Читать книгу Бэла Ахметова: Өнегелі өмір. 28-шығ - Коллектив авторов - Страница 1

Құрметті оқырман!

Оглавление

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті белгілі тұлғалар, мемлекет және қоғам қайраткерлері, Қазақстанның білімі мен ғылымын ұйымдастырған әйгілі педагогтары мен ғалымдарына арналған «Өнегелі өмір» сериясын шығаруды жалғастыруда. Аталмыш серияның жаңа шығарылымы белгілі физик ғалым, педагог, 1972 жылы физика төңірегінде ашқан жаңалығы үшін КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты атанған жалғыз қазақ әйелі, профессор Бэла Ғабдолғалиқызы Ахметоваға арналады.

Оның болашақ ғалым ретінде қалыптасу кезеңі Кеңес Одағындағы ғылым мен техниканың қарқынды дамуымен тұспа-тұс келді. Атап айтқанда, физик-теоретиктер орасан табыстарға қол жеткізген болатын. Бұл Б.Ғ. Ахметованың таңдауына өз әсерін тигізбей қоймады. 1961 жылы С.М. Киров атындагы ҚазМУ-дың физика факультетін тамамдаған жас ғалымды М.В. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің аспирантурасына ұсынады. Осында физика-математика ғылымдарының кандидаты ғылыми атағын алу үшін «Протонографияның кейбір мәселелерін зерттеу» атты тақырыпта диссертациясын сәтті қоргайды. Аспирантураны аяқтаган соң Ахметова Бэла Ғабдолғалиқызы қызығы да, қиыншылығы да мол оқытушылық қызметке кірісіп, ҚазМУ-да педагогикалық қызметтің асистентігінен профессорлығына дейінгі ұзақ жолды жүріп өтеді.

Осы уақыт аралығында бір сәтке де ғылыми жұмысы ұмыт қалмайды. Бэла Ғабдолғалиқызы өзінің барлық уақыты мен күш-жігерін физика-математика ғылымдарының докторы, профессор А.Ф. Тулинов жетекшілік еткен монокристалдардағы ядролық реакцияларда көлеңкелер эффектісін зерттеумен айналысқан ғылыми топтың жұмысына арнайды. 1972 жылы дәл осы ғылыми еңбек үшін топтың барлық мүшесі КСРО Мемлекеттік сыйлығының Лауреаты атағына лайықты деп танылады.

Үлкен табысқа қол жеткізгеннен кейін, қалған уақытты оқытушылық қызметке, отбасына арнауға болатын еді… Бірақ ғылым адамы көпқырлылығымен, еңбекқорлығымен ерекшеленеді. Ал Бэла Ахметова сондай тұлға еді. Ол ғылыми-педагогикалық және қоғамдық-саяси қызметті ұштастыра білді. 1975-1980 жылдар аралығында Алматы қаласы Кеңес ауданының XV және XVI шақырылымына екі мәрте депутаттыққа сайланды. Жемісті еңбегі үшін Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің грамотасымен, Қазақ КСР-ның жоғары және орта арнайы білім беру Министрлігі, сондай-ақ Қазақ кәсіподақтары кеңесінің Құрмет грамоталарымен марапатталды.

«Ұстаздық еткен жалықпас» деп Абай атамыз айтып кеткендей, бүкіл ғұмырын ұлы жолға арнаған Ахметова Бэла Ғабдолғалиқызының өнегелі өмір жолы кейінгі ұрпаққа үлгі болсын деген ниетпен осы кітапты ұсынамыз.


Бэла Ахметова: Өнегелі өмір. 28-шығ

Подняться наверх