Читать книгу Қосалқы тарихи пәндер. І бөлім - Тұрғанжан Төлебаев - Страница 3
1. ОНОМАСТИКА
1.1. Ономастика пәні, негізгі салалары және деректік орны
ОглавлениеОномастика термині грекше опота – ат, атау деген ұғымды білдіретін сөзден шыққан. Ономастика – есімдер мен атаулар туралы мәселелерді оқытатын ғылыми пән. Оны филологтар да, тарихшылар да зерттейді. Тарихшылар аттар мен атаулардың тарихи негіздерін, тарихи оқиғалармен байланысын, адамзат қоғамы дамуына қатысты деректік маңызын зерттеп, оқытады. Бұл тұрғыдан алғанда ол тарихи пән болып саналады. Дегенмен, ономастиканы тілшілер, филологтар да лингивистикалық, тілдің дамуы тұрғысында да зерттеп оқытатынын ескеруіміз керек. Сондықтан да ономастиканы кейде тарих пен филологияның тоғысындағы пән деп те атайды. Шынында да ономастиканы зерттеу барысында тарихшылар мен филологтар бір-бірімен жиі тоғысып отырады, бір-бірінің еңбектеріне сүйенеді.
Ономастика кез келген, барлық саладағы есімдер мен атауларды зерттеп, оқытады. Сондықтан да ол бірнеше құрамдас бөлікке бөлінеді. Олар: антропонимия – адам аттары, топонимия – географиялық және топографиялық атаулар, этнонимия – халықтардың, ұлттар мен этностардың, этникалық топтардың және тайпалар мен рулардың аттары, теонимия – құдайлардың, мифтік кейіпкерлердің аттары, космонимия – планеталардың, жұлдыздардың, аспан денелерінің аттары, зоонимия – жануарлардың аттары және т.б. Осылардың ішінен ономастика тарихи пән ретінде, негізінен, антропонимияны, топонимияны және этнонимияны зерттеп, оқытады.
Тарихи ономастиканың басты мақсаты есімдер мен атаулардың мазмұны мен мәнін, тарихи оқиғалармен, тарихи тұлғалармен байланысын, адамзат қоғамы дамуына қатысын, деректік маңызын зерттеп оқыту болып табылады. Ал оның міндеттері жоғарыда аталған әрбір саласының ерекшеліктеріне қарай айқындалады.
Ономастикалық деректер, негізінен, алғанда, қазіргі қолданыстағы тілде сақталған, бар атаулар мен есімдер және жойылған, айтылмайтын бірақ сақталған жазбаша деректерде кездесетін атаулар мен есімдер болып екіге бөлінеді. Дегенмен, бұлайша бөлудің өзі шартты түрде ғана. Себебі тарихи атаулар мен есімдердің көпшілігі жазбаша деректер арқылы айқындалып зерттеледі. Бұл әсіресе антропонимияға, топонимияға көбірек қатысты болып келеді. Әрине ономастикалық зерттеулерде ұзақ уақыт сақталған топонимикалық және этнонимиялық деректер тарихи зерттеулер үшін құнды болып табылады.
Ономастикалық деректердің көпшілігі құжаттар мен заңдық күші бар шешімдерде сақталған. Солардың ішінде жерге қатысты құжаттардан топонимиялық қана емес, антропонимиялық та мәліметтер алуға болады. Мәселен, ортағасырлық Еуропада жерді сатып алу туралы құжатта жердің көлемі, орналасқан аумағы ғана емес, оны сатушы, бұрынғы және сол сәттегі иесі, жерді өңдеуші шаруалар, сатып алушы, қандай билеуші тұсында келісім шарттың жасалғандығы көрсетілетін болған. Сонымен қатар жер және салық сипаттамасында, кіріс-шығыс кітабында, қарыз және несиелік міндеттемелерде антропонимиялық деректер көп кездеседі.
Бұдан кейінгі ономастикалық деректер тобын жылнамалар, хроникалар, трактаттар құрайды. Бұларда ономастикалық мәліметтер көбірек. Бірақ олар құжаттық деректерге қарағанда шынайылық дәрежесі бойынша төмендеу тұрады.
Ономастикалық деректердің келесі тобы көркем әдебиеттен құралады. Олардың басқаларға қарағанда бір ерекшелігі – тұрмыстық ономастика бойынша лақап аттар, бүркеншік аттар, тергеу аттары, еркелетіп атау, т.б. атаулардың көп кездесетіндігінде.
Ономастикалық деректердің осындай түрлерінің бар екендігін айта отырып, олардың бірін-бірі ауыстырмайтынын, керісінше толықтыра түсетіндігін ерекше айтқанымыз дұрыс. Ономастикалық зерттеулер үшін тарихшының алдына қойған мақсат-міндеттеріне қарай белгілі бір түрдегі барлық омонимдердің деректік жиынтығының болғаны жақсы. Оларды белгілі бір кезеңдегі нақты аймаққа байланысты жинастырып, топтастыру да тиімді болып келеді. Кейде деректердегі өте айқын, сенімді мәліметтерді іріктеумен шектелу де қажет болады. Бүгінгі таңда бірқатар елдерде ономастикалық, әсіресе антропонимиялық деректер жиынтықтары жасалған. Мәселен Испанияда, Италияда осындай жинақтар бар. Олардан этнос, қолөнер, бұқаралық әлеуметтік көзқарастар және тағы басқалар туралы мәселелер бойынша маңызды деректер алуға болады. Бұл деректерді алғашқы өңдеуден өткен деп есептесе де боларлық. Бірақ белгілі бір отбасының, мекеменің, аймақтың тарихы бойынша зерттеулерге негіз етіп алуға бола бермейді. Жинақтардағы типологиялық, хронологиялық және географиялық тұрғыда алғанда әртүрлі деректердің, әсіресе антропонимдердің бір қатарға тізіле жазылған тізімі өзінің құндылығына қарамастан кейбір зерттеу түрлері үшін қиындықтар тудырады. Сондықтан мұндай ономастикалық жинақтарды басқа да деректермен салыстыра отырып, қатар пайдаланған жөн.