Читать книгу Банктік тəуекелдер жəне оны басқару - Нұргүл Керімбекова - Страница 6
2-тарау
НЕСИЕЛІК ТӘУЕКЕЛ ЖӘНЕ ОНЫ БАСҚАРУ
2.2. Несиелік тәуекелді басқару және бағалау әдістері
ОглавлениеНесиелік тәуекелді басқару – несие қызмет түріне байланысты тәуекелді төмендетуге бағытталған әдістер мен тәсілдердің жиынтығы.
Банктің несиелік тәуекелін басқару функциясы келесі жоспар бойынша жүргізіледі:
1. Несиелік портфельді басқару.
Несиелік портфельді басқарудың ортақ шарттары келесідей:
1) қарыз алушылар мен олардың топтары үшін несиелеудің ішкі банктің лимиттерін белгілеу;
2) несиелік рейтингпен байланысты болатын жекелеген қарыз алушының тәуекел деңгейін көрсететін несиелік тәуекел талдау формасын жасау;
3) әртүрлі салалар бойынша несиелеуді диверсификациялау;
4) төменгі тәуекел деңгейі бар маңызды салаларды анықтау;
5) жоғары тәуекелі бар салаларға қатысты несиелік саясатты қатаңдату;
6) несиеге баға белгілеу саясатын дайындау.
Тәуекел дәрежесіне қарай несиелер былай жіктелініп, оларға қарсы провизиялар құрылады:
1. Стандартты несиелер – қайтарылу уақыты жетпеген, қайтарылымында ешқандай күмән жоқ несиелер.
2. Күмәнді несиелер – қайтарылу мерзімі ұзартылған, қайтарылуында күмән бар несиелер:
A) күмәнді 1-категория – қайтарылу мерзімі 30 күнге дейін кешіктірілген, қайтарылу мерзімі бір рет ұзартылған, банкке біршама тәуекел әкелетін несиені білдіреді. Мұндай несиенің түрі бойынша негізгі қарыз сомасынан 5 % мөлшерінде провизия құрылады;
Б) күмәнді 2-категория % қайтарылу мерзімі 30-60 күнге кешіктірілген, мерзімі бір реттен ұзартылған, банк үшін тәуекел тудыратын несиені білдіреді, мұндағы провизия сомасы 20 % мөлшерінде;
B) күмәнді 3-категория % қайтарылу мерзімі 60-90 күнге дейін кешіктірілген, мерзімі бірнеше рет ұзартылған, банк үшін тәуекелі жоғары несиені айтамыз, провизия сомасы 20 % көлемінде;
Г) күмәнді 4-категория % қайтарылу мерзімі 90-120 күнге кешіктірілген, мерзімі бірнеше рет ұзартылған, банк үшін үлкен тәуекел тудыратын несие, провизия сомасы 25 % сомасында;
Д) күмәнді 5-категория % қайтарылу мерзімі 120-150 күнге кешіктірілген, қайтарылу мерзімі бірнеше рет ұзартылған, тәуекелі банкке жоғары болып келетін, провизия 50 % көлемінде құрылған несиелер.
3. Үмітсіз несиелер – қайтару мерзімі 180 күнге дейін және одан жоғары мерзімге кешіктірілген, банк үшін өте қауіпті, яғни пайдасы есебінен жабылатын, 100 % мөлшерде провизия құрылатын несиені айтамыз.
Екінші деңгейдегі банктердің несие бойынша провизияларды құру мен заңды және жеке тұлғаларға ұсынылған несиелердің жіктелінуі 1-кестеде көрсетілген.
Банк салымшылар мен акционерлер алдындағы міндеттерін орындай отырып банктің несиелеу функциясы келесідей үш міндетке бағытталуы керек:
– ссудаларды оның қайтарымдылығына сенімді болған жағдайда ғана беру керек;
– акционерлер мен салымшылардың қызығушылығын оятатындай ақша қаражаттарын тиімді инвестициялау;
– несиеге деген экономикалық сұранысты қанағаттандыру.
2. Несиелік процесті талдау.
Несиелік процесті талдаудың басты мақсаты – несиелеу процесі мен оның шарттарына дәйекті түрде бағалау жасау. Басқа сөзбен айтқанда, несиелік процестің қаншалықты дұрыс ұйымдастырылғанын, жүргізіліп жатқан процеске басшылықтың қаншалықты дәрежеде қатыстылығын, банк персоналдарының процеске қатысуын, несиелік процеске қатысушылардың ақпаратты уақытылы және толық көлемде алуын анықтау.
3. Несиелік портфельдің сапалығы.
Несиелік портфель банктің нарықтағы позициясын, бизнес стратегиясын, тәуекел бойынша стратегиясын, банктің мүмкіндіктерін білдіреді. Несие портфелінің сапалығы банк қызметіне толық суреттеме береді десек болады.
4. Несиелік тәуекелді басқару саясаты.
Несиелік тәуекелді дұрыс басқармау көбінесе банктердің банкроттыққа ұшырауына алып келеді. Несиелік тәуекелді басқару саясаты несиелік тәуекелдің туындайтын факторларын анықтау, оны жою немесе төмендету, несиелік портфельді басқару механизмдерінің, несиелер бойынша лимиттер құрып, провизиялық қорларды құрудың әртүрлі шараларының жиынтығы ретінде қарастырылады.
5. Активтердің сыныптамасы.
Активтерді сыныптау тәуекелдерді басқарудың басты құралы болып есептеледі. Активтерді сыныптау келісімге сәйкес несиелердің қайту-қайтпау мүмкіндігін бағалау үшін қажет. Банктік қағидаға сүйенсек барлық тәуекел туындауы мүмкін активтер сыныпталуы тиіс. Банктер активтерді сыныптауды өз ережелері бойынша жүргізеді, бірақ қаржылық қадағалау органдарының белгілеген стандарттарына бағынады. Стандартты және стандарттан төмен болып сыныпталған активтер жылына екі рет тексеруден өтеді. Халықаралық стандарттар бойынша активтер келесідей жіктеледі: стандартты; қараудағы активтер; стандарттан төменгі активтер; күмәнді; шығынды.
6. Несиелік жоғалтуларға резервтер құру саясаты.
Резервтердің көлемін анықтау банктің несиелеу тарихына, яғни несиенің өтелуіне тікелей әсер ететін факторлармен анықталады. Әрдайым және жүйелі түрде активтердің құнына бағалау жасалуы тиіс және ол белгіленген құжаттарда жазылып отырылуы керек. Шығындардың орнын жабуға арналған резервтердің көлемін анықтау үшін келесі факторларға талдау жасалуы маңызды:
– банктегі резервтеу саясаты мен оның методологиясына;
– тәуекелді анықтау іс-шаралары мен оны қайта қарау процесіне;
– кез келген шығынға алып келуі мүмкін жағдайларға;
– ұзақ уақыттағы тенденцияға;
– ағымдағы саясаттың адекваттылығына.
Несиелік тәуекелдерді басқарудың негізгі элементтері:
– несиелік қызметті ұйымдастыру;
– несиелік ұсыныстарды бағалау, қарыз алушының несиелік қабілетін бағалау;
– лимиттер белгілеу;
– несиелік тәуекелге байланысты несиелерге рейтинг қою;
– несие бойынша зияндарды еске ала отырып сыйақыны анықтау;
– несиелік шешімдерді қабылдау барысында құзіретті бөлу;
– несиелік мониторинг;
– несиелік портфельді бағалау;
– проблемалық несиелерді қалпына келтіру;
– несиеге баға белгілеу;
– берілген несие бойынша кепілдерге бақылау жасау;
– диверсификация;
– шығындардың орнын жабу үшін резервтер құру.
Несиелік тәуекелдерді басқару процесінің кезеңі:
1. Несиелік тәуекелді сәйкестендіру – тәуекелдің пайда болу факторы мен себептерін анықтау
2. Несиелік тәуекелді бағалау:
– тәуекелді өткізу мүмкіндігін бағалау;
– тәуекелді өткізуден пайда болатын шығындарды бағалау;
– қабылдайтын тәуекелді бағалау.
3. Несиелік стратегиясын таңдау – шешімдерді қабылдау жүйесі:
– тәуекелді бірден қабылдау туралы шешім;
– тәуекелмен байланысты әрекеттерден бас тарту туралы шешім;
– егер тәуекелді төмендету бойынша нақты шараны қолдану шарты болған жағдайда тәуекелді қабылдау туралы шешім.
4. Несиелік тәуекел деңгейін бақылау – тәуекелге мониторинг жасау, жүргізу.
5. Несиелік тәуекелді минимизациялау – тәуекел деңгейін төмендету әдістерін қолдану.
2-кесте
Несиелік тәуекелді басқару кезеңдерінің ерекшеліктері
Несиелік тәуекелдерді талдау жалпылама сандық және сапалық талдау түрінде жүргізіледі.
Сапалық талдау несиелік тәуекелдің пайда болу аумағын, несиелік факторларды және тәуекелді анықтауда пайдаланылатын ақпарат көздерін талдауды қамтиды. Сапалық талдау, әсіресе банктің несиелік портфелінің сапасын талдау негізінде жүргізіледі және терең білімділік пен тәжірибені, сезімталдылықты талап етеді.
Сандық талдау – бұл несиелік тәуекелдің дәрежесін формалау, яғни сандық тұрғысынан талдау.
Тәуекелді басқару кезінде әрбір несиелік бөлім мына шараларды жүргізуі тиіс:
1) тәуекелді мөлшерлеу;
2) тәуекел мөлшерін анықтау;
3) тәуекелді бақылау;