Читать книгу Телерадиожурналистика - Клара Қабылғазы - Страница 3

ТЕЛЕРАДИОЖУРНАЛИСТИКА ЖӘНЕ ӘЛЕМ

Оглавление

Жоспар:

1. Әлемдік жаһанданудың негізгі талаптары.

2. Ұлттық электронды БАҚ-тың табиғи ерекшеліктерді сақтаудағы рөлі.

3. Халықтық педагогиканың ұлттық БАҚ-қа әсері.

4. Телерадиожурналистің қоғаммен байланысы.

Телерадиоақпаратты халыққа ұғынықты, түсінікті тілмен жеткізе білу де өнер. Бұл жолда үлкен жауапкершілік журналистің немесе жүргізушінің қабілетімен тікелей байланысты. Айталық, жаңалықтарды аударушы немесе жинастырушы редакторлар, тілшілер тобы қанша жерден тиянақты, мықты болғанымен, олар әзірлеген өнімді эфирге шығарып, халыққа жеткізе білуде жүргізушілік шеберлік, кәсібилік танытпаса, өз аудиториясына жаңалық та ойдағыдай әсер етпесі анық. Жаңалықтарды оқитын диктор немесе жүргізуші журналист әуелі өзінің не айтып отырғанын жақсы білуі тиіс. Айтар ойын тура, нақты, қарапайым әрі дәл жеткізуі шарт. Жаңалықтар легі жалаң фактілер тізбегінен құралмауы керек. Жалпы, радиодағы жаңалық өзінің жаңалығымен ерекшеленіп тұрғаны жөн. Оның мәні сол, халық сағат сайын елең еткізер ақпарат күтіп отыратындай жағдайға жетуі ләзім. Сонда ғана телерадиоақпарат өзінің толыққанды функциясын атқара алады деген сөз. Елбасы Н. Назарбаев төртінші медиафорумда сөйлеген сөзінде: «Ғаламдық жаһандану арқылы адамзаттың алдынан жаңа постидеологиялық кезең ашылды. Оның бізге не берері бүгінгі ұрпақтың білімі мен білігіне байланысты. Менің пайымдауымша, күллі әлем үшін ашық та айқын ақпарат таратуға негізделген жаңа заманға бастайтын жаһандану БАҚ-қа қойылатын талапты күшейте түсті. Сондықтан олар өздерінің әрбір сөзі үшін моральдық жауапкершілікті терең сезінуі керек. Баспасөздің еркіндігі мен оның қоғам алдындағы моральдық жауапкершілігі арасындағы тепе-теңдікті таба білу – бүгінгі форумның күн тәртібіндегі ең басты мәселелердің бірі болады деп есептеймін. Сөз бостандығы шексіз емес. Ол табындыратын ғана емес, талқандайтын да қуатты күш. Ол саясатты ғана жасап қоймайды, сонымен бірге ел тағдырына ықпал ететін қоғамдық пікір мен қалың бұқараның санасын да сомдайды. Сондықтан сөз бостандығы дегенді журналистік ар-ұждан жауапкершілігі деп те танығандарыңыз жөн. Тәуелсіз БАҚ дегеніміз – аса қымбат құндылық. Сондықтан ол ешқашан «ақпараттық соғыстардың» «сойылына» айналмауға тиіс. Журналист қандай мәселені қаузаса да парасат шеңберінен шықпауы керек. Бұқаралық ақпарат құралдары қоғамдағы, экономикадағы және іскер топтардағы күштердің арасалмағын да айқындайтын құрал. Газеттер жеке тұлғалар мен корпорациялардың иелігінде болса да, сөз бостандығы тек халықтың құзырында екенін еш уақытта естен шығармаған жөн» [2], – деген болатын. Бұл үзінді арқылы Қазақстандағы сөз бостандығы жайлы аудиторияға сұрақ тастай отырып, шәкірттердің пікірін білуге, көзқарастарын айқындауға жол аша аламыз.

Сонымен, сол мемлекеттің бұқаралық ақпарат құралдары ақпарат таратуда ортақ игілікті, ортақ бейбітшілік, ортақ міндеттерді бірге отырып шешулерін тапсырады. Бұл тұрғысында, ұлттық арна Қазақ радиосының және телевизиясының атқарып отырған жұмыстары бірталай ауызға аларлықтай. Мемлекеттік ісшараларды орындауға олар жоспарлы түрде атсалысуда. Саясат және ұлттық сана, экономикалық және әлеуметтік өмір, тәуелсіздік бағытында жұмыс істей отырып, тәуелсіз республиканың дүниежүзілік қоғамдастық пен нарықтық қарым-қатынастағы жетістіктерін көрсету, халықтың мұң-мұқтажын үкімет тарапына жеткізу, елді әлеуметтік қорғау сияқты т.б. көптеген мәселелерде өзіндік таңба қалдыруы өзекті болып отыр. Әрине, қоғамның өзгеруімен бірге БАҚ-тағы айдарлар, пішіндер, ақпараттар мазмұны өзгеріп тұрады. Дегенмен өміршең материалдар қоғамның қай кезінде де өз орындарын таба алады. Мысалы, Қазақ телерадиосынан таралатын, қоғамға қажет деп табылатын тақырыптық хабарлардың біразын назарға алар болсақ: «Ақиқат сыйы» бағдарламасы. Бұл бағдарлама ислам әлемінің бүкіл данышпан ойшылдарынан адамзат ұрпағына мирасқа қалған рухани мұраны ұсынып отырды және Мұхаммед пайғамбардың қалдырған өсиет хадистерін, қазақ даласы даналарының айтқан көркем ойларымен салыстыра отырып жалпы халыққа ұсынады. «Атадан қалған асыл сөз» хабары қазақтың би-шешендерінің, қол бастаған көсемдерінің, жыраулары мен ақындарының ел туралы, әділдік, даналық, тазалық, батырлық, адамгершілік секілді ізгі қасиеттер туралы айтқандарын тыңдарманға жеткізіп тұрды. Қазақ радиосының «Алтын қорында» ұлтымыздың М. Әуезов, Қ. Сәтбаев бастаған жүздеген біртуар перзенттерінің дауыстары сақталған. Бұл хабар құлақтан кетпес сол дауыстарды тыңдаушыларға қайтара ұсынып отыруды көздейді. «Алтын кездік» хабарында қазақ әдебиетінің қайталанбас шығармалары әңгіме арқауы болып келді. Әдебиетіміздегі шоқтығы биік туындылар қазақ сөз өнерінің түптөркінінен, кейінгі мұраларынан қаншалықты құнар алғанын, бүгінгі оқырманға кешегі өмірді қаншалықты жақын сездіре алатыны талқыға түседі. «Өнернама» атты хабарлар желісінде қазақ театр, кино, сурет өнерінің тууы мен қалыптасуы, бүгіні мен ертеңі – бағдарламаның негізгі тақырыптары, аудитория көңілінен шыға білген болатын. «Бағзыдан жеткен сыр» хабарында бағзыдан бізге жеткен һәм жарым-жартысы жеткен қазақтың көне қалалары жайлы деректер, тарихи-мәдени ескерткіштер, салт-дәстүр, ежелгі ғұрыптар, жөн-жоралғылар әңгіменің негізгі өзегі болады. «Білте шамның жарығы» атты бағдарламада «Қобыланды», «Алпамыс» секілді батырлар жырын, «Қозы көрпеш – Баян сұлу», «Қыз Жібек» секілді ғашықтар жырларын, қазақтың ертегілерін, М. Әуезовтің «Қараш-қараш» шығармасы, І. Жансүгіровтің «Құлагер» секілді ескірмес мұраларын, соған қоса қазақ әдебиетінің қазіргі айтулы шығармаларына орын берілді. «Қазақстан» арнасындағы «Дара жол», «КТК» арнасындағы «Жүрек жарды» (жоба өкінішке орай жабылып қалды), т.б. хабарлар да ұлттың өнегелі өкілдерін жас ұрпаққа үлгі етіп, келер ізбасарлардың тәрбиесіне атсалысып отырған ауқымды дүниелер екендігін айтуға болады. Үлгі ретінде ұсынылып отырған аталмыш бағдарламалардың уақыт ағымына сай форматы, пішіні, атауы, жанры, үрдісі өзгеріп отыруы – міндетті құбылыс.

Ұлттық ділде дайындалған хабарлар қай кезде болмасын халық жүрегіне жол табатынын баса айтқымыз келеді. «Әр жұрт, әр мемлекет мәдениет майданында ілгері-кейіндінің қатасыз бір өлшеуіші – баспасөзі болады. Қай жұрттың баспасөзі күшті болса, сол жұрттың өзі де күшті, өзі де өнерлі екендігі көрінеді» [3], – деп Міржақып Дулатов айтқандай, БАҚ құралдарының қоғамдағы рөлін арттырудың маңызы зор. Ұлттық БАҚ-қа мемлекет тарапынан қолдау көрсетілген жерде БАҚ-тың, оның ішінде ұлттық электронды журналистиканың пәрменділігі артар еді. БАҚ-тың қоғамдағы орнын сараптаған кезде оның негізгі міндеттерінен барып, электронды БАҚ-тың мақсаты туындайды: 1) тыңдарманға мағлұмат беру; 2) жаңалықты жеткізу, мәлімет тарату, сенсация тудыру; 3) тиянақты ой, шешімді түйін, ұсыныс пікір қалыптастыру; тыңдарманға мағлұмат беру, жаңалықты жеткізу, мәлімет тарату мәселелері электронды журналистикада өзіндік сүрлеуін тапқан. Сенсация тудыру шеберлігін де отандық журналистер үйрену үстінде. Тиянақты ой, шешімді түйін, ұсыныс пікір қалыптастыру дәрежесі де жоғары деңгейде қалыптасуда. Алайда көптеген журналистерде мәселені көтеру, аудиторияға жеткізу бар да оны шешу жолдарын көрсету, бағытын ұсыну жағы кемшін тартуда. Қоғамдағы шешімін таппай жатқан жайларды көру, айту керек. Ал оның шешілу жолын тиісті орындармен келісе отырып көрсетуге тырысқан хабарлар рейтингісі асқақтайтыны ақиқат. Түйіні табылмай жатқан мәселелерді құр айта беру халықты тығырыққа тірейтін факторлардың бірі болып табылады.

Дүниежүзілік компьютерлік желіде ақпарат сайтқа орналастырылған сәттен бастап, оны кез келген шартараптан оқуға мүмкіндік туады. Ол үшін де тұтынушының ақпарат таратушы сайтын тауып, ондағы дерекке жол табуы үшін кәсіби машығы болуымен қатар іздеуге уақыт жұмсауына тура келеді. Телерадиожурналист болса оқиға ортасында жүріп, көрген-білгенін тікелей эфирге шығып баяндай алады. Соңғы жылдары қауырт дамып, кең қолданысқа ие болған ұялы телефондар бұл үрдіске жаңа тыныс әперді, телерадионың мүмкіндігін бұрынғыдан да арттырды. Телерадиотілші төтенше жағдайлар болсын, тез өзгермелі спорт жарыстары болсын, ақпаратын жеткізу мақсатында орталық студия арқылы байланысқа қосылып, тікелей эфирде жұмыс істей алады. Қазіргі заманғы байланыс технологиясы радиоақпарат таратуды аз шығынмен тікелей эфир жағдайында жүзеге асыруға мүмкіндік туғызды, яғни ақпаратты тұтынушысына жеткізу жеделдігі жағынан телевизия да, интернет те радионың алдына шыға алмайды. Радио ең жедел, икемді әрі аз шығынмен жұмыс істейтін бұқаралық құрал болып қала береді. Радио тыңдарман үшін аса қолайлы болып табылады және бұл қасиетінің маңызы айрықша. Радионы тыңдау үшін арнайы уақыт бөлу, болмаса күш жұмсау міндетті емес. Үй шаруашылығындағы тірлікпен айналысып жүріп те, жұмыс уақытында да, тамақтанып отырып та, автокөлікте келе жатып та, сейіл құрып жүріп те радионы еш кедергісіз тыңдай бересіз. Радио әмбапап ақпарат таратуымен де қолайлы. Маңызды саяси оқиғалар, төтенше жағдайлардың барысы, экономикалық жаңалықтар туралы, қаржы бағамдары, болмаса спорт әлеміндегі қызықты деректердің барлығы кезегімен әуе толқынында тарап жатады. Тыңдарман өзін қызықтырған хабарға зейінін күшейтеді, болмаса кейбір мағлұматтарға аса назар аудармайды. Сөйтіп, өзінің сол уақыттағы сұранысына орай қажетті ақпараттарды қолайлы жағдайда екшеп отырады. Бәсекелестік жағдайында радиостанциялар саны өте көп, сондықтан да соңғы жылдары радионың хабар тарату бағыт-бағдары да өзгеріп, ол тыңдармандардың сұранысына орай маманданып, белгілі бір аудиторияға, әлеуметтік топтарға бейімделе бастады. Бір радио жедел ақпарат пен музыкаға көңіл аударса, екіншісі ескі әуендерді қайта жаңғырту арқылы тыңдарманын тартады, үшіншісі белгілі бір музыкалық бағытты (попса, рок, джаз, т.т.) ғана қолдайды, тағы бірі жасөспірімдер үшін хабар таратады, соған орай сөйлеу стилі мен әдісін де сақтайды. Ресми, экономикалық және балаларға тән басқа да стильдік ерекшеліктері сараланған, дара хабарлар легі электронды журналистикада қалыптасқан.

Әлемдік және деңгейлес мемлекеттер тәжірибелерінен үлгі ала отырып, қазақтың телерадиожурналистикасының қадамы қарыштай түсуде. Оған мысал болатын көптеген жаңа бағдарламалар легі әрі жас журналистер тобы және олардың ізденіске толы еңбектері екендігін батыл айта аламыз. Ақпарат тарататын бұқаралық құралдардың ішінде мүмкіндігі мол арнаның бірі радио деп саналады. Ақпарат кеңістігінде оперативтілігімен, шынайылығымен және өміршең өткірлігімен айрықша мәнге ие болған бұқаралық ақпарат құралдарының ең тиімдісі әрі ең қолайлысы осы. Ол кең аудиториясымен әрбір отбасына, әрбір жеке адамға әсер ету қуатымен ерекшеленеді. «Радиожурналистика – бұқаралық хабарлама тарататын құрал ретінде радионың бірегей техникалық мүмкіндіктеріне негізделетін насихаттық сипаты бар журналистика. Ол күрделі элементтік құбылыстар категориясына жатады. Оны ұйымдастыру, оның функциялары, ішкі құрылымы, басқа элементтік институттармен, бұқаралық аудиториямен байланысы үлкен күрделілігімен ерекшеленеді. Бұл құбылысты тану да соншалықты күрделі, жан-жақты, сан қырлы болып көрінеді» [4]. Әуе толқынындағы әмбебап әлемге В.Н. Ружников осылайша дәл анықтама берген. Радио басқа ақпарат құралдарынан өзінің демократиялығымен және жеделдігімен оқшауланады. Кез келген ақпарат, жаңалықтар, күнделікті оқиғалар тізбегі, ең алдымен, әуе толқыны арқылы тарап жатады. Тәуелсіздік жылдарында Қазақстанда электронды ақпарат құралдарының, соның ішінде телерадиоарналардың саны күрт өсті. 1996 жылдың аяғында 30 радиостанция жұмыс істеген еді. Халықаралық «Интерньюс» агенттігінің деректеріне қарағанда радиожиілікті пайдалану құқығы үшін тендерден өтіп, ақы төлеу тәртібі енгізілгеннен кейін олардың қатары біраз сирей бастады, 1999 жылы 20-дан аса болды. Бірақ олардың көпшілігі музыкалық форматтағы радиохабарларын тарату станциясы болып табылады. Солардың қатарында «РадиоАлматы», «Авторадио», «NS», «31 арна», «Ретро», «Радио Sіty», «Love радио», «Energy FM», ресейлік арналардың өкілдіктері: «Орыс радиосы», «Еуропа плюс Қазақстан», «Хит-ФМ» телерадиостанциялары республика аумағын кең қамтыған. Аталған арналардың хабарларына ортақ тәсіл – тек қысқа ақпараттар беру, көбінесе батыстық, ресейлік эстраданы насихаттай отырып, аудитория санын көбейту, сол арқылы жарнаманы тарата отырып, қаржы табу.

Радиохабар тарату тарихы және даму кезеңдері

Радио өзінің ағартушылық, насихатшылық қызметін сонау Саммуэль Морзенің сызықшалары мен нүктелері түрінде болған кезінің өзінде-ақ атқарғаны тарихтан белгілі. 1914-1917 жылдарда дүниеге даңқы таралған Қысқы сарайдан ел зиялыларының сөздерін, патшаның нұсқауларын таратып, радиограммаларды басып шығарып, үлестіріп, ақпараттық-үгітшілік саясаттың бір қызметін атқарған болатын. Сол тұста Ресей отары болып отырған түркі халықтары да патшалық өкімет назарынан табылып, табиғи байлығы мол, бұратана халықты уысына ұстаудың басты құралы етіп осы радионы пайдаланғаны құжаттар деректері арқылы мәлім. Мұрағаттық деректерге сүйенсек, 1920 жылдары-ақ Семей губерниясында, Орынбор, Қызылжар, Көкшетау, Ақмола, Кереку, Өскемен қалаларында қабылдаушы-таратушы радиостанциялар жұмыс істеп тұрған. Тіпті шағын елді мекендерде де радиостанциялар ашып, мемлекеттік тұрғыдан ұлттық тілдерде хабарлар тарату көзделген. Ұлы Қазан төңкерісі тұсында жұмыс істеп тұрған Ташкенттегі радиостанция қызметі өте үлкен аумақты мекендеген халықтарды байланыспен қамтамасыз ете алмауы себебінен жаңа радиостанциялар ашу қажеттігі туындады. 1918 жылы маусымда Түркістан Автономиялы Кеңестік республикасы большевиктер ұйымдарының I съезі Түркістан Коммунистік партиясы құрылғанын жариялады. Оның жанынан баспасөз бюросының құрылуы да қажеттіліктен туды, іле-шала ақпараттық бюро құрылды, ол РОСТА-ның «Түркістан бөлімі» деп аталды. Кейіннен Орынбор бөлімшесінің Қырғыз автономиялы республикасы жарияланғаннан кейін КирРОСТА болып қайта құрылғаны жөніндегі деректер зерттеуші ғалымдар еңбектерінде айтылған. Қазақ жерінде Ақтау қаласындағы (бұрынғы Шевченко, Форт-Александровск) радиостанцияның 1912 жылдан жұмыс істеуі де отарлау саясатын жүзеге асыру жолындағы шаралардың бірі екендігіайқын. Қазақ телерадиожурналистикасының тарихын зерттеуші ғалымдар М. Барманқұлов, Р. Сағымбеков, С. Қозыбаев, Н. Омашев пікірлеріне сүйене отырып, қазақ жеріндегі радиостанцияның 1913 жылдан емес, яғни 1912 жылдан жұмыс істегені нақтыланды.

Сонымен, Ұлы Қазан революциясына дейін Александр Форты мен Түркістанда радиостанциялар жұмыс істеді. Олардың елге сіңірген еңбегі мен іс-тәжірибесі В. Ружниковтың революцияға дейінгі жалпы радиотелеграф жұмысына берген анықтамасымен өзектес болып келеді:

Біріншіден, радиостанциялардың жалпы халыққа арналған кең аудиториясы болған жоқ. Ұйымдастырушылар алдарына ондай мақсатты қоймады. Радиохабарлары тек байланыс үшін қолданылып, желілі телеграфты қайталады.

Екіншіден, радиостанциялар мемлекетке қарағанымен, шын мәнісінде түрлі ведомостволарға қызмет етті. Олар әскери және әскери-теңіз, сол сияқты поштателеграф ведомостволары еді.

Үшіншіден, Қазақстан жеріндегі аталған радиолар негізінен әскери бөлімшелер арасын байланыстырушы қызметін атқарды. Олардың әскери байланыстағы рөлімен салыстырғанда шаруашылық, әкімшілік және саяси өмірге араласуы жоқтың қасы болатын. Әрине, ел өмірінің руханилығына араласпағанымен де радиобайланыстың қазақ даласында 1912 жылдан жұмыс істеп, Ресей радиосымен парапар жүруінің өзі де тарихи құндылық.

«Қазақ АССР Халық комиссарлар Кеңесінің 1921 жылғы 29 қыркүйектегі шешімінің республикалық радионың дүниеге келуіне тікелей әсері болды. Онда Орынбордағы радиостанция арқылы күн сайын 1600 сөзден тұратын өздері дайындаған радиобюллетеньді республикаға таратуға құқық берілді. Бұл республика әуе толқыны арқылы көпшілікке арналып берілген алғашқы радиохабарлары еді», – деп түсініктеме берілген Қазақ радиосының 80 жылдығына арналған «Әуе толқынында – Қазақ радиосы» [5] деген еңбекте. Бұл тұжырымды филология ғылымдарының докторы, профессор Н.О. Омашев мұрағаттық құжаттар арқылы дәлелдеп, Қазақ радиосының қызмет еткен уақыты 1931 жылдан емес, 1921 жылдан басталғанын дәлелдеген болатын. Міне, ғылыми жүйеленген, тиянақты зерттеу қорытындысы бойынша айтылған осы пікір Қазақ радиожурналистикасының тарихи бастау алған күнін белгілейді.

Радиожурналистиканың даму кезеңдері

Қазақ халқының мәдениетін, тілін, дінін, тарихын, т.б. ұлттық нышандарын дәстүрлі түрде ғасырдан-ғасырға жетелеп отырған радиожурналистика бұқаралық ақпарат құралдарының бір саласы ретінде қалыптасты. Журналистиканың басқа да түрлері сияқты радионың қалыптасу кезеңдері тарихта өз ізін қалдырды. Тәуелсіздік алған тұсқа дейінгі қоғамдық дамуымыз алып империялардың бірі Ресеймен байланысты болғандықтан әрі радионың отаны да сол мемлекет екендігі де ескеріліп, қазақ радиожурналистикасының даму кезендері сәйкестендіріле зерттелуде. Ресейлік ғалымдардың тұжырымдарын сараптай отырып, радио тарихын төмендегідей кезеңдерге бөліп қарастырамыз:

1. Радиобағдарламалардың қалыптасу кезеңі. 1921-1927 жылдар.

2. Тоталитарлық мемлекет радиосы. 1927-1941 жылдар.

3. Ұлы Отан соғысы жылдарындағы кеңестік радио. 1941-1945 жылдар.

4. Соғыстан кейінгі халық шаруашылығын қалпына келтіру жылдарындағы радио. 1946-1950 жылдар.

5. Тоталитарлық мемлекет және әлеуметтік тоқырау дәуірі. 1950-1985 жылдар.

6. Қайта құру және жариялылық радиосы. 1985-1991 жылдар.

7. Нарық кезеңіндегі радио. 1991-2005 жылдар.

8. Тәуелсіз мемлекет радиосы 2005-2015 жылдар.

Қазақ радиожурналистикасының пайда болуы, дамуы, нақты қызмет көрсетуі, хабарлар таратуы тікелей РОСТА-ның жұмысымен байланысты өрбіді. Патшалық Ресей саясатының ықпалымен қазақ даласында ТүрікРОСТА-ның құрылуы үлкен жаңалық болды. ТүрікРОСТА-ның міндеттері мен атқарған қызметі жөнінде зерттеу деректері келесідей: Түркістан телеграф агенттігі алғашында ақпараттық хабарларды түр-түрге бөлген жоқ. Олар негізінен орталықтан түскен және жергілікті ақпарат болып шартты түрде екіге бөлінді.

Орталықтан алынған ақпарат елімізде болып жатқан саяси жаңалықтар, совет үкіметінің директивалары жөнінде түсінік берді. «…Түрік РОСТА репортерлері жұмысындағы басты міндет тыңдаушыға ақиқат факті жеткізу болды. Бұқара халықты совет үкіметін орнатуға қатыстыру жолында жүргізіліп жатқан табанды күрес кезінде шыншыл хабар беруге аса үлкен көңіл бөлінді. Жұртты жаңылдыратын материалдар бергеннен гөрі тексеруден өткізіп барып, тарату негізгі принципке айналды. Осылайша, ТүрікРОСТА өз жұмысын а) тілшілер мен жергілікті репортерлерден және басқа ақпарат көздерінен телеграф арқылы алынған мағлұматтарды жергілікті баспасөзге жеткізу; ә) радиожаршы мен плакатты, хабаршыны өлкеге тарату; б) Түркістан республикасының тыныстіршілігінен жазылған корреспонденцияларды кейде телеграф арқылы, кейде хат арқылы хабарлау бағыттарында жүргізді» [6], – деп профессор Н. Омашев «Қазақ радиожурналистикасы» атты монографиясында анықтама берген болатын. Осы келтірілген деректер ТүрікРОСТА-ның міндет-мақсатын, қызметін анықтап берді, яғни зерттеуші-ғалымның еңбектерінде аталған дәйектердің нақты мысалдармен дәлелденуі бұл пікірлерді нақтылай түседі. Сол тұста үстемдік еткен қоғам көсемі В.И. Ленин шығыс халықтары арасындағы үгітнасихаттың рөлін күшейту жөнінде нұсқаулар беріп, радионың дамуына жол ашты. Сол себептен де ТүрікРОСТА-ның міндеттері арта түсіп, радиохабарлары кең қанат жайды.

Ресейдегі радиоқозғалыс ұлғайған сайын ТүрікРОСТА-ның қызметі де жандана түсті. «Алғашқы РОСТА радиогазеті 1924 жылдың 24 қарашасында эфирге шықты, 1928 жылдың ортасына қарай 80 радиогазет, 1930 жылы 300-дей, бұдан басқа фабрика-заводтан – 179, колхоздардан – 100 деген радиогазеттер 29 халық тілінде шығып тұрды», – деген деректер келтірілген еді «Әуе толқынында – Қазақ радиосы» атты еңбекте. «Осы жылдар хабарларын әлеуметтік-саяси бағыттарына қарап төмендегідей бөлуге болады:

– қоғамдық-саяси;

– ағартушылық;

– көңіл көтерушілік. Ал пішіндік жағынан:

– радиожиналыс;

– радиоүндесу;

– радиолекция;

– радиоконцерт;

– радиотеатр», – деп «Қазақ радиожурналистикасы» атты еңбекте қарастырылғанын ескерсек, бұл анықтаманың Қазақ радиосының соңғы жылдардағы хабарларына да қатысты екенін, тіпті көп тұста қайталанып келгендігін байқауға болады. Радионың қалыптасу жылдарынан кейінгі кезеңінде Орталық радиода да, Қазақ радиосында да тоталитарлық мемлекеттің идеологиясын насихаттаумен келгені анық.

1921-1927 жылдардың «Радиобағдарламалардың қалыптасу кезеңі» деген атпен тарихта қалғаны мәлім. Бұл мерзімнің Қазақ радиобағдарламаларының да қалыптасуына қатысы мол. РОСТА-ның шығыстағы бөлімдері ТүрікРОСТА және КирРОСТА халықты ақпаратпен қамтамасыз етуде өз деңгейінде қызмет атқарып, қазіргі заманғы ақпараттық агенттіктердің көшбасшысы болғандығы ақиқат. «Орталықтың Түркістанмен радиотелеграф арқылы байланысы, бұдан бұрынырақта болған. Яғни радиотелеграфтың көмегімен, 1918 жылдың 14 мамырында В.И. Ленин Ташкент атқару комитетіне радиотелеграмма жіберді», – деген тұжырым аталмыш пікірдің бір дәлелі. Сонымен қатар Қазақстан Халық комиссарлар кеңесінің 1921 жылғы 24 қыркүйектегі шешімінің республикалық радионың дүниеге келуіне тікелей әсері болғандығы атап өтілді. Демек, осы сәттен бастап Қазақ радиосының хабарлары, бағдарламалары өз міндетін атқара бастады.

1921 жылы Қазан инженерлері дыбысты телефон арқылы рупорға беретін күшейткіштің жобасын іске асырды. Сөйтіп, радиотелефон станцияларындағы арнайы жабдықталған студиялар бойынша хабарлар беріле бастады. Сондай-ақ ауызша газет дамыды. Одақтық радиодағы бұқаралық хабар тарату әдеби-көркем хабарлардан басталғаны мәлім. Оған дәлел 1922 жылдың 17 қыркүйегінде тұңғыш радиоконцерт Мәскеудегі Орталық радиотелефон станциясынан берілген еді.

«Радио барлығы үшін» деп аталатын акционерлік қоғамы Ресейде 1924 жылы 1 қарашада құрылған болатын. Бұл қоғамның негізгі міндеттері: радиотаратушы және қабылдаушы станцияларды дамыту; радиоәуесқойларының идеяларын қолдау; мерзімді басылымдар шығару және баяндамалар, дәрістер өткізу болды. Осы қоғам 1925 жылдың ақпанынан бастап «Радиожаңалықтары» деп аталатын дүниежүзілік тұңғыш, дара арнаулы газет шығарды. Аталмыш газет радиобағдарламаларды жариялап, радиотехниканың мәселелерін жазып тұрды. Радиогазеттердің белсенділігі осы тұста арта түсті. Бұл радиогазеттер ең жаңа деген шетелдік және ішкі ақпаратты таратты. Ол туралы бұл кезде «Радиослушатель» журналы «радиогазет қағазсыз, қаламсыз газет қана емес, газеттің жаңа пішіні» деп жазған болатын. Бұл жаңа пішін қазақ радиожурналистикасында алғаш рет 1931 жылдың 4 мамырында «Еңбекші қазақ» және орыс тілінде «Советская степь» (редакторы Ланько) болып эфирге шықты. Оның қазақ тіліндегі нұсқасының тұңғыш редакторы филология ғылымдарының докторы, профессор, абайтанушы ғалым Бейсенбай Кенжебаев болды. Сол тұста шығып жатқан газеттер беттерінен даярланатын ақпараттардың дыбысты түрде берілуінің тиімділігі орасан болатын. Сонымен қатар баспасөзде істейтін журналистердің радиоға көптеп тартылуы радиомәтіннің сапасын жақсарта түсті, сауатты, жақсы жазылған сценарийдің жақсы хабар кепілі екендігіне сол кездердегі радиожурналистер де мән бере бастаған.

1928-1941 жылдардағы тоталитарлық мемлекет радиосының қызметі. Осы жылдың бастапқы кезінде үкімет тарапынан «О реорганизации радио» деген қаулы қабылданды.Күрт өзгерістерге толы кезең басталды. Сталиннің басшылық етуімен бұқаралық ақпарат құралдарына, сонымен бірге радиоға да цензура басталды. Бұл цензура Кеңес үкіметі құлағанға дейін созылды. Әйтсе де қоғамдық өзгерістер қаншалықты болып жатқанымен радиожурналистика дамуын тоқтатқан жоқ. Бұл жылдары алғашқы радиорепортаждар беріле бастады. Хабарларда деректілік факторлармен қоса көркемдік элементтер дамыды. Көбінесе жеке басқа табынушылыққа бағытталған, Сталинді мадақтаған хабарларға жол берілді.

Аталмыш қаулыдан кейін 1928 жылдың шілде айында Еңбек және қорғаныс кеңесі іле-шала «Радиохабар таратуды қайта ұйымдастыру жөнінде» деп аталатын құжат қабылдады. Соның негізінде 1931 жылы акционерлік қоғам таратылып, оның орнына Бүкілодақтық радиокомитет құрылды. Сол кездегі дәстүр бойынша Қазақстанда да одақтық радиокомитет ашылып, оның тұңғыш төрағасы болып Айтбай Хангелдин тағайындалды, содан бері Б. Кенжебаев, Е. Арысұлы, Қ. Орманов, М. Жантикин, Б. Дәулетбаев, М. Сағатов, т.б. сынды көптеген ардагер-радиожурналистер ұлттық радионың дамуына атсалысты. Есімдері аталған адамдар сол тұстағы қоғамдық өзгерістерге араласып жүрген қайраткерлер болатын. Осы кездері алғашқы радиоүндесулер өткізіліп, радиоочерктер беріле бастады. Радиодраматургия дүниеге келді, радиоуниверситеттер ашылып, ғаламның сан-салаларын қамтыған хабарлар әуе толқынына тарады.

1928 жылдың 7 қарашасында алғашқы радиоүндесу (Мәскеу, Ленинград, Минск, Баку, Тбилиси қалалары арасында) өткізіліп, әрі қарай кең қолдау тауып, таралып кетті. Іле-шала радиофильм пайда болды. Магниттік дыбыс жазу деректі радиоочерк сияқты жанрды ғана тудырмады, деректі-ойындық хабарлардан бастау алған радиодраматургия да өмірге келді. Жұмысшылардың және шаруалардың радиоуниверситеті 1928 жылы ашылды. Бұл университет халыққа тілден, математикадан, қоғамтанудан, әкімшілік-шаруашылық істерді жүргізудің әдіс-тәсілдерінен, т.б. көптеген саладан тиянақты білім беріп, сауатсыздықты жоюға атсалысты. Радионың маңызы күннен-күнге арта түсті. Ол туралы Мәскеу қалалық және облыстық коммунистік партияларының жетекшісі Н.С. Хрущев 1930 жылдардың ортасында былай деп жазды: «Микрофон – бұл үлкен күш және билік. Бұл құралдың адамдарға етер әсері орасан. Оны белсенді пайдалану керек, алайда ақылмен пайдалану керек». Бұл пікірді бұдан бұрынырақта айтқан, радио жайлы екі жүзден астам хаттар жариялаған, социалистік қоғамның көсемі В.И. Ленин: «Москвада оқылатын газетті бүкіл Россия тыңдайтын болады», – деп жазды.

Ал бұл шаралардың жүзеге асуына Ресей телеграф агенттігінің әсері үлкен болды. Үстемдік құрушы мемлекет идеологиясының құрсауында болған Қазақ радиосы да қоғамдық өзгерістерге үн қоса алды, өзіндік сипатын сақтай алды. Қаншалықты тоталитарлық мемлекет дәрежесінде болғанымен де Ресей республикалардың ұлттық ерекшеліктерін дамытуға рұқсат бере отырып, үстемелеп өздерінің мақсаттарын орындап, көздеген межелеріне жетуге күш салды.

1941-1945 жылдардағы екінші дүниежүзілік соғыс жылдарындағы кеңестік радио. Ұлы Отан соғысының басталуымен көптеген хабар таратушы радиостанцияларды батыстан шығысқа қарай эвакуациялау міндеті жүктелді. Бұл шараның әсерінен радиостанциялар жұмысы қысқа толқынға және үш арнадан бір арналық хабарға көшті.

«Соңғы хабардың» ең алғашқы әскери саны неміс фашистерінің Ресейге шабуылы жөнінде үкімет хабарламасынан кейін 45 минуттан соң эфирге шықты. Осындай жедел ақпарат тарата білген ресейлік радиостанциялар 1943 жылы соғысқа дейінгі дәрежесінен асып түскен. Осы алғашқы ақпараттан бастап соғыс аяқталғанға дейін «Совинформбюроның» 7 мың корреспонденциясы берілген. 1941 жылдың 7 қарашасында жау Мәскеудің түбінде тұрғанда Ұлы Қазан мерекесіне арналған шерудің өткізілуі жайында репортаждың радиодан берілгені ел қорғаушыларының қайратын қамшылап, рухын көтеріп, жаңа ерліктерге бастағаны тарихтан мәлім. Демек, радиоэфирдің қуатты күші, мықты әсері, жүргізер тәрбиесінің ықпалдылығын баян етеді. Тіпті радиохабардың маңыздылығына, әсерлілігіне көңіл бөлінгендігі соншалықты Бүкілодақтық радио ақпараттарынан басқа арналарды тыңдауға рұқсат берілмеген. Сымдық хабар таратушы репродукторлардан басқа радиоқабылдағыштардың бәрін үкіметке өткізу жөнінде шаралар қолданған, өткізбегендерді жазалауға дейін барған. Мұның өзі бір ғана идеологияның үстемдік құруын, басқа насихаттың жүрмеуін қадағалау негізінде, Қызыл армияның даңқына нұқсан келтірмеу жолындағы әрекеттер екені аян.

Бүкілодақтық радионың шығысқа эвакуацияланған себебінен және күшті радиостанциялардың көшірілуінің әсерінен Қазақ жеріндегі радио қызметі де жандана түсті. Қазақстандағы халық майдандағы хабарларды жиі әрі сапалы тыңдап отырды. Жамбыл ақынның «Ленинградтық өрендерім» өлеңінің сонау Ресей қаласының аспанында қалықтауы да осы таратушы станциялар жұмысының әсерінен деуге болады. Мәскеуде Левитанның дауысы қалай саңқылдап, жауды түршіктірген болса, қазақ жерінде Әнуарбек Байжанбаев дауысының құдіретті әсері елді ерлікке, еңсесін түзеуге шақырды.

1943 жылдың 1 тамызынан бастап Бас қолбасшының кеңес жауынгерлерінің жеңісін жариялаған бұйрықтары беріліп тұрды. Бұйрық оқылған соң артиллерияға кезек берілді.

Соғысқа дейінгі музыка және әдебиет бөлімі кейін бірігіп, әдеби драмалық хабарлар бөлімі деп аталды. Олардың негізгі жанры публицистика мен деректі проза болды. Осы кезде радиофельетон, памфлет дамыды. Жауынгерлік радиопублицистика өріс алды. «Әдеби күнделік» деп аталатын, айына бір рет шығатын жаңа радиохабар пішіні пайда болды. Оған қатысқан журналистер, әдебиет өкілдері қоғамның келелі мәселелерін сөз етіп, сахна саңлақтары да радиодан жиі өнер көрсетті. «Мәскеу театры – фронтқа» деген айдармен радиоспектакльдер беріліп тұрды.

Ұлы Отан соғысы жылдарындағы хабарлар әсері отандас әскерлерге қуат қосып, ерліктерге жігерлендіріп отырған. Сол қаһарлы соғыстың бағытбағдарын халқымыз бақылап, жеңістерге қуанып, жеңілістерге күйініп отырғандықтары жайлы бүгінгі күнге дейін айтылып, жазылуда. Гитлерлік Германияның жеңілуіне жүргізіліп отырған идеологияның белсенді құралы бола алған Қазақ радиосының да қосқан үлесі мол. Сол жылдардағы Қазақ радиосынан берілген хабарлардың мазмұндық, жанрлық, пішіндік ерекшеліктері молыға түскен. Көбінесе елде жарияланған төтенше жағдайға байланысты қысқа ақпараттар берілген. Мысалы, 1943 жылдың 13 шілдесінде берілген ақпарат мазмұны келелі бір радиоочеркке немесе радиосуреттемеге негіз болатындай деректер:

«Ұлы Отан соғысы кезінде 1941 жылдың 12-14 маусым күндерінде Қазақстанның астанасы Алматыда 336 атқыштар дивизиясы құрылды. Дивизия атақты Чапаевтың үзеңгілесі генерал-майор Панфиловқа тапсырылды. Генерал дивизияға жауынгерлік тәрбие беріп, 18 тамызда майданға аттанды. Бауыржан Момышұлы сияқты командирлер тәрбиелеп өсірді, политрук Мәлік Ғабдуллин мен қызыл әскер Төлеген Тоқтаровқа Совет Одағының Батыры атағы берілді» [7], – (ҚазТАГ) делінген.

Сонымен қатар майданға материалдық көмек көрсетіп жатқан тылдағы еңбеккерлер ерліктері жайлы да көптеген хабарлар беріліп отырған. Семей облысы, Абай ауданы «Қызыл адыр» колхозының тұрғыны, 110 жастағы Тоқтай есімді қарияның сөзі берілген: «Германияның жендеттері елімізге бас салғанда мен өзімнің 11 баламнан тараған 40 немереме елін қорғау үшін аянбай күрес деп нұсқау бердім. Немерелерім менің бұл өсиетімді орындады. Олардың бәрі де орденьдер мен алғыстар алып қайтты…». Міне, бұл хабарда сол тұстағы идеологияның қуатты күші байқалады. Мұндағы бір ғана отбасының ерлікке парапар өмірі үлкен бір очеркке немесе әдеби туындыға өзек болар сөзсіз.

Соғыс кезіндегі радиохабарлар көбінесе митингтік, насихаттық түрде берілетін. Соның бірі – ақын Виктор Гусевтің «Тыңда, фронт!» атты күн сайын бір сағаттан берілетін бағдарламасы. Майдандағы бауырласқан, бір мақсат үшін күресіп жатқан жауынгерлер ерліктері тақырып болған небір тамаша өлендер, әндер, пафосқа толы туындылар соғыс кезіндегі радиопублицистиканың көрнекті мысалдары бола алады. Тіпті «Евгений Онегин» операсынан үзінділер берілуі, «Василий Теркин» поэмасынан, «Соғыс және бейбітшілік» романынан бөлімдердің оқылуы, әрине, үлкен рухани күш бергені анық. Музыкалық хабарлардың көптеп берілуі де жауынгерлерді жеңіске бастады. Мысалы, Ресей әскерлері «Священная война» әнін салса, қазақ жауынгерлері «Жас қазақ» әнін шырқады. Әр тілде, әр жүректе айтылғанымен жеңіске жетуге деген арман ортақ болатын.

1942 жылдың 1 маусымында партизандарға арналған бағдарламаның алғашқы саны шықты. Жер-жерде партизандық күресті дамыту арқылы да кеңес әскері көп жеңіске жеткен. Сондықтан мұңдай хабардың ашылуы қажеттіктен туған. Майдан шептерінен жеткен жеңістерді хабарлап, партизандардың еңсесін көтеретін радиотуындылар берумен бірге «Партизандарға кеңес», «Қалай жаудың қатынас құралдарын жою керек?», «Маскировка жасау шеберлігі», т.б. айдарлардың өз тыңдармандарына көп көмегін тигізгені ақиқат. Сонымен бірге радиодан туған-туысқандардың, жолдастардың бір-біріне амандық білдіріскен хаттары да берілді, мұның өзі пошта қызметінің мүмкіндігі жоқ кезде адамдарды моральдық тұрғыдан демеуге көмек берді. Осы кезде тылдағы адамдар да майдандағы жауынгерлерден кем қалмай еңбек майданында күресті. Сондықтан көптеген хабарлар беріліп, айдарлар ашылып, еңбек жеңістерінен хабардар етіп отырған.

1945 жылдың 2 мамырында атақты Ресей репортері Лазарь Маграчевтің дауысы 14 сағат 45 минутта Берлиннен естілді: «Қымбатты жолдастар, отандастар! Сіздердің корреспонденттеріңіз Берлиннің орталығындағы Унтер ден Линден көшесінен сөйлеп тұр. Рейхстагтың үстінде біздің алқызыл ту желбіреп тұр, ал көшелерінде біздің әскерлер алшаң басып жүр», – деген сөздері тарихи жеңісті бүкіл әлемге жариялады. Ал 1945 жылдың 2 мамырында 23 сағат 30 минутта Маграчев Берлиннен: «… дәл осы сәтте Германияның тізе бүгіп, Кеңес Одағының жеңгені жөніндегі құжатқа қол қойылып жатыр!», – деп хабарлады. Радиорепортаждың нағыз үлгісін, шапшаңдықтың өнегесін осылайша танытты радиожурналистер. 9 мамыр күні И.В. Сталин халыққа арнап сөз сөйлеп, фашистердің толық жеңілгенін хабарлады. Осы күні 22 сағатта отшашу беріліп, Жеңіс мерекесі қазақ жерінде де тойланып жатты. 1945 жылдың 24 маусымында гитлерлік Германияны жеңуге арналған әскери щеруден репортаж берілді. «Отанымыз – Москва» деген идеологиямен нәрленіп өскен біздердің атааналарымыздың бойында патриоттық рух керемет болатын. Олар Мәскеу үшін бастарын өлімге тікті, Мәскеу үшін отқа түсті. Тылдағы халқымыз Мәскеу үшін аянбай еңбек етті. Әрине, идеологияның қуатты күшінің әсері өз алдына, тәуелді мемлекет болғандығымыз да сол майданда қаза болған қандастарымыздың өміріне қатысты.

1946-1950 жылдардағы Ұлы Отан соғысынан кейінгі халық шаруашылығын қалпына келтіру кезеңіндегі радио. Халық шаруашылығын қалпына келтіру және дамыту жылдарындағы радиохабарлардың даму бағыттарына әсер еткен мынадай жағдайлар болды: осы мәселені дәйекті зерттеп, тиісті құжатты қабылдаған тарихи ақпан пленумының шешімдері, ленинградтықтардың өнеркәсіп өнімдерін арзан, тез әрі сапалы өндіруді ұйымдастыру саласындағы үндеуі және қазақстандық колхозшылардың Сталинге хаты. Міне, осы үш құжаттан туындайтын міндеттерді негізгі межеге алып, бағыт ұстаған жергілікті, облыстық, республикалық радиокомитеттер соғыстан кейінгі халық шаруашылығын қалпына келтіру және одан әрі дамыту ісіне өз үлесін қосып отырды.

1946 жылдың басында ҚК(б) Орталық Комитетінің XIV Пленумы Қазақстан ауыл шаруашылығының міндеттерін белгілеп берді. Осы жылдың 24 шілдесінде Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесінің IX сессиясы «Қазақ ССР-ның халық шаруашылығын қалпына келтіру және одан әрі дамытудың 1946-50 жылдарға арналған бесжылдық жоспары туралы заңды» [8] қабылдады. Осыған орай шаруашылықтар, мекемелер, ұйымдар, т.б. қоғамдық орындар құжат шешімдерін орындауға жұмылдырылды. Алдымен ауыл шаруашылығын жолға қойып, халықтың әл-ауқатын жақсартуға күш салынды. Соғыстан кейінгі колхоздарды қалпына келтіру мерзімінде тәжірибелі, беделді колхоз басшылары, колхоз өндірісінің озаттары өсіп шықты. Ауыл, селоларда жергілікті партия органдары күш алды.

1950 жылдың екінші жартысынан бастап 1960 жылдың алғашқы жартысына дейін колхоздардың біразын совхозға айналдыру процесі жүзеге асырылды. Осы тарихи оқиғалар тарихшылар арасынан әлі күнге дейін өз бағасын ала алмай келе жатқан мәселе. Біраз тарихшылар бұл жайды жақтады, біразы қарсы болды. Одан колхоз өзінің өмірін сүріп бітті деген ұғым қалыптаспауы тиіс, қайта колхоз құрылысы әрі қарай нығая түсті деген орынды сияқты.

Әуе толқынында сол кезде шыққан бүкіл хабарларға тән бір қасиет – қара дүрсіндіктен бой тарту басым болды. Техникалық құрал-жабдықтардың (диктофон, магнитофон, репортерлердің, т.б.) жоқтығына қарамастан эфирге жанды дауыс шығаруға талпынушылық болды. Бұл орайда негізгі мәселеге байланысты тыңдарман хаттары, журналистік түсіндірмелер, хабар барысында қойылатын жетекші сұрақтар, қысқасы, материалды эфирге шығару әрекеттерінің бәрінен өткенді қайталамауға тырысу болғандыгы көрініп тұрды.

Елдің өнеркәсібі дамыған сайын, ауыл шаруашылығын механикаландыру етек алды. Осылайша, Қазақстанның халық шаруашылығын дамыту процесінде негізгі рөл атқарған аталмыш мәселелердің көпшілігі қазақ радиохабарларының зерттеліп отырған кезеңдегі негізгі тақырыптары болып келген. Өйткені идеология өмірмен әрдайым өзектес. Мемлекеттік билік, халық, әлеуметтік жағдай, саясат бір-бірімен тығыз байланыста өмір сүреді. Экономика – саясаттың нәтижелі жиынтығы деген пікірді сол қазақ радиожурналистері жақсы түсінгендігі әр хабардан көрініп, атойлап тұрғандай. Осы мәселелер жөніндегі үндеулер, үндеуге үн қосушылар, пікірлер, жылт еткен жаңалықтар радиожурналистердің назарынан тыс қалмаған. Қазақ радиосының эфирінен бір жарты жылдықта 40 колхоз төрағасының сөзі, 20-дан астам директор, үздік механизаторлар, 29 Соцалистік Еңбек Ерінің, 16 облыс, аудан партия басшыларының сөздерінің ұйымдастырылуы (деректер «Дәуір үні» атты оқу құралынан алынды – К.Қ.) [9] осы айтылған пікірлерге дәлел бола алады.

Осы реттегі радионың ықпалын ерекше атап өту керек сияқты. Қолына газет-журнал ұстауға мүмкіндігі жоқ, күні бойы еңбек майданында немесе станок қасында тұрған еңбеккерлердің құлағы радио дегенде әрдайым түрік тұруға дайын еді. Оның үстіне біраз ғана бұрын біткен Ұлы Отан соғысының барысын жұрт радиодан Левитан мен Байжанбаевтың үні арқылы тыңдап үйренген болатын. Сол соғыстың бар жаңалықты радиодан күтуге машықтандырғаны айқын. Ол кездегі идеологияның қуатты болғаны соншалықты көптеген хабарларда асыра сілтеу, әсірелеу басым. Мысалы, «Оңтүстік Қазақстан облысының социалистік егіс даласына арналған хабар», «Ауыл, деревняда социалистік үгіт-насихат жұмысының маңызды міндеттері», «Халық! Ленин мен Сталин үйреткендей қызмет етейік», т.б. хабарлар. Жоғарыдағы даланың өзін «социалистік» деу сарыны үнемі сезіліп тұрады.

Соғыстан күйреген шаруашылықты қалпына келтіруге арналған бесжылдық жоспарды орындау жолына елді жұмылдыруда радионың қызметі аса зор болды. Қазақстанда соғыс болмағанымен де Ресейдің қираған елді мекендеріне материалдық, техникалық көмектер жіберілді. Осындай шараларды адамдардың санасына сіңірудегі радионың рөлі ерекше. Есту арқылы сана-сезімге әсер жасау – радионың басқа ақпарат құралдарымен салыстырғанда басты артықшылығы. Сондықтан да халық алдына жауапты бүкілхалықтық міндеттер қойылды әрі БАҚ-қа міндет етіп жүктелді. Радиодан хабарларды күніне сан рет қайталап беру арқылы идеология мақсаты орындалды. Ол міндеттер төмендегідей болатын:

– социалистік жарысты өрістету;

– өндіріс технологиясын жетілдіру;

– кәсіпорындардың мүмкіншілігін толық ұйымдастыру;

– стахановтық жұмыс әдісін ұйымдастыру;

– технологтар, конструкторлар арасындағы мамандық жөнінен жарысты ұлғайту;

– жұмыстағы озат тәжірибелер, тапқырлар жаңалықтарын көпшілікке жеткізе білу;

– жұмысшылардың ойдағыдай жұмыс істеуіне жағдай туғызу үшін ұйымдастыру-техникалық шараларын ұштастыра жүргізу, ауыр жұмыстарды механикалық жолға салу;

– шикізатты, отын, материалдар, электр қуатын үнемді пайдаланып, өнімнің түсер бағасын арзандату, ол үшін нормалы жолға салу;

– өндірісте мемлекеттік және еңбек тәртібін нығайту;

– еңбекшілерге мәдени қызмет көрсетуді жақсарту, оларды коммунизм рухына тәрбиелеу.

Осы мәселелерге байланысты еңбекшілер хаттарын ұйымдастыруға талпыныс та осы кезде бой ала бастағанын байқауға болады. Қазақ радиосында эфирге нақты дауыс берудің мүмкіндігінің жоқтығына қарамай, еңбеккерлер хаттарын әуе толқынынан шығарудың алғашқы мысалдарын көптеп кездестіруге болады. Соның бірі Алматы облысы, Еңбекшіқазақ ауданындағы ерлі-зайыпты Социалистік Еңбек ерлері Қасым мен Насиха Дүйсекеновалардың (бұл тарихта есімдері қалған адамдар ақын Тұманбай Молдағалиевтің жарының әке-шешесі болатын) «Қысқы жайылымды тиімді пайдаланып, жылқы басын молайта түсейік» [10] деген хаты эфирден берілген.

Өздері өмір сүріп отырған тұстағы қоғам өмірі, ішкі және сыртқы жағдайлар, әлеуметтік, экономикалық мәселелері, т.б. адамдар өмірімен сабақтас болып келетіні мәлім. Сондықтан да өмірмен өзектес хаттардың радио редакциясына ағылуы, жүрек жарды пікір-тілектердің айтылуы орынды еді. «Бізге хат келіпті» айдарымен берілген хабарлардан халықтың үні естіліп тұрғандығы байқалады. «Жылан түлеп, терісінің сыртқы қабығын алмастырған кезде қандай әлсіз болса, қоғамның бір кезеңнен екіншісіне өтер шағында халық та сондай күйге тап болады» [11], – деп жазған ғалым Л. Гумилев пікірі сол кездің де, қазіргі шақтың да анықтамасы бола алатындай. Бұл жылдар хабарларының бір ерекшелігі экономикалық түсініктемелер, кеңестер беріліп тұрған. Оған айғақтың бірі – К. Маркстің «Капиталының» [12] өзекті жерлері әуе толқынынан оқылуы.

Тіпті радиохабарлардың тиімділігін арттыра түсу үшін қоғамдық рейд, көшпелі редакция сияқты журналистика пішіндері жақсартылып, жолға қойылған. Бұл тұста ел мүддесін жүзеге асырушылардың жақсы істері жайлы радиорепортаждар жиі орын алып тұрған. Мысалы, 1946 жылдың 16 маусымында берілген хабарда [13] екіқабат әйелдер мен босанған жас аналарға арнайы ашылған ауыл шаруашылығы өнімдері дүкенінің алдынан репортаж ұйымдастырылған. Дүкен директорының, сатушылардың сөздері, балалардың дауыстары, тілек-сұраныс қабылдауға қойылған телефон шырылы, т.б. репортажға қатысты детальдардың әсерінен тыңдаушы көз алдына өзіндік сурет келеді.

1947 жылы радио рөлінің күрт күшейген жылы болды. Халыққа ақпарат таратуда, саяси тәрбие беруде, елдің мәдени деңгейін арттыруда беделі арта түсті. Жаңа радио циклдар – «Біздің Отан», «Күн тақырыбында», «Ғылым мен техника жаңалықтары», т.б. пайда болды. Осы тұстағы радиохабарларында негізінде газет материалдары көп пайдаланылғанымен, озаттар тәжірибелері туралы ұйымдастырылған, басқа тыңдармандар атымен эфирге шыққан материалдарды көптеп кездестіруге болады. Ал ол хабарларды дайындаған радиожурналистер екендігі жинақы айтылған ой-пікірлерден, нақты түйіндерден көрініп отырды. Мысалы, ЛКСМ Орталық Комитетінің қызметкері Құрмановтың «Жазғы спорт маусымын ұйымшылдықпен қарсы алайық», трактор бригадасының бригадирі Таутановтың «Біз техниканың жоғары өнімділігіне қалай жетіп отырмыз?» [14], жетісулық қызылшашы Б. Тәтенованың «Қант қызылшасынан мол өнім алудың тәжірибесі жөнінде» [15], Ермековтің «Ғылыми еңбектердің жоғары идеялығын жақсартайық» [16] деген сияқты көптеген тақырыптар дәлел бола алады. Сонымен, «насихатшылық әдістердің бір сарындылығы, олардың ұрандық, мінберлік сипаты білініп тұрды. Мұндай жағдайда ақпараттың негізгі шындығынан гөрі идея басым болатын. Ал шындық соның бағынышында болып, қосалқы сипат алатын және айғаққа айналатын» деген пікір («Қазақ радиожурналистикасы») [17] сол жылдар хабарларының анықтамасы бола алады.

«… Шаруаға агрономиялық кеңестер, өсімдік шаруашылығы, ара өсіру, ауыспалы алқап, тыңайтқыштар пайдалану жөнінде хабар берілді. «Шаруа радиогазеті» ауыл шаруашылығын жақсартуға, оның табыстылығын арттыруға байланысты көптеген мәселелер жайында хабар дайындады». Міне, осы «Шаруа радиогазетінің» лайықты жалғасы болып келген ауыл шаруашылығы еңбеккерлеріне арналған хабарлардың халық шаруашылығын қалпына келтіру және одан әрі дамыту ісіне зор үлес қосқаны тарихи шындық.

«В своей организаторской деятельности печать, радио и телевидение использовали многочисленные формы, методы работы, в творческой – обращались к различным жанрам» [18], –деп сол тұстағы журналистика жайлы айтқан тарихшы ғалым Р.П. Овсепян пікірі осы ретте айқындала түскендей. Зерттеліп отырған тұста радиохабарлардың жиі қолданылған формаларының бірі – радиомақала. Оның себебі үстемдік етуші идеологияны халық жадына тереңірек сіңіру үшін әртүрлі саяси, қоғамдық тақырыптар осы мақалаларда қозғалды. «Радиомақала радиода көбінесе коғамдық-саяси және ғылыми-техникалық мәселелерге арналады. Оның көлемі әдетте газеттегіден кішірек болады» [19], – делінген журналист анықтамалығында. Көлемінің кіші болуы, әрине, радионың спецификасына байланысты.

Республикамызда болып жатқан қоғамдық-саяси, мәдени- рухани, әлеуметтік-экономикалық өзгерістердің үрдіс алуы коммунистік идеологияның саяси сахнадан түсуімен байланысты. Сондықтан ғасырға жуық біржақты, тоталитарлық үстемдік мүддесіне бағынып келген радиожурналистикаға жаңаша көзқарас туды, жаңа бағытпен, бағдармен дами бастады. Осындай кезде өткен мен бүгінді, ескі мен жаңаны салыстырып қарау арқылы радиожурналистиканың тарихын таразылау, баға беру қажеттігі туындайды.

Тоталитарлық мемлекет және әлеуметтік тоқырау заманы радиосы (1950-1985 жылдар). Соғыстан кейінгі күйреген халық шаруашылығын қайтадан қалпына келтіру кезеңінің ойдағыдай аяқталуы бүкіл кеңестің бұқаралық ақпарат құралдарының тілге тиек болған мәселесі ретінде күн тәртібінде тұрды. Сол тұстағы қалыптасқан дәстүр бойынша қоғам дамуының көрсеткіштері пайызға шағылып, ол артығымен орындалды деп есеп беру дағдыға айналған болатын. Міне, осындай даурықпалы, дақпыртты хабарлар беру Қазақ радиосының да жұмысынан орын алды. Сондықтан күйзелген халықты «енді сол күйреген құрылысты қалпына келтірген соң тамаша өмір сүресіңдер» деп титықтатқан идеология тіпті дендей бастады. Болашақтағы жұмақ өмір орнату жолындағы бесжылдық жоспарлар науқаны басталды. «Толыққанды социализмді орнатып, содан соң «қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заман» орнайды, ол – «коммунизм», соған жету үшін халық шаруашылығының жоспарларын артығымен орындау қажет» деген ұран тасталды. Жұмыс уақытынан тыс сенбіліктер, жексенбіліктер ұйымдастырылып, міндетті сегіз сағаттан кейін қалып жұмыс істеу сияқты бүкілхалықтық қозғалыс басталып кетті. Енді партияның осы саясатын насихатттау барлық БАҚ-та, оның ішінде радиода да белең алды.

1954 жылдың наурызынан бастап Орталық радиода ғылыми-көпшілік хабарларды беру жолға қойылды. Тылсым дүниеге жол ашу басталды. Мұның өзі біркелкі «социализм, коммунизм» тақырыбындағы хабарларды тыңдаудан жалыға бастаған тыңдармандарды бір серпілткендей болды. «Күн планетасы», «Айда тіршілік бар ма?» [20] деген сияқты хабарларға қосымша медицина, биология, астрономия, химия, т.б. ғылымдар жөнінде танымдық дүниелер көптеп беріле бастады. Қоғамның көптеген жан-жақты салаларын қамтитын бағдарламалар ұйымдастырылды.

Бұдан кейінгі осы кезеңнің айтулы хабарлары 1956-1961 жылдары өткен Компартияның XX және XXII съездерінің материалдарына байланысты болды. Өйткені онда Компартияның бірінші хатшысы болған Н.С. Хрущевтің жеке басқа табынушылық саясаты сыналған болатын. ЧК, НКВД, МГБ, КГБ деген атаулар адам ғұмыры үшін, солардың жертөлелерінде атылған сан мыңдаған адамдардың өмірі үшін айыпталды. XX съезде басталған саяси науқан ұзаққа созылып, үкімет басына Л.И. Брежневтің келуімен жалғасты. Әр кезең басшылары өзіндік бір саяси науқанмен есте қалатыны тарихта белгілі. Ал кейінгі хатшы Қазақстандағы игерілмей жатқан шексіз алқапты орыстандыру саясатын бастады. Ол «Тың және тыңайған жерді игеру» деген атпен тарихта қалды. Қазақстанның бүкіл жайылымдық жері қыртысы қопарылып, ен дала егіс алқабына айналды. Тың жерді игеру бүкіл радиохабарлардың өзегі, көркемөнердің негізгі тақырыбы болды. Кинофильмдер де түсіріліп, музыкалар жазылып, қаншама романдарға арқау болды. Ресейдің түпкір-түпкірінен кезекті «переселендік» кезең басталып, ағылып жұмыссыз, үйсіз-күйсіз жүрген басқа ұлт өкілдері көптеп қоныстанды. Қонақжай қазақ халқы кезекті саясаттың тағы да құрбанына айналды. Жер құнарлылығынан айырылып, эрозияға ұшырады. Жергілікті халық ұлттық қасиетінен ажырап, тілі шұбарланып, басып бара жатқан бөгде мәдениеттің, жат жұрттың илеуінде қалды. Қаншама рет зобалаңның, аштықтың, репрессияның құрсауына түскен жергілікті ұлт тағы да бір «соғыссыз саяси майданның» шырмауына түсті. Әрине, мұның бәрі Қазақ радиосынан да, басқа БАҚ-тың материалдарынан да басқаша түсіндіріліп, «үкімет қамқорындағы» деген нақышпен берілді.

1957 жылы радио Мәдениет министрлігінен бөлініп, Радио және телевизия жөніндегі мемлекеттік комитет болды. 1960 жылдың қазанынан бастап Бүкілодақтық радио тәулік бойы жұмыс істеп, хабар тарататын болды. 1961 жылы радиодан дүниені дүр сілкінткен ақпарат таратылды. Ол 12 сәуір күні ғарыщқа тұңғыш рет адамның ұшқаны туралы болатын.

1962 жылы Қазақ радиосында «Юность» атты жастар бағдарламасы ашылды. Қазақ тілінде «Ұшқын», «Құрдастар» деп аталатын бағдарламалар жастардың сүйікті арнасына айналды. 1964 жылдан ақпараттық-музыкалық «Маяк» радиостанциясы жұмыс істей бастады. Кейіннен осы радионың қазақша пішіні «Шалқар» болып Қазақ радиосында ашылды. Ұлттық бояуға қанық, ұлттық музыка, мәдениет, салт-дәстүр, тағылым, т.б. арқылы ерекшеленетін бұл радио халықтың сүйікті арнасына айналды. Алайда арна жабылып, шығармашылық ұжым таратылып, басшылар тарапынан үлкен қателік жасалды. Кейіннен қайта ашылуға рұқсат етілген-ді, бірақ арна тыңдарман аудиториясын біраз жоғалтып алды. Ал «Шалқардың» құрдасы болып өмірге келген Ресейдегі «Маяк» радиосының мерейтойлары ұлттық үлкен мереке ретінде тойланып өткендігі баршаға мәлім болатын.

1965 жылы гитлерлік Германияны жеңудің 20 жылдығы барлық ақпарат майданы жауынгерлерінің тіліне тиек болды. Соғыс ардагерлерін марапаттайтын деректі-көркем циклды хабарлар көбейді. Бағдарламалар көптеп ашылды. Деректі әңгіме, радиокомпозиция, радиоочерк, радиофильмдер деген жанрлар молая түсті. Әрі қарай қоғамдық саяси науқандарға жол берілді. Ұлы Қазан төңкерісінің 50 жылдығы, В.И. Лениннің 100 жылдығы сияқты мерекелер бірінен кейін бірі хабарлар желісіне айналды. Концерттер мен спектакльдерді радио арқылы трансляциялау белең алды. Халықты рухани демеуге арналған көңіл көтеру бағдарламалары ашылды, жастар мен балаларға арналған хабарлардың уақыт мөлшері көбейе бастады. «Мәдениет радиоуниверситеті» жұмыс істеп, руханиятқа үлес қосты. Ал 1967 жылдан бастап 3 арналы радиохабар тарату дамыды. Тыңдармандар алуан түрлі хабар тыңдау мүмкіндігіне қол жеткізді. Одақтас республикаларда радионы, телевизияны дамытуға көңіл бөліне бастады. Бүкілодақтық радиоға қатысты республикаларда 162 комитет құрылды, оның ішінде 14 одақтас республикалық, 20 автономиялық, 6 өлкелік, 109 облыстық және округтік комитеттер құрылды. Мұның бәрі радио жұмысын жандандырып, дамыта түсу үшін атқарылған шаралар болатын.

Мемлекеттік идеологияның ықпалы тек қана жақсы жақтарынан көрінбеді. Соғыстан кейінгі жылдары антиинтеллектуалды саясат етек алды. Ғылым, мәдениет, білім, әдебиет, т.б. қоғамдық салалар социалистік және буржуазиялық болып бөлінді. Идеологияға «қарсы» шығарма жазған жазушыларға, ән жазған композиторларға, т.б. қарсы істер қозғалды. Ресейде Анна Ахматова, Сергей Эйзенштейн, Михаил Зощенко, Михаил Булгаков сынды азаматтар шығармаларын сынау басталды, жала жабылды, үй тұтқынында ұсталды. Сөйтіп, басқа елдермен араға темір қақпа орнатылды. Социализм болашағынан басқа ешнәрсені ойлауға да мүмкіндік берілмеді. Қазақ зиялылары да осы науқаннан тыс қалмады. Көптеген жазушылар, ғалымдар, тарихшылар, тіпті заманның ұлы жазушысы Мұхтар Әуезовке дейін қудаланды. «Ресейдегі әріптес жолдастары алып қалмағанда халық, бүтіндей ұлт өкілдері жауапты болар ма еді, тарихшы Е. Бекмахановтың тағдырын кешер ме еді?» деген сүреңсіз сұрақтар тарихтың қойнауында қалды. Руханиятқа қарсы зобалаңның, зиялыларды, ойшылдарды қудалаудың небір қитұрқы түрін көрген халықтың еңсесі езілді. Оның соңғысы 1986 жылғы тәуелсіздік жолындағы көтеріліс болып саналады.

1970 жылы Бүкілодақтық радиоға Лапин деген азамат төрағалық қызметке келген. Ол соғысқа дейін сонда қызмет істеген. Үкімет қаулы-қарарларын, бұйрықтарын қалтқысыз орындайтын адам ретінде санада қалған. Радиожурналистердің жасаған хабарларын қаралау, кез келген жерден кінә тауып, айыптау сияқты жайлар осы басшының тұсында орын алды. «Жолсапарға кеткен журналист қайтып келгенінде оның жұмыстан қуылғаны жайлы құжат дайын тұратын еді» деп еске алады ардагер-радиожурналистер естеліктерінде. Олардың кез келген сөзінен үкіметке қарсы қателік табатын. Сонымен, тағы да қара тізім жасалып, өзіндік репрессия басталған. Журналистер бойын жалтақтық, сенімсіздік белгілері дендеді. Осы кездері бірін-бірі қайталайтын айдарлар көбейді. Тыңдармандар аудиториясы жоғала бастады. Нақты өмір бүркемеленіп, «біздің кеңестік өмір осындай» деген идеология үстемдік етті. Орыс ақыны К. Чуковский: «Радио – опиум для народа», – деп жазды. 1970 жылы осы басшының нұсқауымен «Алтын қорды тазарту» жұмыстары жүргізілді. Солақай басшының кесірінен қаншама қымбат дауыстар, материалдар өшірілді. Осылайша Бүкілодақтық радио жаңа кезеңге көшті. Ал Қазақ радиосының «Алтын қоры» ондай жадағай саясаттың құрбаны болып үлгерген жоқ. XX ғасырдың 50-жылдарында Қазақ радиосының материалдық-техникалық базасы үкімет қамқорлығына алынып, жаңа аппаратуралармен толығып, құрал-жабдықтар бөлінді. Сирек дауыстар жазылған хабарлар, концерттер, әдеби-музыкалық радиокомпозициялар, радиопьесалар сол тұстары пайдалануға берілген магнитті үнтаспаларға жазылып, ең таңдаулы деген туындылар «Алтын қорға» алынды. Ал ондай дүниелерді сараптау Көркемдік кеңестің ұйғарымы арқылы жүзеге асырылатын. Күні бүгінге дейін сол құнды дүниелерді көздің қарашығындай сақтап отырған «Алтын қор» қызметкерлері тарихты болашақпен жалғастырушылар екендігі ақиқат.

1985-1991 жылдардағы қайта құру мен жариялылық жылдарындағы радио. 1985 жыл бұқаралық ақпарат құралдарының даму кезеңдеріндегі өзгеріске толы жыл болды. М.С. Горбачевтың үкімет басына келуіне байланысты қайта құру саясаты басталды. Қоғамда жариялылық басталып, халық демократияға бетбұрды. Бұл қозғалыс жылдар бойы қалыптасқан тоталитарлық жүйеге қарсылық пен оның идеологиясына наразылықтан туындаған болатын. Бұрынғы бір жүйеге мойынсұнған одақтас мемлекеттер ыдырап, КПСС-тің жойылуына әкеп соқты. Бұл өзгерістер алдымен БАҚ-қа әсер етіп, тек қана социалистік қоғамның сойылын соғатын телерадио және баспасөз еркіндік алуға ұмтылыс жасай бастады. Дегенмен бұл тұста бүкілодақтық радио Компартияның XXVII съезінің шешімдерін насихаттаумен болды. Осы уақытқа сай келген жастар мен студенттердің дүниежүзілік XII фестивалі, стахановтық қозғалыстың 50 жылдығы және Қазан төңкерісінің 70 жылдығы тілге тиек болды.

Журналистерден жаңа қоғамдық сананы қалыптастыру үшін жұмыс істеулері талап етілді. Жалған ақиқат беру, асыра сілтеу, орынсыз мадақтан гөрі күнделікті, нақты мәселелеріне көңіл бөлу жолға қойыла бастады. Осының әсерінен кейбір радиожанрларға деген сұраныс азайды. Әуе кеңістігінде радиоочерк, радиокомпозиция, радиосуреттеме сияқты жанрлардан гөрі қысқа ақпарат беруге бетбұрыс басталды.

Журналистердің өмір құбылыстарын зерттеуге, сараптама жасауға және әлеуметтік психологияға қызығушылықтары артты. Жаңа радиопішіндер пайда болды. Бағдарламалар ақпараттық-музыкалық, ақпараттық-публицистикалық немесе музыкалық-ақпараттық болып бөлініп, тыңдармандар сұранысын зерттеуге жете көңіл бөлінді. Тікелей эфир тәсілі көбірек қолданыла бастады. Бұл тәсілдерді мемлекеттік радиолар да, мемлекеттік емес радиолар да қолданды. Радиохабарларда мәдени, эстетикалық, адамдық тәрбие беруден гөрі жеңіл музыка тыңдау, көңіл көтерушілік сияқты бағыт белең алды. Радионың адамдарға азаматтық тәрбие беру, адамгершілік сенімдерін насихаттау секілді негізгі функциясы назардан тыс қалды.

Радиохабарлар пішіндік өзгеріске түсті. Керісінше бір кездері қолданылмай кеткен радиокөпір пішіні пайда болды. Ол алғаш 1986 жылы КСРО мен АҚШ арасында ұйымдастырылды. Мәскеу студенттері мен Оңтүстік Иллинойст университеттері арасында екі сағаттық диалог өткізіліп, жастардың келелі мәселелері сөз болды.

Радиопублицистика жаңа түрге енді. «Депутат арнасы», «Лик» (литература, искусство, культура) сияқты арнайы арналар ашылып, әдебиет, өнер, мәдениет мәселелеріне көңіл бөліне бастады. Алғашқы коммерциялық радиолар дүниеге келді. 1990 жылы «Эхо Москвы» деп аталатын коммерциялық радио ашылды. 1991 жылы «Россия» радиосының демеушілігімен «Радио России ностальжи» деп аталынатын 1950-70 жылдардың музыкасына негізделген Франциямен бірлескен радиостанция жұмыс істей бастады. Осы жылдың 10 қаңтарында аталмыш радионың эфирге тұңғыш шығуымен қатар, бұқаралық радиожурналистикаға мемлекеттік монополия да тоқтады. Жаңа бағытта дами бастаған радиожурналистиканың өзіндік ерекшеліктері пайда болды. Көп радиолар дербестікке қол жеткізді. Республикалық «Қазақ радиосы» да дербес арнаға айналды. Ақпараттық танымдық хабарларды көптеп бере бастады. Тікелей эфирді меңгеру, алыс-жақын шетелдерге хабар тарату жүйеленді. Мысалы, Германияның Қазақстандағы елшілігінің 10 жылдығына арналған танымдық хабар тікелей эфирден 3 сағат бойы жүргізілді. Германияның географиялық ерекшеліктері, тарихы, әдебиеті, мәдениеті, халқы жайлы тыңдарман көптеген мағлұматтар алды.

Сонымен қатар Қазақ радиосы дикторлық радиодан журналистік радиоға ауысты, яғни алдын ала жазылып алынатын үнтаспалық материалдардың қатары азайды, журналистік радио алдыңғы қатарға шықты. Дикторлық кәсіп шеттетіліп, әуе кеңістігін комментаторлар, жүргізуші журналистер иеленді. Бұл эфир тазалығын бұзды, радионың эстетикалық тәрбие беру функциясына нұқсан келтірді. Әдеби, мәдени, тарихи, рухани сияқты хабарлар үнтаспаға алдын ала жазылған сәтте оның көркемдік ерекшеліктеріне айрықша көңіл бөлінетін. Арнайы бөлінген хабар режиссері хабарды тыңдап отырған тыңдарман мағлұматпен қоса эстетикалық ләззат та алуына жол салатын. Сондықтан диктор қызметін мүлдем алып тастамай, көркем хабарларға пайдалану қажеттілігі өмір талабынан қайтадан туындап отыр. Қоғамның рухани өмірі үшін көркем хабарлардың алатын орны ерекше екендігі аян.

Бағдарлама ауқымдылығы арта түсті, өмірдің қай саласына болмасын радиожурналистердің қалам тартуы өздігінен туындап, қоғамның алуан салалы құбылыстары сөз болып, сан түрлі бағдарламаларга жол ашылды. Журналистік ой-қиялға шек қою жойылған соң, авторлық бағдарламалар көптеп пайда болды. Мысалы, «Бағзыдан жеткен сөз», «Адамның кейбір кездері», «Сырлы әлем», «Адам, ғұмыр, қолтаңба», «Бүгінгі сұхбат», «Жан сарайы», «Денсаулық» сияқты т.б. көптеген хабарлар өз тұрақты тыңдармандарын тауып алған хабарлар болатын.

Сараптамалық бағдарламалардың кейбір тәсілдері игерілді. Апталық авторлық бағдарламаларға тыңдармандар үйреніп, әуе толқынынан іздеп, сұраныс арта түсті. Әрине, сұраныс артқан сайын каналдардың рейтингі арта бастады. «Өзекті мәселе», «Баспасөзге шолу», «Үкімет арнасы», «Алуан пікір. Тұжырым», т.б. көптеген хабарлар айтары айқын, берер мағлұматы мол дүниелерге айналды. Осы тәрізді журналистік шеберлік мектептерінің озық үлгілері, қайталанбас өмір өрнектері Қазақ радиосының жүз жылға жуық тайқазанында қалыптасты.

1991-2005 жылдардағы жаңа кезең радиосы. Бұл кезеңде мемлекеттік радиолар саны азайып, керісінше форматты радиолар саны көбейді. Бәсекелес радиолар арасында тыңдармандар аудиториясын көбейту үшін тартыс басталды. Адамдардың назарын аудару мақсатында небір айла-тәсілдер жүзеге асырылды. Сол себептен де радиожурналистиканың жаңа пішіндері пайда болды. Форматты-коммерциялық арналардың саны Ресейде 1993 жылы 27 болса, 1994 жылы 33-ке көтерілді. Бір жылғы көрсеткіштің айтарлықтай болуының өзі радионың қоғамдағы рөлінің аса түскендігін көрсетеді. «Еуропа Қазақстан», «Русское радио», «Авторадио», т.б. арналар қанатын кеңге жайып, дүниежүзіне таралды. Радио тыңдаудан соңғы жылдардағы зерттеулер бойынша жер шарында Америка Құрама Штаттары алда тұрған көрінеді. Олардың халқының 56 пайызы ақпаратты тек радиодан алады. Жан басына шаққанда күніне әр адам 3 сағат 20 минуттан тыңдайды екен. Әрине, радионың ақпарат таратудағы мүмкіншілігі басқа бұқаралық ақпарат құралдарына қарағанда жоғары. Әрі тыңдарман болған оқиға жайлы айқын пікірді радиожурналист аузынан естігісі келеді. Деректі оқып барып түйіндегеннен гөрі тыңдағанның әсері күштірек екені тәжірибеде дәлелденген.

Дүниежүзінде көптеген «оқиғалы орындарда» болып жатқан оқиғалардың аудиторияға нақты, шын, бояусыз, әсірелеусіз жеткізілуі талап етілді. Өйткені жалған ақпарат берушілер көбейді. Халық өз талғамына қажетті жайларды ғана тыңдауға мәжбүр болды. Ал бәсекелестік жағдайындағы радиолар өз рейтингтерін тек боямасыз, бірінен-бірі асырып баяндау арқылы жинай алатындығы белгілі. Аудиторияны жаулаудың небір жолдары, тәсілдері қарастырылуда. Тіпті жаңа радиоарна ашудың жолдарын үйрететін «www. radiostation» сайтыда интернеттен ашылды. Мұның өзі күннен-күнге радионың қоғамдағы қажеттілігінің артуынан деп түсінген жөн.

Соңғы кездері эфирден алуан түрлі шоулар ұйымдастыру етек алды. Кейде танымдық, музыкалық, көңіл көтерушілік бағытта болып, тақырыптық жағынан өзгеріп отырады. Тіпті арнаның хабар тарататын уақыты кей кездері бос, мағынасыз, мәнсіз, тағылымсыз сөздермен де толтырылып жатады. Әсіресе орыс тіліндегі жастар хабарларының парықсыздығы тыңдарман қауымды қынжылтып жүргені шындық.

Тәулік бойы хабар тарататын Қазақ радиосының сеткасында көрсетілген, тікелей эфирден шығарылатын әдеби- музыкалық бағдарлама түнгі 12 сағат 05 минуттан «Түнгі толқын» [21] деген айдармен беріледі де 01 сағат 35 минутқа дейін созылады. Ал «Шалқар» арнасында 23 сағат 05 минуттан 23.55-ке дейін «Жұлдызды түн» [22] хабары жүргізіледі. Әрине, қазақ тіліндегі хабарлар ұлттық болмысқа сай жүргізілуі тиіс. Өйткені жергілікті ұлт менталитеті өз тыныс-тіршілігінен, әдебиетінен, мәдениетінен, салт-дәстүрінен сезіліп тұруы тиіс. Әр елдің соны әйгілейтін, дәріптейтін арнасы болады. Сол үдеден көріне білген бұқаралық ақпарат құралдары ғана уақыт керуеніне ілесе алмақ. Тәуелсіз Қазақстанның радиостанциялары мемлекеттің тұғыры таймауы жолында, халықтардың достығы шайқалмауы мақсатында, ел ахуалын жақсартуға атсалысуда, бейбіт өмір сүру мәселесінде өз биігінен көріне алуда. Оған дәлел – тағылым-тәрбие аларлық, рухани нәр берер, болашаққа жарқын жол көрсетер тәулік бойы берілетін хабарлары. Қазақ халқы рухы биік, жаны таза, ер көңілді, жалын намысты, адами қасиеттері жоғары болғандықтан өзінің шығыстық әдебін, ар-ұятын ту ете отырып, ұрпақ сабақтастығын жалғастыруда. Міне, осы ретте электронды бұқаралық ақпарат құралдарының қосып отырған үлесі зор екендігіне көз жеткізуге болады. Бөгде мәдениет, оғаш дәстүрлер, тәлімі жоқ әдебиеттен бойды аулақтатып, ұлттық болмыспен өмір сүруге ұрпақты бағыттаужаңа қоғамның міндет-мұраты болмақ.

Тәуелсіз мемлекет радиосы (2005-2015 жылдар). Қазақ радиосы мемлекет тәуелсіздігін алғаннан кейінгі кезеңде жаңаша бағыт-бағдарда жұмыс істей бастады. Хабарлардың форматы, мазмұны, мағынасы өзгерді. Таспалық хабарлар азайып, тікелей эфирді меңгеру толықтай жүзеге асырылды. «Алтын қор» мұрағаттық материалдары сандық технологияға ауыстырылды. Бұл радио әлемдік радиолардың бай тәжірибелерінен үлгі ала отырып, даму үстінде келе жатыр. Қазақстан Республикасының ақпарат айдынындағы Қазақ радиосының рөлі зор екендігін осы саланы зерттеуші ғалымдар айқындап берді. Осы үрдіс жалғасын табуда. Қазақ радиосы мен «Шалқар» радиосы – Қазақстан Республикасының мемлекеттік саясатының негізгі бағыттарын насихаттап, жүйелі түрде ақпараттық қолдау көрсетіп, республиканың мәдени, экономикалық, әлеуметтік, т.б. салаларда алға басуына лайықты көмек көрсетіп келе жатқан ақпарат құралдары.

Қазақ радиосы бағдарламалары негізінен қазақ және орыс тілдерінде, сондай-ақ Қазақстанда тұратын өзге ұлт өкілдерінің тілдерінде жүргізіледі. Атап айтқанда, түрік, неміс, татар, корей, ұйғыр, әзірбайжан халықтарының өз тілдерінде бағдарламалар жүргізуіне мүмкіндіктер жасалған. Ел халқының 88,74 пайызы осы арнаның хабарларын 24 сағат бойы тыңдауға мүмкіндіктері бар. Ал «Шалқар» ұлттық арнасы күн сайын 18 сағаттан әдемі әуен мен ұлттық мүдде тұрғысындағы мазмұнды хабарлар ұсынады. «Шалқарды» ел тұрғындарының 62,04 пайызы тыңдай алады. Бұл арна қазақ халқының форматты радиосы ретінде қалыптасқан, әлі де сол тұғырынан таймай, ұлтқа қызмет етуде. Қазақ радиосы республикадан тысқары жерлерге де, Ресей мен Қытайдың, Өзбекстан мен Қырғызстанның шекаралық аймақтарына хабар таратады. «Шалқар» ұлттық арнасының хабарлары елдің ірі қалаларына тарайды. Интернеттегі http://kazradio.kz/ сайты арқылы Қазақ радиосының, «Шалқар», «Астана» және «Классик» радиоларының хабарларын он-лайн режимінде тыңдау қамтамасыз етілген. Қазақ радиосы хабарлары Астана мен Алматыдан берілетін радио хабарынан және облыс орталықтары хабарынан тұрады. Хабарлар ұзын, орта, қысқа және ультрақысқа толқындарда жұмыс істейтін радиостанциялары арқылы таратылады. Бағдарламалар жедел ақпараттан (жаңалықтар, шолулар, репортаждар, т.б.), қоғамдық-саяси, экономикалық, ғылыми, білім беру, әдеби-драмалық, музыкалық, спорттық және басқа хабарлардан құралады.

Егемен Қазақстандағы демократиялық қайта жаңғыруларды, экономикадағы, әлеуметтік және мәдени салалардағы ілгерілеушіліктерді шынайы тұрғыда көрсету – ұлттық арна ретінде Қазақ радиосының басым бағыты болмақ. Арнаның алдында мемлекеттік саясатты елді мекендердің барлығына, алыс түпкірлерге шапшаң жеткізу міндеті бұрын да болған, қазіргі кезеңде де тұр. Қазақ радиосының музыкалық форматы ұлттық және әлемдік музыкадан тұрады. Бұл формат бізге қазақстандық вокал мен операның шеберлерін ғана емес, әлемдік классика мен бүгінгі таңдағы музыканың барлық бағыттарын рок, кантри, джаз, хит және т.б. сөз ететін музыкалық бағдарлама жасауға еш кедергі келтірмейді. Қазақ радиосының негізгі міндеті – мемлекеттік ақпараттық саясатты жүргізу жөніндегі тапсырысты орындап, эфирдегі сөз арқылы Тәуелсіз Қазақстанның еліміздегі және әлемдік қауымдастықтағы жаңа, сан қырлы бет-бейнесін қалыптастыру. Қазақ радиосы өзінің тарихи ақпараттық борышын орындай отырып, мемлекеттік саясатты еліміздің тұрғындарына, ал қазақстандықтардың пікірлері мен ұстанымдарын билік тізгінін ұстап отырған құрылымдарға оңтайлы және шұғыл жеткізудің көпірі болып қала береді.

Қазақ радиосы сөздердің сауатты айтылуына, тіл тазалығына және тіл мәдениетіне ерекше көңіл бөліп келеді. Радиожурналистердің кәсіби деңгейінің өскенін олардың қазақ тілінің лексикалық байлығын пайдалана отырып, эфирді еркін меңгеруінен де байқауға болады. Оған мысал ретінде «Зиялы қауым», «Інжу-маржан», «Әлқисса» хабарларын, «Армандастар» және «Замандас» бағдарламаларын, т.б. айтуға болады. Сондай-ақ «Қайырлы таң, Қазақ елі!», «Тәулік тынысы», «Айтөбел», «Наридірген», «Елім менің», «Ұшқын» бағдарламаларын алуға болады.

ҚР Президенті Н. Назарбаевтың жыл сайынғы дәстүрлі Жолдауларында жүктелген мәселелердің ел аумағында орындалу барысы туралы «Қазақстан-2050», «Жаңа Қазақстан», «Шешім қабылданды», «ЭКСПО-2017», т.б хабарларында жүйелі түрде әңгімеленіп келеді. Төл тарихымызға жаңаша көзқарас тұрғысынан да көптеген хабарлар мен айдарлар ашылды. «Мен – қазақпын!», «Тарих толқынында», «Ұлттың жаны – ұлт тарихы», «Замана заңғарлары», «Исторические заметки», т.б. хабарларында ұлт тарихының мәселелері сөз болып жатқанын құлағы түрік тыңдаушылардың өздері де байқауы мүмкін. Эфирден тұрақты түрде беріліп жүрген хабарлардың біразымен таныстыра кеткен орынды.

Қазақ радиосының таңғы ойын-сауықтық бағдарламалар редакциясы эфирге шығаратын «Қайырлы таң, Қазақ елі!» бағдарламасы тыңдаушылардың таңертеңгілік көңілін көтеріп, рухани сергектігін арттыруға бағытталған. Таңғы көңілашар эстрадалық әндер, қызықты деректер, шартарапта болып жатқан оқиғалардан шұғыл ақпараттар, ғылым-білім, медицина, спорт, автожаңалықтар, сән әлемінің елең еткізер оқиғалары, ел іші хабарлары, ауа райы, биржа бағамы, керек кеңестер, жедел сұхбаттар, ұлттық мәселелер төңірегінде ой-талқылаулар, т.б. жекелеген айдарлар бойынша қамтылады. Шығармашылық топтың басты ұстанымы:

Тәңірінің күні жарқырап,

Ұйқыдан көңіл ашар көз.

Қуатты ойдан бас құрап,

Еркеленіп шығар сөз.


«Қайырлы таң, Қазақ елі» – таңмен бірге оянып, тіршілігіне кіріскен барша жұрттың құлағын түре жүретін сүйікті бағдарламасы. Жетекшісі – Құралай Жұмахан, жүргізуші-редакторлары: Гүлден Қабиолдақызы, Лаура Омарқызы, Мұхамедияр Рашай, Әйгерім Оралбекқызы.

Адамның басынан өткеріп жатқан тағдыры шындықпен шынайы жазылатын әдеби-көркем шығарма «Өмірдің өзі новелла» деп аталады. Әдеби-көркем тілмен жазылатын сазды хабардың авторы – Ләззат Қапышева. Қазақстанға еңбек сіңірген әртіс Сауық Жақанованың оқуында беріледі. Хабардың тыңдарман аудиториясы өте үлкен, Қазақ радиосының сайтында өзіндік орны бар хабар.

Алматы студиясынан Мұрат Мұқаштың жетекшілігімен шығатын «Табиғат және біз» хабарында Елбасы Жолдауына сай, бәсекелес елдермен тең түсу жолында елде дені сау халықтың өмір сүруі, олар өмір сүріп отырған қоршаған орта экологиясының тазалығы, мемлекетіміздің басты назарында болып отырған халық тұтынатын табиғи өнім шығарып жатқан зауыттар мен фабрикалардың жағдайы, олардың тыныс-тіршілігі баяндалады. Хабардың форматы экологиялық, қоғамдық-танымдық, редактор-жүргізушісі – Алма Серікқали.

Қоғамдық-танымдық хабар «Менің елім» бағдарламасының мақсаты – еліміздегі этносаралық достықты, ынтымақты насихаттау. Хабар барысында елімізде мекен етіп жатқан өзге этнос өкілдері біздің ана тілімізді қаншалықты меңгеріп, ата-дәстүрімізді қаншалықты сыйлайтындығы, әдебиетмәдениетімізден қаншалықты хабардар екені сөз етіледі. Сонымен қоса хабар кейіпкері өз ұлтының дәстүрі мен әдебиет-мәдениетін баяндай отырып, ата-бабасының немесе өзінің Қазақстанға қалай қоныс аударғаны жөнінде әңгімелейді. Хабардың қай кейіпкерінен болмасын қазақ халқына деген ықыласпейіл, ризашылығы айқын аңғарылады. Жүргізушісі – Мөлдір Жанбаева.

Бүгінгі ұрпақ санасына халқымыздың рухани құндылықтарын сіңіру, қазақтың салт-дәстүрі мен дүниетанымындағы ерекше құбылыстарды; этнографиялық құндылықтарды уақыт ағымына сай екшеп, көпшілік тыңдарманға ұсыну сияқты мақсаттар – «Қазақтың қазынасы» бағдарламасының негізгі бағыты. Белгілі мәдениеттанушы ғалымдар, тарихшылар мен этнографтар қатысады. Мәдени-танымдық хабардың жүргізушісі – журналист Мақсат Мәліков.

Әлеуметтік-танымдық бағыттағы «Қарттарым аман-саумысың?» атты хабар қарияларға қолдау көрсету жөніндегі мемлекеттік бағдарламаны ақпараттық тұрғыдан сүйемелдеу бағытында жүргізіледі. Хабарда еліміздегі көргені көп, түйгені мол қазыналы қарттарымыздың әлеуметтік жағдайы туралы әңгіме болады. Астана, Алматы қаласындағы қарттар үйінің тұрғындары мен жалғызілікті қарт адамдардың бүгінгі жай-күйі қамтылады. Сонымен қатар еліміздің өзге аймақтарындағы қариялардың өмірі, 80-нен асқан, 100 жасқа келген қарияларға үкімет тарапынан көрсетіліп отырған қамқорлық мәселесі де хабарға арқау болады. Жүргізуші – журналист Гүлбану Алпамысқызы.

Бүгінгі ұрпақ санасына халқымыздың рухани құндылықтарын сіңіру, қазақтың салт-дәстүрі мен дүниетанымындағы ерекше құбылыстарды таныту, этнографиялық құндылықтарды уақыт ағымына сай саралап, көпшілік тыңдарманға ұсыну «Қазақтың қазынасы» хабарының мақсаты болып табылады. Бағдарламаға белгілі мәдениеттанушы ғалымдар, тарихшылар мен этнографтар қатысады. Мәдени-танымдық хабарды радиожурналист Мақсат Мәліков жүргізеді.

Мәдени-танымдық, қазақ руханиятын дамытуға өзіндік үлесін қосатын «Қаламгер. Қазақ әңгімелері» хабарының да өзіндік орны бар. Хабарда қазақ жазушыларының әңгімелері оқылады.

Нұржамал Жаңабаеваның «Шығыс жұлдыздары» мәдени-танымдық бағдарламасы шығыстың жеткен шыңын, жүрген жолын, сұлу санасын, қарымды қалпын, дарытқан даналарын санасы ояу, көкірегі ашық тыңдарманға таныту, шығыстың өн бойындағы бірегейлікті тыңдаушыға дарыту, осылайша қазақтың осы бір алып өркениеттің ажырамас бөлігі екенін айтып, қорытуды мақсат тұтқан.

Дін еркіндігі және дінаралық келісімді қамтамасыз ету бағытындағы мемлекеттік саясатқа ақпараттық қолдау көрсетуге арналған қоғамдық-танымдық бағдарлама «Жұма мінбері» деп аталады. Жүргізуші – журналист Бақыт Жағыпар.

Журналист Жанар Оразымбетованың «Сәуле ғұмыр» атты мәдени-танымдық хабарының мақсаты – өшпес із, мол мұра қалдырған тұлғалар өмірінің сәулелі сәттерін тілге тиек ете отырып, бүгінгі ұрпаққа үлгі-өнеге ету. Халқына қадірі асқан біртуар жандар өмірін насихаттап, олардың кісілік пен парасатқа толы өнегелі істерінен ғибрат алуға шақыру.

Бақыт Жағыпардың «Замана заңғарлары» қоғамдық-танымдық хабары қазақ мемлекетінің дамуына үлкен еңбек сіңірген қайраткерлердің өмір өткелдері жайлы сыр шертуді, азаматтық тұлғасын сомдауды мақсат етеді. Халыққа қалтқысыз қызмет еткен ел ағаларының еңбегін өскелең ұрпаққа үлгі ету тұрғысында еңбек етуде.

«Жаңа Қазақстан» радиожурналында Қазақстанның бүгінгі бет-бейнесі, экономика және бизнес саласындағы жеткен жетістіктері, жалпы қоғамдық-әлеуметтік өмір тынысы суреттеледі. Елбасы Жолдауында айтылған мәселелерді жүзеге асыру барысын насихаттауға арналған хабардың жүргізушісі – Толқынай Ахмет.

Жастарға арналған ойын-сауық хабары «Алматы түні» деп аталады. Бұл хабар батыс мәдениетіне жаппай еліктеуге бел алған қазіргідей кезеңде ұлттық болмысымызды сақтау, салт-дәстүрімізді ұмытпау іспетті мәселеде үлкен рөл атқарады. Сонымен қатар жастардың ел тарихына деген қызығушылығын арттырып, тіл байлығын дамыту, жазу мәдениетін көтеру тәрізді мәселелерге өзіндік үлес қосады. Редактор-жүргізушілер – Аман Тасыған, Гүлбаршын Зайыровалар. Хабардың форматы – тікелей эфир.

Сайлаубай Тойлыбаевтың жүргізуінде өтетін «Қазақ руханияты» әдеби хабарының мақсаты – белгілі ақын-жазушылармен, мемлекет және қоғам қайраткерлерімен сұхбаттаса отырып, қазақ әдебиеті пен мәдениетіне қатысты мәселелерді қозғау, сол арқылы қоғамдық санаға ой салу, зиялы қауым өкілдерінің рухани құндылықтарымызды сақтап байыту төңірегіндегі ой-пікірлерін саралау.

«Шаңырақ шуағы» хабарының мақсаты – ата-баба дәстүрлерін сақтау кейінгі ұрпақ парызы екендігін насихаттау. Елдің елдігін көрсетіп, берекесін ұйытатын басты ұлттық құндылықтарымыздың бірі – бұл ағайынның, жегжатжұраттың татулығы, әулеттің сүттей ұйыған тірлігі, кішінің үлкенге, келіннің енеге деген ізеті, ата-ененің келінге, күйеу балаға деген пейілдері, әке-шешенің – балаға, баланың – әке-шешеге деген махаббаты, құда-құдағилардың мың жылдық сыйластығы. Хабар жастарға өнеге ретінде осындай ұлттық асыл қасиеттерімізді ел арасында насихаттауға, ұлықтауға арналған. Жүргізуші – Гүлназ Молдабергенова.

Қай елдің білімі жақсы дамыса, ғылымы да жоғары өрлеп, сол елдің болашағы да жарқын болатынын өмірдің өзі дәлелдеп отыр. Біз өмір сүріп отырған ХХІ ғасыр – ғылымның шыңына жеткен заман. «Осы тұрғыдан бүгінгі қазақ ғылымы мен білімінің жағдайы қандай, келешегі не болмақ?», «Білім беру жүйесі қалай дамуда, ғылымда ілгерілеу бар ма?» деген сұрақтарға жауап іздеу – ғылыми-танымдық «Білім көкжиегі» хабарының басты мақсаты. Қоғамдағы өзгерістерге байланысты, еліміздің білім жүйесінде де үзіліссіз реформалар болуда. Өйткені мемлекеттің халықаралық білім кеңістігіне енуі үшін білім саласына айтарлықтай жаңашылдық пен әлемдік стандартқа сай ілгерілеушілік қажет. Ал келешектің кілті бүгінгі жас өркеннің білім деңгейімен өлшенетінін бүкіл қоғам мойындап отыр. Хабар бүгінгі таңдағы жаңалықтар мен көкейкесті мәселелерді білім саласындағы мамандар арқылы елге түсінікті де, ұғынықты түрде жеткізіп отыруды мақсат етеді. Хабарға елімізге белгілі ғалымдар мен білім беру ісінің қызметкерлері, мамандар қатыстырылады. Жүргізушісі – Нұржамал Хасанқызы.

Мәдени-танымдық хабар – «Балапан» хабары. Бүлдіршіндердің таным деңгейін арттырып, ұлтжандылыққа тәрбиелеу мақсатында жүретін хабардың жүргізушісі – Шолпан Байғабылова. Хабардың мақсаты – Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың Жолдауында айтылғандай, мектеп жасына дейінгі балаларды оқыту және тәрбие беру ісін жетілдіру. Балабақшаларда өтіп жатқан іс-шаралар жайлы тыңдармандарды хабарландырып отыру.

Журналист Айсәуле Бейсенхан жүргізетін рухани, сұхбат жанрындағы хабар «Жусан иісі» деп аталады. Қазақ даласының табиғаты, ұлтымызға тән болмыс-бітімі, жер су-атаулары, ежелгі әдет-ғұрып, салттарымыздың бүгінгі күнге дейін жалғасуы туралы хабарда сөз болады. Хабардың кез келген тыңдарманның жүрегіне жол табары сөзсіз.

Жазира Амантайқызының «Алыстағы ағайын» хабары. Әлемнің түпкіртүпкірінде мекен ететін қазақ диаспорасының тыныс-тіршілігін баяндау, атамекенді аңсаған алыстағы ағайын мен атажұртқа ат басын бұрған қандастарымызды халыққа таныстыру – хабардың мақсаты.

Әлеуметтік, мәселелік, сараптамалық хабар – «Ұрпақ қамы». Авторы әрі жүргізушісі – Аида Өмірзақ. Бағдарламаның мақсаты – балаларға қатысты қоғамдық-әлеуметтік мәселелерді көтере отырып, бала құқығын қорғау, жасөспірімдер арасындағы суицидтің, қылмыстың, нашақорлық пен т.б. жаман іс-әрекеттердің алдын алу, бала денсаулығына, өміріне қатысты тақырыптарды көтеру.

Әдеби-сазды сұхбат форматында жүргізілетін «Ағымнан жарылсам…» хабарының жүргізушісі – Мөлдір Жанбаева. Хабардың мақсаты – өнер әлеміне өзгеше өрнек салған әнші-сазгерлермен, қаламы қарымды жазушылармен, ақындармен бүкпесіз сырласу арқылы олардың шынайы болмысына қанығу. Бұрын-соңды көпшілік алдында айтылмаған сырларын аша отырып, еркін сұхбат жүргізуді мақсат етеді.

Музыкалық «Біз екеуміз» атты хабар барысында жанұя жарастығын сақтап, татулықтың шырағын жаққан ерлі-зайыптылардың сырлы сұхбаты беріледі. Жетекшісі – Ләззат Қапышева, жүргізушісі – Альмира Елімсары. Қазақ радиосынан беріліп жатқан хабарлардың бәрін қамтып, анықтама беру мүмкін емес, сондықтан бәріне тоқталмадық. Бірақ Қазақ радиосы журналистерінің қажырлы еңбегі кейінгі ұрпаққа үлгі болары сөзсіз.

Ал қазақ тележурналистикасының тарихы ғалым Қ. Тұрсынның «Қазақ тележурналистикасы: қалыптасу, даму проблемалары» атты монографиясында толыққанды сипатталған.

Отандық телерадиохабар таратуды зерттеушілер жайлы. Қазақ радиожурналистикасының жүріп өткен жолдары, қалыптасуы, бүгінгі күнге дейінгі даму кезеңдері радиожурналистиканы зерттеуші ғалымдар тарапынан зерделеніп, бағаланды. Ерен еңбекпен, қажырлылықпен, тиянақтылықпен атқарылған бұл жұмыстар – ұзақ жылдарғы зерттеу жемісі. Радиожурналистика ғылым ретінде мойындалмағанымен ауқымды зерттеулер жүргізіліп, ғылыми дәлелденіп, жаңалықтар ашылуда. Осы жолда әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, журналистика факультеті «Баспасөз және электронды БАҚ» кафедрасының оқытушы- ғалымдары негізгі ғылыми зерттеулерді жүргізуде.

Телерадиожурналистиканың табиғатын, жанрлық ерекшеліктерін филология ғылымдарының докторы, профессор Марат Кәрібайұлы Барманқұлов [23], радиохабарлардың алғашқы пайда болу тарихын филология ғылымдарының кандидаты, доцент Рамазан Сағымбеков [24], екінші дүниежүзілік соғыс жылдарындағы радионың рөлін тарих ғылымдарының докторы, профессор Сағымбай Қабашұлы Қозыбаев [25] зерттеп, ғылыми тұжырымдар жасады.

Қазақ радиожурналистикасының қалыптасу кезеңдері зерттеу нәтижесінде Қазақ радиосының жұмыс істей бастағанына бұрынғы деректердегідей 70 жылдық тойланар тұста жетпіс жыл емес екендігін, атап айтсақ 80 жыл болғаны [26] дәлелденді. Қазақ жеріндегі радиостанциялар 1913 жылдан бастап жұмыс істеді делініп келген болатын бұған дейінгі ғалымдар еңбектерінде. Енді деректер нақты уәждермен дәлелденіп, алғашқы радиостанциялардың 1912 жылдан жұмыс істегені де анықталды.Филология ғылымдарының кандидаты, доцент Аязби Ақбергенұлы Бейсенқұлов [27] телерадиодағы компьютерлік технологияның қолданылу ерекшеліктерін анықтап, дәйектеді. Филология ғылымдарының кандидаты, доцент Клара Қабылғазы [28] Ұлы Отан соғысынан кейінгі күйреген халық шаруашылығын қалпына келтіру жылдарындағы Қазақ радиосының қызметін зерттеп, тарихи кезеңге баға берді. Ал тікелей телерадиоэфирдің табиғатын филология ғылымдарының кандидаты, аға оқытушы Жидегүл Әбдіжәділқызы [29] зерделесе, Қазақ радиосының әдеби-драмалық хабарларының пайда болуын, даму сатыларын, табиғатын филология ғылымдарының кандидаты, доцент Орынтай Ошанова [30] және филология ғылымдарының кандидаты Темірғали Көпбаевтар [31] айқындады.

Қоғам үшін радионың маңыздылығы, оны ғылыми бағамдау өмір талабынан туындады. Радиожурналистиканың бүтін бір әлем екендігін, оның басқа бұқаралық ақпарат құралдарынан өзіндік ерекшеліктерінің мол екендігін дәлелдеу, жанрлық, пішіндік өзгерістерін зерттеу, эфирдегі сөз құдіретінің әсерін, оның пайдаланылу тәсілдерін, бұған дейін жүйеленбеген мәселелерін тек қана радиожурналистиканы зерттеуші ғалымдар тұжырымдайды. Осы тұрғыдан келгенде «Баспасөз және электронды БАҚ» кафедрасының ұжымы біраз еңбек сіңіргенін мақтанышпен айтуға тұрарлық.

Қазақстандағы журналистер дайындайтын оқу орындары үшін әдістемелік орталық болып отырған журналистика факультеті қажетті оқулықтарды, оқу құралдарын, типтік бағдарламаларды шығарып, тарату ісінде үлкен жетістіктерге қол жеткізуде. Журналистиканы ғылым ретінде дәріптеуде жүргізіліп отырған ауқымды зерттеу жұмыстарының атқарар жүгі қомақты. Өйткені кез келген қоғамның, мемлекеттің электронды журналистикаға сүйенбеген күні болған емес. Журналистика – өмірдің, қоғамның бейнесі.

Ал Қазақ радиосы республикадағы бірден-бір ауқымы кең және ұлттық ақпараттық форматтағы радиоарна болып қалыптасқан. Қазақстандағы электронды ақпарат құралдарының ішінде Қазақ радиосы ерекше мәнге ие болып отыр. Ол бірден-бір мемлекеттік арна болып табылады, яғни басты мақсаты ақпараттық саладағы мемлекеттік ұстанымды тарату, насихаттау болып қала беруде. Оның үстіне Қазақ радиосының ғасырға жуық тарихы бар, дәстүрге бай шығармашылық ұжым. Осы жылдар аралығында ол бірнеше ұрпақтың сүйікті арнасына айналып, рухани сұраныстарын қанағаттандырып келеді. Соның ішінде қазақ халқының мәдени бай дәстүрлерін қалыптастырып, дамытуда үлкен орнымен танылды: бүгінгі жеткен жетістіктеріміз – жоғары мәдениет пен жаппай сауаттылығымызда, қоғамдық құбылыстар мен оқиғаларға бейжай қарай алмайтындығымызда радиохабарларының ықпалы өте күшті болды.

Қоғамдық өзгерістер мен жаңа технологиялар Қазақ радиосына да ақпараттар тасқынынан қажетті мағлұматын алуда ұшқырлыққа мүмкіндік жасады. Оңтайландыру кезінде Қазақ радиосының да бюджеті мен штаты барынша қысқартылып, тұтастай бір «Шалқар» радиостанциясы, оның ішінде қырдағы елдің тыныс-тіршілігінен хабардар етіп отырған «Ауыл өмірі» бағдарламасы да жабылып қалған еді. Қазіргі уақытта ұлттық радио мемлекеттік тапсырыс бойынша тәулігіне 24 сағатқа дейін әуе толқынына хабар таратса, тәулік бойы ақпараттық хабарлар топтамасы қазақ және орыс тілдерінде беріліп отырылады, оның көпшілігі тұтастай жаңа мағлұмат-деректерден түзіледі. Жедел ақпарат орталығының шығармашылық қызметкерлері оларды өңдеу, даярлау және эфирге беру міндеттерін атқарады. Ал бірнеше жыл бұрын ақпараттық хабарлар әр сағаттың басында беріліп, «Соңғы хабарлар» редакциясында 200ге тарта адам қызмет атқаратын. Міне, осы журналистер қатарының еселеп қысқарғанына қарамастан ақпаратты дайындау мен өңдеудің сапасы кеміген жоқ. Рас, бұрынғыдай журналистер өздері дайындаған ақпаратты емес, көбіне сырттан келіп түсетін хабарларды өңдеумен айналысады. Ондай көздердің қатарында ақпараттық агенттіктер мен интернет көздері бар. Қазақ радиосының жедел ақпарат орталығына күніне 200-ден аса әртүрлі электронды хаттар келіп түседі. Оның ішінде Қазақ ақпарат агенттігі, «Интерфакс Қазақстан», «Kazakhstan Today», «Қазақстан Пресс», «Кода» ақпараттық агенттіктерінің, бірқатар министрліктер мен ведомостволардың баспасөз қызметтері бар.

Әдебиеттер

Негізгі:

1. ҚР Президенті Н.Ә. Назарбаевтың төртінші Еуразиялық Медиа Форумда сөйлеген сөзі.

2. Радиожурналистика: учебник / под ред. А.А. Шереля. – 2-е изд. – М., 2002.

3. Цвик В. Журналист с микрофоном. – М., 2000.

4. Қабылғазина К. Хабар технологиясы: оқу құралы. – Алматы: Қазақ университеті, 2011.

Қосымша:

1. Ниссбетт А. Звуковая студия. – М., 1989.

2. Ниссбетт А. Применение микрофонов. – М., 1981.

3. Энциклопедический словарь юного техника. – М., 1997.

4. Справочник по радиовещанию / А. Выходецтің жетекшілігімен. – М., 1981. Телерадиожурналистика: теория, тәжірибе, түйін.

5. Рытин Э.А. Техника и методика электронных средств журналистики. – М., 1994.

6. Тхагушев Г.Н. Радиоаудитория и ее изучение. Основы радиожурналистики. – М., 1994.

7. Зарва М.В. Произношение в радио и телевизионной речи. – М., 1976.

Түйін сөздер:

1. Телерадиожурналист оқиға ортасында жүріп, көрген-білгенін тікелей эфирге шығып, баяндай алады.

2. Соңғы жылдары кең қолданысқа ие болған технологиялар радионың мүмкіндігін арттыра алды.

Пікірталас тудыратын сұрақтар:

1. Тек радиотілші төтенше жағдайлар болсын, спорт жарыстары болсын, ақпаратын жеткізу мақсатында орталық студия арқылы байланысқа қосылып, тікелей эфирде жұмыс істей алады, ал тележурналисте мұндай мүмкіндік болмайды.

2. Радио ақпарат таратуды аз шығынмен тікелей эфир жағдайында жүзеге асыруға мүмкіндік туғызды. Демек, ақпаратты тұтынушысына жеткізу жеделдігі жағынан телевизия да, интернет те радионың алдына шыға алмайды.

СОӨЖ тақырыптары:

1. Телерадиожурналистикада техниканың қолданылу тәсілдеріне тәжірибелік салыстырмалық мысалдар келтіру.

2. Телерадиодағы мораль тақырыбының насихатталуы.

3. Қазақ телерадиосының мәдени хабарларына шолу.

4. Телерадиохабарларындағы сөздің рөлін мысалдармен салыстыра сипаттау.

5. Теледиохабарларындағы музыканың рөлін мысалдармен сипаттау.

6. Қазақ радиосындағы тарихи хабарларды топтастыру, мысалдармен сипаттау.

Бақылау сұрақтары:

1. Электронды БАҚ-тың қоғамдағы негізгі міндеттерін сараптаңыз.

2. Радиожурналистиканың даму кезеңдеріне тоқталыңыз.

3. Электронды БАҚ-тың ғылым ретінде зерттелу деңгейін cаралаңыз.

Телерадиожурналистика

Подняться наверх