Читать книгу Банктік тəуекелдер жəне оны басқару - Нұргүл Керімбекова - Страница 2

1- тарау
БАНКТІК ТӘУЕКЕЛДЕРДІҢ ЭКОНОМИКАЛЫҚ МӘНІ
1.1. Банктік тәуекелдер категориялары мен классификациясы

Оглавление

Жалпы тәуекелдің тұжырымдамасы адамзатқа ежелден-ақ таныс. Өйткені тәуекел біздің өміріміздің ажырамас бөлігі болып келеді. Тәуекел деп оқиғаның болу немесе болмау мүмкіндігін жүз пайыздық нақтылықпен болжай алмауын айтамыз. Кез келген адам тәуекел деңгейін төмендетуге тырысады. Өйткені жағымсыз оқиғаның болу жағдайында тәуекелге бет бұрған адам міндетті түрде шығынға ұшырайды. Тәуекел деңгейін төмендету мақсатында біз екі немесе одан да көп баламалардың бар болуын қалаймыз. Яғни, таңдау құқығына ие болғымыз келеді. Тәуекел деңгейі мен табыстылық деңгейі өзара пропорционал, тәуекел деңгейі неғұрлым жоғары болса, табыстылық деңгейі де соғұрлым жоғары болады. Керісінше тәуекел деңгейі төмен болса, табыс та төмен болады. Сондықтан кез келген кәсіпорын табыс пен тәуекел деңгейлерінің арасынан ең тиімді немесе альтернативті арақатынасты таңдайды.

Бүгінгі таңдағы нарықтық экономика жағдайында банк саласында банктер әртүрлі банктік операцияларды жүзеге асыру барысында мойнына алатын жауаптылықты дұрыс бағалай білуінің маңызы зор.

Тәуекелділік кез келген банктік операцияларда болады. Олардың ауқымы әртүрлі. Сондықтан да банк қызметтерде тәуекелдің мүлде болмауы маңызды емес, оны ең аз шамадағы деңгейіне жеткізу, кеміту маңызды. Яғни кез келген банк өз қаражаттарын табысы жоғары және тәуекел деңгейі төмен ісәрекеттерде жұмсауға тырысады.

Банктік тәуекелдер деп несие мекеменің жүзеге асыратын, банк операциясының ерекшелігімен туындайтын шығын қатері, яғни банктің өз ресурсының, табысының бір бөлігінен айырылып қалу қаупін немесе қаржылық операцияларды жүзеге асыру барысында қосымша шығын шығару қаупін айтамыз.

Тәуекел банктің берілген несиелері бойынша төлемсіздік туындаған жағдайда, ресурстық базасы жеткіліксіз болғанда жалпы міндеттемелері бойынша жауап беру мүмкіндігі азайғанда пайдасынан айырылып қалу ықтималдылығын белгілейді.

Банктік тәуекел категориясы экономикалық теорияның тану объектісі ретінде әртүрлі бағыттағы нәтижелер мен ақпараттардың анықталмағандығы және оссиметриялылығымен тығыз байланысты.

Банк қызметі залалсыз болуы үшін шыгын, ысырап, залал сенімді категорияларға бағдарланып, оларды қолдану керек.

Ысырап банк қызметіне тән, тәуекелділікті сипаттайтын қорытындылаушы көрсеткіш тұрғысынан банк пайдасының болжанбаған кемуі ретінде ұғынылады.

Бұл көрсеткіш өзіне шығын мен залалды ұштастырады. Сол себепті де, қатердің деңгейін басқа көрсеткіштерге қарағанда анық сипаттай алады.

Қатер мен ысырап ұғымы бір-бірімен өзара байланысты. Осыған орай, қатерді ысырап категорияларын пайдалана отырып, сандық тұрғыдан сипаттауға болады. Бұл тәсілдеме тәуекел теориясын дамытудың базасы болып табылады.

Шығын – банк өз қызметінде белгілі бір шығындар жұмсайды. Оларға: салымға төленетін пайыздар, өзге де қаржы институттарынан алынған кредит ресурстары үшін төлем, есеп айырысу операцияларымен, бағалы қағаздармен байланысты шығын, жұмыскерлерге, қызметкерлерге, үй-ғимаратқа кететін шығындар жатады.

Табысты ала алмау немесе белгіленген шығыннан да көп шығын шығару жағдайы залал деп аталады. Залал алдағы кезеңнің операцияларының жеткілікті дәрежеде таңдалмаған кезінде, жарамсыздыққа ұрынған жағдайда және қал-ақуалды болжауға келмейтін жағдайда болады.

Іс жүзінде портфельдердің келесідей түрлері бар:

– несиелік тәуекелділік портфелі;

– өтімділік тәуекелділік портфелі;

– валюталық тәуекелділік портфелі;

– пайыз мөлшерлемесінің өзгеру тәуекелділігі портфелі.

Банк өз қызметі процесінде тәуекел түрлерінің әртүрлі жиынтығымен кездеседі. Осы жиынтықтар бір-бірінен пайда болу уақыты мен орны, экзогендік факторлар жиынтығы (яғни экономикалық орта, коньюктурамен байланысты «сыртқы») және экзогендік факторлар (өзіндік қате қызметінен пайда болатын «ішкі») бойынша ажыратылады. Сонымен бірге барлық тәуекел бір-бірімен байланысты және банк қызметіне әсер етеді.

Банк қызметі табысты болу үшін, банк тәуекелді бөлшектеу және нақты тәуекел түріне ең жақсы басқару тәсілін қолдану қажет.

Тәуекелді басқару мен бағалау тиімділігі көбіне оның классификациясымен анықталады. Тәуекелдерді классификациялау деп көзделген мақсаттарға жету үшін оларды анықталған белгілері бойынша белгілі бір топтарға бөлуді айтамыз. Ғылыми негізделген классификация жалпы жүйедегі әрбір тәуекелдің орнын анықтауға, тәуекелді басқарудың керекті әдістері мен тәсілдерін тиімді қолдануға мүмкіндік береді. Қазіргі заманға сай экономикалық әдебиеттер мен тәжірибеде басқару және талдау мақсаттарына байланысты банк тәуекелдерінің көптеген классификациялары бар. Соның бірі 1-сызбада көрсетілген.

Сонымен, банктік тәуекелді жіктеу қағидаларына:

– банктік тәуекелдің әсер ету және қызмет ету аясы;

– банк клиенттерінің құрамы;

– банктік операциялар сипаттамасы;

– коммерциялық банктердің түрі жатады.

Ал енді әсер ету мен қызмет ету аясына байланысты банктік тәуекелдер сыртқы және ішкі деп бөлінеді.

Сыртқы тәуекелдер – банктік қызметіне немесе берілген бір клиентпен байланысты емес тәуекелдер. Банкте анықталған ақшақаражаттары болғанда, ол жанама түрде сыртқы тәуекелдерді алдын ала болжай алады және оларды өз уақытында басқара алады. Сыртқы тәуекелдер саяси-экономикалық, әлеуметтік-құқықтық, бәсекелестік, қаржылық және басқадай факторлардан пайда болады.


1-сызба. Банктік тәуекелдердің классификациясы


Саяси факторларға: соғыс, жаулап алу, басып кіру (оккупация), саяси көтерілістер мен тәртіпсіздік, идеологиялық келіспеушілік, экономикалық қызығушылық қақтығыстары, саяси күштер мен әлеуметтік топтар қызығушылықтарының поляризациясы, саяси режимнің ауысуы, ұлттандырылуы, жекешелендірілуі, қарыздарды жалпылау (консолидация), эмбаргоны енгізу, импорттық лицензияны алып тастау, тікелей шетел инвестициялар тәуекелі және т.б. жатқызылады.

Экономикалық факторлар: ЖҰӨ-нің төмендеу немесе өсу қарқынының баяулауы, өнімге деген бағаның тез өсуі, экспорттан түсетін табыстың төмендеуі, импорттық өнімнің өсуі, әлемдік нарықтағы отандық тауарлар бәсекелестігі мен іскерлік белсенділігінің және басқа да мемлекеттермен байланыстардың азаюы, халықтың бірыңғайлылығы мен білім деңгейінің төмендеуі, инфрақұрылымның нашар дамуы мен тағы да басқа шектеулерді (экспорттық, импорттық шектеулер, шетел инвестициясын лимиттеу сияқты) білдіреді.

Бәсекелестік факторлар: банктің және банктік мекемелердің қосылуы, банктік операциялар мен мәмілелердің жаңа түрінің пайда болуы, басқа банктердің қызмет құнының төмендеуі, банктік қызмет сапасына деген талаптардың жоғарылауы, жаңа банктік мекемелер пайда болуының жеңілдігі, банктің банкротқа ұшырау қиындығы мүмкіндігімен байланысты болады.

Банктік операциялар: технологиялық процестерімен маманданған қызметкерлер жеткілікті минимумын оптималды басқару, тиімді маркетингтік стратегияны және тактиканы таңдау, т.б. факторлар. Ішкі тәуекелдерге берілген жекеленген коммерциялық банк иеленетін кәсіпкерлік артықшылықтар әсер етеді.

Банктің ішкі тәуекелінің өзі төртке бөлінеді: банк активтері, банк пассивтері, активтер мен пассивтерді басқару сапасы, қаржылық қызметті жүзеге асыру тәуекелі. Олардың өзі ішінара жіктеледі:

Несиелік тәуекел – қарыз алушының банктен алған несиесі бойынша қарызын немесе оған есептелген сыйақысын өз уақытында қайтара алмауына байланысты банктің зиян шегуін сипаттайды. Кез келген банк қызметінің табыстылығы банктің несиесінің сапасына, яғни оның қайтарымдылық дәрежесіне байланысты. Несиенің уақытылы қайтарылмауы банктің зиян шегуіне итермелейді, сондықтан да банктер несиелік тәуекелді басқару шараларымен уақытында айналысып отыруы керек. Несиелік тәуекелдің өзі былайша жіктеледі:

1. Қарыз алушыға байланысты несиелік тәуекел:

– объективті;

– субъективті;

– заңды.

2. Несиені қамтамасыз етумен байланысты тәуекел:

– кепіл берушінің тәуекелі;

– сақтандырылған кепіл мүлкінің тәуекелі:

– кепіл мүлкінің өтімділік тәуекелі;

– жойылу тәуекелі;

– жүйелік тәуекел;

– форс-мажорлық тәуекел.

Валюталық тәуекел – келісімшартқа қол қойған кезеңі мен ол бойынша төлемді жасау арасындағы кезең ішінде төлейтін валютаға қатысты валюта бағамындағы өзгерістің нәтижесінде туындайтын зиян шегу қаупі. Валюталық тәуекел қандай да бір шетелдік валютаға ұлттық валютаның қатысы кезінде, курстың өзгеруі кезінде зиян шеккен банктерде және өз қорларының бір бөлігінің жоғалуына, табыстың толық алынбауына, қосымша шығынның шығуына алып келеді. Валюталық тәуекел ашық валюталық позиция кезінде туындайды. Банктік тәжірибеде валюталық тәуекелдің бірнеше түрлері қолданылады, атап айтсақ:

– айырбас бағамының өзгеру тәуекелі;

– конверсионды операциялар тәуекелі;

– трансляциялық тәуекелдер;

– форфейтинг тәуекелі;

– коммерциялық тәуекел;

– операциялық тәуекел.

Нарықтық тәуекел – валюталық, пайыздық және инвестициялық тәуекелдердің жиынтығынан тұрады. Бұл тәуекел мүмкін болатын жоғалтулардың, ескерілмеген шығындардың әсерінен және активтер мен пассивтердің нарықтық бағасының, өтімділік дәрежесінің төмендеуінен туындайды. Нарықтық баға әрқашан да сұраныс пен ұсыныстың негізінде құрылады, сондықтан ол өзгеріп отырады. Нарықтық тәуекелді, әсіресе несиемен қамтамасыз ету кезінде ескерген жөн, себебі бағалы қағаздар нарығындағы өзгеріс немесе жылжымайтын мүлік нарығындағы кері жағдайлар күтілмеген шығындарға алып келуі мүмкін.

Кассалық тәуекел – кассалық операциялардың жүргізілуі барысында кассирлер тарапынан байқаусызда немесе кассирлердің жұмысқа салғырт қарауынан туындайтын тәуекелдің түрі. Банк тәжірибесінде кассалық кателіктер көбіне аударымдар жасағанда, коммуналдық төлемдер қабылдағанда, алаяқтардың басқа тұлғалардың атынан ақша алуы және т.б. жағдайларда туындайды.

Есеп айырысу тәуекелі – банктің есеп айырысу процесін ұйымдастыру барысында есеп айырысу техникасына байланысты туындайтын тәуекел. Төлемсіздік немесе төлем мерзімін бұзу тәуекелі, есеп айырысу формаларының төлем және құжат айналымдары тәсілдері, есеп айырысу мазмұны мен мәмілелерінің сипаттамасына сәйкес келмеу тәуекелі. Есеп айырысуға қатысты заңдар мен қойылатын нормативтік талаптарға сай келмеуі немесе олардың бұзылуы.

Факторингтік тәуекел – факторингтік келісімшарт негізінде клиентке қаржылық қызмет көрсету барысында, яғни тауарлыкомиссиондық операцияларды жүргізу барысында туындайды. Факторингтік операцияда үш тұлға қатысады. Олар: факторингтік компания немесе банк, жабдықтаушы, сатып алушы.

Инвестициялық тәуекел – белгісіз жағдайда инвестицияның көзделмеген шығынға ұшырауы. Яғни белгілі бір жобаларға, бағалы қағаздарға салынған қаржының шығынға ұшырауы мен мүлдем қайтарылмау тәуекелі. Инвестициялық тәуекелдерді келесі белгілері бойынша жіктеуге болады:

1. Жүзеге асыру сферасы бойынша:

– техника-технологиялық тәуекел;

– экономикалық тәуекел;

– саяси тәуекел;

– әлеуметтік тәуекелдер;

– экологиялық тәуекел;

– заңды-құқықтық тәуекелдер.

2. Жүзеге асыру түрлері бойынша тәуекелдер:

– нақты инвестициялық тәуекелдер;

– қаржылық инвестициялық тәуекелі.

3. Инвестициялық тәуекелдердің пайда болу көздері бойынша:

– жүйелі тәуекел: пайыздық, валюталық, инфляциялық, саяси тәуекелдер;

– жүйесіз тәуекелдер.

Банкаралық несиелерді тарту тәуекелі – банктердің арасында бір-біріне берілетін несие, яғни банк өз өтімділігін қамтамасыз ету үшін алатын қысқа мерзімді несие негізінде туындайды. Банкаралық несие тартылған ресурстардың ішіндегі ең қымбаты – олар көбінесе бір күнге немесе бір түнге берілетін несиелер, яғни овернайт несиелері.

Диверсификациялық тәуекел – ақша қаражатын әртараптандыру кезінде әртүрлі салаға орналастыру негізінде туындайтын тәуекел. Ақша қаражаттарын әр салаға бөліп салу тәуекел деңгейін азайтады, алайда жалпылама экономикалық құлдыраулар салалардың құлдырауына алып келуі мүмкін, осы жағдайда диверсификациялық тәуекелді жоғарылатады.

Өтімділік тәуекелі – банктің борыштық және қаржылық міндеттемелерін уақытында орындай алмауы, қолма-қол ақша қаражаттары мен активтерінің жеткіліксіздігінен, басқа көздерден тез арада тарта алмауы негізінде туындайды. Банк өтімділігінің төмендеуі тікелей банктің нарықтағы деңгейінің төмендеуіне, яғни бәсекелестік қабілетінің азаюына алып келеді.

Пайыздық тәуекел – бұл пайыз мөлшерлемелерінің болжанбаған ауытқуы негізінде банктің ысырапқа ұшырау мүмкіндігі. Пайыз мөлшерлемесі өзгергенде банк табыстары мен шығындары, активтерінің нарықтық құны, пассивтер мен баланстан тыс шоттар да өзгереді. Пайыз тәуекелі берілген ссудалар мен тартылған қаражаттардың мерзімдері сәйкес келмеген жағдайда немесе активтік операциялар бойынша мөлшерлемелер әртүрлі тәсілмен берілгенде пайда болады. Пайыздық тәуекелдің жіктемесі:

– жаңа баға құру бойынша активтер мен пассивтер бағасының өзгеруі;

– табыстың өзгеру тәуекелі;

– базистік тәуекел;

– операциондық тәуекел.

Төлемқабілетсіздік тәуекелі – клиенттің банк алдындағы қарыздарын өтей алмау кезінде туындайды. Төлемқабілеттілікті скоринг жүйесі арқылы бағалайды, яғни несие бермес бұрын төлемқабілеттігін бағалау керек.

Капитал құрылымы тәуекелі – банк капиталының құрылымының, яғни банктің ұзақ мерзімді, қысқа мерзімді және меншік капиталының дұрыс орналастырылмауынан, қолданбауынан туындайды, сонымен бірге банк ресурстарының нарыққа сәйкес қымбаттауы немесе арзандауы барысында болады.

Меншік капиталының жеткіліксіздігі тәуекелі – коммерциялық банктердің тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін құрылған банктің әртүрлі қорлары мен ағымдағы қызметінің нәтижесіне байланысты және өткен жылдардағы бөлінбеген пайдасының азаюынан, банк меншігінде тартылған қаражаттардың үлесінің тым артып кетуінен туындайды. Банк секторының әлеуетін нығайту, оның бәсекеге қабілеттілігін арттыру мақсатында жұмыс істеп тұрған және жаңадан құрылатын банктердің меншікті капиталдарының ең төменгі мөлшеріне қойылатын талаптар 2009 жылғы 1 қазаннан бастап 5 млрд теңгеге дейін, 2011 жылғы 1 шілдеден бастап 10 млрд теңгеге дейін ұлғайтылады. Алматы және Астана қалаларын қоспағанда, негізгі қызмет көрсету көлемі Қазақстанның аймақтарында көрсетілетін аймақтық банктер үшін меншікті капиталдарының ең төменгі мөлшері 2009 жылғы 1 қазаннан бастап 2 млрд теңгені (бірқатар талаптар орындалған кезде); 2011 жылғы 1 шілдеден бастап 4 млрд теңгені құрайды.

Операциондық тәуекел – қызметкерлер тарапынан болатын ішкі процестерді жүргізу барысында жіберілген кемшіліктер мен қателіктер, ақпараттық жүйемен дұрыс жұмыс істемеу салдарынан болады.

Техникалық тәуекел – банктік жүйеде жұмыс жасап отырған бағдарламалардың ескіруі, жаңа құрылған бағдарламалардағы кемшіліктер салдарынан туындайды.

Жаңа енгізулер тәуекелі – жаңа банктік өнімді нарыққа енгізумен байланысты тәуекел. Яғни нарыққа енгізілген өнім күтілген бағада өтпеуі, ойлаған шығындардан нақты шығындардың асып кетуінен, банк басшыларының жаңа өнімді енгізудегі ісәрекеттерінің дұрыс ойластырылмағандығынан болады.

Стратегиялық тәуекел – банктің алға қойған стратегиялық жоспарларының дұрыс құрылмағандығы салдарынан, яғни орналасқан жерінің дұрыс таңдалмағандығы, ол жердегі банк өніміне деген сұраныстың дұрыс бағаланбауы, алға қойған жобалардың дұрыс жүргізілмеуі негізінде туындайды.

Банктік тәуекелдердің пайда болу уақытына байланысты банктік тәуекелдер ретроспективті және перспективті түрінде жіктеледі. Тәуекелді бұлай бөлудің тиімділігі болжанған шығындардың алдын алуға көмектеседі, яғни бұрын кеткен кателіктерді алдын ала ескеріп отырады.

Тәуекел деңгейіне байланысты банктік тәуекелдер төмен, орташа, жогары болып бөлінеді. Бұл тәуекелдердің деңгейлері коэффициенттер немесе пайыз түрінде көрсетіледі.

Банктік тәуекелді есептеу әдісі бойынша кешенді және жеке болып бөлінеді. Кешенді дегеніміз жалпы банктің тәуекелін есептегенде, тәуекел көлемін болжағанда, өтімділік туралы экономикалық заңдылықтарды ұстағанда қажет. Жеке дегеніміз жеке банктік тәуекелдерді шкалалар, коэффициенттер түрінде есептегенде ескеріледі.

Банктің типіне қарай: банк тәуекелдері мамандандырылған, салалық және әмбебап банк тәуекелдері түрінде болады.

Банк клиенттерінің құрамына қарай: кіші, орта, және үлкен деп үшке бөлінеді.

Банктік тәуекелдерді басқару мүмкіндігіне қарай: ашық және жабық болып жіктеледі. Ашық тәуекел деп пайда болған тәуекел бетінің қайтарылмайтын түрін айтамыз, ал жабық тәуекелде пайда болған тәуекелдің бетін диверсификация арқылы азайтуға болады.

Банктік тәуекелдердің әртүрлі бағыттар мен салаларға, критерийлерге байланысты жіктелуі банк саласында тәуекелдің пайда болу тұстары көп екендігін көрсетеді. Жалпы банктік сферада 130дай банктік тәуекел түрі кездеседі, жоғарыда аталып көрсетілген тәуекел түрлері солардың негізгілері десек болады. Банктік тәуекелдердің түрлерін білмейінше, оны банк тәжірибесінде басқара да алмаймыз.

Банктік тəуекелдер жəне оны басқару

Подняться наверх