Читать книгу Қосалқы тарихи пәндер. І бөлім - Тұрғанжан Төлебаев - Страница 1

КІРІСПЕ

Оглавление

Адамзаттың пайда болуымен қатар дүниеге келген тарихи ой мен түсінік басқа ілім салаларына қарағанда ертерек білім және тәрбие құралына айналды. Адамдардың іс-әрекеті өмір тіршілігімен, бастан өткізген оқиғалармен тығыз байланыста болғандықтан тарихи білім оларды түгел дерлік қамтыды. Сондықтан тарих ғылымы басқалардан гөрі кең, сан салалы болып қалыптаса отырып, бізге жетті.

Сонау бағзы замандарда-ақ ежелгі адамдар өздерінің атабабаларының ерлік істері мен тамаша қасиеттері туралы аңыздар мен әңгімелерді айтып, мақтан тұтып, жас ұрпақты солардың үлгісінде тәрбиеледі. Өзінің сол замандардағы миссиясын әлі де атқарып келеді. Мұнымен қатар адамзаттың жасаған заттары, айтқан әңгімелері мен жырлары, қойған аттары мен атаулары, жазған жазбалары дерек ретінде сақталып, пайдаланылуда. Тарихи ойдың сақталу үрдісі және тарихи деректердің түрлерінің сан алуандығы олардың әрқайсысын арнайы зерттеп, оқып-үйрену үрдісінде оған қажетті білім салаларын ерекшелеудің қажеттілігі де пайда болды. Ал оларды тарихи тұрғыда оқып-үйрену барысында қосалқы тарихи пәндер ұғымы қалыптасты.

Қосалқы тарихи пәндер – тарихи дерек түрлері мен мазмұнының ерекшеліктеріне қарай өзіндік әдістері қалыптасқан және тарихи зерттеулердің әдістері мен техникасы мәселелерін қарастыратын ғылыми пәндер жүйесі.

Бүгінгі таңда тарихи зерттеулер барысында қосалқы тарихи пәндерді айналып өту мүмкін емес. Олар адамзат тарихының барлық салалары – экономика тарихы, әлеуметтік тарих, саяси тарих және мәдениет тарихы мәселелерінде тамаша, сирек кездесетін деректер мен мәліметтерді пайдалануға мүмкіндік береді. Қосалқы тарихи пәндерге, негізінен, генеология, хронология, нумизматика, ономастика, геральдика, сфрагистика, тарихи метрология, картография, палеография, тарихи география пәндері жатады. Ал олардың әрқайсысының зерттеу, оқыту аймақтары ғана емес, сонымен бірге әдістері мен объектілері де әртүрлі. Мәселен генеология – шығу тек, хронология – тарихи оқиғалардың мерзімін анықтау, ономастика – аттар мен атаулар, геральдика – гербтер, сфрагистика – мөрлер, тарихи метрология – өлшем бірліктері, картография – географиялық карталар, палеография – көне жазбалар мен жазулар, тарихи география – өткен замандардағы адамдардың мекен еткен, өмір сүрген аумақтары туралы мәселелерді зерттеп, оқытады. Қарап отырсақ, бұл пәндер сан қырлы мәселелерді қамтиды. Олардың кейбір салалары басқа ғылым салаларымен де байланысты болып келеді. Мысалы, ономастика, палеография пәндері филологиямен, лингвистикамен байланысты. Ал тарихи география – география, генеология, генетика, медицина, криминалистика, т.б-мен байланысты.

Сондықтан қосалқы тарихи пәндер күрделі әрі қызықты болып келеді. Оны оқып-үйрену бүгінгі таңда тарихшылар үшін өте қажет және маңызды деуге болады.

Қосалқы тарихи пәндер. І бөлім

Подняться наверх