Читать книгу Бэла Ахметова: Өнегелі өмір. 28-шығ - Коллектив авторов - Страница 10

ЕСІМІ ЕСТЕН КЕТПЕС
БЭЛА

Оглавление

К. МҰСТАФИН

Қайбір ғалым болмасын, өзінің алғашқы адымын нақтылы бір мәселені шешуді мақсат тұтудан, яғни шұғылданатын проблемалары мен міндеттерін анық ажыратып алудан бастайтыны белгілі. Қазақ мемлекеттік университетінің физика факультетін үздік бітіріп, МГУ-дың аспирантурасына түскен Бэла Ахметова өзінің ғылыми жетекшісі, профессор А.Ф. Тулинов ашқан жаңа физикалық құбылыс – көлеңкелер эффектісіне тән заңдылықтарды түкпірлеп зерттеуді, оның ерекшеліктерін табуды өзінің басты мақсаты деп білді.

Шәкіртінің бұл талабына профессор да разы-тұғын. Өйткені, алғашқы жүздесіп әңгімелесуден-ақ Бэла ядролық физикадағы түрлі күрделі құбылыстар табиғатын жақсы танып-түсінетіндігімен, зерделі ұғымталдығымен, теориялық тәуір дайындығымен бірден көзге іліккен. Ал, енді физикадағы жаңа құбылыстың ашылғаны әлемге әйгіленгенімен оны жаңа эксперименттер, зерттеулер арқылы түбегейлі тану, оның өзге ғылымдарды дамытудағы рөлін айқындау, тиісті ғылыми маңызына көз жеткізу жүйелері әлі де алдағы шаруалар қатарында тұрғандықтан, жас физиктің қиын іске құлшыныс білдіргені профессор ойларымен толық үйлесім тауып жатты.

Иә, бұл шынымен оңай емес-ті. Оңай болмайтыны: әлі де үштен бір ерекшелігі електен өтпеген жаңалықтың соңғы нәтижесінде оқыған-тоқыған теориялар мен тұжырымдардың соңынан ала жәй жүріп кетуге болмайтын. Ендеше А.Ф. Тулинов 1964 жылы тапқан физика әлеміндегі тың жаңалықты одан әрі өрбітіп әкетудің қиындығы қыруар екенін, соған сәйкес қызығы да молдығын, шын физик болам деушілерге оның шыңдалу мектебіне айналатындығын жас аспирант Бэла Ахметова жете сезінді.

Көлеңкелер эффектісін кең түрде зерттеуге кірісер алдындағы Бэланың көңіл-күйі осындай болатын.

«Көлеңкелер эффектісі» деп аталатын жаңа физикалық құбылыстардың өзіндік сырлары мен ерекшеліктері мол-тұғын. Тынбай ізденіс, талмас талпыныс, тоқтаусыз жүргізілетін зерттеу жұмысының арқасында ғана нәтижеге қол жететіндігін түсінген шәкірт қыз өзіне өлшеусіз зор талаптар қойды. Теориялық жалпы дайындығын тереңдетуді, ғылыми ой-өрісін кеңейтуді, осыған байланысты соңғы оншақты жылда қауырт өрістеп, кең қанат жайған ядролық физика саласындағы әлем ғалымдары жүргізіп жатқан зерттеу жаңалықтарымен танысып отыруды алғышартқа айналдырды. Бұл көп күшті, үлкен табандылықты керек ететіні кәміл еді.

Олай болатын себебі, Бэла уақытының әр сағатына нардың жүгін арқалауға әмір беретін де, сол жүктің ауырлығын кейін, шаршап, жатақханаға келгенде бір-ақ сезінетін. Оңай ма екен: өзге әдебиеттерді былай қойғанда, өзінің негізгі ғылыми жұмысы саласындағы орыс тіліндегі саналуан әдебиеттерге қоса, ағылшын, француз тілдеріндегі арнаулы ғылыми еңбектерді түпнұсқадан оқып-ұғыну, көлеңкелер эффектісі «жазылып алынған» фотопластинкалардағы жұмбақ жолақтарға үңілу, ядролық үдеткіштердің жанында өтетін сағаттар, университеттегі қоғамдық жұмыстар… Бэланың күндегісін күнде әр сағаты нардың жүгін арқалауға мәжбүр ететіні де міне, осындай толымды күн тәртібінің талабынан туған-ды.

Көп ұзамай-ақ, Бэла көлеңкелер эффектісінің келешегі жайлы алғашқы ой ұшқындарын ұстап, оларын жинақтап, жүйелей бастады. Бұл эффектіні профессор жүйрік протондардың монокристалдарда жайыла тарауын зерттеу үстінде алғаш аңғарып, тың құбылыс екенін дәлелдеген еді. Ол зарядталған бөлшектердің монокристалдарға жайыла тараған кезінде өзге аморфтық заттарға тарағанындай кез келген жаққа бытырай ұшпайтындығын, белгілі бір бағыттарда бөгелуге жолығатындығын және бұл бағыттарда көлеңкелер пайда болатындығын көрді. Ал, бұл бағыттарға осы кристалдың кристаллографиялық осьтері мен жазықтықтары бағыттарына дәлме-дәл қайталанған эксперименттер кезінде, жүйрік протондардың іздері жазылып алынған фотопластинкалардағы кристалл құрылымынан айна-қатесіз аумайтын жолақтар мен теңбілдер жүйесіне қарап анық көз жеткізуге болатын-ды.

Бэла Ахметованың алдында тұрған ендігі ғылыми мақсат та осы көлеңкелер эффектісінің жеке өзіне тән физикалық заңдылықтарын және оны өзге орайларда пайдалануға байланысты туындайтын физикалық заңдылықтарды жан-жақты талдап, зерттеу-тұғын.

Ғылымның бұл жаңа соқпағына Бэла жалғыз шыққан жоқ. Зор көлемді зерттеулер мен эксперименттер жүргізуге профессор А.Ф. Тулиновтың басшылығымен Бэла Ахметовамен қатар МГУ жанындағы ядролық физика ғылыми-зерттеу институтынан Ю. Меликов, В. Куликаускас, И.Г. Иферов, Г. Похил, Орал политехникалық институтынан А. Пузанов, ядролық зерттеулердің біріккен институтынан С. Карамян сияқты талантты физиктер тобы батыл кірісті.

* * *

Сол бір шабытты ойлар жетегінде жүрген шақтар, алғашқы қуаныштар мен қобалжулар, алғашқы протонограмма, алғашқы тұжырымдар оның есінде.

Иә, Бэланың және Тулиновтың өзге де шәкірттерінің еңбегі шынымен таңғаларлық нәтижелер берді. Бірлесе зерттеу, эксперименттер жүргізудің қорытындысында жаңа физикалық тәсіл – протонография қалыптасты. Бұл әдісті физиктер қауымы сол бойда-ақ қуанышпен қабыл алды. Өйткені, протонография әдісі кристалдарды талдап-зерттеуге ұлан-ғайыр жаңа мүмкіндік ашып, олардың бұрын байқауға болмаған ерекшеліктері мен қасиеттерін алақанға жайып салған еді. Бұл әдістің барлық мүмкіндіктерін біржолата ашып-айқындау жұмысы әлі аяқталмағанымен, микроэлектроникаға аса қажетті ерекше жұқа монокристалдық пленкалардың құрылымын зерттеуге, кристалл ұясындағы қоспа атомдардың орналасу орын- дарын анықтауға, сәулелердің өтуі салдарынан кристалдар бойында пайда болатын зардаптар көлемін белгілеуге жол ашуы сияқты кейбір көмегінің өзі ғылым үшін таптырмай- тын жаңалық болатын.

Ядролық микроскоп рөлін атқаратын бұл әдісті физиктер коллективі өздерінің ұстазы физика-математика ғылымдарының докторы, профессор А.Ф. Тулинов басшылығымен одан әрі жетілдіре түсу жолында. Солай бола тұрғанмен, қазірдің өзінде елімізде де, шетелдерде де ондаған протонографтар жасалып та үлгерді. Оларды лабораторияларда ғылыми-зерттеу жұмысына пайдаланумен қатар өндіріс орындарында кристалдар сапасын жедел анықтау мақсатында да қолдануға болатындықтан себепті таяу мерзімде ядролық микроскоптар елімізде көптеп шығарылмақ.

Әлемдік беделге ие болған зерттеу жұмысын жүргізуге өзінің тікелей қатысып, оның сәтті аяқталуына себепші болуы – Бэла Ахметова үшін үлкен мақтаныш. Бірақ, ұяң мінезді, ілтипаты мол жас ғалым өз ісінен гөрі өз әріптестерінің, жетекшісі Тулиновтың еңбегі жайлы көбірек әңгімелейді. Ал, Бэланың бұл жаңалықты ашудағы қосқан үлесі 1965 жылы «Эксперименттік және теоретикалық физика» журналында жарияланған мақалаларында көпке жете танылып, аталған саладағы жүргізген зерттеу жұмысы бойынша жазған «Протонографияның кейбір мәселелерін зерттеу» атты кандидаттық диссертациясын қорғаған кезінде жеткізе айтылған болатын.

Физик-ғалымдар коллективінің көп жыл бойғы үзбей жүргізген зерттеу жұмыстары көлеңкелер эффектісінің тағы бір таңғажайып қасиетін ашқан еді. Көлеңкелер эффектісі қатты денелер физикасында жоғарыда аталғандай кең түрде қолданылғанымен, ол негізінен ядролық физика саласына тән кұбылыс болғандықтан, бұл салада зор ғылыми маңызы бар жаңалық ашуға өз жәрдемін берді. Оны ядролық реакциялардың өту уақытын дәл өлшеуге пайдалануға болатындығы дәлелденді! Бұған дейін мұндай уақыт мөлшерін дұрыс өлшейтін ешбір әдіс жоқ-тұғын.

Профессор Тулинов басшылығымен жүзеге асырылған физиктер коллективінің тамаша ғылыми табыстары жайлы айта келіп, өзінің «Известия» газетінде жарияланған мақаласында осы соңғы жаңалық туралы академик Г Флеров былай деп жазады: «Жаңа әдіс физикада ерекше зор маңызы бар міндетті шешуге ядролық реакциялар өтетін өте аз уақытты эксперимент жүзінде белгілеуге мүмкіндік жасайды. Бұған дейін эксперимент жүргізушілер өлшей білетін ең аз уақыт мөлшері 10-12 – 10-13 секунд (он екі, он үш нөлі бар бірлікке бөлінетін бірлік) болатын. Көлеңкелер эффектісіне негізделген жаңа әдіс бұл межені бірден ондаған, жүздеген мың есе әрі шегіндірді. Оның көмегімен 10-18 секундқа дейін өлшеуге болады. Бұл әдістің жасалуы – Совет ғалымдарының ядролық физика саласындағы ірі жетістіктерінің бірі екендігіне дау жоқ».

Бұл – жас ғалым Бэла Ахметованың ғылыми жұмысына да берілген баға. Ал, ең жоғары баға әлі де алда болатын.

Ол көп күттірген жоқ. 1972 жылдың караша айында КПСС Орталық Комитеті мен КСРО Министрлер Кеңесінің сол жылғы ғылым мен техника саласындағы КСРО.

Мемлекеттік сыйлықтарын беру туралы қаулысы жарияланды. Онда жоғарыда есімі аталған физик-ғалымдармен бірге Ахметова Бэла Ғабдолғалиқызына – монокристалдарда өтетін ядролық реакциялардағы көлеңкелер эффектісін ашқаны және зерттегені үшін КСРО Мемлекеттік сыйлығы берілетіндігі туралы айтылған еді. Әріптестермен бірге, өзінің қадірлі ұстазының басшылығымен көп жылдар бойғы батыл ізденістері мен жалықпай жүргізген зерттеу жұмыстарының нәтижесін партия мен үкіметтің осылайша жоғары бағалағаны оны шексіз қуанышқа бөледі.

Құттықтаулар да, қошемет сөздер де көп болды. Солардың ішінен оған ең ыстығы, ең қадірлісі анасы Райханның құттықтауы болатын: «Көп жаса, қызым! Өркенің өссін!» деген еді анасы, қуаныштан көзіне жас алып тұрып.

* * *

1967 жылы МГУ аспирантурасын бітіріп, Алматыға оралған Бэла Ахметова КазГУ-дың физика факультетіне қайта келді. Бұдан аз жыл ғана бұрын оның аудиторияларында лекция тыңдап отыратын талдырмаш жас қыз бұл жолы аудиторияларда өзі лекция оқу үшін келетін болды. Оның әр лекцияны тартымды етіп өткізуге, ғылым өріне ұмтылған інілері мен сіңілілерін ядролық физика қияларына қанықтыруға білімі де, білігі де жеткілікті еді.

Қазір де радиоактивті сәулелер кафедрасының доценті, физика-математика ғылымдарының кандидаты Бэла Ахметова осы факультеттің 5-курс студенттеріне нейтрондық физика пәнінен және арнаулы курстардан сабақ береді. Б. Ахметованың Н. Қойшыбаевпен бірігіп жазған «Ұлы есімдер» атты кітабы «Қазақстан» баспасынан жарық көрді.

Біз Бэла Ахметоваға студенттермен практикалық сабағын аяқтап қалған кезінде жолықтық. Орта бойлы, талдырмаш, аққұба өңді, ұяң жүзді жас оқытушыны 5 курс студенттері арасынан ажырату бізге де оңай болмады. Бэла Ахметова өздері ашқан жаңа әдісті жетілдіру жолындағы жұмыстарының барысы, жетекшісінен консультациялар алып тұратындығы жайында әңгімеледі.

Қазір ол өздерінің бұрынғы тақырыптарын одан әрі тереңдей зерттеу мақсатында енді ауыр ядролық бөлшектердің, мысалы протондар мен нейтрондардың, кристалдардан өтуі кезіндегі көлеңкелер эффектісінің заңдылықтарын ашу жұмысымен шұғылданып жүр екен.

Жолдасы Өтеғали Шеденов те экономика ғылымдарының кандидаты. Олардың Ілияс, Назым атты балалары бар.

Бэла 34-ақ жаста. Ол таңдаған ғылыми жолының жемістілігіне өзі шыққан асудан тағы да көз жеткізіп тұр. Бұл биік асу. Бұдан бәрі де анық көрінеді.

«Білім және еңбек» журналы, № 3, 1973 ж.

Бэла Ахметова: Өнегелі өмір. 28-шығ

Подняться наверх