Читать книгу ТҰРАН БАҺАДҮРЛЕРІ НЕМЕСЕ ЕР, БИ, НАРДЫҢ ЕРЛІК ЖОРЫҚТАРЫ - Кеңес Оразбекұлы - Страница 9

«Ескендір қайтқан төбеден»

Оглавление

Жолқапшықтарын арқаланып алған біздің үш сайыпқыран көктемнің не суық емес, не ыстық емес, мамыражай соңғы күндерінің бірінде Сарыағаш пен Дарбаза ауылының аралығындағы Дарбаза сайына жорыққа шықты. Олар сайдың екінші басындағы биік қыраттың табанына келгенде, бұжыр-бұжыр сұрғылт қой тастарға отыра қалып, аял жасады. Шаймерден үңгірі мен Ер Дәуіт төсіне зиярат етуге келгендердің бір бөлігі осы таудың басына да өрмелеп шығып қайтып жатыр екен.

– Біздің де көздеп келген мақсатымыз, осы Шаймерден төбенің басына шығу емес пе? – деді Ер күнқағары бар қалпағын шешіп алып жатып.

– Дәл солай. Бірақ сен бұл қыратты «Шаймерден төбе» деп дұрыс айтпадың, – деді Би қыраттың басына көз жіберіп тұрып. – Сендерге бір қызық айтайын ба?

– Иә, айт!

– Айтсам. Бұл биік жота Қыңырақ тауы деп аталады екен.

– Қыңырақ?!

– Иә —иә! Кәдімгі Қазығұрт аңыздарының бірінде айтылатын Қыңырақ.

– Ол қандай аңыз?

– Естімесеңдер айтайын. Өздерің білесіңдер, Қазығұрт Тянь-Шань тауларының батысында жекеленіп жатқан тау. Оны мына Қыңырақтың басына шықсаңдар көрулеріңе болады. Сол Қазы-ғұрттың арғы тұсынан төбесінен қар кетсе де, мұз кетпейтін Қаржан мен Өгем тауларының шыңдары көгілдір боп мұнартып көрінеді. Ал, аңызын айтсам, ол былай: «Нұқ пайғамбардың кемесі «енді біздің төбемізге тоқтайды» деп көкіректерін керіп, масаттанып тұрған биік шыңдарға тоқтамай, Қазығұртқа келіп тоқтағанда, әлгі алып таулар Қазығұртқа қарсы соғыс жарияламақ болыпты. Осыны есіткен Қазығұрт өз маңайындағы аласа тауларға жар салады:

Ордабасы ұлыма айт,

Қызылсеңгір қызыма айт,

Еншілес інім Қаңғыраққа айт,

Сізден арғы Қараққа айт, – деп Қазығұрт батыс жағындағы кең далада нақ өзі сияқты оқшауланып тұрған таулардың бәрінің атын атап барып, ең соңында «Қайтарыңда Қыңыраққа бар да қайт» деп бітіріп, жеті тауға елші жұмсайды. Осыны есіткен әлгі соғысқұмар таулар бұлардың одағынан қаймығып, жотадан бірді-екілі жай соққы берумен шектеледі. Осылайша Қазығұрт тауының басы қағылып, жотасы қос өркешті түйеге ұқсап қалған екен дейді.

Ал әлгінде өз аты ең соңында айтылғандықтан, әрі көзге ілмегендей болып «бар да қайт» дегеніне намыстанған Қыңырақ қыңырайып, шеткерірекке барып орналасыпты дейді».

– Болды қызық деген осы екен. – деді Нар ойланып. – Сонда бұл тау өкпелеп, қыңырайып қалғандықтан «Қыңырақ» деп аталған ба екен?

– Кім біледі. Дегенімен сол Қазығұрттың баурайында туып-өскен Қалаубек Тұрсынқұлов деген жазушының айтуы бойынша, «қыңырақ» деген ежелгі қарудың аты болған екен. Оған академик Радлов түркілердің жалпақ қылышы деп түсінік беріпті. Бұл таудың тастары қатты да тығыз болып, қару-жарақты қайрауға пайдаланса керек. Содан «қыңырақты жанитын тасы бар тау» деген мағынада Қыңырақ аталып кетуі әбден мүмкін дейді жазушы.

– Е-е-е, – деп Ер мен Нар жерде жатқан тастарды қолдарына алып, оларға шұқшия қараумен болды.

Ағайынды үшеуі төрттағандап тырмысып, Қыңырақтың жотасы-на көтеріліп бара жатты. Алдында келе жатқан Ер жотаға шыға келді де, бауырларына:

– Мен бірінші шықтым! – деп мақтанды.

Артынша Би мен Нар да биік жотаға ентіге көтерілді.

Жота үсті ары қарай еңістеу келген кең, жайпақ жазық екен. Көктемгі салқын лепті жұмсақ самал ауыз, тыныс жолдарынан лап етіп, кеуделерін кернеп кетті. Әлгіндегі шаршап-ентіккендерінен түк қалмағандай.

– Қандай керемет! – деді Нар бетін саумал самалға төсеп.

– Анаң қараңдаршы, ақ-шаңқан үйлерімен Сарыағаштың шеті де Қыңырақ тауға жетіп қалыпты ғой, – деді Ер сол бүйірден қалайы шатырлары күнге шағылысқан жыпырлаған үйлерді көрсетіп.

– Әне, Дарбаза кенті де алақанға салғандай иегіміздің астында жатыр.

– Шаймерден әулие мешітіне де адамдар көп келетін болыпты ғой, – деді Би төбе етегіндегі мал сойып, ас қамдап жатқан адамдар мен бір шетте қаз-қатар иіріліп тұрған автокөліктерге қарап.

– Сен оны айтасың, мына Ер Дәуіт төсіне де зиярат етушілер көп келетін болған. Әне, үюлі темір-терсектердің алдында шоғырланып тұрған адамдарға қараңдар.

– Қызық, Ер Дәуіт төсіне зиярат еткеннен кейін олардың мамандық шеберліктері мен ұсталық өнері шынымен-ақ алға басар ма екен?

– Кім біледі, бірақ сенім деген ұлы күш бар ғой.

– Менің естуімше, Ташкенттің он екі қақпасының бірі осы Дарбаза сайында болған дейді? Сол рас па екен?

– Қақпа демекші, сонау көне сақ заманында Александр Маке-донский бірнеше ай қоршап, басып алатын темір қақпалы қамал да осы өңірлерде болған дейді. Өйткені, ол сақ жауынгерлерінің қатты қарсылығына ұшырап, Сырдариядан өте алмай кейін қайтатын еді ғой.

– Болса болар, – деді Би ойланып. – Халқымызда «Ескендір қайтқан төбеден» деген көнеден келе жатқан ән мен мәтел де бар емес пе. Мүмкін, Ескендір осы біз тұрған төбеден қайтқан болар?

– Қызық екен, – деді Нар да ойланып.

– Әй, біз осы жолқапшықтарымызды арқалап жүру үшін әкелген жоқ шығармыз, – деді Ер екеуіне сынай қарап. – Анау ықтасын көкмайсалы жерге барып, дастарқанымызды жайып отырайық та. Біз мұнда демалуға келген жоқпыз ба.

– Иә, жүріңдер, – деді Нар бірден келісіп. – Дастарқан үстінде мен сендерге Ескендір жайлы бір шағын аңызды айтып берейін.

Олар бір түйетастың түбіне келіп, иықтарындағы жолқап-шықтарын шешті. Ішінен бір үлкен одеал, құрақ көрпешелер алып, көкмайсалы жерге төседі. Ортасына клёнка дастарқан жайып, тағы бір қапшықтан тағамдар мен сусындарды алып қойып жатты.

– Ал айта бер, – деді Ер аузына бір тоқаш пен кесек етті ытқытып, шайнаңдап тұрып. Нар ұртындағы шайнаңдаған тағамын жұтып, стақандағы лимонад сусынын асықпай ішіп болып, әңгімесіне кірісті:

– Бірде осы өлкелерде жорықта жүрген Ескендір Зұлқарнайын кең сахарада қоныстанған сақ ауылына тап болады. Олардың бірінің киіз үйіне кіріп, дем алып, айналасына барлай қараған Ескендір үй ішіндегі көздің жауын алған ою-өрнектердің мәнісін сұраған екен дейді. Сөйтсе, үй иесі: «Өзіңіз отырған ақ киізге қара ою түсіреміз, ол – мыңғырған бай бол дегеніміз. Қолтығыңыздағы жастыққа құс тұмсық ою саламыз, ол – келген қонағымыз құстай еркін болсын дегеніміз, Анау ер-тұрмандағы өрнектер „айбалта“ оюы. Оған мінген ер-жігіт батыр да қаһарлы болсын дегеніміз. Ал мына тұтулы тұрған сырмақтағы „қошқармүйіз“ оюы, бұны тұтынған үйдің адамдары бай-бақуат болсын дегеніміз», – деп жауап беріпті. Сонда Ескендір Зұлқарнайын:

– Е-е, мен киіз кітаптың үстінде отыр екенмін ғой, – деп, көшпелі ауылға тиіспей аттанып кетіпті деседі.

– Қызығы сол, – деді Ер аздаған үнсіздіктен кейін жұтынып. – Ескендір бұл сақ өлкесіне жорыққа шыққанда, ғалымдары тынбай іздеген «фәлсафалық тасты» осы жақтан табамын деп дәмеленген екен.

– Фәлсафалық тас?!

– Иә, өмірдің мәні мен шексіз билікке, байлыққа сол тас арқылы жетуге болады-мыс.

– Ол сонымен бірге сақтардың алтын-күміс байлығына белшесінен батып қалам деп те ойлаған емес пе?

– Айтпақшы, оның әкесі Филипп II-де сақтардың алтынын іздеп, 20 мың қолмен Дунайдан өтпеп пе еді. Бірақ ол да сақ патшасы Атейді жеңе алмай, құр қол қайтқан екен.

– Ал, енді бауырлар, осы жерде үлкен әңгіменің кезегі келді, – деді Би екеуіне кезек қарап. – Сол әйгілі қолбасшы Александр, өз тілімізбен айтсақ Ескендір жас ханзада кезінде әйгілі ғалым Аристотельдің шәкірті болмап па еді.

ТҰРАН БАҺАДҮРЛЕРІ НЕМЕСЕ ЕР, БИ, НАРДЫҢ ЕРЛІК ЖОРЫҚТАРЫ

Подняться наверх