Читать книгу Жан коллекционері. Қара фэнтези - Алтыншаш Курманаева - Страница 4
2
ОглавлениеЖаны қатыгез жадудың түр келбеті де сұрықсыз болады екен. Адақтың түр-сипаты жауыздық атаулы образдардан асып та тасып та түсті. Қанішер Адақты бүкіл жалмауыз атаулы елді-мекен мадақтады. Әр жексенбі сайын Адақтың үйінде: Жезтырнақ, Кеңаяқ, Сөрел, Жалмауыз кемпір, Жын, Мыстан, Ағайынды дәулер мен басқа да зұлымдар жиналды. Осылайша, Адақ өз үйін жалмауыздарға арнап мейрамханаға айналдырды. Күллі жер жиһандағы жалмауыздар Адақтың қонақүйінде қоныстанды. Адақ тек атақты жан колекционері ғана емес, «Жалмауыздар қонақүйінің» (Зұлмат әлеміндегі әйгілі қонақүй. Аталмыш үйге тек қанішерлер мен зұлымдар келуге құқылы) мықты бастығы атанды. Жыл сайын жүз мыңдап қонақүйге зұлымдар келді. Тіпті кейбір жалмауыздар өздерінің «Зұлматтық курстарын» (Жауыздардың кәсіби зұлым болуды үйрететін курстары) өткізіп, зұлым-бизенесмендер атанды. Адақ тұрған қонақүй – нағыз зұлматтардың құрылтайына айналды.
Міне, бұл оқиғалардың бәрі ертегілер елінен жалмауыздардың бөлініп шығуына әкелді. Қазіргі таңда зұлымдар өздерінің жеке «Зұлмат» атты елді-мекенінде тұрады. Зұлмат әлемі таза жауыздар тұратын аймақ. Аталмыш елдің экономикасы біз ойлағандай төмен емес. Жауыздар жомарттардан асып түсті. Ертегілер әлемінің патшасы Қаңбақ шал «Зұлмат» әлемінің басшысымен дипломатикалық қарым-қатынас орнатты. Зұлмат елінің экономикалық табысына тіпті жаду әлемі (сиқыршылар әлемі деген сөз) қызықты. Алайда зұлматтар Жаду әлемімен одақ болуға келіспеді.
Жауыздардың айтарлықтай табысқа жетуі Адақтың арқасы еді. Сондықтан, Адақ өз елінде аса құрметті тұлға. Ол бір емес, екі бірдей бизнес-компанияның бастығы. Оның «Жан коллеционері» галериясы (Құтыға сақталған жандардың арнайы көрмесі өтетін жері) мен «Жалмауыздар қонақүйі» бар. Адақ екі мәрте «Зұлмат» орденімен марапатталған (Жауыздарға берілетін ең үлкен атақ). Адақтың мықты кәсіпкер екенін мұқым әлем біледі. Табысты кәсіпкерге тұрмысқа шығу барша жалмауыз-мыстандардың арманы. Көбіне қонақүйге мыстандардың қоныстанатыны рас. Әсіресе, Аңқылдақ тәтей өзінің алып баласымен жиі келеді. Қалтарыс үшін бұл қалыпты жағдайға айналды. Қалтарыс мыстан тәтейді ұнатпаса дағы, оған «Апа» деуге мәжбүр. Себебі, жақында жалмауыздар қонақүйінде Адақ пен Аңқылдақ тәтейдің тойы болады. Адақтың пысықай ассистенті болған Аңқылдақ тәтей болашақта оның жары атанады деп кім ойлаған. Қалтарыс жастай анасынан айырылса, Аңқылдақтың жар дегенде жалғыз ұлы – Дабыл әке тәрбиесін көрмей өскен. Дабыл жасыл өңді (терісі жап-жасыл), кең жауырынды, бойы адамдардікіндей, көмір қара шашты, қалың қасты, қой көзді, түрі сүп-сүйкімді келген бозбала. Тентектігі болмаса, Дабыл сымбатты-ақ. Туған әкесі қарыс-дәулер (кең жауырынды, бойлары адамдардікіндей, табандары қалың, қолдары жуан, жасыл терілі келбетті дәулер) тұқымынан шыққандықтан, Дабыл нағыз дәулер қатарына жатпайды. Шатақ мінезді Дабыл ешқашан Адақтың орнын басуды мақсат еткен емес. Алайда мыстан анасы (жалмауыз ұрпағынан деген сөз) ұлының санасын арбаумен болды. Адақтың компаниясын өз ұлының басқарғандығын қалады. Қалтарыс пен Дабыл мыстан тәтейдің осы бір қылығы үшін жиі керісіп қалатын…
Қақтығыстан еш нәтиже шықпаған соң Қалтарыстың үні өшеді. Ол қонақүйдегі өзінің даяшы қызметінен шаршап, далаға шығады. Жалмауыздар қонақүйінің биік қат-қабатында орнатылған балконда Қалтарыс айды тамашалайды. Мөлдір тұнық ай оның алдына айдыннан аппақ сұлу анасын елестеді. Кейде өз көзімен көрген бейненің сағым екендігін Қалтарыс ұмытып кетеді. Қалтарыс жұлдызды аспанды тамашалай отырып, өзінің өгей ағасының орнына кеңседе жұмыс істеген сәтін көз алдына еміс елестеді. Дабыл ағасы болмағанда, Қалтарыс әкесінің сүйікті ұлы болар ма еді? Жоқ, Адақ бәрібір оны елемес еді. «Әттең! Әкем мені елегенде ғой!» – деп Қалтарыстың көзінен маржан болып жас тамшылар жерге ақты. Қалтарыстың көз жасы биік қамалдың бетінде тасты жарып өсіп тұрған түймедақ гүліне түсті. Қалтарыс қалың тастың ортасында тіршілік еткен түймедақты байқамады. Ол сырттан: «Әй, Қалтарыс! Қонақүйге келген қонақтарды қарсы алсаңшы!» – деп шаңқ етіп айғалаған өзінің өгей мыстан апасының дауысын естіді. Қалтарыс: «Иә, апа! Қазір келемін», – деді де жұлдызды аспанға тағы да бір көз салды. Кенет ол қонақүйдің алдына тұрған арбаны байқады. Биік қамалдан алысқа көз шалған Қалтарыс бір сұлу қыздың арбадан шыққанын көрді. Белі шыбықтай, шашы бұрым, аппақ өңді қыз қамалға кіріп жатыр екен. Қалтарыс дереу ішке кірді. Ол қамалдың сатыларынан жылдам жүріп өтіп, бірінші қабатқа түсті. Әлгі қыз үлкен қара ілбіс мысығымен ішке кіргелі жатыр екен. Кенет Қалтарыс қонақтарды қабылдайтын, тіркеу бөлімінде еңбек атқаратын Дабылдың жоқтығын көрді. «Әдетте, өз орнында тапжылмай тұратын Дабыл ағам қайда кетті екен», – деп Қалтарыс оның орнына барып тұра қалды. Қалтарыс Дабылдың кішкене айнасын алып, өзінің тарақтың тісі батпайтын шашын дұрыстады. Көзді ашып жұмғанша дәл жанына әлгі қыз да келіп үлгерді. Қыздың жанында өзі алыстан көрген үлкен қара ілбіс бар екен. Қара мысықтың мойнына ешнәрсе тағылмағанын көріп, Қалтарыс біраз жұтынап қойды. Қыз Қалтарысты байқап, оған: «Қорықпа! Мысығым ешкімге тиіспейді! Ал егер қорықсаң, ол саған атылады!» – деді. Қалтарыс қалтырай түсті. Ол біресе қызға, біресе, мысыққа қарады. Қара мысық: «Мяу», – деп ауызын аңқита ашты. Дәу мысықтың ақ тістері ақсиып көрінді. Қалтарыс дірілдеп-қалшылдап тіркеу компьютерінен қыздың тегі мен аты-жөнін іздеді. Ол қыздың ныспысын сұрады. Қыз оған: «Мен Алтынмын. Қара ниеттілер еліндегі (Зұлмат әлемінен бөлек елді-мекен) атақты Қарабай байдың қызымын», – деді. Қалтарыс компьютер экранына шыққан қыздың тегін көріп, ондағы мәліметтерді оқыды да: «Олай болса қош келдіңіз! Сіздің бөлмеңіздің кілті!» – деп оған мың бірінші бөлменің кілтін ұсынды. Алтын кілті қолға алды да, жеделсаты тұрған жерге қарай аяңдады. Оның артынан қара ілбіс мысық ерді. Қалтарыс қыздың жеделсатыға кіріп бара жатқандығын сәтін соңғы минутына дейін тамашалады. Бір кезде оның арқасынан біреу қағып жіберді. Қалтарыс өз иығын ұстап, селк етті. Ол артына жалт бұрылып қарады. Дабыл тұр екен. Дабыл Қалтарыстың жауабын күтіп тұрған сияқты. «Әәә. Енді мен», – деді Қалтарыс оған жымия қарап. Дабыл бәрін түсінгендей, өзінің жұмысын істеуді жалғастырды. Қалтарыс ағасының жұмыс орнынан шығып, оған қарады да: «Мен жалықтым! Күнде бір құбыжық, не болмаса, ханшайым өзінің жануарын ертіп келеді! Әне бүгін қара ілбіспен келді! Ал кеше бір ханшайым арыстанмен келген! Менің жанымнан жан қалмайтын шығар», – деді. Дабыл бәрін мұқият тыңдап тұрды. Ол компьютерге бір нәрселерді тіркеп жатыр. Қалтарыс әңгімесін аяқтап, қонақүйдің есігіне қарады. Дабыл оның сөзін тыңдап болып: «Ал саған сонда қыздар ұнамайды ма?» – деді. Қалтарыс елең ете қалып, оған: «Жоқ! Бәрі қызғалдақтай әдемі! (Әрине, Жезтырнақ апайдың пері қызынан басқа деді ішінен) Бірақ олардың аңдарды ертіп келетіні ұнамайды. Мен олардан өлердей қорқамын! Әсіресе, ілбіс пен арыстаннан. Ақ тістері қанжардай жарқырайды», – деді екі қолын азудың ишарасына келтіргендей болып. Дабыл басын шайқады да оған:
– Одан да ержігіт болуды үйрен! Қорқамын деген не сөз?! Бүгін жауыз-мыстандардың конференциясы болады. Кеште айлакер әрі сері жігіт Каспий Шамшырақ сөз сөйлейді. Сенің барғанын жөн болар! – деді.
– Айтпақшы, сен қайда болдың? – деп Қалтарыс Дабылдың кенеттен жоғалып кеткендігін пайдаланып, әңгімені басқа жаққа бұрды.
– Қонақүйге келген қонақтарды қарсы алдым, – деді де сәл үнсіздіктен кейін Адақ жайлы сөз қозғады – Бауырым, Адақ мырзаның саған деген көзқарасының өзгергенін қаласаң, менің қолқамды қабыл ал. Конференцияға міндетті түрде қатыс, – деді Дабыл.
Қалтарыс сәл ойланып қалды. Дабылдың сөзінің жаны бар еді. Каспий Шамшырақ Қара ниеттілер еліндегі ең мықты сарбаз болатын. Жыл сайын садақ атудан өтетін жарыста Каспий жеңіске жететін. Екі қоянды бір садақтың оғына сыйдыра білетін жалғыз сері Каспий еді. Айтпақшы, егер, сіздің садақ атудың, яки, аттың үстінде түрлі акробаттық өнер көрсетіп ойнайтын сері жігіт, я болмаса, өнерлі адам болғыңыз келсе, Каспийдің сабағына қатысқаныңыз жөн болар. Қалтарыс қонақүйдің бұрышында ілініп тұрған теледидардан дәл осындай жарнаманы көрді. Ол Каспийдің семинар-тренингіне барамын деп шешті.