде парсы патшасы Кирдің бағы жанып, жолы жүріп тұрған еді. Ол Крездің қолын бір айламен тас-талқан етіп жеңеді де, Крездің өзін қолға түсіреді. Соғысты алғаш бастаған айыбы үшін оны отқа жағып өртемекші болады. Крездің қол-аяғын байлап, үйілген отынның үстіне шығарады. Сонда қайғыдан қан жұтқан Крез Солон мен Анарыс хан иемді еске алып, ажалы алдында:
– О, Солон! О, Анарыс! О, Солон! О, Анарыс! – деп, даусы қарлыға, күңірене айқайлайды.
Кир патшаға оның бұл күшенгені қызық көрінеді де, «Бұл байғұс патша өлімі алдында не деп алас ұрады?» дап сұрайды. Сонда Крез оған Солон мен Анарыс хан иемнің кезінде өзіне кандай даналық айтқанының бәрін баяндап береді. Крездің бұл әңгімесіне қатты риза болған Кир оны босатып, өзінің қарамағына қызметке алыпты.
– Иә, Анарыс бабамыз жайлы кейінгі дәуірлерде де тарих атасы Геродоттан бастап, Лукиан, Плутарх, Страбон, Диоген Лаэртский сынды ғұламалар да өз кітаптарында тамсана жазды, – деді Ер осы тұста шыдамы жетпей киіп-жарып.
– Ол жағын мен білмейді екенмін, – деді Ардан. – Бірақ Анарыс хан иемнің нақыл сөздерін жұрт ауыздарынан тастамай айтып жүреді.
– Анарыс бабаның нақылдарын біз де айтамыз, – деді Нар. – Мәсе-лен, «Дүние – шексіз, оның алды да, арты да жоқ, хақиқатқа да мөлшер жоқ, өткен күннің белгісі жоқ», «Тән – жанның құралы, жан – құдайдың құралы».
– «Еркін адам дегеніміз – өз қалауымен, өз заңдарымен өмір сүретін адам», – деп әрі қарай жалғады Би. – «Жаман адам көмір сияқты: күйдермесе де күйелейді», «Жақсылық та – тілден, жаман-дық та – тілден».
– О-о! Хан иемнің көп сөздерін біледі екенсіздер ғой, – деді Ардан балаларға таң қала қарап.
– Жо-оқ, бәрін біле бермейміз, – деді Нар. – Мәселен, Анарыс баба скифтер мен эллиндердің тұрмысы және соғыс өнері жайлы 800 жол өлең жазған дейді. Сол өлең-жырлары бізге жетпеді.
– «Элладада мені ақыл-парасат қорғап еді, өз елімде қызғаныш құрбан етті» деген сөзді бабамыз қандай жағдайға байланысты айтты? Соны білмейміз.
– Хан ием мұндай сөздерді қашан айтты? Мен де білмеймін, – деді Ардан ойланған кейіппен.
– Оны сіз білмейсіз. Анарыс баба оны өлер алдында айтты.
– Хан ием қалай өлмек?! – деді Ардан таң қала шоршып.
– Біз Анарыс бабаны сол ажалдан құтқаруға бара жатырмыз. Анарыс бабаға қауіп төніп келеді, алдына тезірек жетейік, – деп еді, Ардан еш нәрсе түсінбеген кейіппен аңырып тұрып қалды. Нар айналасына бажайлап қарап алды да, Арданның құлағына бір жайттарды сыбырлап айтып жатты. Арданның бет-әлпеті біресе бозарып, біресе қызарып, енді бірде қайта қалпына түсіп, мың құбылумен болды. Бір кезде барып:
– Құп болады! – деді де, айналасына жіті көз салып. – Біз келіп қалыппыз, хан иемнің тұрағы мына кезеңнің артында, – деді, алдарындағы жотаны нұсқап. Олар бұталы жотаға шыққанда, ар жағынан ат шаптырымдай үлкен алаңқайды көрді. Алаңқайдың бір жағы құмдауытты өзен атырауына тірелсе, қалған жақтары ну орманды тау баурайына сұғына еніп жатыр екен. Алаңқайдың тастақты бір бүйірінде үсті жабық үлкен сақ арбасы тұр. Арба жанындағы ошақта от жанып, үш аяқты мосыда қазан асулы. Ошақ басында гректердікіндей кең етек ақ жейделі бір кісі отыр. Ардан балаларды сол кісінің алдына апарды.
Балалар жөн сұрасып, негізгі келген шаруаларын реттеп болғаннан кейін, Анарыс бабаның қазіргі жай-күйімен де танысты.
– Ең жақын досым әрі ұстазым Солон қайтыс болғаннан кейін, оның жылын өткізіп, барлық мұраларын ретке келтіріп, шәкірттерінің біріне тапсырдым да, елге қайттым, – деді Анарыс әңгімесін жалғап. – Сондағы басты көздегенім – өз жұртымның сауатын ашу, скиф мемлекетінің негізгі тұғырын, яғни грекия-дағыдай патша, тәңірқұттан бастап, әскері мен қарапайым халқына дейін заңмен, тәртіппен өмір сүріп, жүріп-тұруға қалыптастыру еді. Сол мақсатта еліме келе салып, сауат ашу, шешендік өнері ұғындырғыларын6 аштым, балаларды оқыттым. Бос уақыттарымда скифтердің өмір-тұрмысына лайықтап жарғы баптарын құрас-тырумен айналыстым. Күндердің күнінде сол заң-жарғыларым дайын болды. Қайта-қайта қарап, пісіп-жетілді-ау деген күні қала халқын жинап, ел алдында оқып бердім. Бірен-саран бай-шонжарлар болмаса, көпшілік халыққа бұл заң-жарғы қатты ұнады. Ел менің еңбегімді қолдап-қуаттап
қана қоймай, тәңірқұттың құзырына апарып, бекіткізуімді өтінді. Елдің ыстық ықыласына бөленген заң-жарғыны мен тақта отырған бауырым Сабылдың қолына тапсырдым. Мән-маңызын түсіндіріп, тезірек қабылдауын өтіндім. Ол заңмен танысып шығайын деп алып қалды. Бірақ көп өтпей менің ісімнен береке кетті. Артымнан аңдушы, арандатушылар көбейіп, жан-жақты қудалауға түстім. Шәкірттерім сабақтарына келе алмай, ұғындырғым жабылып қалды. Содан кейін осылай ел-жұрттан безіп, еріксіз дәруіш-қаңғыбастық жолға түсуіме тура келді. Жағдайым осылай, жас достарым. Енді тек даңғыра, кепшік қағып, көктегі бір Тәңірімнен халқымызға, ел басшыларына таупық-тәубе7 беруін тілеймін. Байланған көздерінің ашылуын, қудалау, көре алмаушылықтардың жолы кесілуін тілеп, жалбарынумен күн өткізудемін.
Дәл осы кезде сенімді күтушісі Арданның:
– Дастарқан дайын, тамаққа келіңіздер, – деген даусы шықты.
Олар үлкен тақта тастың үстіне жайылған дастарқанның айна-ласына жайғасты. Балбырап бабымен піскен жылқы етін жеп, сорпа мен қымыздан дәм татты.
– Анарыс баба, – деді Би қымызды төңкеріп ішіп болып. – Эллиндер сізді де Солон, Фалес, Периандрлар сынды ғұламалардың қатарына қосып, құрметтеп өтті. Шешендік даңқыңыз шартарапқа жайылды. Дегенімен бізге мына жайды түсіндіріңізші: Олар, яғни Биант, Питтак, Солондар эллиндік шешендік мектебінен қалып-тасып шыққан, сол ортадан оқу, тәрбие, өнеге көріп жетілген кісілер еді. Ал, сіз Скифиядан, яғни, оларша айтқанда, жабайы өлкеден бардыңыз, ендеше шешендік өнерді қалайша тез меңгеріп, игеріп кеттіңіз? Соны түсіндіріңізші.
Бұл сауалға Анарыс баба бар мейіріммен жымия күліп тұрып, асықпай жауап берді:
– Е, балалар, бір негіз, тұғыр болмаса, мықты үй тұрғыза алмайсың. Олар қанша жерден жабайы дегенімен, біздің де өз далалық өркениетіміз қалыптасқан. Біздің скифтердің арасында да аузымен құс тістеген шешендер, қара қылды қақ жарған билер, өлең мен жырды төгілткен суырыпсалма ақындар мен жыраулар, ән мен күйден саз өрген дала өнерпаздары аз емес. Мен солардың қайнаған ортасында өсіп-жетілдім, солардың келісіне түсіп, шешендік талайымды сынадым. Мен эллиндерге сондай ұғындырғыдан өтіп, шыңдалып барған едім. Олардың қатарларына тайпалған жорғадай бірден қойып кеткенім де содан.
– Ал, енді мынаған жауап беріңізші, сіз ата-бабаңыздан бері қара көк үзілмеген тәңірқұт, хан тұқымынансыз. Ендеше қалайша хандық, билікті тәрк етіп, шешендік өнерді таңдадыңыз?
– Бұл жолды таңдауыма бірнеше себептер болды, солардың ең негізгілерін айтсам, біріншіден, әлгінде айтып өткендей, жастай-ымнан далалық шешендік өнердің қайнаған ортасында өстім, тәлім алдым, соның әсері ме, менің тұла бойымды шешендік өнерге деген талпыныс, сүйіспеншілік, құштарлық билеп алды. Ақыр соңында жүрегім билікті емес, өнерді таңдады. Екіншіден, бұл билікті сеніп тапсыруға лайықты адам бар еді. Ол – менің бауырым Сабыл. Оның бойындағы тасқындаған қайрат-жігеріне, өктемдігі мен өрлігіне мен ілесе алмас едім. Осы жайларды ой елегінен өткізіп, таразылай келе, менің жолым, тағдырым билік емес, шешендік өнер екенін ұғындым, сол жолдың ыстық-суығына төзіп, тауқыметтерін арқалауға бел будым…
Тамақтан кейін балалар асық ойынына отырды. Анарыс әдет-тегіндей құрулы тұрған даңғыра, кепшіктің алдына барып, оларды бір ырғақпен қағып, Тәңірге құлшылық етудің рәсіміне кірісті.
Даңғыра бір қалыпты соғылып, Анарыс әуен-ырғаққа жан-тәнімен беріліп кеткен бір тұста, айнала ұшып жүрген сауыс-қандардың үдере шыққан шиқылы ерекше естілді. Балалар елең етіп, орындарынан ұшып тұрды. Алаңдап қарап еді, Анарыстың арт жағында әудем жерде садақтарын кезеніп тұрған салт аттыларды көрді. Балалар ауыздарын ашып үлгергенше, қауырсынды жебелер зуылдап ұшып, Анарыстың арқа-жонына «сарт-сұрт» етіп қадалып жатты. Бірақ бір таңқаларлығы, қанша оқ тисе де Анарыс баба құламай тұр. Ол оқ атқандарға бұрылған кезде байқаса, жебелер жон арқаға дәл тигенімен, ешқайсысы денесіне дарымаған. Бәрі шетінен лыпа көйлекті тесіп өткенімен, жебелер төмен салбырап, матасына ұшынан ілініп тұрды. Бұл оғаш көрініске оқ жаудырған жауын-герлердің өздері таң қалғаны сондай, ауыздарын ашқан күйі тұрып қалған. Бір кезде естерін жиып, басшыларына ілескен бойы желе шоқытып, Анарыстың жанына жетіп келді. Басына мұрақ8 кигені Сабылдың өзі екен. Ол Анарысқа сұстана қарап:
– Саған жебелер неге дарымайды? – деді.
– Ол жебелерді дарытпаған – біз, – деді Ер суырылып алға шығып.
– Сендер кімсіңдер?
– Біз Анарыс бабаның қағушы періштелеріміз, – деді Би де ілгері адымдап.
– Қанатсыз қандай періштесіңдер! Жалған айтпаңдар!
– Ал, сіз бауырыңыз Анарыс бабаны қалайша өлімге қиып отырсыз?! – деп, Нар да бауырларының қатарына қосылды.
Сабыл жауынгерлеріне қарап:
– Мына тырбиған бақаларды менің аяғыма жығып, тәңірқұтқа қарсы шыққандардың қалайша жер қабатынын көрсетіңдерші, – деді саусағымен нұсқап.
Үш жауынгер аттарынан түсіп, өздеріне сенімді түрде балаларға жақындай берген.
– Бауырлар, дәл тамақтарынан тебейік! – деп сыбырлады Ер жайымен.
– Дайындалыңдар! Ал…
Үшеуі бір мезгілде шыр көбелек айналған күйі каратэ тәсілімен аяқтарын көтеріп, «сарт-сұрт» тепкен еді, мұндайды күтпеген әлгі жауынгерлер бірінен кейін бірі кескен теректей жалпасынан түсті.
– Кәне, бәрің жабылыңдар! – деді ызаланған Сабыл қалған жауынгерлеріне иек қағып.
Жиырма шақты жауынгер жан-жақтарынан шеңберлей қоршап, анталап жақындай бергенде, Нар бауырларына: «Сағаттарыңның минуттық тілдерін басыңдар!» деп айтып үлгерді. Жауынгерлер жабыла лап қойғанда, бауырлар ізім-ғайым жоғалды. Балалардың көзден ғайып болғанына қатты үрейленген жауынгерлер жан-жаққа бытырай кейін серпілген. Бір минуттан кейін балалар тұрған орындарында қайта пайда болды. Сабыл да өзінің сескеніп қалғанын байқатқысы келмей:
– Жабылыңдар! – деп тағы ақырды. Жауынгерлер сабасына түсіп, қайта ұмтыла бергенде, бауырлар қайта жоқ болды. Бұл жолы зәрелері зәр түбіне жетіп, естері ауыса есеңгіреген жауынгерлер жан-жаққа бытырай қашты. Балалар қайта пайда болды.
– Ал, енді, Сабыл мырза, біздің кім екенімізге көзіңіз жетті ғой, – деді
Ер тәңірқұтқа тура қарап. – Енді өзіңіздің жоқ болатын кезегіңіз. Мәңгі бақи жоқ боласыз. Ал, бауырлар, сиқырға дайындалыңдар…
– Сабыр, сабыр, жігіттер, – деді Сабыл бұл жолы сескенгенін жасыра алмай. – Не тілейсіңдер, қалауларыңды айтыңдар?!
– Тілегімізді орындайсыз ғой?
– Тәңірі алдында ант етемін!
– Біздің әрқайсымыздың тілегіміз бар. Менің тілегім: Анарыс бабаға бұдан былай қастандық жасамайсыз! Соңына аңдушы, тыңшы қоймайсыз! – деді Ер.
– Болсын! – деді Сабыл басын иіп.
– Ұғындырғы, білім ордаларын ашып, бала оқытуына кедергі жасамайсыз! – деді Би.
– Болсын!
– Анарыс бабаның заң-жарғысын қабылдап, іс жүзінде орын-далуына қатаң бақылау қоясыз! – деді Нар.
Сабыл қарасұр жүзі бозарып, біраз уақыт үнсіз тұрып қалды. Бір уақыт еріндерін әрең қимылдатып, тісінің арасынан сыздықтата:
– Бол-сын! – деп, ернін тістеп, жерге шұқшиды.
– Ал, енді, келген жақтарыңызға ат басын бұрып, бізді оңаша қалдырсаңыз.
Сабыл әскерін жинап, келген жолдарымен еңселері түсе кейін шегінді.
Қуанышы қойнына сыймаған Анарыс баба:
– Менің сақтаушы, жебеуші періштелерім! – деп балаларды бауырына қысты.
– Сендер шын мәнінде періштесіңдер ме? – деді Ардан өз күдігін ішінде сақтап қала алмай.
– Жоқ, біз де кәдімгі ет пен сүйектен жаралған адамдармыз.
– Онда сендер қалайша көзден ғайып болдыңдар?!
– Ол мына сағаттың құпия тіліне байланысты, – деп балалар қолдар-ындағы сағаттарын көрсетті.
– Ал, хан иеме оқ жаудырып, қастандық жасайтынын күні бұрын қайдан білдіңдер?
– Біз бағана болашақтан келдік деп айтқан жоқпыз ба. Бізге уақыты өтіп кеткен Сіздің заманның барлық оқиғалары бесенеден белгілі жай ғой. Соны ұғыңыздар.
– Е, мейлі, ұғуға тырысайық. Ал, әлгінде хан иеме сыйлық ретінде қоймай кигізген оқ өтпейтін жейделеріңіз сыйқырлы нәр-се ме?
– Ол жейде сыйқырлы емес. Кәдімгі өздеріңнің жауынгерлерің киетіндей сауыт, оқ өтпейтін темірден тоқылған қарапайым жейде.
– Ал, енді… – деп Ардан тағы бір сұрақты қойғалы тұрғанда, Анарыс баба:
– Болды, қой енді, кейін бәрін біле жатарсың. Ал қазір аттарды тегеленге жек, елге қайтайық. Арман-мақсаттарымызды орындауға жұмылайық, – деді құлшына.
– Құп болады, хан ием! – деген күйі Ардан ат-арбаны жегуге жүгірді.
– Ал, періштелерім менің! Жүріңдер. Ел-жұртымызға тезірек жетейік! – деп, Анарыс баба жас баһадүрлерді емірене бауырына қысып, арбаның артынан ілесті.
«Кескілескен шайқаста мен жеңіп шықсам да,
тірі қалсам да, сен (Кир – К.О.) менің түбіме жеттің. Өйткені, жалғыз ұлымды айлакерлік қулық-сұмдықпен қолыңа түсірдің, ажалына жеттің. Тап сондықтан да енді мен, өзіңе ескерткенім сияқты, қанға деген тойымсыз құмарыңды қандырамын». Кир қазасы жайлы көптеген әңгіменің неғұрлым шындыққа
жақыны осы деп ойлаймын».
Геродот «Тарих».
«Кир үшін қасіретті аяқталған бұл шайқас
табанды Рим легионының парфияндық қолбасы
Суреннің атақты салтаттыларымен кездескен
Красстың парсылармен соғысын еске салады.
Массагеттердің ұшқыр сарбаздары Кирдің әскерін
шыр айнала қоршап, қоянқолтық айқасқа жола-май, парсылардың жаяу әскерін жебенің астына алды. Жаяу әскерден гөрі, салтаттылардың
оғы көп еді және қорамсақтарын дер кезінде
толтырып әкеле қоятын, өйткені қосын күрені
жақын жерде орналасқан».
В.В.Струве, «Кавказдың солтүстік
Қара теңіз жағалауы мен Орта Азия тарихы
туралы ойлар».
3
Қылшан* – қайың тозы мен теріден қаптап жасалған оқ салатын сауыт, қорамсақ.
4
Тегелен* – үстіне киіз үй орнатылған арба.
5
Ақинақ семсер* – сақ семсері.
6
Ұғындырғы* – мектеп.
7
Таупық-тәубе* – тәубеге келу, түсіністік.
8
Мұрақ* – қаған, хандар киетін бас киім.