Читать книгу Қосалқы тарихи пәндер. І бөлім - Тұрғанжан Төлебаев - Страница 4
1. ОНОМАСТИКА
1.2. Қазақ антропонимикасы
ОглавлениеАнтропонимика грекше антропос – адам, онимия – есім, атау ұғымдарын беретін сөзден шыққан. Антропонимия – адам аттарын, есімдерін зерттейтін ономастиканың бір бөлімі. Антропонимиялық зерттеулердегі басты мақсат әртүрлі деректердегі, әртүрлі аттың бір адамға тән екендігін дәлелдеу, шынайылығын айқындау болып есептеледі. Бұның өте маңызы бар екендігі, кейде тіпті бір деректің өзінде бір адамның әртүрлі аталуынан да көреміз. Мұндай жағдай әсіресе ортағасырлық кезең үшін, салақтықтың, немесе сауатсыздықтың, немесе баспаның катесінің нәтижесі емес, сол кезеңдердегі аттардың тұрақсыздығының, адамдардың екі, тіптен үш антропонимиялық жүйені қолдануынан қалыптасады. Сонымен қатар латын орфографиясы ережелерін пайдалану барысында әріптер ауысып, бір аттың өзі бірнеше түрге ұшырайды. Мысалы: Реігш, Ріеіго, Реёго, Реіег сияқты. Мұндай келеңсіздіктер орыс орфографиясын пайдалану барысында кеңестік кезеңде, тіпті қазірдің өзінде орын алуда. Мәселен Төлбай аты Тулбай, Тульбай, Тулебай, Толбай болып жазылып жүр. Бір өкініштісі латыншада бір ат болса да дұрыс жазылған болса, мына орысшада жазылған аттардың біреуі де дұрыс емес. Оның үстіне енді оларды дұрыстаудың өзі біраз мәселе тудыруда.
Ежелгі гректерде пәлен, пәленшенің ұлы деп жазылатын болған. Ал классикалық кезеңдегі Римде үш компонент: аты, рулық аты, руы таралған аты негізге алынды. Осы үш компонет болғанда ғана адам толық құқылы римдік азамат деп саналды. Христиандықтың енуі мен таралуы барысында әулиелердің, апостолдардың есімдері ене бастады.
Батыс Еуропада фамилияның пайда болуы шамамен ХІІ – ХІІІ ғасырлар деп есептеледі.
Антропонимиканы тарих ғылымының көптеген салаларында пайдалануға болады. Солардың ішінде алғашқы орынды отбасы тарихы алады. Әсіресе отбасының көлемі, құрылымы, динамикасы, ерлі-зайыптылардың, ата-ана мен балалардың араларындағы әлеуметтік-құқықтық қатынастар туралы көптеген мәселелерді айқындауға мүмкіндік береді.
Антропонимиканы кеңірек пайдалануды қажет ететін келесі бір тарихи білім саласы – этнос тарихы. Аттар мен есімдер тек әлеуметтік қана емес, ұлттық та болып есептеледі. Есімдеріне, әкесінің атына, фамилиясына қарап, оның қандай ұлттың, этностың өкілі екендігін білуге болады. Аттар негізінде белгілі бір аймақтың ұлттық құрамы, олардың пайыздық мөлшері туралы мәліметтер ала аламыз.
Үшінші бір антропонимияның тарихи зерттеулерде пайдаланылатын саласы әлеуметтік-мәдени мәселелер тарихы. Адам аттарын, лақап есімдерін зерттеу арқылы ол кезеңдегі дүниетанымдық көзқарастар, діни нанымдар, моральдық қатынастар, мәдени ерекшеліктер, тіптен кәсіптері туралы мәліметтер жинастыруға болады.
Бұлармен қатар, антропонимиялық зерттеулер барысында тарихи демография, генеалогия, топонимия сияқты қосалқы тарихи пәндерді де толықтыруға, олардағы кейбір деректерді айқындай түсуге мүмкіндіктер туады.
Қазақтардағы аттар мен есімдердің шығу тарихы сонау алғашқы қоғам кезеңінен бастау алады. Зерттеушілер алғаш рулар мен тайпаларға, содан соң бір-бірінен ажырату үшін, адамдарға ат қою орын алған дейді.
Т.С. Жанұзақов қазақ ономастикасының негізін салушы болып табылады. Ол А.Е. Алекторовтың, А. Диваевтың мақалаларын айта келе, қазақ есімдері туралы алғашқы мақалалар ХІХ ғасырдың 2-жартысында жариялана бастады деп көрсетеді.
Қазақ ғалымы І. Кеңесбаевтың еңбектерінде қазақ есімдерінің дара, біріккен, араб-иран тілдерінен енген түрлері және фамилиялар мен олардың қосымшалары негізінде антропонимдердің әлеуметтік және этномәдени мәні айқындалады.
Ал белгілі ғалым С. Аманжолов адам аттарын зерттеудің маңызын көрсете келе, олардың жасалуында белгілі бір заңдылықтың болғанын айтады.
Көне түркі есімдері, адам аттарын еркелете, кішірейте немесе үлкейте айту жөнінде белгілі зерттеушілер Ғ. Мұсабаев пен Ғ. Айдаров өз еңбектерінде лингивистикалық негізде тамаша тұжырымдар жасаған.
Қазақ антропонимиясының аса көрнекті зерттеушісі Т.С. Жанұзақов қазақтарда ат қоюдың төмендегідей лексикалық-семантикалық топтарын ерекшелейді. Олар:
1) табиғат құбылыстарымен байланысты есімдер;
2) жабайы аңдар мен үй жануарларына байланысты есімдер
3) құстарға байланысты есімдер;
4) мал шаруашылығына байланысты есімдер;
5) құнды металдар мен асыл тастарға байланысты атаулар;
6) жеміс-жидек атаулары байланысты есімдер;
7) туыстық атаулармен байланысты есімдер;
8) жер-су аттарына қойылған есімдер;
9) тағам аттарына байланысты есімдер;
10) ислам дінінің ықпалымен пайда болған есімдер.
Антропонимдерді осылай жүйелеудің тарихи шындығы айқын. Мәселен біздің бабаларымыз ежелден-ақ аспан денелерін, олардың өзгерістерінің ауа-райына, жан-жануарлар мен адамдарға әсерін білген. Табиғаттың жер сілкінісі, алапат дауылдар мен құйындар, қақаған аяздар мен тасыған сел сияқты ерекше құбылыстарын байқап, бастан өткізіп отырған. Оларға тіптен сыйынып, табынып та отырған. Соған байланысты Күнсұлу, Күнтуар, Айсұлу, Айжарық, Жарқынай, Айтуар, Айбол, Жұлдыз, Шолпан және т.б. есімдер қойып келеді. Бұл аттар ата-ананың дүниеге келген ұрпағының биіктен көрінуін тілеген арман-мүддесіне байланысты қойылып отырған. Сондай-ақ, Жаңбырбай, Дауылбай, Боранбай, Аязбай, Тасқын сияқты табиғат құбылыстарына байланысты қойылған аттары да кездеседі.
Ежелгі адамдардың өмір тіршілігі қоршаған ортамен тығыз байланысты болды. Сондықтан олар жабайы аңдар мен құстар сияқты еркін, батыл да, күшті, қайсар болсын деген мақсатта Қасқырбай, Арыстан, Жолбарыс, Бүркіт, Қаршыга, Қарлыгаш, Лашын деген аттар қойды.
Еуразияның далалы аймағында еркін өмір сүрген арғы бабаларымыздан бері айналысып келген негізгі шаруашылығының бірі – көшпелі мал шаруашылығы екені белгілі. Біз төрт түлік деп жүрген малдардың ішінде әсіресе жылқыға, түйеге, сондайақ қойға байланысты адам аттары да қойылып отырған. Мәселен Жылқыайдар, Жылқыбай, Бурабай, Жанбота, Ақбота, Ақтай, Қойлыбай және т.б.
Дегенмен біз қазіргі қазақ жерінде ежелден-ақ жер шаруашылығы болғанын және соған байланысты да адам аттарының қойылып келгенін де естен шығармауымыз керек. Мысалы, Егінбай, Егінші, Күрішбай, Бидайшы, Алма, Алмабек, Өрікгүл, Өрік, Арпабек және т.б. аттар мұның бұлтартпас дәлелі.
Қазақтар өмір тіршілігіне, тұрмыс-салтына қажетті дүниелер мен үй бұйымдарына байланысты да аттар қоятын болған. Мәселен Әбдіреш, Киізбай, Жүндібай, Ошақбай, Қазанқап,
Сүттібай, Балғабек, Балтабай, Тоқашбай және т.б. есімдер әлі де кездеседі.
Ертеден-ақ, ел мен жер үшін күресіп келген қазақ халқында бұлармен қатар қару-жарақтарға байланысты да адам аттары көп. Олар: Мылтықбай, Қылышбай, Жебе, Садақбек, Қалқанбек, Найзабай, Шоқпар, Қылыш, Садақ, Айбалта, Найза, Айболат, т. б.
Осы жерде қазақтарда батырлар мен батырлар жырлары кейіпкерлерінің есімдерін ырымдап қоюдың да болғандығын айта кеткен дұрыс. Алпамыстың, Қобыландының, Ескендірдің, Рүстемнің, Қамбардың, Әжібайдың, Қабанбайдың, Наурызбайдың, Хангелдінің, Райымбектің, Қыз Жібектің, Гүлбаршынның есімдері ұлттық мақтанышқа айналды. Ол есімдердің бүгінгі таңда да жиірек кездесе беретіндігі бұл тұжырымды айқындай түседі.
Қазақ үшін жер және оған қатысты дүниелер ежелден-ақ қасиетті, аса қымбат болып есептеледі. Сондықтан да жер-су мен елді-мекендер атауларына байланыстыра адамдарға да ат қойып, айдар тағып отырды. Жамбыл, Еділ, Жайық, Есіл, Ертіс, Ілебай, Орал, Арқабай, Кегенбай, Аякөз сияқты топонимдер мен гидронимдер негізіндегі аттары бар адамдар бүгін де баршылық.
Қазақ жеріне ислам дінінің, ислам өркениетінің енуімен байланысты қазақтар араб есімдерін қоя бастады. Олардың көпшілігі Алланың көркем есімдері мен пайғамбарлардың аттары болып келеді. Рахман, Рақым, Расул, Аллаберген, Ыбырайым, Смагұл, Ыдырыс, Жақия, Жүсіп, Закария, Салық, Сүлеймен, Дәуіт, Ілияс, Қызыр, Мұса, Жақып, Иса, Мұхаммед, Әли және т.б. «Жалпы араб текті қазақ есімдерінің қазақ антропонимия қорындағы жалпы саны 2000 деп алсақ, оның 1000-нан астамы ерлер, 900-дейі әйелдер есімін құрайды», деп жазады Ф.М. Әшімханова өзінің қазақ тіліндегі антропонимдердің лингвомәдени жүйесі туралы зерттеу жұмысында. Мұның өзі қазақтардағы дүниетанымдық, этномәдени дамудағы араб-ислам өркениетінің ерекше орнын байқатады.
Арабтармен қатар парсы мәдениетінің де озық үлгілерінің қазақ жеріне енгенін әдеби шығармалардың, соның ішінде жырдастандардың кейіпкерлерінің есімдерінің қойылуынан көреміз. Қазақтар арасында Рүстем, Фархат, Шырын, Ләйлі есімдері әлі де кездесіп жүр.
Эконимикалық қатынастардың, сауда байланыстарының дамуының барысында бағалы металдар мен қымбат тастарға байланысты ат қою үрдісі де қалыптасты. Гаухар, Алтын, Күміс, Маржан, Ақық, Моншақ деген аттар көбінесе қыздарға арналды. Ежелден-ақ қымбат тастар мен металдардың ұзақ сақталатын, бүлінбейтін, сән беріп жарқырай түсетінін білген ата-бабаларымыз өздерінің қыздарының да сәнді, жарқын жүзді болуын қалаған болса керек. Ал Болат, Болатбек, Темір, Темірбек, Шойынбай, Темірболат сияқты есімдер осы металдардай мықты, қарулы, қуатты, ғұмырлы болса екен деген тілектен туған еді.
Ал байлық пен биліктің қоғам өмірінде үлкен рөл атқара бастауы барысында Ханкелді, Өмірхан, Асылбек, Алтынхан, Ханзада, Сұлтан, Нұрсұлтан, Бексұлтан, Байұзақ, Мырзакелді, Мырзабай, Өмірбек, Бектемір аттары адамдарға қойыла бастады.
Қазақтарда сонымен қатар атақты тарихи тұлғалардың, хандар мен билердің, ғұлама ғалымдардың, ақын-жазушылардың есімдерін, солардай болса екен деген наныммен, балаларына қою үрдісі де болған. Шыңғыс, Әбілқайыр, Қасым, Есім, Абылай, Қазыбек, Кенесары, Мақмұт, Құрманғазы, Ықылас, Абай, Ақмет, Әлихан, Мағжан, Мұқаметжан, Мұқтар, Әлия, Мәншүк, Бауыржан, Талғат, Шара, Роза, Бибігүл, т. б. осыны айғақтайды.
Қазақ халқында этнонимдерге негізделген аттар мен есімдер де біршама. Дулат, Қыпшақбай, Найманбай, Арғынбай, Керейбай есімдері тайпа атауларына негізделсе, кейбіреулері ғасырлар бойы көршілес, аралас-құралас болған елдердің атымен байланыстырыла Қырғызбай, Ноғайбай, Орысбай, Қытайбай, Түркпенбай, Иранбек деп аталған.
Адам аттарының келесі бір үлкен тобына наным-сенім мен ырымдарға байланыстырыла қойылғандары жатады. Сәби тұрақтамай, жиірек шетінеп кетіп отырған кезде Тұрсын, Тоқтасын, Тұрар, Тұрғанжан, Қалсын деген аттарды қойған. Ал бірнеше қыздан кейін ұлды болғысы келгенде қыздарын Ұлжалғас, Ұлболды, Ұлбике, Ұлмекен деп атаған. Біраздан баласы болмай жүргендер Құдайберген, Тілепберген, Сағындық, Қуандық, Қуаныш, Жалғас деген есімдер қоятын болған.
Антропонимикадағы негізі, түбірі бір есімнен бірнеше адам аттарының пайда болуы қазақтарда да кездеседі. Мәселен Қали,
Ғали, Әли, Мұқамет, Мұқанбет, Махамбет, Мұқан, Мәмбет және т.б. Мұндайда кейбірде бір адамның атының өзі өзгерістерге ұшырай отырып жазылып, айтылып отыруы да кездеседі. Мұның өзі қазақтардағы адам аттарын зерттеу, бірізділендіру мен айқындау барысында қиындықтар тудырып отырады.
Антропонимикалық зерттеулерде нақтылауды қажет ететін есімдер тобына лақап аттар да жатады. Оны айқындау үшін алдымен лақап есім неге, қалай қойылғандығын анықтап алуымыз қажет. Бұл адамның лақап есімін айқындай отырып, шын атын табуға көмектеседі.
Көрнекті ғалым Т.С. Жанұзақов лақап аттарды төмендегідей топтарға жіктеген:
1. Адамның түріне, кескін-келбетіне, көзі мен шашына қарай Қарашаш, Қаракөз, Қаламқас, Ақбала, Сұлушаш, Алтыншаш, Көркемжан деп аталғандар;
2. Адамның жүрісі, тұлғасы мен мүсіне байланысты Кербез, Жорға, Құлагер, ұзын Ахмет, т. б.
3. Адамның дене-мүшесінің кемшілігіне байланысты: Бүкір, Сақау, Шолақ, Кекеш.
4. Мінез-құлық, бейімділік әрекетке, ерекшелік қасиеттерге байланысты: Найзагай, Асан, т. б.
5. Негізгі кәсібі, қызмет бабына байланысты етікші Ахмед, мұғалім Оспан, қойшы Аман, дәрігер Нұржан, т. б.
Біздіңше антропономикалық зерттеулерде осы жіктеуді ескеру, негізге алу қажет. Өйткені оларда негізге алу зерттеу жұмысын біршама жеңілдетеді әрі адамның шынайы атын нақтылауды тездетеді.
Антропономикалық зерттеулер барысында біршама еңбектенуді қажет ететін келесі бір аттар тобы бүркеншік есімдер (псевдонимдер). Грекше псевдоним – жалған, жасырын ат дегенді білдіретін сөз. Бүркеншік аттар ойдан шығарылған, жасанды есімдер мен фамилиялар болып келеді. Бүркеншік есімдер ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың басында жарық көрген қазақ басылымдарында, әсіресе «Айқап» жұрналы мен «Қазақ» газетінде кең түрде пайдаланылған. Бұл патша үкіметінің жеке адамдарды ғана емес осы басылымдардың өздерін де қатаң бақылауға алуына, қудалауына байланысты да болған. Бүркеншік аттар кеңес үкіметі жылдарында да, қазіргі кезеңде де қолданылады. Оны көбінесе, қоғам қайраткерлері, ақындар мен жазушылар, журналистер мен көркем өнер мамандары пайдаланады.
Бүркеншік аттар әдеттегі адам аттарынан бөлек және жасалуына байланысты әртүрлі болып отырады. Мәселен аты мен фамилиясының бас әріптерін ғана жазу, туған жерін немесе руын көрсету, лақап аттарын жазу, кейде өздері ойлап тапқан аттарды жазу арқылы бүркеншік есімдерді өздерінің мақалаларының авторы ретінде көрсетіп отырған. Кейде бір адамның өзі бірнеше бүркеншік есімді пайдаланған. Мысалы, Әлихан Бөкейхановтың мынандай бүркеншік есімдері болған: Ә.Б.; Қыр баласы, …
Қазақтың антропонимикасы тарихында әлі де болса арнайы зерттеуді қажет ететін мәселелері баршылық. Солардың қатарында әке атын және фамилияны қоса атаудың, жазудың пайда болған уақыты туралы мәселе де бар. Әке атын пайдаланудың қалыптасуы ертеден-ақ көптеген халықтарда, солардың қатарында қазақтарда да болғандығы айқын. Олар кімнің ұлы, немесе қызы екенін айтып, көрсетіп отырған. Бірақ нақты қай уақыттан бастап екендігі нақтылауды талап етеді. Кейбір зерттеушілер патронимдерді (грек pater – әке және опота – ат, есім), яғни әкесінің атын айту мен көрсету ХҮ ғасырда кең таралғанын айтады.
Бізге белгілі ортағасырлық ғұламалардың Әбунасыр әл-Фараби бастаған бірнеше фарабилер белгілі. Сонымен қатар Ахмет Яссауи, Махмұт Қашқари, Жүсіп Баласагұни өздері туған, өскен жерлері мен қалалары атауын қоса көрсетіп отырған және олар фамилиялары ретінде қолданысқа еніп кеткен. Ал Мұхамет Хайдар Дулати, Қадырғали Қосынұлы Жалайыри шыққан тайпаларын көрсеткен. Сөйтіп, олардың тайпа атауы фамилияға айналып кеткен. Бұдан біз арғы бабаларымыз өмір сүрген кезеңдерде фамилияны жазудың әр кезеңде әртүрлі болып отырғанын байқаймыз.
Ал бүгінгі таңда ресми құжаттарда фамилияны – ов, – ова, – ев, – ева арқылы, әкесінің атын – ович, – евич, – овна, – евна деп жазу патша және кеңес үкіметтерінің орыстандыру саясатының сарқыншағы ретінде әлі де өмір сүріп отыр. Дегенмен, бүгінгі таңда атын, әкесінің атын және тегін қазақшалап жазу да кең орын алуда. Мәселен Төлбай Әбдікерім Әбеуұлы немесе Бауыржан Момышұлы, Мағжан Едігеұлы.
Жалпы алғанда қазақ антрошнимиясы тарихи деректерді толықтырып отырады. Әсіресе жеке тұлғалардың тарихтағы орнын айқындауға көмектеседі, мол дерек көздерімен қамтамасыз ете алады.