Читать книгу Телерадиожурналистика - Клара Қабылғазы - Страница 2

ТЕЛЕРАДИОНЫҢ ҚОҒАМДЫҚ МӘНІ

Оглавление

Жоспар:

1. «Журналистика – халық – қоғам» деп аталатын үштік бірлігі.

2. Кез келген ақпарат таратушы ұйымдар өзіндік идеологияға қызмет етеді, соны мысалдармен дәлелдеу.

3. Мемлекеттік мүддені насихаттайтын, оппозициялық бағытта жұмыс атқаратын, діни бағыттағы БАҚ сияқты ақпарат құралдарының жұмыстарымен таныстыру.

Бүгінгі өмір сүріп отырған қоғамды ақпараттық құралдарсыз елестету қиын, өйткені олар халықпен, бүкіл қоғамдық өмірмен біте қайнасып кеткен. Дүниежүзінде болып жатқан оқиғалар тек осы әр тілдегі, әр бағыттағы ақпарат құралдары өкілдері арқылы таралып жатады. «Журналистика – халық – қоғам» деп аталатын үштік бірінсіз бірі қызмет етуі мүмкін емес. Кез келген ақпарат таратушы ұйымдар өзіндік идеологияға қызмет етеді. Мысалы, республикалық «Егемен Қазақстан», «Халық және Президент» газеттері, «Қазақстан», «Хабар» телеарналары, Қазақ радиосы сияқты т.б. ұжымдар мемлекеттік мүддені насихаттайтын болса, «Солдат», «Тас жарған», «Свобода слова», «Республика» сияқты басқа да бұқаралық ақпарат құралдары оппозициялық бағытта жұмыс атқарса, ал «Алдаспан», «Ислам әлемі», «Нұрлы әлем», республикалық руханитанымдық «Нұр» газеті тәрізді ақпарат өкілдері діни бағыт ұстайды. Әрине, қай қоғамда болмасын БАҚ өкілдеріне кімді, нені жақтаймын, қандай мәселені көтеремін десе де еріктері, өйткені демократиялық бағыттағы үкіметтің ұстанған саясаты осындай.

Мемлекеттік билік саясатын жақтайтын саяси ақпараттық бағытты қалыптасырушы «Егемен Қазақстан», «Казахстанская правда», «Алматы ақшамы», «Вечерний Алматы», «Нұр Астана», «Вечерняя Астана» газеттері, «Ақиқат» «Простор» қоғамдық-саяси журналдары, «Хабар», «НТК», «Қазақстан», «Еуразия», «Алматы», «Астана», «КТК» телеарналары, «Қазақ радиосы», «Жұлдыз FM», «Гәкку FM» сияқты радиоарналар және республикалық, аймақтық деңгейдегі басқа да бұқаралық ақпарат құралдары бар.

Бүгінгі қазақстандық ақпараттық кеңістіктегі тәуелсіз БАҚ-қа жататын – оппозициялық бағыттағы бұқаралық ақпарат құралдары. Соның ішінде «Жас алаш», «Караван», «Время», «Сөз», «Свобода слова», «Эпоха», «Солдат», «Взгляд kz» газеттері және басқаларын атауға болады.

Қазіргі демократияландырудың кезеңінде қоғамның саяси өмірінде көппартиялықтан азпартиялық жүйеге өту тенденциясы байқалуда. Осыған сәйкес партиялық сипаттағы «Экспресс К», «Ақ жол Қазақстан», «Дала мен қала», «Республика», «Қазақстан» және басқа да басылымдар ақпарат кеңістігінде өзіндік орын алуда.

Мемлекеттік билік саясаты мен оппозициялық сарындағы саяси ақпараттарды беруде бейтарап бағыт ұстанып, либералдық көзқарас танытып отырған «31 арна», «31 радио», сондай-ақ басылымдар «Жас қазақ», «Түркістан», «Мегаполис», «Новое поколение», «Караван», «Время» апталықтары, «Технологии управления», «Эксклюзив», «Континент», «Kazakhstan» сияқты сараптамалық журналдардың да аудиториясы үлкен және баспасөз нарығындағы бұл басылымдардың оқырмандар рейтингі де айтарлықтай жоғары.

Саяси жедел ақпараттар ағынын объективті жеткізу бағытында жарық көріп отырған күнделікті газеттер «Айқын», «Литер», «Алаш айнасы» сияқты басылымдардың да ақпарат алаңындағы орны айқындалып, бағыты мен бағдары нығая түсті деуге болады. Қазақстанда бірнеше жылдан бері радиоәуетолқынында объективті де сыни пікірлер қалыптастырып, дүниежүзіндегі 33 елдегі қазақ диаспорасына хабар таратып отырған «Азаттық» радиосының да өзіндік позициясы қалыптасқан деуге болады.

Қазақстанда облыстық, қалалық және аудандық БАҚ-тар да жұмыс атқарып отыр. Мысалы, Алматы қаласында «Алматы ақшамы», «Вечерний Алматы» және Астанада «Астана» телеарнасы», «Эра-ТВ» және басқалары. Бұл ұйымдарда көбінесе тек жаңалықтар дамыған, бағдарламалар көбінесе көшірме болып келеді. Өңірлік аудиториялар үшін ақпарат тарататын БАҚ-тар да жұмыс істейді. Мысалы, «КТК», «31 арна», «Астана» телеарнасы, т.б. Жалпыұлттық аудитория үшін ақпарат таратушы БАҚ-тар жұмыс істеуде. Қазақстанда хабар тарататын жалпыұлттық БАҚ қатарына «MTV», «Euronews», «History», «Discovery» сияқты тақырыптық бағыттағы спорттық, іскерлік, мәдени, ғылыми, білім беру, көркемдеректі, музыкалық, т.б. мекемелерді жатқызуға болады. Бұл жалпыхалықтық бағытта Қазақстанда «Казахстанская правда», «Егемен Қазақстан», «Панорама» сияқты газеттер, «Континент», «Мысль» сияқты журналдар, «Қазақстан», «Хабар» сияқты телеарналар, «Мир» ХТРА-сы және «Caspionet» жерсеріктік арнасы жұмыс істейді. Қоғамдық-саяси сипаттағы газет-журналдармен қатар жарыққа ақпараттық-жарнамалық, көңіл көтеретін, діни, әйелдер, жастар, балалар, ғылыми, техникалық және т.б. көптеген салалық арнайы басылымдар шығарылады.

Жалпыұлттық электрондық БАҚ Қазақстан Республикасы аумағының: «Хабар» телеарнасы – 95,70 пайызын, «Қазақстан» – 96,25 пайызын, «Еуразия – бірінші арна» – 78,60 пайызын, Қазақ радиосы – 86,99 пайызын қамтиды. Ал Орталық Азия, Орта Шығыс, Еуропа және Солтүстік Африка елдерінің аумақтарында «Caspionet» ғарыштық арнасы хабар таратады. Елде кабельдік және эфирлі-кабельдік телевидение желілерінің 80-нен астам операторы іске қосылған, ол отандық және шетелдік электрондық БАҚ арқылы хабар тарату қызметін көрсетеді. Олардың ішінен ең ірісі «Алма-ТВ» (елдің 13 қаласына хабар таратады), «Қазақпараттелеком», «Секател» және «Қазорталық-ТД» (5 қала), «КВК» (4 қала) болып табылады. Қазақстан Республикасы Сыртқы істер миинстрлігінде әлемнің 20 елінен 80-нен астам шетелдік БАҚ өкілдері тіркелген. Олардың қатарында BBC, Associated Press, Интерфакс, France Press, Reuters, ITAR-TASS, Синь хуа сияқты дүниежүзіне танымал аса ірі ақпараттар агенттіктері бар. Қазақстанның ішкі ақпарат нарығында http://www.internews. kz/newsitem/ сайтының деректеріне қарағанда ҚР 2765 бұқаралық ақпарат құралдары тіркеуден өткен. Оның ішінде 439-ы мемлекеттік, 2326-сы мемлекеттің құзырына жатпайтындар. Бұл бұқаралық ақпарат құралдарының 1666-сы газет, 848-і журнал, 238-і электронды БАҚ. Электронды ақпарат таратушы ұйымдардың ішінде 51 телекомпания, 48 радиокомпания, 133 кабельді ТВ операторы, 6 жерсеріктік хабар таратушы оператор бар және 13 ақпараттық агенттік республика аумағында жұмыс атқарады. Ал BAQ.KZ сайтының мәлімдеуінде «елімізде 344 қазақ тілді, 758 орыс тілді, 727 қазақ және орыс тілді, 282 үштілді бұқаралық ақпарат құралдары жұмыс істейді. Сонымен қатар республикамызда 15 этностың тілінде өнім шығаратын 33 ұлттық баспахана бар. Телеарналарда 11 тілде (өзбек, украин, поляк, ағылшын, неміс, кәріс, ұйғыр, дүнген, түрік, татар, парсы) 4 бағдарлама жарияланады».

Бүгінгі Қазақстан қоғамы діни ақпаратты да мол қабылдап отыр. Кеңес үкіметі құлағаннан кейін идеологиялық кеңістікте әртүрлі ақпараттар ағымы жүріп жатты. Оларды зерттеушілер ғылыми-діни, діни және жалпы рухани ақпараттар деп бөлуде. Бұл ақпараттар баспа және электрондық нұсқаларда таралады. Діни мазмұндағы баспа өнімдері негізінен мемлекеттік бағдарламалар аясында жарық көрген басылымдар; діни басқарма жариялаған басылымдар; жеке баспалар тарапынан жарық көрген еңбектер ретінде топтастырылған. Мемлекеттік бағдарлама аясында жарық көрген еңбектер электрондық сайттарға таратыла бермейді. Діни басқарма жариялаған басылымдардың белгілі бір бөлігі басқарма сайтына енгізіліп, ашық қолжетімділік қамтамасыз етілген. Сонымен қатар түрлі дереккөздерден, діни сайттардан ұсынылған мазмұны сан түрлі ақпараттар да бар. Дін – адам пайымының бүкіл әлем мен болмысқа, қоршаған дүниеге, табиғатқа, өзі өмір сүретін ортаға және өзінің ақыл-ойы мен сана-сезімінен тысқары тылсым дүниеге қатынасы. Ислам философиясының түсіндіруінше, дін дегеніміз – әлемді байланыстыратын күш Алланың барлығына сенім. Осы салада мемлекет халқының дені ислам дінінің өкілдері болғандықтан діни басылымдардың жарық көруіне мемлекет тарапынан шектеу қойылмауда.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев: «Қазақстан қоғамы жаһандану мен ұлттық мемлекетті жаңа тұрғыда нығайту процесін бастан өткізуде. Капитал, өндіріс, шикізат, интеллект қозғалысы бір немесе бірнеше елдер ынтымақтастығы шеңберінен сыртқа шығып, глобальды қауымдастық шеңберінде қадамдар жасау жағдайын республикаға барынша жақындатады. Мақсат – оның сыртында қалып қоймай, керісінше, тепе-теңдік құқында ол процестің ішіне ену. Бұл елді дамытуға жаңаша көзқарасты талап етеді. Соған байланысты Қазақстан қоғамы тек экономиканы сандық, көлемдік жағынан ғана көтеріп қоймай, ендігі жерде оны ғылымның, техниканың, технологиялардың, коммуникативтілік жүйелерінің озық жетістіктерімен үйлестіре отырып көрсетуге бағыт ұстайды. Осындай жауапты қадамдар мен міндеттер тек етек жеңі жинақы, ұйымшыл, білімді, жоғары мәдениетті, интеллектуалды әрі адамгершілікті елмен, оның осыған сай азаматтары арқасында, олардың тиімді еңбегі арқылы ғана мүмкін болмақ. Батыс елдер тарихы мен әлеуметтік тәжірибесінде жоғары рухани мәдениетсіз, терең тамыр жайған адамгершіліксіз ешқандай озық техника мен технология жекелеген елдерді, олардың азаматтарын да бақытты ете алмайтыны дәлелденді. Жоғары дамыған материалдық байлық қоғамдық ортада жоғары дамыған рухани кеңістікке жол ашады. Демек, еліміздің табысты тіршілігі мен тәуелсіз әрі бәсекеге төтеп беретін мемлекет болу кепілдігі – біздің адамдарымыз. Біз, қазақстандықтар, сан жағынан шағын елміз. Алайда басты мәселе тек халық санында ғана емес, алдымен, сапада, жоғары рухани мәдениеттілік, интеллект пен патриоттық үйлесімінде. Қазіргі тарихи уақыт пен глобальды қауымдастыққа тепе-теңдік принципі негізінде тіршілік ету жаңа типті адам тәрбиелеуді алға қойды. Ол – білімді, тәрбиелі, коммуникативтік қабілеті жоғары, биологиялық және психологиялық дені сау, әлеуметтік бағдары мен рухани мәдениеті қалыптасқан адам» [1], – деген болатын. Міне, осындай жан-жақты дамыған елдің ертеңін жалғастыратын мамандар дайындалуы үшін қызмет ететін – бұқаралық ақпарат құралы, яғни сол арқылы мемлекет мүддесі айқындалып отыруы тиіс. Қазіргі кездегі әртүрлі партиялық, экономикалық үрдістер, дүниежүзілік қарым-қатынастың күшеюі, соғыс әрекеттері тәрізді жайлар ақпараттық тасқынды күшейтіп отыр. Оқырман ба, тыңдарман ба, көрермен бе нені оқып, нені тыңдап, нені көрер мәселесіне халық ретінде аса талаппен қарайды. Осы тұрғыдан келгенде кез келген журналист өз өнімінің өтімді болуы үшін, өз рейтингі жоғары болуы үшін күреседі.

ХХІ ғасыр және болашақ келер заман жоғары технологиялар дәуірі болмақ. Шағын, қолайлы құралдар тұрмысымыздан кең орын алып, адамның еңбегін ғылыми ұйымдастыруда үлкен ізденістермен жолға қойылуда. Бүгінгі ақпараттық тасқынның негізгі көзі болып отырған – телерадиотехнологиялар. Телерадиотехнологиялар дамуының әсерінен телеақпаратқа, интернетақпаратқа кең жол ашылуда. Ғарыштық телевизия, видеоаудиоқұрылғылар, компьютерлердің қарқынды бұқаралық құралға айналуы сондай, тіпті шын мәнінде, оны толық бақылау мүмкін болмай барады. Әлемнің тұрғындарына мұндай технологияның әсері соншалықты тіпті айтарлықтай психологиялық өзгерістерді де тудыруда. Қазіргі кезде «компьютерлік психология» деген термин де қолданысқа енген. Ал, бұған қосымша, видео және космостық байланысты біріктіріп, «технопсихология» делінуде. Бұл жаңа психология тұрғысынан әлемді басқаша қабылдау, өзіне тән басқаша құндылықтар, тұлғалық қалыптасудың өзгеше бір бағыты болып отыр. Осы ретте жаһандану дәуірінде қазақ телерадиожурналистикасын ұлттық діл, дін, рух, сана бағытында дамытудың рөлі зор.

Қазақ телевизиясы және радиосы қазақ журналистикасының, өнерінің, мәдениетінің көрнекті қайраткерлерін, қаламгерлерді, зиялы қауымды қалыптастыруда үлкен рөл атқаруда. Радиода жинақталған мол тәжірибе, қалыптасқан дәстүр, журналистік ізденіс пен шеберлік кейіннен Қазақ теледидарының да жедел дамып, өркендеуіне жол ашты. Өзінің қалыптасуына үлкен табыстармен жеткен Қазақ телевизиясы даму жолдарынан өтіп, халық көңілінен шығуда. Үнемі ізденіс үстінде жүретін жас журналистерден құралған ұжым әлі де талай асуларды алары анық. Телерадиожурналистер эфирде еркін сөйлейтін, ойын еркін айтатын дәрежеге жетті. Әлемдік және деңгейлес мемлекеттер тәжірибелерінен үлгі ала отырып, қазақ тележурналистикасының қадамы қарыштай түсуде. Оған мысал болатын көптеген жаңа бағдарламалар легі әрі жас журналистер тобы және олардың ізденіске толы еңбектері екендігін батыл айта аламыз.

Радио және телевизия – қазіргі заманғы қуатты бұқаралық ақпарат құралдары, тұрмыста кеңінен қолданылатын, адамдардың өмір сүруіне, ақпарат алуына жәрдемдесетін қалыптасқан жүйе. Егер радио ақпаратты шұғыл таратып, жедел құлақтандырса, телевизия оқиғаны, болмысты көрсетеді, сараптайды; газетжурнал деректі, оқиғаны талдап, түсіндіреді; интернет ақпаратты сан қырынан береді. Жақсы ән мен әуенді танытуда радионың, телевизияның алдына ешбір ақпарат құралы шыға алмайды. Әрине, барлық БАҚ-тардың негізгі атқаратын міндеті ақпарат тарату болса, электронды бұқаралық ақпарат құралдарының басты ерекшелігі сол дыбыстылығында, әуезділігінде, көрнекілігінде жатыр. Бұқаралық ақпарат құралдарының өзара қарым-қатынасы мен байланысы: бірін-бірі мамандармен толықтырып отырады. Газет журналисі, тележурналист, болмаса радиожурналист деген мамандану өмірде таза күйінде сирек кездеседі, көбіне кадрлар ауысып, бірін екіншісі байытып, жалғастырып кете береді. Көбіне радиода микрофонға төселген, сөйлеу машығын жетік меңгергендер кейіннен телеэкранда да жақсы хабарларымен танылады. Газет тілшісі телеарнаға ауысып, терең де салиқалы сараптамалық бағдарламаларға ұйытқы болады. Болмаса телевизиядан өзін таппағандар, радиоға не газетке ауысады. Мұның барлығы – заңды құбылыс, кәсіби шыңдалу жолындағы ізденістер. Дегенмен білікті журналист қай салада істемесін қоғамдық дамуға, сананың өсуіне ықпал ететіндей еңбек еткені жөн.

Журналистика әлемінде ұдайы ақпараттық алмасу жүріп отырады, радиожурналист те баспасөздің, телеарна мен интернеттің материалдарын тікелей немесе өңделген күйінде өз қызметінде пайдалануы мүмкін. Тіпті радионың алғаш қалыптасуында газет мәтінін оқу тұр. «Радиогазет» деп аталған хабар пішіні осы газеттен алынған ақпараттар негізінде жүргізілетін («Радиогазеттің» ең алғашқы редакторы әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың профессоры Б. Кенжебаев болатын). Радиоарналар қазір де баспасөзде жарияланған қызықты материалдарға шолу жасап, көпшіліктің назарын аударып отырады. Ал, радиодан берілген хабарлардың теленұсқасы беріледі, мысалы, «Жұлдыз FM» форматты радиосының хабарларын алуға болады. БАҚ түрлерінің негізінен дереккөздері бір, мақсаты ортақ болғанымен, оны аудиторияға жеткізу технологиясы ғана өзгеше болып келеді. Мысалы, баспасөз мәслихатына газет тілшісі, радиожурналист, тележурналист, веб-редактор да бірдей қатыса береді. БАҚ жүйесінде жанрлар мен пішіндер де ортақ, бір-біріне ықпалдасып дамыған. Бүгінгі телевизиялық жанрлар да бастауын газеттен алады.

Радионың пішіндері мен жанрлары да үлкен эволюциялық жолдан өтіп барып қалыптасты, ол өз кезегінде телевизиядан тікелей көрініс тапты. Демек, осының өзінен журналистік ізденістер мен әдіс-тәсілдердің ортақтығы аңғарылады. Жалпы қоғамдық, саяси науқандарды, жарнама мен мәдени шараларды өткізу тәжірибесі ортақ. Билік органдарын сайлау болсын, музыкалық туындыны насихаттау болсын, белгілі бір тауарды жарнамалау болсын БАҚтарға ортақ міндет – халықты ақпараттық қамтамасыз ету. Әрқайсысы бір-бірін толықтырып, ортақ мүддеге қызмет етеді. Ал бүгінгі егемендік, тәуелсіздік жағдайындағы телерадионың мүмкіндігі шексіз артып, бет-бейнесі өзгеріп, бұл ортада да бәсекелестік күшейді, таңдау мүмкіндігі пайда болды. Әртүрлі бағытбағдардағы, стиль мен мәнердегі, пішіндік құрылымы өзгерген телерадиостанциялар көбейді. Телерадиоарна өз қаржысын өзі тауып, дамитын жағдайға жетті, шығармашылық шексіз мүмкіндіктер ашылды. Бүгінгі телевизия және радио адамның биологиялық, физиологиялық қасиеттерімен қоса оның жан дүниесін, яғни психологиясын да ескеретін бұқаралық ақпарат құралдарының бірі бола алуда. Телерадионың көптеген табиғи қасиеттерінің, әсіресе жеделдігінің арқасында ақпарат жеткізуде көш бойы озық тұр. Әсіресе радионың жеделдігі ерекше.

Радио тыңдарман үшін әмбебап ақпарат таратуымен де қолайлы. Ауа райынан бастап маңызды саяси оқиғалар, төтенше жағдайлар, экономикалық жаңалықтар, спорт әлеміндегі қызықты деректердің барлығы әуе толқынында тарап жатады. Бәсекелестік жағдайындағы телерадиостанциялар саны жылданжылға көбеюде, сондықтан да соңғы жылдары радионың хабар тарату бағытбағдары да өзгеріп, өз тыңдармандарын табу жолында солардың сұранысына орай маманданып, белгілі бір аудиторияға бейімделе бастады. Жастар, ересектер, балалар хабарларына қоса саясаткерлерге, экономистерге, заңгерлерге, т.б. қоғамға қажетті, сұраныстағы мәселелерге арналып та бүкіл қоғамдық өмірді қамтитын хабарлар, бағдарламалар қатары немесе форматты телерадиолар көбеюде. Бір радио жедел ақпарат пен музыкаға көңіл аударса, екіншісі ескі әуендерді қайта жаңғырту арқылы тыңдарманын тартады, үшіншісі белгілі бір музыкалық бағытты ғана қолдайды, тағы бірі жасөспірімдер үшін хабар таратады, соған орай сөйлеу стилі мен әдісін де сақтайды. Осыған байланысты әртүрлі форматтар көбейді, радионың аудиториясы да түрлене түсті. Осыған орай электронды журналистиканың аудиториясы да барынша өзгерді. Тыңдармандар мен көрермендер талғамы арта түсуде, соған орай пішіндік, мазмұндық, аудиториялық қамту жағынан да өзгерістерге толы бағдарламалар легі күн санап өсе түсуде. Әрине, көретін, тыңдайтын бағдарламалар, хабарлар, баспасөз өнімдері көбейген сайын бәсекелестік артады, бәсекелестік болған жерде сапа жақсарады. Оны өмір өзі көрсетіп отыр. Мысалы, «Enerjy FM» тек музыкалық формат, «Авторадионың» көлік жүргізушілерге ғана арналған, «Шалқардың» тек қазақы болмысты дәріптейтін ұлттық формат екенін айта аламыз.

Адамдар арасындағы қарым-қатынаста сөйлеу мен естудің маңызы айрықша. Осы екі қабілеттің басын біріктіріп, ақпарат тасымалына жол салған, миллиондардың санасына бір мезгілде ықпал еткен радионың негізі де табиғаттан, жаратылыcтан, қоршаған ортадан бастау алады. Жапырақ сыбдыры, құстың сайрағаны, су сылдыры мен шалпылы, адам дауысы, дөңгелек сықыры, қоңырау үні, мотор шуы, музыка – мұның барлығы ауадағы табиғи тербелістердің адам құлағына жетуі, оны сана арқылы түйсіктеуіміз. Дыбыс адамның өмір сүруін, қауіпсіздігін қамтамасыз етіп қана қоймайды, сонымен қоса көңіл күй сыйлайды, рухани байытады, сана-сезімін өсіреді, жаңа межелерге жігерлендіреді, күш-қуат береді немесе жұбатады, дем алдырады, бір күйден екіншісіне көшуге көмек береді. Адам өз еркінен тыс табиғи ырғақтар (биоритм) жетегінде өмір сүреді, соған сәйкес жүрек соғысы, тыныстауы, қабілеті мен зейіні де құбылмалы болып келеді. Бұқаралық ақпарат құралы ретінде де радионың табиғаты осы табиғи заңдылықтар мен қарым-қатынастарға негізделеді. Ғасырға жуық уақыт ішінде радиожурналистика ғылымы дамып, өзінің негізгі ұстанымдары мен қағидаларын қалыптастырып үлгерді.

Радиоақпарат таратудың табиғатына келгенде, ғылымда оның басты 3 қасиеті бірінші айтылады және бірауыздан мойындалады. Радионың бірінші табиғи қасиеті – жеделдігі. Қалыптасқан БАҚ жүйесінде бірде-бір басқа құрал мұндай жеделдікті қамтамасыз ете алмайды. Газет ақпараты оқырманына жету жолында күрделі бірнеше процесті: деректі жинау, терім, беттеу, көбейту мен тасымалдауды бастан өткеріп, бірнеше сағаттан бірнеше тәулікке дейінгі уақытты қамтуы мүмкін. Телевизияда соңғы жылдары ғарыштық байланыс құралдары арқылы оқиға ортасынан тікелей хабар беру үрдісі жолға қойылды. Бірақ ол көп шығынды, қымбат техникалық құралдарды қажет ететіндіктен екі телеарнаның бірінің шамасы жетпейді, сондықтан сирек, үлкен компаниялардың ғана тәжірибесінен орын алған. Осы олқылықтың орнын толтыру мақсатында соңғы уақытта радио тәсілін қолдану етек алып келеді, яғни тікелей эфирде телефон арқылы ақпарат беру жиі кездесіп жүр. БАҚ қатарына соңғы жылдары қосылған интернеттің де өзіндік шектеулері бар. ХХІ ғасырдағы адамды және оның болашағын электронды есептеу машиналарынсыз, байланыс құралдарынсыз елестету мүмкін емес. Соның бастауында тұрған ғылыми жаңалық – телерадиотехнология болса, ол күні бүгінге дейін жетілдірілу үстінде.

Радио – ақпаратты жеткізу мен тасымалдаудың құралы ғана емес, оны басқару мен жүйелеудің де тетігіне айналды. Радио шекараны білмейтін, тосқауылсыз арнаға, жаһандық сипатқа ие болды. Шағын ғана, энергияны аз қажетсінетін құрылғылар тұрмысымыздан кең орын алып, адамға көмекшілікке жарады. Бүгінгі ақпараттық тасқынның да бастау бұлағы – телерадиотехнологиялар. Оның жетілдірілген түрі теледидар, радио әдістерімен енді бейнені де жеткізетін болған, бүгінгі газет-журнал, кітабыңыз да радио туындыларсыз басылып шықпайды. Адамды адам еткен еңбек және сөйлеу машығы дейді ғылымда. Сөзді тыңдарманына жеткізудің де қуатты құралы радио болып табылады. Радионың бұқаралық ақпарат құралы ретінде мәні мен маңызы уақыт өткен сайын арта түсуде, қазіргі радиоэфир бір мезгілде миллиондаған адамға жетіп, қажетті ақпаратпен қаруландыра алады. Сөйтіп, радио техникалық құбылыстан бүгінде қоғамдық құбылысқа айналған. Ол миллиондардың санасына ықпал етіп, пікір тудырып, эмоционалды-экспрессивті ықпал ете алады. Кеңестік кезеңде радио идеологиялық құрал ретінде басқарылып, қатаң бақылауда болды, белгілі бір ұстанымдар мен талаптар шеңберінен шыға алмады. Дегенмен радио табиғатынан демократияшыл, ашық құбылыс болатын. Еңкейген қария алысқа көз тастап, радиодағы әдемі әуенге елітіп, жастық шағын сағына көз алдына келтіріп отыратын, бүлдіршін радиокейіпкерлерді қиялмен шолып, армандайтын, жоспарлар құратын. Кез келген адам әуе толқынынан өзіне қажетті ақпаратты ести алады. Радио – қазіргі заманғы қуатты бұқаралық ақпарат құралының бірі; тұрмыста кеңінен қолданылатын, адамдардың өмір сүруіне, ақпарат алуына жәрдемдесетін қалыптасқан жүйе. Бүгінгі БАҚ жүйесі жетіліп, қалыптасқан жағдайда оны төмендегідей тұжырымдауға болады: радио ақпаратты таратып, халыққа жедел жеткізеді; телевизия оқиғаның, болмыстың шындығына немесе жалғандығына көру арқылы көз жеткізуге жәрдемдеседі, газет-журнал деректі, оқиғаны талдап, түсіндіру арқылы сараптап ұсынады; интернет ақпаратты сан қырынан көрсетеді, мәтін, дыбыс пен бейне тұтастығынан тұруы да мүмкін, алайда интернеттегі ақпаратты жолдаушылардың әрқилылығы деректердің бұрмалануына апарып соғауы да мүмкін, т.б. Интернет ақпараттарының үнемі ақиқат бола бермейтінін, жеке адамдардың мүддесіне қызмет ететін де тұстары барын ескерген жөн.

Әдебиеттер

Негізгі:

1. Назарбаев Н. Сындарлы он жыл. – Алматы, 2006.

2. Н. Назарбаевтың үшінші медиафорумда сөйлеген сөзі.

3. Н. Назарбаевтың төртінші медиафорумда сөйлеген сөзі.

4. Радиожурналистика: учебник / под ред. А.А. Шереля. – 2-е изд. – М., 2002.

5. Радиожурналистика: оқулық. – Алматы, 2005.

6. Кэмерон Джулия. Право писать. – СПб.: Livebook, 2015.

Қосымша:

1. Әуе толқынында – Қазақ радиосы: жинақ. – Алматы: Нұрлы әлем, 2001.

2. Смирнов В.В. Формы вещания: функции, типология, структура радиопрограмм: учебное пособие. – М.: Аспект-Пресс, 2002.

3. Цвик В. Журналист с микрофоном. – М., 2000.

Түйін сөздер:

1. Адам табиғи ырғақтар (биоритм) жетегінде өмір сүреді, соған сәйкес жүрек соғысы, тыныстауы, қабілеті мен зейіні де құбылмалы болып келеді.

2. Бүгінгі телевизия және радио адамның биологиялық, физиологиялық қасиеттерімен қоса оның жан дүниесін, яғни психологиясын да ескеретін бұқаралық ақпарат құралдарының бірі де бірегейі.

Пікірталас тудыратын сұрақтар:

1. Қоғамға радионың қажеттілігі жоқ шығар, басқа супертехнология тұрғанда радио ескірген құрал болып саналмай ма?

2. Жақсы ән мен әуенді танытуда ең қуатты құрал радио ма әлде телевизия ма?

СОӨЖ тақырыптары:

1. Телерадиоақпарат таратудың табиғаты (жазба жұмысы салыстырмалы сараптама).

2. Телерадионың табиғи қасиеттері (хабарлардың адам психологиясына әсер ету деңгейін мысалдармен дәлелдеу).

3. Ғарыштық байланыс құралдары арқылы оқиға ортасынан тікелей хабар беру үрдісі (тікелей эфир хабарларын талдау).

4. Тікелей эфирде ақпарат беру тәсілдері (хабарларға сараптама жасау).

5. Телерадио – ақпаратты жеткізу мен тасымалдаудың құралы екенін ерекшеліктерін саралай отырып дәлелдеу.

6. Радио ақпаратты басқару мен жүйелеудің тетігі (жазба жұмысы).

7. Радионың адамға психологиялық әсер ету жағдайларына мысалдар келтіру.

Нұсқау:

СОӨЖ тапсырмалары тәжірибелік тәсілдермен орындалады, яғни дереккөздері телерадиохабарлар.

Бақылау сұрақтары:

1. Телевизияның табиғаты және маңызын сипаттаңыз.

2. Радионың басқа ақпарат құралдарынан ерекшеліктерін атаңыз.

3. БАҚ-тың түрлеріне сипаттама беріңіз.

Телерадиожурналистика

Подняться наверх