Читать книгу Бэла Ахметова: Өнегелі өмір. 28-шығ - Коллектив авторов - Страница 9

ЕСІМІ ЕСТЕН КЕТПЕС
ІЗДЕНІСКЕ ІЗ ҚОСҚАН

Оглавление

Өтеш ҚАРАШИН,

профессор

«Ғылым инемен құдық қазғандай» деп қазақ айтқан. Тіпті мұны ол ғылым-білімге қолы жетпей тұрып айтуы да мүмкін-ау… Не болғанда да, ғылыми ізденіс оңай емес. Бірақ, қиын екен деп ізденуші қарап отыра алмайды. Кезінде Кеңес Одағына, одан арғысы дүние жүзіне де мәлім болған ірі тұлға – академик М.В. Келдыш айтқандай, ғылымда аптықпай асығу керек. Демек, асықпауға да, асығуға да болмайды. Ғылым жайбарақат тоқмейілсу мен тоқырауды көтермейді. Өйткені, байсалдылықпен, байыптылықпен толассыз, тоқтаусыз іздену, зерттеулер жүргізу қажет.

Ғылыми-зерттеу жұмысына өзін, өз еңбегін арнаған адамдар үшін қойылатын жалпы талаптардың бірсыпырасы осындай. Солай бола тұрғанмен жалпының өзі даралық, ерекшелік арқылы көрінетіні мәлім. Ал, біз әңгіме еткелі отырған Бэла Ғабдолғалиқызы Ахметова жалпы физика-математика, соның ішінде ядролық физика ғылымдары са- ласына өзіндік ерекше із қосқан, өшпес өнеге көрсеткен ғалым. Ол ғылымдағы бәйгеде «жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар шығады» дейтіндей үздік үрдіс, шынайы серпіліс танытты. Құрамында сегіз ғалым бар зерттеушілер тобы профессор А.Ф. Тулиновтың басшылық етуімен жүргізген «Монокристалдардағы ядролық реакцияларда көлеңкелер эффектісін ашу мен зерттеу» деп аталатын кешенді жұмыста Бэла Ғабдолғалиқызы ойдағыдай нәтижеге қол жеткізді және солармен бірге ғылымдағы «сегіз серінің» бірі болып, 1972 жылы Кеңес Одағының мемлекеттік сыйлығының лауреаты атанды. Бұл жөнінен алғанда, тіпті Бэла Әлия мен Мәншүк апаларының аласапыран соғыстағы ерлігін бейбітшілік жағдайда – ғылымда қайталады десек, қателеспейміз. Сондықтан да қазақ халқы Бэланы мақтауға да, Бэламен мақтануға да толықтай құқылы.

Мен Бэланың ғылымда ашқан жаңалығының мазмұнын, мән-жайын ашайын деп отырғаным жоқ. Ол туралы өз кезінде айтылған, жазылған материалдар жоғарыда келтірілді ғой.

Айтайын дегенім, Бэланың ғылыми еңбегінің маңыздылығы, құндылығы мен оның өзінің өмір жолы жайында қысқаша ой тұжырымдау.

Алдымен ХХ ғасырдың бас кезінде ғылыми-философиялық ойлау жүйесінде «Қазіргі физика толғатып жатыр. Ол диалектикалық материализм туады» дейтін көрегендік түсінік пайда болғанына тоқталсақ, осы түсініктің өзінің заңды жалғасын табуы кейінгі жылдары ядролық физика саласында ашылған жаңалықтардан көрінген болатын.

Жаңалықтардың да жаңалығы бар емес пе? Ғылымдағы әр жаңалық – қатыстық (салыстырмалы, біршама, толық емес) ақиқат арқылы абсолюттік (толық) ақиқатқа жету жолындағы қадам. Мәселен, ХІХ ғасырдың аяқ кезіндегі жарықтың электромагниттік табиғатының айқындалуы, электрон мен радиоактивтіліктің ашылуы сияқты физикаға түбегейлі өзгерістер әкелген аса ірі жаңалықтар Атом теориясының қалыптасуына ықпал жасаған болатын. Бұдан ХХ ғасырдың басында В.И. Ленин «Атом сияқты, электрон да сарқылмайды, табиғат – шексіз» деп қорытынды шығарған еді.

Олай болса, Бэла Ғабдолғалиқызы ядролық физикада ашылған жаңалықтарға үлес қосып қоймай, сол арқылы диалектикалық-материалистік философия материясының шексіздігі, сарқылмайтындығы, оның қаншалықты ұсақ бөлшектерге бөлінгенімен ешқашан да жойылмайтындығы, тек қана бір күйден екінші күйге үздіксіз өзгеріп, құйылып, айналып отыратындығы жайындағы түсініктерін, ғылым дамуындағы үзілместен жүріп, ілгерілей беретін сабақтастықты нақтылы тарихи кезеңде саусақпен санарлықтай жұлдызы жарқыраған шағын шоғырда одан әрі дәлелдеп, жалғастырушылардың бірі болды.

Ядролық физика ғылымының біз әңгімелеп отырған бүгінгі көрнекті өкілі Бэла Алматы қаласында педагогтың, тәлімді тәрбиеші ұстаздың төрт баласының туа біткен тұңғышы болып, 1938 жылы 12 қарашада өмірге келген. Үй ішінде әкесі Ғабдолғалидың және анасы Райханның аялы қамқорлықтарын көріп қана қоймай, өзінен кейінгі бауырларына өзі мектепке бармай тұрып-ақ бас-көз болған Бэла жастайынан жанұядағы жанашырлық пен жауапкершілікті сезініп өсті. Оның өмір жолындағы орнықтылығы, салмақтылығы мен сабырлылығы, табандылығы мен шыдамдылығы, тындырымдылығы мен тиянақтылығы осылай басталған екен. Ал, мектепте барлық пәндерден үздік оқумен бірге физикаға ерекше құмарта қызығады, лабораториялық жұмыстарды да ұқыпты жүргізеді. Міне, оның бойындағы осындай қасиеттері мен қабілеттерінің бір-бірімен біте қайнап, ұштасуы оны әуелі Қазақ мемлекеттік университетінің физика факультетінде үздік студент атандырып, ал кейін Мәскеудегі М.В. Ломоносов атындағы университетке өзі қалаған мамандықтан аспирант болуға әкелді. Нәтижесінде, физика-математика ғылымдарының кандидаты деген ғылыми дәрежеге ие болып, өзінің ұшқан ұясына – қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетіне қайтып оралды. Мұнда 1967 жылдан бері үнемі ғылыми-зерттеу жұмысы мен ұстаздығын қатар атқарумен келеді, ассистенттіктен доценттік, профессорлық ғылыми атақтарға ие болуға дейінгі сатылап көтерілген жолдан өтті. Оның студенттерге оқыған лекциялары мен өткізген семинар сабақтары мазмұнды да тартымды болуы- мен тыңдаушыларын баурады.

Бэла Ғабдолғалиқызының басқаруымен және тікелей араласуымен Қазақтың ұлттық университетінде бір топ ізденушілер зарядталған бөлшектердің (протондардың, а-бөлшектердің) кристалдармен өзара әрекеттерін зерттеумен шұғылданады, алуан түрлі металдар мен құймаларда олардың 100 кэВ мөлшеріне дейінгі қуаты бар протондардың түрліше дозаларымен сәулеленгенде пайда болатын жалтырауық құрылымды тәптіштеумен айналысты. Ал, бұл термоядролық реактордың бірінші қабырғасының материалын таңдап алумен байланысты еді. Сондай-ақ, әртүрлі температураларда төмен қуатты протондар және аргон иондарымен қоспаланған қайсыбір электрофизикалық әрі электрохимиялық сипаттаулардың фазалық тәуелділігіне зерттеулер жүргізілді. Бұған қоса төмен қуатты ионмен сәулелену тұсында металдар мен құймалардың модификациялануы (көптеген физикалық қатты дененің әркелкі күйі – Ө.Қ.) туралы жұмыстар атқарылды.

Ғылыми және әдістемелік жұмыстар нәтижесі бойынша Бэла Ахметова 50 ғылыми еңбегін, олардың ішінде басқа авторларды қатыстыра отырып, жалпы көлемі 42 баспа табақ төрт оқу құралын және «Көлеңкелер эффектісі және протонография» атты (6,3 баспа табақ) монографиясын жариялады.

Мұндай қыруар еңбек, шынында да, тек ғылымда емес, сол сияқты өндірістік практикада да өзінің құндылығымен, қайтарымдылығымен ерекшеленеді.

Университеттің кәсіподақ комитетінің қоғамдық жұмыстарында профессор Бэла Ахметова белсенділік танытумен келеді. Ол қаладағы аудандық Кеңес депутаты болып сайланып та, еңбекші жұртшылыққа қызмет етті, «Жарыс жеңімпазы» белгісімен, Қазақстан Республикасының Жоғарғы кеңесінің, Жоғары және орта арнаулы білім ми- нистрлігінің Құрмет грамоталарымен, Бүкілодақтық «Білім» қоғамының медалімен марапатталған.

Барлық уақытта да, университет пен үйінде де Бэла Ғабдолғалиқызы жұмыстан қолы босамай, үнемі тынымсыз тіршілік үстінде жүреді.

Алматы, 1 мамыр, 2001 ж.

Бэла Ахметова: Өнегелі өмір. 28-шығ

Подняться наверх