Читать книгу Қосалқы тарихи пәндер. І бөлім - Тұрғанжан Төлебаев - Страница 6
1. ОНОМАСТИКА
1.4. Қазақ топонимикасы
ОглавлениеҚазақ топонимикасының тарихы өте көне замандардан бастау алады. Оны айқындап дәлелдеген Т.С. Жанұзақов. Ол өзінің Қазақстанның палеотопонимдері туралы еңбегінде палеотопонимдерді ұлан-байтақ жеріміздегі ашық аспан астында сақталып, бізге жеткен жәдігер деп көрсетеді. Қазақ жеріндегі мұндай палеотопонимдерді б.з.б. Ү – ІҮ мыңжылдықтарға тән екендігін, содан бері олардың кейбіреуінің әлі де қолданыста жүргендігін ашық жазады және нақты мысалдар бойынша дәлелдейді.
Мысалы, Каспий теңізі атауының палеотопонимдердің бірі екенін атап көрсете келе, оның кас және пий деген сөздерден жасалғанын ерекшелеген. Тарихи еңбектерде кас сөзі көне тайпа атын білдіретінін, ал пий сөзінің орал-алтай тіл бірлестігіне тән екендігін, орочин, эвенк тілдерінде су, өзен, көл ұғымын беретінін айта келе: «Демек, Каспий теңізі «кас тайпасына тән көл» мағынасындағы атау деп білеміз», – деп тұжырымдайды. Біз көрнекті қазақ ономастының бұл тұжырымын толық қолдаймыз. Ол б. з. б. ІІІ ғасырда, І және VI ғасырларда Гиркан теңізі, VIII – Х ғасырларда оғыздар үстемдігі кезінде Хазар теңізі аталғанын, алайда көптеген тарихи-географиялық еңбектерде Каспий аты сақталғанын да атап өтеді. Автор сонымен бірге, көптеген еуропалық және отандық зерттеушілердің осы кас (кас) этнонимін «қазақ» сөзінің түп төркіні ретінде қарастыратынын да ерекшелейді.
Зерттеуші палеотопоним ретінде арнайы тоқталған келесі атау – Жайық өзені. II ғасырдағы грек ғалымы Клавдий Птолемейдің «География» еңбегінде Дайке, Ахмед ибн Фадлан жазбаларында Джайх, В.В. Бартольдтың Птолемей заманында Волга өзенінің аты фин тілінде Ра-Урал, ал түркі тілдерінде Даикс, Н.А. Баскаков алтай тілінің Куман диалектісінде: «Дайык» – «өзен тасқыны» мәнін білдіретіндігі туралы ойларын айта келе: «Жоғарыда көрсетілген нақты деректерге қарағанда өзен атының көне дай тайпа атымен, ежелгі заманнан орта ғасырға дейін Дайк, Дайкс, Dйаіх тұлғаларында аталып келуі ешбір күмән тудырмас шындық екенін көреміз… Олай болса, Дайх (йаіх) өзені «дайлар өзені» мәніндегі ежелгі заманға тән атау деп қараудың яғни көне тайпа атынан, сақ замандарында қойылған атау екенін көреміз», – деп қорытындылайды.
Т.С. Жанұзақов Сырдария атауының да ежелгі заманға, біздің дәуірімізге дейінгі кезеңге тән екендігін көптеген зерттеушілердің бұл атау туралы пікірлеріне талдау жасай отырып айқындаған. Сырдарияның б. з.б. III ғасырда сақ тілінде Силис, VІ-VІII ғасырларда грекше Яксарт (түрікше «касарт» сөзі), VІІІ-Х ғасырларда қарлықтардың үстемдігі кезінде Сейхун, одан да бұрын Александр Македонскийдің жауынгерлері оны Танаид деп атағанын, ал оның скифтің дон – «өзен» деген сөзінің сөзбе-сөз аудармасы екенін айта келе: «Біздің ойымызша, атаудың бірінші құрамындағы сыр сөзі парсы тіліндегі сар (сер) сөзінің түркі тілдерінде дыбыстық тұрғыдан өзгеріске түсіп айтылған түрі болса керек. Тәжік тілінде сар – 1) бас; 2) бас жақ, шыққан жері; 3) тау, шың мағыналарын білдірсе, парсы тіліндегі сер сөзі – «бас», «тау басы» мағыналарын білдіреді. Сонда Сырдария атауының топонимдік мағынасы: «тау басының, жоғарыдан аққан суы мол, үлкен өзен, бас дария», – деп есептейді.
Бұдан соң Оңтүстік Қазақстандағы Арыс өзені мен Алматы облысындағы Асы өзені туралы тарихи деректер мен жүйелі ізденістерге талдау жасай келе біздің заманымыздан бұрын өмір сүрген сақтардың белді де беделді тайпаларының аттары деп есептейді. Мұндай деректердің қазақ даласының барлық аймақтарынан кездесетінін Арал, Бетпақдала, Талас, Талғар, Торгай, Баладересін, Ақсеңгір, Ақсан, Дамсы, Деркөл, Хантәңірі, Алтай, Орал, т. т. атаулар арқылы нақтылай түседі. Сақтардың кезінен қалған әрі олармен тікелей байланысты қойылған атаулардың ғасырлар өтсе де ұмытылмай сақталып келуі, тілдік сабақтастықтың үзілмейтіндігін және сақтардың қазақтардың арғы ата-бабалары екендігін айқындай түседі.
Қазақ жеріндегі палеотопонимдерді орал-алтай тіл бірлестігі кезеңіне тән екендігі Ақажық, Айтагы, Аягөз, Баксұқ, Баладересін, Бақсұқ, Басқамыр, Бастуайт, Белеуті, Бұлдырты, Дардамты, Дегелең, Доғалаң, Дегерес, Дүбін, Дыңшоқы,
Елшенбүйрек, Зеренді, Кетмен, Күрті, Күрметі, Күршім, Қазыгұрт, Қарамыс, Қарашелек, Қаргалы, Қарқара, Қарқаралы, Қарнақ, Қатонцарагай, Қастек, Қусақ, Маңғыстау, Өлеңті, Сілеті, Шідерті, Сагыз, Сарлық, Түрген, Топар, Шалкөде, Шелек, Шыбышы, Шыңқар атауларынан байқалады.
Қазақстандық палеотопонимдердің келесі бір тобы парсы тілінен енген немесе соларға байланысты қойылған атаулар құрайды. Олар Қазақстанның оңтүстігінде ғана емес Орталық және солтүстік аумақтарында да кездеседі. Мәселен Қарағанды облысындағы Дам-блан атауының дан сыңары иран тіліндегі тан – «сай», «шатқал» сөзінің дыбыстық тұрғыдан өзгерген түрі болса, екінші сыңарындағы блан – «жота, төбе, шоқы» мағына береді екен.
Кейбір атаулар иран және түркі сөздерінен біріктіріле жасалған. Мысалы, Қарағанды облысының Ақтоғай ауданындағы Дастар тауының атауы, парсы тіліндегі дас – «тастақ, тастақ жер» деген мағынаны білдіретін сөзге түркі тілдеріндегі көптік жалғау тар қосыла отырып қалыптасқан.
Ақмола облысының Сілеті аумағындағы Сеңгірқия атауы парсыша зан – зор, гар – тау , яғни «биік тау» ұғымдарынан тұратын заңғар сөзінің дыбыстық өзгерген түрі сеңгір болып шыққандығын зерттеушілер айқындаған.
Қазіргі кездегі көптеген өзендердің атауларының пайда болуын орал-алтай тіл бірлестігі дәуірінен іздесек біраз мәселе айқындала түседі. Т.С. Жанұзақовтың зерттеуінше олар мынандай төрт топқа жіктеледі:
1. – Ас, – аш, – ес, – ыс, – іс. Осылардың қосылуы арқылы жасалған топонимдер: Бақанас, Балқаш, Дегерес, Ертіс, Қорғас, Талас, Текес, Қойуыс, т.т.
2. – Ел, – іл, – ыл, – л тұлғалы топонимдер: Елек, Киыл, Ойыл, Тобыл, Еміл, Есіл, Қағыл, Іле, т.т.
3. – ған, – ген, – гем, – жем, – кем, – жам тұлғалы топонимдер: Жем, Жеменей, Жымпиты, Кеген, Сарқан, Кенгір, Түрген, Обаған, Шамалған, т.т.
4. – соқ, – сүк, – ғыз, – ог (-гіз), – өлең, – елең, – жыл, – жел, – шел, – ба, – бө, – бү тұлғаларының қосылуы арқылы жасалған топонимдер: Бақсүк, Қызылсоқ, Қаскаөгіз, Сағыз, Ырғыз, Өленті, Қаскелең, Бөген, Бүйен, Желтораңғы, Желағаш, Қарашелек, Шелек.
Сонымен қазақстандық топонимдердің түптамыры сонау сақ, орал-алтай тіл бірлестігі дәуірлеріне, ежелгі парсылар кезеңіне тән болып есептеледі. Сондықтан да қазақ даласында көптеп кездесетін палеотопонимдерді әлі де болса арнайы зерттеу қажет. Сонда ғана моңғол және жоңғар шапқыншылықтары, әсіресе Ресей отаршылдығы тұсында пайда болып, әлі де өзгеріске түспей жүрген елімізге де тілімізге де жат топонимдердің мән-мазмұнын айқындап, тарихи атауларын қалпына келтіру мүмкіндігі кеңейеді.
Палеотопономикалық зерттеулер өте көне замандардан бастап-ақ қазақ даласында өзен-көлдердің, сай-сала мен тау-тастың, елді мекендердің өзіндік атауы болғандығын дәлелдейді. Ол заңды да. Өйткені көшпелі мал шаруашылығымен айналыса жүріп біздің арғы бабаларымыз өзен-көлдердің, сай-сала мен тау-тастың ғана емес жыра-жылғаның, бұлақ-бастаудың, қырқақыраттың, беткей мен белестің, өткел мен суаттың да ерекшелігін, жыл мезгілдеріндегі өзгерістерін, пайдалы-зиянды жақтарын білуге тиіс болды. Мұның барлығы олардың жер бетінде атсыз, атаусыз ешнәрсе де қалдырмауына әкелді. Сондықтан да әрбір ат пен атаудың өзіндік сыры, мәні мен мағынасы болды. Сол себепті де қазақ даласы топонимикасы өте құнды да қасиетті. Қазақ топономикасы халқымыздың тарихымен, тілімен, ділімен, дүниетанымымен, наным-сенімімен, әдет-ғұрып, салт-санасымен тығыз байланысты және солар туралы мәліметтерді ғасырлар бойы сақтап бізге жеткізді, болашақ ұрпақтарға да жеткізеді. Ал мұның барлығы Қазақстандағы жер-су, елді мекен атауларының қасиетін арттыра, құдыреттендіре түседі. Дәл сондықтан да қазақтар үшін арғы бабаларының көзі мен сөзі болып жеткен әрбір тарихи атау қымбат, баға жетпес құндылық болып есептеледі. Сондықтан да қазақ топономикасы өте маңызды ғылым саласы. Ол әсіресе еліміз тәуелсіздікке қол жеткізіп, басқыншылықтар мен отаршылдық барысында өзгеріп кеткен тарихи атауларды қалпына келтіру қолға алынған бүгінгі таңда ерекше маңызға ие болуы қажет. Өкінішке орай әлі де болса қазақ топономикасы туралы, әсіресе тарихи тұрғыдағы зерттеулер аз болып отыр.
Қазақ топонимикасы тарихының сақ дәуірінен кейінгі үлкен кезеңі көне түркі дәуірі болып табылады. Түркі жазуларында кездесетін Ертіс, Селенге, Қарқұм, Қаракөл, Көміртау, т.б. жер-су атаулары ғасырлардан өтіп, бүгінге дейін жетіп отыр. Түркі дәуірінің топонимиясының таптырмас деректері Махмұд Қашқаридың (ХІ ғасыр) «Диуани лугат ат-түрк» атты тамаша еңбегінде және бірнеше картасында кездеседі. Географиялық атаулардың семантикасына көбірек назар аударған оның еңбегіндегі кейбір атаулардың түсіндірмелерінен халықтық этимологияның мысалдарын кездестіруге болады…
Ортағасырлық қазақ топономикасы туралы деректер Мұхаммед Хайдар Дулатидың (ХҮІ ғасыр) еңбегінде де көптеп кездеседі. Мәселен ол біз қазіргі күндері Тянь-Шань деп атап жүрген тау сілемін Моғолстан тауы деп атайды. Захираддин Бабырдың «Бабырнамасында» да жер-су аттары ерекше назар аудартады. Бұл еңбектер топонимиялық тұрғыда арнайы зерттеуді қажет етеді. Өйткені олар жоңғар шапқыншылығы, патшалы Ресей мен Кеңес үкіметінің тұсындағы орыстандыру саясатының барысында өзгеріп кеткен тарихи атауларды қалпына келтіру бағытында жасалып жатқан бүгінгі және болашақтағы жұмыстарға көп көмектесері сөзсіз.
Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейінгі жер-су, елді мекендер мен көшелер атауларындағы өзгерістер мен проблемалар туралы мәселелер жөнінде қосымша материалдардан оқып ол негіздегі тапсырмаларға назар аударыңыздар.
Сұрақтар:
1. Ономастиканың мәні мен мазмұны нені білдіреді?
2. Ономастиканың қандай салалары бар?
3. Ономастиканың деректік маңызы қандай?
4. Антропонимика нені зерттейді?
5. Антропонимика тарих ғылымының қандай салаларын зерттеуде маңызды орын алады?
6. Қазақтар адам аттарын қалай қоятын болған? (жазбаша жауап беріңдер).
7. Қазақтардағы лақап аттар қалай қойылған? Ә. Бөкейхановтың лақап аттарын толықтырыңдар.
8. Топонимика деген не? Ол тарих ғылымының қандай салаларын зерттеуде ерекше орын алады?
9. Топонимиканың бір саласы туралы жазбаша түрде түсініктеме беріңдер.
10. Еуропалық топонимия туралы не білесіңдер?
11. Қазақтың палеотопонимдері туралы не білеміз?
12. Мадмұд Қашқари еңбектеріндегі топонимия мәселелері («Диуани лугат ат-түрк» бойынша нақты мысалдар келтіре отырып, жазбаша жауап беріңдер).
13. Мұхаммед Хайдар Дулати еңбектеріндегі қазақ топонимиясы (жазбаша).
14. Менің өлкемнің топонимиясы (эссе жазыңдар).
Қосымша материалдар және олар бойынша тапсырмалар
№ 1. Ақселеу Сейдімбектің төмендегі мақаласын оқи отырып, мынадай сұрақтарға жауап беріңдер:
1. Қазақтардағы ат қоюдағы келеңсіздіктер туралы не дейді?
2. Автор ономастиканың қандай түрлерін атап өтеді? Олардың мәні неде?
3. Қазақ антропонимиясының мәні мен мазмұны, маңызы туралы не дейді? Оған сіздің көзқарасыңыз қандай?
Есімдер де ел байлығы
Дүние дидарында атаусыз ештеңе болмайды. Жанды-жансыз жаратылыс, табиғат пен қоғам өміріндегі құбылыс, ең арғысы абстракциялық таным-түсінікке дейін, бәрі-бәрі белгілі бір атаумен аталады. Қазақ бес саусағының ортан қолынан (ортаңғы саусағынан) кейінгі төртінші саусағын «аты жоқ қол» дейді. Сол «аты жоқ қол» деген сөздің өзі атаулық мәнде қолданылып тұр. «Алла бар нәрсенің аттарын айқындаған» («Құран». Бақара сүресі, 31-аят).
Кез келген атау белгілі бір жаратылыс пен құбылыстың ұғымдық мәні (денотат) болып табылады. Осы ұғымдық мән арқылы мазмұндық мәнге ден қоюға болады. Жаратылыс пен құбылыстың ұғымдық мәнін (атауын) білмей тұрып, оның мазмұндық мәнін тануға ұмтылу, көп жағдайда қайда барарыңды білмей тұрып жолға шыққандай күй кешіреді. Рас, қантты тұз деп атағанмен, қант өзінің тәттілік қасиетін жоймайтыны белгілі. Дегенмен, атау арқылы белгілі бір жаратылыс пен құбылыстың мазмұндық мәнін танып-түсінуге жол ашылады, бағдар айқындалады. Мұндай ойдың жосығы әрі қарай қаузалар болса, онда форма мен мазмұн, сезім мен сана, түйсік пен таным, пайымдау (созерцание) мен парықтау сияқты философиялық категорияларга ұласып кетеді. Бұл ретте де атау атаулының таным жолындагы аса мәнді баспалдақ екеніне күмән болмаса керек.
Белгілі бір атау-есім дүниеге келген адам атаулыға да беріледі. Адамға берілер төл атау-есімдердің барша түр-тұлғалары (адамның төл есімі, лақап аты, бүркеншік аты, әкесінің аты, ата тегі – фамилиясы) ономастика ғылымының бір саласы болып табылатын антропономикалық жүйені құрайды. Осы антропономика аясында қолданылатын антропоним, антропонимия терминдері болса тілдегі кісі аттары, яғни төл есімдер туралы материалдар деген ұғымды білдіреді.
Адамзат тарихында адам аты-жөнінің алар орны ерекше. Бұл ретте тарих – адамның аты-жөні белгілене бастаған кезден басталады деуге де болады. Байырғы сана айғағы – мифологиялық жүйеде алдымен мифтік кейіпкерлер (персонаждар) назар аудартады. Бұл ретте кейіпкерсіз мифті ұшырату қандай қиын болса, атау-есімі жоқ кейіпкерді ұшырату да сондай қиын. Яғни кейіпкердің атау-есімі мифологиялық жүйе туралы таным-түсінік қалыптастыру жолындағы бірден-бір деректік негіз болып табылады.
Басқа халықтар сияқты қазақ халқының да ұзына тарихында адам есімдерінің алуан түрлі үлгісі жасақталып, ұлт болмысын айғақтайтын төл есімдер жүйесі қалыптасқан. Дүниеге келген сәбиге ат қоюдың қазақ ұлтына ғана тән төлтума дәстүрі орныққан. Бұл ретте, қазақ антропонимикасы қазақ ұлтының төлтума қасиеттерін, дәстүрлі дүниетанымын, арман-аңсарын (идеалын), тарихи кезеңдердегі саяси-әлеуметтік ахуалын, экожүйемен қойындасқан өмір салтын, ең арғысы қоршаған орта мен жан-жануарлар дүниесіне дейін айғақтай алатын аса мәнді тарихи дерек көзі болып табылады. Яғни қазақ антропономикасының ұлттық төлтумалықты танытуға қатысты мән-маңызының айрықша екендігі соншалық, бұл мәселеге тек этножаралымның тарихи айгақтарының бірі деп қана қарау жеткіліксіз, сонымен бірге дербес даму жолын бастаған қазақ ұлтының төлтума болмысын қалпына келтіруге және орнықтыруға мұрындық болатын аса мәнді тарихи-рухани тетік ретінде де көңіл бөлу қажет.
Қазақ халқы ұрпаққа атау-есім таңдау барысында қандай соқыр сенімдер шылауына шырмалғанын, қандай саяси-идеологиялық арбаудың тұзағына түскенін, қандай еліктеп-солықтауға ұрынғанын антропонимиканың тарихи қыр-сырын бажайлау арқылы да көз жеткізуге болады. Бір кездегі Биткөз, Боқбасар, Тезек, Көтібар деп келетін немесе Советхан, Колхозбек, Совхозбек, Демократ, Декрет, Мэлс (Маркс – Энгельс – Ленин – Сталин), Ким (Коммунистический Интернационал Молодежи), Ренат (Революция – Наука – Труд), Лениншіл, Мәскеубай, Октябрь, Съезбек, Орысбай, Чапай, Эрнест, Клара, Роза, Жанна, Гүлжана, Әсема, Гүлнара сияқты атау-есімдердің санасы сергек, рухы азат, елі тәуелсіз қазақ болмысына үйлеспейтінін әрбір сауатты адам терең сезінуге тиіс. Яғни іштен шыққан перзентке тек өзімшіл менмендікпен ғана қарап қоймай, оның да қазақ дейтін этностың бір мүшесі екенін сезіне отырып ат-есім таңдаған абзал. Әрі-беріден соң ұлттық төлтумалыққа, елдің тәуелсіздігі мен дербестігіне қызмет етудің бұл да бір үлгісі.
Өкініштісі қазақтың өз болмысы мен дәстүріне сай антропономикалық категориялары тарихи дүбаралануды бастан кешкен. Қазіргі қазақтар, негізінен, орыстық (славяндық) төл есім жүйесінің, яғни антропонимдік үлгісінің ықпалында қалып отыр. Орыстық төл есім жүйесіне тән өз есімі – әке есімі – ата тегі (фамилия) үлгісін әлем халықтары қолданбайды десе де болады. Мұндай үлгі қазаққа да жат. Қазақтың моральдық-этикалық қарым-қатынас нормасына үштік атаудан (өз есімі – әке есімі – ата тегі) тұратын орыстық төл есім жүйесімүлде сай келмейді. Қазақ өзінен жасы үлкен адамның аты-жөнін баттитып атаудан тартынатын халық. Бұл дәстүр, әсіресе әйел затына, қыз-келіншектерге, келіндерге қатысты мейлінше қамшыл. Осы орайда, «адамның күні – адаммен» деп келетін философиялыщ өрелі таным-түсінікті ежелден-ақ өмірлік нормасына айналдыра білген қазақ халқы адамдар арасындағы кісілікті қарым-қатынастың ғажайып үлгілерін де қалыптастыра білген. Сөз жоқ, бұл мәселе ғалым-зерттеушілердің арнайы көңіл бөлуін қажет ететін өз алдына бір келелі тақырып. Бұған бір ғана ғылыми-танымдық деңгейде көңіл бөлу жеткіліксіз. Ұлттың ұлағатты дәстүрін бүгінгі және болашақтағы ұрпақтың рухани қажетіне жарату жолында антропонимикалық-мәдениеттің де кемелдігі қажет-ақ.
Рас, Қазақстанда ономастика, соның аясында антропономика ғылымы айтарлықтай дамығанын жоққа шығармаймыз, керісінше мерей-мәртебе тұтамыз. Осы орайда қазақ ономастикасы мен антропонимиясы туралы арнайы зерттеулер жүргізіп, қалам тартқан И. Износков, Н. Катанов, А. Самойлович, Н. Бравин, И. Беляев, Н. Аристов, М. Тынышбаев, С. Аманжолов, Г. Қоңқашпаев, А. Әбдірахманов, Т. Жанұзақов, В. Потапова, Е. Қойшыбаев, О. Сұлтаньяев, В. Махпиров, Г. Жәркешева, Д. Жүнісов, Е. Керімбаев, С. Қондыбай сияқты ғалым-зерттеушілердің еңбектері аталмыш тақырыпты әр қырынан қаузап, саралай зерделеуімен назар аудартады. Атап айтқанда, қазақ ономастикасының лексикалық-семантикалық жүйесі, тіл мен этнос тарихына қатысы, аппелятивті лексика мен тарихи диалектологияның ономастикамен байланысы, сөз туындатушы және морфологиялық типтердің заңдылықтарын саралау, қазақ тілінің сөздік қорындағы ономастикондарды анықтау, ономастиканың тарихи-мәдени өмірмен, этнографиямен және географиямен байланысы сияқты біраз тақырыптарға қатысты байсалды зерттеу жұмыстары атқарылды. Мұндай ізденістер барысында қазақ ономастикасының аясындағы антропонимдерге (кісі есімдері), топонимдерге (географиялық объектілер атауы), теонимдерге (тәңірлік немесе киелі атаулар), зоонимдерге (жан-жануарлар атауы), астронимдерге (аспан денелерінің атауы), космонимдерге (космос кеңістігіне қатысты атаулар), фитонимдерге (өсімдік атаулары), хрононимдерге (тарихи оқиғаларға қатысты уақыт-межелері), идеонимдерге (рухани мәдениет объектілерінің атаулары), хрематонимдерге (материалдың мәдениет объектілерінің атаулары) дербес таным салалары ретінде ден қоюға жол ашылды. Әрине, таным жолы шексіз. Бұл жолда біткен істерден гөрі бітірер істердің аясы анағұрлым ауқымды екені аян.
Мұндай ойдың жосығы қазақ антропонимикасына да тікелей қатысты. Басқасын былай қойғанда, антропонимикалық зерттеу атаулының іргетасы болып табылатын қазақтың төл есімдері (дербес есімдер – индивидуальные имена) осы уақытқа дейін толымды деңгейде жинақталмай келеді. Қазақтың төл есімдері ең бір мол жинақталды делінетін Т. Жанұзақов пен К. Есбаеваның «Қазақ есімдері» атты анықтама сөздігінде он мыңдай ғана есімдер қамтылған. Мұның өзі негізгі түбір есімнен өрбитін туынды есімдерді қоса есептегендегі көрсеткіш. Мәселен: Балта, Балтабай, Балтабан, Балтабек, Балтазар, Балташ немесе Жайсаң, Жайсаңбай, Жайсаңбек деген сияқты.
Әрине, этнос аясындағы төл есімдер мүмкіндігінше толық жинақталмай тұрып, антропонимикалық байсалды зерттеулер жүргізу немесе ғылыми объективті ой-тұжырымдар жасау мейлінше қиын. Әсіресе, этностың төл антропонимдерін синхронды және диахронды аяда зерделеу, олардың тарихи сыр-себептері мен мән-магыналарын саралау, сөз жоқ, антропонимдердің мүмкіндігінше молынан қамтылуын қажет етеді.
Міне, осындай талғам-талап өресіндегі еңбек ретінде Асқар Смағұловтың оқырман назарына ұсынып отырған «Қазақ есімдері. Энциклопедиялық анықтамалық» атты кітабын атауға болады. Бұл еңбекте тұңғыш рет қазақ этносының аясында қолданыста болған немесе қолданыста жүрген елу мыңнан аса түбір тұлғалы антропонимдер тіркеуге алынған. Сондай-ақ, сегіз мыңға жуық төл есімдердің мән-мағынасы сараланған. Бұл, сөз жоқ, айта қалғандай толымды еңбек. Автордың, антропономика тарихында сирек ұшырасатын қарымды қимылы. Мұндай ауқымда жинақталған төл есімдер мұнан әрі қазақ антропонимикасындағы тың ізденістер мен соны зерттеу жұмыстарына өріс ашатынына да күмән болмаса керек.
Осы орайда құлағы көрініп тұрған өміршең идеяны ортаға сала кету парыз. Жұртшылыққа белгілі, қазақ шежіреші халық. «Өзім бір ғасырға куә болдым, тағы бір ғасырдың сөзін куә болғандардан естідім» деп сөз бастайтын шежіре көкірек қарттар ел ішінде әлі де бар. Қазақтың хатқа түскен шежіре қоры да айтарлықтай мол. Осы шежірелерді салыстыра қарастырғанда, бәріне ортақ бір заңдылық аңғарылады. Ол – қазақ шежіресінің, негізінен, 18-20 атамен (буынмен, ұрпақпен) шектелетіндігі. Рас, ислам дінінің ықпалына орайластырып түзген шежірелердің де бас жағы бірыңғай араб-парсылық атау-есімдерден түзілгенімен, кейінгі 18-20 атасы таза қазақтық атау-есімдер мен айғақ-деректер болып келеді. Бұл, сөз жоқ, Қазақ хандығы шаңырақ көтерген соң қазақ ру-тайпаларының ішкі құрылымдары жаңаша жасақталғанын білдірсе, сонымен бірге қазақ шежіресінің де Қазақ хандығы құрылғаннан кейінгі кезеңнің айғағы екенін пайымдатады. Себебі, этнологияда қалыптасқан үрдіс бойынша ұрпақаралық меже 25-30 жылдан болғанда, 18-20 атаны түгендейтін қазақ шежірелері соңғы бес-алты ғасыр аясын қамтымақ. Бұл ретте, қазақ шежірелері шын мәнінде қазақ ұлтының генеологиялық құжаты түрғысында назар аудартады. Солай екеніне ден қоюға да болады. Бұл – әлем халықтарының тарихында сирек кездесетін құбылыс және мұндай рухани дәулетке отандық тарих үшін, соның аясында қазақ ономастикасы мен антропонимикасы үшін аса мәнді айғақтардың бірі ретінде назар аудару қажет.
Осы орайда қазақ шежіресі қазақ антропонимдерін әр ғасыр бойынша синхронды қалпында түзуге дес беретін және мұның өзі тарихи кезеңдердің барша болмысын антропонимдік деңгейде айқын бажайлауға қолайлы мүмкіндік тудыратынын айрықша қызығушылықпен атап өтуге болады. Мұндай мүмкіндікке әлемдегі кез келген халықтың қолы жете бермейді. Өйткені әлемнің біраз халқы жазба мәдениетінің байырғылығын лайықты түрде мерей-мәртебе тұтқанымен, генеалогиялық жады (память) тұрғысынан келгенде қазақ халқымен өрелесе алатындары некен-саяқ.
Мұндай ойдың жосығын жүзеге асыруға бір табан жақын тұрған зерттеуші – Асқар Жағыпарүұы Смагұлов деп білемін. Өйткені оқырман қолындағы кітаптың ауқым-өресі қазақ антропонимдерін тарихи-синхронды кезеңдер бойынша жаңғыртпалауға (реконструкциялауға) мүмкіндік беретін ұрымтал баспалдақ екені ден қойдырады. Автор аса ауқымды еңбек бітірген. Бұл кітап есімдер де ел байлығы екенін нақты сезіндіруімен қадірлі. Кейінгі ғасырда, әсіресе ХХ ғасырдың екінші жартысынан бері қарай әлемдік унификациялану әсері қазақ есімдеріне де аз тимегенін, қазірдің өзінде ұл-қыздарымызға ат қойғанда айналасы әрі кетсе жүз шақты атты айналшақтап жүре беретінімізді ойласақ (өзге ұлттарда бұл орайда қиял қанаты тіпті де қусырылып қалган) Асқар Смагұловтың кітабы халқымыздың ат қоюдағы ғажайып фантазиясын сырлы сандықты айқара ашып тастағандай танытуымен де қызықтырады.
Ақселеу Сейдімбек, филология ғылымдарының докторы, профессор.
№ 2. Жарасбай Сүлейменовтың төмендегі мақаласы бойынша тапсырмалар:
1. Қазақстандағы жер-су, елді мекендер атауларының мәні мен маңызы туралы не дейді? Сенің алып-қосарың бар ма?
2. Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейінгі кезеңдегі қазақ топономикасындағы өзгерістер, олардың қажеттілігі жөніндегі автордың пікірлері? Оған сенің көзқарасың қандай?
3. Қазақ топономикасын қалпына келтірудің қажеттігі туралы не делінген? Оған алып-қосарың бар ма? Сен бұл бағытта не істер едің? (жазбаша).
Ата-баба мұрасы – өркениетіміздің жәдігері
«Ономастика» деген гректің сөзі «орын», «жер», «атау» дегенді білдіретінін еске салсақ, ежелгі мекені – сайын дала, төсегі – жасыл жайлау, көк майса, көкорай шалғын, көрпесі – көк аспан болған көшпенділер, оның ішінде қазақтар үшін бұл сөздің мәнмағынасы тіпті терең, ауқымы тіпті кең. Ұлы жазушымыз Мұхтар Әуезов: «Біздің қазақ – жер аты, тау атын әманда сол ортаның сыр-сипатына қарай қоя білген жұрт. Қайда, қандай бір өлкеге барсаң да жер, су, жапан түзде кездескен кішкене бұлақ атының өзінде қаншама мән-мағына, шешілмеген құпия сыр жатады» десе, халқымыздың біртуар перзенті Шоқан Уәлиханов: «Көне түркі салт-сана, әдет-ғұрпының қаймағы бұзылмаған қазақтарда өмірдің бір саласын қамтитын тарихи оқиғалармен байланысты жер-су атаулары, адам аттары, тағы да басқалары есте сақталып, атадан балаға жалғасып жатады» деп, жер-су атаулары елдің болмысы, салт-дәстүрі, тілі, діні екенін, ешқашан жөн-жосықсыз, ойсыз-мәнсіз кездейсоқ қойыла салмағанын еске салады.
Халқымыз: «Үш байлығыңды – елің мен жеріңді және тіліңді құрметте» деп бекерге айтпаған. Міне, сондықтан да қазақ өзінің өсіп-өнген жеріне, тауы мен тасына, өзені мен көліне, сай-саласына дейін ат қойып, айдар тағып отырған, тарихын тасқа қашаған. Сөйтіп, өзінің болмыс-бітімін, ежелден келе жатқан далалық дүниетанымын, тілі мен ділін, мәдени ерекшелігін, рухани құндылықтарын шашасын шығармай, шашыптөкпей болашақ ұрпаққа аманаттай білген. Белгілі жазушы, ғалым-этнограф Ақселеу Сейдімбектің тілімен айтсақ: «… атау арқылы белгілі бір жаратылыс пен құбылыстың мазмұндық мәнін танып-түсінуге жол ашылады, бағдар айқындалады».
Сайып келгенде, мұның бәрі біздің бүгінгі таңда тек тарихи-мәдени мұра ретінде ғана емес, сонымен қатар қоғамдықсаяси маңызға ие болып отырған ономастика мәселелеріне көзқарасымызды, одан туындайтын іс-қимылымыздың бағыт-бағдарын айқындауға тиіс. Елбасымыздың Қазақстанның бүгіні мен болашағы жайында ой толғағанда, үнемі оның көне тарихына шолу жасап, одан тағылым алу қажеттігін ескертіп отыруы да кездейсоқ емес. Осы арада Нұрсұлтан Әбішұлының ономастика мәселелері әркез ел басшылығының назарында болады. Бұл ретте жалтақтаудың еш қажеті жоқ. Жердің байырғы тарихи атауына үйлеспейтін, халқымыздың абыройы мен беделіне көлеңке түсіретін, отарлық кезеңнен қалған атаулардан арылу керек деген сөздерін айта кеткен артық болмас.
Мамандар қазір елімізде ономастикалық жұмыстың нормативтік-құқықтық базасы, негізінен, қалыптасты деп жүр. Меніңше, бұл орайда әлі атқарылатын істер аз емес. Десек те, «жоққа жүйрік жетпейді», барға шүкіршілік етеміз. Қолданыстағы құжаттардың ішінде Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2005 жылғы 21 қаңтардағы № 45 қаулысымен мақұлданған Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік ономастикалық жұмыс тұжырымдамасының орны бөлек. Аталмыш құжатта қазақстандық қоғамдастықтың да ежелгі тарихи дәуірде қалыптасқан ұлттық ономастикалық жүйесі болғаны, өкінішке қарай, оның ХІХ ғасырдың екінші жартысынан бастап түбегейлі өзгерістерге ұшырағаны және патша үкіметінің отаршылдық мүдделеріне, кейіннен Кеңес жүйесінің тоталитарлық саясатына қызмет етуге мәжбүр болғаны атап көрсетілген. Иә, бүгінгі таңда отаршылдық пен тоталитарлық режимдердің идеологтарының ономастиканы қоғамның тарихи-мәдени санасына әсер етудің саяси құралына айналдырғаны, соның салдарынан қазақ ономастикасының өзіндік болмысына, ұлттық ерекшелігіне, әсіресе, оның топонимикалық және антропонимикалық жүйелеріне орасан зиян келтірілгені, Қазақстан картасының едәуір бұрмалауларға ұшырағаны тайға таңба басқандай белгілі болып отыр. Кешегі солақай саясат елді-жұртты салт-санасынан айырып, рухани тамырынан ажырату үшін алдымен жер-су аттарын өзгертті. Осылай халық санасында сан жылдар сіңісті болған атаулардың сырына үңілмей, ту-талақай ету – тарихқа жасалған қиянат еді. Бірақ қарашекпенділер оны ойлап, басын қатырған жоқ. Тәуелсіздігімізге біз осындай халде қадам бастық. «Атау нысанға таңылып қалған нәрсе емес, ол тек қана қоғамда өмір сүреді және әрбір әлеуметтік құбылыс сияқты әрқашан тарихи заңдылықтарға багынады», – дегенді еске алсақ, ономастикалық жұмыстарды үйлестіруге, ұлттық мүддемізге сәйкестендіруге, ономастика жөніндегі қағидаларымыз бен тұжырымдарымызды Қазақстан тәуелсіздігінің бүгінгі рухани биігінен қайта қарауға, ескі атауларды қалпына келтіруге, тарихи әділеттілікті орнатуға жедел кірісіп кетуіміз керек еді. Тәуелсіздіктің таңында осындай бір құлшыныстың ел тарихын құрметтейтіндерді тың ізденістерге бастағаны анық. Сөйтіп, екі қадам ілгері, бір адым кейін шегіне жүріп, біраз істер тындырылды. Ауызды қу шөппен сүрте беруге болмайды, бұл бағытта тындырылған істер де жоқ емес. Ел көлемінде алсақ, 5 облыстың, 13 қаланың, 54 ауданның, 7 қалалық ауданның, 43 теміржол стансасы мен бекеттерінің атаулары өзгерді. 6 облыстың, 12 қаланың, 14 ауданның, 76 теміржол стансасы мен бекеттерінің, 30-дан астам елді мекен атауларының орыс тіліндегі транскрипциясы нақтыланды. Осындай деректерді кез келген облыс, аудан бойынша да келтіруге болады.
Осы атқарылған істер еліміз тәуелсіздік алғаннан бастап ұлттық ономастика кеңістігін өзінің төл нақыштарымен ажарландыруға берік бағыт ұстады деуге негіз бола алама?Бұл арада нық сөйлеу қиын, содан да жауабымыз әркез солқылдақ шығады. Көсіліп сөйлей алмай күмілжиміз. Өйткені отаршылдық пен тоталитарлық дәуірлерден қалған атаулардан біртіндеп арылып келеміз десек те, әлі шешілмеген мәселелер, кезегін күтіп тұрған істер жетіп-артылады. Тоқ етерін айтсақ, еліміз, жеріміз үш гасырга созылған отарлау кезеңінің ономастикалық белгілерінен түбегейлі тазартылмай отыр. Әсіресе еліміздің солтүстік, шыгыс, орталық облыстарында орысша атаулар әлі де сіресіп тұрғаны кімді де болсын қынжылтпай қоймайды.
Жиырма жылдың ішінде біз бұл істі біраз еңсеріп тастауға тиіс едік, ісжүзінде олай болмады. Өткен ғасырдағы отаршылдық заманды, одан кейінгі кешегі кеңестік кезеңді еске салатын қалалар мен аудандардың және жүздеген елді мекендердің атаулары әлі күнге орыс тілінде тапжылмай тұр. Сөйтіп, біз ұлттық мүдде ұтатын жерде арқаны кеңге салып, мәселенің шешілуін сағыздай созып, тәуелсіз елдің топонимикасы да тәуелсіз болуы керек дегенді ескермей келеміз. Басқаларды былай қойғанда, Петропавл мен Павлодар қалаларының атаулары сол күйінде өзгермей келе жатқаны қынжылтады. Осы атауларға байланысты Елбасы осыдан үш жыл бұрын «…Еліміздің зиялы қауымы біраздан бері Петропавл, Павлодар секілді қалалардың атауларын өзгертсек деген ұсыныстар айтып жүр. Ленинград, Сталинград, Ульяновск секілді қалалар, басқа да жер аттары өзгеріп жатқанда, бұл да орынды ұсыныс шығар. Жергілікті әкімдіктермен, мәслихат депутаттарымен ойласып көру керек. Бұл да – елмен бірігіп, ақылдасып шешетін мәселе» деген болатын. Жергілікті билік орындары осы сөздерді іліп әкетсе, кәне. Қайта кейбіреулер оган қарсы қол жинап әлек. Мәселенің ойдағыдай шешілуі көп жағдайда аудан, қалалардағы ономастикалық комиссиялардың белсенділігі мен тиянақтылылығына байланысты екенін дәлелдеп жатудың қажеті бола қоймас. Алайда ономастика комиссиялары орталықта да, жергілікті жерлерде де құрылғанмен, олардың жұмысын әлі де жетілдіру қажет. Олардың ішінде егемен еліміздің бүгінгі жаңару, өркендеу үрдісіне ілесе алмай отырғандары да бар екені шындық
Демек, ономастикалық комиссиялардың атқарған жұмыстарының жай-күйіне тексерулер жүргізіліп, оларға практикалық көмек көрсетілуі тиіс. Жалпы осы істі алға бастырамыз десек, ономастикалық комиссиялардың жұмысын түбірінен қайта құру керек. Олар өшкенімізді зерттеумен, зерделеумен айналысатын, осы іске үздіксіз қозғау салып отыратын, тұрақты жұмыс істейтін ғылыми орталықтарға айналуға тиіс.
Күнбе-күн көзіміз жетіп жүргеніндей, көп мәселе аудан, қала, облыс әкімдеріне байланысты. Бір ғана мысал келтірейін, жақында мен іссапармен Оңтүстік Қазақстан облысында болып қайттым, бәрімізді толғандырып жүрген мәселелер сол өңірде қалай шешіліп жатқанына назар аудардым. Облыстық ономастика комиссиясын аймақ басшысының өзі басқарады екен. Сүйініштісі сол, әкім дайын құжаттарға қол қоюмен шектеліп отырған жоқ, осы маңызды іске соны серпін беріп, оның барлық буындарда жоғары деңгейде ұйымдастырылуына тікелей ықпал етуде. Бірен-саран болса да осы сияқты мысалдарды ортага салып, көңіл жұбатуға болады. Ал, тұтастай алганда, осы іске ұдайы көңіл бөліп, жанын салып жүрген әкімдер саусақпен санарлықтай ғана. Әкімдер елді мекендерге, көшелерге, нысандарға дұрыс ат беру, түптеп келгенде, қазақ елін, ұлтты, тарихты құрметтеу деген түсінік қалыптастырудың да мүмкіндіктерін толық пайдаланып отырған жоқ.
Содан да жер-су атауларын өзгерту мәселесі бүгінде күн өткен сайын күрделеніп барады. Шындығы сол, жер-су атауларын қазақыландыруга жергілікті биліктің құзыреті жетпей отыр. Олар уақыт жеткенін түсінсе де әркімге бір жалтақтап, мәселені шеше алмауда. Сондықтан бұл ұлтымыздың тарихына тікелей қатысты мәселе болғандықтан, жергілікті биліктің ғана қарамағына беріп қою дұрыс емес, тез арада жер-су атауларын өзгертіп, өткеніміз бен бүгінімізді саралап, түлғаларымызды, тарихымызды әспеттегіміз келсе, арнайы заң қабылдап, орталық қүрып, онымен шындап айналысатын мезгіл жетті. Бүдан әрі жергілікті билікке иек артып, мәселені соза беретін болсақ, тіпті ескі атауларға етіміз үйреніп кетуі де әбден мүмкін.
Қазақстандағы көптеген облыс орталықтарында көшелердің 80 пайызға жуығы басқа тілде аталады. Кей қалаларда бұл көрсеткіш бұдан да жогары. Тіпті «қазағы қалың» деген Қызылорданың өзінде көшелердің жартысына жуығы қазақшаланбаған. Ал жолыңыз түсіп, теріскейдегі облыстарға бара қалсаңыз, ешбір негіздемесі жоқ, тіпті атауға ыңғайсыз көше аттарынан, туған жер тарихына қатысы жоқадамдардың есімдерінен көзіңіз сүрінеді. Оның есесіне еліміздің азаттығы үшін күрескен Смағұл Сәдуақасов, Міржақът Дулатов сынды ардақты тұлғаларға көше аттары бұйырмаған.
Соңғы кездері кей елді мекендерде мән-мағынасы жеңіл, бейтарап атаулар қоюға әуестік орын алып отырғаны байқалады. Мысалы, «Ақбастау», «Көкжиек», «Ақтілек», «Шұғыла», «Қуат» деген көше аттарынан не түсінесіз. Сірә, бұл да жалтақтықтың, ұлыларымызды ұлықтауға құлықсыздықтың бір көрінісі болса керек.
Тарихи атауларды қайтару – отарлық психологиядан арылудың төте жолы, бүгінгі және келер ұрпақты отаншылдық рухта тәрбиелеудің қуатты құралы екенін біле тұра, сәтімен басталған осы істі неге сұйылтып алдық? Мұның бірнеше себептері бар. Қазір біз жер-су атауларын өзгертуде «Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылысы туралы» заңын негізге ала отырып жұмыс істеп жатырмыз. Аталған заңның 11-, 12-, 13-, 14-баптарында «белгілі бір нысандарға ат қою, атын өзгерту, транскрипциясын өзгерту тиісті аумақ – халқының пікірін ескере отырып жүргізіледі» делінген. Өз басым осы арада бір гәп бар деп ойлаймын. Кезінде елді мекендерді қайта атау және олардың транскрипциясын өзгерту мәселелерін шешуді жеңілдету мақсатында еліміздің Ата Заңының 86-бабының І-тармағына сүйене отырып, аталмыш заңның 3-бөлімінің ІІ-бабындағы «тиісті аумацтагы халыцтың пікірін еске ала отырып және» деген бөлігін алып тастау жөнінде ұсыныс енгізген едім. Жергілікті өкілді орғандар халықтың еркін білдіретін болса, онда белгілі бір шығындарды талап ететін артық норманың не қажеті бар? Алайда бұл ұсынысымның жолы болмады.
Жер-су атауларын өзгерту туралы бастамалардың халықтан шығуы – міндет емес. Себебі бұрын осы атауларды өзгерткенде билік ешкімнен сұраған, ешкіммен ақылдасқан жоқ. Өз басым елді мекендерге, көшелерге, нысандарға дұрыс ат беру, түптеп келгенде, қазақ елін, ұлтты, тарихты құрметтеу деп түсінемін. Қазақтың жерін басып, суын ішіп жүрген бауырларымыз осыны ұмытпаса екен деймін.
«Ұлт тағдыры» қозғалысының жетекшісі Дос Көшім «Айқынға» берген бір сұхбатында «Бізде әлі күнге ономастика туралы нақты заң жобасы жоқ… ал заңсыз ономастика мәселесін шешу мүмкін емес» депті. Елімізде мұндай пікірді қолдаушылар аз емес. Бұл сөздердің де жаны бар. Шынында да ұлттық ономастика туралы заң қабылдайтын мезгіл жетті. Бұл мәселені күні кеше ғана өзімізбен бір шаңырақтың астында бірге өмір сүрген елдер қалай шешіп жатыр? Қырғызстан, Ресей, Беларусь, Украина елдерінде «Географиялық атаулар туралы» арнайы заң қабылданып, жер-су атауларының мемлекеттік каталогы жасалған. Польшада, Түркияда, Венгрияда да осы саладағы жұмыстар арнайы заңға сәйкес жүргізіледі. Осы заңдарда көше атауларын немесе үйлердің нөмірлерін өзгертудің жеңіл жолдары қарастырылған. Ал бізде бұл орайда кедергілер көп. Егер ономастика туралы заң қабылдап, атауды өзгертуге жауапты тиісті мекемелерді белгілеп алсақ, халықты, ел-жұртты әуре-сарсаңға салмас едік. Сөзреті келгенде айта кетейін, Мәжілістің бір топ депутаты Қазақстан Республикасының «Ономастика туралы» заңының жобасын жасап, Үкіметке ұсынған еді, содан әлі күнге дейін хабар жоқ.
Тарихи атаулардың ұрпақ игілігі, атадан балаға жалғасып келе жатқан асыл мұра, қайталанбас құндылық екенін ескеріп, оны жаңа мазмұнмен байыта түсуді мемлекеттілікті нығайтудың басым бағыттарының бірі ретінде қарастыруымыз және оны ешқандай дау-дамайсыз шешуіміз керек Оны жер иесі – қазақ жақсы түсінеді.
Осыған дейін біз сөз етіп отырған салада біраз жұмыстар тындырылса, ол – тіл жанашырларының қолдауымен болып жатқан істер. Осындайда руханиятқа жанашыр, жігерлі басшылардың көмегі де керек Ондай басшылар елімізде бар. Мысалы, осыдан бірер жыл бұрын Астана қаласында бір күнде үш жүзден астам көше аты өзгертілгенде, ешкім ереуілдеп көшеге шыққан немесе көшіп кеткен жоқ. Басшы ден қойып, шындап айналысса, көп нәрсенің айғай-шусыз шешілетініне Шығыс Қазақстан, Маңғыстау, Оңтүстік Қазақстан облыстарынан да көптеген мысалдар келтіруге болады.
Сондықтан ономастика саясаты мемлекет тәуелсіздігіне, ел мен жерді ұлықтау идеясына қызмет етуі тиіс. Сонда ғана ата-баба мұрасы жаңғырът, жеріміздің сәні кіреді, халқымыздың рухы күшейеді.
Жарасбай Сүлейменов, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты
Әдебиеттер
1. Жанұзақов Т. Қазақ тіліндегі жалқы есімдер. – Алматы: Мектеп, 1965. – 162 б.
2. Жанұзақов Т. Қазақ есімдерінің тарихы. – Алматы: Ғылым, 1971. – 215 б.
3. Жанұзақов Т. Есімдер сыры. Тайны имен. – Алматы: Қазақстан, 1974. – 138 б.
4. Джанузаков Т. Основные проблемы ономастики. – АлмаАта: Наука, 1982. – 175 с.
5. Джанузаков Т., Махпиров В. Имена народов Казахстана. – Алма-Ата, 1988. – 170 с.
6. Жанұзақов Т Есіміңіз кім? Ваше имя? – Алматы: Қазақстан, 1989. – 190 б.
7. Орталық Қазақстанның жер-су аттары. Авторлар ұжымы. Т Жанұзақов, А. Әбдірахманов. – Алматы: Ғылым, 1989. – 254 б.
8. Системы личных имен у народов мира. Один из авторов Т. Джанузаков. – Москва: Наука, 1989. – 379 с.
9. Жанұзақов Т Қазақ ономастикасы. Казахская ономастика. 1. Астана-Алматы, 2006. – 398 б.
10. Жанұзақов Т. Қазақ ономастикасы. Атаулар сыры. 3. – Алматы: «Дайк-пресс» баспасы, 2007. – 520 б.
11. Жанұзақов Т Қазақ ономастикасы. 2. – Павлодар, 2008. – 239 б.
12. Жанұзақов Т Есіміңіз кім? Ваше имя? – Алматы: Ана тілі, 2008. – 174 б.
13. Қазақ есімдерінің анықтамалығы. – Алматы: Арыс, 2009. – 543 б.