Читать книгу Жан коллекционері. Қара фэнтези - Алтыншаш Курманаева - Страница 5
3
ОглавлениеҚонақүй. Салтанат залы. Залдың іші у-шу. Шетте тұрған үлкен теледидардан Каспий жайлы бейне-баян көрсетіліп жатыр. Барлығы тапжылмастан бейне-баянды тамашалауда. Жалмауыздар әр бейне-баянның соңында қол соғып, Каспийдің атын атап шыңғыруда. Жоғары қабатта отырған Каспий: «Иә, бұл мен», – дегендей орнынан тұрып, басын июде. Залда болған көріністер тек Қалтарысқа іш пыстырарлықтай әсер етіп жатқан сияқты. Қалтарыс семинардың басталғанын асыға күтіп отыр. Бір кезде жарық өшіп, қайта жағылды. Ортада Каспий жебе ұстап тұр. Жалмауыздар қауымы қолдарын барынша қатты соғып, оның есімін атады. Каспий қолына микрофон алып, өзінің кезекті сөзін бастады. Ол:
– Армысыздар! Менің ардақты да аяулы жалмауыз достарым! Өзімнің мың бірінші конференцияма қош келіпсіздер! Бүгінгі конференция өткен мыңыншы конференцияларға қарағанда аса ерекше болмақ! Біз садақ атудың жаңа жолдарымен, қылышты қолдану, шоқпарда ойнау, арқанды лақтыру, атпен шаба алу жолдарын игеретін боламыз. Олай болса, біз бастаймыз! Ортаға ең қорқақ деген жауыз келсін! – деді (Барлығы қолын көтерді. Тек Қалтарыс үндемеді).
Каспийдің көзіне жалғыздықтан күңіреп отырған Қалтарыс түсті. Ол оның есімін атады. Мыстандар мен жауыздардың балалары оған телміріп қарап қалды. Қалтарыс орнынан тұрды. Ол есеңгіреп қалса керек. Алғашында залдан қашу ойында болды. Бірақ мыстан қыздардың жанында отырған әлгі Алтын атты бойжеткенді көргеннен кейін, өзін қолға алып, ортаға нық қадам басты. Қалтарыс шашын түзеп, Каспийдің жанына келді. Каспий одан не себептен конференцияға келгенін сұрады. Қалтарыс: «Мммм… Енді… Енді», – деді. Каспий оны демеп жіберіп: «Иә, сіз мен сияқты сері болуды армандайсыз», – деді де жебені оған ұстатты. Қалтарыс садақты қолға алысымен, артқа қадам басты. Жан-жағында тұрған жалмауыздарға назар салды. Құдды, олар оның әр қадамын санап, мұқият бақылап тұрғандай. Қалтарыстың садақты қолға алуы бірінші рет еді. Бұрын садақ түгілі, таяқты да ұстамаған он бесер жасар бала бүгінде дүйім жұрттың алдында өнер көрсетеді деп кім ойлаған. Қалтарыс көзін жұмып, қайта ашты да садақты атты. Міне, садақ зымыранның жылдамдығындай ұшып барады. Жоқ, ол таяқ тастам жерге барып құлады. Залда отырған жауыздар ішек-сілері қатып қарқ күлді. Қалтарыс бетін орамалмен жапқан Алтынға қарады. Каспий залды тыныштандырды да, Қалтарыстың жанына келіп: «Бұлай болмайды! Зұлмат елінде туып-өскен соң, сол елдің атына лайық жігіт болу керексің! Ертең жаду әлемі мен ертегілер елі шабуыл жасап қалса, жауыздардың балаларын қорғайтын мына сендей жастар ғана!» – деді де оған өзінің визиткасын ұсынды. Онда: «Сері болуды армаңдайсың ба? Армаңдамай, Каспий бол мұндайда!» – деген жазуды оқыды.