Читать книгу Михаил Есенәлиев: Өнегелі өмір. 26-шығ. - Коллектив авторов - Страница 1

Оглавление

Құрметті оқырман!

«Өнегелі өмір» атты сериялық кітабымыздың 26-шығарылымы мемлекет және қоғам қайраткері, Қазақ КСР-нің Сыртқы істер министрі, дипломат Михаил Иванович (Хакім Тілекенұлы) Есенәлиевтің 85 жылдық мерейтойына арналады.

Михаил Иванович (Хакім Тілекенұлы) Есенәлиев 1928 жылы 15 қыркүйекте Ресей Федерациясы Саратов облысы Питерка ауданы Питерка аталатын орыс ауылындағы жалғыз қазақ отбасында дүниеге келген. Ақылды ұлына әкесі Кәкім деп қазақшалап ат қойғысы келген екен, алайда әкесі Тілекенді Иван деп атайтын орыс ауылдастары сол кездегі КСРО Орталық атқару комитетінің төрағасы Михаил Иванович Калининдей еліне бас болсын деген тілекпен құжатына Михаил Иванович деп жазып беріпті. Кейіннен жазушы Мұхтар Әуезов бұл тарихты естіп атың Кәкім емес, шығыс пен батысқа танымал дана Хакім бол деп батасын берген екен.

Хакім Тілекенұлы жастайынан білімге құмар болып Саратов құқықтық мектебін сырттай тамамдап, КОКП ОК жанындағы Қоғамдық ғылымдар академиясында білім алған.

1945-51 жылдары Халық сотында хатшы және сот орындаушысы, райком комсомолының және БКП(б) райком бюро мүшесінің екінші, одан соң бірінші хатшысы қызметтерін атқарады.

1952-54 жылдары Мәскеудегі Орталық Комсомол мектебінде оқиды. Мәскеуден келген соң Қазақстан ЛКЖО Павлодар обкомының екінші, бірінші хатшылық қызметін абыроймен атқарып, кейіннен Қазақстан ОКЛКЖО хатшысы болып тағайындалады.

1961-64 жылдары Мәскеудегі Қоғамдық ғылымдар академиясының тыңдаушысы, кейіннен аспирант атанып, кандидаттық диссертациясын қорғап, философия ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін алған.

Хакім Тілекенұлы Есенәлиев 1964-69 жылдары Алматы қалалық компартиясының екінші хатшысы, ұзақ жылдар бойы ҚазКСР Жоғарғы Кеңесінің 7-11 шақырылымының депутаты сынды маңызды қызметтерде болып, 1969 жылдың ақпанынан 1981 жылдың шілдесіне дейін Қазақстан ОК Компартиясының мәдениет бөлімін басқарады.

1981-89 жылдары ҚазКСР сыртқы істер министрі қызметін атқарады. Білікті маман, білгір басшы Михаил Иванович Есенәлиев Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін 1992-1999 жылдар аралығында, өз өмірінің соңына дейін Қазақстан Республикасы СІМ-нің Ерекше тапсырмалар жөніндегі Елшісі қызметінде болып, дипломатия мектебін қалыптастырып, нағыз мәмілегердің үлгісін көрсетіп кетті.

Хакім Тілекенұлы Есенәлиев 6 кітаптың және көптеген мақалалардың авторы. Еңбек Қызыл Ту, Құрмет Белгісі, Халықтар Достығы ордендерімен марапатталған еңбегі ел есінде сақталған ерен тұлға.

Ол Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің мәдениет бөлімінің меңгерушісі, Қазақ КСР-і Сыртқы Істер министрі қызметтерін атқару барысында қазақ мәдениеті мен дипломатиясының дамуына үлкен үлесін қосты.

Ғылымының қара шаңырағы Қазақ ұлттық университетінде ұстаздық еткен санаулы жылдарында Хакім Тілекенұлы Есенәлиев еліне, жеріне, туған ұлтына деген сүйіспеншілік пен мол тәжірибесін шәкірттерінің бойына сіңіре білді.

Ғұмырының соңына дейін ел үшін еңбек еткен қарапайым қамқорлығымен халқының есінде қалған Хакім Тілекенұлы Есенәливтің ғибратты ғұмыры өскелең ұрпаққа үлгі болсын деген ниетпен осы кітапты ұсынып отырмыз.


Михаил Есенәлиев: Өнегелі өмір. 26-шығ.

Подняться наверх