Читать книгу Қосалқы тарихи пәндер. І бөлім - Тұрғанжан Төлебаев - Страница 5

1. ОНОМАСТИКА
1.3. Топонимика

Оглавление

Топонимика (грекше «топос» – орын, жер, «онима» – атау) – жер-су, елді мекен атауларының шығуы мен пайда болуын (этимологиясын), мағынасын, құрылымының даму мен өзгерістерге ұшырауын, қазіргі жағдайын зерттейтін ономастиканың құрамдас бөлігі. Топонимия географиялық және топографиялық атаулардың барлық түрлері мен салаларын зерттейді. Топонимдерді, яғни жер-су аттарын зерттеудің тереңдеуі, кеңеюі барысында топонимияның бірнеше саласы айқындалды. Олар: елді мекендер – ойконимдер, өзен, көл және басқа да су бассейндерін – гидронимдер, таулар мен қыраттарды – оронимдер деп атала отырып зерттеледі. Ал ойконимдердің өзі – полисонимдер – қалалар мен қалалық елді мекендер және комонимдер – ауылдық елді мекендер атаулары деп топтастырылады. Тіпті қалалардың өз ішінде топографиялық ерекшеліктеріне қарай бірнеше топонимикалық атаумен аталатын зерттеу объектілері бар. Олар: годонимдер – қала ішіндегі көшелердің атауы; эргонимдер – кәсіпорындардың атаулары; агоронимдер – алаңдардың атауы. Бұлардың барлығы, яғни жалпы қала ішіндегі топонимикалық атаулар жиынтығы, ғылыми еңбектерде урбанонимдер деп аталып жүр.

Топонимика тарих, география, этнология, тіл білімі сияқты ғылым салаларының зерттеу аймағы болып табылады. Өйткені ол осы ғылым салаларына қатысты деректерге сүйенеді және олармен өзара байланыста дамиды. Белгілі бір аумақтың географиялық және топографиялық атауларының жиынтығы сол аймақтың топонимиясын құрайды. Топонимдер зерттелетін географиялық нысандардың көлеміне, не мөлшеріне қарай макротопонимдер (макрос – үлкен, ірі, топонимия – жер-су атаулары) үлкен, ірі топонимдер, яғни үлкен тау жоталары, үлкен ойпаттар, мұхиттар, т.б.), мезотопонимдер (мезос – орта, орташа) жеке таулар мен теңіздер, т.б.), микротопонимдер (микрос – ұсақ, кішкене) шағын көл, бұлақ, құдық, қоныс, т.б.) деп бөлінеді.

Топономика тарихты зерттеуде маңызды дерек көзі болып саналады. Өйткені әрбір жердің, судың, елді мекеннің атауын қойған адамдар. Демек ол аумақты адамдар өмір сүрген деген сөз. Ал адамдар атты бекерден бекер қоя салмаған. Жердің, судың, елді мекеннің де аты оның ерекше белгілеріне, адамдар үшін атқаратын қызметі мен орнына, маңызына қарай атайтын болған. Кейбір жер мен судың, елді мекеннің тарихи оқиғалармен, тарихи тұлғалармен байланысы да жиі кездеседі. Ондай жағдайда сол оқиға, тарихи тұлға туралы мәліметтерді нақтылауға мүмкіндік туады.

Топонимия әсіресе экономикалық тарих бойынша көптеген деректер алуға болатын ғылыми сала. Жер иеліктері, оның көлемі, иелері мен өңдеушілер туралы басқа деректерде кездесе бермейтін мәліметтер дәл осы топонимиялық зерттеулер негізінде айқындалады.

Топонимия тіл тарихы, көне тілдер мен атаулар, сөздер туралы да деректерді толықтыруға, айқындауға көмектеседі.

Топонимиялық зерттеулердегі басты мәселе атаулардың дұрыс, шынайы екендігін анықтау болып табылады. Ол көбінесе топонимдердің орфографиясының тұрақсыздығына, лексикалық түрлерінің ауысып отыруына, бір объектінің әртүрлі атауларының болуына және т.б. байланысты болып келеді. Еуропалық топонимдерді зерттеу барысында кездесетін қиындықтардың бірі – ортағасырлардағы герман, кельт, венгер, түркі немесе грек тілдеріндегі топонимдерді латыншаға аударумен байланысты жиі кездеседі.

Ал кейбір жазушылар ортағасырлық кезеңге тән тарихи көркем шығармаларды жазу барысында орфографиялық ерекшеліктері бар ежелгі топонимдерді пайдаланады. Олардың кейбіреуін ажыратуға мүмкіндік болғанымен кейбіреулерін айқындау қиындықтар тудырады, тіпті кейде айқындау мүмкін болмай да қалады. Мәселен Лондониумның – Лондон, Аугуст-Тауринорумның – Турин екендігін ажыратуға болғанымен, Биттеристің – Безье, Лугдунумның – Лион, Аргентораттың – Страсбург екенін айқындау мүмкін емес екендігін зерттеушілер жазып та жүр.

Топонимиялық зерттеулер барысында көптеген қиындықтар тудырып жүрген тағы бір мәселе, микротопонимдерге қатысты. Мәселен ортағасырларда жер телімдерінің орналасқан жері екі тәсілмен сипатталып көрсетіліп отырған. Біріншісі, қандай табиғи объектіге, өзенге, төбеге, жартасқа, кейде әлеуметтік объектіге – диірменге, шіркеуге, белгі тастарға жақын орналасқанын белгі ретінде жазу болды. Ал екінші тәсілі бойынша, жер телімінің қожасының атын жазды.

Мұндай тәсілдер дәл сол уақыт үшін дұрыстау болғанымен, уақыт өте келе оларды дәл анықтау қиындай түседі. Өзендер арнасын ауыстырады, шіркеу мен диірменнің айналасында басқа да жер телімдері пайда болады. Сөйтіп, ондаған жылдардан соң олардың көлемін, орнын айқындау қиындыққа әкеледі. Уақыт өте келе, жер телімдерінің қожалары да өзгеріп отырды. Жер телімдерін сату-сатып алуды былай қойған күннің өзінде келесі ұрпақтарына беріліп, олардың атына ауысып отырды. Кейде тіптен жер телімінің ауқымы кеңейіп, басқаша аталып кетіп те жатты.

Х-ХІІ ғасырларда Еуропа елдерінде территориялық құрылымы қалыптасқаннан соң шартты түрдегі аумақтық атаулар жер иеліктерінің орналасқан орнын көрсету үшін пайдаланыла бастады. Сөйтіп, жер иелігі орналасқан епископтықтар, графтықтар, диоцездер арқылып оларды көрсету кеңірек таралды. Бірақ мұнда да өзіндік қиындықтар болды. Бір диоцезде немесе графтықта бірнеше жер телімі, иелігі болатын еді. Бұл да жер телімін немесе иелігін нақты айқындауды қажет етеді.

Жалпы алғанда жер иеліктері мен телімдерінің орналасқан орнын, көлемін анықтау үшін көптеген басқа да дерек көздеріне жүгінуге тура келеді. Оларға ескі карталар, жоспарлар мен жобалар, жер жазбалары, сыйға беру, сату-сатып алу құжаттары, азаматтық хал актілері және т.б. жатады.

Ал гидронимдер мен оронимдерге келетін болсақ, бұлардың соңғысына қарағанда алғашқысында, гидронимдерде атаулардың жаулап, басып алуға, қоныстануға байланысты өзгеріп отырғаны байқалады. Әсіресе шағын өзендер атаулары жиірек өзгеріп отырған. Дегенмен, гидронимдер мен оронимдерде ежелгі атаулар басқа топонимикалық салаларға қарағанда ұзақырақ сақталған. Сол себепті де зерттеушілер оларды жоғалып кеткен тілдердің тарихы бойынша таптырмас дерек деп есептейді.

Топонимикалық зерттеулерде біршама күрделілеу болып есептелетін саласы – ойконимдер. Гидронимия мен оронимияға қарағанда ойконимдер жиі ауысып, өзгеріп отырды. Бірақ табиғи объектілермен салыстырғанда елді мекендер әлеуметтік мәнге көбірек ие және тарихи зерттеулер үшін маңызды деректерге толы. Жергілікті халықтардың елді мекендерге қойған аттарының біразы Рим империясы қоластына бағындырылғаннан кейін латынша аталды немесе латындандырылды. Кадис (Гадес), Палермо (Панорм), Таранто (Тарент), Марсель (Массалия) және т.б. Римдіктер кейбір елді мекендерді жергілікті тайпаның атымен Паризии, Тревер деп атады. Кейде өздері қойған атауға тайпаның атын қосатын еді. Сонда Лютеций Паризиорум – парзилердің Лютециі, Август Треверорум – треверлер Августы болып аталды.

Римдік қалалардың көпшілігі бұрыңғы әскери лагерлердің орныда қалыптасты. Олардың біразы сол бұрыңғы атауларын сақтап қалды. Мысалы, Францияның оңтүстігіндегі Кастр қаласының аты «Лагер» ұғымын береді. Англияда кейінірек римдік атауларды кельттік атауға өзгерту жүргізілген. Соның барысында стер – глостер, честер – (Винчестер) жалғаулары пайдаланылған. Бұл өзгерістер туралы мәселені ескермей қала атауларының мәні мен ерекшеліктерін айқындау мүмкін емес.

Германиялық ойконимдерде «аула», «үй», «ошақ» ұғымдарын беретін «дорф», «хайм», «хауз» жалғаулары кең пайдаланылған. Олар шағын ғана мекеннің кейін ірі қалаға айналғанын байқатады. Дюссельдорф, Мюльхаузен, Хильдесхайм және т.б. мұның нақты мысалы бола алады. Германиялық ойконимдерде бекініс, цитадель ұғымдарын беретін «бург» жалғауы да көптеп кездеседі: Гамбург, Магдебург, Марбург және т.б.

Топонимдер тарихы қызықты фактілерге толы. Олар арқылы шаруашылықтық қатынастар мен олардағы өзгерістер, саяси оқиғалар, діни бағыттар мен көзқарастар туралы мәліметтер жинастыруға болады. Топонимиялық атаулар этникалық тарих, елді мекен тарихы, отбасы тарихы жөнінде де таптырмас деректер береді. Ол, сондай-ақ, жер иеленушілік, оның көлемі мен заңдық дәрежесі, жер иелері мен оны өңдеушілер, шаруалар қауымы, аграрлық отарлау туралы деректер бере отырып, олардың тарихын зерттеуге де көмектеседі.

Урбанонимдер – қала ішілік топонимдер қаланың экономикалық басым бағыты, жағдайы, оның әлеуметтік және тұрмыстық тарихы мәселелерін зерттеуге қажетті өзіндік деректер тобын бере алады.

Қосалқы тарихи пәндер. І бөлім

Подняться наверх