Читать книгу ТҰРАН БАҺАДҮРЛЕРІ НЕМЕСЕ ЕР, БИ, НАРДЫҢ ЕРЛІК ЖОРЫҚТАРЫ - Кеңес Оразбекұлы - Страница 8

Дарийдің «зәмзәм суы»

Оглавление

Жаздың жаймашуақ күнінің бірі. Ер, Би, Нар сауыттарын киіп, қажетті заттар мен жолазық салынған қоржындарын аттарына өңгеріп, үшеуі «Ерлік алаңына» келді.

– Айтпақшы, Бетпақдаланың картасы мен тұсбағдарды алдыңдар ғой? – деді Би.

– Алдық, олар менің қоржынымда, – деді Нар.

– Біз бұл жолы елсіз, сусыз дүз даламен, жыртқыш тағылары, улы жәндіктері жыртылып айырылатын шөл даламен жол жүреміз ғой, – деді Ер. – Сол қиындықтардың бәріне төтеп беруіміз керек.

– Соның бәріне дайындалып, қамданып шыққан жоқпыз ба.

– Иә, дұрыс айтасың. Енді тек, жорығымыз сәтті болсын!

– Сәтті болсын!

– Ал енді, бауырлар, «Кеңістік сағаттарыңды» біздің дәуірімізге дейінгі 517 жылғы сақ дәуіріне, Бетпақдала шөліне туралаңдар, – деді Би.

– Иә, тураладық! – деді Нар.

– Тураладық! – деді Ер. Үшеуі:

Біз – Тұранның ұлдарымыз,

Ерлік – басты ұранымыз!

Жорыққа сай, дайынбыз,

Текті елдің қыранымыз!

Сол сәтте кеңістік өзгеріп, үшеуі ежелгі дәуірдегі Сақ даласынан шыға келеді.

Айнала иен дала, жапан дүз. Ұшы-қиыры жоқ жазық даланың әр-әр жерінен боз жусан, қызғылт бұйырғын мен сораң көрінеді. Көкте құйқылжыта сайраған бозторғай даусы болмаса, айнала атырапта тіршілік белгісі байқалмайды…


***

Қыр жонындағы үш асыр еңселі көрінеді. Айналасына ақ боз үйлер мен тегелендер, жорық шатырлары жыпырлай орналасқан. Үй арасында қаран-құран етіп жүрген елдің ішінде әскери сарбаздар басым. Ақ боз үйдің біреуінің алдында үлкен тай қазанда буы бұрқырап ет пісіріліп жатыр.

Үш елдің игі жақсыларының бәрі ортадағы асырда бас қосқан. Еңселі үш тақытта үш елдің тәңірқұты – Омар, Тамыр, Сақұстар отыр. Олардың айналасында уәзірлер мен билер, қолбасшылар. Тәңірқұттар кеңесі қызу жүріп жатыр.

– Ел іргесі сөгілді, – деді Омар. – Батыстан мидиялық Дарийдің 700 мыңдық қолы көкті жапқан қарғадай қаптап, баса көктеп келеді. Кешегі күндері олар Томиристен ойсырай жеңілгендерін, патшалары Кирдің басы осында қалғанын ұмытпаса керек. Енді көрмейсің бе, парсылар бұл далаға бұлтты шегірткедей тағы төпеп, кеткен кектерін, жіберген еселерін еселеп өндіріп алуға өңмендеп келеді. Топан судай ойран салған бұл жауға қандай қайран көрсетеміз? Қалай тосқауыл болмақпыз?

– Біздің бүгінгі кеңесіміздің мақсаты да сол емес пе. «Бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып», үшеуміз қол біріктірейік. Сөйтіп, күшімізге күш қосып, бір жұдырық болып, сол топанға төтеп берер тас қамал, қасқайып қалқан болайық, – деп қостады оны Тамыр тәңірқұт.

– Е, мұныңыздың бәрі бос қиял, – деді Сақұстар. – Үшеуіміз біріксек те, бар болғаны екі жүз мыңға жетер-жетпес қол құрамыз. Қара құрттай қаптаған Дарийдің қолына қандай қамал, тосқауыл болмақсың? Қайта сені жан-жағынан қаусырып, бір уыс насыбайдай алақанға салып, бір атып жоқ қылмай ма. Одан да үшеуміз жеке-жеке әрекет жасайық. Жауды көкжал бөрідей әр тұсынан «шолақ соғыс» тәсілімен жұлмалап-жұлмалап, жүйкесіне тиіп, әлсіретейік. Содан басқа, содан ыңғайлы жолды көріп тұрған жоқпын. Менің ұйғар-ымым – осы.

Омар мен Тамыр ойланып қалды.

– Кир патшаның құмырсқадай қаптаған әскерін Тұмар ханым тас-талқан етіп жеңген жоқ па еді. Біз сол құрлы жоқпыз ба. Ең дауасы күш біріктірейік…

– Сендер өздерің тізе қосып соғысамыз десеңдер, соғыса беріңдер. Ал мен әлгі ойымнан қайтпаймын.

Сақұстардың осы тұжырымын білгендей, сырттағы бақауыл-дардың бірі ет пісіп, дайын болғанын хабарлады.

Ет желініп, сыртқа тоқтық басуға шыққанда да, тәңірқұттар мен қолбасшылардың жүздері жабығыңқы, еңселері түсіңкі күйден танған жоқ. Сақұстар астан кейінгі отырысқа қарамай суыт жүріп кетті.

Омар мен Тамыр алдағы жорықтың жайын ақылдасып отырғанда, сырттағы күзетшінің бірі бас сұқты:

– Шырақ деген жылқышы жігіт алдарыңызға кіргісі келіп рұқсат сұрайды. «Жорыққа қатысты ой-ұсынысым бар», – дейді?

– Кірсін! – деді іштегілер.

Асырға өткір көзді, қияқ мұртты, сіңірлі ірі денелі қара жігіт кіріп келіп, ортаға қамшы тастады.

– Иә, датың болса, айт! – деді Омар.

– Әлгінде сіздердің жүздеріңізден торығуды байқап, шыдай алмай келіп тұрмын, – деді Шырақ. – Иә, парсылардың күші жойқын, екпіні қатты екенін қарапайым жұрт біз де біліп жүрміз. Егер құлақ қойсаңыздар, менде бір ой бар.

– Тыңдауға дайынбыз, айта бер.

– Менің ойымша, жаудың екпінін әлсіретудің бір ғана жолы бар. Қазір біз шөл даланың шегінде тұрмыз. Бұдан әрі қарай ұшы-қиырсыз, елсіз, сусыз Бетпақдала. Демек, жауды сол иен жатқан шөл далаға ілестіріп, індетіп апарып, діңкелетіп құрту керек. Сол міндетті мен мойныма алсам деймін. Тұтас ел-жұртты қырғынға ұшырат-қаннан, бір адамның ғана құрбан болғаны жөн емес пе.

Бұл сөздерді естігенде, тәңірқұттардың күреңіткен жүздеріне қан жүгірді.

– Сенің бұл тапқыр ойыңа біз тәнті болып отырмыз, – деді Омар тәңірқұт Тамырға бір қарап алып. – Алайда оны қалай жүзеге асырмақсың?

– Тақсыр, оның жөнін ертең іспен көрсетсем деймін. Ал, қазір менің сіздерден бір өтінішім бар: Мен олай-былай болып кетсем, балаларыма, ұрпағыма қамқор боламыз деп, сөз берсеңіздер.

– Шырақ! – деп жауап берді Тамыр патша. – Сен осы далада өмір бойы жылқы бақтың, бұл даланың ой-шұңқырын бес саусағыңдай білесің. Енді мойныңа үлкен міндет алып, еліңе шырақ болғалы тұр екенсің, жолың болсын! Ал, бала-шағаңды, отбасыңды уайымдама. Біз оларды қанатымыздың астына алып, қамқор болуға уәде береміз. Олар жетімдік көрмей, арғымақ ат мініп жүретін болады. Ырыс-несібелерін ортайтпаймыз…


***

Келесі күні екі патшалықтан құралған қалың сақ жұрты Ұлы көшке тас түйін дайын тұрған еді. Олар қозғалуға тек қағандарының әмірлерін күтіп тұрған. Кенет ортаға отбасы, бала-шағасын еңіретіп, олармен қимай қоштасқан Шырақ қара бурадай буырқанып, түтігіп шыға келді. Ол елдің алдында қасқайып тұрған күйі:

– Ал, жұртым, – деді бұлшық еттері бұлт-бұлт ойнап ширығып. – Мен алдарыңызға тас-түйін дайындықпен келіп отырмын. Мені мына өткір қанжармен қидалап-кескілеңіздер. Бетімді, өне бойымды сау жер қалдырмай тілім-тілім етіңіздер. Сөйтіп, жарақаттап, ит-қор етіп, парсылардың жолына тастаңыздар. Әйтпесе, олар маған сенбейді, – деп, көзі қанталап, қанжарды жерге «кірш» еткізіп тастады.

Бірақ айнала анталап тұрған сақ жауынгерлерінің ешқайсысы батылы барып жердегі қанжарды ала қоймады. Ешқайсысы қас батырға зақым жасауға қимай, мен істеймін деп алға суырылып шықпады. Айнала елдің ешқайсысы тырп етіп қозғала қоймағанын көрген Шырақ сүзеген бұқадай жан-жағына қарап алды да, жердегі қанжарды өзі көтерді. Қанжарын күнге шағылыстыра «жарқ-жұрқ» еткізіп ойнатып, бұлшық еттері білем-білем кеудесі бір көтеріліп, бір басылып, өткір қой көздері ұшқын атып, тістерін шақыр-шұқыр еткізіп қайрады да, айнала жұрттың көзінше өзіне-өзі қол жұмсады. Беті-қолын, тұла бойын өткір қарумен қан-жоса етіп аямай тілгілеп, кескілеп тастады. Айналасында тұрған жұрт оның айқыш-ұйқыш тілгіленіп, қан сорғалаған денесін көріп, ауыздарын ашып, жағаларын ұстады:

– Уа-а!

– О, тоба!!!

– Тәңірі сақтай гөр!.. – деумен ғана тынды.


***

Көшкен жұрттың ескі жұртында күнге шыжып, кіре жолдың шаңына аунап жатқан жерінен оны парсылардың шолғыншы жасақтары тауып алды. Тұла бойы қызыл ала қанға боялған күйінде Шырақты Дарийдің алдына жеткізді.

– Маған олардың не істегенін көрдіңдер ме? – деді ол тісін қайрап. – Жауыз иттер! Оларға мен әлі көресісін көрсетемін! Ит терілерін басына қаптатамын! Егер қажет болса, жол бастап барайын. Мен білемін олардың қайда бет алғанын. Сендерді сақ әскерінің тура үстінен түсіремін! Сөйтіп, мені қорлап-жәбірлегендері үшін олардан қалайда кегімді аламын!

Шырақтың қып-қызыл қанға боялған сықпытын, қарғанып, тісін қайрағанын көріп, парсылардың сенбесіне амалы қалмады.

– «Өлмегенге өлі балық кездесер» деген, – деді Дарий. – Кәне, сүйемелдеп тұрғызыңдар. Жарасын таңып, үсті-басын тәртіпке келтіріп, тамақ беріңдер. Бізге жол бастаушы керек.

Сөйтіп, Шырақ парсылардың сеніміне кіріп, оларды шөл даланың шалғай түкпіріне басын алға созып, ентелеген күйі бастай жөнелді.

– Төңіректегі құдықтар түгел уланған, шөбі өртелген, – деді Шырақ парсыларға. – Оларға апаратын қауіпсіз, төте жолды тек мен ғана білемін!..


***

Бауырлар ұшы-қиырсыз шөл даланы қақ жарып жүріп келеді. Олар жүзген, қылша, құмсағыз бен жантақ өскен ала тақыр мен құм төбелерді артқа тастап, із кесіп, айнала атырапқа барлай қарайды. Алдағы тағы бір төбенің жонына шыға бергенде, Нар:

– Ер, дүрбіні бере тұршы, сонау көкжиектегі қарайған жолақты көрдіңдер ме, соған көз салайын. – деді. Ол дүрбіге шұқшия үңілді де, – Бауырлар, мына келе жатқан қалың әскер ғой! Мә, сендер де анықтап қараңдаршы, – деді.

Олар да дүрбіні кезек-кезек алып қарай бастады.

– Иә, алдында бір топ шолғыншылар да келеді. Солардың арасында жол көрсетіп жүрген Шырақ та бар шығар.

– Дұрыс айтасың. Шолғыншылардың бәрі әскери киімді – дулыға, сауытты да, тек бір адам ғана жай киім – шапан, басына қалпақ киген. Сол Шырақ болуы керек.

– Иә, дұрыс айтасың. Сол Шырақтың өзі. Үстіндегі бақташы киімі ғой. Енді оны өлімнен қалай арашалап аламыз? Соның жайын кеңесейік.

– Олардың шөл даланы кезіп келе жатқандарына қанша күн болды екен? Алдымен соны анықтауымыз керек. Өйткені, жетінші тәулікте бар сыр ашылып, Шырақтың басына қауіп төнбейтін бе еді?

– Сондықтан ара қашықтық сақтап жүріп, оларды бақылайық. Әне, парсылардың түр-кескіндері анығырақ көріне бастады. Жүздерінен шаршағандық пен қажығандық байқалады. Күш-қайраттары да сарқылған, ілбіп, сүйретіле басып жүріп келеді. Әне, кейінгі әскер қатарынан бір арба мен үш салт атты бөлініп шықты. Арбаның үстінде үлкен бөшке. Соған қарағанда, оларды айнала-атырапта су бар ма екен деп, барлауға жіберген болуы керек.

– Суға барлауға жіберген бе?!

– Иә, суға барлауға жіберген. Өйткені, олар қазір судан қаталап келеді емес пе. Әне, олар бері, сайға түсіп келеді.

– Бәрекелді! – деді Нар қуанып. – Өте тамаша! Бауырлар, біздің күткеніміз де осы емес пе?!

– Иә, олар арбаларын дәл біздің жоба-жоспарымызға сай жібергенге ұқсайды.

– Әне, олар жақындап қалды, – деді Ер. – Садақтарымызды оқтап әзірленіп тұрайық. Мен ортасындағы сардарын аламын. Ал сен Би – оң жағындағысын, сен, Нар, – сол жағындағысын көздең-дер. Мен «Ат!» дегенде, үшеуіміз бірден атайық.

– Ал, арбадағы сарбазды ше?

– Арбакешті ме, оны тірідей қолға түсірейік. Егер қашуға әре-кеттенсе, жеңіл жарақаттайық. Өйткені, ол бізге «тіл» үшін керек қой.

Дәл осы кезде парсы арбасы да таяқ тастам жерге жақындап, таяп қалған еді.

– Кәне, оларды нысанаға алдыңдар ма?

– Алдық.

– Онда… атыңдар!

Үшеуі керілген жебелерін жіберіп қалып еді, ат үстіндегі үш жауын-гер бір мезетте омақаса құлады. Ал арбакеш атын тоқтатып, әуелгіде не болғанын білмей абдырап қалды да, тез есін жиып, атының басын бұра бергенде, Ер оны оң қолынан дәлдеп атып, жарақаттады. Ол қолымен әлек болып жатқанда, үшуі тасадан жүгіре шығып, арбакешті қаумалап ұстап алды.

– Атың кім? – деді Ер тұтқынға.

– Сәлім.

– Сәлім, тек шыныңды айт! Егер бір сөзің жалған болса, мына кезеулі оқтан ажал құшасың.

– Тек, шындықты айтайын. Мені өлтіре көрмеңіздер, – деп жалынды тұтқын.

– Шырақтың жол көрсетуімен қанша күн болды келе жатқандарыңа?

– Бүгінгі күнмен жеті күн…

– Дарийдің әскері, жағдайы қалай?

– Халіміз нашар, – деді тұтқын еті қашқан жақтары қушиып. – Әскерлер болдырған, қажыған. Мына бас-аяғы жоқ тозақ шөлдің ыстық күніне қақталып, аңқамыз кеуіп қаталап келеміз. Бойынан әл-дәрмендері кеткеңдер жол бойы сүйретіліп, сұлап қалып жатыр. Шегірткедей қаптаған қалың әскердің жартысына жуығынан айырылдық. Қазір Дарийдің өзі жаңдалбасалап, не істерін білмей әлек. Жан-жаққа біз сияқты су барлаушыларын жібергенімен, олар да бір жұтым су таппай құр қол қайтып жатыр. Біз де соның біріміз, – деді көзі тұманытып.

– Жол бастаушы Шырақтың түр-келбеті, киген киімдері қандай?

– Оның басында – ақ киіз қалпақ, үстінде – шоқпыт шапан, бет-аузы тілік-тілік. Әскер-сарбаздардың арасынан бірден байқалады.

– Ал, бауырлар, – деді Би. – Мұны аяқ-қолын байлап, осында қалдырайық та, дереу іске кірісейік.

– Иә, іске кірісейік. Бүгінгі күн – Шырақтың басына қауіп төнетін күн. Оны өлім аузынан, парсылардан арашалап алуымыз керек.

Үшеуі әдеттегідей жұдырықтарын түйістірді.


***

Шырақ батырдың жол көрсетуімен келе жатқан парсылардың қалың қолы алдан көрінген биік жотаға сілікпелері шығып әрең көтерілді.

Жотаның биігінен айнала атырапқа көз салып еді, түстігі мен терістігі, шығысы мен батысы – төрт құбыласы түгел иен жатқан құлазыған даланы көрді. Қанша тінтіп тіміскілегенімен, айнала төңіректен өзен-көлдің белесін, елді мекен, адам тұрағының елесін де көре алмады. Мұны көргенде Дарий патшаның төзімі таусылып, жерге тізерлей шөгіп, көкке қарап қарғанды. Ал оның Ранасбат атты сенімді қолбасшысы қылышын қынабынан суырып, Шыраққа тұра ұмтылды. Сонда Шырақ оған тәкаппарлықпен қасқая қарап тұрып:

– Уа, жеңіс деген осы! – деп шаттана дауыстады. —Мен ата-бабалар-ымның жерін жаулап алғысы келген Дарий патшаның қанқұйлы қолын жалғыз өзім шөлге қамап, дымын құртып тұрмын. Сендерді жан-жақтар-ыңнан елсіз, сусыз ен дала, қу медиен қоршап тұр. Төрт құбылаларың бетпақ дала, қай жаққа жүрсеңдер де, елді де, суды да таппайсыңдар. Жеті күнге дейін шөл даладан көз ашпай-сыңдар, аптап ыстық пен шөл азабынан көресілеріңді көресіңдер. Ал менде ешбір арман жоқ. Кіңдігімді кескен туған жерімде қаным төгілетіні үшін, сүйегім осы арада жерленетіні үшін бақыттымын! – деді көздері ұшқын атып.

Ашуға булығып, қаны қарайған Ранасбат алдаспанын жарқ еткізіп, Шыраққа көзі қанталай қарады. Өздерін осындай бейшара халге түсіргені үшін, оған зәрлене қарап, табанда жеп қоярдай айбат шекті.

– Ә, қара құзғын, көресіні сенен көрдік қой! Бізді қинаған, адастырып қу шөлге әкеп тастаған бұл жауыздығың үшін өзің де қиналып өлесің. Мына тырбиған аяқ-қолдарыңды қазір шауып тастаймын, осы жерде өзің-ақ күнге қақталып, майың шыжып өлесің, – деп, алдаспанын көтеріп, Шырақты шауып тастамаққа ұмтыла бергенде, «Су-су! Дарий патшаға су әкеле жатырмыз, жол ашыңдар, жол ашыңдар!» деген дауыс шықты. Бәрі сол дауыс шыққан жаққа жалт қарап еді, қалың әскер екі жаққа қақ айырылып, бөшкелі арбамен су әкеле жатқан сарбаздарға жол берді.

– Дарий патшаға су әкелдік, – деді сарбаздар бөшкелі арбаны Дарий мен Ранасбаттың алдына әкеліп бір-ақ тоқтатып. Арбадан секіріп түскен үш сарбаздың бірі бөшкенің аузынан шұбатылып шығып тұрған түтікшені Дарийдің қолына ұстатты. – Уа, патшам, мына бөшке толы «зәмзәм суы». Асықпай, дәмін сезініп сораптап ішсін деп, әдейі түтікпен беріп отырмын. Қанып ішіңіз, тақсыр.

Еріндері шырт-шырт жарылып, бар есіл-дерті бір жұртым суға зар болып келе жатқан Дарий көздері тұманытып, еш нәрсенің парқына бара алмастай еді. Ол түтікті жалма-жан кезерген аузына салып, суды құмығып жұта бастап еді, қақалып-шашалды да қалды.

– Байқап, асықпай ішіңіз, патшам. Бөшкедегі су бәріңізге жетеді.

Аузы кезеріп, құрғақ еріндерін тілдерімен жалаған әскерлердің бәрі Дарий патшаның аузындағы түтікке ашкөздене, тағатсыздана телміреді. Тіпті Ранасабат та «су» деген сөзді естігенде, есі ауысып, өлтірейін деп тұрған Шырақты ұмыта арбаға ұмтылды. Ал бұл кезде әлгі үш сарбаз бір шетте елеусіз қалған Шырақты жетелеп ерткен күйі жұрттың арасына сіңіп кетті. Олар қалың әскердің арасынан сытылып шыққан бойда сайда жайылып жүрген аттардың бірнешеуін ұстап алды. Әрқайсысы бір-бір атқа қарғып мініп, сай табанымен құйғытып шаба жөнелді. Олар сол бойда өздерінің бұрынғы жайларына келді де, қаңтарулы тұрған аттарын жетекке алып, ары қарай тоқтамастан тартып отырды.

– Мені өлімнен құтқарып алғандарыңа алғысым шексіз, – деді Шырақ жүйіткіп бара жатып, жанындағы үш батырға. – Бірақ оларға бір бөшке суды тастап кеткендеріңе түсінбедім. Мен оларды елсіз, сусыз шөлге қаңтарып, діңкелетіп, сілікпесін шығарып, көздерін тұздай құрту үшін әкелген жоқ па едім!

– Шырақ аға, – деді Нар жұмбақ жымиып. – Онда бір бөшке су жоқ. Бөшкенің аузына бекітілген бір тостаған су ғана бар. Ал бөшкенің іші толған құм.

– Біз бөшкенің аузын темір қалқанмен жауып, шынжырмен құрсап, құлыптап кеткенбіз. Дарий мен Рансбат қалқан астындағы суды жіңішке түтікше арқылы сарқып ішеді де, суы таусылған соң, оның қақпағын аша алмай әуреге түседі. Ал біз сол уақытта ізімізді суытып үлгереміз.

– Бәрекелді! Тапқыр екенсіңдер! – деді Шырақ жас батырларға қатты риза болып.

– Мына торсықты алыңыз, аға. Кенезеңіз кеуіп келе жатыр ғой. Қымыз ішіп, шөліңізді басыңыз, – деді Ер жанторсықты Шырақтың қолына ұстатып.

– Рақмет, батырлар, бәрін жан-жақты ескерген екенсіңдер, – деп қатты толқыған Шырақ батыр торсықты аузына төңкеріп, ернеуінен төгіп-шаша қымыз жұтты.

«Александр Македонскийдің бұйрығы бойынша,

Сырдарияда Александрия Асхата (Шеткі Алек-сандрия) деп аталған қала салынды… Сақтар өзеннің екінші жақ бетінен гректерді садақтан атқылайтын. Ал, Александр көшпелілерді ката-пультпен атуға бұйырған, оларды шегінуге мәжбүр етті, сонан соң әскерімен қуғындай түскен-ді. Алайда қуғындаймын деп жүріп жеңіліске ұшырай жаздаған грек әскерлері қалаға қайта оралды. Александрдің өзі де дәл осы уақыт-та не ауырып қалды, не жарақаттанды. Осылай-ша, Александр Македонскийдің Яксарттың (Сыр-дарияның) арғы бетінде тұратын сақ тайпаларын талқандап, өзіне бағындырамын деген ойы сәтсіз аяқталды».

«Қазақтар» анықтамалығынан.


Ескендір Зұлқарнайынның (Александр Македон-ский) елшілері сақтарға келіп: «Біздер жеңілу дегенді білмейтін ұлы патша Александр Маке-донскийдің елшілеріміз», – деп өздерін таныс-тырғанда, сақ елшілерінің басшысы: «Сендерде

жеңілмейтін тек патшаларың ғана, ал біздерде әрбір сақ жеңілмейді» деп қасқайып тұрып жауап беріпті.

«Түркістан» газетінен.

ТҰРАН БАҺАДҮРЛЕРІ НЕМЕСЕ ЕР, БИ, НАРДЫҢ ЕРЛІК ЖОРЫҚТАРЫ

Подняться наверх