Читать книгу Жан коллекционері. Қара фэнтези - Алтыншаш Курманаева - Страница 6
4
ОглавлениеӨзінің ғана емес, әкесінің есімін қара еткен Қалтарыс жертөлеге қуылды. Оның қонақүйдің жоғары қабатында орналасқан бөлмесін енді үш дәу ағалары иеленді. Қалтарыс бір жағынан жертөледе тұрғанына қуанды. Өйткені, бұл жер жандар сақталатын жерқойма бар еді. Қойманың іші бұрынғыдай таза күйінде. Сөрелердің үстінде түрлі жандар салынған құтылар сақтаулы. Тас қараңғы қойманы сәулелендіретін де осы құтылар. Қалтарыс бұрын жан салынған құтылардың барлығын тексере алмайтын. Енді соның сәті туды. Ол анасының жаны салынған құтыны іздей бастады. Құтыларды аралай келе Бағира Нарттайқызы деген жазуға көзі шалды. Бұл – анасының жаны салынған құты. Атап кетер жағдай, жаду тұқымынан шыққан сиқыршылар өмірден озғаннан кейін, жандары құтыға сақталады. Не себептен дейсіздер ғой? Өйткені, отбасысын асырауға қаражаты жетпеген жадулар өз жандарын жындар мен перілерге сатып, одан түскен қаржыны отбасыларына беріп кетеді. Бірақ бұл өте қауіпті. Жынға сатылған жан оның құлына айналады. Алайда жан коллеционерлері жауыз жандарды аулап, әлемдерді алпауыт дауылдардан аман сақтап қалады. Әрине, жауыз жандарды зұлмат сиқыршыларға сататынын мойындау керек. Бірақ жауыз бойында мекен еткен қара жандардың әлемге еш зияны келмейді. Қайта, сол жерде күн кешкендері әлдеқайда жақсы. Қалтарыс құтыны қолына алып, оның ішіне көз тастады. Қараса, ішінде перінің бойымен келетін бір жан ұйықтап жатыр екен. Шашы албастыдай жалбыраған, үстінде ақ көйлегі бар әйел қорқынышты-ақ. Қара жан оянып кетті ме, ол – Қалтарысқа атылды. Қалтарыс қорыққаннан жерге құтыны құлатып алды. Осылайша, сөрелердегі жандар оянып кетіп, барлығы өздерінің құтыларынан босап шықты. Қалтарыс қонақүйге қарай ұшып бара жатқан жандарды көрді. Ол дереу әкесінің жан аулауға арналған үлкен қармағын алып, жандардың артынан жүгірді. Жандар зымыраннан да жылдам екен. Қонақүйге келіп жеткен жандар мыстандар мен басқа да жауыздарды үркітті. Барлығы ду етіп, жан-жаққа жүгірді. Жандар оларды қуды. Қалтарыс жүгіріп келе жатып, қонақүйдегі бір жынның ұшатын кілеміне отырды. Ол кілемнің үстінен Қарабураланың садақпен жандарды атып жатқандығын байқады. Ал басқа жауыздар (мыстандар, дәулер, жындар, перілер, жалмауыздар және т.б) қолдарынан келгенше жандармен күресіп жатыр екен. Мыстандар сиқырлы дуаларымен жандарды улап жоқ қылса, дәулер шоқпарларын лақтырып жатыр. Қалтарыс өзіне және басқаға атылған жандарды барынша ұстап алып, құтыға салуда. Оның ойын әкесінің жазалайтындығы қарып барады. Бір кезде жан Алтынға атылды. Алтынның жанында тұрған қара ілбіс мысық тісін ақситып, әлгі жанға ақырды. Жан қара ілбістің айғайынан қашып кетті. Қалтарыс жандарды бұлай жеңе алмасын білген соң, әкесінің бөлмесінде тұрған жадуланған таяқшаны алуға бекінді. Ол сиқырлы таяқшаның көмегімен барлық жандардың көзін құртамын деп шешті. Қалтарыс ұшатын кілеммен бірге әкесінің жеке кабинетіне келді. Суырмада тұрған сиқырлы таяқшаны алып, кітап сөресінен дуа жазылған кітаптарды іздестіре бастады. Міне, қолына «Жаду сиқыры» атты кітап түсті. Ол мазмұнын ашып, тиісті бетін оқыды. Жандарды жоюдың амалын білген соң, Қалтарыс жадулар қолданатын сиқырлы сыпыртқыны іздей бастады. Абырой болғанда, жақын жерде орналасқан екен. Сиқырлы сыпыртқы шыны картинаның ішінде. Сыпыртқыны алу үшін шыныны сындыру керек. Бірақ бұл босқа әлек болумен тең. Себебі, шыны қатты әйнектен жасалған. Қалтарыстың есіне кітаптан шыныны сындырып өтетін сиқырды іздеп табу түсті. Кітап бетін парақтай келе, Қалтарыс: «Затты балқытудың жолдары» – деген сөйлемді оқыды да есіне Каспийдің визиткасындағы сөйлемді түсірді. Ол: «Сері болуды армандайсың ба? Армандамай, Каспий бол мұндайда!» – деп дауыстап айтты да жандармен күреске ашық дайындалды.
5
Қонақүйдің іші. Жанды сақтау жолындағы күрес. Барлық жалмауыздар мен қара ниеттілер жандармен күресуде. Бір кезде олардың төбесінен сыпыртқыда отырған Қалтарыс ұшып өтті. Оның қолында сиқырлы таяқша мен көне кітап бар. Қалтарыс сиқырлы таяқшасын жандарға нұсқап: «Мүрдем!» – деді. Барлық жандар сол кезде жоқ болды. Қалтарыс сыпыртқысымен бірге жерге қонды. Жалмауыздар мен мыстандар оған қол соқты. Бәледен құтылғандарына қуанған қара ниеттілер әлемінің тұрғындары қуаншылық орнағандай осы бір шағын сәтте бақытты болып, жүздерінен күлкінің нышаны байқалды. Бірақ күлкі көпке ұзамады. Моншақ болып жерге төгілген күлкі лезде сандыққа жиналды. Себебі, қонақүйдің бастығы Адақ келді. Адақтың түрі сұсты. Жолында кезіккен әр жанды талап, жұтатын сияқты. Оған қараудың өзі қорқынышты. Жанында оны тыныштандырып тұрған Аңқылдақ тәте мен Дабыл бар. Аңқылдақ тәтей жезтырнағымен Адақтың арқасынан қағып, сабырға шақыруда. Адақ ұлына қарады. Қалтарыс басын төмен түсірді. Адақ ашуын тыймастан, адуынды қалпымен көпшілікке қарап: «Тез қонақүйді ретке келтіріңдер», – деді де өзінің жеке жұмыс бөлмесіне кетті. Артынан Аңқылдақ пен Дабыл еріп кетті. Қалтарыс басқа қонақүйдің қызметкерлеріне айналаны тазартуға көмектеспекші болып, олардың жандарына келді. Бірақ қонақүйдің қызметкері одан жалтарды. Қалтарыс сиқырлы таяқшасы мен сыпыртқысын алып, жертөлеге қайта түсті. Ол жертөленің терезесінен күлімсіреп тұрған күнге қарады. Күн шуағын оған шашуда. Қалтарыстың бетін күннің нұры қыдықтап барады. Қалтарыстың көзінен тамшылап жас ақты.
6
Қалтарыстан жан коллекцияшы шықпайтынын сезген Адақ оны жүктерімен бірге Жаду әлеміне жіберді. Жаду әлеміне сапарға аттанбас бұрын Қалтарыс биік қамалдың көлденен бетінде өсіп тұрған түймедақ гүліне назар аударды. «Гүлдің өзі тасты жарып шығып, қайсарлығын дәлелдегенде мен де жетістікке жетемін! Мен әлемге аты әйгілі жан коллекционері боламын!» – деді іштей. Адақ жұмыс бөлмесінің терезесінен ұлының арбаға отырған сәтін тамашалап, онымен қоштасқандай болды. Аңқылдақ тәтей ұлымен бірге Адақтың бұйрығымен Қалтарысты шығарып салды. Дабыл Қалтарысқа қарап:
– Мен сенен ұлы жан коллекционері шығатынына шексіз сенемін! – деді.
– Рақмет, бауырым, – деп Қалтарыс арбаға отырды.
Жаду әлемі – тек жадулар тұратын мекен. Жаду – бойы 155 (149—155) см аспайтын (160 см жадулар бар), түрі ақсары, яки, аққұба келетін, өздері жада (арық), құлақтары эльфтердікіндей қалқан, көздері ботадай тұнық (моншақ пішінді келеді), шаштары әрқилы болатын (Бұйра, тікшіл, және т.б), тіршілік иелері. Жадулар тұратын елді-мекеніне орай төрт топқа (тек) жіктеледі: Аққұба жадулар (аппақ өңді, құлақтары қалқан, аңсағай бойлы, жадулардың өлшемі бойынша ең ұзын жадулар осылар. Олардың бойы 160 см дейін барады), Сары жадулар (сары өңді, құлақтары онша қалқан емес, бойы 149—155 см жадулар), ұлтандықтар (жасыл өңді, қалқан құлақты, бойы 155 см жадулар). Жадулар бойларының арқасында өз жастарынан әлдеқайда жастау көрінеді.
Бұл – әлемде күн кешетін жадулар сыпыртқы мен жадуланған таяқшаларды күнделікті тұрмыста да қолданады. Жадулардың балалары басқа адам балалар іспетті мектепке барады. Жадулар білім алудың маңыздылығын жақсы түсінеді. Сондықтан, білім саласына қатты назар аударады. Білімі жоқ жаду жұмысқа қабылданбайды. Себебі, жадулардың ойынша, білімсіз жаду кәсіби маман бола алмайды. Жадулар елінде жаду балаларға арналған түрлі оқу орындары бар. Мәселен, Қалтарыс білім алатын оқу орнының атауы – Меридиан атындағы ұлы жадулар мектебі.
Меридиан атындағы ұлы жадулар мектебі – космологиялық-қоғамдық бағытта білім беретін жаду әлеміндегі бірден бір іргелі оқу орны. Мектеп балалардың қабілеті мен дарына қарай емес, қызығушылығына байланысты факультетке бөле оқытады. Балаларды факультетке бөлу – Ұлы жадудың қолтаңбасы (тасқа ойылып салынған алақан) арқылы өтеді. Аталмыш оқу ордасында төрт факультет бар: «Темірқазық» факультеті, «Үркер» факультеті, «Шолпан» факультеті және «Жетіқарақшы» факультеті. Факультет атауларын жаду еліне ерен еңбек еткен ұлы ғалым жадулар қойған. Әр факультеттің өзіндік таңбасы мен жалауабы бар. Мәселен, «Темірқазық» факультетінің түсі ашық көгілдір араласқан сары, таңбасы темірқазық жұлдызының сызбасы болып табылады. «Темірқазық» факультетіне түскісі келетін жас талапкерлердің космология мен астрономияға деген ынта-жігері орасан зор болуы қажет. Өйткені, факультеттің негізін қалаған Ақбоз бен Көкбоз атты (иллюзиялық-утопия арқылы дүниеге келген) кентавр-ағайындар ұзақ жыл бойы факультеттің нақты бағытын анықтай алмай, ақыры қос жолды ұсыныпты. Міне, сол себептен, факультет кәсіби шыңдалған астроном әрі космолог жадуларды дайындайды.
Келесі факультет – Үркер. Факультеттің түсі – қою күлгін, нышаны – Үркер жұлдызының таңбасы. Негізін қалаған – Үлпілдек Шайыр. Үлпілдек Шайыр жаду әлеміне аты мәшһүр бірегей тұлға Үркер Шайыр ханымның туған қызы. Ол анасының құрметіне факультеттің атауын Үркер деп қойған. Үлпілдек Шайыр ханым философияны жанындай жақсы көрген. Оның философ болуына анасы Үркер оң ықпал еткен. Кешке жатарда анасы Үлпілдекке ертегіні емес, философиялық кітаптардағы лекциялардың үзіндісін оқып берген. Осылайша, кішкентай кезінен философияны тақпақтай тәптіштеп жаттап алған Үлпілдек бойжете келе философия ғылымдарының докторы атанады. Бүгінде «Үркер» факультеті философ жадуларды даярлайды.
Келесі факультет – Шолпан. Факультеттің түсі – ашық күлгін, нышаны – Шолпан жұлдызының таңбасы. Негізін қалаған – Таңшолпан Құсжолы. Әжесінің құрметіне байланысты факультетті «Шолпан» деп атаған. Таңшолпан жас жеткіншек кезінен психологияға ерекше қызыққан. Таңшолпанның психологияға деген ықыласын әжесі Шолпан байқаған. Шолпан немересінің психолог-жаду болуы үшін барлық мүмкіндікті пайдаланған. Таңшолпан он үш жасқа келгенде әжесі оны психолог-жадуларға табыстайды. Сөйтіп, он үш жасынан Таңшолпан психологиямен сусындап, есейген соң психологиялық бағыттағы факультетті ашуды армандайды. «Армандар әрқашан да орындалады, егер, антқа айналса» деп жадулар бекер айтпағандай, Таңшолпан өзінің арманын антқа айналдырып үлгерді. Және өз антында тұрды. Шолпан факультеті ұзақ жылдар бойы психолог-жадуларды тәрбиелеп келеді.