Читать книгу Бэла Ахметова: Өнегелі өмір. 28-шығ - Коллектив авторов - Страница 8
ЕСІМІ ЕСТЕН КЕТПЕС
БІЗДІҢ ЛАУРЕАТ КЕЛІНІМІЗ
ОглавлениеШапих ШАЙХИНОВ,
соғыс және еңбек ардагері
Зейнолла ҚАБДОЛОВ,
академик
Шүкір, дана халқымыз әлімсақтан әуелі Алла, сосын анаға бас ұра табынып, ұлша қастерлеп, құлша қызмет етіп, бәрінен артық құрмет тұтудан танбай келеді. «Анаңды Меккеге алты рет арқалап апарсаң да, борышын ақтай алмайсың» деген атамыз қазақ және де: «Бірінші байлық – денсаулық, екінші байлық – ақ жаулық, үшінші байлық – он саулық» деп, тектен-текке айтты дейсіз бе?..
Егер, еркек күш-қуатымен, ақыл-ойымен айбарлы десек, әйел тән және жан сұлулығымен, әлемдегі бүкіл үйлесімділікті ұстап тұратын нәзік рухымен құдіретті. Ақылына көркі сай, көзі нұрлы, сөзі сырлы, қылығы жара- сымды, жүрісі ұнасымды әйел кімді болса да бағындыра, сағындыра біледі.
Жарық нұр мен отты жылу жоқ жерде, тіршілік мақұрым. Ал, ол екеуінің көктегі көзі – Күн, Жердегі көзі – Ана. Ананың мейірін ақтай алмаған ұлдың, мерейін асқақтата алмаған елдің көсегесі көгеруі екіталай.
Әйелдер даңқын тарих та айғақтайды. Ел басына күн туғанда, асыл берен киініп, ақ найзаны қолға алып, жасанған жауға қарсы шапты, қоғам қожырағанда бөрліккенге басу айтып, бөлінгенді бітімге шақырып, дауға төрелік етті. Көзіміз көрген кешегі желтоқсан көтерілісінде қыздарымыз қайтпас қайсарлық пен қаһарлы батырлықтың үлгісін көрсетпеді ме?!.
Домалақ ананың даналығы, Томиристің ерлігі аңыз боп бізге жетті. Жаһанды жаулаған Кир патшаның басын кесіп алып, тері қапшыққа толтырылған өз қанына батырып тұрып: «Өмірде қанға тоймай жүр едің, енді тоятын болдың» – деп, кекесінмен күлген қыз – Томирис ел билеген қаған еді…
Ер-азаматтың айнымас өмірлік серігіне, таяныш-тірегіне айналып, көңілін делбеп, жүрегіне от берген, аяулы жар, асыл дос деп дәріптеуге лайық әйелдер қазір де бар. Отбасы, ошақ қасында отырып қалмай, олар еңбектің барлық түрін меңгеріп, оқу-білім мен ғылымның қай сала- сын да игеріп, еліміздің өсіп-өркендеуіне, жаңа заман талабына сай дамуына сүбелі үлес қосуға уақыт табады. Соның бірі – біз «Лауреат келініміз» деп атап кеткен Бэла Ахметова.
Айналайын, ақ Бэла, лауреат десе лауреат! Анау-мынау емес, әркімнің тісі бата бермейтін ядролық физика саласынан 1972 жылы КСРО Мемлекеттік сыйлығын алып, айды аспанға бір шығарды!
Белгілі тәмсілмен айтқанда: біз мақтамаймыз, мақтанамыз. Бэла Ахметованың ыждағатты еңбекқорлығын, ынта-жігерін, өзі зерттеген ғылым саласының білгір маманы екендігін Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың ректоры болған академик Өмірбек Жолдасбеков марқұм өз тұсында жоғары бағалап, моральдық, материалдық тұрғыдан көмек қолын созғаны да бар еді. Содан бері де Бэланың ашқан жаңалығын ерлікке теңестіре жазылған қанша мақала, қанша сұхбат жарық көрді!..
…Халқымыз қадыр тұтқан аптал азаматтар, замандастар бірде біздің (Гүлшара мен Шапих, Зейнолла мен Сәуле) үйімізде, бірде атақты домбырашы Бақыт Қарабалинаның үйінде, бірде белгілі ғалым ініміз Өтеғали мен Бэланың үйінде кезігіп, Халық ақыны Әбу Сәрсенбаев жұбайы Ләззатпен, КазГУ-дың журналистика факультетінің деканы, профессор Тауман Амандосов жұбайы Мамықпен… – бәріміз аз күн көріспеген сағынышымызды тарқатысып, әдемі әңгіме, әсем ән, тәтті күй құзырында шат-шадыман болып жатушы едік. Ел тағдыры, жер тағдырына дейінгі сан тақырыпта әңгіме өрбіп, қызып жатушы еді…
…Сондай басқосуларда әңгімеден әңгіме туып, сөз келіндерге қарай ойысса: «Бэла келінімізді мақтамайық, онымен мақтанайық» – дегенді біріміз айтып, екіншіміз қостап, алғаусыз көңілмен жамыраса күлісіп, мәз болысып, ақырында әзіл астарындағы шындыққа жүгінісіп, адал да ақжүрек келінімізге шын ниет, ыстық ықыласымызбен қол жайып, бата беретінбіз. Расында да, Бэла келініміз мақтануға тұрарлық тұлға – Отанымыздың бірегей ғалым ұстазы, одан қала берді, отбасының ұйытқысы, бала-шағасының анасы, Өтешіміздің панасы ғой.
шілде, 2006 ж.