Читать книгу Бэла Ахметова: Өнегелі өмір. 28-шығ - Коллектив авторов - Страница 6

АДАЛДЫҚ – БИІКТІКТІҢ ІРГЕТАСЫ

Оглавление

Өтеғали ШЕДЕНОВ,

жан жары

Ерлік – ең алдымен жүрген ортаңа сыйлы болудан және істеген қызметіңді адалдықпен, ақ ниетпен атқарудан басталады. Адал адам ақиқатты ардақ тұтады, өйткені оның жан-жүрегі таза, шыншылдықты сүйеді. Жақынын, туысын, танысын, достарын, айналасындағыларды ардақтайды. Сондықтан, адалдық – адамгершіліктің ең басты қасиеті. Ол кез келген істе, әрекетте, сөзде арды өзінің пендешілік мүддесінен жоғары қоя білуді білдіреді. Яғни, өз бас пайдасы үшін екінші біреудің мүддесіне нұқсан келтірмейді. Өз ар-ұятын жоғары ұстайды.

Бұл дүниеде жақсы өмір сүру адалдық, рухани тазалықтан туындайды. Жан дүниесі, рухани әлемі лас адамнан адалдық күту қиын. Ал, адал адамның әрқашан абыройы асқақ, беделі жоғары, ол өтірік айтпайды, ұрлық істемейді, залымдық жасамайды. Адалдық адам баласының ең тамаша қасиеттеріне саналады. Адал адамның достығы да мәңгілік болады. Қазақта айналасындағыларға үнемі көмектесуге әзір, арам пиғылы жоқ, шын көңілімен ақтарылып тұратын жандарды ақкөңіл деп атайды. Адалдық өзінен өзі келмейді, ол жалпы тәрбиенің жемісі. Адам адал болуы үшін жас кезінен өз жүрегін тыңдай білуі, өзін-өзі тәрбиелеуі қажет. Өмірде адалдық капиталы – адами капиталдың негізгі іргесі.

Адам тағдыры адал болудан ақ жолға бұрылады. Сенімділік сенімді туғызады, адалдық басқа қонған бақпен тең. Сондықтан Ф. Шиллер: «Адалдық – өмірден қымбат» деген. Мына жалған дүниенің жалған екенін біліп, адамдарға деген мейірімі мен махаббатты, сенімді жоғалтпаған жөн. Халықта «мейірімділікті анадан үйрен, әдептілікті – данадан үйрен» дегендей, өмірде ықылас гүлін сепкенге не жетеді?!

Міне, адалдық пен адамгершілікке, парасаттылыққа тән бұл қағидаларды айтып отырған себебім, 1961 жылдан Мәскеуде аспирантурада оқыған кезімізден, үш жыл бойғы достығымыздан басталған, кейін қырық бес жылдай жұбымыз жазыспай жанұя құрып, жалпы жарты ғасырдай бірге өмір сүрген менің адал жан жарым, үйімнің құт-берекесі болған Ахметова Бэла Ғабдолғалиқызының өмірдегі жасампаздығы мен адамгершілік ізгі қасиеттері осы қалыптардың қай-қайсысында да болмасын үйлесімін тауып кетуінде. Өйткені, ол кісі өмірде өте қарапайым, кісілігі мол, аса қайырымды, кішіпейіл жандардың бірі еді. Бэла Ғабдолғалиқызының өмірі өнегеге толы, ішкі мәдениеті аса жоғары, халқына қадірлі, еліне сыйлы қазақ қызының бірі, шын мәніндегі зиялысы болды.

«Өмір – серуен, адам – көшкен керуен» деген сөзді айтқан қазақ қимастарын бақиға шығарып саларда осылай өзін-өзі жұбатқан ғой. Өмірді тек қана серуен емес, елі мен жұртына, халқына, ұлтына аянбай еңбек ету деп түсінетін, сол қағиданы тірлігінің Темірқазығы етіп ғұмыр кешетін саусақпен санарлық біртуарларымыздың арамыздан мәңгілік кетуі ауыр қасірет екенін бүгін түсінуге мәжбүр болып отырмын…

Уақыт ұшқыр, өмір зымырап өтіп жатыр, өткен күндердің ұмытылмас сәттері аз емес-ау. Халықта «өткенді білу – өскеніңнің белгісі, өткенді ұмыту – өшкеніңнің белгісі» деген сөз бар емес пе. Адамның өмірі оның жүрегі тоқтағаннан бітпейді, адам ұмытылған кезде ғана өшеді. ұлы Абай айтқандай:

Махаббатпен жаратқан адамзатты,

Сен де сүй, ол Алланы жаннан тәтті.

Адамзаттың бәрін сүй, бауырым деп,

Және сүй, хақ жолы деп әділетті.


Біздердің осы елу жылдай бірге өткізген өміріміз менің өмірімнің ең бір бақытты да шаттыққа толы шақтары, ма- хаббат пен парасатқа, дос құшақтардың қауышып, жақсы өміріміздің жапырақ жайған сәттері болды. Аты жалғыз қазақ жұртына емес, бүкіл дүние жүзіне белгілі мәшһүр ақынымыз, өз халқының әдет-ғұрпы, мәдениетіне және тіл-әдебиетіне дегенде өзегі жарылып кете жаздайтын Мұхтар Шахановтың «Жұбайлар әнінің» мәтінінде айтылатындай:

Қуаныш пен бақытты мүсіндеген,

Келбетіңнен сенімнің күшін көрем.

Сен сияқты мені ешкім еркелетіп,

Сен сияқты мені ешкім түсінбеген.

Асыл жарым – Жайқалған жасыл бағым,

Бағаласаң – бақытымсың,

Сағынсаң қасыңдамын,


деп жазғанындай-ақ, біздер бір-бірімізді құрметтеп, баға- лап, бір-бірімізге еркелеп өттік.

Біз Бэла екеуміз, Құдайға шүкір, өнегелі өмір кештік. Өрелі, өзгелерге жақсы үлгі қыларлықтай лайықты ұл-қыз тәрбиеледік. Шығысы мен батысы төрт мың шақырымға, оңтүстігі мен солтүстігі екі мың шақырымға дейін еркін көсілген кең байтақ қазақ жерінің бір пұшпағында мен, бір шалғайында ол туылып, тоқсан тарау тағдыр жолында соқпағымызды түйістірген, екі жартыны бүтіндеп, «Біз» дегізіп біріктірген Тәңір-иенің тура бағытынан айнымауға тырысып-ақ келгенбіз.

…Бозбалалық, бойжеткендік дәуірде алдымызда «оқуға түссек, білімге қанықсақ» деген ғана мақсат тұрды. Адал, ақ сезім Сенімімізді нықтап, ғылым көкжиегін нұсқады. Ұстаздардың қамқорлықтары арқасында бәрінен бұрын өзімізді өзіміз тереңдей танып, биіктерге қаймықпай ұмтылдық. Бұл – шындық. «Әлім келе ме, шамам жете ме, жоқ па?» деген бастапқы қорқыныш-үрей біртіндеп сейілді.

Әйтпесе, студенттік кезде де, аспирантурада да бойды билеген сезік-уайым сарпылысы басқан қадамға тұсау түсіріп, әр талпыныс-құлшынысымызға тежеу салып бақты емес пе?!

Иә, өз мүмкіндіктеріңді сараптап, өз кемшіліктеріңді сынап, салиқалы ой-пайымға жеңдіру ғана ісіңді жеңілдетеді. Олай етпеген жағдайда, тайқы маңдайға жазылмағы: босқа ысырап болған уақытқа налып, «Қайран жиырма бес!» деп бармақ тістеу екен.

Дарабоз ұлы жазушы Мұхтар Әуезов «Ел боламын десең – бесігіңді түзе!» деген ұлағат сөз айтқан еді. Ұрпақ тәрбиесіне қатысты тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні осыған саяды. Бүгінгі заман: «Ел боламын десең – біліміңді түзе, ғылымыңды дамыт!» деп амалсыздан айтқызады. Білім-ғылымы мен тәрбиесі, еңбегі мен қайыры тең түскен, осы бағыттағы әрекеті басым шыққан ел бола алсақ, пәнидегі ұлттық мұратқа жеткеніміз сол болар.

«Оқы!» Құран сөзі. Ал, осы пікірге орай тағы біртуар тұлғамыз Ғабит Мүсірепов өзінің «Қазақ солдаты» романында: «Өзің үшін оқы, әкең үшін оқы, тіпті бабаң үшін оқы!» деген ой тастапты. Міне бұл ұлысқа өсиет, ұрпаққа өнеге сөз. Осы ретте «сол білімге, ғылымға жетер жол қайсы?» деген сұраққа аялдап, ұлылар ұлағатын тағы бір мәрте жүгіне кетейік. Халқының қасиетті ұлы Жүсіпбек Аймауытов өзінің пікірінде: «…адам баласы ұшқыр ой, көп ақыл, өткір сезім, қайраттың арқасында ғылым, білім, өнер танып, өзгеден үстем, дүние жүзінің қожасы болып отыр», – деп жазады. Қытайдың білгір саясаткер, данышпа- ны Дэн Сяупин: «Өркениетті ел болудың кілті – ғылым мен техниканың дамуында жатыр. Ал, ғылым мен техниканың дамуы – білім беру сапасымен байланысты» деген байлам жасайды.

Біздер өмір бойы жұп жазыспастан білім мен ғылым жолында талмай ізденіспен өткізген елу бес жылдай ғұмырымызда ұлылар мен ұлағатты ғұламалардың осы айтқан өнеге-өсиеттерінен, қағидаларынан бағыт-бағдар алдық. Одан ұтпасақ, ұтылған жоқпыз. Ұзақ жылғы ғылыми ізденістер мен аянбай төккен тердің арқасында ұлағатты ұстаз, үлгілі тәлімгер болдық. Екеуміз кемел білім мен халқымызды қалтқысыз сүйген үлкен жүректің иесі болдық. Екеуміз таза еңбегімізбен бүкіл саналы ғұмырымызды туған халқымызды рухани жоғары тұрғыдан кемелдендіруге арнадық. Екеуміздің қолымыздан шыққан қомақты монографиялар, оқулықтар, оқу құралдары мен зерттеу мақалаларымыз оқырмандарды қашан да ғылыми және тәрбиелік талғамның тереңдігімен, айтар ойымыздың қанықтығымен, пайымдауларымыздың тосындығымен баурады.

Енді, Республикамызға танымал сатирик-ақын Нұртан Төлепбергенұлының біздерге арнаған өлеңінен үзінді келтірейін:

Болжап ап алдын ала алыс қырды,

Өтеғали қадамын шалыс бұрды.

Қазақтың озық ойлы бір қызына,

Мәңгілікке тағдырын табыстырды.

Мәскеуде өткен күндері әлі есінде…

Жас ғалымға үйленді Бэла есімді.

Ядролық физика саласында,

Мемлекеттік сыйлық алғаны ел есінде.

Әлем жұрты таң қалып қазағыңа,

Танымал боп Кеңестер Одағына,

Физика-математика ғылымында,

Қорғады абыроймен атағын да,


деп өмірдеректерімізді біраз өз жырына қосқанындай-ақ, Бэла ядролық физика саласында Республикамызда ірі ғалым болды, әрі осы салада көп ұлттар қыздарының арасынан шыққан жалғыз Мемлекеттік сыйлықтың иегері атанды.

Осы жыр жолдарында айтылғандай, ол расында да қазақтың озық ойлы, бұрынғы Кеңес Одағында, қазіргі Тәуелсіз Мемлекеттер Достастық елдерінде танымал қарапайым қазақтың ғылымындағы бір қызы болды.

Адал жар, балаларым мен немерелерімнің жанындай жақсы көріп өткен ол расында да, ой-парасаты жағынан да, мейірім-шапағаты жағынан да жан-жақты, үлкенге инабат- ты, кішіге мархаббатты жан болды.

Пай-пай, шіркін, қазақтың келіндері-ай,

Көл-дария секілді пейілдері-ай.

«Абысын тату болса ас көп» деген,

Мақалдың айтылуы тегін бе еді-ай,


демекші, жасынан қазақтың келіндеріне тән көл-дария пейілді, абысындарымен тату-тәтті, дастарқаны әрқашан да берекелі, дос-жарандарымызға әрқашан да жаюлы тұратын.

Бэламен тағдырымыз табысып, ұзақ жылдай бірге өткен жанұялық өмірімізде біздің дос-жарандарымыз да көп болды. Қазақша айтқанда қазанымыз оттан түспеді, дастарханымыз дос-жаранға әрқашан да жаюлы тұрды. Сол ниетімізге орай олардың да пейіл-берекесі, бізге деген сый- сияпаты да ерекше.

Осындайда, сүйікті жан-жарым Бэла туралы айтқанда тағы да ұлы Абай атамыздың «Жарқ етпес қара көңілім неғылса да» деген өлеңіндегі мына бір жолдар ойға орала кетеді:

Жарқ етпес қара көңілім неғылса да,

Аспанда Ай менен күн шағылса да.

Дүниеде сенен артық маған жар жоқ,

Саған жар менен артық табылса да,


дегеніндей-ақ, өзара сыйластық пен сырластық, ынтымақтастықтың арқасында біздің отбасымызда бір-бірімізге деген ыстық ілтипат, жарасымдылық өмірлік салтқа айналды.

Ынтымақтылық – қазақтың атадан балаға мұра болып келе жатқан жақсы қасиеті. Сондықтан да атамыз қазақта: «Ынтымақ түбі – береке, береке түбі – мереке» деп бекерге айтылмайды. Осы ынтымақ сөзінің күші, рухы қаншалықты екенін осыдан-ақ білуге болады. Ынтымақты болу, ісінде ата-жұрт дәстүрлерін сақтау қазақ баласының қолынан келетін іс. Халық ақыны Қадір Мырза Әлидің айтқанындай:

Атқан кезде алқызыл ғаламат таң,

Сақтан мені өсектен, балағаттан.

Татулықтың бәрі де түсінуден,

Тыныштықтың бәрі де қанағаттан.


Иә, ынтымақ жалпылама айтыла салатын жеңіл сөз емес. Оған тән қасиеттер бірнеше жікке бөлініп, бірін-бірі толықтырып барып, халықтың ынтымақтығын құрайды. Олар: отбасылық ынтымақ, әлеуметтік ынтымақ, елдік ынтымақ, ұлттық ынтымақ, халықтық ынтымақ болып бөлінеді.

Осының ішінде мен өз өмірімдегі отбасылық ынтымақ жайлы айтар болсам, ол ерлі-зайыптылардың берік қосағы мен қас-қабаққа қарап өскен бала-шағадан құралады. Әрбір отбасының бірін-біріне адал қарым-қатынасы олар- дың ынтымағын құрайды ғой. Осының ең бастылары: ерлі-зайыптылар арасындағы сыйластық қарым-қатынас. Осы екі адамның жайшылықта да, қиыншылықта да бірін-бірі жете түсініп, қолдау жасап отыруы – отбасы ынтымақтастығының іргесін қалары анық. Екеуінің ұнамды сыйластығы отбасының басқа мүшелеріне де өнегелі әсер етері шындық.

Халқымыздың «Отан отбасынан басталады» деген даналық ұғымы осы отбасы ынтымақтастығымен астарласып жатыр емес пе?! Сондықтан отбасы ынтымағын қадірлеу – кімнің болса да борышы. Бұл қағиданы біз Бэла екеуміз жасымыздан жете түсіндік. Сондықтан да болар, Құдайға шүкір, бала-шағаларымыз тәлім-тәрбиелі, бір-бірімен ынтымақ-бірлестігі жарасымды болып өсті.

Менің қияметтік көршім, ұзақ жылдар бойы студенттерге тәлім-тәрбие беріп, ғылым мен білімнің кәусар нәрін зерделеріне құйып келген алтын ордам – әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетінде ұзақ жылдар бойы ұстаздық қызмет атқарған Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген мәдениет қызметкері, белгілі қаламгер, публицист, жазушы, профессор Әбілфайыз Ыдырысов өзінің сүйікті жары – Заря Мәлікаждарқызына арналған «Таңшолпан» атты 2007 жылы Алматыда шыққан кітабының «Аңсаған менің әнімсің» аталатын бірінші кітабында адал жары Заряға деген ішкі сезімін, адал махаббатын былайша: «Ол маған бар асылын сыйлады. Керемет сұлулығын қиды. Ғажап әнін тәрік етті. Өз ғұмырын арнады. Жанұяма алтын босаға болып бекіді. Бақыттың, барлықтың қазынасы боп кірді. Рыздығымның, молдығымның байлығын тасытты. Мақтан тұтар – ұл, көзге көрік – қыз әкелді дүниеге. Балдай тәтті немерелер өрбітті маңайыма… Бағымды, сағымды көтерді. Мерей, беделімді өсірді. Асқақ етті. Шамама лайық аспандатты. Адамдық адал қасиеттерімді тәрбиелеуге тырысты. Парасатымды биіктетуге күш салды. Жамандығымды жасырды, жақсылығымды асырды…

Мен оның бір өзіндік ғажап көркін, махаббат құдіретін: Қозысын сүйген – Баяннан, Қалқаманын сүйген – Мамырдан, Кебегін сүйген – Еңліктен, Төлегенін сүйген – Жібектен бір мысқал кем емес деп білемін!..» – деп ерекше сезімталдықпен тебірене, ақ көңілмен, пәк көңілмен жазады.

Расында да, «Махаббатсыз – дүние бос» деп ұлы Абай атамыздың жырында жазылғандай, Әбілфайыз ағамыздың да жүрек қылын шертетін ішкі жан дүниесін ақтарған осы сыр сандықтары, сол сияқты сүйген жар жайлы жүрегінің түкпірінен тебірене шығарған бауырым композитор Ескендір Хасанғалиевтың «Ескірмейтін махаббат» әні де жанымның жартысындай жақсы көріп өткен аяулы жан-жарым Бэла екеуміздің мәңгілік махаббатымыздың нақ өзіндей.

Сірә, осындай адалдықтың биігіне көтерілген Бэла өз тағдырына өкпелей де қоймас, өйткені ол өмірде өз ізін қалдырды. Ал, осынау биіктердің басына шыққан тұлғаның орны да өмірде айрықша ғой.

Расында да, адам деген пенде ғой! Қай-қайсымыз болсақ та Құдай қосқан қосағымыздың асыл қасиеттерін жастық оты жаындап тұрған кезде, көзінің тірісінде бағалай білмейміз де, әбден жас ұлғайып, өмірдің қадір-қасиетін түсінген кезде ғана, ақиық ақын Мұқағали айтқандай «тағдырымызға туа келген серігімізбен» қимастықпен қоштасып қала береміз.

Өмір бір орнында тұрмайды. Бір ұрпақ өмірден өтіп жатса, келер ұрпақ оның орынын алмастырып, дүние есігін ашып жатады. Олардың тағдыр-талайы да сан-қилы болады. Осындайда Мұқағалидың мына бір жыр жолдары тағы да еске түседі:

Несіне қуанасың бала батыр,

Қариялар азайып бара жатыр.

Бірі мініп келместің кемесіне,

Бірі күтіп, әнеки, жағада тұр…


Ақын жырында айтылғандай, жасым пайғамбар жасынан асып, жетпістің «желкесіне» шыққан кезеңде алды-артыма барлай қарап, «келместің кемесіне мінбей» тұрғанда, жарты ғасырдай жанымдағы аққудай сыңарым болған Бэламен бірге өткізген өмір белестері туралы бала- ларым Ілияс пен Назымның құрастырған шағын естеліктер жинағын өздеріңізге ұсынамын, құрметті оқырман!

8 наурыз, 2010 ж.

Бэла Ахметова: Өнегелі өмір. 28-шығ

Подняться наверх