Читать книгу Михаил Есенәлиев: Өнегелі өмір. 26-шығ. - Коллектив авторов - Страница 12
ҚАЙРАТКЕР ҰСТАЗ
ОглавлениеОНЫҢ ЕСІМІ ҰРПАҚТАР ЖҮРЕГІҢДЕ
Ержан Хозеұлы ҚАЗЫХАНОВ
Қазақстан Республикасы Президентінің көмекшісі
Мен Михаил Иванович Есенәлиевпен бірге аз ғана уақыт жұмыс істедім. Соның өзінде бұл таңғажайып адам кәсіби, ешкімге ұқсамайтын бірегей тұлғасымен ұмытылмастай есімде қалды.
Әрине, жас кезімізде оның өзіне тән ізгі қаситеттерін толық ұғына қоймадық. Көп жыл өткеннен кейін ғана ол кісінің соңында қалған мұрасын, сөздері мен істерін ой елегінен өткізіп жатырмыз.
Михаил Иванович кәсібиліктің, Отанға қызмет етудің, өз ісіне адалдықтың үлгісі болды.
Замандастары оны «ұлттың ар-ұяты» деп атайтын. Ол кез-келген көкейкесті тақырып бойынша өз пікірін ашық та батыл айтатын адам еді.
Михаил Ивановичтың тұлғалық қасиеттерінің қалыптасуына туған жері Саратов облысында өткерген «өмір университеті», Мәскеуде оқыған кездері, Павлодар облыстық комсомол комитетін басқарған шағы, кейіннен Алматы қалалық партия комитетінің бірінші хатшысы, Қазақстан Компартиясы Орталық Комитеті Мәдениет бөлімінінің меңгерушісі болған жылдары елеулі ықпал етті.
Қазақстан тарихының беттері мен өмірбаян деректеріне үңілсеңіз, Михаил Ивановичтың білімдарлығымен, ішкі түйсігімен, істі жете білуімен және қарамағындағы қызметкерлері алдында өзінің адамгершілік парызын терең сезінуімен дара тұратындығын анық аңғарасыз. Сөйте тұра, ол өмірдің қандай соққысын да қиналмай қарсы алып, кез келген жағдайда адами бет-бейнесін жоғалтып көрген емес.
Михаил Есенәлиев өзінің ұйымдастырушылық талантын сүйікті қаласы Алматыда жұмыс істеген жылдары жарқын таныта алды. Ол қаладағы «Қазақстан» қонақүйі, В. Ленин атындағы Сарай (қазіргі Республика сарайы), М. Әуезов атындағы қазақ драматеатры, Абай, Жамбыл, М. Әуезов ескерткіштері, Панфилов саябағындағы кешен сияқты т.б. тарихи мәдени ошақтар мен ескерткіштердің салынуына тікелей қатысты.
Қазақстан дипломатиясының тууы мен қалыптасуы да оның атымен тығыз байланысты. Михаил Иванович тәуелсіз Қазақстанның Сыртқы істер министрі, Ерекше тапсырмалар жөніндегі елші мәртебесіндегі белсенді жасампаздық қызметімен еліміздің сыртқы саясатын, оның бүгінгі табыстарының негізін қалады.
Қазақ КСР Сыртқы істер министрлігін басқарған Михаил Иванович сол кездегі одақтас республика дипломаттарының мәртебесін, рухын және материалдық қамтамасыз етілуін жаңа сапалық деңгейге көтеру ісінде маңызды рөл атқарды.
Маған сол кездегі Қазақстан министрінің адам танитындығы, кадрлардың бұрын атқарған қызметінің деңгейі мен маңыздылығына қарамастан іріктей білетін ерекшелігі ұнайтын. Артық айтқаным емес, сол кезде қызметін бастаған СІМ қызметкерлері әлі күнге дейін өздерін М.И. Есенәлиевтің шәкіртіміз деп санайды.
Оның сол кездегі Қазақстанның қызметін жаңа бастаған дипломаттарының, қарапайым азаматтардың мүдделерін табанды әрі батыл қорғап, жоғары мінберлер мен министрлік кабинеттерінен естілген өткір үні есімізде сақталып қалды.
Мұның бәрі оның жоғары кеңес басшылары тарапынан, соның ішінде КСРО Сыртқы істер министрі А. Громыкодан бастап, жай қарапайым азаматтардың да құрметіне бөленуіне өріс ашты.
1988 жылы дипломатиялық қызметімді бастаған кезімде еліміздің сыртқы саясат ведомствосы, уақыт өте келе халықаралық қатынастар саласында тәуелсіз Қазақстан Президенті Н.Ә. Назарбаев саясатының басты жүзеге асырушысы болады дегенді елестету қиын еді. Өйткені, 1980 жылдардың соңында республикалық министрліктің міндеті протоколдық-консулдық қызметпен ғана шектелетін.
Бірақ сол кездің өзінде біздің министріміз М.И. Есенәлиевтің БҰҰ Бас Ассамблеясының жыл сайынғы сессия жұмысына бірнеше рет қатысқанын, осынау беделді әмбебап ұйымның жоғары мінберінен сөз сөйлегенін мақтаныш ететінбіз. Сондықтан осы мән-жай мен үлгі-өнеге дипломатиялық қызметімді көпжақты дипломатия тақырыбына арнауыма ұйытқы болған сияқты.
1990 жылдары БҰҰ жанындағы Қазақстан миссиясында жұмыс істей жүріп, БҰҰ кітапханасындағы мұрағат материалдарын, бұрынғы КСРО делегациясы мүшелерінің қарусыздану, даму және гуманитарлық мәселелер тақырыбына арналған баяндамаларын, соның ішінде М.И. Есенәлиевтің сол кездің өзінде Қазақстан БҰҰ-ның толық құқылы мүшесі болатынына сенген сөздерін қызыға оқыдым.
1992 жылғы 2 наурызда бүкіл халықтың арманы шындыққа айналды. БҰҰ штаб-пәтерінде еліміздің де туы желбіреді. Қазақстан Республикасының БҰҰ-ға толық құқылы мүше болуы – ел егемендігі мен тәуелсіздігінің елтаңба, ту, әнұран сияқты рәміздеріміздің арқасы десем, артық айтқандық болмас.
Осындай маңызды іске министр М.И. Есенәлиев те өз үлесін қосқанын сезіну бізді қуантады. Оның есімі келешек ұрпақтар жүрегінде сақтала беретіні сөзсіз.
Ерлан Әбілфайызұлы ЫДЫРЫСОВ
Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі
ҚАЗАҚ МАҢДАЙЫНА БІТКЕН БІРТУАР АЗАМАТ
Тәуелсіздік алар сонау 80-інші жылдардың аяғы мен 90-ыншы жылдардың басында Қазақстан аяғына тік тұрып, саяси, әлеуметтік-экономикалық, қала берді сыртқы саясатын бір ізге салып, әлем таныған және халықаралық ұйымдарда беделі, мемлекет ішінде татулық пен бірлік орнаған тамырлы елге айналады дегенге көп адам сенімсіздікпен қараған еді.
Алайда, ол кезде арман болып көрінген осы мақсаттарға сеніп, оны іске асыруға атсалысып, барын аямаған бірегей жандар да болды. Солардың бірі – Михаил Иванович Есенәлиев десек жаңылмаймыз.
Михаил Иванович өзінің асқан ұйымдастырушылық қабілетін көрсете білген адамдардың қатарына жатып, шынайы интернационалист және мемлекеттік қызметкер болды. Саратов және Павлодар облыстарының комсомол және партиялық органдары, Алматының қалалық коммунистік партиясы, ЛКЖО-ның Орталық комитетінде және Қазақстан Компартиясындағы табысты жұмысының барысында, Михаил Иванович рақымсыз төрешіл және жағымпаз мансапқорға айналмаған адам.
Ол мінезі ашық, таза ниетті, қиындыққа керемет төзімді, еңбекқор, нағыз дарынды адам болатын. Оның ақылы, ұйымдастырушылық қабілеті, дарынды басшылық қасиеті, зиялылығы мен инабаттылығы ортасында құрметке бөледі. Михаил Иванович әрқашан білімге және өзін-өзі жетілдіруге деген талпыныспен көзге түскен. Бұл бүгінгі ұрпақ үшін үлгі боларлық қасиет.
1981-1989 жылдары Республиканың сыртқы істер министрі болып тұрған кездері де Михаил Иванович өзінің асқан ұйымдастырушылық қабілетін көрсете білді. Мұндай өз ісіне соншалық берілген тұлғамен сол жылдары танысып, ұзақ уақыт бойы қызметтес болдым.
Қазақстандық дипломатияның қалыптасуына Есенәлиевтің қосқан үлесі зор. Оның бұл игілігі ел жадында қалатыны күмән келтірмейді. Өйткені бұл кісі бар күшін дипломатиялық қызмет мәртебесін жоғарылатуға арнаған. Қазақстанның егемендігі үшін аянбай қызмет еткен Михаил Ивановичтің мектебінен республиканың дипломат кадрлары, сонымен қоса СІМ-нің басшылық етуші құрамы, Қазақстан Республикасының Төтенше және Өкілетті елшілері өтті. Ол тәуелсіз елдің болашақ дипломаттарын даярлау ісіне де барынша атсалысқан жан.
Ол кісінің батылдығы, халықтың бойындағы ұлттық рухты оятып, жігерлендіруі біздің өзімізді таңғалдыратын. Көп жылдық тәжірибесі бар дипломаттың дәрістері әрдайым қызықты өтетін, оған шетелден елшілер, консулдар шақырылатын. Михаил Есенәлиевтің тек қазақстандық дипломатияның қалыптасуына, дамуына ғана емес, қазақ мәдениетінің, әдебиеті мен өнерінің дамуына тигізген әсері зор болды.
Сонымен бірге, Михаил Иванович 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасында зардап шеккен жастарды ақтау үшін және Қазақстан халқына тағылған «ұлтшылдық» деген айыппен күреседі. Сондықтан, ол кісіні «ұлттың ожданы» деп атайды.
1964 жылдан бастап өмірінің соңғы күндеріне дейін көп ұлтты Қазақстанның экономикадағы, саясаттағы және мәдениеттегі барлық жетістіктері үшін маңдай терін төккен азамат. «Сегіз қырлы, бір сырлы» деген сөз нақ осы кісі туралы айтылған болса керек.
Михаил Иванович Есенәлиев аты Алматы мен Павлодар қалаларындағы көшелерге беріліп, Астана қаласындағы Республикалық музейде салтанатты генералдық формасы сақталған. Оның кітаптары, мақалалары ХХ ғасырдың екінші жартысындағы күрделі оқиғаларға толы тарихымызды түсінуге көмектеседі.
Қазақтың маңдайына біткен біртуар азаматтарымызды мәңгі есте сақтауға, әсіресе Михаил Ивановичті үлгі тұтып, игі істерін ұлықтап жүруге міндеттіміз деп санаймын.
ЕСЕНӘЛИЕВ ТУРАЛЫ
Төлеутай Сқақұлы СҮЛЕЙМЕНОВ,
1991-1994 ж. ҚР Сыртқы істер министрі, ҚР елшісі, ҚР Президенті жанындагы Мембасқару Дипломатиялық академиясының профессоры
Мен Михаил Иванович туралы көп естідім, бірақ 1982 жылға дейін онымен таныс болғаным жоқ. Біздің алғашқы кездесуіміз КСРО Сыртқы істер министрлігінде өтті. Мен ол кезде Орта Шығыс елдері бөлімінде жұмыс істеп жүргенмін. 19-шы қабаттың дәлізінде орта бойлы, сүйкімді келген адам менің қасыма келіп, «Төлеутай Сүлейменовты қалай табуға болады?» – деп сұрады. «Мен, ал сіз кім боласыз?» – деп жауап бердім. Мен: «Михаил Иванович Есенәлиев – Қазақ КСР Сыртқы істер министрімін» – деді. Мен ол кісімен бұрын таныс болмағаныма кешірім сұрап, отырыңыз деп үстел ұсындым. Өзі туралы қысқаша айтты да, менен Министрліктегі жұмысым туралы сұрады. Мен Орта Шығыс бөлімінде істеймін, өте қызықты жұмыс, ішіміз пыспайды дедім. Кетерінде: «Алматыға келсең, Қазақстанның Сыртқы істер министрлігіне кел, мен саған өз жұмысым туралы айтып берем, пікір алмасамыз», – деді. Міне, біздің алғашқы кездесуіміз осылай өтті. Шынымды айтайын, Михаил Иванович маған өте жақсы әсер қалдырды, байсалды сөйлейтін, ақылды және сүйкімді адам екен.